Леуметтік бейімделумен қамтамассыз етуде кеңес берудің рөліне көзқарасыңыз
Бейімделу (ағыл. аdaptation, орыс. адаптация) – алғашында биологияда пайда болған термин, құрал мағынасын беріп, қоршаған орта мен ағза арасындағы байланысты зерттеу кезінде қалыптасты. Кейін әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдардың жаңа идеяларымен толығып, жаңа мағынаға ауысты (физиология, медицина, биология, психология т.б.) Қазіргі әлеуметтік, экономикалық үдерістер тоғысқан күрделі даму кезеңін бастан өткізіп отырған Қазақстан Республикасы қазіргі қоғамның талап-тілектеріне толығымен жауап беретін, жауапкершілік сезімі жоғары, шығармашылық белсенділігі мен адамгершілік болмысы бірдей үндескен, бойындағы дара мүмкіндіктерін, интеллектуалдық қабілеттерін өз іс-әрекетінде қолдана алатын жеке тұлға қалыптастыру мәселесін өзекті етуде.
Тұлғаның өнегелілік, адамгершілік сана-сезімін, түсініктерін, әлеуметке деген қатынасын көрсететін мінез-құлықтары мен әдеттерін дамытудағы психологиялық механизмдерді аша отырып, тұлғаның сана-сезімінің қалыптасуын, әлеуметтік-психологиялық бейімделу шарттарын, ерекшеліктерін қарастырып зерттеу – бүгінгі таңда маңызды.
Соңғы жылдары әлеуметтік-психологиялық бейімделуді дамыту өзекті мәселе ретінде түрлі ғылыми зерттеулердің обьектісіне айналуда.
Бейімделу әр түрлі факторлардың әсерінен болады – бұған адамға басқа адамдардың мақсатты бағытталған тәрбиелік әсері, қоғамдық институттар және өмірлік жағдайлардың түрлі әсері жатады. Психологияда бұл түсінік ғылымға кейін енді және ол өзіндік мазмұнға ие болуға тырысты. Бірақ бұл түсінік жалғыз ғана тәсіл болған жоқ, өйткені «бейімделу» түсінігі үздіксіз жеке тұлғамен және оның ортамен қарым-қатынасымен байланысты. Осыдан бейімделудің түрлі интерпретациялық үрдісін көреміз. Біреулер үшін – бұл әлеуметтік мінез-құлықты үйрену, басқалар үшін – мәдени саланың талаптарына сай тұлғаның моделін қалыптастыру, үшіншілері үшін – топтағы «әлеуметтік қатысуға» дайындық.
Жеке тұлға және оның әлеуметтік-психологиялық бейімделуінің мәні мен мазмұнын түсінуге байланысты ой-пікірлер тамырын тереңге бойлайды. Оның маңыздылығы жөнінде Э.Роттердамский, К.А.Гельвеций, Д.Дидро, А.Дистервег, З.Фрейд, Д.Дьюи, Э. Торндайк, П.П. Блонский, Л.С. Выготский, Л.И. Божович, С.Л. Рубинштейн, В.В. Давыдов және т.б. қарастырған.
С.Д.Артемов, К.М.Хайлов, В.И.Вершинина, В.П.Казначаев, И.А.Милославова, В.А.Ядов, Б.Г.Ананьев, А.Н.Леонтьев, А.Г.Спиркин, И.И.Чесноков еңбектерінде әлеуметтік-психологиялық бейімделу тұлға дамуының мәселелері контексінде жалпы теориялық және әдіснамалық тұрғысынан талданған.
Тұлғаның бейімделуі құндылық бағдарымен тығыз байланысты. Орыс психологы М.Т.Журавлев бейімделу құндылық бағдардың адам өмірінде, қарым-қатынасында, мінез-құлқында қызығушылыққа айналуы деп түсіндіреді.
И.С.Конның еңбектерінде әлеуметтік-психологиялық бейімделудің философиялық, жалпы және әлеуметік–психологиялық, тарихи–мәдени аспектілері, теориялық мәселелері мен нақты эксперименталды алынған талдаулары ашылған. Сонымен қатар У.Джеймс, К.Роджерс, Р.В.Бернс, Э.Берн еңбектерінде де өзіндік санаға, әлеуметтік бейімделуге қатысы бар әр түрлі көзқарастар жеткілікті.
Әлеуметтік-психологиялық бейімделу - бұл адамдардың анықталған әлеуметтік-психологиялық мәртебесін қалыптастыру үдерісі және әлеуметтік-психологиялық функцияларды қабылдауы. Сонымен қатар іс-әрекет элементі мен функциясын, тұрақты ортадағы шарттарын қолдану.
Әлеуметтік бейімделу әлеуметтік психиканың негізгі функциясы. Әлеуметтік психика адамдардың қабілеттілігін жеңілдетеді және тұлғаның бейімделуі анықталған мінез-құлық шарттарын жасайды.
Сондай-ақ әлеуметтік-психологиялық бейімделу үдерісінде адам өмірдің ішкі және сыртқы шарттары мен іс-әрекетіне жетуге тырысады. Оны орындау үшін жеке тұлғаның бейімделуі жоғарылайды, яғни оның әлеуметтік өмірге деген қабілеттілік деңгейі көрінеді.
Бейімделудің түрлері: ішкі, сыртқы, аралас. Ішкі - ортаның өзгеруіне байланысты тұлғаның функционалды құрылымы мен жүйесі (мұнда мінез-құлық формасының сырт келбеті және адамның іс-әрекеті өзгереді, қоршаған ортаның шарттарына байланысты тұлғаның бейімделуі толықтай болады), сыртқы (мінез-құлықтық, қабілеттілік) - мұнда тұлғаның ішкі мазмұны өзгермейді, аралас - мұнда тұлға біраз өзгереді, бірақ өзінің мінез-құлқын, «өзіндік Менін» сақтайды.
Сонымен қатар, әлеуметтік-психологиялық бейімделу жеке тұлғаның қорғанысы ретінде де көрінеді, яғни осының көмегімен ішкі психикалық қорғаныс қалыптасады. Психиканың қорғаныс механизмдері адамның психологиялық бейімделуінің тәсілі ретінде қарастырылады. Егер жеке тұлғаның психологиялық қорғаныс механизмдері толықтай болса, бұл бейімделу потенциалын жоғарлатады, әлеуметтік-психологиялық бейімделу қабілеті сәтті болады. Егер адамның қорғаныс механизмдері дұрыс қолданылмаса, олар психиканың дамуында деструктивті рөл атқарады.
Әлеуметтік бейімделудің негізгі тәсілдері: жаңа әлеуметтік ортадағы құндылықты (топтар, ұжымдар, ұйымдар) қабылдау, осы жерде қалыптасқан әлеуметтік өзара іс-әрекеттің формасы (формалды және формалды емес байланыс, жанұямен және көршілермен қарым-қатынас тағы басқалары), сонымен қатар заттық іс-әрекет (жұмысты кәсіби орындау қабілеті немесе жанұялық міндет).
Бүгінде әлеуметтік бейімделудің екі формасы бар:
1) Белсенді формасы – тұлға ортаға әсер етуге, оны өзгертуге тырысады (құндылықты форма,өзара әрекет және әрекет)
2) Белсенді емес формасы – еш нәрсеге ұмтылмау.
Әлеуметтік бейімделудің жақсы көрсеткіштері – ортада индивидтің әлеуметтік беделінің жоғары болуы, сонымен қатар оның психологиялық қанағаттандырылуы мен оған деген маңызды элементке ие болуы. (Мысалы,жұмысқа және оның шарттарына қанағаттану).
Осыған байланысты психологтар әлеуметтік-психологиялық бейімделудің екі типін көрсетеді: прогрессивті және регрессивті. Прогрессивті бейімделуде жеке тұлға қызығушылығы мен мақсатына жетеді. Регрессивті бейімделу формалды, не ортаның қызығушылығына, не әлеуметтік топтың дамуына, не жеке тұлғаның дамуына жауап бермейді. Көбінесе регрессивті бейімделу адамның топтық нормасына конформды, ол негізгі формалды қабылдауды көрсетеді. Мұндай жағдайда тұлға өзінің шығармашылық қабілетін көрсете алмайды және өзі толықтай қалыптаса алмайды. Тек қана прогрессивті бейімделу жеке тұлғаның дұрыс әлеуметтенуіне қабілеттілігін арттырады,
Механизм бойынша әлеуметтік-психологиялық бейімделу өз қалауынша немесе мәжбүрлі болады. «Бейімделу» терминімен қатар әлеуметтік психологияда қайта бейімделу термині қолданады. «Қайта бейімделу»тұлғаның бағалы білімін, оның мақсаты мен нормасын, қажеттілік мотивациялық аймағын толығымен жағымды мазмұнға айналдырады.
Әлеуметтік-психологиялық бейімделу — бұл адамның қоғамдық өмірдің тәжірибесін меңгеруінің жан-жақты үдерісі. Сонымен қатар адамның әртүрлі адамдармен өзара тиімді қарым-қатынасқа қажетті адамзаттық қатынастардың мәдениетін, әлеуметтік нормаларды меңгеруін қамтиды. Ол қоршаған әлеуметтік шындықты белсенді танып білуді, дара және топтық жұмыстың дағдыларын меңгеруді, ол үшін қажетті қабілеттіктерді дамытуды қажет етеді.
Әлеуметтік-психологиялық бейімделу үдерісі жеке тұлғаның қоғам мүшесі ретінде өмір сүруіне мүмкіндік тудыратын құндылықтар мен нормалар жүйелерін игеруіне қажет бүкіл әлеуметтік үдерістерінің жиынтығы. Оның мәнісі, ол – екі жақты үдеріс екендігінде, біріншіден, әлеуметтік ортаға кірудің арқасында индивидтің әлеуметтік тәжірбиені игеруі, екіншіден, индивидтің осы әлеуметтік байланыстар негізінде әлеуметтік ортаға белсенді араласуының арқасында, сол әлеуметтік байланыстар жүйесін белсенді түрде қайта жасау процесі. Біріншісі - әлеуметтік тәжірбиені игеру негізіндегі ортаның адамға әсерін сипаттаса, екіншісі, адамның өз іс-әрекетінің арқасында ортаға әсер етуін көрсетеді.
Бейімделу процесінің мазмұны жеке тұлғаның қалыптасуы тұрғысынан қарағанда үш аймақта: іс-әрекетте, қарым-қатынаста, өзіңдік сананың қалыптасуында іске асырылады.
Әлеуметтік-психологиялық бейімделу үдерісінің барысында индивид іс-әрекет «каталогының» молаюымен (А.Н.Леонтьев) айналысады, яғни неғұрлым жаңа іс-әрекет түрлерін игерумен болады. Осы жағдайда өте маңызды тағы да үш түрлі аймақта іске асырылады.
Біріншіден, әрбір іс-әрекет түрлері мен оның әртүрінің арасындағы байланыстар жүйесінде бағдарлану (бағыттану). Ол әрбір жеке тұлға үшін маңызды іс-әрекет аспектілерін айқындаумен қатар, оны игеру арқылы іске асырылады, немесе мұндай бағдарлануды – іс-әрекеттің жеке тұлғалық таңдалуы деп атауға болар еді. Осыдан туындайтын екінші процесс – жетекші, таңдалынған іс-әрекетке баса назар аудара отырып, басқаларын соған бағындыру. Және үшінші процесс барысында жеке тұлғаның жаңа рөлдерді игеруі мен олардың маңыздылығын түсінуі. Осының бәрін индивидтің іс-әрекет субъектісі ретіндегі мүмкіндіктерінің кеңею үдерісі деп тұжырымдауға болады.
Екінші – қарым-қатынас аймағы іс-әрекетпен тығыз байланысты болғандықтан, оның кеңею және тереңдету бағытында қарастырады. Қарым-қатынастың кеңеюі адамның басқалармен қатынастарының көбеюі, әрбір жас кезеңіндегі оның ерекшеліктерін түсінуі. Қарым-қатынастың тереңдеуі ең алдымен монологтық қарым-қатынастан диалогтыққа көшу, партнерге бағыттану, оны неғұрлым дәл қабылдаумен байланысты.
Үшінші аймағы-жеке тұлғаның өзіндік сана-сезімінің дамуы. Бұл мәселе жеке тұлғаның «Мен» бейнесінің қалыптасуымен байланысты.
Әлеуметтену үдерісі үш фазадан тұрады. Бірінші фазада индивидтің бейімделуі жатады, яғни әлеуметтік нормалар мен құндылықтарды игере отырып, ол басқа адамдар сияқты болуды үйреніп, уақытша өз тұлғасын ұмыту керек. Екінші фазада индивидтің максималды персонализацияға, адамдарға әсер етуге тырысушылығымен түсіндіріледі. Тек үшінші фазада ғана индивид жағымды ахуалда индивидтің топқа бейімделу интеграциясы болады.
Әлеуметтік–психологиялық бейімделу даралықты дамыту жағдайларының бірі. Даралылықтың тұрақты қырының болуы бейімделу үдерісінің жетістігінің бір көрсеткіші. Бірақ кейбір жағдайларда нақты осы даралық сол немесе басқа топта тұлғаның бейімделуіне кедергі келтіруі мүмкін. Бейімделу механизімінің құрылу денгейі даралықты дамыту жағдайын қамтамасыз етеді. Өмір әрекеті үдерісінде бейімделу механизімінің құрылуы автоматтандырылған әдет, дағды, мінез–құлық, бейсаналы аймаққа өтеді. Бұл даралықтың дамуы үшін шексіз мүмкіншілікті ашады. Тұлғаның әлеуметтену үдерісінің жетістігінің алғы шарты адамның дара ерекшеліктері мен әлеуметтік–психологиялық бейімделудің жанама түрде болуы.
Қорыта келгенде, жеке адам мен топтың өзара қатынасының жағдайы, жеке адам созылмалы емес ішкі және сыртқы қақтығыстарсыз басты әрекетке сәтті қосылуы, негізгі социогенді қажеттіліктерді қанағаттандыруы, оның топ ұсынатын ролдік күтілімдеріне қарсы шығуы, өзінің ісін көрсету және шығармашылық қабілеттерін еркін көрсету жағдайы - әлеуметтік–психологиялық бейімделу деп аталады Сонымен әлеуметтік–психологиялық бейімделу – толық әлеуметтенудің бір жолы болып табылады. Л.Д. Столяренко тұлғаның әлеуметтену сатысын қарастырғанда, бірінші сатыны біріншілік әлеуметтену немесе бейімделу сатысы деп көрсетеді. Адамның әлеуметтік бейімделуі жеке позициясын, әлеуметтік мәртебесін түсінуден, сондай-ақ онымен байланысты рөлдік мінез–құлық ретінде жалпы топтық міндеттерді шешу үдерісінде тұлғаның дара ерекшеліктерін жүзеге асырудан басталады.
Әлеуметтік-психологиялық бейімделу үдерісінде әлеуметтік ортаның шарттары өзгеріске түседі және тұлғаның функционалды құрылымындағы психикасына түзету жасалынады.