Леуметтік педагогтың кәсіби мәдениеті тақырыбына эссе жазыңыз.
«Әлеуметтік педагог» мамандығының аталуының өзі «педагог» сөзінен туындайды. Сондықтан әлеуметтік педагог мамандарын педагогикалық оқу орындарында дайындап шығарады. Бұл екі мамандықты да теңестіріп отыратын нәрсе - олардың екеуінің негізгі назарының объектісі бала және оның дамуы мен әлеуметтік қалыптасуы болуында. Соған қарамай, бұл мамандықтар бір-бірінен ерекшеленеді де. Оқытушы өзінің негізгі білім
берушілік қызметін орындаса, ал әлеуметтік педагог оқушының қоғамға бейімделуін басты назарда ұстайды. Әлеуметтік педагогтің қызметінің объектісі - әлеуметтендіруге мұқтаж болып табылатын балалар мен жастар болады. Бұған бойында әртүрлі интеллектуалдық, педагогикалық, психологиялық ауытқулары бар балалар (көзі көрмейтін, естімейтін, ақыл-есі кемтар және т.б. балалар) да жатады. Әлеуметтік педагогтің қызметінің мақсаты - баланың дұрыс өсіп жетілуі мен дамуына психологиялық мүмкіндіктерді жасау.Маманданудың негізіне әлеуметтік педагог қызметінің бағыттарына икемділік танытқан тип тұлғалары алынады. Осыған байланысты мынадай мамандарды ажыратып көрсетуге болады:
-девиантты мінез-құлықты жасөспірімдермен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар;
-мүгедектермен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар;
-жетім балалармен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар;
-қашқын балалармен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар және т.б.
Әлеуметтік педагогтің бүгінгі таңда қызмет ету салалары өте ауқымды. Олар: білім беру мекемелері, жастар ісі жөніндегі комитет мекемелері, денсаулық сақтау мекемелері (балалар ауруханалары, психикалық ауру балалардың арнайы ауруханалары, наркоман балалар санаторийлері және т.б.), халықты әлеуметтік қорғау мекемелері, ішкі істер бөлімі жүйесіне қарайтын мекемелер (балаларға арналған интернаттар мен тәртіп бұзушы балалар колониясы және т.б.). Жоғарыдағы талаптарды ескере отырып, әлеуметтік педагогтың мынадай негізгі қызметтерін(функцияларын) бөліп көрсетуге болады:
1. Тәрбие берушілік;
2. Диагностикалық қызмет;
3. Ұйымдастырушылық;
4. Алдын ала болжау қызметі;
5. Әлеуметтік-терапевтік;
6. Делдалдық қызмет;
7. Реттеушілік қызмет;
8. Қорғаушылық қызмет;
9. Алдын алушылық қызмет.
Бұл қызметтер белгілі бір құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Құралдарға барлық іс-әрекеттер, пәндер, құрал-саймандар, әдіс-тәсілдер, формалар мен технологиялар жатады. Әлеуметтік педагог мамандық ерекшелігі бойынша байқағыштық, жағдаяттардан тез шығуға қабілетті болу, интуиция және т.б. қасиеттерге ие болуы керек. Ал жеке адам ретіндегі қасиеттері:
1. Ізгіліктілік қасиеті (мейірімділігі, жоғары сезімталдығы, адалдығы, әділдігі және т.б.);
2. Психологиялық мінезділігі (психикалық процестерге жоғары деңгейде талдау жасай білуі, тұрақты психологиялық көңіл-күйде болуы, ерік күші мен көңіл күйін басқара бiлуi және т.б.);
1.Психоаналитикалық қасиеті (өзін-өзі бақылай білуі, өзіне-өзі сын көзбен қарай білуі, өзіне-өзі дұрыс баға бере білуге қабілетті болуы);
2.Психологиялық-педагогикалық қасиеті (тез тіл тапқыштық, көпшіл болу, салмақтылық және т.б.).
Әлеуметтік педагогтың өз қызметін атқару барысында білуі тиіс бірқатар міндеттері айқындалған. Олар:
- отбасы тәрбиесінің бүгінгі күнгі мәселелері мен қиындықтарын, отбасы өмірінің психологиясы мен этикасын, бүгінгі отбасы дамуының тенденцияларын білуі тиіс;
- балалардың, жасөспірімдер мен жастар тұлғасының даму заңдылықтарын, олардың сұраныстары мен қызығушылықтарын, мотивтері мен оларды қанағаттандыру деңгейлерін білуі тиіс;
- балаларды қорғаудың әлеуметтік-құқықтық және мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізін, мүгедек балаларды қорғау, кәмелетке толмағандар құқығын қорғау, балалық пен аналық құқықтарды реттейтін құқықтық актілерді білуі тиіс;
- отбасыларына көмек көрсету мәселелері бойынша қоғамдық мекемелер мен мемлекеттік институттар жүйесінің функцияларын білуі тиіс;
- әлеуметтік ортада, мектепте, отбасында, тұрғылықты мекенжайда, бірлестіктерде, топтарда және т.б. жерлердегі жұмыстың ерекшелігін білуі тиіс;
- жұмыс ұйымдастырылатын ортаның экологиялық, демографиялық, әлеуметтік-педагогикалық ерекшелігін білуі тиіс;
- тұлғаны және ол өмір сүретін микроортаны диагностикалаудың әдісі мен әдістемесін білуі тиіс;
- отбасыларымен, әртүрлі топтар мен әртүрлі категориядағы адамдармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс жүргізудің әдісі мен әдістемесін білуі тиіс;
- отбасындағы бос уақытты ұйымдастырудың, қарым-қатынастың, отбасындағы балалардың, жасөспірімдер мен ересектердің бос уақыттарын ұйымдастырудың принциптерін білуі тиіс;
- еңбек заңдарының негіздерін білуі тиіс.
Сонымен қатар, әлеуметтік-педагогикалық қызметте маманның меңгеруі тиіс және бойынан табылуы тиіс қабілеттіліктеріне де бірқатар талаптар қойылады. Олар төмендегідей:
- балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын анықтау және олардың ақыл-ойының, дене және таланты жағынан дамуына жағдай туғыза білуі тиіс;
- әртүрлі әлеуметтік мәдени жағдайда білім беру процесін ұйымдастыру;
- отбасылық-тұрмыстық жағдайда тәрбиеге оң ықпал жасау, отбасыларына кәсіби көмек беру;
- әлеуметтік қауіпті отбасыларымен, ондағы педагогикалық қараусыз қалған жасөспірімдермен байланыс орната отырып, өзара түсіністік табу, оларға көмек пен қолдау көрсету;
- балалардағы девиантты мінез-құлықтың пайда болуын диагностикалау және байқалған девиантты мінез-құлықты коррекциялау және үйрету;
- клиенттерді түсіністікпен тыңдай білу және өткір тақырыптардағы талқылауларды позитивті эмоционалды көңіл-күймен түсіндіру;
- табысты кәсіби қызметке мүмкіндік туғызатын қарым-қатынасты қалыптастыру және дамыту;
- балалар мен жастардың өз проблемалары бойынша мәселелерін өз күштерімен шешуге күш салуына белсенділіктерін қалыптастыру;
- отбасының беріктігін сақтауда және оларға бала тәрбиесінде нақтылы педагогикалық көмек көрсетуде әлеуметтік институттардың мүмкіндіктерін пайдалану;
- әлеуметтік институттар арасында байланыстар орнату;
- кәсіби қызметте әлеуметтік зерттеулер әдістерін пайдалану.