Алайша Ұл тумасын Қаралы ана 1 страница

Келеді бір әңгіме құралғалы,

Ішімде сыртқа теппей тұра алмады.

Табысып бір-бірімен жаңа-жаңа,

Адасқан жолаушыдай тұмандағы.

Әділет іздегендер орға түсіп,

Қақсаған естіледі мұң, арманы,

Шырқырап жазықсыздан байқұстардың,

Шыдамай көр азапқа шыбын жаны.

Қан менен мұртын майлап күлімдейді.

Мерейі үстем болып қулар жағы,

Бермесе түп қайырын осы ма әлде,

Шалқыған шалқарымның су алғаны.

Аспанда ай тұтылып, күнім күйіп,

Айырылды суатынан құландағы.

Момындар қайдан білсін ол пәлені,

Шырмалып құрған торға жұмарланды.

Екі мың сегіз жүздей жан жатырмыз,

Қоспаса, жоқ бірінде шығарғаны.

Дүреге күн-түн демей жатқызады,

Қанды ауыз сұрқияның жыландары.

Мансапқа арсыздарды алдап қойып,

Залымның залымы екен бұлардағы.

Жадыға шөптей басып жігіттердің,

Кетер ме көз алдымнан туралғаны?!

Солардың қаны бекер, сірә кетпес,

Түбінде ақиқат бір сұралмағы.

Қалайша ұл тумасын қаралы ана,

Осы күн толғатуда – бебеу жаны.

Сондықтан үмітімді түк те үзбеймін,

Әлі-ақ Таңжарықтың атар таңы.

1943 жыл, Үрімжі түрмесі

АЙҒЫРСА КЕТЕДІ ЕКЕН АДАМ ТОЗЫП

Қайғырса кетеді екен адам тозып,

Барады біреуінен екеуі озып,

Тулаған ақ балықтай қайран жабдық,

Шығарам тар шалбардан зорға созып.

1943 жыл, Үрімжі түрмесі

ЖАЗЫП ӨЛЕМ, ОҚЫП ӨЛ!

Жыр менен сарқылмайды жырлай берсем,

Сыр деген таусылмайды, тыңдай бер сен!

Түрмеде көргенімді жазам тынбай,

Білмеген оқып білсін, қинай бер сен!

Танбаймын, тіл тартпаймын, дұшпанмын шын,

Тарихтың тарихына қаламыз шын.

Бөгелмей жазып өлем, сен оқып өл!

Тартамын ақыр жаза соның үшін.

1944 жыл, Үрімжі түрмесі

ДҮНИЕ

Аумалы, опасы жоқ, жалған дүние,

Біз тұрмақ – бұрынғыдан қалған дүние.

Жалмауыз секілденіп жеті басты,

Әлемді әуелі-ақыр алған дүние.

Қайғымен қам-қасірет, мұңшылықты,

Басына барша адамның салған дүние.

Аз күндік алдау менен азғыруда,

Көрінген аппақ болып қардан дүние.

Басқыш жоқ, тиянақ жоқ, тірек жоқ,

Әркімге болып тұрған арман дүние.

Еткізіп алақ-жұлақ алдап жүріп,

Бір күні ұшырасың жардан дүние.

Қатықсыз қара көже суын ішіп,

Айтайын ішімдегі зардан дүние.

Бір түйір бар ма сенде шыннан дүние,

Табылмас бар дерегің мыңнан дүние.

Алған соң қаның қызып, жаннан безіп,

Пышақты суырасың қыннан дүние.

Қым-қуыт, шым-шытырық, тұрлауың жоқ,

Сау емес тіпті денің жыннан дүние.

Жақсылар, момын жандар қайғыда жүр,

Қасыңа жолдас алдың сұмнан дүние.

Күлгірсіп, көтермелеп бір кетесің,

Жүйрік ат қосылғандай тыңнан дүние.

Айтқан сөз, берген сертім бәрі жалған,

Қуға төр, момындарға зындан дүние.

Соғатын қарға аунатып түлкідей қып,

Құярсың бір күн көзге құмнан дүние.

Жауыр қын не маңғазды қайқаңдаттың,

Есектей тұз тасыған Жыңнан дүние.

Тер ағып, не мықтылар теңселіп жүр,

Тышқандай су көтеріп шыңнан дүние.

Немене айтып-айтпай ендігісі,

Біз – бидай, болдың өзің – қырман дүние!

1944 жыл, Үрімжі түрмесі

ЕЛ СЫРЫ

Болжаусыз ажал келсе кім қалады,

Кім өлмей айла тауып тірі қалады.

Дүние бір орынға орныға алмай,

Шынардай самал тиген ырғалады.

Бес күндік біреу күліп, біреу жылап,

Біреулер рахатқа жырғалады.

Қақтығып қарап жүріп кейбіреулер,

Оралып жіпсіз торға шырмалады.

Біреулер ерте оянып, талап етіп,

Қол созып, әр нәрсеге тырбанады.

Талпынып, талап етпей жай жатқандар,

Ілінбей әр іліктен құр қалады.

Біреулер заманаға көз жіберіп,

Бой тербеп, ой оятып, мұңданады.

Ақ көйлек, алдың-гүлдің ақ жүрек бар,

Бір ауыз сөз қайырмай тілді алады.

Шебер бар, шендеп кетсең шеке қарап,

Таудай қып тал бойыңнан мінді алады.

Жүйрік бар тосырқамай топтан озған,

Жүгіріп жұма сайын жүлде алады.

Шешем бар тоқты торап сөз бермейтін,

Олжаны орда бұзып күнде алады.

Батыр бар ойдан орып, қырдан қырған,

Еңсергіп егескенін мүлде алады.

Епті бар жатқандардың жанын кескен,

Көрсетпей күндіз емес, түнде алады.

Жомарт бар жоқ-жітікке пана болған,

Қынжылмай онды берсе бірді алады.

Сараң бар қолдан тиын шығармайтын,

Алдауменен ай түгіл жылды алады.

Ақын бар ағындаған тасқын судай,

Сөзбенен жүректегі кірді алады.

Байлар бар қайырымсыз, қалтылдаған,

Етіңнен, қарыздар ғып шырды алады.

Қулар бар аузын ашып, аңқаусыған,

Ішіңе кіріп кетіп сырды алады.

Момын бар қой аузынан шөп алмайтын,

Қыстауға ойды беріп қырды алады.

Көсем бар майдалықпен ел бастаған,

Суырып сары майдан қылды алады.

Күлгір бар көзін жұмып елді алдаған,

Арығын саған тастап тыңды алады.

Тоймас бар, бас пайдашыл, дүниеқор,

Біреуін саған беріп мыңды алады.

Мылжың бар тілін шайнап, жынын жұтқан,

Бөркін тастап, сәлдесін шұлғанады.

Тентек бар үйден шықпас, қазан бұзар,

Отырып от басында былғанады.

Осындай ашып айтып, жікке бөлсең,

Айтты деп ел мінімді тұлданады.

Зер салып, зерек жандар шын тыңдаса,

Қандай жан жел сөзді аяп бұлданады?!

1944 жыл, Үрімжі түрмесі

ЛІМХАННЫҢ ЖЫРЫ

(Әлімхан үшін Таңжарық жазған жыр)

1-жыр

Жете алмай сұм жалғанның бапасына,

Жарық жоқ, кірдім келіп қақпасына.

Қараңғы, жолды тұман, тозаң қаптап,

Пайым жоқ шыға алмадым жотасына.

Алпыс үш тамырыңды қайғы қаптап,

Жүректі жандыратын от осы ма?

Сәлем де Абақ Керей аруағына,

Бір жәрдем қылмай ма екен ботасына?!

Бұл неткен қалмас қайғы, таусылмас күн,

Керексіз іс, кесімсіз сот осы ма?!

Сыйындым бір өзіңе құдірет, керім,

Алтайдың кең даласы – туған жерім.

Ел-жұртым, әке-шешем, қатын-балам,

Маңдайдан ойлағанда ағар терім.

Сендерді тіршілікте көрер ме екем,

Қайран жұрт, уа дариға, қайран елім!

Сәлем де Абақ Керей баласына,

Мен келдім Үрімжінің қаласына.

Өсірген тәрбиелеп қайран әкем,

Тірлікте бір көре алмай қаласың ба?

Ата-анам меһербанлы еске түссе,

От болып, күнде қайнап жанасың да.

Аман бол жолыққанша қайран анам,

Ойласам қасіретпен күйіп-жанам.

Күлмесхан, Төлеухан мен жаным Хамит,

Далайхан – әттең шіркін жалғыз балам!

Шаһарбан, Сержанменен Зарқым, Құрмаш,

Сендерді сағынғанда, еске алам.

Себеп боп, бір тілегім бола қалса,

Бір күні қастарыңа жетіп барам.

Ренжіп әке-шешем қалды ма деп,

Іштегі жазылмаған осы жарам.

Қабдыраш, Зақанменен жаным Халық,

Көңілімді жұбатамын ауызға алып.

Дариға – сендер еске түскен күнде,

Неше өліп тірілемін, неше талып.

Бетіңнен иіскер күн бола ма екен,

Аңсаған шөл, аңыраған мейір қанып.

Өтем бе, жоқ, осымен зарлай, жылай,

Қасірет, қапалықпен от боп жанып.

Жоқ еді қылған күнәм үкіметке,

Белгілі бастан аяқ бәрі де анық.

Жұмажан, сізге сәлем қайын атам,

Балаңның көрген күні болды қатаң.

Дұғадан тастамаңыз әр уақытта,

Кешіріп бұрын өткен болса қатам.

Көріңіз балаң үшін дұға қылып,

Сүйікті, меһербанлы – Шолпан апам.

Білмейтін батыс қайда, шығыс қайда,

Қайғырып тек үн-түнсіз мұңға батам.

Сіздерден дұға-тілек тілемесем,

Телміріп енді кімге көзім сатам?

Жазбасам сыртқа шықпас ішкі мұңым,

Ұғымды шерлі оқыса болар мұным.

Өсірген ханға балап қара басым,

Болмады елтірілік, өлсе құным.

Ішінде қу сүйектің шыбын жан жүр,

Белгісіз өтіп жатыр күн мен түнім.

Қабыландай қамыстағы қайран басым,

Қалар ма шынымен-ақ шықпай үнім.

2-жыр

Сәлем жаздым зарығып,

Елдегі әке-шешеме.

Заманнан көңіл тарығып,

Қайғымен күнім кеше ме?

Таусылар емес арманым,

Күндіз-түні жыласам.

Тағдыр солай жазған ба,

Болмай ма түбін сұрасам.

Рахат күні бар ма екен,

Осымен өмір өше ме?

Сөйледім біраз халімді,

Жалын сыймай кеудеге.

Менің көрген зарымды,

Бермесін еш пендеге.

Қапалықпен жазған мұң,

Біреулер теріс десе де.

Біріншісі мұңлықтың,

Айырылған елден тірідей.

Демім шықпай булықтым,

Жадырап, терлеп жібімей.

Орнаған тұман бастағы,

Тұра ма түнеп, көше ме?

Екінші мұңлық жерінен,

Айырылған жігіт кесір боп.

Үшінші мұңлық ерінен,

Адасқан әйел жесір боп.

Әркімді құдай елді алсын,

Шөп тамырын жесе де.

Қандай адам айтады,

Бұларды мұңлық емес деп.

Бәрінде көңіл байқады,

Өр-еңісін кемештеп.

Сол мұңлықтың ішінде,

Ел жаманын мен көргем.

Өң түгіл жоқ, түсімде,

Тірі айырылдым сендерден.

Опасы жоқ жалған-ай,

Баламнан кеттім айырылып.

Зарлықта бәрі қалғандай,

Мұңлы болып қайырылып.

Қалғысам көзге келеді,

Қатын-балам елестеп.

Ойлаймын да жылаймын,

Өткен күнім келмес деп.

Үйде өлгенде арман жоқ,

Бір-ақ қайғы, бір тілек,

Тірі айырылған бар да, жоқ,

Күнінде қайғы сүргілеп.

Осылардың барлығы,

Мұңдыларға дерт болар.

Жанына батып зарлығы,

Жүрегі жанған өрт болар.

Патша, тәңір медет бер,

Білінбейді есік, төр.

Қараңғы үйде жатырмыз,

Аман ба екен ел мен жер?

Еліміз қалды алыста,

Хабары келмес құлаққа.

Ақыры түбін қайыр қып,

Жеткізе көрсін мұратқа.

Мен не дейін жамағат,

Шыбын жаным аманат.

Қанша жылдар жатсақ та,

Шықсақ екен саламат.

1944 жыл, Үрімжі түрмесі

СӘЛЕМ

Жабығып қасірет тартқан елге сәлем,

Жабылып ымырт басқан жерге сәлем,

Су алып көк айдынды құрақ өспей,

Қаңқылдап қазы кеткен көлге сәлем.

Сұр тартып суық көзі, боран ойнап,

Мезгілсіз жазы кеткен белге сәлем.

Желбіреп жердің бетін желпи алмай,

Құлазып шөлге кеткен желге сәлем.

Күлімдеп нұр шашпаған күнге сәлем,

Күбірлеп сырласпаған түнге сәлем.

Сарғайтып сары таңды сайрай алмай,

Бұлбұлдан шықпай кеткен үнге сәлем.

Тот басып атылмаған оқ сияқты,

Төгілген қарағайдан бүрге сәлем.

Қуанып бірің сүйін, бірің күйін,

Дос, дұшпан – екеуіңе бірге сәлем.

Атойлап қан майданға шықты дейді,

Сол қуат, елім сенен бізге сәлем!

1944 жыл, Үрімжі түрмесі

СЫҒАЙ ЗӘҢГІГЕ

Сығай-ау, алтын едің, жез боп жүрсің,

Тұрмыстың талқысына кез боп жүрсің.

Бұл күнде қабы қалың жүрек едің,

Енді бір мысық жемес без боп жүрсің.

Керегі жоқ ер басына не келмейді,

Орнатқан мор басына тез боп жүрсің.

Түлкі едің қияндағы қызыл орман,

Ішпекке бүктеп салған өң боп жүрсің.

Ішпейтін шарбат суын қайран басың,

Көлшіктен су дәметіп шөлдеп жүрсің.

Төрт жағың түгел біткен дөңгелек ең,

Айырылып жал, қуаттан кем боп жүрсің.

Дарияң шалқып жатқан шортан малтап,

Енді бір лай суда сең боп жүрсің.

Жалғыз бен жарлы келіп паналаушы ед,

Түспеген нар ізі де шөл боп жүрсің.

Мен Қызай, сен бір Найман енелеспін,

Сені мен басқа жанға теңемеспін.

Солай айт, қалай айтсаң әміріңді,

Бұзатын, екі ететін мен емеспін.

Ісім жоқ мен жақсы деп мақтанатын,

Терім жоқ жаудан аяп сақтанатын.

Жегенім жемтік мома, үйім үңгір,

Жайым жоқ қоразданып баптанатын.

Құлан ең түзде жүрген самал қуып,

Салқында күншуақпен қақталатын.

Серке едің заңғар құзды жағалаған,

Тұяғың тиген жерде дақ қалатын.

Жүректе жылылық жоқ, өңде шырай,

Қарасам ішіңді ашып қап-қара түн.

Көр-жөрді буып-түйіп жатырмысың,

Таң атса қақпаншыдай аттанатын.

1944 жыл, Үрімжі түрмесі

ОЙ ТОЛҒАУ

Ой табар қалған сөзді қалам алса,

Ел ұғар ердің сөзін назар салса,

Жігіттің еткен ісі жоғалмайды,

Сөйленіп ел аузында белгі қалса.

Сондықтан дәрменімнің келгенінше,

Сызайын, ғажап емес еңбек жанса.

Елімді өзім тірі көрмесем де,

Арманым – ең болмаса сөзім барса.

Сағынып кейінгі елім жүрген шығар,

Өлең боп кездесейін қысылғанша.

Артқыға қалдырайық өмір сырын,

Ер жігіт еңкейгенше кәрі шалша.

Сөйлеймін көзім көрген дәлелді істен,

Айтпаймын жоқты-барды ашқан балша.

Тосылып ашық жолың бөгеледі,

Жігіттің басын қара тұман шалса.

Ажырап өскен жерден, туған елден,

Ес кетер ебің қашып, өзек талса.

Орнына ойлағаның өзі-ақ келер,

Ем болып, еткен ісің, еңбек жанса.

Риза болмас па едің азабына,

Өзіңнің шын сөзіңе біреу нанса.

Шын шығып іс жүзіне, жалған қалып,

Ақиқат сусынына мейірің қанса.

Құралар екі сөздің басы қайтып,

Жолдасын бүгін айтып, ертең танса.

Бұл күнде жалған күшті, шын нашарлау,

Сол үшін сене алмаймын өмір қанша.

Өтірік шынның орнын иемденер,

Қуыртып шикі сөзді пысырғанша.

Егелер ердің тісі егескенде,

Жалғанға жаны күйіп, қышырланса.

Жан барда аз дәуреннің қызығын көр,

Басыңнан бақыт құсын ұшырғанша.

Айтарым бұл жолы да: аш көзіңді,

«Әйт!» десе өзіңді-өзің талағанша.

Қанға орап ұқтырамын бар мұңымды,

Көкіректе қатқан шерім тарағанша.

Жеп жатыр даяр асты қарға, құзғын.

Қолыңды сен асықпай ұсынғанша.

Артқыға сол себепті белгі қылып,

Түсірдім қол таңбамды мұсылманша.

Ел оқыр егер сөзім бара қалса,

Қадірін біліп жастар ала қалса.

Миы ашық, сезімі зор ерлер алып,

Ой көзін астыртына сала қалса.

Ұға алмас сырын таппай, үстірт қарап.

Шеше алмай түйіндері шала қалса.

Боқ жағып таза жерден былғар надан,

Жығылып аққа досы қараланса.

Тастайды қолыменен аузын ашып,

Бір жері бітеуленіп жараланса.

Алып кел тұр даярлап бар пәлесін,

Бойыңа алдыңғы асың тарағанша.

Артыңды жар қылады, алдың тұйық,

Көзіңді ашып-жұмып қарағанша.

Ал енді оян едім, аш ұйқыңды,

Басын жеп, өз қойыңның қалағанша.

Аз жазам көргенімді қалам алып,

Жасымнан өткен істі санама алып.

Қайғыда күндіз-түні жүрген жанмын,

Сүйеніп елді ғана паналатып.

Бақ қайтып, ырыс өліп, сор жеңгенде,

Қапада қалар басым қамаланып.

Ішкенің – у, жегенің – зәһір болып,

Жүрекке күнде қайғы жамаланып.

Ұмтылсаң уысыңа от ілінер,

Қолыңды қалай созсаң шамаланып.

Қан басып қарашығын мұнарланып,

Көзіңе түк көрінбей тағаланып.

Кетесің кімге барсаң тым арзанға,

Орнына елтірінің бағаланып.

Отырған бір қалыпта жан көрмедім,

Құбылып, күнде түлеп, жаңаланып.

Шатылып жіпсіз торға нақақ зарлап,

Жүрген ел азат басы қараланып.

Сау жер жоқ денесінде тіс тимеген,

Тесіліп қырық жерден жараланып.

Кішісі беттен алып, үлкен қалып,

Қаншықша күшіктеген қадаланып.

Қаласың тіл қайтарсаң от ішінде,

Қасқырдай қолға түскен сабаланып.

Қараны ақ бетіңе жағып алып,

Жатасың дос, дұшпанға табаланып.

Шетінен қорасының өтіп кетсең,

Ырылдап жетеді иттер абаланып.

Өзіңді жаралы қып, тас байлап ап,

Кетеді мал-мүлкіңді талап алып.

Сенделтіп сені әкетер сергелдеңге,

Артта шулап қатын мен бала қалып.

Көнбеске не десе де лажың жоқ,

Қайтесің оқымадың – қара халық.

Төменшік әр орында біздің қазақ,

Жорадан келе жатыр дара қалып.

Көрінгеннен қояндай бой тасалап,

Жұмысы орындалмай шала қалып.

Бәрі қу бізден басқа ірілердің,

Оқып жүр жамандықтан сабақ алып.

Әркімнің жиған асын жемек болып,

Даяр тұр қолға шөміш, табақ алып.

Маңызын, нәрін солар пайдаланып,

Қазаққа қабығы мен сама қалып.

Дүние неше түрлі өзгеріп тұр,

Бастаушың жалған-жала сөзге еріп тұр.

Қыршаңқы байталыңа мандам айғыр,

Жымитып құлақтарын кез келіп тұр.

Жоруы жақсы түстің түк жолықпай,

Жаман түс күн ұзамай тез келіп тұр.

Жораға кімдер жүріп, қораға кім,

Үргенін, айтпасам да көз көріп тұр.

Ілініп жайған торға сайып қыран,

Қиналып тар қапаста қор болып тұр.

Саналып кімдер бөтен бұл заманда,

Кімге кім, байқа халқым, дем беріп тұр.

Қорлықта аш-жалаңаш жүргендер кім?

Сүйеу боп кімдер оған жем беріп тұр?!

Бұл сөзді кім танысын перделеген,

Жиып ап ойдан-қырдан термелеген.

Біздің жұрт айтпай білмес, ашпай көрмес,

Сезбейді айтқан сөзді пердеменен.

Шынында байқамаса ұға алмайды,

Ұқпаса қатты үңіліп зердеменен.

Тектесе ұшы ұзын, түбі терең,

Арқандай алпыс құлаш кермелеген.

Үміт – зор, даусым – жуан, үнім – ашты,

Болса да бойым тапал жер кенеден.

Мінеки келе жатыр қай-қайдағы,

Тізіліп сөздің бәрі келме деген.

Бере алсам бәрін айтып жақсы-ау еді,

Келтіріп басқа түрлі пернеменен.

Бірақ та жұрттың бәрі ұқпайды оны,

Үстірттеп әне сондай перделерден.

Сондықтан және қайта ескертейін:

«Үңіліп қарай көр, – деп зердеменен».

Қақсаған қазақ үшін толып жатыр,

Ешкімге жұғымы жоқ жел не деген.

Неткен ел ойы сұйық, қырпуы жоқ,

Иілмей қатып қалған бел не деген.

Өзі ұқпай не себепті жылағанын,

Бұл күнде адам бар ма еңіремеген?!

Қарғаны «фу!» дейтін жел даяр тұрса,

Көрмейді көзін басқан шел не деген.

Қайғысыз, қарны тойса болды емес пе,

Бәстесіп етін жесе сер не деген.

Айтқаны Абай аға тағы бар-ау:

«Сөзіңді ұқпағанға берме» деген.

Жиреніп өз үйінен қашып жүрген,

Байқамай ант ұрғанға ерме деген.

Ерінбей еңбек етіп, талап тауып,

Қолыңды көтер көкке, серме! деген.

Абайлап бұл сөздерді ескермеді,

Хайуандай ессіз еді ол не деген.

Айтқанын ілгергінің алмай жүрсе,

Соларға ақыл айтқан мен не деген?

Басқалар етек жауып алды ес біліп,

Жастарын тәрбиелеп қандес қылып.

Кешегі қамқорлықтың насихаты,

Тат басып, тозаң жауып, қалды «ескіріп».

Бұл сөзім ойлағанға жалған емес,

Біреуді кекеп, мұқап шалған емес.

Анығын атын атап көрсетсең де,

Біздің жұрт ақыл сөзді алған емес.

Бүгінгі естігені ертең ұмыт,

Миына бір орнығып қалған емес.

Қылығын дұшпанының айтса-дағы,

Ескеріп түп қарынға салған емес.

Өтірік, мақтан, өсек, айла-қулық,

Жолында жағы шаршап талған емес.

Ешпенен алдау, арбау, пайда көздеп,

Еңбегі өмірінде жанған емес.

Жан салып жалған десе, арын сатып,

Шын сөзге мойын салып нанған емес.

Жүгініп сойыл-шоқпар, қара күшке,

Алысып-жұлысудан танған емес.

Түртпектеп бірін-бірі шұқылаған,

Осылғыр «ойны» бір қанған емес.

Соттасып, өз-өзімен ырылдасып,

Керіскен шоқырақтан танған емес.

Қара күш бекер қалып бұл заманда,

Атом жеңіп тұрғанға нанған емес.

Ақиқат алауланып жанып тұрса,

Көз салып қолына оны алған емес.

Күн өтіп әне сөйтіп байқай алмай,

Наши рекомендации