ОҚЫТУ МЕН ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖҮЙЕСІ. 1. Тірек-қимыл аппаратының бұзылуына жалпы сипаттама

1. Тірек-қимыл аппаратының бұзылуына жалпы сипаттама. Балалар церебральды салы

2. Балалар церебральды салы кезіндегі психиканың дамуындағы ерекшеліктер

3. VI түрдегі (түзету) мектептердегі балаларды оқыту жүйесі

4. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту мен тәрбиелеу

Тірек-қимыл аппаратының бұзылуы туа пайда болуымен де, жүре пайда болуымен де түсіндіріледі. Балалар арасындағы ту пайда болған, жүре пайда болған бұзылулар 5-7 %-ды құрайды. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар дамуындағы артта қалушылықтар түрлі кемшіліктердің полиморфтылығымен түсіндіріледі:

Нерв жүйесінің аурулары: балалар церебральды салы, полиомиелит (жұлын миының алдыңғы мүйізшелерінің инфекциялық ауруларғы шалдығуы).

Тірек-қимыл аппаратының туа пайда болған патологиялық жағдайлары: жамбас сүйектерінің (туа пайда болған) шығып кетуі, мойынның қисаюы, майтабандық, табан деформациясы, (омыртқалардың қисаюы) сколиоз, аяқ-қолдардың дамуындағы жетіспеушіліктер, саусақтардың аномальды дамуы, артрогрипоз(туа пайда болған ұсқынсыздық):.

Тірек-қимыл аппаратының жүре пайда болған аурулары және зақымдануы:жұлын миының, бас миының, аяқ-қолдардың соққы алуы, полиартрит (буындардың ауруы), сүйек аурулары (туберкулез, сүйектердің ісінуі, остеомиелит), рахит (сәбилік шақта дәрумендердің жетіспеушігінен зат алмасудың бұзылуы).

Аталған аурулардың клиникасы жетекші кемшіліктердің түрлерін қимылдың бұзылуы, қимылдың жетіспеушілігімен түсіндіріледі.

Балалар церебральды салы - ұрықтық(перинатальдық) кезеңдегі эндогендік және экзогендік факторлардың әсерінен мидың полиэтиологиялық ауруларға шалдығуы. Мұндай жағдайлардың көпшілігі туылу кезіндегі бас миының соққы алуымен де түсіндіріледі. Онтогенез дамуының ерте кезеңінде бас миының үлкен жарты шарларындағы қимылдық қозғалыс, сөйлеу кезіндегі ерікті қозғалыстарды реттеуші мидың «өте жас» бөлімдерінің зақымдануы да әсер етеді. Балалар церебральды салы кезіндегі қимылдық, танымдық, сөйлеу функцияларындағы кемшіліктер:

буындық тонустың бұзылуы:

гипотония - аяқ-қол мен дене бұлшық еттеріндегі қозғалыстың әлсіреуі. Мұндай белгілер мишық пен вестибулярлық аппарат жұмысының жетіспеушілігі:

дистония- буындық тонустың өзгермелілігі. Буындар тыныштық жағдайында болса, қимылдау кезінде тонус күшейеді де қозғалыс әлсірейді.

Ерікті түрдегі қозғалыстардың шектелуі мен жойылуы (парез және паралич) ортақ түрдегі паралич кезінде бас миының қабықтық зоналары мен пирамидалы жолдардың бұзылуынан ерікті түрдегі қимыл-қозғалыс жоғалады.Бұл кезде бала қолдарын жоғары көтере алмай, қолдарын сермей алмай қиналады.

Гиперкинез — еріксіз, зорлау қимылдарының бұлшық ет тонустарының ауысуымен байқалады. Мұндай еріксіз қимылдар артикуляциялық аппарат, мойын, бас, аяқ-қолдардың бұлшық еттерінде байқалады.

Тремор — аяқ-қолдың дірілдеуі.

Тепе-теңдік пен қозғалыс кооринациясының бұзылуы (атаксия) отыру, тұру кезіндегі тұрақсыздықтар.

Кинестезия – қимылды сезіну жағдайының бұзылуында дененің орналасу қалпын аджырата алмаушылық.

Түзелу, статикалық рефлекстердің дамуындағы жетіспеушіліктен баланың ерікті түрдегі моторика дамымайды.

Синкинезия — белсенді түрдегі қимыл-қозғалысқа түсу барысында дененің еріксіз қозғалыстарды реттей алмаушылығы.

Балалар церебральды салы кезіндегі психикалық кемшіліктер мен оны түзету жұмыстары Л.А.Данилова, Э.С.Калижнюк, Г.В.Кузнецова, И.Ю.Левченко, Е.М.Мастюкова, О.Г.Приходько, К.А.Семенова еңбектерінде толық зерттеледі. Авторлардың барлығы балалар церебральды салы кезіндегі психиканың дамуындағы ерекшеліктер танымдық әрекеттің, эмоциялық-ерік аймағының, тұлғаның қалыптасуындағы функцияларды жояды деген болжам жасайды. Бұл балалардың көпшілігінде танымдық әректтің төмендігі байқалады.

Эмоциялық-ерік аймағының бұзылуы эмоция түріндегі қозғыштықты, көңіл-күйдің тұрақсыздығымен байқалады.

Балалар церебральды салы кезінде 80%-ға дейін сөйлеу тіліндегі кемшілік кездеседі. Осы кездегі сөйлеу тілінде кездесетін кемшіліктер:

- дизартрия - сөйлеу аппаратының иннервациясы жетіспеушілігінен сөйлеудің мағыналық жағының бұзылуы;

- анартрия – бұлшық еттердің салдануынан сөйлеу кезіндегі бөлшектеу қызметінің жоғалуы.

Дизартрия кезінде сөйлеу аппаратындағы ағзалардың нерв талшықтарымен қамтамасыз етілуінің органикалық жетіспеушілігінен сөйлеу тілінің дыбыстарды айту жағынан бұзылады.

Дизартрия кезіндегі жетекші кемшілік орталық және перифериялық нерв жүйесінің бұзылуынан сөйлеудің мағыналық бұзылуы болып табылады.

Дизартрия грек тілінен аударғанда «бөлшектеу» деген мағынаны береді. Дизартрияны анықтауда авторлардың көпшілігі сөйлеу кезіндегі артикуляцияның, сөйлеу ырғағының, интонацияның, темптің бұзылатындығын көрсетеді.

Дизартрия кезіндегі дыбыстарды айтудың бұзылуы нерв жүйесінің бұзылу деңгейі мен оның сипатына байланысты анықталады. Дизартрияның жеңіл түрінде кейбір дыбыстардың айтылмауы байқалса, күрделі түрінде сөйлеудің мәнерлілігі жоғалып, дыбыстардың кейбірі айтылмай, тұтасымен алғанда сөйлеу түсініксіз болады.

Орталық нерв жүйесінің күрделі бұзылуларға ұшырауынан сөйлеу кезінде белсенді қызмет атқаратын бұлшық еттердің салдануы байқалады. Мұндай кемшілікті бөлшектеу қызметінің жоғалуы, анартрия деп аталады.

Сөйлеудегі дизартриялық бұзылулар мидың органикалық зақымдануынан ұшырауынан пайда болады. Балалар арасындағы дизартрия перинатальдық патологиямен (ұрықтың немесе нәрестенің нерв жүйесінің зақымдануы) байланысты. М.Б.Эйдинова, Е.Н.Правдина, Е.М.Мастюкованың пікірінше дизартрик балалар церебральды салдануы кезінде көп кездеседі. Дизартрия кезінде қимылдық қозғалыстың бұзылуы байқалады.

Дизартрияның белгілері анамнезінде ұрық асфиксиясы немесе туылу кезіндегі соққылар, ұрықтық даму кезінде жағымсыз жағдайларға ұшыраудың белгілері көрсетілген. Бұл кездегі (Л.Т.Журба, Е.М.Мастюкова) дизартрияның жеңіл түрі жойылған дизартрия бас миының минимальды дисфункциясы белгілерімен сәйкестенеді.

Алалия – тіл мүкістіктерінің ішіндегі ең ауыр түріне жатады. Мүкістіктің мұндай түріне шалдыққан баланың сөйлеу тілі іс жүзінде қатынас құралы бола алмайды. Баланың ана құрсағында және сәбилік кезде дамуындағы ми қабығының сөйлеу орталықтарындағы табиғи байланыстардың бұзылу әсерінен сөйлеудің дамымауы немесе мүлдем болмауы. Алалияны моторлы және сенсорлы алалия деп бөлеміз. Моторлы алалия - сөйлеудің моторлы жағының бұзылуы. Сенсорлы алалия - есту қалдығы мен танымдық қабілеттің сақталуы кезіндегі естігенін түсінбеушілік. Балалар церебральды салы кезінде бұзылулардың күрделілігі мен таралымы әр түрлі болады. Күрделі жағдайларда аяқ-қолдың қатарынан салдануы мүмкін. Мұндай жағдайда баланың қимыл-қозғалысқа түсуі, қозғалыс функцияларының дамуы қиындайды. Кемшіліктің жеңіл түрінде аяқтың салдануы анықталады. Кейбір балаларда бір жақты қимыл-қозғалыстың бұзылуы, яғни гемипарез байқалады. Тірек-қимыл аппаратының бұзылуынан олигофренияның белгілері де байқалады.Неврологтар балалар церебральды салының негізгі үш формасын анықтап көрсетеді: иілу, бүгілу сияқты қозғалыстардың жиі бұзылуынан болатын спазмалық формасы, дененің еріксіз артық қозғалысқа түсуінен болатын гиперкинездік формасы, баланың жүруі мен тепе-теңдігін сақтауға кедергі келтіретін астениялық формасы.

Тірек-қимылдың бұзылуы кезіндегі бала миының дамуында түзетуге бейім тұратын жағдайларды есепке алсақ, түзету жұмыстарының нәтижесінде баланың қимыл-қозғалысын түзетуге болады.

Балалардың көпшілігінде қимыл-қозғалыстың бұзылуымен қатар мінездерінде өзгерістер байқалады. Балалар церебральды салы кезіндегі ерекшеліктер, олардың туған күнінен бастап-ақ пайда болады. Мұндай кемшіліктер баланың басын ұстауы, отыру мен тұру, жүру дағдысын игеруі, манипуляциялық қозғалысқа түсуі кезінде анық байқалады. Балалар церебральды салы кезіндегі орталық нерв жүйесінің зақымдануы ерікті қозғалысқа түсетін жүйелердің жұмысын әлсіретеді.

Буындық тонустың жұмысы апраксиялық құбылыстар түрінде, яғни практикалық мақсаттағы қимыл-қозғалыстарды орындай алмаушылық (түймені қадай алмаушылық, бәтеңкенің бауын байлай алмаушылық), қозғалысқа түсу кезіндегі стереогенез (сипап-сезу арқылы заттарды тани алмаушылық) байқалады.

Балалар церебральды салы анықталған күннен бастап баланы міндетті түрде балалар невропатологына тексерту керек. Қазіргі кездегі зерттеушілердің пікірінше, ерте анықталған және ерте емдеу-сауықтыру шараларын қабылдаған балалар церебральды салы анықталған баланың нервтік-психикасының дамуында жетістіктердің байқалатыны белгілі. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған көмекші мектептерде және он екі жылдық жалпы білім беретін мектептерде өз бетінше қозғалысқа түсетін, интеллектісі сақталған, өз-өзіне қызмет ету дағдысын игерген балалар білім алады. Қозғалысқа түсе алмайтын, өз-өзіне қызмет ету дағдысын игермеген балалар қарапайым көмекші мектеп бағдарламасымен, жеке бағдарлама бойынша үй жағдайында білім алады.

Дамуында түрлі кемшіліктер анықталған балалардың категорияларының әрқайсысы психологиялық-педагогикалық жеке ерекшеліктерге бөлінген. Осы ерекшеліктердің әрқайсысын оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда психологиялық-педагогикалық оқытудың тактикасы мен стратегиясы есепке алынады. Дамуында күрделі деңгейдегі кемшілігі бар мүгедек балалар білім беру кеңістігінен алшақтап, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі интернаттарға жолдама алады. Дамуында бірнеше кемшілік шоғырланған төрт жастан асқан балалар әлеуметтік дамуға бағытталған психоневрологиялық интернат-үйлерінде тәрбиеленеді. Бұл мекемелердің негізгі әрекеті мүгедек балаларға әлеуметтік көмек көрсетудің медициналық моделін құру арқылы жүргізіледі.Осы тұста анықталатын балалар церебральды салының классификациясы:

Гемиплегиялық формасы балалар церебральды салының көп тараған түрі. Бір жақ жарты шарлар миының бұзылуынан болады. Баланың алғашқы күннен-ақ бір жақ аяқ-қолының қимылдық-қозғалыстарға түспейтінін байқауға болады. Мұндай балалар қиындықпен отырып, жүруді, тұруды да қиындықтармен бастайды. Қимыл-қозғалыстардың жүзеге асуы зорлану, қиналу түрінде көрініп, эпилептикалық жағдайлар да білінеді. Гемипарез формасы балаларда ұмтылу, қағып алу функцияларын орындау кезінде бала саусақтарын біріктіруде, қолдарын кеудесіне қою кезіндегі қиындықтармен байқалады. Сол жақ жарты шарлар жұмысының бұзылуы кезінде балалардың сөйлеу тілінің бұзылуы құрысу-парездік дизартрия немесе моторлы алалия, дислексия, дисграфия түрінде байқалады. Сол жақ жарты шарлар бөлігіндегі самай бөлігінің зақымдануы фонематикалық қабылдаудың бұзылуымен анықталады.

Диплегиялық формасы балалар церебральды салдануының екі аяқтың спазмалық құрысу түрлерімен анықталатынЛиттл ауруының атауымен танымал түрі. Бала физикалық дамуы жағынан артта қалады. Мұндай балалардың жүріс-тұрысында алға қарай және төмен қарай ұмтылушылық байқалады, яғни жүрісі спазмалық-парездік күйді бейнелейді. Жүріс-тұрысында тізелері бір-біріне жанасып, бала жүрген кезде табандарына емес аяқтың саусақтарына күш түсіреді. Мұндай балалардың интеллектуалдық дамуы толығымен сақталуы мүмкін.

Гиперкинездік формасы атетоз типіндегі зорлану, қиналу, буындық тонус пен психиканың бұзылуы арқылы қимыл-қозғалысқа түсуде байқалады. Гиперкинез формасындағы балалар церебральды салы мидың қабықтық бөліктерінің зақымдануынан болады. Қимылдық қозғалыстардың бұзылуы еріксіз зорлану түріндегі қимылдық қозғалыстар арқылы байқалады. Гиперкинез еріксіз түрде уайымдау, толқу кезінде еріксіз қимылдық қозғалыстар кезінде күшейе түседі. Еріксіз қимылдық қозғалыстар бет бұлшық еттерінің, тіл, бас, мойын, дененің қозғалыстарында жиі байқалады. Гиперкинездік формасында ерікті моторика қиындықпен қалыптасады, қозғалыс дағдысының автоматизациясы қиындап, әсіресе жазу дағдысының қалыптасуы қиынға соғады.

Балалар церебральды салы кезіндегі жүргізілетін коррекциялық-педагогикалық процес барысында есепке алынатын қағидалар:

- коррекциялық-педагогикалық процесті жүйелі түрде ұйымдастыруда қимылдық, сөздік, психикалық бұзылуларды бақылауға алу керек;

- сақталған функциялардың көмегіне сүйене отырып көмек көрсету жұмыстары ерте басталу керек;

- онтогенез дамуның жалпы заңдылықтарына сүйене отырып, коррекциялық-педагогикалық жұмысты ұйымдастыру керек;

- психиканың және сөйдеудің даму динамикасын бақылау керек.

- коррекциялық-педагогикалық көмек көрсету жұмыстарының бір-бірімен байланысын қадағалау керек.

- баланың отбасымен тығыз қарым-қатынас орнату керек.

О.Г.Приходько зерттеулері көрсеткендей, коррекциялық-педагогикалық қызмет көрсету жұмысының тиімді кезеңі өмірдің алғашқы жылы болып табылады. Көмектің мұндай түрі стационар жағдайында ұйымдастырылады. Ата-аналарды ұйымдастыру жұмысымен таныстыруда есепке алынатын негізгі жағдайлар:

- ересек адамдармен эмоциялық қарым-қатынасты дамыту;

- бұлшық ет пен артикуляциялық аппарат жұмысын реттеу;

- дыбыстық, буындық, сөздік реакцияларын реттеу, уілдеу, былдырлау, былдыр сөздерді айтуын бақылауға алу;

- сору, жұтыну, шайнау қызметтерін түзету;

- сенсорлық қабілеттерді дамыту;

- сөйлеу кезіндегі тыныс алуды дамыту;

-заттармен әрекетке тұсу кезіндегі қолдың қимылдарын дамыту;

- сөзді түсінудегі дайындық кезеңнің жұмысын қалыптастыру.

Ерте кезеңдегі жүргізілетін коррекциялық-педагогикалық жұмыстардың негізгі бағыттары:

- заттық әрекетті қалыптастыру;

- функционалдық қызмет түрлеріне қарай ойыншықтарды пайдалану, әрекетке түсуге үйрету);

- көрнекі-образды ойлауды, ерікті, тұрақты зейінді қалыптастыру;

- сөйлеу және заттық-практикалық әрекетке түсуді қалыптастыру;

- қоршаған орта туралы қарапайым түсініктерді қалыптастыру;

- сенсорлық белсенділікті ретке келтіру (көру, есту);

- саусақтардың функционалдық мүмкіндіктерін арттыру, координацияны дамыту.

Балалар церебральды салы кезінде өз еркімен қозғалысқа түсе алатын 3 жасар бала арнайы балабақшаға бара алады. Топтағы баланың толымы 8 баладан тұрады. Арнайы балабақшадағы коррекциялық-педагогикалық жұмыстар Е.Ф.Архипова, Л.А.Данилова, Г.В.Кузнецова, И.Ю.Левченко, О.Г.Приходько, Н.В.Симонова, И.В.Смирновалардың құрған әдістемелік-бағдарлама материалдары бойынша жүргізіледі. Мектеп жасына дейінгі балалармен жүргізілетін коррекциялық-педагогикалық жұмыстың негізгі бағыттары:

- ойын әрекетін дамыту.

- қоршаған ортамен тіл арқылы қарым-қатынасты орнату.

- қоршаған орта туралы түсініктерді кеңейту.

- сенсорлық функцияларды дамыту. Кеңістік және уақыт туралы түсініктерді қалыптастыру. Кинестетикалық қабылдау мен стереогнозды дамыту.

- зейінді, ойлаауды, есте сақтауды (көрнекі-образды және абстрактілі-логикалық ойлау) дамыту.

- математикалық түсініктерді қалыптастыру.

- қол еңбегінеүйрету мен жазуға дайындау.

- өзіне қызмет етудегі гигиеналық талаптарды игерту.

Балалар церебральды салы кезіндегі жұмыстардың негізгісін логопедиялық түзету жұмыстары құрайды. Оның мақсаты - вербалды құралдар арқылы қарым-қатынасқа түсуді дамыту, сөйлеудің мағыналық жағын үйрету.

О.Г.Приходько көрсеткендей логопедиялық жұмыстардың негізгі міндеттері:

- бұлшық ет тонусы мен артикуляциялық аппарат бұлшық еттерінің жұмысын реттеу;

- сөйлеудегі тыныс алу мен дауысты реттеу;

- сөйлеудің темпті-ритмикалық жағын ретке келтіру;

- дыбыстарды қою, машықтандыруда артикуляциялық органдардың жұмысын реттеу;

- қол мен саусақ қимылдарын дамыту;

- сөйлеудің лексикалық-грамматикалық мағынасын дамыту, өз ойын мазмұндауға үйрету.

VI түрдегі (түзету) мектептерде балалар церебральды салына ұшыраған балаларды оқытудаайқын түрдегі кемшілік анықталмаған балалар жалпы мектепте білім алады.Қимылдық кемшіліктердің айқын түрдегі көрінісі кезінде VI түрдегі (түзету) мектептерінде білім алады.

Коррекциялық-педагогикалық жұмыстың мақсаты баланың мүмкіндігіне сай жан-жақты дамыту. Арнайы мектептерде балалар церебральды салына ұшырағандардың 60-70%-ы білім алады. VI түрдегі (түзету) мектептерде білім беру процесі жалпы білім беретін мектептің үш деңгейімен (бірінші деңгейі- бастауыш саты 4-5 жыл, негізгі жалпы білім беру 6 жыл, орта білім беру 2 жыл) оқытылады.

Мектепке 7 жастан бастап қабылданады. Балабақшада болмаған бала дайындық сыныбынан бастап оқиды. Дайындық сыныбындағы оқытудың міндеттері: интеллект дамуының деңгейін анықтау, баланың оқуға қабілеті мен потенциалдық мүмкіндіктерін анықтау, (жалпы немесе арнаулы мектепте) алдағы уақыттағы білім алу мен бейімделу мүмкіндіктеріне болжам жасау болып табылады.

Балалар церебральды салы кезіндегі арнаулы білім беру процесінің міндеттері: оқыту мен тәрбиенің сәйкестігін орындау, емдік-сауықтыру жұмыстарын жүргізу, еңбекке баулу мен кәсіби бағдар беру.

Коррекциялық-дамыту жұмыстарының мазмұны:

- танымдық әрекеттерді реттілікпен дамыту;

-жоғары психикалық функцияларды дамыту;

- тәртіп нормаларын игерту, әлеуметтік-тұрмысқа бейімдеу.

Тірек-қимыл аппаратының күрделі бұзылуы кезіндегі оқытуды ұйымдастырудың формасы үй жағдайында білім беру болып табылады. Үй жағдайында білім берудің тиімділігі балаларды білім беру кеңістігіне жетелесе, екінші жағынан білім беру бағдарламасының қысқартылуына, үй тапсырмаларын орындаудағы реттіліктің сақталмауына, баланы қоғамнан, құрдастарынан оқшаулау, кәсіби еңбекке үйренудің шектелуіне апарады.

Арнайы мектеп-интернаттарда баланың психофизикалық мүмкіндіктеріне сай кәсіби білім беру еңбекке баулу жұмыстары күнделікті ұйымдастырылып, баланың тігін ісі, ағаш шебері, машина басу, бағбан ісі т.б. мамандықтарға үйренісуіне жағдай жасалады. Баланың еңбекке жарамдылығын дәрігерлік-медициналық еңбек экспертизасымен анықтау арқылы, кәсіби білім беруде баланың техникумдарға, училищелерге оқуға түсуіне жеңілдіктер жасалады.

Соңғы жылдары қимыл-қозғалыстарында кемшіліктер бар балаар жалпы білім беретін мектептерге орналасуда. Олардың қатарында көбінесе, сколиоз, туа пайда болған жамбас сүйектерінің шығуы, майтабандық, балалар церебральды салы кездеседі. Қимылдық бұзылулардың негізгі белгілері жүріс-тұрыстың тұрақсыздығы, жүру темпінің баяулауы, баспалдақтан өз бетінше түсе алмау болып табылады. Мұндай балалар өзгелердің көмегінсіз киімдерін шешуде, киюде киімінің түймелерін салуда қиындықтарға ұшырайды. Аталған кемшіліктің белгілері балалар церебральды салы кезінде анық көрінеді. Олар оң жақ немесе сол жақ қолдың салдануынан түрлі әрекеттерді орындай алмайды, қозғалыс координациясы бұзылады, аяқтардың арасы кең ашылған күйде жүруге бейімділік танытады, қорқыныш пен уайымдау кезінде құлау, өз қозғалысын реттей алмаушылық қасиеттер көрсетеді. Өздеріне қызмет ету дағдысының қалыптасуы жеткіліксіз күйге ауысып, заттық-практикалық әрекеттері де шектелгендіктен сурет салу, жазу дағдысын игеруге дайындықсыз болып келеді.

Балалар церебральды салы кезінде аталған қозғалыстардың шектелуі емес, кейбір дыбыстарды айту да бұзылады. Ол балалардың мүмкіндігі өз бетінше қозғалысқа түсу кезінде, заттарды манипуляциялауда, өзгелермен қарым-қатынасқа түсу кезінде шектеліп, мектепке дейінгі шақта құрбылары игерген білім мен қоршаған орта туралы түсініктерді толық игере алмайды. Қоршаған орта туралы мәліметтері фрагментті түрде болғандықтан заттар мен құбылыстар туралы ұғымдардың мазмұнын салыстыру, негізгіні табу, себеп-салдарды табу, сөздік қордың болмауы түріндегі кемшіліктер анық көрініп отырады. Сондықтан ол балаларда жалпы мәдени орындарды (дүкенде, театр, музей т.б.) тану мүмкіндігі де шектеліп, аталған мәдени орындар туралы түсініктері болмайды.

Бұл балаларда аталған кемшіліктердің әсерінен қимыл-қозғалыс дағдысының қалыптаспауы ғана емес, қозғалыс туралы ұғымдар да болмайды. Ол үшін қозғалыс мүшелерінің жұмысын ғана емес, қозғалысқа түсудегі сезім органдарының жұмысын қалыптастыру қажет.

Балалар церебральды салы кезіндегі оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін мұғ,алім бала дамуының психофизикалық ерекшеліктерін, оқу материалын игеруде және денсаулығына байланысты кездесетін қиындықтардың типтерін білуі керек. Оқыту кезіндегі қиындықтардың себептерін, ол кемшілік бала дамуының қай кезеңде болғандығын білу, анықтау, оның әсері оқу материалын игеру кезінде қалайша байқалып отырғандығын білу маңызды.

Оқу - тәрбие жұмысының басталу уақытына дейін ата-аналармен кездесу жасап, баланың сүйіп айналысатын ісімен, қызығушылығымен, бейімділігімен, мүмкіндігімен, сүйіп оқитын пәндерімен, ойындарымен танысып, дамыған қимыл-қозғалыс актілерін білу, ол қозғалыстың қай кезде жақсы байқалатынын, баланың еркін қозғалысқа түсу мүмкіндігігнің қалайша орындалатынын анықтау қажет. Одан басқа бала бойындағы жағымды және жағымсыз қасиеттерді анықтау мұғалім жұмысы үшін маңызды. Мұғалімнің ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатуы балалар церебральды салы бар балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуі, жалпы білім беретін мектептерде өзінің орнын табауна септігін тигізеді. Балалар церебрльды параличі бар оқушы білімді игеріп қана қоймай, денсаулығын сақтап, нығайтуға байланысты емдік-сауықтыру шараларын емханаларда қабылдап, арнаулы ауруханаларда ем қабылдап отырады.

Арнаулы мекемеге қабыланатын баламен ұжым оқушыларын толық таныстырып, оның дамуындағы өзгешеліктерді, оны шеттетпеу керектігі туралы таныстыру жұмыстарын жүргізеді. Балалар церебральды салымен келген оқушының қызығушылығы, мінез-құлқы, бойындағы жақсы қасиеттері туралы айтып, оған сынып оқушылары тарапынан қолдаудың, көмектің қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Балалар церебральды салы кезінде оқу мен еңбек әрекетіне түсудегі қимылдық дағдылар мен іскерліктің қалыптаспауынан оқушыларда жазу, өзіне қызмет ету, еңбекке араласу дағдысында айтарлықтай қиындықтар туатыны белгілі. Олар қандай қиындықтар? Балалар церебралаьды салы кезінде жазу дағдысын игерудің қиындығы сермеу функцияларының қалыптаспауынан немесе аталған функцияның дамуындағы кемшілікпен түсіндіріледі. Қол буындардың еркін қозғалысын қажет ететін жазу актісінің өзі буындардың әлсіздігінен, кей кезде барлық қолдың қозғалысының әлсіздігінен нашарлайды. Мұндай кезде балалар жазу барысында қолдарын дұрыс ұстай алмай, жазу үлгісі қолдың қозғалысына байланысты анықталады. Жазу кезіндегі әріп элементтерінің арасы жанаспай, сөздер түсініксіз күйге ауысып, каллиграфияға қойылатын талаптар толық орындалмайды. Жазу кезінде гиперкинездің әсерінен бала қолдарының, саусақтарының қимылын зорлау, күштеу арқылы қозғалысқа түсіреді, мұның әсерінен әріптердің кейбірі үлкен немесе кіші болып, саусақтардың артық қозғалысы жазуға кедергі келтіреді.

Балалар церебральды салы кезіндегі жазу дағдысы баяу дамитындықтан, оларға шекте тыс жазу жұмыстарын орындату, жазу жылдамдығын күшейту керісінде қол және саусақ моторикасының жұмысындағы кемшіліктердің пайда болуына себепші болады. Нәтижесінде еңбек сабақтарында ермексазбен жұмыс жасау, ермексазды бөлу, илек, заттардың белгілі формаларын жасау, бөліктерге бөлуде қиындықтарға кездеседі.

Денешынықтыру сабақтарында балалар церебрлаьды салы кезіндегі бала дамуының ерекшелігін білу маңызды. Сабақ барысында балалар дене тепе-теңдігін сақтай алмағандықтан қолдары мен аяқтарын қажетті қалыпта игере алмайды. Дене жаттығуларынан белгілі бір заттарды пайдаланып орындалатын арнаулы жаттығулар: допты, брусокты дәл тигізу, жіпті, арқанды қысу түріндегі жаттығуларды орындауда дәлдікті сақтамау, жоғары немесе төменге самғау, қарғу түріндегі қозғалыстарды орындай алмайды. Жүгіру, ұзындыққа секіру, өрмелеу сияқты тапсырмаларды орындау кезінде де қимылдың бұзылу кедергі келтіреді. Сонымен қатар, балалар церебральды салы кезінде баланың тыныс алуының нашарлауы берілген тапсырмаларды орындауға кедергі болады.

Балалардың көпшілігінде көру қызметі мен моториканың,тепе-теңдіктің бұзылуынан қолдың қозғалысы мен көз арқылы қозғалысты реттей алмаудың әсері де орын алады. Көру және моторлы координация оқу дағдысын игеру кезінде, яғни бала кітаптағы жазуларды көз арқылы саусағымен буындарды, сөзді, сөйлемді бақылауға алып, жүргізіп оқи алмай қиналады. Ол балалар қолдың қимылы баланың еркінен тыс орындалатындықтан дәптердегі жазу жолын сақтай алмайды. Қорытындысында, баланың жазуы бөлшектенген күйге ауысады да, бала не жазылғанын түсіне алмайды. Көру арқылы бақылау жасау және моторлы координация қызметінің қалыптаспауы өзіне-өзі қызмет ету кезінде, еңбекке баулу сабақтарындағы материалдарды қажетті орынға онналастыру, қайшымен жұмыс жасауда, жапсырма жұмыстарын орындауда байқалады.

Балалар церебральды салы кезінде кейбір балаларда кеңістікті бағдарлау, талдау мен жинақтауқабілеттері жеткізіліксіз болады. Мұндай белгілерді конструкциялау, өзіне-өзі қызмет ету кезінде, оқу мен жазу кезінде, дене шынықтыру сабақтарында байқаймыз. Балалар сызғышпен жұмыс кезінде дәптерге кесінділерді, түзулерді, бұрыштарды дұрыс орналастырмай, дәптердің оң жағы мен сол жағын айыра алмай қиналады. Кеңістікті бағдарлау қызметінің бұзылуы, заттардың кеңістіктегі орналасуын бағдарлай алмау, талдау мен жинақтау қабілетінің бұзылуы кезінде көру және моторлы координацияның қызметінің бұзылуы күшейіп отырады.

Заттардың кеңістіктегі орналасуын айыра алмау, кеңістікті бағдарлай алмау математика сабақтарының бастапқы кезеңінде анық байқалады. Мысалы, санның құрамымен танысуда оларды заттың санымен сәйкестендіре алмай, берілген санды дәптер жолына орналастыра алмайды. Ерекше қиындық тудыратын процесс геометрия мен тригонометрия матераилдарын игеру барысында көрініс табады.

Кеңістікті бағдарлау мен заттардың орналасу қалпын бағдарлай алмау география сабақтарындағы бағдарлама материалдарын игеру барысында (өзендердің ағысы, олардың бағыты, масштаб, планмен жұмыс, дүниежүзінің белгілі бөлшектерінің орналасқан жері) контурлы картамен жұмыс жасау барысында көрінеді. Қимылдық қозғалыстың қалыптаспауы оқушылардың оқу әрекетінің мазмұнын, оның қалыптасуын айқындап отырады.қимылдық дағды мен іскерліктің уақытында қалыптаспауы моториканың жетіспеушілігі ғана емес, барлық күрделі функциялардың (көру және моторлы координация, кеңістікті бағдарлау, талдау мен жинақтау) бұзылуына апарады.

Балалар церебральды салы кезіндегі оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу жұмысының ерекшелігі сөйлеу тілінің дамуымен де анықталады. Бұл балалардың сөйлеу тілінің дамуындағы кемшіліктердің сипаттамасы дыбыстардың дұрыс айтылмауы, сөз мағынасының бұзылуы, байланыстырып сөйлеудің болмауы, қоршаған адамдарға сөздің сүсініксіз болуымен түсіндіріледі. Сөйлеу кезіндегі кемшіліктердің күрделенуі сөздің дыбыстық және буындық құрамының өзгерістерге ұшырауы тыныс алудың бұзылуымен байланысып отырады. Кей жағдайларда дауыстың бұзылуы байқалып, балада маңқалық, монотонды сөйлеудің белгілері көрінеді.

Игерілген білімді тексеру, бағдарлама материалының көлемін анықтауда мұғалім жұмысына кедергі болатын жағдайлар орын алып отырады. Олар сөйлеу аппаратында зорлану, қиналу қозғалыстары ауызша жауап беру кезіндегі бет бұлшық еттерінің еріксіз жиырылуы, дірілмен байқалып отырады. Мұндай балалар мұғалімнің қойған сұрағына ғана жауап беріп, өздерінің ойларын өте қысқа түрде жеткізуге тырысады. Кейбір жағдайларда балалар қойылған сұраққа жауап беруде сөйлеу аппаратындағы кемшіліктерді, тыныс алуды реттеу үшін ұзақ уақыт бойы дайындалады, тіпті жауап беруден бас тартулары да мүмкін.

Дыбыстарды айтудағы кемшіліктер есту арқылы дыбыстарды ажырату мүмкіндігін де тежейді. Айтылуы жағынан ұқсас дыбыстарды (ысқырық дыбыстарды ызың дыбыстарға, жуан және жіңішке дыбыстарды) бір-бірімен алмастырудан жазу кезінде қателіктер оын алады.

Балалар церебральды салы кезінде сөйлеудің лексикалық-грамматикалық құрылымы да ерекше қалыптасады. Олардың сөздік қоры шектеулі болғандықтан, бағдарлама мазмұны бойынша сөздің мағынасын ажыратып, оны түсінбейді. Бұл балалардың жазбаша сөйлеуі әріптерді тастап кету, әріптерді ауыстырып айту арқылы бұзылады. Жазбаша сөйлеу мен ауызша сөйлеудің сәйкес келуі аталған кемшіліктерді анықтауымызға себеп бола алады. Сөздердің айтылуы мен мағынасы жағынан ұқсастығын ажырата алмау салдарынан диффернсацияланған жұмыстарды түрлендіруге тура келеді (М.В.Ипполитова, Е.Д.Чернобровкина, Е.А.Забара).

Сөздің лексикалық-грамматикалық қалыптасуындағы ерекшеліктер жазу кезіндегі сөздің морфологиялық құрылымын ажырата алмаумен байланысты. Мұндай балаларға жұрнақ, жалғаулармен жұмыс жасау кезіндегі кемшіліктер, сөздерді тастап кету, сөздерді қайталап жазу тән. Бұл кезде мұғалім оқушыларды логопедке көрсетіп, оқушының сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді анықтап, кемшіліктерді түзету мен жоюға арналған мұғалімнің жұмысына қажетті арнаулы нұсқауларды беруін талап етеді.

Бала психикасындағы ерешеліктерді қарастырсақ, олардың жұмысқа араласуы, қосылуы баяу екендігін айта аламыз. Мұндай кезде мұғалім берілген тапсырманы қайталау, орындауға қиын соғатын жерлеріне қосымша назар аудару, баланың тапсырманы орындауға деген қызығушылығын, мүмкіндігін арттыру жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл балаларға жұмыс жасауға деген қабілеттің төмендігі, зейіннің тұрақсыздығы тән болғандықтан, бір тапсырманы орындаудан екінші тапсырмаға көшу кезінде қиындықтар туындайды. Мұндай жағдайда мұғалім баланы берілетін тапсырмамен белгілі бір уақыт бұрын таныстырып, оны орындаудың жолдары мен ерекшеліктерін ажыратуға мүмкіндік береді. Оқушылардың көпшілігі өздерінің жіберген қателерін бақылау қызметінің нашарлығынан көрмейді, байқамайды, нәтижесінде жұмыстың қорытындысын бағалай алмаушылық орын алады. Мұғалім оқушының партадан тақтағаеркін шығып, тұруын қамтамасыз ету мақсатында ыңғайлы орынға отырғызуы керек. Партаның үстінде оқулықтарды, дәптерлер мен қажетті заттарды орналастыру үшін жеткілікті орын болуы тиіс. Оқушының жұмыс кезіндегі қимыл-қозғалысына бақылау жасау арқылы, ыңғайлы қозғалыстың бағытын анықтап, бала үшін отырып немесе тұрып жауап берудің ерекшелігін анықтайды.

Мұғалім баланың жұмыс жасаудың мүмкіндігіне қарай тапсырманың көлемін, деңгейлеріне таңдау жасап, жазба жұмыстары мен бақылау жұмысының талаптарын нақты білгені дұрыс. Балалар церебральды салы кезіндегі баланың қимылдық ерекшеліктерін есепке ала отырып, жазба жұмыстарын орындауға қажетті құрал-жабдықтарды (тақта, бор, жеке карточкалар, альбом, магнитті тақталар, компьютер) таңдап алуы керек. Оқушының тапсырманы орындау кезіндегі баяулығы жазбаша жұмыстардың бір бөлігін ауызша түрде орындауына мүмкіндік береді. Сондықтан, бағдарлама материалындағы берілген білім көлемін анықтау мақсатында ұсынылатын тапсырмалардың көлемін, оны орындау тәсілдерін ажыратып алу қажет.

Кеңістікті бағдарлау қызметінің бұзылуы мен көру және моторлық координацияның қалыптаспауы мұғалімге қосымша жұмыстарды жүктейді. Мысалы, әріпті немесе цифрды, сөздерді жазатын орынды қаламмен немесе қарындашпен көрсету, белгілеу керек. Цифрларды баған түрінде жазу кезінде арифметикалық амалдардың дұрыс орындалуын қамтамасыз етеміз. Ол үшін дәптердегі торларды түрлі-түсті қарындаштармен бояу ұсынылады, яғни жүздіктерге арналған торды жасыл түспен, бірліктерге арналған торды көк түспен бояу керек.

Оқуға үйрету кезінде әріптердің, буындардың, ссөздердің, сөз тіркестерінің көзден тайып кетпеуіне арнаулы ойықтармен берілген кітаптың арасына салаты жолақтарды пайдалану тиімді.

Бейнелеу өнері сабақтарында салынатын заттың орналасу қалпын мұғалім алдын ала түсіндіріп, көрсетіп, оның негізгі бөлімдерін, жұмыстың орындалу тәртібін түсіндіреді.

Ауызша сұрақтарға жауап беру кезіндегі қиындықтарды жою үшін оқушыға сұрақтарға жауап беретінін алдын ала ескертіп, оған дайындыққа уақыт беру керек. Ауызша сөйлеуге үйрету барысындағы баланың білімін бағалауда сөйлеу тіліндегі ерекшеліктерді ескеріп, интонацияның, дауыс ырғағының, сөйлеу мәнерлілігінің сақталмауына байланысты бағаны төмендетпеу керек.

Жазбаша жұмыстарды бағалауда жазудың бұзылуы, әріптердің дұрыс орналаспауы, сөз арасындағы, жол арасындағы үзіктерді сақтамау, әріптердің ені мен ұзындығына байланысты пішіндердің сақталмауы, зорлану қимылының әсерінен сөздердің қайталануына байланысты баланың жұмысын төмендетпеу керек.

Оқушылардың білімін бағалаудағы қиындықтар фонетикалық-фонемалық естудің бұзылуы мен жалпы сөйлеу тілінің бұзылуына байланысты туындап отырады. Мұғалімге жіберілген қателіктердің қайсысы балалар церебральды салы анықталған оқушыларға тән екендігін және орфографиялық ережелерге тән қателік екенін ажыратып алу міндетті. Мұндай жағдайларда мұғалім орындалған жазба жұмыстарын логопедпен келісіп, талдау жасағаннан кейін жіберілген қателіктерді түзету мен жоюға арналған әдістермен, әдістемелермен танысады. Мазмұндама, шығарма жазу кезінде оқушылардың өз ойын толық, жүйелі баяндау қабілетіне, сөйлемдерді дұрыс құру, ұсынылған сөйлемдерді сауатты жазу, грамматикалық құрылымын анықтау қабілеттеріне назар аударады. Мазмұндама жаздыру үшін мәтіндердің мазмұны, көлемі, тірек сөздері мен синтаксистік құрылымы балалар церебральды салы анықталған оқушының мүмкіндігіне сай болуы керек.

Пән бойынша оқушылардың білімі, іскерлігі мен дағдысын анықтауда, бағалауда мынадай критериилер сақталуы тиіс:

-білімнің көлемі;

-білімнің орындалу уақыты мен үйлесімділігі;

-білімнің қорытындысы мен жүйелілігі.

Сонымен қатар, оқушылар оқу еңбегін іскерлік, дағдымен ұштастырып, берілген тақырыптың негізгі мазмұнын жаңа материалмен байланыстыра білуге қалыптасуы тиіс.

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары

1. Балалар церебральды салының клиникалық формаларына сипаттама жасаңыз.

2. Балалар церебральды салы кезідегі қимылдық бұзылуларды атаңыз.

3. Балалар церебральды салы кезіндегі бала психикасының дамуындағы ерекшеліктер қандай?

4. Балалар церебральды салы кезіндегі арнайы балабақшаларда жүргізілетін коррекциялық-педагогикалық жұмыстардың мазмұны қандай?

5. Балалар церебральды салы кезіндегі арнайы мектептердегі педагогикалық процестің ерекшеліктерін ашыңыз.

6. Жалпы білім беретін мектептердегі тірек-қимыл аппараты бұзылған балалармен жүргізілетін коррекциялық-педагогикалық жұмыстардың ерекшеліктерін анықта.

Наши рекомендации