Оғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау тәртібі мен жағдайы.

ҚР-ның ҚАК-нің 30 бабының 1 бөлігінде көрсетілген енрежеге орай қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясының келiсiмiмен облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқару органдары, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi тiзiмдерiн тоқсан сайын сотқа ұсынатын объектiлерде қылмыстық-атқару инспекциясы ҚР-ның ІІМ айқындаған тәртiппен атқарады.
Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза жөнiндегi сот үкiмi соттың тиiстi өкiмi үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесiмен қоса қылмыстық-атқару инспекциясына келiп түскен күннен бастап он күн мерзiмнен кешiктiрiлмей атқарылады.
Қылмыстық-атқару инспекциясы:
- сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
- оларға жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн түсiндiредi;
- аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарында қоғамдық жұмыстардың объектiлерiн сұратып алады;
- сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды;
- жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүргiзедi және сотқа iздестiру жариялау туралы ұсыным енгiзедi;
- олардың атқарған уақытының жиынтық есебiн жүргiзедi және сотталғандардың орындаған жұмыстары үшiн қаржы қаражатының тиiстi бюджеттерге уақытылы түсуiн бақылайды.
Сотталғандар:
- жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбi мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға;
- өздерiне белгiленген объектiлерде жұмыс iстеуге және сот белгiлеген қоғамдық жұмыстардың мерзiмiн атқаруға;
- тұрғылықты жерiнiң өзгергенi туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлап отыруға мiндеттi.
Сотталушыға негiзгi жұмыс орны бойынша кезектi демалыстың берiлуi қоғамдық жұмыстар орындауды тоқтатпайды.
Сотталушы бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек деп танылған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын одан әрi өтеуден босату туралы, ал сотталған әйел жүктi болған жағдайда - оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаның мерзiмi сотталушы қоғамдық жұмыстарды орындаған сағаттармен есептеледi. Қоғамдық жұмыстар уақыты демалыс күндерi мен сотталушы негiзгi жұмыспен немесе оқумен айналыспаған күндерi - төрт сағаттан; жұмыс күндерi - жұмыс немесе оқу аяқталған соң екi сағаттан, ал сотталушының келiсiмiмен - төрт сағаттан аспауы керек. Егер сотталған адамның тұрақты жұмыс орны болмаса немесе ол оқумен айналыспаса, қоғамдық жұмыстардың уақыты күнiне сегiз сағаттан аспайды. Қоғамдық жұмыстар уақыты апта iшiнде, әдетте, он екi сағаттан кем болмауы керек. Дәлелдi себептерi болған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотталушыға апта iшiнде саны аз сағат жұмыс iстеуге рұқсат бередi.
Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерiне сотталғандардың өздерiне белгiленген жұмыстарды орындауына бақылау жасау, қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс iстелген сағаттар саны туралы немесе сотталғандардың жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабарлау жүктеледi.
Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаға сотталған адамдардың еңбегiн ұйымның пайдалануы өтеусiз негiзде жүзеге асырылады. Сотталған адамдар орындаған жұмыстың көлемi мен құны ұйымда қолданылып жүрген бағалау бойынша бөлек есептеледi және есептелген ақшалай қаражат тиiстi бюджетке аударылады.
Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеушi адамдар қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеудiң тәртiбi мен ережелерiн бұзғаны үшiн қылмыстық-атқару инспекциясы оған ҚР-ның қылмыстық заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде қылмыстық-атқару инспекциясы ҚР Қылмыстық кодексiнiң 42-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес сотқа қоғамдық жұмыстарды жазаның басқа түрлерiмен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды.

Лекция.

ҚР-дағы түзеу жұмыстарына тарту түріндегі жазаларды орындаудың құқықтық ерекшеліктері.
1. ҚР түзеу жұмыстарына тарту жазасының құқықтық ерекшеліктері.
2. Түзеу жұмыстарын тарту түріндегі жазаны орындау тәртібі мен жағдайы.

Наши рекомендации