МӘҢгілік махаббат тӘж-махалы 1 страница
(Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың
«Мәңгілік махаббат жыры» атты
поэмасы хақында эссе-толғау)
Көгімде жарқын күнім күлімдеп, аспанымда көгілдір туым желбіреп тұрғанда, егеменді ерқіндікке қолым жетіп, не десем де айтарымды қорғаштанбай ашық айтар мүмкіндікке ие болып отырған шағымда, енді қуанышымды, тебіренісімді несіне ішіме бүгем!? Ендеше, қазағым, алты алашым, Жұмыр Жердің түкпір-түкпіріндегі қандастарым:
Сүйінші! Күні кеше ғана төл әдебиетіміздің алтын қорына ғажайып бір керемет көркем туынды — ерекше қазына кеп қосылды! Ол көркем қазына — халық жазушымыз Әзілхан Нұршайықовтың «Мәңгілік махаббат жыры» (Алматы, «Өлке» баспасы. 2005 жыл 10 000 дана) атты поэмасы!
Уа, Жасаған! Жақсылықты аямай беріп жатырсың ғой! Бұл бергеніңе де шүкір! Иә, мұның да баға жетпес — асыл сыйың! Мәңгілікке берген асыл қазынаң! Тәубе!
Алла жазса, енді осы асыл қазынамызбен де Әлем алдында мақтана аламыз! Heгe десеңіз, бағзы заманнан ғашықтар жайлы ауыз әдебиеттік қаншама дастан-жырларымыз бар біздер бүгін, енді соған қоса, Әлем алдында мақтан тұтар мәңгі махаббат жайлы жазба әдебиеттік ғажап дастанға да ие болып отырмыз! Оның аты әлгі атаған «Мәңгілік махаббат жыры!».
Ол — ғашықтық сезім күйін кереметтен паш етулерімен өздеріне бүкіл адамзатты тәнті еткен Данте Алигьеридің (1265 — 1321) «Тәңір тәлкегі» мен («Божественная комедия») Франческо Петрарканың (1304 — 1374) «Мадонна Лаураның өмірі мен өлімінен» («Жизнь и смерть мадонны Лауры»), Джон Мильтонның (1608 — 1674) «Жоғалған жұмағынан» («Исчезнувший рай») және Жорж Сандттың (1804 — 1876) «Консуэлласынан» бір мысқал кем қазына емес! Керек десеңіз, ол рухани құдіреті, тәрбиелік мәні жағынан жоғарыда аталған шығармалардан, тіпті, әлдеқайда артықта!
Бұл алтын қазынамыз да болашағымызда қазақ атын күллі әлемге паш еткен «Абай» эпопеямыздай болмақ керек! Тек енді ол тездетіліп тез арада: араб, парсы, түрік, үнді, жапон, қытай, орыс, неміс, француз, ағылшын сынды Әлемнің алпауыт тілдеріне аударылса! Сонда ол бүкіл адамзатқа бірден белгілі болар еді. Солай жасалса-ақ болды, «Мәңгілік махаббат жыры» атты дастанымыз алда аталған итальяндық, ағылшындық, француздық Әлемге әйгілі шығармалар қатарынан бірден орын алар еді.
Сонда оның «Тәңір тәлкегімен» терезесі тең, тіпті, одан сүйемдей болса да артық екендігі өзінен-өзі ап-айқын көрінер еді.
Бірақ, қашаннан өзімізді төменшік ұстайтын дағдымызбен: «Ау, бұл асыра мадақтау ғой! Мұнымыз тым өсіріп жібергендік болып жүрмесін?! Байқап сөйлесеңші, Ыдырысов туысқан!» — дейтін ағайындар табылары сөзсіз.
Ондай ағайындарға мен: «Бұға беруіміз жетті: бұдан былай бұқсаң, енді өзің бұқ!» — деймін де айтарымды тура ашық айтамын!
Сонда дерім — ең әуелі, — жоғарыда дегенімдей!
— Әз ағамыздың — «Мәңгілік махаббат жыры» қай қырынан да: мейлі, рухани құдіреттілігі жағынан болсын, мейлі, көркемдік сапасы жағынан болсын, мейлі, идеялық мұрат биіктігі жағынан болсын, мейлі, танымдық болмысы жағынан болсын, мейлі, композициялық ерекшелігі жағынан болсын, одан қалды, тіпті, туындылық құрылысы жағынан болсын Батыстың алда аталған әйгілі қаламгерлерінің даңқты шығармаларының қай-қайсынан да бір мысқал төмен емес! Қайта олардан біраз артық та, биік те! Батыстықтардың ғашықтарына арнап жазған шығарма ескерткіштері мадригал, канцона, сонеттер ғана! Ал, Әзағаңның ғашығы — Халимаға арнап жазған «Мәңгілік махаббат жыры» поэмасы — мәңгілік махаббат Тәж-Махалы! Егер үндінің Жақан шахы нақ ғашығы
— Мұнтаз сұлуға ескерткішін — Тәж-Махалын тек мрамор тастан ғана орнаттырса, біздің Әзілхан аға өзінің 54 жыл бойы ынтызарлықпен өмір кешкен ғашығы — Халима Анаға ескерткіші Ақтаудың ақ мрамор тасынан да, көркем сөз (жыр, проза) құдіретімен де ғажайып Тәж-Махал етіп орнатты! — деп мақтану!
* * *
Енді сүйікті жазушымыздың осы «Тәж-Махал» мәнді туындысының Дантелер туындыларынан мысқалдай да болса артықшылықтарын сөз етуге көшейік. Ең алдымен, әңгіме «Мәңгілік махаббат жырының» өз «бәсекелестерінен», тіпті, туындылық құрылысы жағынан да әлде қайда артықтығы хақында.
Туынды құрылысы ұғымына — әуелі оның жалпы ауқым көлемі (объемі) немесе, оның неше беттен және неше мәтіндік бөліктен: бөлімдерден (раздел), тараулардан, тақырыптардан, тақырыпшалардан тұратын ұғымы кіретіні белгілі.
«Мәңгілік махаббат жырын», мәселен, міне, нақ осы қырынан алсақ, ол, алдымен, Алигъер Дантенің «Тәңір тәлкегінің» тұтас толайым өзінен де әлде қайда ауқымды.
Ал,«Мәңгілік махаббат жыры» итальян ақыны туындысының басты кейіпкері — Беатричаға тікелей арналған бөлімнен («В раю») еселеп артық!
(«В раюды» дарынды Дантені он орайтын ұлы ақынымыз — Мұқағали Мақатаев 1971 жылы «Жаңа өмір» деп атап аударғаны белгілі).
Рас, Әзағаның аталып отырған туындысы былай алсақ Дантенің «Тәңір тәлкегі» іспетті үш бөлімді. Бірақ, Әзекеңнің туындысының толайым ауқымы 606 беттік, 50 баспа табақтық.
Оның туындысының бір ғана 3-ші бөлімінің өзі жеті тараудан тұрады.
«Мәңгілік махаббат жырының» тұтас мазмұнында: бір роман-эссе үзіндісі «Ұлы бөрінің ұрпағы»; 20 лирикалық көркем-эсседен тұратын бір лирикалық-хикаят «Халима». Өмірінің өшпес өрнектері; бір лирикалық деректі повесть «Жан досымның жан жары»; бір сұхбат «Аппақ қардай ақ махаббат болсын»; бір лирикалық әңгіме «Ізгілік шуағы»; екі лирикалық новелла «Мінәжат»; «Менің кішкентай ұстазым»; он бес лирикалық естелік эссе «Қайран, Халима»; «Аяулым еді»; «Нағыз махаббат осындай болар»; «Ар алдында кермеген жаза басып»; «Қадірлі Әзеке!»; «Мәскеуден келген мұғалім»; «Зейнеткерлік кітапша»; «Үш дос қыз»; «Менің апатайым»; «Қымбатты Халима»; «Біз Семейдің қыздарымыз»; «Ұят болады! — дейтұғынды»; «Көш тоқтатқан Халима!»; «Жаяу келген келін»; «Халима айтқан бір сыр»; Әзағаңның бұрын жарық көрген «Халима» хикаясына (20 сөзіне) тоғыз баға; бір толғау эссе; «Баян сұлуға арналған монолог»; бір корреспонденция «Әскери жинаққа арналған анықтама»; екі сұхбат-очерк «Сұхбат»; «Сұраққа жауап»; Әзағаңның соңғы бес хаты — «Қымбатты Халима!»; екі көңіл айту «Қайран, Халима!»; «Аяулымыз еді»; Халима тәтей қазасына қатысты Әзағаңның өз атына редакциялардан, жеке адамдардан келіп түскен 22 азалы хат пен азалы төрт өлең; Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзағаңа азалы хаты — «Құрметті Әз-аға!»; Әзілхан аға мен Халима тәтеге сыйланған 82 кітаптағы автографтар; Халима-Ананың қазасына орай айтылған 33 азалы лебіз, еске алулар; Халима-Ана жайлы естеліктер мәтіндері бар.
Осыларға қоса «Мәңгілік махаббат жырында» өмір бойы бір-біріне ғашық болып өткен Әзекең мен Халима тәтейдің өздерінің бірге түскен — 60; отбасы достарының — 16; болған жерлерінің 16; жеке құжаттарының — 15; Халима-Ана қол өнерінің — 18; барлығы 126 суреті басылған.
Саралап келтірілген осы мәтіндер мен суреттер «Мәңгілік махаббат жырының» негізгі екі қазығы — жарқын туындының бірінші бөліміндегі «Халима» хикаясы мен екінші бөлімді тұтас алып жатқан — «Халимаға хат» дастанының толық асыл денелерінің он екі мүшесі іспетті.
Бейнелі түрде «Халиманы», «Халимаға хатты» қос ғашық
— Халима мен Әзекеңнің өздерінің сүйіспеншілігінің ғажап мүсіні деп қарастырсақ, онда сол он екі мүше ғажап бейне мүсіннің бойына «қан жүгіртіп», «көздерін» жайнатып, көркін алаулата нұрландырып тұр. Осы қосалқы он екі мүше — ортаңғы бейне мүсінді жан-жақтан қаумалап, жарық-сәуле шашып, сол мүсіннің сыртқы көрік, кескін-келбеттерін, «ішкі жан-дүниесін» шырайлы үстіне — шырайландыра түскен!
Бұл — оларға кейін қайыра тоқталып жатпас үшін, Әзағаңның өз қолымен кестеленіп жазылып, ғажайып табиғатты жаңа туындысына — «Мәңгілік махаббат жырына» қыйсының тауып, қиюластырып өзара байланыстырып кіргізген жазушының жоғарыда аталған хикаяттарына, деректі повестеріне, новеллаларына, естелік-эсселеріне, жазбаларына, сұхбаттарына, очерктеріне, хаттарына, естеліктеріне, лебіздеріне т.б біздің алдын ала берген жалпы бағамыз.
Ал, Әз ағамыздың «Мәңгілік махаббат жырына» неге біз Данте, Петрарка, Мильтон, Сандтардың адамзатқа әйгілі шығармаларымен терезесі тең, тіпті, біраз артық та деп бағалап отырмыз?
Бәлкім, асыра сілтеп, қанымызға тартып, шынында, артық кетіп жатқан шығармыз?!
Олай етпесек, өзіміз түйген осы бір мызғымас басты тұжырымымызға дәлеліміз қайсы?
Сол үшін, енді, кейін ол жайды жеке сөз ететін болғандықтан, осы арада, «Мәңгілік махаббат жыры» құрамына енген бір ғана ерекше табиғатты туынды — «Халимаға хаттың» тек құрылысы мен мәніне тоқтала өтейік.
* * *
«Халимаға хаттың» өзі Дантенің үш бөлімді «Тәңір тәлкегіндей» көлемді. Бірақ, Әз ағаның бұл туындысы Дантенің комедиясындай, тек бірыңғай канцона-сонеттердің, Петрарканың «Мадонна Лаураның өмірі мен өліміндей» тек бірыңғай мадригал-сонеттердің, жиынтықтары ғана емес. Әртүрлі 82 сонет-саздар, ақ өлеңдер!
Тұтас алғанда, сонет не тұрақты: АВАВ, ABBA түріндегі төрт жолдық екі шумақты (катрен); не әртүрлі cdc, cda, cde түріндегі үш жолдық бір шумақты (терцет) әуендік, салондық, лирикалық (сезімдік), саздық(үндік) поэтикалық мәнді жырлар жыйынтық ұғымы ғой!
Дантенің барлығы 34 жырдан тұратын үш бөлімді «Тәңірі тәлкегі» нақ АВАВ, АВВА катрен түріндегі 680 кацоран-сонеттік лирикалық балладалар жыйынтығы. Петрарканың «Мадонна Лаураның өмірі мен өлімі» — катрен мен терцит түріндегі 317 мадригал (бұл да лирикалық сазды әуенді балладалар) сонеттер!
Ал, Әзағаңның бір «Халимаға хат» сағыныш сазы жырының өзі ғана: жеті лирикалық поэма, алты лирикалық жыр баллада, екі лирикалық жыр новелла, он жеті жыр сағыныш, жиырма екі жыр еске алу, үш сонет-сырласу, үш сонет-арнау, үш сонет мұң, екі сонет сипаттау, бір сонет торыту, бір сонет жоқтау, бір сонет зар, бір сонет қамығу, бір сонет қайғы жиынтығы. Барлығы 82 ақ өлең-жыр!
Данте, Петрарка, Әз ағанның жыр туындыларын шумақ, жол сандарына аударсақ тиісінше: 680 шумақ — 5540 жол; 1109 шумақ — 4438 жол; 1322 шумақ — 5326 жол!
Көріп отырсыз, бір «Халимаға хатымен» ғана туындылық жыр шумақтары, жол сандары жағының өзінен Әз ағаң (Дантенің тұтас туындысынан жалпы жол саны жатынан сәл-пәл кем болғанымен) тұтас алғанда, әріптестерінен әлде қайда озық жатыр!
«Халимаға хат» — «Мәңгілік махаббат жырының» алтын қазығы, тірек тұғыры, шынайы ғашықтық дастаны! Ол — тек Адам атты тіршіліктің бәріне ортақ, бірақ нақты соның тек ерек екі жанның — Халима мен Әзілханның болмысы мен бойларына ғана өшпестей, сөнбестей боп дарылған: ең таза, ең мөлдір, ең кіршіксіз, ең пәк, ең шынайы, ең биік, ең қасиетті, ең жалынды, ең ыстық сезімді, бір сөзбен айтқанда, ғашықтықтарының әнұраны!
Олар — қиялда емес, 54 жыл бойы бірге өмір кешкен. Бірі сонша сұлу да емес. Бірақ, екеуінің де жандары сұлу, жандары жарқын, жандары ұқсас, жандары адал, жандары мөлдір! Олар жаратқанның қарапайым, қатардағы пенделері: Халима мен Әзілхан — жігіт пен қыз, жар — жұбай, әке-шеше, ата-әже ғашықтар!
Бұл ғашықтардың кереметтігі мынада. Мәселен, Халима ғашық: Дантенің — Беатричасындай тамұқты-жұмақты кезген ерек Алла рухты керемет те емес! Петрарканың — Лаурасындай елден асқан ерек сұлу да емес! Мильтонның — Мэриіндей кірпияз да емес! Сандтың — Консуэлласындай такаппар да емес! Онда Гетенің — Христинасындатыдай — менмендік те, Гейненің — Матильдасындағыдай кербездік те, Вольтердің — Эмилиясындай — жүргіштік те жоқ!
Ол — тумысынан: ақылды, адал, пәк, әділ, ақпейіл, адамгершілікті, биязы, батыл, мейірбан, мейірімді, инабатты, ыждаһатты, қайсар, қамқор, қажырлы, қарапайым, турашыл, ұстамды, тапқыр, парасатты, кішіпейіл, шаруақор, еңбекшіл, өнерлі, ісмер, сезімтал, бір сөзбен айтқанда, бір — сырлы, мың қырлы абзал жар, келін, ана — дана! Қысқасы, сирек кездесетін ерек жан! Ол—әйел затының бойларында болатын, болмысында кезігетін бар асыл, жарқын, жақсы қасиет-дағдының бәрін бір өзінің бойына жиған ерек тұлға! Ол — сүйіспеншілік, махаббат, ынтызарлық, ғашықтық сезімдердің мәңгі құлы!
Ал, Әзаға — тек Халима үшін ғана жаралған, нақ соның өзіндей қасиет-дағдылы, мінез-құлықты қарапайым Адам! Бірақ, Ол шығармашылық, ұлы дарын, асқан талант иесі!
Бұл жағынан да: Ол Данте, Петрарка, Мильтон, Сандтардын өздерінен мысқал кем емес! Шығармашылық тапқырлық, ыждаһаттық жағынан, қайта, Ол Батыстың аталған қаламгер әріптестерінен мысқал артық та!
Мұны оның «Мәңгілік махаббат жыры» поэма-дастанын композициясы жағынан Батыстық әріптестеріндей тек бір ғана жанрлы етпей: роман, дастан, хикаят, лирикалық повесть, әңгіме, новелла, эссе, очерк, хат, эпистолярлық жазба, немесе, сан жанрлы етіп құруының өзі-ақ дәлелдейді.
Сөйтіп, жоғарыда баяндалғандардың өздері-ақ, біздің Әзағамыздың «Мәңгілік махаббат жырының» бір туындылық құрылысы мен композициялық құрылымының өзі ғана европалық әйгілі қаламгерлер шығармаларының туындылық құрылысы мен композициялық құрылымынан әлде қайда күрделі, әлде қайда кен, әлде қайда артық екеніне айқын дәлел бола алады. Бұл бір.
Және бұл артықшылық қаламгер Нұршайықовтын жаңа поэма-дастанының ең басты артықшылығы да емес! Өйткені, кез келген көркем шығарманың артықшылығы, ең алдымен, оның көркемдік сапасынан: онда әдеби бейнелердің қалай шебер сомдалғандығынан, қалай шебер тұлғаланғандығынан, шығарманың идеялық, рухани қуаттылығынан, тілінің кестелі өрнектілігінен, стилінің оралымды, ұтқыр, айқын, тағымды шеберлігінен танылады ғой. Осылардың дәрежесіне байланысты ғой.
Ал, осы орайлардан алғанда да, Әзілхан ағамыздың қаламынан туған туындылардың бәрі оның әуелгі көркем повестік мәнді очерктерінен бастап, қилы-қилы романдарына, хикаяттарына дейін халқымыздың шамырқана, сүйсіне, ләззат ала, сусындай, рухтана, жастана, жаттай оқитын шығармалар екені белгілі.
Егер өз тілдеріне аударылса, Әз ағаң туындыларын ағылшын, француз, американдықтардан бастап, әлемнің басқа халықтары да сондай әсермен оқыры сөзсіз жай!
Демек, қаламгер Әзілхан Нұршайықұлы Әуезовтың ойшылдық, сыршылдық, шыншылдық, фәлсафалық, гуманистік дәстүрін, суреткерлік шексіздігін одан әрі жаттықтырушы Суреткер! Ол — адамның асыл да нәзік сезім күйін тап басушы танушы — Тамыршы! Ол — қара сөзден түрлі түсті түйін түйетін, асыл алқа жасайтын — Зергер! Ол — сол қарапайым қара сөзден ғажайып көріністі сурет салатын — ғажайып Суретші! Ол — төгілген Шешен! Композиция құрғыш! Сюжет қиюластырғыш! Оқиғаларды, іс-әрекеттерді, адамдардың қимыл-қылықтарын, мінез құлқын, келбетін нақ сол қалыптарында көз алдыға әкеліп, мөлдірете, елжірете Баяндатыш! Өткенді-кеткенді сол сәттеріндей еске алудың, ойға салудың, әрі соларды әсерлі бейнеге айналдырудың — Хас Шебері! Ол — диалогтар құрудың да, адамдармен сөйлесудің де, оларды сөйлете білудің де — асқан жүйрігі!
Асқан суреткер Әзаға, алдымен, өз ұлтына енді ғана сый-тарту етіп ұсынып отырған «Мәңгілік махаббат жыры» туындысын жазуда да өзінін бойына Құдірет дарытқан осындай талант дарынын шеберлікпен пайдаланған.
Ол жаңа дастанында ғашық жары Халиманың сонша ерек жарқын бейнесін кестелі, ғажайып өрнекті қара сөзбен де, төгілген шешендік тілмен де, сезімді саз үнді поэзиялық жырмен де, алдымен, өзі тұлғалаған, өзі сомдаған. Соны ол
қалай жүзеге асырды? Осы арада, енді соған тоқтала өтейік.
* * *
Халима ғашығының ғажайып бейнесін сомдап тұлғалауды, сөйтіп, Оны көркем әдебиеттің мәңгі аңыз кейіпкерлеріне айналдыруды Әзілхан аға, алдымен, «Мәңгілік махаббат жыры» атты жаңа туындысының құрамына енгізген бірінші тұғырлы шығармасында — «Халима. Өмірінің өшпес өрнектері» хикаясында жүзеге асырған.
Аталған шығарма сезімге толы ақ өлең! Шын мәнінде ол нәзік жүрек үні! Сазды жүрек жырлары!
Онда Әзаға өрнекті де кестелі қара сөзбен дүние салған жан жарын егіле де езіле еске ала, оның іс-әрекеттерін, қимыл-қылығың әрлеп, қысқа-қысқа баяндап бере, елжіреп айта отыра Халима-Жардың, Халима-Ананың, Халима-Әженің, Халима Адамның ерек қасиеттерін, қылықтарын, істеген адамгершілік істерін алға жайған.
Хикаяға кірген бірінші сөзде Халима тәтейдің қашанда өз жарына, тіпті, кімге де — қаймана қазаққа да қалтқысыз қамқор адам екені, әсіресе бейнеленген. Міне, соның бір көрінісі.
...Инфарктке ұшыраған Әз ағаң ауруханада. Жатқан палатасы екі кісілік. Бөлме қара көлеңке. Әжет жасар бөлменің есігі қаңсыған — шиқылдауық. Ашып-жапқан сайын «әндетіп» мазаны кетіреді. Сырқаттар төсегі тұсындағы қабырға шамдар да, ортақ үстел қасындағы шам да сығырайған, төмен батты. Жазушы кітап оқымай, жазбай отыра ала ма? — алмайды.
Байқағыш Халима тәтей осыларды бірден андайды.
Ол әуелі сырқаттардың тұсындағы ілдіргілер мен ортақ үстел қасындағы ілдіргі патрондарына 75, 100 ватты шамдар әкеп орнатады. Ұрланған графин орнына әз үйінен графин әкеледі. «Әнші» есікті де өзі жөндейді.
Мұндайды әйелдердің кез келгені істер ме? Олар: «Бұл — аурухана қызметшісінің ісі ғой!» деп, қолды бір-ақ сілтер еді.
Ал, көрдіңіз бе, Халима өйтпейді. Жары үшін ғана емес, оның сырқат көршісі үшін де адамдық қамқорлық жасайды.
— Қарағым, маған шамды несіне әкелдің? — деп таңданған науқасқа, ол:
— «Түйенің танығаны жапырақ» дегендей, өз күйеуімнің бас жағын жарқыратып қойып, сізді қара көлеңкеде қалдырғаным ұят қой, — дейді күліп.
Ол ол ма, үйден әкелген графинді ауруханадан шығарда ала кетпек болған Әзекеңе:
— Қасындағы кісіден ұят қой, графинді алмайық. Ол кісі жазылып шыққасын, орындарыңа басқа адамдар келеді. Оларға да қайнаған су керек. Графин палатада қала берсін. «Ат аунаған жерде түк қалады» деген бар емес пе? Сенен қалған бір «түк» болсын, бұл графин. Сол ат құрлы жоқсың ба? деп күліп, графинді Әзекен қолынан алып, үстел үстіне қояды.
Осы бір сәлдей ғана әрекеттерін әңгіме етіп, Халима айтқан сөздерді дәл келтіру арқылы жазушы ғашығының арлы, ұятты, қамқор адам екенін әдемі бейнелейді («Мәңгілік махаббат жыры». Бұдан әрі осы туындыдан келтірілген үзінділер. Хикаядағы үшінші сөзде келтірілген жар ғашықтың: «Әзілхан! Мені уайымдап, жүдеп қалма! Жарай ма?.. Өзіңнің Халимаң!» — деген титтей мәтінді хатты алайық.
Туындысында осы титтей хатты жария етуі арқылы Әзағаң ғашығының өзіне деген ынтызарлығын, жан жомарттығын, ақылдылығын көрсетіп отыр.
«Егер сен жолаушы жүргенде бірдеңеге ұшырап қалсаң, мен сенсіз өмір сүрмеймін, артыңнан қоса кетемін».
Хикаясының бесінші сөзінде, әуелде 9 жыл ғашық болып жүріп, 1947 жылы маусымда айдаладағы электрі, киносы, радиосы, көшесінде дәретханасы жоқ алыстағы «Ақбұзауда» қосылған қала қызы Халимасының өз аузынан осындай сөз естігенін мақтанышпен айтуы — Әзілхан ағаның Халима қыздың өзіне шын ғашық ару екенін көрсетуі.
«Егер Халима маған тұрмысқа шыңдай, басқа біреуге барса, атақты ғалым әйелдерінің бірі болатын еді деп ойлаймын. Ол өз бойындағы осы тамаша талантты мәртебелі махаббат жолына құрбан етті. Өз талантын өшіріп, менің талантымды өрістетті. Өз бойында неше алуан талант төгіліп тұрса да (ісмер, тігінші, шебер, кестеші, емші, электрші, монтер, слесарь да болатын) соның бірде-біріне мақтанбайтын: ісмерлігін, іскерлігін мүлде елеусіз нәрсе ретінде бағалайтын».
«Әйел адамдар жылауық келеді, қит етсе жылап қоя беретін әйелдер болады. Халима ананың көзінен жас сирек шығатын».
«Әйелдер күлекеш келеді. Қарқылдап қатты күлетіндері де болады. Халима ақ тістерін жарқыратып көрсетіп, еріндерін сәл ашатын да, жай ғана жымиып қоя салатын?».
«Көп әйелдер күйеуіне кінә таққыш келеді. 54 жыл бірге тұрғанда Халима маған бір рет те кінә қойған емес. Ол менің мінім жоқтығынан болмаса керек. Ол оның: «Жоқтан өзгеге жармасып, жарымның жанын жараламайын» дегендігінен шығар».
«Көп әйелдер өзін-өзі аяп, өзгенің де оны аяп, аялауын талап еткіш келеді. Халима өзін аяп, аяншақтану дегенді білмейтін еді. Мәселен, менде 10 мыңға жуық кітап бар: Халима ерінбей жалықпай соның бәрін тізімге тіркеп отырды. Менде 800-ден аса жазушылар, тілшілер, әр алуан авторлар қолтаңба жазып сыйлаған кітаптар бар. Халима солардың бірін жоғалтпай жинап, арнаулы Картотека жасады. Барлық кітаптардағы авторлардың сый сөздерін өз қолымен бір Картотекаға көшіріп қойды». (Жоғарыда келтірілген үзінділер.
«Көп әйелдер ұялу дегенді білмейді! Қоғам рұқсат етті деп, ашық-шашық, жалаңаш-жалпы жүре береді. Ал, Халима маған жалаңаш денесін көрсетуге ұялатын».