Жан досымныҢ жан жары
Мен Халиманың атын соғыста жүріп естідім, суретін сонда көрдім. Олай дейтінім Ұлы Отан соғысы кезінде Әзілхан екеуміз 100-атқыштар бригадасында артиллерист болдық. Бір дивизионда бірте қызмет істедік. Бір-бірімізге ойымыз үйлесті ме, мінезіміз жарасты ма, білеймін, екеуміз ерекше дос болдық. Бірімізді біріміз көруге асығатынбыз. Біздің достығымыз ғашықтық сияқты еді. Соғыста да, соғыстан кейін де сан адаммен дос болдым. Әр түрлі себептермен олардың бәрі сейілді. Мінеки, сексеннен асқанға дейін үзілмей келе жатқан Әзілхан екеуміздің достығымыз ғана. Біздің сол жауынгер достығымыздың үзілмеуіне, цементтей берік боп қатып қалуына себепкер болған Әзілханның адал жары Халима болды деп ойлаймын.
"Жақсыдан — шарапат" дейді ғой. Менің досым Әзілханның Әзекеңнің (ол кезде біз оны "Әзілхан" да емес "Әзекең" де емес "Әзіл" деп атайтынбыз. Халима оғын барлық хаттарын: "Әзілім, жан досым!" деп жазатын) шарапаты соғыста жүргенде де көп адамға тиді. Соғыстан кейін де көп адамға шарапат шашып келеді.
Әзілхан соғыста жүрген кезде өлі тірі жігіттердің атын газетке шығарды. Мақала етіп те, өлең етіп те жазатын. жазғандарының бәрі "Сталин үшін алға!" деп аталатын бригада газетінде, қазақ тіліндегі майдандық газеттерде шытып жағатын. Тіпті, кейбір өлеңдері соғыстан алыс, сонау Семей мен Алматы газеттерінде де басылатын.
Бір шайқаста фашистердің бес танкін жойған артиллерист досымыз Әбдірахман (өзіміз Әпеш деуші едік) Бимурзин туралы жазған "Жас батыр" деген өлеңі бригада газетінде басылды. Ал бригада соғысқа кірген алғашқы ұрыста оққа ұшқан взвод командирі Қажым Көшековке арнаған "Өсиет" деген ұзақ өлеңі, баллада десе де болады, алдымен бригада газетінде, одан кейін Алматыда шығатын "Социалистік Қазақстан" газетінде жарияланды. Бригада атынан Жамбылға жазған атақты хаты әлі күнге дейін есімде. Оған Жамбылдан "Жүз жасаған жүректен" деген үлкен өлең жауап келді. Ол барлық майдан газеттерінде басылды. Біз Жамбылдың жауабын батарея батарея, рота-рота болып сапқа тізіліп, жылап тұрып тыңдадық. Сол Жамбылға жазған хаты арқылы Әзекең ел үшін опат болған қаншама қазақ жауынгерлерінің атын тарихта қалдырды!
Ал соғыстан кейін, күні бүгінгі дейін, Әзекең досым өз кітаптарымен қаншама оқырманның сүйіспеншілігіне бөленіп келеді.
Соғыста жүрген кездегі Әзілханның жігерлілігіне осы күнге дейін таңмын. Толарсақтан саз кешіп, батпаққа малтығып, ұзақ жол жорық жасап, діңкеміз қуырып келе жатқанда колоннаның бас жағынан "Привал!" деген балдай тәтті команда келеді. Ұзақ жол қажытқан, ұйқы шаршатқан біз аяқ басып тұрған жерімізге жаға жаға кетіп, көз іліндіріп алуға, немесе темекі тұтатып, ащы түтін жұтуға тырысатынбыз.
Ал Әзілхан болса, отыра қалып, тізесіне блокнотын қойып, өлген жауынгер туралы өлең жазуға немесе Халимаға хат жазуға кірісетін. Енді бір привалда "Абай" романынан үзінділер оқып, жігіттерге Тоғжан сияқты сұлу қыздардың бейнесін елестетіп, бәрімізді мәз қылатын.
Халимадан хат Әзілханға үзбей келетін. Құнара, тіпті үш күнде бір десем де өтірік айтқаным болмас деп ойлаймын. Ұлы Отан соғысы кезінде соғыста жүрген сүйген жігітіне Халимадан көп хат жазған ешкім жоқ шығар. Әй, жоқ ақ болар! Жоқ! Халиманың сол хаттары қалын екі папка болып, Әзілханның архивында әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Сүйген қызының соғысқа жазған хаттарын Әзілхандай қастерлеп, әлі күнге дейін сақтап жүрген ешкім жоқ шығар. Әй, жоқ ақ болар! Жоқ!
Халима хатты қазақша да, орысша да тамаша етіп жазатын. Әзілхан Халимадан келген хатты тек маған ғана оқытатын еді. Басқа жұртқа көрсетуге қызғанатын. Өзге мәселенің бәрінде дарқан Әзілхан тек Халимаға келгенде ерекше эгоист болатын: хатын ешкімге оқытпайтын, суретін сипатпайтын. Әзілханның Халимадан хат алғанын мен анадайдан бірден білетінмін. Жайшылықта да шапшаң жүретін Әзілхан Халимадан хат алған күні ұшқан құстай самғайтын. Тек жүрісінен ғана емес, оның екі бетінен, көзінен қуаныш нұры төгіліп тұратын. Оны тек мен ғана сезетінмін.
Басқа сержанттардың "полевая сумкалары" салпылдап бос жүрсе, Әзілханның сөмкесінде "Артиллерия Уставы", Абай кітабы және Халиманың хаттарына толы болатын. Халиманың әрбір он хатын Әзілхан "полевая почта" арқылы Халимаға жөнелтіп отыратын: "Бұл хаттарды жоғалтпай жинай бер, кейін керек болады" деп өтініш ететін. Халима Әзілханнан алған хаттарын да, отан жазған өз хаттарын да (Әзілхан қайтарған) бірін де жоғалтпай, тегіс сақтады ғой, айналайын!
Бір жолы Әзілханға Халимадан алған хатпен бірте суреті қоса келді. Бармақ басындай ғана кішкентай суреті, паспортқа түскен. Ол суретті алғанда Әзілханның төбесі көкке жеткендей болды. Бармақтай сурет отан кең дүниедей көрінді. Бүкіл қазақ даласы қасына көшіп келгендей болды. Соғыста жүргенде сүйген қызыңның суретін алу асқан зор бақыт еді ғой, шіркін! Әзілханның шексіз қуанып, сол бақытқа кенелгенін өз көзіммен көрдім. Әзілхан Халиманың сол суретін де сақтады. Қазір үлкейтіп, кітап шкафтарының бірінің алдына қойыпты.
Бір жолы қызық болды. Күндіз күні бойы жаумен атысып, кешке қарай "землянкаға" жиналған едік. Қыстың күні, күн аяз болатын. Бәріміз "землянка" ортасындағы қып-қызыл боп тұрған "буржуйка" пешті жағалай отыра кеттік. Пешке алақанымызды жақындатып, жылынып жатырмыз.
Сәл жылынғаннан кейін аяқ астынан сурет көрмесі ашылды. Қыздар суретінің көрмесі.
Әзілхан гимнастерканың омырау қалтасынан партбилетінің ішіндегі Халиманың суретін алып, жұртқа байқатпай соған қарап отыр еді. Құсайын Кәкібаев деген бір жолдасымыз да қалтасынан оз қызының суретін суырып алды.
— Әй Әзіл, әкел қызымызды салыстырайық, — деді ол содан соң.
Оның қызының аты Мәрияш болатын. Біз Құсайын бәріміз бір Белағаштың баласымыз ғой. Ауылда жүргенде Мәрияшты сан рет көргенмін. Ұшқалақ, жеңілтектеу сияқтанатын.
Содан кейін Айтқали Құсайынов деген жолдасымыз өзінің Зада деген қызының, Алмасбек Мұсаев деген сержант Сағат деген қызының суретін суырып алды. Алты-жеті сурет шықты.
— Менің қызым жақсы!
— Менің қызым артық! — деп жігіттер таласты да қалды.
Әзілхан үндеместен Халиманың суретін партбилетіне салып, қайтадан қалтасына тығып қойды. Жігіттермен таласқысы келмеді.
— Әркімнің өз қызы өзіне -сұлу, қойындар! деді жігіттерге.
Сол сәтте біреу:
— Әй, жігіттер, суреттеріңді тегіс мұнда қойындар. Қыз көрмесін ұйымдастырайық,
— деп снарядтан босаған жәшіктердің бірін әкеп, ортаға төңкере салды. — Кімнің қызы жақсы екенін анықтауға ортамыздағы үлкеніміз аға сержант Геновтан өтінейік.
— Дұрыс! Иван Иванович айтсын! — дедік біз.
Иван Иванович Генов бәрімізден жасы үлкен, сол кезде отыздың ортасындағы кісі болатын. Соғыстан бұрын колхозда бастық болған, көпті білетін, тәжірибелі, ақылды адам еді.
Снаряд жәшігінің үстіне сегіз сурет салынды. Әзілханның Халиманың суретін көрмеге қойғысы келмеді. Өйткені оның Халиманың суретін менен басқа жұртқа көрсеткісі келмейтін, қызғанатын маған да небәрі бір-екі-ақ рет көрсеткен болар.
Әзекеңді мен қолқаладым.
— Давай, Әзіл, шығар Халиманың да суретін, дедім.
Әзіл менің көңілімді шықпады: қалтасынан Халиманың суретін шығарып, жәшіктің үстіне қойды. Сонымен қыздар суретінің көрмесі ашылды. Әркім әр суретке өзінше баға беріп жатты.
Ал Генов әр суретті бір қолына алып, көп үңілді. Бір емес, үш реттен қарады. Ең ақырында Халиманың суретін қолына алып, снаряд жәшігінен басын көтерді.
— Ең жақсы қыз — осы! — деді ол содан соң Халиманың суретін көкке көтеріп.
Кәкібаев досымыз Геновпен дауласа кетті.
— Сіз сұлулықты танымайды екенсіз. Осы тоғыз қыздың ішіндегі ең сұлуы менің Мәрияшым. Қасқая күліп отырған жоқ па, мінеки. Әзілдің қызының несі артық Мәрияштан?.. Артық емес. Мен сіздің шешіміңізге көнбеймін, — деді кәдімгідей шамданып.
Генов күлді де, басын шайқады.
— Көнбесең қой. Мен бұл қыздардың сырт сұлулығын емес, ішкі жан сұлулығын да іздедім. Беталды далбалақтап күлмей, ернін жымырып отырған бұл қызда ой бар, парасат бар. Мұндай қыз ешкімге мұң шақырайды, сыр шашпайды. Бір берген уәдесінен өліп кетсе де таймайды. Орынсыз жерде ешқашан да күлмейді. Күлсе, жай жымияды да қояды. Ал сенің қызың ыржалақтап өз-өзінен күліп отыр. Есінде болсын: күлегеш қыз көңілшек келеді. Осы қызың сен соғысты бітіріп, үйге барғанша басқа біреудің әйелі болып отырмаса, менің атымды өзге қой!
Соғыс даласындағы жауынгерлердің жер үйінде ашылған қыздар көрмесі осылай аяқталды.
Сол Геновтың көріпкелі бар екен. Соғыс біткеннен кейін гимнастеркасының екі өңірі ордендер мен медальға толып Кәкібаев бауырымыз қырық бесінші жылдың қақаған қысында елге қайтты. Әрине, Мәрияшын аңсап қайтты.
Бірақ, ер жігіттің соғыста жолы болып, жеңіске жеткенімен, махаббатта жолы болмады.
Құсайын Белағаш стансасында әскери эшелоннан түсіп, зат қапшығын арқалап, аяғын кере адымдап ауылына келеді. Туыстарымен көрісіп, әкелген сыйлықтарын таратады. ауыл мәре-сәре болады.
Кешке қарай әркімдер шана жегіп, тиеліп, көрші ауылға қарай жөнеле бастайды.
— Бұлар қайда барады? — деп сұрайды Құсайын үй ішінен.
— Көрші ауыл келін түсіріп, той жасағалы жатыр. Сол тойға бара жатқандар ғой олар, — дейді үйдегілер.
— Кімнің тойы?
— Өзіңмен бірге оқыған Мәрияш күйеуге шығып жатыр. Соның тойы. Әскерден жараланып, былтыр қайтқан сол ауылдың бір жігітімен көңіл қосқан екен. Тойларын созып-созып келіп, бүгін өткізгелі жатса керек.
Бұл хабар жауынгер жігіттің төбесінен мұздай су құйып жібергендей әсер етеді.
"Шын ба? Өтірік пе? маған берген уәдесі қайда? Соңғы кезде хат жазбай кетіп еді..."
Осылай ойлап, ашудың торына түскен ол арыстандай бұлқынады. Түнделетіп сол ауылға жетеді. Келсе, бәрі рас: той дүбірлеп жүріп жатыр. Мәрияш басқа біреудің әйелі болып, тойда отыр.
Сұм фашисті жеңіп қайтқан, кеуде толған орденнен ине шаншар бос жер жоқ батырды тойдағылар төбесінен көтеріп, қарсы алады. Орталарынан ойып, орын береді. Ол кезде Белағаш тегіс самагон қайнататын. Бойын ыза кернеген Құсайын самагонды суша сіміреді.
"Бір ауыз сөйлесейік" деп Мәрияшты қасына шақырса, ол мұның маңына жоламайды. Осыған жаны күйген ол самагонды одан сайын сілтейді.
Не керек, түн ортасында ол тәлтіректеп, той болған ауылдан шығады. Өз ауылына қарай бет түзейді. Екі ауылдың арасы төрт-бес шақырымдай ғана болса керек. Түн болса, қырық градус аяз. Шинелі сөлпеңдеп, тәлтіректеп келе жатқан жігіт сүрініп кетіп құлайды. Сол жығылғаннан ол қайта тура алмайды. Ертеңінде таңертең тойдан қайтқан адамдар оның мұз боп қатып қалған өлігінің үстінен шығады.
Сөйтіп, самсаған фашистердің жаңбырдай жауған оғы ала алмаған ер жігіттің түбіне қазақтың бір шүйкедей қызының тұрақсыздығы жетті.
Сол майдан даласында көрмеге түскен қыздардың ішінде тек Халима ғана тұрақты болып шықты. Өзгелері өзге күйеуге тиіп кетті. Егер Халима тұрақсыз болып, өзге біреуге кетіп қалса, Әзекеңнің де тірі болар, болмасы неғайбіл еді. Әзекеңнін Халиманы сүйгендігі сондай, егер ол серттен тайса, Әзекеңнің шар болаттай шарт сынып кетуі ықтимал еді. Құдайға шүкір, Әзекең қазір ортамызда. Халықтың сүйікті жазушысы болды. Оқырмандар Әзекең кітаптарына разы болса, ең алдымен, Халимаға алғыс айтулары керек.
Соғыстағы солдаттар арасында Халиманың суреті сондай жоғары баға алған еді. Ал суреті ғана емес, өз басынын да қандай бағалы екені қазір халыққа аян болды.
Қазақта Халима сияқты жақсы әйелдер көп шығар. Ал әйелін Әзекеңдей бағалаған ешкім жоқ! Көбіміз: әйел сүйдік, сүйкендік, өлді — қалды дейміз. Өлген әйелін тірі ден артық бағалап отырған менің ескі жауынгер досым Әзекең Әзілхан ғана. Басқа ешкімді естігенім жоқ.
Менің әйелімнің аты Хантай. Халиманы өте жақсы көрді.
– Егер қыз тапсам, атын Халима қоямын, — деуші еді.
Тағдыр бізге қыз бермеді. Бірақ, бір ұлымыздың атын Әзілхан деп қойдық. Соған да шүкірлік етеміз. Егер Құдай бізге бала бермей қойса қайтер едік.
Жалғыз Хантай екеуміз ғана емес, соғыста бірге болған досымыз Қабікен Мебдібаев та тұңғыш ұлына Әзілхан деп ат қойды. Анау Талдықорған жағында тұрып, қайтыс болған ескі жауынгер досымыз Тәкен Майшынов та өзінің тұңғыш қызына Халима деп ат қойды. 1944 жылы Тәкен Әзілханмен бірге Қазақстанға делегация құрамында бара жатқанда, жолда, Мәскеуге тоқтап, Халиманы көріпті. Ол досының болашақ жарын бірден ұнатыпты. Ұнатқандықтан да тұңғыш қызына Халиманың атын қойыпты.
Осының бәрі Халима мен Әзілханның дос-жолдастарының ортасында абыройлы болғандарының арқасы.
Сол соғыста суретін көрген Халиманың өзін мен содан жеті жыл кейін бір-ақ көрдім. Оның ортасында Халимадан бір рет хат алғаным бар. Әзілхан Халимаға жазған бір хатында: "Менің Мұқан деген досым бар. Анда-санда соған да хат жазып тұр" деп, менің әдірісімді жіберген екен. Халима Әзілханның айтқанын орындап, 1944 жылы маған бір ашық хат открытка жіберді. Оның алдында Әзілхан сенің әдірісіңді Халимаға жібердім, жауап келсе хат жаз деп айтқан болатын. Өйткені ол кезде біздің 100-атқыштар бригадасы дивизияға айналған болатын. Біз бір артполкте болғанымыз бен бұл кезде бөлек-бөлек батареяда едік. Әдірісі екі басқа болатын. Ол кезде біз Белорусь майданында болатынбыз. Халима хатында амандықты сұрап, "майдандас жолдастарыңа сәлем, жеңіспен аман оралыңдар" депті де, аяғына: "Хат жазған Әзілхан досыңның досы Халима Қалиәкпарқызы Өзбақанова" деп қолын қойыпты.
Мен қолма-қол жауап жаздым. Содан кейін мен жараланып, госпитальға кеттім де, Халимаға қайтадан хат жаза алмадым. Әзілхан менің жараланып госпитальға кеткенімді Халимаға хабарлапты.
Сонымен, алдымен Халиманың суретін көрдім. Одан кейін өзіме арнап, өз қолымен жазған хатын алдым. Суреті қандай әдемі болса, жазған жазуы да маржандай екен!
Ал өзін 1950 жылы көрдім. Ол кезде мен Сарыөзек стансасындағы әскери бөлімде қызметте болатынмын. Майор деген атағым бар. Әзілхан мен Халимадан Сарыөзектегі Хантай екеумізге хат келіп тұратын. Бір бір-бірімізден өмір бойы хабар үзген емеспіз. Әрқашанда амандығымызды айтып, әдірісімізді білдіріп жүретінбіз. 1947 жылы қыста Хантай екеуміз үйленгенде, Әзілхан Семейден Белағашқа келіп, біздің тойымызға қатысты. Халима екеуі бізден бес-алты ай ғана бұрын қосылып, ерлі-зайыпты болған екен.
Сол жолы Әзілхан Хантай екеумізге Халима туралы көп әңгіме айтты. Халиманың жетімдік тарихын, интернаттағы өмірін, соғыс кезінде, әскерде басынан кешкендерін түгел баяндады. Халиманың өте ақылды, білімді, кішіпейіл екенін, өзі келін боп түскен Ақ бұзау ауылының үлкен-кішісі оны тегіс жақсы көріп кеткенін айтты.
— Сөйтіп, біз бір-бірімізге тоғыз жыл ғашық болып жүріп, қосылдық қой, — деп бір тоқтады да, қуақыланып Хантай екеумізге кезек қарады. Содан кейін:
— Ал, сендер бір біріңе неше жыл ғашық болдыңдар? — деп сұрады.
— Бір жыл да ғашық болғанымыз жоқ. Әке-шешем: "Келін керек!" деген соң, екеуміз қол ұстасып, қосыла кеттік. Соғыс кезінде Әзілханға қыздардан көп хат келді. Әзілхан ол хаттарды не бірін осы қызға ие бол деп берді. Мен бұл кісіге екі рет хат жаздым. Біздің ғашықтығымыз сол ғана, — дедім мен.
Әзілхан күлді де:
— Келінді ауылға немен әкелдің? — деп сұрады.
— Немен әкелуші едім: әкемнің үйдегі қоңыр биесіне сыртта жатқан жайдақ шананы жектім де, соған отырғызып, көрші ауылдан алып келдім.
Әзілхан тағы да күлді.
Күлді де, өзінің тоғыз шақырым темір жол разъезінен Халиманы ауылға жаяу алып келгенін айтты. Әзілхан ауызша әңгімеге де шешен ғой. Қызықты етіп, күлдіріп айтқанда, ішек сіленді қатырады.
Ақ бұзау ауылына соғыстан кейін түскен бірінші келін Халима екен. Ол жаз айында, жаяу келіпті. Колхоз бастығы алдынан ат-арба жібермепті. Екінші келін күзде пар ат жеккен жұмсақ (рессорлы) тірәшмөңкемен жолдың шаңын бұрқыратып келіп түсіпті. Үшінші келін қыста пар-пар ат жеккен үш шанамен ақ қардан боран соқтыра бұрқыратып келіп, ауылға кіріпті.
Халиманы алғашында ауылдағылар "жаяу келін" деп атаған екен. Артынан өзінің іскерлігі, ісмерлігі, үлкен кішіні сыйлауы жағынан басқа келіндердің бәрінен озып шығыпты.
Әзілханның бұл әңгімесін естіген Хантай екеуміз де, әке шешем де, тыңдап отырған басқа жұртта өлердей риза болдық. Хантай екеуміз Халиманы тезірек көрсек екен деп асықтық.
Менің әке-шешем де Әзілханның әзіліне қарқ болды. Оның айтқан мына бір әңгімесі біздің Талапты ауылына тегіс жайылып кетті.
Таңертең шай ішіп отырғанда әкем Әзілханнан:
— Қай елдің баласысың, қалқам? — деп сұрады.
— Арғы жатымыз Найман болса керек, — деді Әзілхан бөгелместен.
— Бергі жақтарың кім?
— Бергі жағымыз Бұра деп аталады, ақсақал.
— Онда сен бізге құда болдың ғой, қалқам. Біздің келін де Бұра деді әкем.
— Бұра дейсіз бе? — деді Әзілхан жымың етіп. — Келініңізді айтасыз ба?
— Иә, қалқам, Бұра, — деп әкем қалбалақтап жатыр.
— Сенбеймін, — деді Әзілхан басын шайқап.
— Heгe, қалқам? — дейді әкем ойында ештеңе жоқ.
Әзілханның әзілқой екенін білетін мен оның бір жерге апарып соққалы отырғанын сезе қойдым. Бірақ, не дейтінін білгенім жоқ.
— Олай болса тексерейік, — деді Әзілхан.
— Тексер, тексер, — деді әкем Әзілхан аға жөнін тартқалы отыр екен деп.
— Онда ақсақалдың келіні орныңыздан тұрыңызшы, — деді Әзілхан Хантайға қарап.
Хантай ұялып орнынан тұрды.
— Алдымен ары қара, содан соң бері бұрыл, — деді Әзілхан ағасының келініне бұйрық беріп.
Хантай Әзілханның айтқанын істеді.
— Енді отыр, көрдім, — деді Әзілхан Хантайдың бойынан бір нәрсе тапқандай.
— Бұл нені көрді?" деп бәріміз аң-таңбыз.
Содан кейін Әзілхан менің әкеме қарай бұрылды да:
— Ақсақал, сіздің келініңіз бұра емес, інген болуы керек! — деді.
Үйдің іші қыран-күлкі болды. Кейбіреулер көзінен жасаққанша күліп жатыр.
Әзілхан "жұрт неге күледі?" деп таңдаған сияқтанды да, бетін маған қарай бұрып:
— Мұқан, сен айтшы, анығын білесің ғой, — дегені.
Жұрт қайтадан қыран-күлкі болды. Хантай ұялғаннан шай құйып отырған орнынан тұрып, есікке қарай аға келіп жөнелді.
Әзілханның Хантай екеуміздің тойымызға келгені ауылға осындай жыр боп тараған.
Сөйтіп, Сарыөзекте тұрғанымызда, 1950 жылы бір күні мені штабқа шақырды. Шақырды да:
— Ертең ерекше тапсырмамен Алматыға жүресің! — деген бұйрық берді.
Мен ішімнен қуанып кеттім. Қуанатыным Әзілханды көрмегеніме де үш жыл болған. Ал Халиманы мүлде көргенім жоқ. Солармен жүздесіп қайтуға жағдай туғанына қуандым.
Алматыға келген соң әдірісімен іздеп, Әзілханның үйіне бардым. Есікті қос бұрымды, қою қара шашты, жүзі жылы аққұба келіншек ашты.
— Сәлеметсіз бе? Әзілханның үйі осы ма? — дедім келіншекке.
Мен аузымды жауып үлгергенше:
— Сен Мұқан боларсың, деп қолымды алып, ішке кіргізді. Хантай сәлемет пе? Қашан келдің?
Тіпті бізді баяғыдан білетін кісідей сөйлейді.
Амандық біліскеннен кейін:
— Мұқан ренжіме, біз ен жақсы көретін адамдарымызбен сен деп сөйлесеміз, — деді Халима.
Осы қарапайымдылығымен Халима маған қатты ұнады. Бірден жақсы көріп кеттім. Өмір бойы жақсы көрумен өттім.
Әзілхан үйде жоқ, кеңсесінде қызметте екен. Кеңсесіне баратын болдық. Менің астымда абажадай "Студобекер" машинасы бар. Шофер де — өзім — бұрынғы танкистпін ғой, бастық та — өзім. Үйден шығып, Халиманы машинамның қасына алып келдім.
— Мұқан ау, машинаң таудай ғой! — деді Халима.
— Бұл соғыс кезінде бізге Америкадан келген машина. Осы машиналар келгеннен кейін біз зеңбіректерді осыған тіркеп, жырғап қалдық қой. Әзілханның зеңбірегін осындай машина сүйреген, дедім мен Халимаға мақтанғандай болып.
— А-а-а! Сендердің соғыстағы Тайбурылдарың осы болған екен ғой! — деп Халима машинаға бақырая қарады. Бірден кабинаға қарай ұмтылмай, машинаның алдына барып, алақанымен радиаторын сипады. Бір емес, үш рет. Мұнысы маған "Қобыланды батыр" жырындағы Қобыланды батырдың Тайбурыл тұлпарын құлын күнінен маңдайынан сипап өсірген Құртқа сұлуды ойыма түсірді. Сонымен салыстырып тұр-ау деп ойладым. Көзіме лық етіп жас келді. Бірақ оны Халимаға сездірмей, кейін бұрылдым да, қабинаның он жақ есігін ашып, Халиманың машинаға көтерілуіне көмектестім. "Сен де менің Әзілімнің-Әзекемнің Құртқасы — Қыз құртқасы бол!" дедім ішімнен. Мен өзім, көбінесе, ішімнен сөйлеймін.
Әзілхан қызмет істейтін "Социалистік Қазақстан" газеті бұрынғы Сталин көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысында екен. Соған бардық. Маған Әзілханды тауып бергеннен кейін "Мен бір дүкенге кіріп шыға қояйын" деп Халима кетіп қалды.
Әзілхан мені Құрманғали, Сәуірбек деген жолдастарымен таныстырды. Сол жерде редакцияның шолақ қол фотографы келе қалды. Төрт майдангер қағар отырып, суретке түстік.
Халима келді. Содан соң Әзілхан, Халима және мен үшеуміз машинаға мініп, қайтадан Әзілхандардың үйіне келдік.
Әзілхандар біреудің аядай бөлмесінде пәтерде тұрады екен. Бір кереует, бір баланың "качалкасы" әрең сиып тұр. Кіре беріске кішкентай үстел қойылыпты.
"Қачалқаның" иесі Халима мен Әзілханның Жанар деген кішкентай қызы екен.
Кешке қарай "яслидегі" титімдей сәбиді таудай машинаға отырғызып, үйге алып келдік. Екеуінің Жанна деген тұнғыш сәбиі қырқынан шығар шықпаста шетінеп кеткен екен. Халима мұңайып, соны айтты. Өзі бұл кезде институттың екінші курсында оқып жүр екен. ЖенПИ-де.
Түн ортасына дейін әңгімелестік. Содан кейін Әзілхан екеуміз менің машинамның кабинасына кіріп ұйықтадық. Аяқ созып жатуға жер тар. Біз иықтасып, біріміздің басымызды бірімізге сүйеп, тік отырып мызғыдық.
Таңертеңгі сағат сегізде орнымыздан тұрып үйге кірсек, Халима шай қайнатып, кішкентай үстелдің үстін асқа толтырып қойыпты.
Мен Әзілхан досымның Халимадай ақылды, әдепті, мейірімді, сүйкімді, әдемі қызға үйленгеніне риза болып, іштей қуанып отырдым. "Сондай сезімтал, сергек, жүріс-тұрысы ширақ, бірақ ешқандай артық қимылы жоқ, алтыннан құйған асықтай өне бойы жинақы ғажап жар тапқан екенсің, досым!" деп іштей тебірендім. Баяғыдай майдандағы жер үй ішінде Геновтың Халиманың суретіне қарап берген бағасы ойыма оралды. "Дәл тапқан екенсің, жаза баспай, жақсы бағалапсың, сабаз!" дедім отан үнсіз разылық білдіріп.
Екінші күні Халима Хантайға сәлемдеме салып, көптен-көп сәлем айтып, екеуі мені аттандырып салды.
Кейіннен үй ішімізбен араласып, сыйластығымыз арта берді.
Сарыөзектен кейін біздің әскери бөлімді Ташкентке ауыстырды. Мен подполковник болдым. Бөлімше командирінің орынбасарымын. Қаланың сырт жатындағы Чаланзар деген жерде әскери қалашықта екі этажды төрт бөлмелі үйіміз бар. Асқар, Әзілхан, Талант деген балаларымыз өмірге келген. Кейін Талантымыз қайтыс боп кетті.
Әзілхандар—Алматыда. Бір жылы Халима екеуі Сарыағашқа курортқа келді. Сарыағаш Ташкенттен жиырма шақырым ғана жер.
Бір демалыс күні Хантай екеуміз артынып-тартынып, Сарыағашқа барып, Халима мен Әзілханға сәлем беріп қайттық. Ол кезде "Студобекер" емес, "Газ-69" машинасын мінемін. Әзілхандар курорттың екінші қабатындағы екі кісілік іші кен, жайлы бөлмеде жатыр екен. Қуанып қайттық.
Содан он шақты күн кейін, таңертең шай ішіп отырғанымызда Халима күліп, біздің үйдің есігінен кіріп келді.
Біз отырған орнымыздан атып тұрдық. Артынан Әзілхан да кіретін шығар дедім, ол көрінбеді. "Е, тегі Халима Ташкенттен бірдеңелер сатып алуға келген ғой" дедім ішімнен. Өйткені олардың курорттан Алматыға қайтуларына әлі бір аптадай күн бар болатын. Оларды Сарыағаштан қайтарда Ташкентке келіп, біздің үйге қонып, біз самолетке шығарып салмақ боп келіскен болатынбыз.
— Ал, жоғарыла, Халима, жол болсын! — дедік біз құшағымызды жайып. Жалғызбысың, біздің үйді қалай тауып келдің, мына Ташкенттің қиқы жиқы көшелерінен адаспай, — деймін мен тағы.
— Мұқан ау, мен Ташкент тұрғай, Мәскеуде де тұрдым емес пе? дейді Халима тағы да жымиып. — "Тіл Мәскеуге де немесе Киевке де бастап барады" деген орыс мақалы бар емес пе? Сол тілдің арқасында таптым. Таксистер біледі екен, жеткізіп салды.
— Ал, Әзілхан қайда?
— Сарыағашта.
— Сен неге жалғыз жүрсің?
— Курорт маған ұнамады. Сарыағаштан гөрі бес-алты күн сендермен бірге болғанды артық көрдім.
Бұл Халиманың бізге айтқан әзілі екен. Шындығы былай болыпты.
Жақында Сарыағаш курортына демалуға Алматыдан академик Марғұлан келген екен. Сол кісі курорт үйініің жоғарғы қабатында орын болмай, төменгі қабаттағы жайсыздау бөлмелердің біріне жайғасыпты.
Академик Әзілханмен таныс екен. Әзілхан ол кезде тұңғыш ашылған Қазақ Совет Энциклопедиясында істейтін. Әдебиет жағын басқаратын. Әлкей ағай Әзілханның редакциясына әдеби ғылыми мақалалар жазып тұратын белсенді авторлардың бірі екен. Әзілхан басқаратын редакцияның жиналыстарына да жиі қатысатын болса керек. Бір сөзбен айтқанда Әзілханның қатты сыйлайтын үлкен ағаларының бірі екен ол кісі.
Әзілхан академик ағасынын жайсыз жерде жатып қалғанына қатты қиналады. Бас дәрігерге барып, ол кісіні жоғарғы қабатқа шығару жөнінде өтініш те жасайды.
Бас дәрігер:
— Қайтейін, ол кісі путевкасыз келіп түсті. Путевканы курорттың өзінен аласың депті ол кісіге. Келетінін бізге хабарлаған да жоқ. Жоғарыда орын болмағандықтан, уақытша осылай орналастырдық. Бес-алты күнге дейін жоғарыдан орындар босайды. Сол кезде жақсы жерге жайғастырамыз ол ағайды, — дейді.
Бас дәрігердің бұл жауабына Әзілханның қиналып шыққанын сезген Халима бірден оған ұсыныс жасайды.
— Әзілхан, сен қиналма. Ол кісіге мен өз орнымды берейін. Екеуің бірге жатындар, — дейді.
— Сен қайда барасың, төменгі қабатқа көшпексің бе? — дейді Әзілхан абыржып.
— Жоқ. Мен Ташкенттегі Мұқандарға барып, путевканың мерзімі біткенше сонда жата тұрайын. Бес-ақ күн қалды ғой біздің путевканың уақытының бітуіне. Егер бас дәрігер рұқсат етсе, сен менің путевкамның қалған бес күнін өзіңе қостырып алып, он күн жатып демал. Мұқанның машинасы бар ғой, мен саған үш күнде бір келіп, халіңді біліп кетіп тұрамын.
Халима осылай дейді. Әзілхан амалсыздан көнеді. Сөйтіп, Халима такси жалдап, салып отырып Ташкентке келеді.
Халима бізге осыны айтты.
Біз жатып кеп өкіндік.
— Оның не? Әлдебіреуге өзіңнің жатқан жылы орныңды беріп кеткенің дұрыс болмаған. Оның үстіне жатқан жерің жай қонақ үй емес, курорт қой! дедік отан.
Халима басын шайқады.
— Ардақты ағаларды аялай білу керек қой! Сол кісілердің ойынан елге өнеге, білім тарайды. Біз сияқты, мен сияқты, қарапайым адамдардың мың күн рахат көргенінен, ғалым кісілердің бір сағат жайлы жатқаны артық қой!
Халима осылай деп бір тоқтады да, сөзін ары қарай жалғады.
— Мұхтар ағамыз Әуезов Павлодарға келгенде Әзілхан сол кісінің қасында бес күн бірге жүрді. Сол бес күн ішінде Ұлы адамнан қаншама үлгі, өнеге алды. Мүлде рухтанып, қанаттанып қайтты. Ол кісілер Баянауылдан келгеннен кейін біз өз үйімізге шақырып, дастарқанымыздан дәм татырдық. Мұхтар аға Әзілханға өте риза болып кетті. Жақсы ағалардың жақсы қасиеттерінің Әзілханға да жууға беруіне көмектесу ғой менің мақсатым, қолымнан келгенінше.
Осыны айтып, жымиды да, Халима кеседегі шайын бір ұрттап қойды.
— Кеше, Сарыағаштан кетерде, өзімнің орнымды босатып беріп, Әлкей ағайдың алдына дастарқан жайдым. Қолымнан дәм татырдым. Ризалығын алдым. Батасын берді.
— Қарағым, Әзілханды курортта қалдырып, өзін неге Ташкентке кетіп барасың? — деді ол кісі.
— Әлкей аға, Ташкентте Әзілханның кешегі Ұлы Отан соғысында қатар жүріп қан кешкен қанды көйлек досы бар еді Мұқан деген. Сол кісілер бізді үнемі қонаққа шақырып, біз бара алмай, ұятты болып жүруші едік. Әзілханды осында демалуға қалдырып, мен төрт-бес күн солардың қасында болайын, олар да қуанып қалсын деп бара жатырмын, — дедім.
— Е, "апама да барайын, тайлағымды да үйрете келейін" дегеннің кебі болды ғой, — деді Әлкей аға күліп.
— Солай десе де болады, аға, дедім мен де күліп. — Мінеки, достар, мен сондықтан сол кісіге орнымды беріп, біраз күн Хантай екеуіңнің қастарында болуға келдім, егер қарсы болмасаңдар. Әзілхан Әуезов ағасымен бес күн бірге болғанындай, әлкей ағасымен бес күн бірге жатып, армансыз әңгімелессін дедім. Қарсы емессіңдер ме келгеніме?
— Қайдағы қарсылық. Біз өздеріңді үйге келтіріп дәм татыра алмай қиналып журуші едік. Келгенің қандай жақсы болды, — дедік Хантай екеуміз жарыса сөйлеп.
Біз оның келгеніне қуандық, әрі ақылдылығына, әрі Әзілханға деген қамқорлығына тәнті болдық.
— Орныңды ол кісіге қалдыру үшін Ташкентке кетіп бара жатқаныңды айтпадың ба, ағаңа? — деп сұрадым содан соң.
— Айтқаным жоқ, деді Халима басын шайқап.
— Неге?
— Әлкей аға өте мәдениетті адам. Ол кісі менің өзі үшін кетіп бара жатқанымды білсе, өмірі мені мұнда жібермес еді. Курорттың төменгі қабаты тұрғай, босағасында жатса да басқа біреуге ауыртпалық түсіруге бармас еді. Сол себептен айтпадым. Ағаларды ардақтау керек. Әлкей аға сияқты атақты ағалар халқымыздың алтын айдары ғой! — деді Халима.
Халиманың осы адамгершілігін Хантай екеуміз өмір бойы ұмытпай айтып келеміз. Мұны біздің жақындардың бәрі біледі. Енді жақын кісілер де білсін!
Хантай мен Халима бірін-бірі сол ең алғаш көргеннен бастап-ақ дос боп кетті. Екеуі өмір бойы бірін-бірі сыйласып өтті. Әзілхан екеуміздің арамыздағы достық қандай болса, екі бәйбішенің арасындағы достық та сондай дәрежеге жетті. Екеуінің бір-біріне жақын достық құшағын ажал ғана айырды.
Халимамен Әзілхаңның қызық қуаныштарын бірге өткіздік. Қыз ұзату, келін түсіру тойларына қатыстық. Құдалыққа бару, құдаларды шақыру рәсімдерін Хантай екеуміз қосыла жүріп атқардық. Біздің үлкен ұлымыз Асқар үйленгенде Халима мен Әзілхан Семейге Алматыдан арнайы келді. Жас отаудың жасауына деп бір үлкен кілем әкеліп сыйлады. Артынан білсек, ол өздерінің жақында ғана қолдары жеткен жалғыз кілемдері екен.
Одан кейін Халима мен Әзілхан өздерінін бірінші қыздары ("тұңғыштары" демей отырғаным алғашқы қыздары сәби күнінде шетінеп кеткен ғой) Жанарды Павлодар жігітіне ұзатты. Соның тойын атқарысуға Семейден біз келдік. Той өткеннен кейін жас жұбайларды аэропортқа шығарып салуға бардық. Әзілхан мен Халиманың басты байлығы екеулеп жүріп жинаған кітаптары болатын. Сол кітаптарынан Жанардың жасауына деп олар Әлем әдебиеті классиктерінің 200 томдығын сыйлады. Ол деген баға жетпес байлық қой. Он-оннан буылып, бірінің үстіне бірі тізіліп тұрған кітаптарды Павлодардан келген құдағидың:
— Бұл немене? Мұндай жасау болушы ма еді? — деп аяғымен тепкенін көзім көрді.
Халима ернін жымырды да, үндеген жоқ. Әзілхан не айтар екен деп, мен оның бетіне қарадым.
— Құдағи, бұл жай жасау емес, үйір-үйір жылқы. Сіз Павлодарға екі жүз жылқы айдап бара жатырсыз, — деді Әзілхан күле сөйлеп.
— Мұндай жылқысы құрсын! деп құдағи теріс айналып кетті. Артынан білсек: ол құдағи дүние қуған саудагер әйел екен!
Сол жылы Халима екінші құдағи етіп, қасына Хантайды ертіп, Павлодарға кетті.
Халима мен Хантайды Жанардың қасына қосып, келінді алып кетуге келген адамдардың бәрін аэропорттан аттандырып салып, Әзілхан екеуміз үйге келдік.
Әзілханның сонда тұңғыштары Жанар жататын бөлмеге кіріп, қызының төсегін сипалап, егіліп жылағаны әлі күнге дейін есімде.
Мен оны жұбатып бақтым.
Титімдей Жанарды таудай "Студобекер" машинасымен яслиден алып қайтқанымызды есіне түсірдім.
— Мінеки, сондағы сәби үлкен болып, бой жетті. Тұрмысқа шығып, өмірдегі өз орнын тапты. Біздің соған қуануымыз керек! — деп жұбаттым.
— Қайтейін, "папалап" қасымнан қалмайтын құлынымның аяқ астынан алыстап кеткеніне ішім күйгендіктен жылағаным ғой, — деді Әзілхан.
Көп нәрсе әйелге байланысты ғой. Дос та, туыс та, жолдас та әйелің жақсы болса ғана жанында.
Ал әйелің шайпау, жалқау, долы болса, ешкім сенің жаныңа жоламайды: үйіңе жұрт кірмейді, жолдасың — бас сұқпайды, жақының алыстап кетеді.
Біз Халималармен қатты араластық қой.Сыртта жүргендерге атақты жазушының үйіне бөтен ешкім бармайтын сияқты болып көрінер. Ал таныстар да, таныс еместер де Халиманың босағасын босатпайтын. Бір ғажабы, Халима солардың бәрін қынжылмай қарсы алатын: жатты — жақындай, бейтанысты туыстай қабылдайтын. Әзілханның атын атап келгендердің бәріне дастарқан жайып, қол қусырып туратын. Өз басым Тұрсынбек, Мұзафар, Қалмұқан, мен аты-жөнін білмейтін бір дудар бас жігітті, тағы басқалардың Халима дастарқанының басында қызара бөртіп, қонжиып отырғандарын сан рет көрдім.
1964 жылы демалысқа шығып, Хантай екеуміз Алматыға келдік. Әзілхан мен Халиманың үйінде төрт-бес күн аунап-қунап, ары қарай Семей түспек ойымыз болатын. Ол кезде әскердемін: иығымда погоным, басымда әскери фуражкам бар.
6-қараша күні түс ауа самолеттен түсіп, Әзілханның үйіне келсек, төргі бөлмеде дуылдасып, бір топ адам отыр екен. есікті балалар ашқан. Халима мен Әзілхан қонақтарының қасында. Мен келгенімді білдірейін деп, есіктен басымды сұқтым да:
— Орта толсын, жігіттер, — дедім.
Жұрттың бәрі жалт етіп, маған қарай қалды. Халима орнынан жүгіріп шығып, біздің қасымызға келіп, менің қолымды алып, Хантай мен құшақтасып екеумізді шешіндіре бастады. Әзілхан да келіп, киім ілуге жәрдемдесе бастады.
Сол сәтте іштегілердің бірінің:
— Бұлардың "досымыз досымыз" деп әлдеқандай ғып жүргендері екі көзі сығырайған монғол ма, қалмақ па, бірдеңе екен ғой! деп дауысы қырылдай шытып, мыңқылдай сөйлеген үні естілді. Іштегі оған ду күлісіп жатты. "Бұл маңқа кім екен?" деп ойладым ішімнен.
Хантай екеумізді ішке кіргізгеннен кейін Халима:
— Әй, Мұзафар! Достан достың артығы жоқ. Сен біздің адал досымызды олай деп кемітпе. Өзгелеріңнің бәрің бүгін тату, ертең қату ағайынсыңдар. Біздің Мұқандармен достығымызға жиырма жылдан асты. Әлі ешқандай қылау түскен жоқ. Ешқашан түспес деп ойлаймын. Адал достықтың бір үлгісін осы кісілерден де үйренуге болады. Ал көз жатына келсек: өзіңді монғолдардың арасына жіберсе, ешкім де сені олардан ажырата алмас еді, — деді.
— Рас! — деп Халиманың сөзін Мұзафардың әйелі қостады.
Өзгелер тағы да ду күлді.
— Қойдық, қойдық, — деп Мұзафар бірінші болып орнынан тұрып, бізге қолын берді.
Екі-үш рюмкадан коньяк ішіп алғаннан кейін бәріміз дабырласып, достасып кеттік. Көзімізде де, сөзімізде де, ешқандай кемшілік болмай шықты. Мұрынымыздың да міні білінбей қалды.
Халиманың достарды жалғастырып, татулықты жымдастырып отыратындығының өзім көрген бір мысалы осындай еді.
Ал енді бір мысал мынадай.
Ал енді бір келгенімде Мұзафар тағы да Әзілхандардың үйінде ас үстелінің басында отыр екен.
— Біз сізбен тағы да кездесіп қалдық қой, — дедім мен оған амандасқаннан кейін күліп.
— Мен осы үйдің штатный ішкішімін, — деді ол алдындағы арақ толы рюмканы нұсқап.
Мұзафардың осы сөзін өз құлағыммен естідім.
— Өзі сараң өзге үйдің түтінін аңдиды ғой, — деді Әзілхан Мұзафарға әзілдеп.
Халима жалт етіп, Мұзафар мен оның әйелінің бетіне қарады. Содан кейін тез үн қатты.
— Қойшы, Әзілхан, деді күйеуіне наздана сөйлеп, — Мұзафар да бізді анда-санда қонаққа шақырып тұрады ғой.
Осылай деп ол Әзілханның "сараңсың" деген әзілін Мұзафардың көңіліне келіп қалмасын деп жайма шуақтап жіберді.
— "Анда-санда" деген "күнде" деген емес қой, деді Әзілхан әзілін одан сайын ұлғайтып.
Мұзафар ол әзілді елемеген болып, мұрнын қайта-қайта тартып (танауын үсті-үстіне тартып, мыңқылдай сөйлеу Мұзафардың әдеті екен), әңгімені басқа жаққа қарай бұрып жіберді.
Әзілхан қайтадан қудалаған жоқ.
Бұл екі отбасының өзара тату, сырлас екенін мен сонда білдім.
Бірақ, Халима қанша қорғаштағанымен, Әзілханның Мұзафарды "сараң" дегені рас болар. Өйткені мен қанша рет Алматыға келіп, Халима мен Әзілханның үйінде Мұзафармен сан рет кездессем де, мені бір рет те қонаққа шақырған емес. Қазақта: "Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал" деген сөз бар. Мен Әзілханның иті емес, қанды-көйлек досымын ғой. Сыйлас досымның досы ғой деп, үйіне шақырып, маған бір шәугім шай беруіне болатын еді Мұзафардың. Ол өйте алмады.
Ал Халима дос-жолдастарының бірініғ үйіне ең жақын адамдары, айталық әке-шешелері келсе, оларды үйіне шақырып, алдына дастарқан жайып, құрмет көрсететін еді.
Алайда сараң да болса, сағынысар досың болғанға не жетсін, шіркін!
Мұзафар менің бұл ауыз сөзіме өкпелей қоймас деп ойлаймын. Ақылды адамдар кешірімді келеді ғой.
Халима өзінің саналы өмірін Әзілханына көмектесуге, балалары мен немерелерін тәрбиелеуге және үйге келген қонақтарды күтуге арнады.
Бір жылы Халима мен Әзілхан Семейге келді. Онда біз Семейде болатынбыз, әскери қызметтен отставкаға шығып, туған елге көшіп келгенбіз. Біз екеуін құрақ ұшып, қарсы алдық.
Семейге келгеннен кейін Халима, алдымен, бұрын өзі оқыған № 11 қазақ орта мектебіне барды. Өзі алты жыл мекен еткен интернат үйінің есігін ашты. Әзілхан Халиманы интернат баспалдағының үстіне суретке түсірді.
Содан кейін Халима Хантай мен маған:
— Біз, Әзілхан екеуміз ең алғаш рет осы баспалдақтың қасында кездесіп едік, — деді.
— Сонда ең алғаш рет жүрегім елжіреген еді. Оған да отыз жыл болыпты, — деді.
Біз интернат есігінің алдындағы ұзын отырғышқа тізе бүгіп, жаңағы әңгімені ары қарай жалғастырдық.
— Сенің жүрегің әлі күнге дейін елжіреп тұрады ғой Әзекеңе, —дедім мен. — Әзекенді неге сонша жақсы көресің? Сенен басқа бір әйелдің күйеуінің өліп-өшіп, елжіреп тұратынын көргенім жоқ. Неге сонша бар жаныңды салып тұрасың? Махаббат па?
Халима сәл жымиды.
— Иә, махаббат! — деді содан соң. — Махаббатты біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Түсінген кісіге махаббат деген де бір қасиетті дін ғой. Ғашықтық діні. Әзілхан екеуміз сол дінді мәңгі қабылдағанбыз. Бізге ол діннен өзге қымбат ештеңе жоқ!
Мінеки, Халиманың бір ауыз сөзі, махаббатты дінге теңегені менің есімде мәңгі сақталып қалды.
Содан кейін Халима:
— Бұл қыз күнімде талай отырған скамейкам ғой. Содан кейін тізе бүктім, — деп орнынан тұрды.
Сол жолы Халима мен Әзілхан Жарма ауданындағы Ақ бұзау ауылына барды. Обком машина берді. Қастарына серік етіп, облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Сержан Рамазановты қосты. Олар мені де қастарына ертіп алды.
Ақбұзауда Әзілханның Нұрша деген апасы, Жұмағали деген жездесі балаларымен тұратын. Сол үйге барып түстік.
Ол кісілер Халима алғаш келін боп түскен Әзілханның әкесі Нұршайықтың үйінде тұрады екен. Апаларына қант пен шай, көйлек-көншек, ауыл балаларына базарлық деп кәмпитті үйіп әкеліпті Халима. Халиманың қолынан Алматыдан келген кәмпитті алып, ауылдың барлық баласының ұрттары бұлтындап, қарқ боп қалды.
Ертеңінде біз Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандарын аралауға кеттік. Халима ауылда қалды.
Жарма ауданында "Комсомолдың 50 жылдығы" деген атақты совхоз бар екен. Біздің Семейден алып шыққан басшымыз Сержан ат басын алдымен сол совхозға қарай бұрды. Совхоз директоры Күнсіләм Мұсажанов деген кісі екен. Бізді жылы қарсы алды. Үйіне апарып, шай берді. Сол үйде түсте шай ішіп отырғанымызда бір сөздің ретінде мен Әзілханның Алматыдан Халимамен бірге келгенін, Халиманың Ақбұзауда қалғанын айттым.
Совхоз директоры елең ете түсті.
— "Махаббат, қызық мол жылдардағы" Меңтай апай сол кісі емес пе? — деді Әзілханға қарап.
— Жоқ. Ол басқа адам. Ал Халима деген апайларың сол романның қосалқы авторы, дедім мен күліп.
— Қалай?
— Меңтай бойындағы жақсы қасиеттердің бәрі осы кісіден алынған.
Ол романды директордың өзі де, әйелі де, балалары да оқыпты. Сол семьяның жақсы көретін романдарының бірі екен.
Директор дереу шоферін шақырыпты. Әзілханға "записка" жаздырып алып, шоферді өз "Волгасымен" Ақбұзау аулына жөнелтті.
— Тез жеңгейге жет, біз ол кісіні қонаққа шақырып жатыр деп айт, — деді.
Екі сағатқа жетпей шофер Халиманы совхозға алып келді. Директордың үйіне түсірді.
Халима өзінің жылы жүзімен, жібектей мінезімен, дауыс шығармай, жымиып қана күлкінің ишарасын жасайтын әдетімен, мейірімді көзқарасымен, қарапайым кішіпейілдігімен көрген жұртты бірден баурап әкететін еді. Директордың үй іші тегіс Халимаға тәнті болды.
Бір кезде Күнсіләм:
— Апай, ұят болмаса сұрайын: қай жердің қызысыз? — деді.
Халима әдетінше сәл жымиып алды да:
— Балалар үйінің қызымын, қалқам, — деді. Содан кейін өзінін отыз екінші аштық жылы қалай жетім балалар үйіне түскенін, ал туған жері Абай ауданы екенін айтты.
— Абай ауданының қай жерінен сіз, апай?
— Бұрын Жүреқадыр Құбызды деп аталатын еді. Қазір қалай аталатынын білмеймін, – деді Халима.
— Пәлі, сіз менің өз апам болып шықтыңыз ғой. Мен де Абай ауданынан, деді Күнсіләм өзінің туған апасын көргендей қуанып.
Директор Күнсіләмнің өзі, Роза деген әйелі, Тоғжан деген қызы бәрі Әзілханды сыртынан жақсы көреді екен. Әзілханнын бар кітаптары үйлерінде тұр. Директордың өзі оның газеттерде шыққан мақалаларына дейін үзбей оқып отырады екен.
Сол күні кешке Әзілханның совхоз жұмысшыларымен кездесуі болды. Халықтың жазушыға деген құрметінің күшті екенін мен сонда ғана көрдім.
Кездесуден кейін совхоз Әзілханға шапан кигізіп, ат мінгізді. Маған жазушының жауынгер жолдасы деп алтын сағат сыйлады.
Мен өзімнің жаман сағатымды қалтама тығып, алтын сағатты мақтанып, білегіме тағып алдым. Екі-үш ауданды аралап, Семейге қайта жеткенше білегімнен шешкенім жоқ. Тек үйге келгеннен кейін ғана:
— Мінеки, біздің олжа! деп Хантайдың қолына ұстаттым.
Қайтарда директор Халиманың да қолына әйелдің кішкентай алтын сағатын ұстатты.
Халима:
— Мен Сіздерге құр қол келдім, сіздерден мұндай қымбат сыйлық алуым ұят қой.Және мен отбасында отырған қарапайым әйел ғанамын. Маған не үшін бересіздер бұл сыйлықты? — деп тандана үн қатты.
Күнсіләмнің ойы ұшқыр екен, Халиманың бұл сұрағына табан астында дәлелді жауап қайырды.
— Сізге бұл сыйлықты үш түрлі себеппен ұсынамыз: кешегі Ұлы Отан соғысында қазақ қыздарынан шыққан жауынгерлердің бірі болғандығыңыз үшін. Бұл — бір, — деп ол бір саусағын бүкті. — Халқымыздың сүйікті жазушының жары болғандықтан. Бұл — екі. Ол екінші саусағын бүкті.,— Сонымен бірге Сіз Абай ауданының Құндызды ауылынан шыққан менің туған апайым болғандығыңыз үшін.
Осылай деп ол үшінші саусағын бүкті.
— Туған апасына сыйлық бермесін деген заң жоқ қай елде.
Жиналып тұрғандар Халиманы "Алыңыз, апай!", "Алыңыз!" деп қыстады.
Халима басын шайқады. Содан кейін сағатты бір қолымен ұстап жүріп, бауырларын беттерінен сүйіп, разылық, білдірді. Сағатты білегіне байламай, ақырын ғана қол сумкасына сала салды.
Халима алтын, күміске құмар болған жоқ. Сондықтан да өзіне жұрт сыйлаған алтын заттарды зергерге апарып, қыз, келін, немерелерінің қолына жүзік етіп тастап кетті ғой.
Біз, Хантай екеуміз Халималармен ұзақ жылдар дос болдық. Сонда менің аңғарғаным: Халиманың бойында адам жанын өзіне қарай тартып тұратын көзге көрінбес магнит бар сияқты еді.
Қасында қатар жүргенде кісінің қадірін біле бермейсің ғой. Сол кісіден көз жазып қалғанда ғана "қап!" деп саныңды соғасың. Қазақтың "Асқар тау алыстаған сайын биіктей береді" дейтіні сондықтан болар.
Халиманың өмірден өткеніне үш жылдай болып қалды. Бұл үш жылда Халиманың қандай қасиетті кісі болғанын көп жұрт білді. Халиманың бейнесі оны көргендердің көз алдынан кетпейді, көрмегендерді Жібек пен Баян сұлу сияқты өзіне тартып, ынтықтыра беретін өшпес үлгі болып қалды, қала береді деп ойлаймын.
Сол сапардан кейін Ақбұзаудағы Халиманы алып, қайтадан Семейге келдік. Ертеңінде Әзілхан Семей облыстық партия комитетінің бірінші және екінші хатшылары Аманолла Рамазанов және Савельевпен бірге Абай ауданына кетті. Халима біздің үйде қалды.