Сотталғандарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану.
ҚР ҚАК-нің 16-бабының 1-тармағына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын, сондай-ақ ақыл-есінің кемістігі болуы мүмкін, бұзылуынан зардап шегуші адамдарға атқарушы мекемелер соттың шешімі бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданады.
Сот алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын, сондай-ақ ақыл-есінің кемістігі болуы мүмкін, бұзылуынан зардап шегуші адамдарға үкім шығарғанда жазаның орнына, оларға медициналық сипаттағы мәжбүрлеп ем жүргізу шараларын тағайындайды.
Егер, бас бостандығынан айыруды өтеу кезінде сотталушының алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратыны анықталса, жазалардың аталған түрлерін атқарушы мекеменің әкімшілігі медициналық мәжбүрлеп ем жүргізу жайлы мәселені көтеріп, мекеме бастығы сотқа мұндай сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұсыныс жібереді.
Мәжбүрлеп ем жүргізу арнайы түзеу мекемелерінде жүзеге асады. Бұл мекемелер ҚАК-нің 97-бабының 2-тармағына сәйкес құрылады. Бұл мекемелердің медициналық бөлімдері емдеуді жүзеге асыруға қажет мамандармен жасақталады.
Кем дегенде алты айда бір рет аурудың жағдайын тексеру үшін психиатр дәрігерлердің қабылдауы өтуі керек. Сотталған аурулардың жағдайларына байланысты емдеуді жалғастыру, тоқтату немесе өзгерту сияқты шешім қабылданады. Егер комиссия емді тоқтату немесе өзгерту туралы шешімді қарастырмаса, онда сотқа емді жалғастыру жайлы қорытынды парағын жібереді. Бірінші мәжбүрлеп ем жүргізуді ұзартуды емді бастаған күннен бастап алты айдан соң, ал кейінгі ұзартулар жыл сайын жүргізіледі. Науқастың жағдайы түбегейлі өзгеретін болса, онда бекітілген мерзімге қарамай медициналық коммисия тексеруді жүргізеді.
Мәжбүрлеп ем жүргізу сотпен медициналық коммисияның ұсынысы бойынша тоқтатылады. Осы сияқты ауруларды бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталғандар арасынан да анықтауға болады. Бұл жағдайда сот аталған және өзінің психикалық жағдайы бойынша қауіп келтірмейтін адамдарды емдеу немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарында көзделген тәртіппен психиатриалық-неврологиялық мекемелерге жіберу туралы мәселені шешу үшін денсаулық сақтау органдарына қажетті материалдар жібере алады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 90-бабына сәйкес егер сотталған қоршаған ортаға қауіп тудыратын болса, онда оған емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емделу тағайындалуы мүмкін.
ҚР ҚАК 16-бабының 4-тармағына сәйкес «Бас бостандығын шектеуге, қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға және туберкулездің ашық түрімен ауыратын немесе соз ауруынан емделудің толық курсынан өтпеген, сондай-ақ ВИЧ/СПИД жұқтырған сотталғандарға жазалардың аталған түрлерін атқарушы мекеме медициналық комиссияның шешімі бойынша міндетті емдеу қолданады».
ҚР Қылмыстық-атқару кодексі міндетті емдеу ұғымын енгізеді. Міндетті емдеу бас бостандығынан айыруға, қамауға алуға, бас бостандығын шектеуге сотталған адамдардың туберкулездің ашық түрімен ауыратын немесе соз ауруынан емделудің толық курсынан өтпеген, сондай-ақ ВИЧ/СПИД жұқтырған адамдарға қатысты тағайындалады. Мұндай ауруы анықталған сотталған медициналық комиссияға жіберіліп, олардың шешімімен сотталғандарға міндетті емдеу тағайындалады. Есерілетін жай, осы аталған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қоршаған адамдарға, соның ішінде түзеу мекемесінің қызметкерлеріне, басқа сотталғандарға, мекемеге келетін басқа адамдарға қауіп төндіретіндігінен ғана тағайындалып отыр. Емдеу қажеттілігі сотталған ауру жазасын өткергеннен соң да, ауру таратушы ошаққа айналмауы үшін туындап отыр.
Міндетті емдеу медициналық комиссияның шешімі бойынша ғана тоқтатылады, ал оған дейін міндетті емдеу жалғастырыла береді. Егер сотталған емі аяқталғанға дейін босатылатын болса, онда тұрғылықты жерінің денсаулық сақтау органдарына емді жалғастыру жайлы ақпарат жіберіледі.
Бас бостандығын шектеуге, қамауға алуға, бас бостандығынын айыруға сотталған адамдарға мәжбүрлеп және міндетті емдеу қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті органдарында жүзеге асады. Ал, қажет жағдайда қамауға алуға, бас бостандығынын айыруға сотталған адамдарды емдік түзеу мекемелеріне ауыстырады. Бас бостандығын шектеуге сотталғандар емді түзеу орталығының денсаулық сақтау мекемелерінде жалғастыра алады.