Педагогикалық іс-әрекеттің сипатына байланысты оның стильдері

Педагогикалық іс-әрекеттің стильдері туралы неғұрлым толық нақты көріністі А.К.Маркова мен А.Я. Никонова ұсынды. Осы авторлардың көрсетуінше, мұғалім еңбегіндегі стильдерді ажыратудың негізіне келесі негіздемелер жатқызылған: стильдің мазмұндық сипаттамалары (мұғалімнің өз еңбегінің процесіне немесе нәтижесіне бағдарлануға басымдылық беруі, мұғалімнің өз еңбегіндегі бағдарланушы және бақылаушы-бағалаушы кезеңдерін күшейтуі); стильдің динамикалық сипаттамалары (икемділік, тұрақтылық, ауысқыштық және т.б.); нәтижелілік (мектеп оқушыларындағы білім мен оқу дағдыларының деңгейі және оқушылардың пәнге қызығушылықтары). Осы негізде авторлар қазіргі заман мұғалімін сипаттаушы даралық стильдердің төрт түрін бөледі.

Эмоционалды–импровизациялық стиль (ЭИС). ЭИС-ті мұғалімді оқыту процесіне басымырақ бағдарлану ажыратады. Мұндай мұғалім жаңа материалды логикалық, қызықты түсіндіреді, алайда түсіндіру процесінде көп жағдайда оның оқушылармен кері байланысы болмайды. ЭИС-ті мұғалім сауалдама жүргізу барысында оқушылардың көп санымен, негізінен ол күшті, өзін қызықтыратын оқушылармен жұмыс істейді, олардан тез қарқынмен жауап алып, формалды емес сұрақтар қояды, бірақ оқушылардың өздерін аз сөйлетеді, олардың өз бетінше жауап құрастыруын тоспайды. ЭИС-ті мұғалімге оқу-тәрбиелеу процесін сәйкес жоспарлауда жеткіліксіздік тән: сабақта өту үшін ол неғұрлым қызықты материалды таңдайды; қызықтылығы аз, бірақ маңызды материалды шәкірттердің өз бетімен талдауларына қалдырады. ЭИС-ті мұғалім іс-әрекетінде оқу материалын бекіту мен қайталау, шәкірттердің білімін бақылау жеткіліксіз орын алады. ЭИС-ті мұғалімді, оқытудың саналуан әдістерінің үлкен арсеналын пайдалану ерекшелендіреді. Ол ұжымдық талқылауды жиі қолданады, шәкірттердің спонтанды пікір айтуларын ынталандырады. ЭИС-ті мұғалімге ішкі түйсіктік тән, ол сабақ үстіндегі өзінің іс-әрекетінің ерекшеліктері мен нәтижелілігіне талдау жасай алмауынан көрінеді.

Эмоционалды-әдісқойлық стиль (ЭӘС). ЭӘС-ті мұғалім үшін оқу-тәрбие процесін сәйкес жоспарлау, жоғары шапшаңдық, рефлексивтіліктен ішкі түйсіктің басымдылығы тән. Оқытудың процесі мен нәтижесіне бірдей бағдарлана отырып, мұндай мұғалім оқу-тәрбиелеу процесін сәйкес жоспарлайды, бүкіл оқу материалын кезеңдеп өңдейді, шәкірттердің барлығының (күштілерінің де, әлсіздерінің де) білім деңгейін мұқият қадағалайды, оның іс-әрекетінде үнемі оқу материалын бекіту мен қайталау, шәкірттердің білімін қадағалауорын алады. Мұндай мұғалім жоғары шапшаңдықпен ерекшеленеді, ол сабақ үстіндегі жұмыс түрін жиі ауыстырып отырады, ұжымдық талқылауды қолданады. Оқу материалын өтуде ЭИС-ті мұғалім қолданған бай әдістемелік тәсілдер арсеналын қолдана отырып, ЭӘС-ді мұғалім соңғыға қарағанда балаларды сыртқы тартымдылықпен белсендендіру орнына, оларды өз пәнінің ерекшелігімен біржолата қызықтыруға ұмтылады.

Пайымдаушы-импровизациялық стиль (ПИС). Пайымдаушы-импровизациялық стильді мұғалімге оқыту процесі мен нәтижесіне бағдарлану, оқу-тәрбиелеу процесін сәйкес жоспарлау тән. Эмоционалдық стильді мұғалімдермен салыстырғанда пайымдаушы-импровизациялық стильді мұғалім оқыту әдістерін таңдау мен түрлендіруде аз ойлап тапқыштық көрсетеді, жоғары қарқынды жұмысты үнемі қамтамасыз ете алмайды, ұжымдық талқылауды сирегірек пайдаланады, оның шәкірттерінің сабақ барысындағы спонтанды пікір айтуының салыстырмалы уақыты эмоционалды стильді мұғалімдерге қарағанда азырақ. Пайымдаушы-импровизациялық стильді мұғалімдер, әсіресе сауалдама барысында өзі аз сөйлейді, шәкірттерге жанама түрде (нақтылау, жауап беруге көмектесу т.б. арқылы) әсер ете отырып, жауап берушіге жауабын жете айтуға мүмкіндік беруді қалайды.

Пайымдаушы-әдісқойлық стиль (ПӘС). Оқыту нәтижесіне басымырақ бағдарлана отырып және оқу-тәрбие процесін сәйкес жоспарлай отырып, пайымдаушы-әдісқойлық стильді мұғалім педагогикалық іс-әрекет құралдары мен тәсілдерін пайдалануда ескішілдік танытады. Жоғары әдісқойлық (оқу материалын бекітудің, қайталаудың, оқушылардың білімін қадағалаудың жүйелілігі) оқыту әдістерінің шағын, стандартты жиынын пайдаланумен, оқушылардың қайта жаңғыртушы іс-әрекетіне басымдылық берумен, ұжымдық талқылауды сирек жүргізумен үйлеседі. Сұрастыру процесінде пайымдаушы-әдісқойлық стильді мұғалім оқушылардың аз санымен жұмыс істейді, әлсіз оқушыларға ерекше назар аудара отырып, әрқайсысына жауап беруге көп уақыт береді. Пайымдаушы-әдісқойлық стильді мұғалімге жалпы рефлексивтілік тән.

Тақырыбы: Сабақтың психологиялық талдауы педагогтың проективті-рефлексивті іскерліктерінің бірлігі ретінде.

Жоспары: 9.1.Педагог іс-әрекетіндегі сабақтың психологиялық талдауы.

9.2.Сабақты психологиялық талдау деңгейлері (кезеңдері).

9.3.Сабақты психологиялық талдауының схемасы.

Лекция мәтіні:

9.1.Педагог іс-әрекетіндегі сабақтың психологиялық талдауы.

Педагогикалық іс-әрекет, бұрыннан белгілі болғандай, түрлі формаларда жүзеге асырылуы мүмкін, солардың ішінде ерекше орынды оқыту процесінің негізгі ұйымдастырушы бірлігі - сабақ (дәріс) алады. Мұнда мұғалім мен шәкірттердің біріккен іс-әрекеті өтеді. Сабақ талдауы осы іс-әрекетті оған қатысушылардың, ең алдымен мұғалімнің сезінуінің, объективациялауының маңызды тәсілдерінің бірі болып табылады. Сабақты талдауға жеткілікті көп психологиялық, педагогикалық және әдістемелік жұмыстар арналған. Зерттеушілер сабақ талдауының көп объекттілігін, мұғалім тарапынан (оқытушы) педагогикалық өзара әрекеттесудің барлық жақтарын, оның субъектілері мен олардың іс-әрекеттерінің ерекшеліктерін есепке алудың маңыздылығын атап көрсетеді.

Сабақты мұғалім (оқытушы) позициясынан қарастырайық, яғни сабақтың психологиялық талдауы оның өзіне не береді, осындай талдау жүргізу оның оқытушылық іс-әрекетінің тиімділігіне қалай әсер ететінін, осы тұста мұғалімнің, оқытушының проективті және рефлексивті іскерліктері қалай көрінетін позициядан қарастырайық. Кез-келген сабақ талдауы комплекстік қарастыру болып келеді, мұнда психологиялық, педагогикалық, әдістемелік және пәндік аспектілер бір-бірімен тығыз байланысты деген қағида бастапқы болып табылады. Осы аспектілердің біреуін, мысалға психологиялық аспектіні бөліп алу, шарты түрде болады және тек ғана аналитикалық (теоретикалық) тұрғыда ғана қажет.

Тұтастай оқытуды жақсартуға ықпал ете отырып, сабақтың талдауы ең алдымен осы сабақты, дәрісті жүргізуші мұғалімнің өзін-өзі тануы, өзін-өзі дамытуы үшін үлкен маңызға ие. Мұндай талдау процесінде және нәтижесінде мұғалім өз сабағына сырттан қарауға және оны тұтастай және оның компоненттерін жеке-жеке қайта ойлануға, бағалауға мүмкіндік алады. Сабақтың психологиялық талдауы мұғалімге өзінің оқытуда, сыныппен өзара әрекеттесуде пайдаланатын тәсілдерін, жұмыс амалдарын ұғыну үшін өз теоретикалық білімдерін қолдануға мүмкіндік береді. Өзін педагогикалық іс-әрекет субъекті ретінде, өзінің мінез-құлқын, өзінің мықты және әлсіз жақтарын ұғыну мұғалімнің пәндік-тұлғалық рефлексия мен проективті-рефлексивті қабілеттерінің көрінуі мен нәтижесі болып табылады.

Сабақтың психологиялық талдауының пәні көп қырлы: бұл мұғалімнің психологиялық ерекшеліктері (оның тұлғасының, оның нақты сабақ кезіндегі іс-әрекетінің), оқыту процесінің заңдылықтары; шәкірт тұлғасының, жалпы сыныптың психологиялық ерекшеліктері мен заңдылықтары (белгілі бір білімдерді меңгерудегі, іскерліктер мен дағдыларды қалыптастырудағы іс-әрекет). Бұл, сонымен қатар, мұғалім мен шәкірттердің қарым-қатынас заңдылықтары, психологиялық ерекшеліктері, ол оқу пәнінің өзгешелігімен, яғни мұғалім беретін және шәкірттер меңгеретін материалдардың өзгешелігімен және т.б. шартталған. Сабақтың психологиялық талдауы мұғалім бойында талдаулық қабілеттерді, жобалаушы іскерліктерді қалыптастырады, танымдық қызығушылықтарды дамытады, оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық проблемаларын өз бетінше зерттеудің қажет екендігін анықтайды. Күрделі педагогикалық құбылысты бақылай алу іскерлігі, оларды талдау, дұрыс, психологиялық негізделген қорытынды жасау мұғалім үшін оның кәсіби-педагогикалық шеберлігін жетілдірудің сенімді құралы болып табылады.

Наши рекомендации