ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бергі қазақ әдеби тілі

1. Әдеби тілдің нормаланып, стильдерінің саралануы

2. Жазу жүйесін жетілдіру мәселесі

3. Көркем әдебиет стилінің дамуы

4. Әдеби тілдің публицистикалық, ғылыми-көпшілік, ресми стильдің дамуы

Тірек сөздер: терминология, нормалану, стильдер, ғылыми ұғым, термин, аударма, атау сөз.

Қазақ әдеби тілі лексикасын нормаландыру әрекеттері 20-жылдары жасалынса да, ол өте баяу жүргізілді. Алғашқы оқу-педагогикалық, ғылыми-техникалық салалардың терминдері жасала бастады.

А.Байтұрсыновтың «Тіл құралы»-қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш грамматика. А.Байтұрсынов «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті беттерінде жарияланған мақалаларында әріп, емле, дыбыс, ноқат, үтір, т.б. атауларды ғылыми ұғым ретінде қолданып, қалыптастырған. Лингвистикалық терминдерді пайдалануда А.Байтұрсынов екі жолды көрсетеді; ол-ана тілінің бар мүмкіншілігін пайдалану және орыс тілінен әдеби тілдің дамуына керекті жаңа ұғымды белгілеу үшін атау сөздерді қабылдау.

Бұл кезеңде көркем әдебиет, ғылыми-публицистикалық, ресми іс-қағаздар стилі одан әрі жүйеленіп, дамыды. Көркем әдебиет стилі бұрын болмаған роман, повесть, драматургия, сын жанрларының пайда болуымен жетіле түсті. Ресми іс қағаздарының тіліне тән құбылыс – бір мағынаны, ұғымды атау үшін синоним, вариант сөздерінің қолданылуы болды: мыс. Арыз-өтініш, жоспар-план, үзіліс-демалыс, басшы-бастық т.б.

1911 жылдан бастап 1915 жылға дейін Троицк қаласында «Айқап» журналды, 1911 жылы «Қазақстан» газеті Бөкейде, Ордада шығып тұрды. Бірақ Қазан төңкерісінің алдында және кейіннен жарық көрген жалпы саны 65-ке жуық мерзімді басылымдардың ішінде ХХ ғасырдың басындағы публицистикалық стильдің бет-бейнесін көрсететін бірден-бір басылым – «Қазақ» газеті болды. Ұлттық, жалпыхалықтық газет шығаруды армандаған қазақ оқығандары, оның ішінде кейін «Қазақ» газетінде екінші тұлға ретінде жұмыс істеген М.Дулатов та бар, 1905 жылы Петерборда башқұрттың «Ұлфат» газетінің қосымшасы ретінде тұңғыш мерзімді басылым – «Серке» газетін шығарды. Бірақ «Серке» көп ұзамай жабылады. Қазақ зиялылары «Қазақтардың күнделікті мұқтажын анықтап, оны өкімет алдына қойып отыру үшін» қазақ тілінде газет шығару мәселесін күн тәртібінен ешқашан түсірмеді, үнемі патша өкіметінің алдына өтініш жолдаумен болды.

Ресми өкімет орындары жан-жақты талап қылған қазақ зиялыларының өтінішін қабылдауға мәжбүр болды. Сөйтіп, 1910 ж. Троицк қаласында «Айқап» журналын шығаруға рұқсат берді.

«Семипалатинский листок» газеті 1906 жылғы 6-июльдегі нөмірінде былай деп жазды: «17 октябрь қарсаңында және кейін де Бөкейханов қырғыз (қазақ - Б.М.) тілінде газет шығармақ болып, қырға кетті...». Бөкейхановтың қос қанаты болған А.Байтұрсынов пен М.Дулатов бұл кезде ел ішінде танымал еді. Бірақ бұл кезде танымал тұлғалардың жағдайлары да онша мәз емес еді. Өйткені 1909 жылы Ә.Бөкейханов Самараға, 1910 жылы А.Байтұрсынов Орынборға жер аударылады да, М. Дулатов 1911 жылы Семей түрмесіне жабылады.

Кейіннен осы қазақ оқығандарының өтініші қанағаттандырылып, 1913 жылы қаңтар айында Орынбор губерниясының губернаторы генерал-лейтенант Сухомлинов қазақ тілінде газет шығаруға рұқсат берді. Бұл құжаттың нұсқасы: «Уведомляю Ваше превосходительство, что редактор газеты «Казах» Ахмет Байтурсынов начал издавать свою газету 2-го февраля 1913 года имея в своем распоряжении капитал лишь в сумме 750 рублей, в первый год издания газеты подписчиков было свыше 3000, на другой год издания менее трех тысяч, а на третий – число подписчиков уменьшилось. Первое время газета выходила один раз в неделю, а за тем два раза в неделю, а за сокращением подписчиков вновь начала выходить один раз» (Орынбор облыстық архиві,70-қор,4-тізім,449-іс,110-б.).

Кезінде М.Әуезов аталмыш басылым жайында былай де­ген-ді: “Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған “Қазақ” газеті болатын”, — деп жазған еді. Ал газеттің тұңғыш санындағы бас мақалада оның шығарушысы А.Байтұрсынов: “Аталы жұртымыздың аудан­ды ұлтымыздың аты деп, газетамыздың есімін “Қазақ” қойдық”, — деп жазды. 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында шығып тұрған “Қазақ” газеті өз кезінің кішігірім энциклопе­диясы болды. Өйткені өз заманында бүгінгі ондаған басы­лымдар атқарған қызметті жалғыз атқарды». (Б.Момынова. «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика.-Алматы: Арыс,1998.14-б.)

”Қазақ” газеті араб алфавитімен шығып тұрды. Бірақ бұл алфавит оған дейін шығып тұрған басылымдардың қай-қайсысынан да өзгеше еді. Өйткені ол газеттің бас шығару­шысы А.Байтұрсынов “түрлеген”, жетілдірген жазу үлгісімен (“Байтурсуновский алфавит”) жарық көрді. Ахаң өзіне дейінгі қазақ жұртының пайдаланып келген араб жазуының қазақ тілі үшін қолайсыздықтарының бар екенін дәлелдеп, жазуды жетілдіру мақсатында “дәйекші” енгізді.

Оның графика саласындағы бұл табысына ғалым Р. Сыздықо­ва былайша баға берді: “Әрі қарайғы ізденістерінде араб графикасын қазақ жазуы үшін былайша лайықтап алуды ұсынады: 1) араб алфавитіндегі жуан дыбыстарының таңбаларын алмау, 2) қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ү, у дыбыстарының әрқайсысына таңба белгілеу, 3) қ, ғ дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін (яғни қазіргі ә, е, і, у дыбыстарымен айқындалатындығын) білдіру үшін сөздің алдынан дәйекші таңба қою. Сонымен, 1912 жылдардан бастап А.Байтұрсыновтың осы алфавитті негізге алып жасаған жаңа жазуы (ол “Жаңа емле” деп аталады) іс жүзінде қолданыла бастады” (Р.Сыздықова. Ахмет Байтұ­рсынов. Өмірі мен қызметі туралы//А.Байтұрсынов. “Тіл тағлымы”.- Алматы, 1992, 9-б.).

«Қазақ» газетінің тілі, жазу жүйесінің жеңілдігі, жетілгендігі туралы сөз қозғағанда, оның бетіндегі барша мақала, хат-хабарлар тілінің сөйлеу тіліне жақын, бұқара халыққа түсінікті, ұғынықты түрде берілгенін айта кету артықтық етпейді.

...Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары о бастан-ақ қазақ әдеби тілінің (оқығандар тілінің – Б.М.) қабырғалы қазақ тілінен, яғни қалың жұртшылықтың (көпшілігі хат танымайтын) ауызекі тілінен ауытқып, алшақтап кетпеуіне көп көңіл бөлді....Халық тілі мен ғылым тілін (яғни оқығандар тілін – Б.М.) жақындастырудың жолы ретінде термин сөзді қалың көпшілікке түсінікті халық тілінен алуды ұсынды» (Б.Момынова. «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика. - Алматы:Арыс,1998,22-23-бб.).

Бұл газет бетінде қоғамдық-саяси лексиканың мол қоры түзілген. Олардың ішінде әлеуметтік-тарихи категориялар мен ұғым атаулары, мемлекеттік құрылыс атаулары, заң, закон, сотқа, саясатқа, әскери, соғыс және қару-жарақ, дінге, оқу-білімге, халық ағартуға қатысты атаулардың мол қоры бар. Газет бетінде жаңа атаулар, жаңа қолданыстар өте көп және олардың көбі А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейхановтар ұсынған ұтымды қолданыстар болды: жосық – программа (учебная программа), баспа сөз, ішкі істер миинистрі, прение – сөз жарысы, жабық мәжіліс, бастауыш мактаб, ана тілі, дайарлық бөлімі, одақтас мемлекеттер, дипломатия - ел тарту, оқу құралдары, оқу кітаптары, агрономия – егін ғылымы, сорняк – жат шөп, темір жол, ауыз куәлік, ауыз хабар, соғыс ғылымы, сатсиализм жолы, жерлі автономиа, жүргінші пойыз, елұран, елтаңба, т.б.

«Қазақ» газеті - қазақ халқының мәдени тарихында баға жеткісіз қызметімен ерекшеленеді. Әдеби тіл нормаларының нығаюы жолында айрықша қызмет еткен басылым. Барлық газеттері секілді бұл газеттің бетінде әдеби тілдің барлық стильдері әрі қарай қалыптасу жолынан өтті, жүйеленді; әсіресе емлені жүйелеудің тиімді жолдары ұсынылды (А.Байтұрсынұлы мақалалары негізінде); сондай-ақ кірме сөздерді, аса көп мөлшерде тілге енген терминдерді қолданысқа түсірудің алғашқы тиімді жолдары бегіленді; әдеби тілдің барлық стильдеріне тән материалдардың кең таралуына, олардың қалыпты қызмет атқаруына қолайлы жағдай орнықты. Газеттің практикалық тұрғыдан пайдалы жағы одан да көп болды. Қазақ мектептеріндегі оқуды ретке келтіру, жосықты оқу жүйесіне көшудің қажеттігі үлкен проблема деңгейінде көтерілді, оқулықтар жазудың қажеттілігі маңызды мәселе ретінде әңгіме болды.

«Қазақ» бетіндегі көркем әдеби стиль үлгілері (өлеңдер, прозалық шығармалар), ғылыми-көпшілік стиль материалдары (М.Тынышпаев мақалалары, Р.Мәрсеков сындары, Ә.Бөкейхановтың танымдық материалдары, А.Байтұрсыновтың мақалалары), эпистолярлық стиль нұсқалары (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Құлжанова, М.Дулатов, т.б. хаттары), ресми іс-қағаз үлгілері (Г.Дума заңдарының нұсқалары, пошта тасымалы туралы заң үзінділері, т.б.) және публицистикалық стильдің ең озық үлгілері жарияланды. Газеттің ішкі және сыртқы құрылымы реттелді, газет мақалаларының тақырыптарын берудің озық үлгілері қалыптасты. Уақыт өте келе бұлардың бәрі де кейінгі қазақ газеттеріне үлгі болды. Газет рубрикаларының, бас мақалаларының орны мен маңызы ерекше болатыны түсінікті бола түсті.

Сол кез үшін энциклопедия дәрежесінде қызмет атқарған «Қазақ» газетінің тілі лексикалық жақтан зерттеле бастады (Б.Момынованың, Г.Ерназарованың, т.б. еңбектері), бірақ грамматикалық тұрғыдан әлі зерттеле қойған жоқ.

Осы кезеңдегі түрлі оқу орындарының ашылуы, халықты сауаттандыру жұмысы, газет-журналдар тиражының көбеюі, көркем әдебиеттің түрлі жанрларының дамуы, аударма ісінің жандануы, ұлттық театрлардың құрылуы, радиохабарлардың қазақ тілінде берілуі, әр түрлі ғылым салаларында оқулықтардың жазылуы – осылардың бәрі қазақ әдеби тілін жаңа сапаға көтеріп, оның оның қолдану аясын кеңейте түсті.

Әдебиеттер:

1. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. А., 1960

2. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы. А., 1973

3. Айтбаев Ө. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. А., 1988

4. Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілі. Қ., 2004

5. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы,1999.

6. Шәкәрім. Шығармаларының жинағы. – Алматы,1998.

7. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. - Алматы:Қазақ энциклопедиясы,1998.

8. Қалиев Ғ., Боранбаева Г. Қазақ әдеби тілінің тарихы (Хрестоматия). – Алматы,2000

Наши рекомендации