Азіргі заман білім жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары 7 страница
Оқыту-білім берудің негізгі жолы. Оқыту оқытушы мен оқушылардың біріккен іс-әрекеттері, сондықтан да ол екі жақты біртекті процесс; біріншіден, оқытушы оқушыларға білім беріп, іскерлікке, дағдыға үйретеді, екіншіден, оқушы таным міндеттерін жете түсініп, дағдыны игереді және оларды өмірде қолданады.
Педагогикада тәрбие, білім беру ұғымдары бірыңғай және тұтас процесс болып қарастырылады. Оқыту барысында білім беру мақсаты іске асырылады. Олай болса, оқытудың білім беру және тәрбиелік мәні бар. Оқыту барсында оқушыларға теориялық білім мен тәрбие беру бір-бірімен ұштастырыла жүргізіледі.
Педагогикалық ұғымдардың бірі- тәрбие.Тәрбие жайында осы уақытқа дейін әр түрлі теориялар мен пікірлер айтылып келеді. Тәрбиені ересек адамдардың балаларға ықпал жасауы деп түсіндірушілер де бар. Бұл жағдайда бала пассивті объект түрінде қарастырылады. Ол педагогикалық процестің субъектісі бола алмайды, яғни, өздігінен ойланып, белсенді іс-әрекет жасау рөлін атқармайды. Бұдан тәрбиеге бір жақты анықтама беру байқалады.
Тәрбие баланың өздігінен табиғи және еркін дамуы үшін жасалатын жағдай деп анықтама берушілер де кездеседі. Бұл жерде балаға толық ерік беру мәселесіне ерекше көңіл аударылып, ал тәрбиенің рөлі бүркемеленіп, елеусіз қалып отыр.
Кейбіреулер тәрбиені практикалық тұрғыдан бір жақты жалаң тәжірибеге сүйеніп түсіндірмекші. Мұндай пікірді қуаттаушылар прагматистер. Олардың айтуынша тәрбие баланы тұрмыс қалпына бейімдейді, сондықтан ол өзінің күнін көруге пайдасы бар білімді, іскерлікті және дағдыны меңгеруі қажет. Осы жағдайда бала жеке басының қамын ойлап, өзімшілдік мүддесін қанағаттандырады деп дәлелдейді.
Педагогика ғылыми тәрбиені қоғамдық құбылыс, қоғамдық категория, өйткені тәрбиесіз өмір сүре алмайтындығын философия тұрғысынан қарастырып түсіндіреді. Егер қоғам тәрбиеден қол үзсе, онда адамзаттың мол тәжірибесі мәңгілік елеусіз қалып, тәрбие ілгері баспай, бір жерде тұра берген болар еді деді В.И.Ленин. Сондықтанда Ленин тәрбиені жалпы және мәңгілік категория деп тұжырымдайды.
Тәрбие жайында К.Д.Ушинский:»... мектеп, тәрбиеші және ұстаздар-адамның тіпті жалғыз ғана тәрбиешілері емес, оның сонша күшті, ал мүмкін және әлде қайда күшті тәрбиешілері: табиғат, қоғам, халық... және оның тілі болады»,-деді.
Ушинскийдің түсінуі бойынша бұл факторлардың әсері педагогикалық талаптардан басқа себептерге байлнысты.
«Тәрбие» терминін әрдайым тар мағынада «тәрбиеші тәрбиелейді, кең мағынада өмір тәрбиелейді» деп қолданады. Мұның тәрбие жайындағы жалпы ұғымды анықтауда зор мәні бар.
Тар мағынада тәрбие деп мұғалімнің және тәрбиешінің ата-аналармен бірігіп, мақсатты түрде жүргізетін тәрбие жұмыстарын айтады. Әрине, тәрбие жұмыстарымен бір ғана мұғалім және ата-аналар шұғылданып қоймайды. Тәрбие-көптің ісі. Сондықтан тәрбие мәселелерімен кәсіподақ ұйымдары, қоғамдық мекемелер, еңбек ұжымдары және бүкіл жұртшылық болып айналысады. Олай болса тәрбиені кең мағынада табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата-аналардың, бүкіл бұқараның тұлғаның дамуы мен қалыптасуына ететін ықпалы деп түсіну керек.
Тәрбие арқылы жеке адамның дүниеге ғылыми-материалистік көзқарасы, мінез-құлықтық, эстетикалық және осы сияқты қасиеттері қалыптасады, ол еңбек етуге ынталы қоғамның белсенді мүшесіне айналады.
4. Педагогика өзінің даму кезеңінде тәрбие мен білім беру жайлы жалпы ғылыми тарауларға бөліне бастады. Мысалы, оларға педагогиканың жалпы негіздері, тәрбие теориясы, оқыту және білім беру теориясы- дидактика т.б. жатады.
Тәрбие мен оқыту ісінің одан әрі дамуына байланысты педагогика ғылымының түрлі салалары: мектепке дейінгі педагогика, мектеп педагогикасы, педагогика тарихы, дефектология және пәндерді оқыту әдістемесі, кәсіптік-техникалық білім беру педагогикасы, жоғары мектеп педагогикасы, әскери педагогика, мәдени-ағарту қызметкерлерінің педагогикасы, түзеліс-еңбек педагогикасы пайда болды.
Мектепке дейінгі педагогикада үйелмендегі, балалар бақшасындағы, демек, мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесін зерттейді.
Мектеп педагогикасы кіші, орта және жоғары жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытудың мақсаттары мен міндеттерін, әдістері мен принциптерін, формаларын, мазмұнын және нәтижесін зерттейді.
Педагогика тарихы- педагогиканың өз бетінше жеке бір саласы. Педагогика тарихы тәрбиенің шығуы мен дамуының заңдылықтарын зерттейді. Сондықтан біздің заманымыздағы педагогикалық теория мен практиканы дамыту үшін өткен кезеңдердегі педагогикалық бай мұраларды терең зерттеп, шығармашылықпен қолданудың маңызы өте зор. Міне, осы жағдайда болашақ ұстаздар оқыту мен тәрбие мәселелерін озат педагогтардың мұраларымен байланыстыра шешетін болады.
Дефектология- педагогика ғылымының арнаулы саласы. Дефектология көру, есту, сөйлеу мүшелеріне және ақыл-ойында табиғи кемістігі бар балаларды оқыту, тәрбиелеу мәселелерін зерттеп жетілдіреді. Дефектология төрт салаға бөлінеді: сурдопедагогика-саңырау, мылқау және керең балаларға, тифлопедагогика- соқыр балаларға, олигофренопедагогика- ақыл-ойы кеміс балаларға, логопедия- тілінің кемісі бар балаларға білім және тәрбие беру проблемаларын зерттейді.
Педагогикалық ғылымдар жүйесінде бастауыш мектептегі оқыту, жоғары сыныптарда жеке пәндерді оқыту әдістемесі едәуір жетіле түсті. Педагогика ғылымдарының бұл саласы оқытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін, принциптері мен мазмұнын зерттейді. Пәндерді оқытудың әдістемесі- оқыту мен білім беру теориясына- жалпы дидактикаға сүйенеді. Дидактика- педагогиканың негізгі тарауларының бірі.
Дидактика оқытудың заңдылықтарын қарастырады. Сондықтан ол «нені оқыту керек», «қалай оқыту керек», «не үшін оқыту керек» деген сұрақтарға жауап беруі тиіс. Жалпы дидактиканың негізгі міндеттері- бұл оқыту процесінің заңдылықтарын ашу, білім берудің мазмұнын анықтау, оқытудың тиімді әдістері мен ұйымдастыру формаларын іздестіру, жастардың таным ынтасы мен қабілетін дамыту, дүниеге көзқарасын қалыптастыру, оларды өмір практикасына дайындау проблемаларын зерттеп шешу.
Педагогикалық ғылымдар жүйесінде пайда болған жоғары оқу орындарының педагогикасы. Жоғары мектептерде жастарды оқыту мен тәрбиелеу проблемасы жайында ғылыми еңбектер, оқу құралдары шыға бастады. 1969 жылы аспиранттар және жоғары мектеп оқытушылары үшін «Педагогика высшей школы» кітабы, ал 1972 жылы «Основы вузовской педагогики» оқу құралдары баспадан шықты. Әрине жоғары мектеп педагогикасы жаңа және жас ғылым. Ол келешек мұғалімдерді оқыту мен тәрбиелеу, оларды жоғары дәрежелі мамандыққа даярлаудың тиімді жолдарын іздестіріп зерттейді.
Педагогикалық ғылымдар салалары өзара бірыңғай байланысып, қисынды бір ізділікпен дамиды.
5. Педагогика ғылымы басқа ғылымдармен тығыз байланыста дамиды. Өйткені, адамды жан-жақты және жарасымды етіп тәрбиелеу проблемасын шешу үшін педагогика басқа ғылымдардың нақты мағлұматтарына сүйенеді. Олардың бірі- философия ғылымы. Философия табиғат пен қоғам дамуының жалпы заңдарын, түбегейлі мәселелерін зерттейді, өмір шындығын танып білу жөніндегі көзқарастың негізгі жүйесі болып табылады, адамды күшті иедялық сенімге, айқын түсіне білушілікке тәрбиелейді.
Тәрбиенің мақсаттары, халыққа білім берудің мазмұны, педагогикалық процесті ұйымдастыру сияқты проблемаларды зерттеудің барысында, педагогика ғылымы алдын-ала болған нақтылы әдіснамалық жағдайлардың негізіне сүйенеді.
Педагогика психологияментығыз байланысты. Педагогика тәрбие мен дидактика мәселелерін әр уақытта психологиялық ғылыми мәліметтерге сүйене отырып зерттейді. Егер психология психикалық процесті (түйсік, қабылдау, зейін, ес, ойлау және т.б.) және адамның дербес ерекшеліктерін (темперамент, мінез, қабілет), демек, адам психикасының даму заңдылықтарын зерттейтін болса, ал педагогика осы мәселелерді терең пайдалана отырып, адамды қалыптастыру үшін тәрбие мен оқыту және білім берудің тиімді әдістері мен құралдарын анықтап ашады.
Мектептегі білім және тәрбие беру жүйесінің негізі- жас ерекшелігі физиологиясығылымына байланысты. Балалар организміндегі жоғары нерв қызметін, тыныс алу, қан және жүрек-тамыр жүйесінің физиологиялық ерекшеліктерін мұғалімнің жете білуі қажет. Ол осы мәліметтерге сүйеніп, тәрбие мен оқу процесін, әсіресе, дене тәрбиесінің практикалық және теориялық мәселелерін дұрыс шешу жолдарын іздестіреді. Жас организмнің даму барысында болып отырған анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне, әсіресе жоғары нерв қызметінің негізгі заңдылықтарына (қозу, тежелу т.б.) жете түсіну жалпы педагогикалық процесті ойдағыдай басқарудың негізі болады.
Педагогика ғылымы мектеп гигиенасымен тікелей байланысты. Мектеп гигиенасы- жас ұрпақтың денсаулығын сақтау, нығайту және дамыту жайындағы ғылым. Оқушылардың денсаулығы әр түрлі факторларға байланысты. Мектеп ғимараиында, сынып бөлмелерінде ауаның жеткіліксіз болуы оқушыларды бас ауруына, жалпы әлсіздікке, демек, түрлі сырқатқа ұшыратады. Жарықтың нашарлығы баланың көзіне әсер етеді, көру мүшесінің қызметін нашарлатады. Осылардың нәтижесінде балалар сабақ үстінде селқос, сылбыр болады. Олардың зейіні нашарлап, ойлау қабілеті төмендейді. Бұл жағдай сөзсіз үлгермеушілікті тудырады.
Мектеп гигиенасы мектеп ғимаратындағы жылу және ауа режимдерін, мектеп жабдықтары мен оқу құралдарына қойылатын гигиеналық талаптарды және оқу мен тәрбие жұмысының гигиеналық негіздерін зерттейді. Сондықтан мұғадімнің осы мәселелерді терең түсініп, меңгермейінше, педагогикалық процесті ойдағыдай ұйымдастырып, басқауы мүмкін емес.
Педагогикалық нақты мәселелерді зерттеп, жинақтауға социологияғылымының маңызы бар. Социология ғылыми әлеуметтік ортаның адамға ықпалын, адамдар арасындағы әлеуметтік қатынасты қарастырады.жас ұрпақты дамыту, тәрбиелеу және қалыптастыру проблемалырын зерттеу барысында пдагогика ғылымы әлеуметтік орта мен тәрбие жайындағы мәліметтерді социология ғылымы негізінен қарастырып, шешім қабылдайды.
Педагогика ғылыми тәрбиеге байланысты этнографиялық және археологиялық деректерді пайдаланады. Этнография ғылымы белгілі бір халықтың экономикасын, қоғамдық және рухани мәдениетін, тұрмысын зерттейді. Археология- өткен ғасырдағы ескерткіштер арқылы халықтардың әдет-ғұрпын, мәдениетін зерттейді. Әрбір қоғамдық-экономикалық формацияда оқу мен тәрбиенің мақсатын, міндеттерін және мазмұнын анықтау үшін педагогика сол формациядағы халықтардың мәдениеті, дәстүрі мен экономикасы жайындағы белгілі ғылыми еңбектер мен құжаттарды басшылыққа алады. Әсіресе, мұндай жинақталған материалдар алғашқы қауымдағы тәрбиенің шығуын және оның кейбір жақтарын дәлелдеуге көмектеседі.
Соңғы кезде педагогика ғылымы кибернетикажетістіктерін да пайдалана бастады. Кибернетика- грек сөзі, бұл басқару өнері деген мағына береді. Кибернетика жас ғылым, ол ХХ ғасырдың 40-жылдарының аяғында қалыптаса бастады. Кибернетика-күрделі машиналардағы, тірі организмдегі және қоғамдағы процестердің жалпы заңдылықтарын зерттеп басқаратын, олардағы акпараттарды беретін ғылым. Кибернетиканың негізгі салалары: ақпарат теориясы, автоматтар териясы, бағдарламалау теориясы.
Педагогикалық әдебиет беттерінде кибернетикалық педагогика деген ұғым жиі жазылып жүр. Оның себебі- кибернетика бірте-бірте педагогикалық құбылыстарға еніп, оларды зерттеуде зор тірекке айнала бастады.
Дәріс
Тақырыбы: Жеке тұлғаны дамытуға, қалыптастыруға, тәрбиелеуге әсер ететін факторға сипаттама және олардың әр түрлі жастағы топтарда көрінуі
Жоспары:
1. Жас кезеңдері
2. Бастауыш мектеп жасындағы баланың ерекшелігі және оның дамуы.
3. Жасөспірім кез және оның ерекшеліктері.
4. Жоғары сынып оқушыларына психологиялық-педагогикалық сипаттама.
5. Жеке тұлғаның өзіндік ерекшеліктері және оның педагогикалық процесте ескерілуі.
1. Оқу мен тәрбие жұмыстарының барысында балалардың жас кезеңдерін еске алу қажетті шарттардың бірі.
Соңғы жылдардың ішінде бүкіл дүние жүзінің ғалымдары жас кезеңі проблемасына аса зор көңіл бөлуде. Бұл проблема жөнінде зерттеу мәліметтері әлі де болса бірыңғай көзқарастың жоқ екендігін көрсетеді. Жас кезеңдерінің шекарасын ажырату толық зерттелмеген мәселелердің бірі. Бұл мәселе жөнінде әдебиет беттерінде бірнеше талас пікір жазылып жүр. Мысалы, кейбір ғалымдардың пікірі бойынша жас кезеңінің негізгі жыныс бездерінің жетілуіне, дененің қарқынды өсуіне байланысты. Ал кейбіреулер адам жасын тіс аттарына қарап, топтастырады.
1965 жылы сәуір айында Мәскеу қаласында Бүкіл Дүниежүзілік симпозиум болды. Симпозиум жұмысына КСРО, Англия, Болгария, Польша, Чехославакия және Швеция елдерінің белгілі ғалымдары қатысты. Бірнеше күнге созылған жемісті талас пікірлерден кейін жас кезеңдерін бір ізге салу мақсатымен симпозиум шамамен 12 сатыдан тұратын схема ұсынды.
1. Жаңа туған бала 1 күннен 10 күнге дейін
2. Емшек жасындағы бала 10 күннен 1 жасқа дейін
3. Ерте балалық шақ 1 жастан 3 жасқа дейін
4. Бірінші балалық шақ 4 жастан 7 жасқа дейін
5. Екінші балалық шақ 8 жастан 12 жасқа дейін (ер балалар)
8 жастан 11 жасқа дейін (қыз балалар)
6. Жеткіншектік жас 13 жастан 16 жасқа дейін (ер балалар)
12 жастан 15 жасқа дейін (қыз балалар)
7. Жасөспірімдік шақ 17 жастан 21 жасқа дейін (ер балалар)
16 жастан 20 жасқа дейін (қыз балалар)
8. Кәмелеттік жастың 22-ден 35 жасқа дейін (ерлер)
бірінші кезеңі 21 ден 35 жасқа дейін (әйелдер)
9. Кәмелеттік жастың 36-дан 60 жасқа дейін (ерлер)
екінші кезеңі 36-дан 56 жасқа дейін (әйелдер)
10. Кексе жас 60-тан 74 жасқа дейін (ерлер)
56-дан 74 жасқа дейін (әйелдер)
11. Қарттық жас 75-тен 90 жасқа дейін
12. Ұзақ жасау 90 жас одан жоғарылар
Соңғы жылдары симпозиумда қабылданған жас кезеңдерінің схемасына, яғни туған баладан бастап жас өспірімдік шаққа дейін өзгерістер кірді. Олар жеті сатыдан тұрады.
1. Жаңа туған бала (туған сәттен бір-екі айға дейін)
2. Нәрестелік шақ (бір-екі айдан бір жылға дейін)
3. Ерте сәбилік шақ (1 жастан 3 жасқа дейін)
4. Мектепке дейінгі балалық шақ (3 жастан 6 жасқа дейін)
5. Бастауыш мектеп шағы (6-7 жастан 10-11 жасқа дейін)
6. Жеткіншектік шағы (11 жастан 15 жасқа дейін)
7. Жасөспірімдік шақ (15 жастан 18 жасқа дейін)
2. Бастауыш мектеп жасындағы баланың ерекшелігі және оның дамуы.
Белгілі бір жастағы балалардың жас мөлшері дегенде олардың көпшілігіне тән ерекшеліктер мен сипаттарды айтамыз. Бұл ерекшеліктерді педагогикалық процесте ескеру қажет және соған сәйкес оқыту, тәрбие берудің тиісті түрін, әдістемесін және тәсілін пайдалану керек.
Бастауыш сынып жасындағы баланың салмағы бір жылда 2-2.7 кг өседі, 6 жастан 12 жасқа дейінгі аралықта бала денесінің салмағы екі есе артып, 18 килограмнан 36 килограмға дейін артады. Осы жаста бала миының көлемі де ұлғаяды, яғни ол 5 жаста үлкен адам миының 90 пайызындай болса, 10 жаста 95 пайызына тең болады.
Нерв жүйесінің жетілуі де жалғасады. Нерв клеткалары арасында жаңа байланыстар түзіліп, мидың жарты шарында икемділік күшейеді. 7-8 жаста жарты шарды жалғап тұрған нерв талшықтары жетіле түседі және олардың өзара қарым-қатынасының арта түсуін камтамасыз етеді. Нерв жүйесіндегі бұл өзгешеліктер баланың ақыл-ойы дамуының келесі кезеңінің ірге тасы қалануына негіз болады.
Баланың білім алудағы іс-әрекеті де, бұған дейінгі барлық іс-әрекеттер (манипулияцилық, пәндік, ойын арқылы) сияқты, оған ену тәжірибесі арқылы бірте-бірте дамиды.
Білім алу іс-әрекеті оқушы баланың өзіне бағытталған іс-әрекеттен тұрады. Бала тек білім алуды ғана емес сонымен бірге оны қалай меңгеруді де үйренеді. Жазу есептеу, оқу және тағы басқаларына үйрену арқылы бала өзін - өзі өзгертуге қарай бағыттай алады, яғни, ол іс-әрекеттік және ақыл-ойлық қажетті әдістерді (оны қоршап тұрған мәдениетке тән) меңгереді;
Бала мектеп табалдырығын аттағаннан кейін, оның әлеуметтік жағдайы өзгереді, бірақ ішкі әлемі, психологиясы әлі мектепке дейінгі қалыпта болады. Баланың ең негізгі іс-әрекеті әлі де ойын. сурет салу, ойыншықтарды құрастыру болып кала береді. Оқу іс-әрекеті әлі де дамуды қажет ететін деңгейде болады.
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастан, баланың алдына оқу іс-әрекетінің шарттарын қойса, бұл баланың шын мәнінде оқу іс-әрекетіне тез араласып кетуіне (бұл жағдайда ол білімді алуға қалыптасқан) себеп болады немесе өзінің шамасы келмейтін оқу тапсырмаларының алдында сасқалақтап, бірте-бірте өзіне деген сенімін жоғалтады, мектепті және оқуды ұнатпаушылық сезімін оятып, бұл тіпті баланың бойындағы әдетке айналады.
Оқу іс-әрекетінің жағдайында балаға оның ойын емес екендігін түсіндіруге тырысу керек, сонда ғана ол оқуға ат үстілікпен емес, ынтамен, шын көңілмен назар аударып, өзін-өзі шынайы өзгертуге үйренеді. Балалар ойынға құрылған тапсырмалар мен оқу тапсырмаларын айыра біліп, оқу тапсырмаларына кұлқы болса да, болмаса да оны калайда орындауы керектігін білуге үйренуі керек. Әрине, ойын баланың белсенді өмірінің аясынан шығып қалмауы тиіс. Балаға онын енді "үлкен" екендігін, кішкентай балалар сияқты ойыншықтармен ойнап отыру ұят деген сияқты сездерді айтуға болмайды. Ойын тек қана балалықтың ғана іс-әрекеті емес, ол барлық жастағы адамдардың бос уақыттарында айналысып, көңіл көтеретін құралы. Әдетте бала адамдардын қарым-қатынасы жүйесіндегі өзінің жаңа орнында ойынның мәнін бірте-бірте түсіне бастайды әрі ойнағанда да аса бір құштарлықпен ойнайтын болады. Ойнай жүріп бала өзіне аса маңызды әлеуметтік дағды калыптастырады. "Балалар қоғамының" рөлі мен ережелері үлкендер қоғамының қалыптасқан ережелері туралы білуіне мүмкіндік жасайды. Ойын үстінде ынтымақтастық пен бәсекелестік сезімі қалыптасады. Ал әділеттілік пен әділетсіздікке көзжеткізу, теңдік, лидерлік бағыныштылық, адалдық, сатқындық әрекеттері баланың бойындағы жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастырады.
Баланың дұрыс психикасының ерекшелігі - танып-білуге деген белсенділігі. Баланың құштарлығы өзін қоршаған әлемді тануға және осы әлемнің құрылысын өзінше бейнелеуге бағытталған. Бала ойнай жүріп тәжірибеден өтеді, себеп-салдарлық байланыстар мен тәуелділіктің себебін ашуға тырысады.
Бала қоршаған ортаны зерттеуге бағытталған танымдық белсенділігімен өзі зерттей бастаған объектісінен ұзақ уақыт бойы назарын алмайды, бұл әрекеті ол оған қызықсыз болып қалғанға дейін жалғаса береді. Егер 6-7 жастағы бала өзі үшін аса маңызды ойын ойнап жатса, ол одан екі немесе үш сағат бойы бас алмауы мүмкін. Сондай-ақ ол өнімді жұмыс жасауда да, мысалы, сурет салуға, ойыншықтарды құрастыруға, өзіне қажетті әлденелерді жасауға да осындай ынтамен кірісе алады. Балалар назарының бір нәрсеге ұзақ қадалуы, оның сол өзі жасап отырған іс-әрекетіне деген ерекше ынтасымен көрсетеді. Егер бала өзіне ұнамайтын нәрсемен айналысып, соған ұзақ уақыт назарын салып отыруға мәжбүр болса, ол шаршайды, көңілі басқа жаққа алаңдай береді, тіпті ол өзін соншалықты бақытсыз сезінеді.
Алайда, бала төменгі сыныпта жүрген кезінде-ақ өзінің мінез-құлқын өзі үйлестіре алады десек те, оның назарының өз еркінен тыс басқа жаққа тез ауып кету жағдайлары көбірек болады. Балаларды біртектес, тез жалықтыратын немесе қызғылықты болса да, бірақ ойлануды қажет ететін жүмыстар тез жалықтырады. Ал бала назарының анда-санда басқа жаққа ауып отыруы оны тез шаршаудан сақтайды. Бұл ерекшелік ойынның сабаққа кірісуге мүмкіндік беретін маңызды элемент екендігін көрсетеді және іс-әрекетті онымен жиі алмастырып отыру керек болатынын дәлелдейді. Төменгі сыныпта оқитын балалар интеллектуальды тапсырмаларды назарында ұстауға қабілетті, алайда бұл ерекше ерік-жігерді және үлкен ұйымдастырушылықты қажет етеді.
Бастауыш сынып жасындағы бала әртүрлі жағдайларды өз қиялында бейнелей алады. Ойын үстіндегі бір затты екінші затпен алмастырып көру арылы баланың қиялы іс-әрекеттің басқа түрлеріне ауысады. Оқу іс-әрекетінің жағдайында бала қиялына арнайы талаптар қойылады, олар бала қиялын өз күшімен әрекет етуге ұмтылады. Мүғалім сабақта балаларға заттардың, бейнелердің, белгілердің қайта пайда болу жағдайын көз алдарына елестетіп көруі жөнінде тапсырма береді. Бұл оқу талаптары бала қиялының дамуына мүмкіндік береді, алайда оны арнайы құралдармен пысықтап отыруға тура келеді, әйтпесе баланың өз қиялын өз күшімен ілгері жылжытуы қиын болады. Ол құралдар заттар, схемалар, макеттер, белгілер, графикалық бейнелер және т.б. болуы мүмкін.
Әртүрлі оқиғалар, "өлендер" ұйқастыру, ертегілер ойлап табу, түрлі кейіпкерлерді бейнелеу арқылы бала өзіне белгілі оқиғаларды, өлең жолдарын, графикалық бейнелерді өзі де байқамастан айта бастауы мүмкін. Баланың өзіне белгілі оқиғаларды әдейі бір-біріне қосып, өз кейіпкерінің сапалық жақтары арқылы жаңа бейнелер жасауы да жиі кездеседі.