Азіргі заман білім жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары 6 страница
1999 жылғы қабылданған ҚР “Білім туралы”заңында гимназияға былай деп анықтама береді:
“Гимназия-негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламасын іске асыратын оқушыларды олардың берілетін бейімділігі мен қабілетінt сәйкес тереңдеп, салаға бөліп, саралап оқытуды көздейтін жалпы орта білім беретін оқу орны”.
“Лицей-негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, жоғары сатыдағы оқушыларды кәсіби бағдарлай отыруды жүзеге асыратын жалпы орта білім беретін орны.
Жалпы орта білім беру саласында оның мазмұнын білім беруді демократияландыру және ізгілікті ету бағытында айтарлықтай жаңарту қажет. Оқушылардың сапалы білім, білік дағды алуының жоғары негіздеріне қол жеткізген жөн. Мазмұнды жаңарту білім берудің жетілдірілген мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеумен және енгізумен қамтамасыз етіледі. Мазмұны, тілі, жағдайы мен оқыту нысандары бойынша әр алуан ауыл мектебі өзіне ерекше мән беруді қажет етеді. Деңгейлік әрі бейімділік саралауды және оқытуды дербестендіруді, соның ішінде сыныптардың шағын толымдылығы жағдайында жүзеге асырудың қажеттілігі оқу үрдісін принципті түрде өзгеше ұйымдастыруды және педагог қызметкерлердің даярлық деңгейін айтарлықтай жақсартуды талап етеді. Шағын жинақталған мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруды басқару мен оның ерекшелігі бұл саладағы қатынастарды реттеуші нормативтік құжаттар жасауды талап етеді.
Дамуында ауытқушылығы бар балаларды оқыту үшін коррекциялық сипаттағы арнаулы білім беру мекемелері (сыныптар, топтар) ұйымдасады. Ондай арнаулы мекемелер қоғамда осындай балаларды емдеу, тәрбиелеу мен оқытуды, әлеуметтік бейімделуді қамтамасыз етеді. Осындай арнаулы білім беретін мекемелерге балалар мен жасөспірімдер білім беруді басқару органдары балалардың ата-аналарының немесе ауыстыра алатындардың тек ғана келісімімен, психологиялық - дәрігерлік - педагогикалық консультациялық қорытындысымен жіберіледі. Қоғамға қауыпты, девианттық сипаттағы мінез-құлқы бар, жасы онбірге жеткен, ерекше жағдайға оқытуды және тәрбиелеуді қажет ететін және арнайы педагогикалық әсер етеуді талап ететін жеткіншектер үшін оларды дәрігерлік-әлеуметтік қалпына келтіру, білім беру және кәсіби даярлықты қамтамасыз ететін арнаулы мекемелер ұйымдасады. Осындай білім беру мекемелеріне оқушылар соттың шешімімен жіберіледі. Тәрбие - еңбек және түзеу-еңбек мекемелеріндегі азаматтар үшін осы мекемелердің әкімшіліктерімен, білім беруді басқарудың мемлекеттік органдарымен негізгі жалпы және бастауыш кәсіби білім алу, кәсіптік даярлау, сонымен қатар өз бетімен білім алу үшін жағдай жасалады. Балалардың денсаулығын қалпына келтіру-сауықтыру және санаториялық мектептер мен мекемелерде іске асады.
Кәсіптік білім беру мекемелері бастауыш, орта және жоғары кәсіптік білім беру кәсіптік білім бағдарламаларын іске асыру үшін құрылады. Бастауыш кәсіптік білім берудің мақсаты-негізгі жалпы білім беру базасында қоғамдық пайдалы қызметтің барлық негізгі бағыттары бойынша жан-жақты маман еңбек қызметкерлерін даярлау. Кейбір мамандықтар бойынша орта (толық) жалпы білім беруге негізделеді. Бастауыш кәсіптік білім беру кәсіптік-техникалық және басқа да училищелерде беріледі. Орта кәсіптік білім беру негізгі жалпы, орта (толық) жалпы немесе бастауыш кәсіптік білм берудің базасында орта буын мамандарын даярлау, жеке тұлғаның білімін тереңдету және кеңейту қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Ондай білім орта кәсіптік білім беру мекемелерінде (арнаулы оқу орындарында-техникумдарда училищелерде, колледжлерде) немесе жоғары кәсіптік білім беру мекемелерінің бірінші сатысында беріледі.
Жоғары кәсіптік білім беру.Жоғары кәсіптік білім берудің мақсаты-жоғары білімді мамандарды даярлау және қайта даярлау, жеке тұлғаның білімін орта (толық) жалпы, орта кәсіптік білім берудің базасында тереңдету және кеңейту қажеттілігін қамтамасыз ету. Жоғары білімді жоғары кәсіби білім беру мекемелерінде (жоғары оқу орындарында, университеттерде, академияларда, институттарда, колледждерде) алуға болады. Бастауыш және орта кәсіптік білімі бар жастар мамандықтарына сәйкес жоғары кәсіптік білімді қысқартылған, жеделдетірілген бағдарлама бойынша ала алады. Жоғары білім беруді дамытудың негізгі тенденциясы мамандарды даярлаудың сапасын арттыру, инновациялық білім беруді дамыту, жоғары оқу орындарындағы ғылыми зерттеулердің әлеуметтік сала мен экономикалық қажеттіліктерімен тығыз байланысына, білімдік және ақпараттық технологияны жетілдіруге алып келеді. Қазіргі жағдайда жоғары білім беру жүйесіне жаңа сапалық және қоғамдық мәртебе беру қажет. Оның бірінші кезектегі міндеті жоғары сапалы мамандарды жеделдете дайындау, икемділік және бейімділік.
Жоғары білім берудің мақсаты – сапалы жоғары білім алуда қоғамның, мемлекеттің және жеке тұлғаның қызығуын қамтамасыз ету, әрбір адамға оқытудың мазмұнын, түрлерін және мерзімін таңдауға жан-жақты мүмкіншіліктер жасау.
Жоғары білім берудің міндеттері:
- жан-жақты іргелі білім негіздерімен қаруланған, белсенді, еңбек нарқы мен технологияның өзгермелі талаптарына бейімделген, командада жұмыс істей білетін және формациядағы мамандарды даярлау;
- жоғары оқу орындарын халықаралық аккредитациядан өтуге даярлау. Таңдаулы жоғары оқу орындарын дамыту үшін объективтік жағдай жасау;
- жоғары оқу орындарын басқарудың жаңа принциптері мен тәжірибесін қалыптастыру, стратегиялық жоспарлаудың жүйесін енгізу;
- сапалы білім алуға студенттердің құқығын нығайту.
Жоғары базалық білім беру(бакалавриат) арқылы іске асады.
Бакалавр дипломы барлық мамандықтар үшін ортақ даярлық бағыты бойынша терең де іргелі, жан-жақты кәсіптік даярлықтың аяқталғандығын білдіреді. Осындай даярлық жас маман - бакалаврларға бағыты көлемінде көптеген ғылым саласында және қосымша мамандықтар бойынша және еңбек нарқының қажеттілігіне байланысты еркін бағдарлауға мүмкіншілік береді.
Жоғары базалық білім берудің білімдік бағдарламасы бойынша оқытуды аяқтағандарға, төрт жыл оқыту мерзімінде қорытынды аттестациядан ойдағыдай өткен жоғары білім туралы мамандық және “бакалавр” академиялық дәреже беріледі. Оны бітіргендер берілген мамандығы бойынша барлық жекеменшік түріне және ведомостволық бағыныштығына қарамастан жұмыс істей алады. Одан әрі магистратурада оқуын жалғастыра алады. Бакалаврларды пайдаланудың негізгі бағыттары төмендегі салалар болып табылады: мамандығы бойынша мекемелерде, ұйымдарда, өндіріс орындарында, фирмаларда жұмыс істей алады; сонымен қатар арнаулы орта кәсіптік-техникалық оқу орындарында, колледждерде оқытушылық қызмет атқарады; ғылыми-зерттеу ұйымдарында, институттарда ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізеді; мемлекеттік қызметте т.б. жерлерде жұмыс істей алады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру.Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру үздіксіз білім беру жүйесінің жоғары деңгейі болып табылады және оның құрамына магистратура және докторантура (Р&D) кіреді.
Бұл деңгейдің мақсаты қоғамды, экономиканы, өндірісті, ғылымды, жетілдірудің проблемаларын шешуге қабілетті білім мен ғылымның интеграциясы негізінде ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін жасау болып табылады.
Міндеттері:
- магистратураны жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейге ауыстыру және докторлық бағдарламаны (Р&D)енгізу;
- жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің базасында жұмыс істейтін магистратурада ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа үлгісін енгізудің механизмін жасау;
- оқытудың кредиттік технологиясына негізделген Болон үрдісіне сәйкес кәсіптік кадрларды даярлаудың біртұтас жүйесін ендіру (бакалавр – магистр - (Р&D));
- еңбек нарқы сұраныстарына сәйкес жаңартылған білім бағдарламасы негізінде мамандарды мақсатты даярлауды қамтамасыз ету;
- шетелдің белгілі жоғары оқу орындарымен байланыста бірнеше Қазақстандық университеттердің базасында докторлар (Р&D)даярлау бойынша орталықтар ұйымдастыру.
Магистратурада даярлық 3 бағытта жүргізіледі:
1) іскерлік басқару – менеджмент және т.б. салада мамандарды тереңдетілген бейімдік даярлық;
2) ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызмет үшін ғылыми-зерттеу даярлығы;
3) аралас бейімдік даярлық.
Магистрларды даярлау оқытудың ғылыми-әдіснамалық бағыттылығын және белгілі салада тереңдетілген арнайы даярлықты қамтитын білімдік бағдарламаларға негізделеді.
Магистратураны бітіргендерге магистр академиялық дәрежесі беріледі, олардың докторантурада оқуын жалғастыруға құқы бар.
Докторантура Қазақстан білім беру жүйесінде ең соңғы білімдік деңгей болып есептеледі.
Докторлық бағдарламаның негізгі ерекшеліктеріне мыналар жатады:
- оқыту мен ғылыми-зерттеу жұмысының арасында тиімді тепе-теңдікті қамтамасыз ету;
- кең көлемде ғылыми, білімдік және әдіснамалық даярлықты меңгеру.
Докторлық бағдарламаны және докторлық диссертация қорғаған ғалымдарға философия докторы (Р&D)академиялық дәрежесі беріледі, ал бейімдік докторантураны меңгергендерге бейімдік бағыты бойынша доктор дәрежесін береді.
Докторлық бағдарлама бойынша оқу мерзімі 3 жылдан кем болмайды.
Әлемдік білім кеңістігіне интеграциялау талаптарына сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру құрылымын халықаралық талаптарға сәйкес келтіру мақсатында кадр даярлауды болашақта үш деңгейлі жүйеге толық көшу қарастырлып отыр: бакалавриат – жоғары базалық білім беру; магистратура, докторантура (Р&D) – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру. Магистратура мен бакалавриатта оқу үрдісін ұйымдастыру кредиттік технология негізінде іске асуы тиіс. Бұрынғы аспирантура жүйесі халықаралық стандартқа жауап бермегендіктен, болашақта жойылады. Бұл тұжырымдаманың орындалуы болашақта кезең-кезеңмен іске асады.
Дәріс
Тақырыбы: Педагогика - адам туралы ғылымдар жүйесінде
Жоспары:
1.Тәрбие қажеттілігі мен педагогикалық теория дамуының әлеуметтік- экономикалық факторлары
2. Педагогиканың арнайы ғылым-білім саласына бөлініп шығуы және оның көрнекті өкілдері
3. Педагогиканың объекті, пәні және категориялары
4. Педагогика ғылымының негізгі салалары
5. Педагогиканың басқы ғылымдармен байланысы
1. Әр саладағы ғылымды меңгеру, әдетте, сол ғылымның пайда болуы мен дамуы, оның зерттейтін проблемаларын анықтап, түсінуден басталады. Шынында да, әр ғылым саласы өз тарихына, зерттелуі тиіс және сол ғылымның теориялық негізін түсінуге жәрдемдесетін табиғи немесе қоғамдық құбылыстардың нақты аймағына ие.
Бұл тұрғыдан көпке мәлім «Барша заттың бастауын тапсаң, көп нәрсе түсінерсің» -деген қанатты сөзде терең мағына бар. Осыдан педагогика пәнімен танысуды да оның қысқаша болса да туындау және даму тарихымен, ол зерттейтін проблемаларды анықтап, түсінуден бастаған жөн.
Адамзат дамуының барысында білімдік педагогиканың саласы ең ежелгілерден, әрі қоғам дамуынан ажырап көрген емес. Бұл тұжырым түсінікті болу үшін мәнді де маңызды жағдайға назар аударған жөн. Педагогикалық білім өсіп келе жатқан әулетті тұрмысқа дайындауға немесе тәрбиеге бағышталған адамзат іс-әрекетінің ерекше бір саласына кіреді.Шынында да, педагогика жөнінде сөз болғанда, әдетте, бұл термин оқу-тәрбие, адамды қалыптастыру түсініктерімен балаламас қолданылады. Ал, тәрбиенің өзі жас әулетті тұрмысқа дайындау құралы ретінде, адамзат қоғамының іргетасы қалануымен бірге пайда болады. Еңбек құралдарын жасау, табиғат өнімдерін меншіктеуге байланысты өндірістік және бірлікті іс-әрекет пен қызметтік тәжірибелерді жинақтай келе, адамдар оларды келер ұрпаққа өткізуді мақсат-мүдддесіне айналдырды. Қоғамдық ілгерілеудің өзі осы өмірге жаңадан енген әрбір әулеттің өз ата-бабаларының өндірістік, әлеуметтік және рухани құндылықтарын игерумен бірге, оларды жаңа, жоғары деңгейде байытып, өзінен соңғыларға жеткізіп беруі арқылы іске асып отырады және әрі қарай дамиды. Сонымен жинақталған өндірістік, әлеуметтік және рухани тәжірибені келесі әулетке жеткізіп отыру, адамзат қоғамының жасалуы мен дамуының алғышарттары және маңызды қызметіне айналады. Міне, сондықтан да тәрбие адамзат қоғамының дамуынан ажырамайды және оған ежелден-ақ тән құбылыс, демек, тәрбие жастарды тұрмысқа дайындауға бағытталған ерекше іс-әрекет ретінде қоғам дамуының барлық кезеңдерінде де өз маңыздылығын жоймаған.
Ал әрқандай қоғамдық құбылыс ретінде тәрбиелік қызмет пен оның сипаты бір қалыпта тұрып қалған емес, қоғамдық жағдайлардың ықпалымен ол үздіксіз жетіліп дамуда болады. Мысалға, ұзақ уақыт балалар өндірістік және адамгершілік тәжірибені, бірлікті еңбек әрекетінде, үлкендермен араласа жүріп игеріп отырды. Осылайша жағдай тайпалық қауымға дейін де, тайпалық қауым кезінде де күнделікті іс-әрекеттін қарапайымдылығынан болған еді. Сондықтан да бұл дәуірде тәрбие адамдардың арнайы кәсіби қызметі бола алмады, яғни арнайы тәрбиелік мекемелер болмады, тәрбиені кәсіпке айналдырған адамдардың да қажеттегі әлі туындамаған кез еді. Құл иеленушілік қоғамда да бұл жағдай ұзақ уақыт сақталды.
Бірақ уақыт өткен сайын тәрбие саласындағы бұл жағдай өзгере бастады. Жер өңдеу мен мал шаруашылығы, қолөнершілік бірте-бірте дамып, күрделенеді. Адамдардың қоршаған дүние жөніндегі ілімдері қордаланып, келе-келе ғылымның дамуына бастау берді. Жаңарған қоғамдық жағдайда өндірістік тәжірибе мен ғылыми біліктерді игеру енді арнайы және ұзақ мерзімді үйренусіз мүмкін болмай қалды.
Өндірістік даму мен күрделену өріс алып, ғылым-білім қоры жинақталған сайын, өсіп келе жатқан әулетті тұрмысқа арнайы дайындаудың қажеттігі арта түсті де, оларды арнайы ұйымдастырылған тәрбиеге тартудың маңызы барған сайын күшейіп отырды. Осылайша, білім беру мен тәрбие қоғамның объективті қажеттігіне айналды және оның бұдан былай дамуының ең маңызды алғышарты болды.
Міне осыдан бастап, адамзат қоғамының белгілі кезеңінде, дәлерек құл иеленуші дәуірдің аяғына таман, өндіріс пен ғылым едәуір дамыған шақта ерекше қоғамдық қызметке айналды, арнайы тәрбиелік мекемелер пайда болып, кәсіби мамандыққа балаларды оқытып, тәрбиелейтін адамдар шыға бастады.
Тәрбиенің дербес қоғамдық қызметі сипат ала бастауы адамдарда тәрбиелік қызмет тәжірибесін жинақтап, қорытындылауды ойластыру қажеттігін туындатты. Тәрбиенің кең өріс алып күрделенуі тәрбие қызметімен байланысты теориялық білімдердің ерекше саласының қарқыны мен дамуына жол ашты. Қоғам мен табиғат жөніндегі барша білімдер секілді тәрбиелік білім де философия аясында нақтыланып, зерттелді. Бұл жағдай ежелгі грек дүниесінен басталып, ХVІ ғасырдың аяғына дейін сақталды.
2. Тәрбие теориясының қарқынды дамуына қарамастан, ХVІІ ғасырдың басына дейін педагогика философияның бір бөлігі ретінде қарастырылып келді. Шынында, осы күннің өзінде да атақты философтардың қай-қайсысы да тәрбие мәселесін айналып өтпейді, осының өзі педагогикалық проблемалардың қоғам мен ғылым үшін аса маңызды екенінің кепілі.
Педагогика ерекше ғылым ретінде философиялық білімдер жүйесінен ХVІІ ғасырдың басында бөлектеніп шықты. Ағылшын жаратылыстанушысы және философы Фрэнсис Бэкон (1561-1626) 1623 жылы өзінің «Ғылымның қадір-қасиеті және жетілуі» атты трактатын жария етті. Бұл еңбегінде ол ғылымдарды сарапқа сала отырып, олардың арасында педагогиканы білімдердің дербес саласы деп бөлектеді.
Осы ғасырда-ақ педагогиканың өзіндік статусы аса көрнекті чех педагогі Ян Амос Коменскийдің (1592-1670) еңбектерінде беки түсті. Оның теориялық идеялары дүние жүзіне кең танымал да, әрі осы күнге дейін өз маңызын жойған емес. Коменскийдің әйгілі «Ұлы дидактика» атты еңбегінде балаларды оқытудың негізгі теориялық мәселелері мен оларды ұйымдастырудың жолдары баяндалды. Өз еңбектерінде Я.А.Коменский балалардың адамгершілік тәрбиесіне өте үлкен мән берді, ол «Аналар мектебі» атты кітабында отбасы тәрбиесіне байланысты өз көзқарастарын паш етті.
Коменский ізімен батыс еуропалық педагогика тарихында елеулі еңбегімен көрінген ғылым өкілдері келіп шықты. Олардың ішінде аса көрнектілері Англияда Джон Локк (1632-1704), Францияда Жан-Жак Руссо (1712-1781), Швейцарияда Иоганн Генрих Песталоцци (1746-1827), Германияда Иоганн Гербарт (1776-1841) және Адольф Дистерверг (1790-1866) т.б. болды.
ХVІІІ ғ. Германияда алғашқы рет мұғалімдерді дайындайтын арнайы оқу орны ашылып, онда ерекше ғылыми пән ретінде педагогика оқытыла бастады. Осының бәрі педагогикалық теорияның жедел дамуына себепші болып, ірі-ірі оқымысты педагогтардың қалптасуына мүмкіндік берді.
Сонымен , ХVІІ ғ. мен ХІХ ғасырдың аралығы педагогикалық теорияның үлкен қарқын ала дамыған, аса құнды тәрбиелік идеялардың өрбіген заманы болды. Педагогикалық ойдың аса кемелденген орталығы ресейде К.Д.Ушинский (1824-1870), Н.И.Пирогов (1810-1881), В.И.Водовозов (1825-1886), А.Ф.Лесгафт (1837-1909), Л.Н.Толстой (1828-1910), Н.К.Крупская (1869-1939), А.С.Макаренко (1888-1939), В.А.Сухомлинский (1918-1970) және т.б. еңбектері үлкен маңызға ие болды.
Ұлттық педагогикалық теориямыз бен тәрбие мәселелері Ы.Алтынсарин (1841-1889), А.Байтұрсынов (1873-1937), М.Жұмабаев (1893-1938), М.Дулатов (1885-1935), Ж.Аймауытов (1889-1931), Ә.Сембайұлы (1905-1989), С.Қожахметұлы (1910-1945), Қ.Бержанұлы (1924-1976), Р.Қоянбаев (1939-2007) сынды және т.б. кемеңгер ағартушы-педагогтардың еңбектерінде өз көрінісін тауып, біздің дәуірімізге дейін жетіп, егеменді ел ұрпағын тәрбиелеуде таптырмас құралға айналып отыр.
3. Педагогика өзінің атауын гректің «paidagogas»- баланы жетектеуші сөзінен алған. Ең алғашқысында бұл сөз құл қожасының баласын мектепке жетектеп апарушы дегенді білдірсе, кейін келе ол тәрбие туралы ғылымның аты ретінде қалды.
Тәрбие- қоғамның кейінгі ұрпақтарда өзін қайта көрсетумен байланысты атқаратын негізгі қызметтерінің бірі. Әрбір келешек ұрпақтың қоғамдағы орнын табуы ең алдымен өткен ұрпақтардың жинаған әлеуметтік тәжірибесін меңгеру деген сөз. Адамзат есейген сайын, мазмұны жағынан әлеуметтік тәжірибеде күрделене түседі. Сондықтан уақыт өткен сайын еңбектің қоғамдық бөлінісінде қоғамның тәрбиенің қызметін жүзеге асырумен байланысты кәсіби іс-әрекет бөлініп шықты. Өсіп келе жатқан балалардың әлеуметтік тәжірибені игеруі үшін-делдал-ұстаз, мұғалім керек. Педагогика басқа ғылымдар сияқты, белгілі бір ақиқат саласындағы білімдерді жүйеге келтіреді. Ғылымдарды олардың нысанасы мен пәні бойынша ажыратуға болады. Нысана- ақиқаттың нақтылы сол ғылым зерттеуге алатын саласы. Пән- бұл нақтылы ақиқаттың мәнін құрайтын негізі. Педагогика қоғамның тәрбиелік қызметін жүзеге асырумен байланысты ғылым. Демек, педагогикалық іс-әрекет объективтік шындықтың барлық жақтары, педагогиканың нысанасы болады.
Ал педагогика пәні- индивидтің өткен ұрпақтарының әлеуметтік тәжірибені меңгеруі оқу және оқудан тыс уақыты бірлігіндегі біртұтас педагогикалық процесс болып табылады.
Бір элементтен көп элементтер қосылу барысында жүйе пайда болады. Педагогикалық шындықта бұл «ұстаздар- оқушылар» жүйесі, ол сол жетекші (бөлігі) (элементі) ұстаздар бойынша педагогикалық жүйе деп аталады.
Қандай да болмасын жүйе жағдайының өзгеруі процесс деп аталады. «Ұстаздар-оқушылар» жүйесі жағдайының өзгеруі педагогикалық процесс деп аталады.Тек қана педагогикалық процестегі ұстаздар мен оқушылардың өзара әрекетіндегі тұлғаның қайта өзгеруі жүзеге асады. Педагогикалық шындық педагогиканың категориялары арқылы бейнелене алады.
Әрбір ғылымның өзіне тән тану саласы және ғылыми ұғымдары бар. Мысалы, философияда мұндай ұғымдарды болмыс, материя, қозғалыс, экономикалық теорияларда- қоғамның өндіргіш күштері мен өндірістік қатынастары, ал педагогикада – тәрбие, білім беру, оқыту жатады.
Ұғымдар (категориялар)- объективтік құбылыстарды, қасиеттерді және қатынастарды бейнелейтін ойлау формасы. Осымен бірге ұғымдар біздің санамыздың сатылары.
Педагогикалық ұғымдар арқылы педагогикалық құбылыстарды, олардың өзара байланысын танимыз. Педагогиканың негізгі ұғымдары- тәрбие, білім беру, оқыту.
Білім беру- бұл ұғымды ең алғашқы рет педагогикаға енгізген Иоганн Генрих Песталоцци.
Білім беру деп- табиғат пен қоғам жайында ғылымда жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруін және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуін айтады. Білім беру мәселесі әрбір қоғамның даму дәрежесіне байланысты. Мысалы, орта ғасырларда санай және оқи білетін адамды білімі бар деп есептеген. Қазіргі атом, космос және халық шаруашылығын автоматтандыру дәуіріндегі білім беру ғылыми-техникалық үдеудің құдіретті факторы болып отыр. Білім беру өте күрделі ұғым, оны педагогикалық ғылым тұрғысынан түсіндірудің әр түрлі мәні бар. Егер әңгіме білім берудің сатылары жөнінде айтылса, онда бастауыш, тоғыз жылдық, ота және жоғары білім беру ұғымдары пайдаланылады. Ал білім беру мамандыққа байланысты сөз етілсе, онда педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылық т.б. сияқты ұғымдар қолданылады.