Дәріс№ 12. Кәсіби бағдар беру жұмысының әдістемесі
Жоспар:
1. Кәсіби бағдар педагогикалық категория ретінде
2. Кәсіби бағдар берудің мазмұны
3. Кәсіби бағдар беруді ұйымдастыру әдістемесі
Кәсіптік бағдар беру - шешімі табылуға тиіс өте күрделі, кешенді мәселе. Өзінің әдістемесі және мазмұны жағынан оның психологиялық, педагогикалық, медициналық, әлеуметтік сипаты бар.
Педагогикалық категория ретінде кәсіби бағдар беру оқушыларды мамандықтың және еңбектің әр түрлерімен таныстыру, қабілеттері мен бейімділіктеріне қарай оларға болашақ мамандықтарын таңдауға көмек көрсету процесі ретінде қарастырылады. Солардың негізінде ол халық шаруашылығы мен мәдениетінің негізгі салаларымен оқушыларды таныстырады, кәсіби бейімділігі мен қызығушылығын қалыптастырады.
Мамандықты таңдау оқушыларды алдағы болатын қоғамдық пайдалы әрекетке шешуші сынақ ретінде болады. Онда жасөспірімдердің әлеуметтік және рухани тұрғыдан пісіп жетілуі көрініс береді.
Мектеп педагогикасы тұрғысынан қарағанда, кәсіптік бағдар беру - жалпы, политехникалық және еңбекке даярлау негізінде оқушылардың жеке бейімділігін, қабілеттерін және қоғамдық қажеттіліктерді ескере отырып, еңбектің түрлерімен таныстыруға бағытталған мектептің оқу-тәрбие процесінің құрамды бөлігі деуге болады.кәсіптік бағдар беру жүйесіне кәсіптік диагностика, кәсіптік білім беру, кәсіптік консультация, кәсіптік адаптация, кәсіптік іріктеу кіреді.
Кәсіптік диагностика кәсіптік бағдар беру мақсатында әрбір оқушыны зерттейді. Осының нәтижесінде мамандықты таңдауға байланысты баланың дайындығын, ынтасын, қабілетін анықтайды. Ол үшін мынадай әдістер қолданылады: оқушылардың құжаттарын, жазба жұмыстарын зерттеу, анкета, әңгіме. педагогикалық эксперимент, педагогикалық бақылау.
Кәсіптік білім беру - бұл әртүрлі мамандықтар және сол мамандықтардың адамға қоятын талаптары жөнінде оқушыларды біліммен қаруландыру. Мамандықты саналы таңдауда екі түрлі нәрсені ескеру қажет: біріншісі оқушылардың білім деңгейі, екіншісі оқушылардың жеке қасиеттері. Оқушылардың білімі терең де тұрақты болуы керек. сол сияқты жеке қасиеттері оқушы таңдаған мамандыққа сай келуі керек.
Кәсіптік консультация - әрбір оқушыны жан-жақты зерттеп, оған консультация беру арқылы тиісті көмек көрсету. Оқушының мамандыққа сәйкестігі жөнінде шешім қабылданады. Кәсіптік консультация үш кезеңге бөлінеді: дайындық, аяқтау, анықтау. Дайындық консультациясы - оқушыларға жыл бойы дұрыс кәсіптік бағдар беру. Аяқтау консультациясы кезінде оқушылардың бейімділігі, психофизиологиялық қабілетінің сәйкестігі анықталады. Анықтау консультациясы кәсіптік оқу орындарында жүргізіледі. Онда таңдаған мамандыққа адамның денсаулығының сәйкес келуі, психофизиологиялық дайындығы анықталады, жұмысқа орналасу жөнінде анықтамалық ақпарат беріледі.
Кәсіптік іріктеу мәселесімен арнайы орта жіне ЖОО, әртүрлі мекемелер, кәсіпорындар айналысады. Оқу орындары оқуға түсетін жастарға әртүрлі талаптар қояды. Кәсіпорындар жастарды жұмысқа іріктеп алады. Кәсіптік іріктеудің мақсаты - жастардың белгілі бір мамандыққа жарамдығы не жарамсыздығын анықтау. ол үшін адамның жағымды, жағымсыз жақтарын білумен қатар, оған мамандық қоятын талаптарды білу керек. Оған байланысты профессиограмма жасалады. профессиограмма - белгілі мамандықтың ерекшеліктерін жеткілікті бейнелеу, жазу. Профессиограмманы құруға педагогтар, психологтар, физиологтар мен дәрігер мамандар қатысады.
Кәсіптік адаптация - жастардың еңбек ету жағдайына бейімделуі.
Мектепте кәсіптік бағдар беру жұмысымен бүкіл ұжым айналысады. Сынып жетекшісі сынып оқушыларын мамандық таңдауға даярлайды, ақпараттарды ұйымдастырады. Пәе мұғалімдері өз сабақтарында еңбектің әр түрімен таныстырады. Кітапханашы мұғалімдерге, сынып жетекшісіне көмектеседі. Мамандық туралы кітаптар, мақалалар көрмесін, оқырмандар конференциясын, тақырыптық кештер ұйымдастырады, кәсіптік бағдар беру мәселесіне байланысты библтография жасайды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бүкіл кәсіптік бағдар беру жұмысын жоспарлайды, кәсіптік бағдар беру кабинетін ұйымдастырады, онда анықтамалық материалдар жинайды, сынып жетекшісіне оқушыға психолого-педагогикалық мінездеме жазуға көмектеседі, кәсіпорын өкілдерімен кездесулер өткізеді,
Мектеп директоры барлық жұмысқа жауап береді. ол кәсіптік бағдар беру жұмысын басқарады, бақылайды.