Xv-xvii ғ. Қазақ жазба тілінің көрінісі

1. XV-XVIIғ.ауызша әдеби тіл. лексика-грамматикалық, стильдік ерекшелігі

2. Қ. Жалайырдың «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінің тілі, лексикасы, фразеологиясы зерттелуі көне жазбалар мен қазақ әдеби тілінің арасындағы тарихи сабақтастық пен жалғастық.

Тірек сөздер: төл ауызша әдеби тіл, ақын-жазушылар, дидактикалық толғау, жаугершілік лексика, көне сөздер, шешендік сөздер, кірме сөздер, төл сөздер, ресми іс қағаздар.

Р.Сыздықова бұл ғасырлардағы әдеби тілді танытатын өкілдер мен олардың поэзиясы туралы үш түрлі принципті көзқарасын ұсынады:

1) ХV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген Жиренше, Асан, Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған, Шобандар ноғайлы-қазақ жыраулары болып саналуы тиіс (Бұл көзқарасты алғаш рет ғылыми тұрғыда проблема етіп көтерген зерттеуші Қ.Өмірәлиев екенін айта кеткен орынды – Б.М.).

2) Белгілі бір өлке тұрғындарына (Батыс Қазақстан) біршама түсінікті болып келетін жырлар. Бұл жырларда кейбір лексикалық және грамматикалық көнеліктерінің өзгермей жетуі жанрлық ерекшелікке байланысты, етістіктердің өзге тұлғалармен алмасуына жанр түрі (мысалы, -ар-дың басқа тұлғамен) көп мүмкіндік бермеген.

3) Авторлы әдебиеттің фольклормен қатарласа өмір сүруіне қарамастан, автордың өзіне тән жырлау мәнері, сүйіп қолданатын көркемдеуші элементтері сақталады, сонымен қатар бұл туындыларда нақты оқиға, оның бол­ған жері, нақты адамдардың аттары айтылатындықтан, фольклорлық шығармалардағыдай өзгертіп айту еркіндігі шектеледі. Бұл авторлық даралықтың белгілеріболып табылады (Қазақ әдеби тілінің тарихы. - Алматы, 1993, 78-б.).

ХV-ХVІғасырлардағы туындыларда ноғайлы элементтері біраз сақталған, әсіресе, Шалкиіз, Доспамбет, Шобандарда мұндай ерекшеліктер қатары мол. Тіл тарихын білу үшін осындай ноғайлық элементтер сол қалпында оқылғаны дұрыс екенін айтқан Р.Сыздық соңратын, сымарыш ету, сақын сөздерін келтіреді. Бұл дәуірдегі әдеби тілдің өзіндік лексикалық, сөз жасауға, сөз өзгертуге байланысты грамматикалық сипаты бар, белгілі бір нормалану дәрежесі қалыптасқан. Бізім, менім, жүрерлер, не білейім, келе жата, бұз, бұзмай, атлы, кешу, ханлар тәрізді грамматикалық тұлғалар ноғайлы дәуірінікі екені сөзсіз. Әсіресе ноғайлық элементтер жырлардың лексикасында көп кездеседі: нарты, дестір, ителу, жарқа, кежігу, қоңқалау, атлы, кешмек, т.б.

Кежідегі адамға, Түн ұйқысын таптырмас жолдарындағы кежінің түп-төркінінде кежеуіл – торуыл, күзет, шолғын (Жезқ., Ж.арқа, Сем.,Ақс.) жатыр. Күзеттегі, шолғындағы адамға ұйқы жоқ дегенді білдіреді. Доспамбеттегі асты кілең, үсті мұз дегендегі «кілең» сөзінің мағынасын Ә.Нұрмағамбетов «іріктелген, ең жақсы, сұрыпталған» және «негіз, өзек»-ке меңзейді (Ә.Нұрмағамбетов. Бес жүз бес сөз. - Алматы: Рауан,1994.-304 б.).

Тілдік талдаулар жасағанда басшылыққа алу үшін, тіл тарихындағы ақиқатты көрсету үшін ноғайлық элементтерді сол қалпында алып, қарастырған – шарт. Бұл - қыпшақ тілдерінің ноғайлы-қыпшақ тобы мен қазақ тіліне және ноғайлы мен өзге түркі тілдеріне тән ортақ, айырым белгілерді анықтау мақсатында да қажет шешім екені айтылып жүр.

Ноғайлы дәуірі тілін зерттеудің қиындықтарын туғызатын себептер жеткілікті. Атап айтқанда:

- бұл дәуірдегі әдеби үлгілердің фонетикалық күйін сипаттау мүмкін емес, өйткені олар сол дәуірде хатқа түспеген.

- тіпті грамматикалық құрылысының да дәл сол күйінде болғанына нақты көз жеткізу қиын, өйткені тағы да кезінде жазылып, хатталмаған.

- бар ерекшеліктердің пайда болу уақытын дөп басып көрсету мүмкін емес, себебі олардың кейін жамалуы ықтимал.

- текстологиялық ала-құлалықтарға орын берілуде. «ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» кітабы мен «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай» кітаптарында жекелеген сөздер мен сөз тіркестері әр түрлі беріліп жүр. Бұл уақыт өткен сайын нақтылықты алыстатып, тілдік деректердің шынайылығын төмендете береді. Мысалы: Жәмішіден қос артып (ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы); Жәмішіден қос айтып (аталған соңғы екі кітапта).

Бұл ноғайлы деп аталып жүрген дәуірдің ең негізгі тілдік көрсеткіші - «Қырымның қырық батыры» жыры. Жырды алғаш жырлаған белгілі жырау – Мұрын Сеңгірбекұлы. «Қырымның қырық батыры» жырының дүниеге келуі Сыпыра жырау есімімен байланыстырылады. Сыпыра жырау бұл жырдың өзінен кейінгі тағдырын Әбіл жырауға аманат еткен. Әбіл өзінен кейін Нұрымға, ал ол болса Мұрын жыраудың қолына табыстайды.

Жыр қырық тараудан тұрады. Әр тарауы жеке-жеке бір батырға арналған. «Қырымның қырық батыры» өзінің тегі жағынан қырғыыздың атақты «Манасына» ұқсайды. Көлемі жағынан одан үлкен, тіпті ғалымдар көлемі жағынан «мың бір түннен» де үлкен деп есептейді. Негізгі сюжеті шеттен келген басқыншылардан елін, жерін қорғаған батырдың ерлігін дәріптеуге құрылған. Сюжетінің саны әр түрлі аталып жүрген (27,26,28 жырдан тұрады) «Қырымның қырық батыры» жырларының құрамына 41 батыр туралы 35 жыр бар деп есептеп, «Тана» жырының жеке батырлар тобына емес, «Қарадан батыр ұрпақтары» тобына жататындығын анықтаған және қолжазба қорынан «Құттықия», «Едіге», «Манашы», «Жаңбыршы», «Шынтас», «Шынтасұлы Төрехан», «Сұлтанкерім», «Қартқожақ», «Құлыншақ» жырларын топқа енгізген - ғалым Қ.Сыдиқов. Бұл жыр туралы зерттеулер мен мәліметтер Орталық Ғылыми кітапханасында сақталған. Жырды әр жылдары А.Хангелдин, Б.Жақыпбаев, М.Хәкімжанова, М.Исаева, Д.Мұрыновтар жазып алған.

Жырлар батырлар туралы болғандықтан, жауынгерлік лексиканың кездесуі заңды. Жырларда кездесетін жауынгерлік лексиканы іштей бірнеше лексика-семантикалық топтарға бөліп қарауға болады:

1) Әрекет, іс-қимылды білдіретін сөз тіркестері: талқан ету (жеті қатар жебесін атып талқан етеді); ор қояндай өкірту (Алшағырдай қалмақты, ор қояндай өкіртіп); ордасында шалу (Ордасында шалады, өлтіріп кегін алады); басы бөліну (Басы бөлінді қалмақтың); атқан оғы өту (Шарайнаға қарамай, атқан оғы өтеді), т.б. Бұл қолданыстардың бәрі дерлік еркін сөз тіркестері емес, лексикалық мағына иеленген, лексикаланған тіркестерге айналған. Найзасын ендірді, жауды жайратты, найзасын саптады, жаудың оттарын сөндірді, күлін көкке ұшырды, елін шабу, жауды жапыру, ойын салу, т.б.қимылды, қақтығыс кезіндегі іс-әрекетті білдіреді.

2) Қару-жарақ атаулары: мылтық, адырғы, дулыға, сауыт, қалқан, жебе, садақ, оқ, шарайна, айбалта, ақ сүңгі, қу жебе, көк жебе, сұр жебе, ақ найза, ақ семсер, ақ алмас семсер, т.б. Қару-жарақ атауларының жекелеген жырларда эпитетсіз жұмсалғаны байқалады. Ал керісінше кейбір жырларда бір ғана жебенің өзі бірнеше түрлі эпитетпен қолданылады:

- көк,

- сұр,

Жебе - ақ,

- он екі тұтам қу,

- қу

- ақ

Найза - ақ алмас,

-ақ сапты болат)

- кескір,

Қылыш - өткір болат

- сауыт бұзар,

Оқ - масаттан соғылған

- төрт қырлы алмастан жасалған , т.б. болып келеді.

Екінші кезекте жырларда әлеуметтік немесе қоғамдық мәнді сөздер мен сөз тіркестеріне орын беріледі. Мысалы: хан, бек, сұлтан, асыл, дана, ер, бай, жыршы, би, қойшы, бәйбіше, алғаным, жұрт, жақын, кемпір, шешей, пақыр, пенде, келін, ақсақал, аға, іні, жақыны (жеті ата жақыны) және тұрақты сөз тіркестері қас болу, хабар салу, кеңес құру, т.б. қоғамдық-саяси лексикаға, оның ішінде әлеуметтік-тарихи мағынасы бар қолданыстарға жатады. Осы аталған сөздердің ішіндегі ақсақал, би, жұрт, т.б. терминдене бастаған сөздер. Өйткені келесі дәуірлерде бұлар термин ретінде тұрақтала бастайды.

Үшінші кезекте тұрмыстық лексика элементтері тұрады. Жырдағы саны жағынан өте көп сөздердің бұл тобын:

а)азық-түлік атаулары: құрт, шекер, бал, сүт;

ә) мал атаулары: бие, қой, жылқы, сиыр, бұқа, бура, мал, т.б.

б)малға байланысты құрал-жабдықтардың атаулары: таяқ, шылбыр, күйме, т.б.

в)мата атауларын білдіретін сөздер: мақпал, парша, т.б. деп бөлуге болады.

Сөз тіркестері: атанға саба арту, төрт саба қымыз, бір сауын лақты ешкі, ту бие, темірден кебіс, көк ала тай, алтын тон, тобылғы меңді торы ат, кіндік кесу, мерекелі той жасау түрінде келеді.

Бұл жырларда, әсіресе «Қобыланды батыр» және басқа да жырларда ономастикалық атаулардың қолданылуы өте жиі. Мысалы,оның ішінде:

а) адам аттары: Ақшахан, Қыдырбай, Ақару, Қобыланды, Бек, Тауып хан, Құртқа, Апар, Жапар, Бибіжан, Қошабай, Алшағыр хан, Айқасқа, Байқасқа, Көкемпиқасқа, Көкқасқа, Қозғалмас хан, Хансұлу, Ибажан, Қостөре хан, т.б.

ә)жер, су аттары көп болмағанмен, ұшырасады: Қаратас, Жайық, Жиренқопа, Бесоба, Ешкіқырған, Жирен, Тобылғытау, Егіздібұлақ, Балбұлақ, Айғырбүгілді, Қазан қаласы,Еділ суы, Жыланды тау, Қап тау, Бөкентау, т.б. Ерекшелігі ретінде таулардың атауынан соңтау, өзен, көл су атауларынан кейін көлі, суы (Қара ойықтың көлі, Еділ суы, Көк өзен) сөздерінің тіркестіріліп айтылуын атауға болады. Образдылықты білдіретін атауларға Қырық қақпалы Қырым, Қырық сан қырым, Алты күндік Қаптау, т.б. Бұлар нақты жер атауларынан гөрі бейнелі қолданысқа жатады, нақтылықты білдірмейді.

Жырлардағы ел, ру, халық атауларына тоқсан баулы ноғай, қара қыпшақ ноғай, қалмақ, сыбан, Қостөре елін жатқызуға болады. Қазақ халқының қалыптасуында белсенді қызмет атқарған ноғайлы елі, тоқсан баулы ноғайлы жұрты, қалмақ этнонимдік атаударын келтіре отырып, атаулармен байланыстыра олардың жақсы-жаман, оң-теріс жақтарын көрсетуі де жырлардың тіліндегі ерекшеліктерге жатады.

Бұл жырларда, атап айтқанда, «Қыдырбайұлы Қобыланды» жырында кездесетін мағынасы күңгірт сөздерге тәбісім (тәбісім ету), қасаба, зерең, заңғар (Жалғыз қара көргесін Заңғар қалмақ қуанды), үп (Қырық нарға үп артты), шеңші (Шеңші иттің зоры екен), ақшы (Ақшы болып еліне Қызыл басты барад), т.б. жатады. Бұл қолданыстағы заңғар есер, залым мағынасында болса, үп жүк мағынасында, ақшы (тілегін тілеуші, тілекші), мағынасын береді.

Кірме сөздер қабаты араб-парсылық сөздерден құралады. Діни сөздерден мақшар, шілтен, мадихаттау сияқты бірен-саран ғана сөздер ұшырасады.

Әр топтама бойынша алып қарағандағы көркемдеуіш, бейнелеуіш қолданыстарды жасалу жолына қарай бірнеше топқа бөлуге болады:

1) есім тіркестердің алдыңғы сыңары соңғысын анықтап тұрады. Мысалы, сауын сүт, қу шоқай, қырлы мылтық, қара жас, иесіз дүние, жолым дүние, қара бауыр құл, батыр ер, т.б. Шыбындай жан түрінде келетін теңеулер де кездеседі.

2) Есім сөз бен етістіктің тіркесуі арқылы жасалған тіркестердің көбінің мағынасы тұрақталған тіркестерге айналған. Қазынаға салу, жасы төгілу, аққа тапсыру, түсі кету, қарасы көріну, жерігі қанбау, бауыры елжіреу, жүзі солу т.б. – осы қолданыстары күні бүгінде де сақталған. Ал ерекшеленіп тұрған, қолданысы жалпыға түсінікті емес тіркестер: ұйқыдан қату, құлынды сайлау, тойға түсу, аққа тапсыру, қамын айту. Бұл келтірілген мысалдардағы тіркестердің алдыңғы сыңарлары барыс, табыс, шығыс септік тұлғалы және тәуелділік жалғаулы болып келген.

3) Атау тұлғалы есім мен етістік тіркесуі арқылы жасалған қолданыстарға: кеңес құру, той жасау, тілек тілеу, қайғы салу, тұл болу, жұлқыс салу, құдай алу, күн туу, тәбісім ету, т.б жатады.

Бетіне таңба салу, қош алу (жақсы деп қош алу), ақ жарылып күн туу, қош көру сияқты тұрақты тіркестерімен қатар, қойнына жас төгілу, ат бауырынан өту, бір көрсем деп шөлдеу - жеке стильдік қолданыстар.

Жырларда грамматикалық тұлғалардың жарыспалылығы байқалады. Мысалы, шаққа тәуелсіз, үнемі орындалып жататын іс-әрекетті –ар, -ер, -р және –ады (ауыспалы осы шақ) формасымен беру кездеседі. –ар, -ер,-р; -ып,-іп,-п; -ды,-ді,-ты,-ті және жіктік тұлғалардың (1-жақ, 3-жақ) қолданысы өте белсенді: Кезегімді бер деді, Қайратымды көр деді, Сонда Қобылан сөйледі; Сонда қалмақ долданды, Қорамасаға қол салды, т.б.

Грамматикалық тұлғалардың қысқартылған формалары жиі кездеседі: емен, бүй деді, болмағасын, болғансын, аяман, т.б. Би- кірме префиксінің тіркесуінен биарман сияқты сөз туындаған.

Септік формаларының элизияға ұшырауықұбылысы кездеседі: Жібекті көр де , шашым (-ды түсірілген) көр; Құдай тілегің (-ді түсірілген) бергесін, т.б.

Шежірелер тілін зерттеу әдеби тілдің талай күрмеулі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сондай құнды дерек­терге қол жеткізуге мүмкіндік беретін шежірелердің бірі — XІV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басында жазылған “Жами' ат-тауарих” шежіресі, шығарма авторы — Қадырғали Жа­лайыр би. Бұл шежіренің 1854 жылы И.Н.Березин жарияла­ған мәтіні библиографиялық сирек кездесетін құндылыққа айналып үлгірді, ал Қазан университетінің Ғылыми кітапханасында сақталған екінші тізімі (текстологиялық, термин-список) де мамандардың қолына оңайлықпен түсе қоймайды.

Жылнаманың атауы шартты, өйткені алғашқы беті сақталмаған және оның тілін, тарихын зерттеумен аса көп шұғылданған татар зерттеушілері авторды “Кадр-Али бек” деп атаса, қазақ зерттеушілері “Қадырғали” дейді.

Бұл араб графикасымен жазылған, негізін қыпшақ тобы­на жататын түркі сөздері құрайтын мұраның тілін арнайы зерттеген көрнекті ғалым Р.Сыздықова: “Известно, что арабографических рукописях, как обычно, текст не снабжается знаками препинания, отсутствуют заглавные буквы. Чтобы облегчить его современное прочтение, мы разбиваем текст на предложения, проставив соответствующие знаки препина­ния”, — дейді (Язык Жами ат-тауарих. — Алматы: Наука, 1989, 4-б.).

Жылнаманың тілін зерттеген З.А.Хисамиеваның есебінше, түркі қабаты — 58 %, араб сөздері — 28%, парсы сөздері — 13%, орыс және монғол сөздері — 1%-дан тұрады екен.

Ескерткішті лексикалық және грамматикалық тұрғыдан зерттегеннен соң ғалым Р.Сыздықова бұл шығарманы “қазақтың ескі жазба әдеби тілін танытатын бірден-бір құнды ескерткіш” деген қорытындыға келеді.

Соңғы кездері әр ұлт ортағасырлық мұраларды өзіне телуге тырысып бағуда. Бұл тұста Э.Р.Тенишевтің: «Такими литертаурными памятниками надо пользоваться с большой осторожностью: когда исследуются близкородственные языки, легко принять за «свое» то, что не является «своим», - деген пікірін жадта ұстау керек. (Материалы по татарской диалектологии//Вопросы диалектологии тюркских языков. Баку, 1966, Т.ІҮ, С.216).

ХҮ ғасырдың алғашқы жартысында Алтын орда түрлі дәрежедегі объективті және субъективті себептердің әсер етуі барысында (өзара қырқысу, Куликов шайқасы, Әмір-темірдің шабуылы, т.б.) Алтын Орда ыдырай бастады. Алтын Ордадан бірте-бірте Сібір, Қырым, Қазан хандықтары, Ноғай ордасы, Қазақ және Өзбек хандықтары бөлініп шықты. Түрлі тайпалық одақтардың консолидациялық бірігуі нәтижесінде қазақтың жалпыхалықтық тілі пайда болды. Жалпыхалықтың ауызекі тілінің, сөйлеу тілінің элементтерімен қаныға берген тіл ауызша әдеби тілдің өмір сүруін қамтамасыз етті.

ХҮІ-ХҮІІ ғғ. түркілік ескерткіштердің тілі негізінде ресми іс-қағаздар стилінің іргесі қаланды. Бұл дәуірдегі ескерткіштер өте көп. Алтын Орда хандарының түрік сұлтандарына арнаған бітіктері, Махмудхан сұлтанның Мехмед сұлтанға жазған бітігі (1466 ж.), Сахиб-Герейдің жарлығы (1523 ж.), Тоқтамыш ханның жарлығы (1392 ж.) т.б. Татар ғалымы Ф.М.Хисамова бұл бітіктердің дәстүрлі арнау бөлігінде Х-ХІғғ. тән стандарттар мен штамптардың сақталғандағына көңіл бөледі (Татарский язык в Восточной дипломатии России (ХҮІ – начала ХІХ в.).

ХІҮ-ХҮІІ ғғ. түркі жазбаларында ил «народ», bitiq, ilci т.б. термин-сөздері сол алдыңғы дәуірден бері келе жатқан қолданыстарға жатқызылады. Сөз соңындағы қ, ғ-ның сақталуы да көне ұйғырлық алдыңғы дәуірдің белгілері қатарын толықтырады. Фонетикалық ерекшеліктеріне сөз басындағы й, көптік жалғауының -лар түрінде жазылуы жатқызылса, морфологиялық ерекшеліктерінің ең бастысы ретінде септіктің таза қыпшақтық формасының орын алуы айтылады (-ға,-гә; -ны,-не;-дан,-дән; -да,-де (-дә), т.б.). Өткен шақ -ды,-де; -мыз (1-ж.); жедел өткен шақ –ды; -ған - есімше формасы, -ып,-іп көсемше формасы т.б.

Әдебиеттер:

  1. Өмірәлиев Қ. XV-XIXғ. қазақ поэзиясының тілі. А., 1976
  2. Сүйінішәлиев Қ. VIII-XVIIIғ. Қазақ әдебиеті. А., 1989
  3. Қазақ әдеби тілі тарихының проблемалары. А., 1987
  4. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А., 1996
  5. Әбілқасымов Б. XVІІІ-XІX ғасырлардағы қазақ әде­би тілінің жазба нұсқалары. — Алматы: Ғылым, 1988.
  6. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормала­ры. — Алматы: Ғылым, 1984.
  7. М.Мағауин. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. –Алматы: Ана тілі, 1992.
  8. Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры және стилі. — Алматы: Ғылым, 1983.
  9. Момынова Б. Қазақ әдеби тілі тарихын зерттеу жүйесі.-Алматы:Қазақ университеті,2001.
  10. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы . - Алматы, 1982.
  11. Бес ғасыр жырлайды. 1-2-томдары. — Алматы: Жа­зушы, 1989.

6. Лекция тақырыбы мен сұрақтары:

Наши рекомендации