Бастауыш сыныптардың информатика сабақтарында көрнекілік принципін жүзеге асырудың ерекшеліктері.
7.Бастауыш мектепте информатиканы оқыту құралдарын талдау. Информатика сабағын тартымды да мағыналы етіп өткізу үшін мұғалім сабақта қолданылатын оқу құрал - жабдықтардың қызметі мен атқаратын функциясын толық меңгеріп, оның не үшін керектігін ажыратып, қажет жағдайда қолдана алатындай дәрежеде болғаны дұрыс. Енді осы айтылған оқу құрал жабдықтарға толығырақ сипаттама берелік:
1. Қабырғалық кесте - оқу құралының дәстүрлі түрі. Оны дидактикалық функциясына қарай информатиканы оқытуда шартты түрде анықтамалықжәне жұмысшы деп бөлуге болады.
а) анықтамалық кесте оқушылар жұмыс істеу барысында еске сақтайтын формулалар, сондай-ақ есте сақтауды қажет етпейтін, бірақ оқушылармен жаппай жұмыс істеуге қолданылатын материалдар жазылады. Мұғалім оқушыларға кестені дұрыс пайдалана алуды үйретуі тиіс. Ол кестенің қанша уақыт ілінетіндігін мұғалім өзі шешеді.
ә) жұмысшы кестелер саны көп (көлемі үлкен) есептерді жаппай шешуді ұйымдастыру кезінде қолданылады. Кейбір кестелердің бір бөлігі анықтамалық, ал екінші жағы жұмысшы болуы мүмкін. Мұғалім жұмысшы кестені пайдалана отырып, сабақ өту барысында қосымша тапсырмалар да құрастырады. Жұмысшы кесте - жаттығулар топтамасын орындауға мүмкіндік беріп, уақыт үнемдейді. Нәтижеде білімді көтеруге септігін тигізеді. Бірақ, кестені әр сабаққа арнап жасаудың да қажеті жоқ, себебі кесте неғұрлым көп болса, оны сақтау және керектісін таңдап алу қиын соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда диафильмдер мен диапозитивтер қолдануға тура келеді.
2. Транспарант – графопроектор көмегімен экранға проекциялауға арналған, типографикалық және фотографиялық тәсілмен орындалған, сондай-ақ бір немесе бірнеше таспаға фломастермен дайындалған объект. Мысалы, геометриялық фигураны таспаға фломастермен салып, оның проекциясын түсіруге болады. Диапроекторлардың “Этюд”, “Свет-4”, “Экран” және т.б. түрлері кең қолданылады.
3. Графопроектор – сабақ өтуде жиі қолданылатын демонстрациялық техникалық құралдың бір түрі. Қазіргі кезде оның “Код-1”, “Лех-3”(ПХР), “Полилюкс” (ГДР) және “Лектор-2000” т.б. түрлері жиі пайдаланылады. Графопроектор диапроекциялық құрылғыға жатады. Экранға қағаздағы жазылған объект тура (төңкерілмей) түсіріледі.
4. Эпидипроектор – экранда өлшемі 50х50мм, 85х85 мм, 85х105 мм және 90х120 мм, 150х150 мм объектілерді алуға мүмкіндік береді. Оның “ЭПД-1”, “ЭПД-455” және “ЭП-1” түрлері кездеседі.
5. Киноэкран – диапозитив, диафильм кадрлері, кинофильм және т.б. оқу құралындағы бейнені проекциялауға арналған жазық бет.
6. Магнитофон – магнитті таспаға дыбысты жазу және дыбысты шығаруға арналған құрылғы.
7. Кинопроекция – белгілі бір жиіліктегі тізбектес фильм кадрларының тез кезектесіп ауысып тұратын экранда үлкейтілген бейнесін алу үрдісін айтады. Кинопроектордың “Русь” және “Волна” түрлері баршылық.
8. Теледидар – қозғалатын бейнелер қозғалмайтын объектілерді радиотолқын немесе толқын желілері арқылы электр сигналдар көмегімен қашыққа тарату (видеомагнитофонды қолдану).
9. Диафильм (грекше – арқылы және латынша - таспа) деп бір-бірімен сюжетті байланысқан, бір таспада орындалған позитивті бейнеленген фотографиялық жүйелерді айтады.
10. Диапозитив (грекше – арқылы және латынша – “оң”) деп позитивті фотобейнені айтады. Соңғы жылдары информатиканы оқытуда бұлар кең түрде қолданылған. Кезінде информатика пәні мұғалімдері мен әдіскерлер көптеген көрнекі құралдар дайындаған еді. Диафильм мен диапозитивтің қажеттілігі мұғалімге материалды, суретті, сызбаны және мәтінді т.б. алдын-ала қолдануға дайындап қоюдан туды [3].
11. Компьютер – ақпаратты өңдеуге арналған құрылғы. Кез-келген ЭЕМ негізгі үш бөлімнен тұрады.
1) Монитор – ақпаратты бейнелейтін құрылғы, сондай-ақ экранда кескіндерді, геометриялық фигураларды көрнекті түрде бейнелеп, кей кезде өз осінен айналдырып, әртүрлі жағдайларға келтіріп көрсетуге болады;
2) Жүйелік блок – компютер жұмысын басқаратын құрылғы және ақпаратты сақтауға арналған, қажет кезде пайдалана беруге болады;
3) Пернелік тақта – ақпаратты енгізуге арналған құрылғы;
Оқу үрдісін ұйымдастыруда әрбір оқу құралының өзіне тән дидактикалық функциясы, мүмкіндіктері, өзінің педагогикалық және техникалық қолдану шекаралары бар болғандықтан, оқу құрал жабдықтарын қолданудың тиімді жолы оларды кешендік түрде қолдану болып отыр. Мысалы, мұғалім сабақты магнитофон көмегімен информатикалық диктанттан бастап, кино үзінді көрсетуі мүмкін.Содан кейін жаңа материалды баяндауды диафильмді көрсете отырып түсіндіреді, сабақты бекітуде диапозитивті қолданды. Енді оқушыларға баспа негізді дәптерде тапсырмалар мен жаттығуларды орындатып, өзіндік жұмыс істеуі үшін кеспе таратып берсін. Содан кейін ЭВМ-ді қолданады. Компьютердң сабақта орнымен, әрі уақытымен көрнекі құрал ретінде қолдану кезінде оқу танымдық үрдіс тиімділігін арттырары даусыз.
Ендеше жаңа қоғамға, жаңа технологияға, техникаға тез бейімделгіш адамды дайындау, оқыту әдісін жетілдіру және оның тиімділігін арттыру болып табылады. Кейде көптеген мұғалімдер мен әдіскерлерге компьютер жаңа құрал болып көрінетіндігі белгілі. Біз мұнда компьютерді көрнекі құрал ретінде қолданудың жалпы мәселелерін, оның экрандық, дидактикалық мүмкіндіктерін ашып көрсетуді басты назарда ұстадық. Информатиканы оқытуда компьютерлік технологияны тиімді, әрі орнымен қолдану туралы мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар қажет-ақ. Мұндай әдістемелік құралдарды дайындау көптеген мектеп информатика пәні мұғалімдері мен әдіскерлердің және ғылыми қызметкерлердің әлі де болса көп уақыт бірлесіп жұмыс істеуін керек етеді.
8.Курсты оқытудың жалпы әдістемелік сұрақтары:
Пәнді оқыту әдістері: ғылыми–педагогикалық әдебиеттерді, информатиканың оқу бағдарламалары мен оқулықтарын теориялық талдау, бастауыш сыныптар оқушыларына информатиканы оқытудың барысын бақылау, озат педагогикалық тәжірибені оқып–үйрену және қорытындылау, әңгімелесу, педагогикалық эксперимент, компьютермен практикалық жұмыс.
Бұл пәнді оқыту 12 жылдық мектептің бастауыш буынының оқу жоспарына 2-сыныптан бастап информатика пәнінің енгізілуіне байланысты Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынып отыр. 12 жылдық мектептің бастауыш буынына арналған алғашқы оқулықтар “Атамұра” (Т.Б.Әштаев, Е.А.Вьюшкова) және “Алматыкітап” (Н.Т.Ермеков, С.Ноғайбаланова) баспаларынан басылып шықты. Қазіргі кезде жалпы білім беретін мектептің 2-4 сыныптарына арналған “Ақпараттық мәдениет негіздері” курсы (авторлары: Е.Балапанов, Г.Кабулова, С.Мұхамбетжанова, Б.Айтбакина, Г.Мамырбек) құрастырылған және ол Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі тарапынан лицейлер мен гимназияларда пайдалануға ұсынылған.
Бастауыш мектепте информатиканы оқыту әдістемесікурсы мынадай бөлімдерді қарастырады:
1.Бастауыш мектепте информатиканы оқыту әдістемесіоқу пәні ретінде.
2.Бастауыш мектепте информатиканы оқытудың теориялық негізі.
3.Бастауыш мектепте информатиканы оқытудың технологиясы.
а) Ақпараттық технологиялар курсына оқытудың технологиясы;
ә) Қолданушылық курсына оқытудың технологиясы.
б) Алгоритмдік курсқа оқытудың технологиясы.
4. Информатикадан оқушылардың білім, білік және дағдыларды меңгеруі мен компетентілігін қалыптастыру технологиясы.
Курсты оқып-үйренудің соңына қарай
– студенттердің бастауыш сыныптарда ақпараттық оқытуды ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері, бастауыш сыныптардың оқу үдерісінде қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдаланудың мүмкіндіктері туралы түсініктері қалыптасуы тиіс;
– информатиканы оқытудың жалпы әдістемелік принциптерін білулерікерек және бастауыш сыныптардың оқу үдерісінде бағдарламаларды пайдалана алуларытиіс;
– информатиканы оқыту әдістемесін меңгеруі қажет.
Бастауыш мектепте информатика сабағын жүргізудің түрлері мен формалары: ойындық, көрнекілік құралдар, алгоритмдік этюдтер, сабақтың теориялық және практикалық бөлімдері, кіші жастағы мектеп оқушылары үшін информатика дәптерлері.
Педагогикалық технология ұғымы түрлі педагогикалық ойын түрлерін педагогикалық процесте әдістер мен тәсілдердің кең көлемді топтарын біріктіреді, оның жалпы ойындардан ерекшелігі оқытуда нақты мақсатының қойылуымен және оның оқу-танымдық бағыты сипатталған, негізі салынған педагогикалық нәтижесіне сай анықталады. Сабақ барысындағы ойын әдістері оқушыларды оқу қызметіне ынталандыру құралы ретінде ойын әдістері мен жағдайларының көмегі арқылы құрылады. Сабақ барысында ойын әдістері мен жағдайларын өткізу мынадай негізгі бағыттарда жүргізіледі. Сабақ процесінде пайдаланатын ойындардың бірнеше түрлерін атап көрсетуге болады.Бастауыш сынып мұғалімдерінің оқу– тәрбие жұмысының негізгі саласы сабақ. Сабақ үстінде оқушылардың біліктілігі, іскерлігі, дағдысы, дүниетанымы дамиды. Негізгі бетбұрыс оқушы білімінің сапасын арттыру, ол дегеніміз түпкі нәтижені көре білу, яғни окушыға берген біліміміздің қайтарымын көру. Ол үшін сабаққа сыныптағы оқушының барлығын қызықтыра отырып қатыстыру қажет. Бес саусақ бірдей емес, яғни әр оқушының сабаққа қызығушылығы, дүниетанымы, даму ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан оқушылардың осы топтарына әртүрлі деңгейде талап қоюға тура келеді. Ал ойын элементтері кез-келген оқушының қызығушылығын тудырады. Тіпті нашар оқитын оқушының өзі ойын арқылы берілген тапсырмаларды асқан қызығушылықпен, белсенділікпен орындайды. Оқушылардың қызығушылықтарын туғызатын ойындардың бірі — дидактикалық ойындар.Ойын элементтерін қолдана отырып мұғалім оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, зейінін арттыру мақсатында әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Атап айтқанда, мұғалім ойын жағдаяттарын туғыза отырып, әртүрлі заттарды қолдану арқылы сұрақтар қойып, затты көрсетіп, түсіндіріп ойын сюжетін құрастырады.Бастауыш сыныптардың тіл сабақтарында дидактикалық ойындарды жаңа тақырыпты түсіндіру барысында, қайталау, пысықтау, жаттығу сабақтарында да пайдалануға болады. Бастауыш сынып оқушылары әлі де ойын баласы, сондықтан мұғалім оларды жалықтырмай әртүрлі ойын түрлерімен сабақты қызықты өткізуге тырысуы қажет.Ойындар оқушылардың ой — өрісін дамытып, ойлау қабілетін арттырумен қатар, үйретілген, өтілген тақырыптарды саналы да берік меңгеруге үлкен әсер етеді. Ойындар оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар, сөздік қорларын молайтып, сауатты жазуға да баулиды. Оқушылар ойын ойнау барысында үйренген сөздерін айтып қана қоймай, оның қандай мағынада қолданылатынын да біледі. Ойын оқу пәндерінің мазмұнымен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана дұрыс нәтижелер береді.