Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша қандай мәселелер қамтылмақ?
— Жоба негізінен алты бағыт бойынша жүзеге асады. Олар — азаматтардың денсаулық сақтау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдар тиімділігін арттыру, азаматтардың денсаулығын одан әрі нығайту және негізгі әлеуметтік-елеулі аурулардың деңгейін төмендету, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыруды, басқаруды және қаржыландыруды жетілдіру, медициналық, фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицинада инновациялық технологияларды дамыту және енгізу, сондай-ақ дәрілік заттардың халық үшін қолжетімділігін және сапасын арттыру да осы жоба аясында атқарылатын негізгі бағыттардың бірі.
Бағдарламаны жүзеге асыру тек қана денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне жүктелген міндет емес, барлық тиісті орындар атсалысуы керек. Бағдарлама аясында салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік аурулар деңгейін төмендету, дұрыс тамақтану, жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының денсаулығы, төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық құтқару қызметін жолға қою секілді өзге де мәселелер қамтылады. Қазіргі күні аймақта осы бағыттағы жұмыстарға баса назар аударылуда. Әсіресе, соңғы жылдары жиі кездесетін инфаркт, инсульт, қант диабеті, туберкулез ауруларының алдын алу шаралары күшейтілді. Ана мен бала денсаулығы да басты назарда. Сондай-ақ аса қауіпті инфекциялық аурулардан сақтандыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Осы орайда облыс әкімі жанындағы халық денсаулығын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесі және кеңес жанындағы арнайы жұмыс тобы қыруар шаруа тындырды. Қазіргі күні кеңес мүшелері мәдениет, спорт, білім беру, санитарлық қадағалау, ішкі саясат басқармалары және ішкі істер департаментімен бірлесе жұмыс істейді.
Аталған бағдарламаның бір тармағы ана мен бала денсаулығы екенін айттыңыз. Осы тұрғыда орталық тарапынан қандай шаралар қолға алынуда?
— Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін облыстың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктері жеткілікті. Қазір емдеу орталықтарында «Дені сау бала» кабинеттері жұмыс істейді. Біздің орталықпен бірлесе отырып ана мен бала денсаулығын қорғау тақырыбында түрлі семинарлар өтеді. Оның ішінде отбасын жоспарлау, жүкті әйелдердің гигиенасы, сәбиді ана сүтімен қоректендіру, қыз балалар тәрбиесі тақырыптары бойынша өзекті мәселелер сөз болады. Оның ішінде жүкті аналарға айрықша назар аударылады. Мәселен, қант диабетімен ауыратын аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Яғни, әйел жүкті екенін білгеннен кейін тұрақты түрде дәрігерге қаралуы керек. Өйткені қандағы қант деңгейін түсіретін дәрілерді ішу балаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан жүкті ана ағзасындағы қантты бақылауға алғаны абзал.
Сүт безі қатерлі ісігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жиі жүргіземіз. Мәселен, аталған сырқат көбіне репродуктивті жастағы әйелдер арасында көп кездеседі. Сондай-ақ бауыр, жатыр қосалқылары мен қалқанша безі аурулары сүт безі ауруының пайда болуын күшейтеді. Сонымен бірге бұрын босанбаған, бір-ақ рет босанған немесе бала емізбеген, түсікті жиі жасатқан әйелдердің мұндай сырқатқа шалдығу қаупі жоғары. Жалпы, бұл аурудың құрығына іліккен әйелдер шылым мен ішімдіктен, күннің көзінде және моншада ұзақ болудан сақтанып, физиопроцедураларға абайлап қатысқаны жөн.
Семинар кезінде жас келіндерге емшек сүтінің маңыздылығын айтамыз. Ана сүті сәби үшін таптырмайтын құндылық екенін ұмытпағаны дұрыс. Қаладағы барлық емхананың дәлізінде ақпараттық парақшалар ілулі тұр. Өткен жылы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасынан ана мен бала денсаулығына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға қатысты 19 бейнекөрініс көрсетілді. Биылғы жылдан бастап жоғары оқу орындарының жастары арасында эстафета өткізуді қолға алдық. Шараға белсене қатысқан оқу орнына ана мен бала бейнесіндегі шағын мүсін беріледі. Қазірдің өзінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті және Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жастары аталған шараны өткізді. Оларға акушер-гинекологтар дәріс оқыды.