Тақырып Сөз таптары және олардың классификациясы
А.Байтұрсынов тіліміздегі сөздерді таптастыру ісінің берік іргетасын қалаушы деуімізге болады. 1930 жылдардан бастап морфологияның жеке мәселелеріне арналған шағын көлемді мақалалар мерзімді баспасөз беттерінде, әсіресе сол кездегі ғылыми-педагогикалық журналдар — «Төте оқу», «Ауыл мұғалімі», оның орнына келген «Халық мұғалімі» журналдары беттерінде жиі-жиі көріне бастайды. Осы он жылдықтың аяғына дейін жеке сөз таптарына, қосымшаларға арналған отызға тарта мақала жарияланыпты. Олардың көпшілігін Қ.Жұбанов, X.Басымов, Ш.X.Сарыбаев, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтар жазған.
30-жылдарға дейінгі жарық көрген еңбектерді қазақ тілінде пәлен сөз табы бар дегені болмаса, сөздерді түрлі топқа бөлудің принциптері жөнінде ештеме айтылмайтын. Н.Сауранбаевтың «Сөз таптары» атты мақаласында осы мәселе талданады
Автор: тілдердегі сөздерді тапқа бөлуде ғылымда қалыптасқан үш түрлі принцип бар, олар «семантикалық, синтаксистік, морфологиялық белгілер» деп жазады да, осы үш түрлі белгілерді мысалдар арқылы талдай келіп, қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлуде сөздердің мағыналық жақтарына шешуші мән берілу керек деген дұрыс қорытынды жасайды.
Сөздерді әр түрлі кластарға бөлу, олай бөлуге негіз болатын принциптерді айқындау ісімен профессор Қ. Жұбанов та айналысқан.
Жұбанов ойынша, сөздерді тапқа бөлуде олардың тек мағыналық жағына ғана көңіл аудару жеткіліксіз. Сөз табын ашу үшін үш түрлі өлшеуді қатар алып отыру дұрыс. Үшеудің бірдей сынына толса, сонда ғана бұл пәлендей сөз табы деуіміз керек. Ол үшеудің бірі – мағына, екіншісі – морфология, үшіншісі – синтаксис деп бүгінгі күні қазақ тіл білімінде орныққан сөз таптастырудың үш принципінің атын атап, түсін түстеп көрсетеді (9, 230-235).
Автордың сөздерді тапқа бөлуінде А.Байтұрсыновтың терминдерін қолданбаудан туған кейбір өзгешеліктер ғана бар. Ең алдымен, тілдегі сөздерді түбір тап, шылау тап, одағай тап үш топқа бөледі.
Автордың сөздерді тапқа бөлуге критерий етіп алған түрлі белгісінің қазақ тілі үшін мәні бірдей еместігі, ең маңызды белгі ¾ сөздің семантикалық жағы екендігі бұл күнде талас туғызбайтын қағида болса керек.
Отызыншы жылдардың аяқ кезінде жариялған морфологияға тікелей қатысы бар тағы бір еңбек –орта мектепке арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулық. Бұл – 1938 жылы баспадан шыққан, авторы – С.Аманжолов. Өз кезінде бұл оқулықтың біраз кемшіліктерін сынға алған мақалалар болған. Шынында да, еңбектің жоғарыда талданған А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов оқулықтарынан теориялық дәрежесі төмендеу болатын. Алдыңғы еңбектер сияқты мұнда да өздерді тұлғасына, тобына қарай жіктейді.
Морфология тұрғысынан алғанда 30-жылдардың алдыңғы он жылдан өзгешелігі – бұл саланы тек оқулық көлемінде ғана емес, ғылыми мақалалар жазу арқылы тереңірек зерттеуіге талпынудың алғашқы бастамасы көріне бастады. Сол кездегі педагогикалық журналдар мен Ұлт мәдениеті институтының ғылыми жинақтарында X.Басымовтың, С.Аманжоловтың қазақ тілінің қосымшаларын зерттеген мақалалары, сөздерді тапқа бөлуде басшылыққа алынатын принциптерді айқындауға арналған С.Жиенбаевтың т.б. еңбектері жарияланды. Сөйтіп, алдағы уақытта тек практикалық қана емес, теория мәселесіне де көңіл бөлудің алғашқы қадамы жасалды.
Қазақ тіл білімінің басқа да салалары сияқты морфологияның да жоспарлы түрде кең көлемде зерттелуі 40-жылдардан басталады. Бұл онжылдықтың атап айтуға тұрарлық бір жаңалығы – қазақ тіл білімінің салаларын даралап арнайы зерттеу, солардың негізінде (кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау болды. Мұндай зерттеулерде ғылымның басқа салаларынан гөрі морфологияға қатысты мәселелер көбірек қамтылды. Тек 40-жылдар ішінде ғана морфологиядан етістіктің есімше, көсемше, етіс шақ, көмекші етістік, сын есім шырайлары мен үстеу арнайы зерттелді.
40-жылдар ішіндегі морфологияға қатысты еңбектердің бір елеулісі – Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиев жазған «Қазақ тілінің грамматикасы». Осы еңбектің морфология деп аталатын саласы «Сөз» деген тақырыппен басталады. «Морфема» дейтін грамматикалық термин қазақ тілі білімінде алғаш рет осы оқулықта қолданылған, бірақ авторлар оны қосымша формалардың ғана атауы деп түсіндіреді. Қ.Жұбанов еңбегінде өзгертіп қолданған грамматикалық терминдерді соңғы авторлар А.Байтұрсынов қолданған атаулармен атап, дұрыстаған.
Қ. Жұбанов сияқты соңғы авторлар да сөздерді тұлғасына қарай алты түрге бөледі. Терминдік өзгешеліктері болмаса, әр тұлғадағы сөздерді түсіндірулерінде А.Байтұрсынов Қ. Жұбановтан айтарлықтай бөтендік жоқ.
Қ.Жұбанов сияқты бұл авторлар да сөздерді тапқа бөлгенде олардың семантикалық, морфологиялық, синтаксистік белгілері бірдей дәрежеде ескерілуін талап етеді. Қазақ тіліндіге сөздерді сегіз тапқа бөлу дұрыс емес деп тауып оларды есімдер, етістіктер, есімдіктер, үстеулер, көмекшілер, одағайлар деп алты түрге бөледі.
Сонымен, терминдік, классификациялық ала-құлалықтарына қарамстан 40-шы жылдар ішінде қазақ тілі морфологиялық жүйесі А.Байтұрсынов қалыптастырған негізде ілгері дамыды. Бұған түркологияның 30-40 жылдар ішіндегі түркі тілдері грамматикалық құрылысын зерттеуде қол жеткен табыстарының да игілікті әсерi аз болмаса керек.
1950 жылдан бері қарайғы уақыт ішінде морфологияның жеке мәселелеріне қатысты жүзге тарта ғылыми мақала, жиырмаға тарта монографиялық зерттеулер мен кітапшалар жарық көрді. Олардың ішінде етістік категорияларын зерттеуге арналған Ы.Мамановтың, А.Қалыбаеваның, И.Ұйықбаевтың, осы жолдар авторының, Н.Оралбаеваның, Т.Ерғалиевтың еңбектерін, сын есім катергориясына арналған Ғ.Мұсабаев, Ж.Шәкенов, Ә.Төлеуов еңбектерін, сан есімге арналған Ә.Хасенов, одағай, еліктеуіш сөздерін зерттеген Ш.Сарыбаев, Катенбаева, үстеуді зерттеген А.Ысқақов, есімдіктерді зерттеген Ә.Ибатов, шылауларды зерттеген Р.Әміров,Т.Қордабаев, Ф.Кенжебаева т.б. еңбектерін атауға болады.
Морфологияға тән әртүрлі мәселелерді бөліп алып, жекелеп зерттеушілер қазақ тіл білімінде аз емес, бірақ солардың ішінде морфологияны, әсіресе оның есім саласын тұтас алып зерттеуші, оны өзінің ең негізгі ғылыми объектісі деп есептейтін ғалым – А.Ысқақов.
А.Ысқақовтың морфологияны ғылыми пән ретінде жоғарғы оқу орындарында оқытуы және оны зерттеуі 40 жылдар ішінен басталды. Содан бері қарай жүргізілген ғылыми зерттеулердің ең соңғы қорытындысы ¾ «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» деген атпен 1964, 1974, 1991 жылы оқулық ретінде бiрнеше рет жарық көрген кітабы (10, 96-102).
Соңғы жылдары қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясына елеулі жаңалық енгізген ғалым С.Исаев болды. Ғалым қазақ тіл білімінде бұрын да термин ретінде жиі қолданылғанымен, мән мағынасы күнгірт граммикалық мағына, грамматикалық форма, граммикалық категория секілді іргелі грамматикалық ұғымдарды қазіргі лингвистикалық даму дәрежесіне сай нақты анықтап, басын ашып беру арқылы сөз таптастыру мәселесінде де барынша айқындық енгізді.
Ғалымның бұл саладағы негізгі ерекшелігі – А.Ысқақов қалыптастырған жобаны сынай отырып сөз табына оныншы етіп модаль сөздерді қосып қарастыруы болды.