Дәріс тақырыбы:Дефектологияның қазіргі ғылыми бағыттары мен өзекті проблемалары

Мақсаты:студенттерді дефектологияның қазіргі ғылыми бағыттары мен өзекті проблемаларымен таныстыру, ұғцм беру.

Тірек сөздер:компенсация, коррекция, реабилитация, бейімдеу.

Жоспары:

1. Дефектология ғылымының әдіснамалық негіздері.

2. Дефектология ғылымының теориялық негіздері.

3. Дефектология ғылымының дамуындағы Л.С.Выготскийдің теориялық концепциялары, оның мәні.

Кез-келген ғылым өзінің әдіснамалық базасын құрушы негізгі қағидаларға сүйенеді.

Дефектология ғылымы психиканы адам әрекетінің ең жоғарғы материясы болып табылатын мидың қызметіне бағындыра отырып, диалектикалық материализм принципіне байланысты материя бірінші, сана екінші деген философиялық көзқарас негізіне сүйенеді.

Дефектология ғылымыныңнегізгі әдіснамалық принциптері мыналар:

Детерменизм принципіқұбылыстардың жалпы себептік байланыстарын анықтайды. Бала психикасының дамуы биологиялық және әлеуметтік факторларға тәуелді. Биологиялық себептерге орталық нерв жүйесінің органикалық бұзылуынан болатын дамудағы кемшіліктерді немесе функционалдық жетіспеушілікті жатқызамыз. Әлеуметтік себептерге сәбилік шақтағы, ерте балалық шақтағы микроәлеуметік жағдайлардың жасалмауы жатады.

Сананың, тұлғаның және әрекеттің бірлігі принципі адам тұлғасы туа бітпейді, керісінше сананың қалыптасып, белгілі бір саналы әрекет жасауға дайын болған кезде қалыптасады. Сана да өзі жеке тұрып қарастырылмайды, ол тұлғаның құрылымына кіріп, әрекет кезінде қалыптасады, деген ұстанымға негіз болады.

Дефектология педагогикалық процесті ұйымдастырылған әрекет жағдайларында дамуы кешеуілдеген немесе қиын балалар тұлғасын қалыптастыру процесі ретінде қарастырады.

Даму принципі адам санасы өзгермелі, сондықтан ол әр уақытта өзгерістерге бейім тұрады. Баланың дамуы туралы білім, оның өзекті және потенциалдық даму деңгейінің анализі психологиялық-педагогикалық болжам жасауға, бала дамуындағы білім берушілік бағыттарды анықтауда маңызды деген пікірге болжам жасауымызға ықпал етеді.

Дефектология ғылымының теориясы мен практикасының дамуына үлкен үлес қосқан оқымыстылар: Л.С.Волкова, М.В.Ипполитова, Р.И.Лалаева, Л.П. Носкова, В.Г.Петрова, Л.И.Солнцева, Е.А.Стребелева, У.В.Ульенкова, Т.Б. Филичева, Г.В.Чиркина, С.Г Шевченко, т.б. арнайы педагогиканың теориялық негіздері түрлі ғылым салаларынан тұратын білім құрастыруда мына еңбектердің қатары ерекше орын алады:

-философиялық және әлеуметік мәдени тұжырымдамалар, олар бір жағынан арнайы педагогиканың әдіснамалық базасын құрса, екінші жағынан арнайы педагогиканың өз алдына ғылым саласы ретінде даму перспективасын анықтайды;

- адамның жоғарғы нерв әрекеті туралы түрлі мәліметтер И.П.Павлов, И.М.Сеченов еңбектерінде көрсетілген;

- нейрофизиология мен нейропсихология салалары туралы білім, атап айтсақ А.Р.Лурияның мидың 3 блогы теориясы, бас миы қабығы локализациясының бұзылуы туралы теориялары;

- балалар психиатриясы салаларындағы ғылыми мәліметтер (В.В.Ковалев, К.С.Лебединская, М.С.Певзнер, Г.Е.Сухарева);

- Л.С.Выготскийдің және оның шәкірттерінің ғылыми концепциялары;

- психикалық дизонтогенез теориясы (В.В.Лебединский, В.И.Лубовский);

- жалпы және аномальды дамудың спецификалық заңдылықтары туралы тұжырымдама (Л.С.Выготский, В.И.Лубовский, В.В.Лебединский);

-Р.М.Боскис, Т.А.Власова, Г.М.Дульнева, Р.Е.Левина, Н.Г.Морозова, Ж.И.Шиф және басқалардың еңбектеріндегі педагогикалық тұжырымдамалар.

Л.С.Выготский дефектологияның эмпирикалық сипаттамалық позициясынан ғылыми негіздеріне көшуін қамтамасыз етудегі теориялық-әдіснамалық базаны құрды. Оның ғылыми тұжырымдамалары өткен ғасырдың 1920-30-шы жылдарында құрылған тұжырымдамалары өзінің өзектілігін жоғалтпай осы кезеңге дейін жеткен. Арнайы педагогика ғылымы үшін өте маңызды Л.С.Выготскийдің тұжырымдамалары мыналар:

· психиканың мәдени-тарихы маңызы мен жоғары психикалық функциялардың қалыптасу концепциясы;

· қалыпты даму мен патологиядағы психикалық дамудың заңдылықтары концепциясы;

· дамудағы білім берудің ролін анықтау концепциясы.

Арнайы білім берудің теориясы мен практикасындағы ерекше мәнге ие болып табылатын оқымыстының идеяларына кез-келген кемшіліктің жүйелі түрдегі құрылуы мен дамудағы кемшіліктер кезіндегі компенсаторлық мүмкіндіктер, аномальды бала тұлғасының қалыптасуында ұжымдық формадағы әрекеттердің маңызы (оқу әрекеті, ойын әрекеті, еңбек әрекеті) орын алады.

Психиканың мәдени-тарихи маңызы мен жоғары психикалық функциялардың қалыптасу концепциясына сәйкес тұлғаның қалыптасуы қоғамдық-тарихи тәжірибелер негізінде игеріледі. Л.С.Выготскийдің пікірінше, сыртқы ортадағы практикалық әрекеттер бірте-бірте психикалық функцияларға ауысып, саналы түрдегі шартты сипатты бейнелейді.

Сонымен қатар, Л.С.Выготский психиканың даму деңгейін екіге бөліп көрсетеді: шынайы биологиялық сипаттағы даму деңгейі және әлеуметтік сипаттағы даму деңгейі. Бұл деңгейлер сөйлеудің дамуымен, баланың белгілік-символдық әрекеттерімен байланысты, қорытындыланып, психиканың сапалы түрдегі қайта құрылуын, жоғарғы психикалық функциялардың қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Жоғары психикалық функциялар сапалы түрде адамдардың өмір сүру жағдайындағы қарым-қатынас кезінде, түрлі әрекеттерді игеру барысында, сөйлеуді игеруде қалыптасады.

Адамның жоғары психикалық функцияларын анықтаушы белгілердің қатарына баланың ойын барысында, продуктивті әрекет кезінде қолданатын белгілік құралдарды, әріптерді, сандарды жатқызамыз. Тіл де белгілердің жүйесін құрайды. Белгілер мен символдар заттар мен құбылыстардың шынайы қатынастарын бейнелеуші адам әрекеті барысындағы модельдеуде (сызба, формулалар, чертеждер) өзара бірігеді.

Жоғары психикалық функцияларға ерікті зейінді, ерікті есте сақтауды, логикалық есте сақтауды, сөздік-логикалық ойлауды, қабылдау арқылы талдауды, мағыналы сөйлеуді, шығармашылық ойлауды, жазбаша сөйлеуді жатқызуға болады. Сонымен, адамның жоғарғы психикалық функциялары туа пайда болмайды. Олар адамның әлеуметтенуінің маңызды өнімі болып табылса, екінші жағынан адамның социумға енуін қамтамасыз етіп, қоғамдағы толыққанды өмір сүруін қамтамасыз етуші құрал.

Психиканың мәдени-тарихы маңызы мен жоғары психикалық функциялардың қалыптасу концепциясы теориясынан шығатын қорытынды адамның дамуы биологиялық және әлеуметтік факторлардың бірігуі арқылы анықталады. Соның ішінде әлеуметтік фактор маңызды. Баланың қалыпты дамуы үшін оның организмі биологиялық жағынан орталық жүйке жүйесінің дамуы қалыпты болуы керек. Дегенмен дені сау бала, әлеуметтік депривация жағдайында қалатын болса, (ата-анасының қарауынсыз қалу, ақпараттар мен әрекеттердің жетіспеушілігі) бала дамуы кешеуілдейді. Психиканың толық дамуы үшін адам басқа адамдармен қарым-қатынасқа, әрекетке түсуін қамтамасыз ететін педагогикалық-әлеуметтік жағдайлардың орны ерекше.

Психиканың дамуындағы заңдылықтар концепциясына сүйене отырып, қалыпты даму мен патологиядағы жалпы және спецификалық заңдылықтарды анықтауымызға болады.

Психиканың дамуындағы жалпы заңдылықтар мыналар:

Интеграция (кіріктіру) психикалық процестердің тұрақты және өзгермелі функционалдық жүйелерге бірігуі. Адамның жоғарғы психикалық функциялары интегративтік сипатқа ие.

Мысалы, Л.С.Выготскийдің пікірінше, белгілі бір кезеңге дейін ойлау мен сөйлеу параллель дамиды және олар түрлі генетикалық сипатқа ие. Ойлаудың генетикалық тамыры заттық-практикалық әрекетке байланысты болса, сөйлеу қарым-қатынасқа байланысты айқындалады. Шамамен екі жасқа таман ойлау мен сөйлеу өзара айқасып, сөйлеу-ойлау әрекеті дамиды, яғни сөйлеу мағыналы күйге ауысып, ойлау қалыптасады. Бұл құбылысты ойлау мен сөйлеудің интеграциясы деп атаймыз.

Барлық жоғарғы психикалық функциялар сөйлеумен байланысты, ол интеграциялану арқылы қалыптасады (логикалық ойлау сөйлеу, есте сақтау, ойлаудың интеграциясы арқылы дамиды).

Психикалық процестердің өзгермелілігі - психиканың жалпы даму заңдылықтары ретінде анықталады. Осы кезде әрбір жоғарғы психикалық функциялардың қалыптасуындағы реттілік байқала бастайды. Әрбір психикалық функцияның қарқынды дамуы кезін сипаттайтын сензитивтік кезеңдегі психикалық функция өзінің ықпалы арқылы басқа функцияларды да тартып, дамытып отырады. Мысалы, олардың бірнешеуін қарастырсақ, 0-3 жасқа дейін психикалық процестердің базасы болып табылатын қабылдаудың қарқынды даму кезеңі. 1-3 жасқа дейін еріксіз зейін қарқынды дамиды. 2-5 жасқа дейін сензитивті кезең сөйлеудің дамуы болып табылады.

3-7 жасқа дейін көрнекі-образды ойлау мен елестетудің қарқынды даму кезеңі. 10 жастан кейін сөдік-логикалық ойдаудың қарқынды даму кезеңі басталады. Сонымен, қалыпты психикалық даму әрбір психикалық функция үшін белгіленген кезеңдерді бейнелейтін гетерохрония заңына тәуелді.

Психикалық процестердің өзгермелілігі кризистік кезеңдерде (1 жасқа дейін, 3 жасқа дейін, 7 жасқа дейін, жеткіншектік кезең) өтпелі сипатта дамиды.

Психиканың берілгіштігі - психикалық процестердің өзара байланысты өзгеретінін бейнелейтін заңдылық болып табылады. Қандай да бір психикалық функцияның жоғалуы кезінде адамның әлеуметтік өмірге бейімделуіне мүмкіндік беретін басқа психикалық функциялардың қабілеттіліг анықталады.

Жалпы және психикалық аномальды дамудағы психикаға тән заңдылықтарды Л.С.Выготский былайша ұсынады:

Бірігу(дивергенция) психиканың дамуындағы екі жақтылық: биологиялық және әлеуметтік.

Дамуы қалыпты бала жас ерекшелік кезеңінің әрбіреуінде биологиялық және әлеуметтік жағынан жаңа психикалық функциялардың деңгейін игеріп отырады. Аномальды бала, биологиялық жағынан дамығанымен, психикалық функциялардың даму кезеңдерінде айтарлықтай артта қалып отырады. Егер балаға уақытында арнайы педагогикалық көмек көрсетілмесе, артта қалушылық максималды деңгейге дейін дамиды. Арнаулы оқытумен тәрбиенің ықпалынан биологиялық және психикалық тізбектегі даму бір-біріне жақындап, біріге бастайды.

Л.С Выготскийдің оқулары жүйелі құрылымы жағынан кез-келген кемшілік кезінде есепке алынатын, дефектология ғылымы үшін маңызды болып табылады.

Кез-келген кемшіліктің құрылымында бірінші және екінші кемшіліктерді айқындауға болады. Бірінші кемшіліктер бас миының органикалық бұзылуынан немесе олардың функцоналдық жетіспеушілігінен болса, екінші кемшіліктер бірінші кемшіліктердің әсерінен пайда болады. Одан басқа тұлға дамуына айтарлықтай кері әсер етуші үшінші, төртінші кемшіліктер пайда болуы мүмкін. Баланың жасы кіші болған сайын бірінші кемшілік анық байқалады, ал екінші кемшілік бірінші кемшіліктің негізінде дамиды. Сонымен, коррекциялық жұмыстардың барысында алғашқы кемшіліктерді анықтау арқылы екінші кемшіліктің алдын алуға болады.

Компенсацияның мүмкіндігі сақталған функциялардың негізінде ұйымдастырылады. Бұл заңдылық Л.С.Выготскийдің кемшіліктің күрделі де жүйелі құрылымын анықтау туралы оқуларынан келіп шығады. Мысалы, есту анализаторының кемшілігінен бірінші кемшілік естудің нашарлауы, саңыраулық пайда болса, екінші кемшілік сөйлеудің кемшілігі анықталады.

Дегенмен, бұл кемшіліктерді сақталған көру анализаторларының жұмысы арқылы компенсациялауға болады. Дамуында кемшілігі бар балалармен жүргізілетін барлық коррекциялық жұмыстар компенсациялану негізінде сақталған фунцкиялардың көмегімен жүргізіледі. Л.С.Выготскийдің аномальды балалардың даму заңдылықтары туралы оқулары өзінің шәкірттерінің де еңбектерінен көрініс тауып отыр. Л.С.Выготский оқудың бала дамуындағы алатын ролі тұжырымдамасы негізінде дамыта оқыту идеясын ұсынып, бала мүмкіндігінің өз бетінше әрекетке түсуі потенциалдық мүмкіндіктері арқылы айқындалатын «даму зонасының өзектілігін» және «жақын даму зонасын» анықтады. Потенциалдық мүмкіндіктердің айқындалуына ересектердің ықпалы қажет екендігін ескеру негізінде «Жақын даму зонасы» бала мүмкіндігі мен қабілетін айқындауға, соған байланысты оқу жоспарларын, оқу бағдарламаларын құрастыруда мұғалімге үлкен көмек болады.

Жүргізілетін барлық коррекциялық жұмыстар «жақын даму зонасы» негізінде ұйымдастырылатындықтан, бұл принцип дамудағы кемшіліктерді диагностикалау мен түзетуде де маңызды.

Наши рекомендации