Леуметтендіру процесінде тұлғаның қалыптасуы

Әлеуметтену – «Мен»-дік көзқарасын қалыптастыру арқылы тұлғаның әлеуметтік өмірге бейімделуі. Тұлғаның мендік танымы тиісті болумен қатар өмірдегі өз орнын айқындауға жол ашады.

Жеке тұлға – саналы сөйлеу, шығармашылық қабілеттері бар қоғамдағы табиғи тірі организм – адам. Адам туылғанда тек биологиялық тіршілік иесі болып танылады, жеке тұлғалыққа жету әлі ерте. Биологиялық нышандар мен қасиеттердің дамуы адамның өмір бойы мүшелік пісіп жетілуі және қалыптасуы процесінің сипатын көрсетіп отырады. Кейін іс-әрекет, қарым-қатынас, еңбектің, қоршаған ортаның әсері арқасында және қабілеті мен бейімділігі негізінде жеке тұлға болып танылады. Адам бұл жағдайға әлеуметтену деп аталатын процесс негізінде жетеді.

Әлеуметтену – оқу және тәрбиенің барлық процесін қамтып, әлеуметтік өмірге араласуға, қарым-қатынасқа түсуге негіз болады. Әлеуметтену процесіне тұлғаның барлық қоршаған ортасы қатысады: отбасы, көршілері, құрдастары, мектеп, бұқаралық ақпарат құралдары.

Тұлғаның өзін-өзі дамытуы .В.И.Андреев даму мен өзін-өзі дамыту процесінің 2 ерекшелігін атап өтеді: тұлғаның өзгерісі сырттан емес, оның өзіне-өзінің ішкі мақсатқа бағытталған әсерінен болады; өзгерістер тек қана мотивте, интеллектуалды, эмоционалды аймақта ғана болмайды, сондай-ақ, барлық «өзіндік» процестерде жүреді: өзін-өзі тану, өзін-өзі анықтау, өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі өзектендіру, өзін-өзі басқару. Өзін-өзі дамытудың басты тетігі қарама-қайшылықты, тұлғаның біртіндеп күрделіленетін шығармашылық мәселені шешуі болып табылады.

Өзгеріс өзінің сандық және сапалық нәтижелерімен ерекшеленеді. Өзгеріс тұлғаның әртүрлі аймағын қамтиды. Бұл өзгерістер өзінің білінуі мен белсенділік диапазонында жеке дара ерекшеліктерімен сипатталады.

Даму – бір күйден екінші күйге өту процесі, ескі сапалық күйден жаңа сапалық күйге өту, қарапайымнан күрделіге өту, төменнен жоғарыға өту. Дамудың қозғаушы күші – жеке тұлғаның қажеттілігі, оның мотивациясы, сондай-ақ, іс-әрекет пен қарым-қатынастың сыртқы ынталандыруы.

Өзін-өзі дамытудың негізгі сипаттамалары болып табылатындар:

· тұлғаның әртүрлі бағыттағы процестері: педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік, физиологиялық, философиялық және т.б.

· бұл процестердің өзегі – жасаушылық мәні болатындығы болып табылады;

· тұлғаның барлық аймағын қамтитын қарама-қайшылықтарды шешетін сандық және сапалық параметрлері болады;

· өзін-өзі дамыту тұлғаның өзіне-өзінің белсенді іс-әрекеті нәтижесінде жүреді.

Өзін-өзі дамыту – өзін-өзі өзгерту мен шығармашылық идеяларды іздеуге мақсатты бағытталған саналы түрде мотивацияланған процесс. Өзін-өзі дамытудан дамытудың ерекшелігі – ол кездейсоқ жүреді және ішкі қарама-қайшылықтарды шешу нәтижесінде тұлғалық сапалардың өзгерісі байқалады.

Өзін-өзі дамытудың барлық сатысы: өзін-өзі тану, шығармашылық пен өзін-өзі анықтау, шығармашылықпен өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі басқару бір-бірімен тығыз байланысты және біртұтас күрделі жүйені құрайды.

Ғалым В.И.Андреев тұлғаның өзін-өзі басқаруына қатысты 9 мағыналы қабілеттерді ажыратады: өзін-өзі тану қабілеті, өзін-өзі анықтау қабілеті, өзін-өзі ұйымдастыру қабілеті, өзін-өзі белсендіру қабілеті, өзін-өзі сендіре алу қабілеті, өз бетінше іс-әрекет жасай алу қабілеті, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі бағалау, өзін-өзі жетілдіру.

Өзін-өзі жетілдірудің қажетті шарттары – басты мәселені қоя алу және басым бағыттағы бірінші мәселені ұтымды шеше алу. Осыған сәйкес уақыт талабына сай келетін мәселені таба алу керек, сондай-ақ, оның басым бағыттарын дұрыс анықтау қажет. Бұл үшін мұғалімге өзінің инновациялық әлеуетін толық жетілдіруге мүмкіндік беретін мақсатты дұрыс анықтап алу қажеттілігі туады. Өзін-өзі жетілдіру – бұл мотивацияланған, дербес процесс және өзін-өзі тану, шығармашылық тұрғысынан өзін-өзі анықтау, өзін-өзі басқару, инновациялық өзін-өзі жетілдіру процестерімен тығыз байланысты. Оның негізіне тұлғаның өзін-өзі өзгерту, өзін-өзі жетілдіру мақсат бағыттылығын түсінуі жатады.

Даму процесінің күрделілігі, қарама-қайшылықтылығы мен заңдылығы, спираль түріндегі құбылыс болуы жеке тұлғаның шығармашылық әлеуетінің дамуын оның өзінің алға қарай жылжуын өзі дайындайтын процесс деп қарауға мүмкіндік береді. Бұл философияда «өзін-өзі алға ілгерілету», «өзін-өзі дамыту» ұғымына сәйкес келеді. Өзін-өзі ілгерілетуде сыртқы әсерлер аралық рөл атқарады. Тұлғаның өзін-өзі дамытуы өзін-өзі ілгерілетуден сапалық сипатымен өзгешеленеді: ол ұйымдастырудың жоғары деңгейге өтуімен қатар жүреді.

Өзін-өзі дамыту қажымас қайраттылықты, үлкен ерік-жігерлік күшті қажет етеді. Өзін-өзі тәрбиелеу мектебі адамнан көптеген күш-қайратты жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылықты, өзіне деген сын көзбен қарауды талап етеді.

Өзін-өзі тәрбиелеу адамның рухани қажеттіліктерін қалыптастыруға бағытталған. Адамның өзін-өзі жетілдіріп, өзімен жұмыс істеуінде кітаптардың маңыздылығы зор. Өйткені, кітаптар бізді жақсы адам болуға ынталандырады, қызықты адамдармен таныстырады. Өзін-өзі тәрбиелеудің маңызды бөлігі – мотивтерді, ынтаны дамыту. Жақсы, ақ ниетті болуға талпынбай, адамзаттың білімдер байлығын, адамзат мәдениетін игеруге тырыспай жан-жақты тәрбиелі және білімді адам болу мүмкін емес.

Психологиялық-педагогикалық ғылымдарда өзін-өзі тәрбиелеудің кең қолданылатын тәсілдері болып өзіне-өзі баға беру, өзіне-өзі бұйыру, өзін-өзі құптау, өзін-өзі түзету және т.б. саналады.

Өзін-өзі тәрбиелеу өзін-өзі бағалаудан басталады. Өзін-өзі бағалаудың негізін жеке адамның өзі қабылдаған құндылықтар жүйесі, тұлғаның жеке маңыздылықтар жүйесі құрайды. Өзін-өзі бағалау адамның өзін басқа адамдармен салыстыру арқылы қалыптасады және осындай салыстыру табиғи түрде жүргізіледі.

Өзін-өзі нақты бағалау өзін-өзі тәрбиелеудің мақсаттарын дұрыс құрастыруға мүмкіндік береді. Тұрақты және жаңа ақпараттар әсеріне, жинақтаған тәжірибесіне, қоршаған адамдардың пікірлеріне байланысты өзгеріп отыратын бейімделгіш өзін-өзі бағалау түрі адамның дамуы мен тиімді еңбек етуі үшін ең қолайлы бағалау болып саналады.
Өзіне-өзі бұйыру дегеніміз адамның өзіне-өзі берген қысқа, үздік-үздік үкімі.Өзіне-өзі бұйыру адам өзін нақты бір іс-әрекет жасау керектігіне сендіріп, енді басқаша әрекет жасауға болмайды деп сезгенде ғана қолданылады.

Адамның өзін-өзі тәрбиелеуде өзін-өзі құптаудын маңызы зор. Әр адамның есінде өздерінің үлкен жетістіктерге жеткен кездері жақсы сақталып қалады. Адамның жетістіктері оған рухани, интеллектуалдық, күш-жігерлік қорларының ішкі мүмкіншіліктерін байқатып, өмірдің жаңа белестерін жеңе алатынына сенімділік тудырады. Кейбір өмірлік жағдайларда адам «өткенді ойлап» осындай жағдайдан қалай жол тауып шыққанын еске түсіргені абзал.

Өзін-өзі бақылау – адамның өз іс-әрекеттерін, психикалық процесстер мен көңіл-күйлерін түсінуі, бағалауы және реттеуі.

Бұл тәсіл адамға айналадағылармен сабырлы қарым-қатынаста болу іскерліктерін, басқа адамдардың кемшіліктеріне, әлсіздіктеріне, қателіктеріне шыдамды болуды үйретеді. Аталған тәсіл көмегімен адам шиеленіс жағдайларды реттеп, ұстамдылыққа, күрделі жағдайларда байсалдылық, сабырлық сақтауға үйренеді.

Өзін-өзі түзету адамға өз мінез-құлқын, кемшіліктерін, қателіктерін және басқа адамдарға деген қарым-қатынасын өзгертуге мүмкіндік береді. Өзін-өзі түзету адамның өзіне сын тұрғысынан қарауына байланысты болады.

Дамудың жас және жеке ерекшеліктері.Белгілі бір бала дамуының кезеңдеріне тән анатомиялық-физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді әдетте жас ерекшеліктері деп атайды. Сондықтан педагогика және психология балалардың жас ерекшеліктеріндегі ширақтықты, өзгерісті айқындайды, тәрбиеленушінің және қоршаған ортамен жасайтын қарым-қатынастар жүйесіне тәуелді болатынын атап көрсетеді. Балалардың өсіп-жетілуінің бір сатысынан екіншісіне көшуі кездейсоқ емес. Әр жастағы кезеңге тән психологиялық ерекшеліктердің ұштасуын жиі байқауға болады. Сана-сезімнің, дене күш-қуаттарының дамуы адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты. Баланың жасы өскен сайын бойлары өсіп, денелері тұлғаланып, ақыл-саналары дамып, білімдері тереңдей бастайды.

Ж.Ж.Руссо бойынша баланың жас кезеңдері: 2-ге дейінгі жас - дене тәрбиесі; 12-ге дейінгі жас - мектепке дайындық; 15-ке дейінгі жас - ақыл-ой, дене әрекеті; 18-ге дейінгі жас - сезім тәрбиесі, отбасын құруға дайындық.

Тәрбие мен оқыту осы жас сатыларына сәйкес жүргізілуі керек. Өйткені, адам жасының табиғи негізі - жас сатылары немесе биологиялық жетілу сатылары. Әрбір жас шағы психикалық дамудың ерекше сапалы кезеңі болып табылады және бала дамуының осы кезеңдегі жеке басының өзіндік құрылымының жиынтығын құрастыратын көптеген өзгерістермен сипатталады. Мектептегі оқыту оның бүкіл өміріне түбегейлі, сапалы өзгерістер енгізеді. Алаңсыз балалық шақ аяқталып, баланың өмірінің іс-әрекеттің жаңа түрі - оқу енеді.

Балалардың дамуының жас кезеңдері негізі даму заңдылықтарымен анықталады. Отандық психологтар бала дамуының әрқайсының өзіндік ерекшелігін, кезеңнің әлеуметтік даму жағдайы және жетекші іс-әрекет түсініктерімен анықтайды.

Әлеуметтік даму жағдайын Л.С.Выготский анықтаған: «Дамудың ішкі процестері мен сыртқы жағдай үйлесімділігі, ол әр жас кезеңіне тән және сол жас кезеңіне тең психикалық даму динамикасымен шарттасады және соған байланысты».

Жетекші әрекет түсінігі А.Н.Леонтьев еңбектерінде ашылған. Әрбір жас кезіне сәйкес іс-әрекет түрі сәйкес келеді, ол баланың жеке басының дамуына және қалыптасуына, оның танымдық мүмкіндіктеріне әсер етеді. Психологиялық-педагогикалық ғылымның тереңдетіліп дамуына байланысты, жас кезеңдері де зеттелуде. Бұған Д.Б.Элькониннің еңбектері дәлел бола алады. Оқу міндетті іс болып табылғандықтан, ол баладан белгілі бір жауапкершілікпен еңбек етуді талап етеді. Мектепке бару баланың қоғамдағы және отбасындағы жағдайын өзгертіп, оған бірқатар жаңа міндеттер жүктейді. Осының бәрі баланың қоғамдағы жағдайын өзгертеді, бұл өзгерісті ол біртіндеп сезінеді.

Тұлғаның әлеуметтік даму барысында қоғамда адам өзін тұлға ретінде сезінеді. Бұл тәрбие, білім алу және өзін-өзі тәрбиелеу жағдайында адам өздігінен алдына мақсаттар белгілеп, оған жетуде өзінің бедел-сезімін түсінеді, коғамдағы өз орнын сезінеді.

Әлеуметтендіру – тұлғаның белгілі бір бейнесін дәріптейді, оның негізгі белгілері: адамның әлеуметтік қарым-қатынасы, достық, сүйіспеншілік, отбасы, өндірістік, саяси т.б. көрінеді.

«Адамның адам болып қалыптасуы жалғыздықта өмір сүрмейді, тірліктердің арқасында адам болып қалыптасады, өзін қоршаған басқа субъектілермен бірдей жағдайда тұрмайды, бірақ әркім-әрқайсысының жан-жақты ықпалынан осы жерлерге үздіксіз жауап қайтарады» (П.Наторп).

Д.Б.Эльконин балалар дамуының жас кезеңдерін төмендегідей көрсетеді:

1. Нәрестелік жас – туғаннан бастап 1 жасқа дейін. Жетекші әрекеті – эмоциональды қарым-қатынас. Бұл жастың ерекшелігі (маңызды жетістігі) - басқа адаммен қарым-қатынасқа деген қажеттілік.

2. Сәбилік кезең – 1-3 жас. Жетекші әрекеті – заттық әрекет. Жетістігі - сөйлеудің дамуы және көрнекі әрекеттік ойлаудың дамуы.

3. Мектеп жасына дейінгі кезең – 3-7 жас. Жетекші әрекеті – рөлдік ойын. Жетістігі – қоғамдық маңызды, қоғамға бағалы іс-әрекетке ұмтылуы.

4. Бастауыш сынып оқушысы – 7-11жас. Жетекші әрекеті – оқу; оқу процесінде ес қалыптасады, сыртқы әлемнің заттарын меңгереді. Бұл жастың жетістігі болып психикалық құбылыстардың ырықтылығы, ішкі әрекет жоспары, рефлексия алынады.

5. Жеткіншілік жас – 11-15 жас. Жетекші әрекеті – қоғамда пайдалы іс-әрекет жүйесіндегі қарым-қатынас (оқу, қоғамдық-ұйымдастыру жұмыстары, еңбек, т.б.); бұл процесте жеткіншек әртүрлі жағдайдағы қарым-қатынас дағдыларын меңгереді. Маңызды жетістіктері - өзін-өзі бағалау, сын көзбен қарау, «ересек болуға ұмтылу» және ұжым өмірінің нормаларына бағына білу іскерлігі мен дербестігінің қалыптасуы.

6. Балғын жастық шақ – 15-17 жас. Жетекші әрекеті – кәсіптік оқу. Жетістігі: оқу процесінде дүниетанымы, кәсіби қызығушылығы, өзіндік санасы және арман-мұраты қалыптасады.

Акселерация (латын сөзі «акелероцио» - жеделдету, тез қарқынмен даму) балалық және жеткіншек жастағылардың дене және психикалық даму жағынан тез қарқынмен, жеделдеп дамуын айтады.

Адамның өсіп жетілуінде белгілі заңдылық болады. Ал, бұл заңдылық әр балада әр қалай болады. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін олардың жас және дара ерекшеліктерін білу қажет. Мектептегі кезеңнің өзі бастауыш (6-10 жасқа дейін), орталау мектеп (10-15-ке дейін), орта мектеп оқушылары (15-18-ге дейін) болып үшке бөлінеді. Баланың дене дамуындағы ең маңыздысы - орталық жүйке жүйесі, өйткені адамның психикалық әрекеттері осы орталық жүйке жүйесіне байланысты болады.

Акселерацияға тән ерекшелік – балалардың бойының, салмағының бұлшық еттерінің жедел түрде өсіп жетілуі. Акселерация құбылысы тұрғысынан қарағанда қазіргі жеткіншек балалардың бойы биік, иықтары қысыңқы, кеудесі қысқа, аяқтары ұзын келеді. Күні бұрын тез жетілген ағза ауруға, суыққа және дене салмағына төзімсіз келуі анықталуда. Ересек жастағы балалар жыныс мүшесі жетілу кезінде тез шаршайды. Осындай тез өсетін ағзада жүрек-тамыр жүйесінің дамуы бірнеше есе қалыс қалады да, өз міндеттерін атқара алмайды. Ал баланың психикалық жетілу денгейі артта қалады (соңдықтан ер немесе қыз бала қоғам, отбасы алдындағы өзінің борышын ар-намысын, міндеттерін, жауапкершілігін түсіне бермейді. Осы мәселені ата-аналар, мұғалімдер ескеріп отыруы қажет.

Акселерация – биологиялық фактор, әлеуметтік жағдайлардың жақсаруы, сонымен бірге радио толқындардың және географиялық-климаттық жағдайлардың өзгеруі аталған құбылыстың пайда болуына әсер етті. Әрине акселерация құбылысы жайлы түпкілікті қорытынды шығару ертерек. Өйткені бұл әлі де зерттеуді қажет етеді, дегенмен акселерацияға байланысты мектеп жиһаздарына, сырт және аяқ киімдерінің үлгілеріне, дене шынықтыру және жаттықтыру кешендеріне қайта қарауға тура келіп отыр. Акселерацияның ақыл-ой дамуына ықпал жасайтындығы байқалуда. Сонымен адамның дамуы өзара байланысты бірнеше факторлардың ықпалымен жүретін күрделі педагогикалық, психологиялық процесс болып табылады.

Мектепке дейінгі балалық шақ, бастауыш мектеп шағы, жеткіншектік және жасөспірімдік шақ кезеңдерінде балалардың өсу, даму және тәрбие барысында болатын кейбір өзгешеліктері мен ерекшеліктерін еске ала отырып, мектеп және отбасы олардың іс-әрекетін тиімді етіп ұйымдастыру тиіс.

Наши рекомендации