Пайдаланылған әдебиеттер. 1. Эйхгорн. «Музыка казахов»

1. Эйхгорн. «Музыка казахов». – Кітапта: Ташкент, 1964, 58 бет.

2. Темірбекова А.З. Казахские народные песни. Алматы. Жазушы, 1975. ст.7

3. Затаевич А.В. Тысяча песен казахского народа. М., 1963, с.11

4. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы, Ана тілі.1991, 12 бет.

5. Дүйсембінова Р.К. Қазақтың әншілік өнері. Алматы, РБК, 96 бет .


6- тақырып. Халықтық тәрбиенің факторлары

Жоспар

1.Ертегілердің танымдық рөлі

2. Ертегі – халық тәрбиесінің құралы

4.Табиғат - халықтық тәрбиенің факторы

5. Халықтық тәрбиедегі ойындар мен сөздердің рөлі

1.Ертегілердің танымдық рөлі..Қазақ ауыз әдебиетіндегі мазмұны терең, тілі бай, тақырыбы әр алуан болып келетін саланың бірі – ертегілер. Ол ата-бабаларымыздың ұзақ жылдар бойы жинаған асыл қазыналарының ең көне түрі болса да, осы күнге дейін өскелең ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуде маңызын жоймаған жанрлардың бірі. Табиғат күштерін қайткенде басқару жайын, әлемде туындап жатқан сансыз құбылыстардың мәнін қалай ұғыну жағдайын адамзат бағзы заманнан бері арман еткен. Еркін еңбекті, әділдікті, бақытты көксеген. Сондықтан да қай халықтың болмасын ертегі балалардың жас ерекшеліктеріне, мақсат-мүддесі мен талап-тілектеріне сай құрылады. Өзінің тартымдылығымен, бейнелілігімен және сезімге ықпал етуімен айрықшыланады. Көшпелі қазақ халқының тереңнен ойлап, тапқырлығымен, эпикалық дастан мен ертегілерді мазмұны бай, түсінікті тілмен суырып салмалық қасиетімен айтып беретін, таңқаларлық есте ұстау қабілетімен ерекшеленетінін Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов т.б. көптеген зерттеуші ғалымдар, этнографтар, тарихшылар атап көрсеткен. Мысалы, Ш.Уәлиханов қазақ ертегілеріндегі басты кейіпкерлердің жағымды-жағымсыз қылықтарын ажырата білуге, әдемілікті бағалап, өмірдегі келеңсіз құбылыстардан жиренуге үндейді. Ертегінің мазмұнға бай екендігін ескертеді. Ондағы Батыр, Жезтырнақ, Алып секілді көптеген кейіпкерлердің өзіндік рөлін ажырата білуге шақырады.
Ертегілердің бала тәрбиелеу ісіндегі маңызы туралы тіл ғылымының негізін салушы А.Байтұрсынов: «Ертегінің қадірі қанша деп сұрағанда, керектігіне қарай жауап беріледі. Ертегінің керек орындары: Халықтың ұмтылған сөздері ертегіден табылмақ, олай болса, ертегі тіл жағынан керек нәрсе. Балалар әдебиеті жоқ жерде ертегі баланың рухын, қиялын, тәрбиелеуге көп керегі бар нәрсе, баланы қиялдандыруға, сөйлеуге үйретеді. Бұрынғылардың сана-саңылау, қалпы-салты жағынан дерек беруімен керегі бар нәрсе» деп атап көрсетеді. Осыдан-ақ ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын материал ретінде құндылығы жоғары екенін сезуге болады. Сондай-ақ қазақ ертегілерін зерттеуге әдебиеттанушылар, фльклористер де (М.Әуезов, М.Ғабдуллин, С.Садырбаев, С.Қасқабасов т.б.) елеулі үлес қосты. М.Әуезов ертегі жайында былай деп пікір білдірген: «... ертегі деп бағзы замандағы елдің дүниеге көзқарасын білдіретін, я сол көзқарастың белгілі ізін көрсететін, онан соң белгілі елдің саясатын білдіретін арнаулы үлгіні, жамандықты жерлеп, жақсылықты көтеріп айтқан, ойдан шығарылған көтерме әңгімені айтады». Ертегінің тәрбиелік мәнін жоғары бағалағандардың бірі – заманымыздың заңғар жазушысы – Ш.Айтматов. Ол ертегі жайында: «Біздің өркениетті ғылыми-техникалық ғасырымызда ертегіге мәжбүрлік, зәрулік жоқ тәрізді. Өткен заман тәжірибесіне менсінбеушілікпен қарауға болмайды. Ертегілер – адамзаттың тәжірибесі. З.Әбілова мен Қ.Қалиева ертегілер балалардың өз күшіне сенуіне, тапқырлыққа баулитынына: «Ертегілер бала жанына жақын, тілі жатық, сөз тіркестері бір-бірімен сабақтасып, үйлесіп, тілге орамдылығымен тыңдаушыларын ұйытып, қызықтырып, еріксіз еліктетеді» деп жан-жақты тоқталады.

2. Ертегі халықтық тәрбиенің құралы.Қай заманда болмасын азамат алдында тұратын ұлы мұрат–міндеттердің ең бастысы–өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Халық педагогикасында баланың қиялын, оны дамытуға әсер ететін құралдар көп. Соның бірі – ертегі.Ертегілер жарқын, бейнелі әрі қысқа болуы тиіс. Ертегілік бейнелер арқылы балалардың санасына сөз өзінің ең нәзік реңімен енеді, ол баланың рухани өмірінің сферасы, ойлар мен сезімдерін білдірудің құралына – ойлаудың жанды шындығына айналады. Қазақ ертегілерінің оқу-тәрбие үрдісіндегі мүмкіндіктерін қарастырған педагог ғалымдардың ғылыми зерттеу еңбектері де баршылық. Мысалы, С.А.Ұзақбаеваның қазақтың халық педагогикасындағы эстетикалық тәрбие, Р.К Төлеубекованың халықтық педагогиканың бала тәрбиелеудегі рөлі, Г.А.Мұратбаеваның қазақ халық ертегілері арқылы орыс тілді мектеп оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеуде теориялық тұрғыдан айқындаса, А.Ж.Едігенова қазақ халық ертегілері арқылы танымдық қызығушылықты қалыптастыруды жан-жақты қарастырған. Сонымен бірге, ертегілерді мәнерлеп нақышына келтіріп айту ертекшінің шеберлігіне жеке басының ерекшелігіне, тіл өнеріне, сөз өнеріне, тыңдаушысының сезіміне эмоционалдық тұрғыда әсер ете білуіне байланысты. Ы.Алтынсарин хрестоматиясындағы үнді ертегісіндегі үзіндіде байқағыш болудың адам өмірінде, оның дүниетануында қаншама маңыз алатынын, тіпті мұндай қасиет білім жоқ, бірақ өмір тәжірибесі мол адамдардың басында да біртіндеп қалыптасатынын сөз етеді де, шәкірттерді өмірді жан-жақты зерттеп-білуге, түймедейден түйедейді таба білетінін, ізденімпаз, зерделі болуға меңзейді. Ал, «Аяз би» ертегісінің оқиғасы қазақ халқының күнделікті тұрмыс-қарекетіндегі тартыстар төңірегінде өрбиді. Ертегі желісі жұмбақ түрінде құрылған десе артық емес. Өйткені, айтайын деген ой бірден айтылмай, «Соңы немен бітеді?» деген сұрақ туындатып, тыңдаушысын елітіп, қызықтыра түседі. Батырлық жайындағы ертегілер ел қорғау жолындағы ерлік істерді дәріптей отырып, ел бірлігі мен жұрт тыныштығын сақтап қорғау азаматтық парыз екенін нықтап, жас ұрпақты елжандылыққа, Отансүйгіштікке тәрбиелейді. Ертегі халық ауыз әдебиетінің құрылымы жағынан алғанда қарапайым, ал рухани құндылығы жағынан баға жетпес аса қымбат, көркем туынды болып есептеледі.

3.Табиғат - халықтық тәрбиенің факторы.Жер бетiнде бiрнеше халықтар жойылып, олардың орнына жаңа халықтар пайда болды. Ал қазiргi өркен жайып, өмiр сүрiп отырған ұлттардың да әлденеше ғасырдан кейiн жер бетiнен жоғалып, олардың орнын жаңа этностардың басуы мүмкiн. Кез келген табиғат жүйесiнiң, (соның iшiнде этностардың да) ыдырап, құрып бiтуi сөзсiз. Бұл – табиғат заңы. Өмiрдiң өлiммен ұштасуы, ал өлiмнен кейiн жаңа өмiрдiң жер бетiнде өркен жайып, дүниеге келуi – диалектикалық заңды құбылыс. Ал мәдениет тарихынан ондай диалектикалық заңдылықты көрмеймiз. Табиғаттан адамның өзгешелiгi – олар материалдық игiлiктердi жасап, заттардың санын көбейткенiмен, табиғат сияқты, жанды бiр заттан екiншi бiр жанды зат (тiршiлiк иесiн) туғыза алмайды. Мысалы, табиғатта өсiмдiк пен аңдардың, хайуанаттардың жаңа түрлерi (белгiлi тарихи кезеңде) пайда болып, өсiп-өне бередi. Жер бедерiнiң тау-тас, жел мен жаңбырдың әсерiнен мүжiлiп, төбешiкке, тiптi бара-бара тегiс жерге айналуы, өзен-көлдердiң суалып, құрып кетуi немесе жер астына сiңiп, ағыс бағытын өзгертуi мүмкiн. Ал адам баласы жасаған Мысыр пирамидасы немесе Эйфел мұнарасы өзгерiссiз, ғасырлар бойы сақталады. Мәдени ескерткiштердi жасаушы этностар жер бетiнен жоғалғанымен, олар жасаған мұралар ұзақ жылдар бойы өмiр сүредi. Табиғат байлығын игерушi адамдардың мәдени-техникалық прогресi үнемi алға қарай жүре беретiн құбылыс болып көрiнуi мүмкiн. Бiрақ, шын мәнiсiнде, олай емес. Мәселен, бiздiң жыл санау дәуiрiмiзге дейiнгi VIII ғасырда өмiр сүрген скифтер қара теңiз жағасын жайлаған, 500 жыл бойы өркендеген, мәдениетi бай ел болған. Олар теңiз жолында сауда-саттықты өркендетiп, кереметтей өнердiң, өзiндiк мәдениеттiң иесiне айналды. Өткен ғасырлардағы адамдар кейiнгi ұрпаққа жақсы дағдылар мен бiлiм жиынтығын мұра ретiнде қалдыруды армандады. Мысалы, вавилондықтар – математикалық түсiнiктердi ойлап тауып, қалдырып кетсе, гректер – философия мен театр өнерiн, римдiктер – юриспруденцияны, арабтар – персиялық “ақылдың кенi” – алгебраны бiзге мұра еттi. Фрацуздар асқан сұлу живопись өнерiмен, итальяндықтар әсем сазды музыка мәдениетiмен, ал қазақ халқы аса бай ауыз әдебиетiмен iз қалдырды. Олардың бәрi де бiр-ақ мақсатты көздеп, келер ұрпақты бақытқа бөлеудi армандады. Өткен ғасырлардағы халықтар жасаған асыл мәдени мұралардың бiздiң дәуiрiмiзге жұрнағы ғана жеткен. Бiзге жеткен мұраның қалдығымен ғана өткен дәуiр мәдениетiнiң өресiн өлшеу, жоғалғандарын елеп-ескермеу тарихқа қиянат болып табылады. Оларды жан-жақты қарап, ескермесек, өткендегi этностық мәдениетке дұрыс баға бере алмаған болар едiк. Ағаш пен киiздi былай қойғанда, қиыршық құм тас, сияқты материалдардың өзi желмен, жаңбырмен үгiлiп, тозып, жоқ болып кететiнiн естен шығаруға болмайды. Оның үстiне, жер сiлкiнiсi, су тасқыны сияқты апаттар тағы бар. Осындай апаттардың салдарынан тарихи ескерткiш-мұралар да жойылады. Олай болса, адамзат қолымен жасалған мәдени-ескерткiштердiң бәрi мыңдаған жылдардан кейiн жойылып кетуi мүмкiн. Сөйтiп, материалдық мәдени мұралардың өткен дәуiрлердегi осындай жай-күйi тарихты дұрыс баяндамауға әкеп соқтырады. Ұлт мәдениетiнiң озық үлгiлерi арқылы жас ұрпақты жан-жақты жетiлген азамат етiп тәрбиелеу – этнопедагогиканың өзектi мәселесi. Қазақ этностар мәдениетiнiң өткенiн анықтауда диалектикалық философияны басшылыққа алу қажет.

4. Халықтық тәрбиедегі ойындар мен сөздердің рөлі.Ойын бiржағы, дене қозғалысы, шыныққан дененiң шеберлiгi, екіншіжағы көңiл көтеру, дем алу, бiржағы бас қосып бiрлесу, әдет-ғұрыпты жалғастыруға үндесу. Ойында өмiрдiң еркiндiгi, кедергiсi мен мақсаты анықталынады. Ойын-сауық жеке адамның даму қажеттiлiгiн арттырады, қарсыласпен татуласу немесе оны жеңу жолдарын iздестiредi. Ойын — адам ойлану және дене қабiлетiнiң бәсекесi, қарсыласпен ашық жарыс. Оның мақсаты — жеңiске жету, ойындағы адамның қабiлет күшiнiң үстемдiгiн көрсету, дәлелдеу. Кейде ойындардың аттары, атаулары өзгерiп жатса да, олардың ойналу мазмұны сақталып қалған, сөйтiп әдептiң түрлерiн қалыптастыруға септiгiн тигiзген. Мысалыға, ақсүйек ойынының басқа түрiк тiлдес елдерде орда, тоқтышақ сияқты атауы да бар немесе лек жалау ойынының шiлiк, қарыс ағаш, шөлдiк және т.б. түрлерi бар. Бұл ойындарды әуелi балалар ойнаса, кейiннен оған жiгiттер мен ересектер де қосылған. Ойындар халықтық той-думанның оттығына, көпшiлiктiң ортақ сауығына айналды. Кез келген жыйын-той күрессiз, ат пен жаяу жарыссыз, айтыс, ән мен күйсiз, аң аулаусыз өтпейтiн болған. Көшпендiлер табиғи күш атасы атанған. Жарыста адам да, оған қатысқан төрт түлiк түрлерi де сынға түстi. Солардың iшiнде бiзге мәлiмi ақсүйек, алтыбақан, айгөлек, арқантартыс, көксиыр, соқыртеке, түйе-түйе, белбеу тастау, қасқұлақ, моңданақ, ақбайпақ, түйiлген шыт, тиын салу, ақшамшық, ақсерек-көксерек, көршi, шалма, шымбике, инемдi тап, айдапсал, қарамырза, қарт-қарт, жылман т.б., сондай-ақ ат жарысы, түйе жарысы кеңiнен таралған. Ойын адамның жаны мен тәнiн сергiттi, өз бетiнше еңбектенуiне баулыды, топ таңдауды үйреттi. Ойын өнердiң түрiне, топты ұйымдастыру тетiгiне айналды. Ойын тәртiбiн ойыншылардың өздерi де, көрермен де бағалауға бiрдей мүмкiндiк алды. Қазақтың әдет-ғұрып ойындары халықтың бастан кешкен қилы-қилы оқиғаларын бейнелеп, баяндап бередi. Оған Наурыз мерекесiндегi ойын-сауық түрлерi дәлел болмақ. Қазақтың ойын-сауығы достық пен қонақжайлықтың белгiсi және көптiң басын бiрiктiрудiң кепiлдiгi, сүйкiмдi әншi мен әңгiмешiлерге мұқтаждықтың айғағы. Ойын-сауықта жалғыздық сезiм, арам ниет адамды билей алмады, ойыншы үнемi iзденiсте болады. Ондағы құдiрет - өнерпаздық, өзара түсiнiстiк және келiсiмге жол табу. Ойын серiктестi таба бiлуге, онымен тiл табысуға үйретедi. Ойын - адамның қабiлет-қасиетiн ширататын, шымырлататын жүйелi iс-әрекеттiң көрiнiсi. Ойын-сауықта кiсiлiк қасиет шыңдалады, адам қабiлетiнiң құндылығы артады. Әр деңгейдiң өз өнерi мен өнегесiне қызыққан шетел саяхатшылары осы қайталанбас табыстарды қанша мәртеге дәл сипаттап жеткiзе алған. Ұлттық ойын - халық өнерi мен мәдениетiнiң негiзгi бiр саласы. Әдет-ғұрып ойындарына, “алдымен қыз ұзатар және үйлену тойында болатын ойын-сауықтар жатады. Мысалыға, жер-жерде үйлену тойының мынандай ойын-сауықтары таралған: “тоғыз аяқ”, “тоғыз табақ”, “жар-жар”, “беташар”, “құда тарту”, “қол ұстатар”, “шаш сипар”, “неке қияр”, “кемпiр өлдi”, “шымылдық байлар”, “сақина салар”, “есiк ашар”, “ат байлар”, “түндiк ашар”, “ит ырылдатар”, сондай-ақ “тоқым қағар”, “қынаменде”, “қыз кәде” сияқты ырым-жоралар бар. Бұл әдет-ғұрып ойындардың бас кейiпкерлерi — қыз бен жiгiттiң жеңгелерi мен құрбы-құрдастары болса да, сауық өткiзу рәсiмi жер-жерде бiрдей емес, түрленiп жатады. Ойын-сауық адамның талдау, таңдау қабiлетiн шыңдайды, ортамен тiл табысуға, қарым-қатынасты жетiлдiруге, жұмысын мазмұны етуге, жеңiске жетудiң ең тиiмдi түрлерiн қарастыруға, адамның бойындағы қасиеттi әлеуметтiк күшке және қозғалысқа айналдыруға итермелейдi.

Әдебиеттер:

1.Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық мәселелерi және тарихы. – Алматы: “Бiлiм” 2004 ж.

2.Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы: “Санат” 2001 ж.

3.Қалиев С., Молдабеков Ж., Иманбекова Б. “Этнопедагогика”. - Астана. 2005 ж.

4.Беркiмбаева Ш.К., Қалиев С. Қазақ тәлiмiнiң тарихы. – Алматы: ҚызПИ. – 2005 ж.

Наши рекомендации