Сыныптарда жүргізілетін мазмұндама жұмыстары, оның түрлері
Жазба жұмыстарының бұл түрі 1-4 сыныптардың бәрінде де жүргізіледі. Айырмашылық тек әр сыныпқа мазмұндама жаздыруға алынатын мәтіннің көлемі мен түр ерекшеліктерінде, яғни ауыры мен жеңілдігіне байланысты. Осыған орай сынып жоғарылаған сайын, мазмұндама жұмыстары да бірден-бірге түрленіп күрделеніп отырады. Қай сыныпта болмасын мәтінге қойылатын жалпы ортақ талап мазмұндама жаздыру үшін алынған мәтіннің оқушылар үшін білімділік, тәрбиелік мәнінің болуы. Мәтіннің ішінде оқушылардың ұғымдарына ауыр тиетін, қиындық келтіретін түсініксіз сөздер мен ұғымдар, фразалар, сөз тіркестері тағы басқалардың болмау жағы ескеріледі. Мазмұндама жаздыруға сюжеті бар тек қана прозалық мәтін алынады. Мұндай мәтін бас-аяғы біткен, жоспары айқын, әңгіме немесе көркем шығарманың бір көрініс эпизоды болуы керек. Әр сыныпта мазмұндама үшін алынатын мәтін өзінің түрі мен ерекшеліктеріне байланысты жеңілден ауырға қарай бірте-бірте күрделене түсіп отырады. Мысалы, 1-4 сыныптарға баяндау түріндегі мәтін, 3 сыныпқа баяндаумен қатар ішінде суреттеу (пейзаж, мінездеу) элементі бар мәтін, 4 сыныптарға бұлардың ішінде диалог, пікірлеу (байыптау) элементтері бар мәтін алынады. Ал мазмұндамаға арналған мәтіннің көлемі Қазақ ССР Оқу Министрлігінің 1965 жылғы методикалық нұсқау хатында әр сыныпта мынадай мөлшерде белгіленген: 1 сынып үшін 50-100 сөзге, 2-3 сынып үшін 100-150 сөздер, 4 сынып үшін 150-200 сөзге дейін. Әрине, бұл көлем алынатын мәтіннің ыңғайына қарай бірде бұл мөлшерге сәл жетіңкіремей қалуы да, бірде одан артып кетуі де ықтимал. Бұл ретте оқушылардың мазмұндама жазып үйрену жөніндегі шеберліктері мен дағдылары да ескеріледі. Сондықтан жоғарыда көрсетілген мәтін көлемдерін бағдарлы мөлшер деп те қарау керек. Мазмұндама жаздыруға керекті мәтіндерді мұғалім арнаулы мазмұндама жинағынан таңдап алады. Жинақта мұндай мәтіндер әр сынып бойынша жекелеп беріледі. Кейде мұндай мәтіндерді мұғалімнің басқа да көркем шығармалардан алуға қақысы бар. Егер де мәтіндердіәдебиттік оқу кітаптарынан алуға тура келсе, ондай ретте оқушылардың көтпеген шығармаларынан алынады. Өйткені, өтілген шығарманың мәтіні бойынша жаздырылған мазмұндама оқушылардың білімі, шеберлігі, дағдысын дұрыс айырып білуге нұқсан келтіреді. Осының салдарынан олардың мазмұндамасының сапасына қойылатын бағаларда дұрыс болмай шығады. Оқу жылы бойында оқушыларға әр сыныпта неше рет мазмұндама жаздырылады? Бұл сұраққа дәл есебін айтып жауап беру үстірттік болар еді. Өйткені мазмұндаманың санын жөнінен аз немесе көп жазылуы оқушылардың бұл жөніндегі бұрынды-соңды алған дағдысына, жаттығу дәрежесіне байланысты. Әдебиет оқытушыларының жұмыс тәжірибелеріне қарағанда, әр тоқсанда сынып бойынша екі рет мазмұндама жаздырылып жүр. Мұның алғашқысы (әсіресе бірінші тоқсанда) оқушылардың берілген мәтіні мазмұндап жазу, сауатты жазу тағы басқа жөнінен қаншалықты білім дағдысы барлығын анықтау, айқындау мақсатын көздейді. Әдетте оқушылардың мұндай мазмұндамадан алған бағаларын сынып журналына түсірмей-ақ, арнаулы дәптерге жазып, білімдерін есепке алып отырады. Ал екіншісі бақылау түріндегі мазмұндама. Оқушылардың мұндай мазмұндамадан алған бағалары сынып журналына жазылады, себебі әрбір оқушының әдебиеттен алған біліміне, шеберлігі мен дағдысына қойылатын тоқсандық қорытынды баға осылардың жиынтығынан келіп шығады. Егерде оқушылардың мазмұндама жазу жөніндегі шеберлігі, дағдысы нашар болса, оларды үйрету, жаттықтыру мақсатымен бұдан да жиірек жүргізуге болады. Әр сыныпта мазмұндама жаздыру алдындағы әзірлік жұмыстары, оны жаздыру жолдары, тексеру мен талдау түрлері негізінен төмендегідей болмақ.
Оқытушы әрбір сыныпта мазмұндама жұмыстарын өзінің күнтізбелік жоспарда белгіленген мерзімінде жүргізіп отырады. Мерзім тақалып келгенде келесі сабақта мазмұндама жаздырылатыны, қалам, сия дәптер тағы да басқаларды ұмытпай ала келулері ескертіледі. Айталық, мазмұндама жаздыру сабағы басталды. Сыныпты жұмысқа ұйымдастырғаннан кейін тақтаға айы, күні мазмұндама жаздыратын мәтіннің аты, жақшаның ішіне авторы жазылады. Егерде алынған мәтін үзінді болса, ол уақытта жазушының қандай шығармасынан алынғандығы қоса көрсетіледі. Кейде кейбір мәтінді сыныбына қарай икемдеу мақсатымен оған әртүрлі өзгерістер енгізілуі де мүмкін. Ондай ретте алынған шығарманың атынан кейін бойынша деген сөзді қоса жазу қажет. Мазмұндама жаздырылатын мәтінмен істелетін жұмыстың жауаптары оқытушылар тәжірибесінде алуан түрлі. Бірде:
1) Оқытушы мәтіннің қандай тақырыпқа жазылғанын, идеялық мазмұны не екенін, тәлім-тәрбиелік маңызы неде екенін айтып қысқаша түсіндіріп береді. Қажетті жағдайда бірлі-жарым түсініксіз сөздер мен ұғымдар да түсіндіріле кетеді.
2) Мәтін мәнерлеп оқылады (оқытушы оқиды).
3) Оқушылардың біреуіне ауызша мазмұндатылады.
4) Мәтінді мұғалім екінші рет мәнерлеп оқиды.
5) Оқушыларға мазмұндаманы жазуға кірісу керек екендігі ескертіледі, олар жаза бастайды.
Оқушылар жазу жұмыстарын орындау кезінде оларға оқытушы үнемі басшылық етіп отырады. Енді бірде жоғарыдағы жұмыс түрлерінің кейбіреулері болмауы да мүмкін, мысалы 1 бөлім, кейде 4 бөлім, кейде 1-4 бөліктердің екеуі де жоқ болуы да ықтимал. Осымен байланысты айта кететін мәселе мазмұндама жоспар бойынша жазыла ма әлде жоспар жасалмай-ақ жаздыруға бола ма? Әдебиетті оқыту тәжірибесінде мұның екеуі де аралас болып жүр. Мазмұндама жаздырып үйретудің, төселдірудің алғашқы сатысында, мәтіннің жоспарын жасап барып жаздырған мақұл. Оқушылар әбден төселіп, дағдыланып жаттықты-ау деген кезде жоспар тізбей де жаздырып байқауға, машықтандыруға болады. Мазмұндама жаздыруға бір сағат беріліп жүр. Бұл айтылғандардың бәрі оқытушының билігіндегі нәрсе. Өйткені оқушыларының құрамы, білімі жөнінен қандай екені сол сыныпта, сабақ беріп жүрген әдебиет мұғалімдеріне ғана айқын.
Мазмұндама мәтініменістелетін жұмыстардың бұлай құбылулары бір жағынан мәтіннің ауыры мен жеңілдігіне, екіншіден сынып оқушыларының әдеби білімі мен дағдыларына, дайындығына байланысты. Әрбір оқушының жазба жұмыстары (мазмұндамасы) бастан-аяқ қадағалап мұқият қаралады. Мазмұндамалардың қай-қайсысында болсын оқушылардың мәтін мазмұнын қаншалықты дұрыс ұғынып, дұрыс бере алғандығы мен оның идеясын қаншалықты түсіну дәрежесі есепке алына отырып логикалық композициялық стильдік, орфографиялық, пунктуациялық, орфоэпиялық, техникалық тағы да басқа жақтарынан талданып бағаланады. Мәтіндегі оқиға желісінің жүйелілігі мен байланыстарының қаншалықты сақталып жазылу жағы мазмұндаудың логикалық жақтарына жатады. Ал мәтіннің сюжеттік-композициялық жоспарында қамтылатын жеке көркемдік элементтердің өзара бірімен-бірінің байланысып қиысуын қаншақты сақтап жазғандығы мазмұндаманың композициялық жағына жатады. Стильдік жағынан оқушының сөз қолдану, сөйлем қолдануының орындылығы деген сияқты мәселелер қаралады.
Мазмұндаманың сауатты жазылуы жөнінде онда жіберілген орфографиялық және пунктуациялық қателердің саны мен сипаты еске салынады. Ауызша тіл мен жазбаша тілде кейбір сөздердің жазылуы мен айтылуы бір бола бермейді. Мазмұндау мәтінде осы айырмашылық пен ерекшелік дұрыс ескеріліп әдеби тілдің жазылу нормасына сәйкестік мәселесі орфоэпиялық жағына жатады. Мысалы, азат жолдың дұрыс қолданылуы, жазылу көркі (каллиграфия), жиек қолданып жазу тағы басқалар. Мазмұндама жазылып жүрген дәптердің және орындалған жұмыстың тазалығы мен ұқыптылығы да ескеріледі. Мазмұндама осы ретпен қаралып болғаннан кейін оқушылардың жіберген кемшіліктері мен қателері саны мен сипаты жағынан тексеріліп, талданып түр-түрге жүйеленіп жіктеледі. Сонан соң оқушылардың мазмұндама жазу жөніндегі білімдерін, шеберлігі мен дағдысын есепке алып отыратын арнаулы дәптерге жазылады, бекітілген нормаға сәйкес әрбір оқушының мазмұндамасына баға қойылады. Кейін оқытушы арнаулы сабақта оқушылардың мазмұндамасына тиісті талдау жасап, жетістік-кемшілігін көсретіп, келешекте бұларды қайталамау туралы ақыл-кеңес нұсқау беріп, жазба жұмыстарын өздерін қайтарып береді.
Мазмұндама-оқушының өз ана тілі мен әдебиетінен алған білімін тексерудің негізгі нысандарының бірі. Мазмұндама арқылы баланың өз ойын жүйелі ойын жүйелі баяндай білу қабілеті мен тіл байлығы, сауаттылық деңгейі айқын көрінеді.
Мазмұндаманы бағалауда оқушы жұмысының мәтін мазмұны мен негізгі ойға сәйкестігі, тақырыптық толық ашылуы, баяндау жүйесі ескеріліп, сөздік қорының деңгейіне, сөйлеу құрылысына, мәтіннің стильдік біртектілігіне, тіл шеберлігіне назар аударылады.
Мазмұндамаға екі баға қойылады: біріншісі жұмыстың мазмұны мен көркемдік сапасы, тіл шұрайлылығы үшін, ал екіншісі грамматикалық сауаттылығы үшін қойылады.
Мазмұндама- оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі. Оқушыдан көркем шығарманы өзіндік ой-пікірі, көзқарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, әсерлі, көркем тілмен жүйелі баяндауы талап етіледі. Оқушы шығармасының құрылысы: тақырып, жоспар, эпиграф (мүмкіндігіне қарай, міндетті емес) кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, сонымен бірге материалды баяндау әдісі мен оның ретті жүйесі сияқты мәселелерден тұрады.
Мазмұндама жазуға қойылатын негізгі талаптар:
1. Тақырыпты оқушының өз ойы және өз сөзі арқылы (оқулықтан көшірмей) толық аша білуі.
2. Жазып отырған тақырыптан алшақтамай, оның мазмұнын нақты ашуға талпыну.
3. Артық баяндау, қажетсіз дәлелдемелер мен көпсөздікке жол бермеу.
4. Мазмұндамада сөз болған жайды оқушының өзі ғана емес, басқаларға да түсінікті болатындай орамды тілмен, аз сөзге көп мағына сыйғыза баяндауы.
5. Мазмұндаманың барлық бөлімдерінің бір-бірімен тақырып, негізгі ой арқылы шебер байланысуы.
6. Барлық айтылған ойды жинақтап, тұжырымдап, тиісті қорытынды жасау.
7. Оқушының өз мазмұндамасында әр түрлі көркем шығарма кейіпкерлерін салыстыра отырып, орынды жерде дәйексөз келтіруі, ауыз әдебиеті үлгілерінен, сын мақалалардан, әдебиеттану еңбектерінен өте шағын үзінділерді қисынымен қолдануы жоғары бағаланады, оның терең білімін танытады.
8. Мазмұндамада қолданылған дәйексөздің қайдан алынғандығы айқын көрсетілуі және ол оқушының ойын қайталамай, оны дәлелдеуі, жалғастыруы қажет.
9. Мазмұндама жазушының өмірбаянына, әдеби шығарманың жазылу тарихына, тарихи оқиғаларға, кейіпкерлерге қатысты қателіктер жіберілмеуі керек.
10. Оқушының жұмысы стильдік біртектілігі мен тіл шеберлігіне қарай (сөздік қоры, сөйлем құрылысы, материалды берудегі көрікті ой, көркем тілі, тілінің образдылығы, ой сергектігі, сезімталдылығы) бағаланады.