Курстық жұмысты орындау тәртібі
Курс жұмысына жетекшілік ететін оқытушы студенттерді кафедра мәжілісінде қаралып, факультеттің оқу-әдістемелік бюросы бекіткен курс жұмысын жазу жөніндегі ережемен және курс жұмысының тақырыптарымен таныстырады. Әр студентке тақырып ұсынылып, қатысты әдебиеттер мен тапсырмалар беріледі.
Курс жұмысының ғылыми кеңесшісі:
ü Курс жұмысының тақырыбы бойынша мақсаттары мен міндеттері, оларды шешудің негізгі жолдары, жұмыс сатылары, орындау мерзімі және көлемі көрсетілген тапсырма береді:
ü Студентке курс жұмысын орындалуының толық кезеңінде жұмыстың жоспарын құруға көмек береді;
ü Студентке қажетті негізгі әдебиеттерді, анықтамалар мен мұрағаттық материалдарды, тақырып бойынша басқа да әдебиеттерді ұсынады;
ü Студенттің тақырып бойынша жұмыстың жоспарын сақтауына бақылау жасайды және кеңес беріп отырады.
Курстық жұмысты жазу мен безендіру талаптары
Курс жұмысының мазмұнына қойылатын талаптар:
ü Жұмыстың мақсаты мен міндеттерін қысқа және нақты нысанда баяндау;
ü Зерттеудің түрлі тәсілдерін қолдана отырып, тақырыпқа қатысты ғылыми әдебиеттерге щолу жасау;
ü Алынған нәтижені талдау және баяндау, олардың талқылануы мен түйінделуі;
ü Қолданылған деректер мен әдебиеттер тізімі.
Курс жұмысын баяндауға қойылатын талаптар:
ü Материалды баяндаудың сауаттылығы, анықтылығы, нақтылығы және логикалық жүйелілігі;
ü Дәлелдеменің жүйелілігі;
ü Өз ойын тұжырымдап айтудың қысқалығы мен дәлдігі.
Курс жұмысының құрылымы: сыртқы мұқаба мен жұмыс мазмұнынан, кіріспеден, негізгі бөлімнен (негізгі бөлім бірнеше тақырыпшадан тұруы мүмкін), қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады (қолданылған қосымшалар жұмыстың ішіне тігіледі).
Курс жұмысын безендіруге қойылатын талаптар:
Курс жұмысы А4 форматындағы қағазға 1 интерваль\ ара қашықтықта, №14 шрифтімен компьютерде терілуі керек. Форматы, шартты белгісі, шрифт және көлемі бойынша сызбалар қызмет ететін стандарттардың талаптарына сәйкес болуы керек. Жұмыстың көлемі мамандыққа және оның ерекшелігіне байланысты анықталады. Курс жұмысының көлемі 25-30 беттен (қосымшаларды қосқанда), ал әдебиеттер тізімі 10-15-тен аз болмауы керек. Жұмыстың алаңы: оңы – 1,5, сол жағы – 3,0, жоғары алаңы – 2,0, төменгі алаңы – 2,0. Беттің номері жоғары оң бұрышында болады.
Курс жұмысының мазмұнында қолданылған әдебиеттер тізімі қолданылу ретіне қарай: автордың аты-жөні, әдебиеттің аты, әдебиет шығарылған қаланың аты, баспа, жылы, барлық бет саны көрсетіледі. Мысалы:
1. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытұыш // Бес томдық шығармалар жинағы. 3-том. Алматы. Алаш, 2005. 250 бет.
2. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы. Мектеп, 1990. 346 бет.
Егер сілтеме мақаладан алынатын болса, автордың аты-жөнінен кейін мақаланың аты, одан кейін мақала енген жинақ немесе мерзімді баспасөз (газет, журнал), оның кезекті саны жазылады. Мысалы:
3. Тойшанұлы А. Қазақ әдебиеті мен өнерінде тұңғыш президент образы қалай сомдалуы керек? // Дала мен қала. 26 қараша, 2012 ж.
Курс жұмысын орындау үшін зерттеу жұмыстары студенттің жеке мүмкіндіктеріне қарай университетте (кафедрада, зертханада), сондай-ақ оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелерінде және басқа да орындарда орындалуы мүмкін. Оған шек қойылмайды.
Курс жұмысын орындаған студент жұмыста баяндалған шешімдер мен барлық мәліметтердің дұрыстығына жауап береді.
Курстық жұмысты қорғауға дайындау
Аяқталған курс жұмысы кафедра жанынан құрылған тексеру және сараптау комиссиясына тапсырылады.
Комиссия тексеруінен өтіп, қорғауға жіберілген жұмысқа кафедраның бір ғылыми дәрежелі оқытушысы жазбаша түрде пікір береді. Бұдан кейін жұмыс жетекшіге ұсынылады. Жетекші жұмысты қорғатып, оны бағалайды.
Комиссия жұмысты мақұлдамаған жағдайда, оған пікір берілмейді. Жұмыс комиссия шешімімен студентке кері қайтарылады және оған 10-15 күн көлемінде кемшіліктерін жөндеу үшін уақыт беріледі. Мерзімді уақыт біткеннен кейін комиссия жұмысты қайта қарап, шешім шығарады. Оң шешім алған жұмыс қорғалып, студент емтиханға жіберіледі. Ал курс жұмысын қорғамаған жағдайда студент емтиханға жіберілмейді.