Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту мазмұнына қойылатын талаптар
11. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мақсаты осы жас кезеңінде тұлғаның қалыптасуы қажетті алғашқы білім, білік, дағдыларды қалыптастыру болып табылады.
12. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту:
баланың бүкіл өміріне қажетті жеке қасиеттерін қалыптастыру үшін негіз болып табылатын жалпы адами құндылықтарға баулуға;
халықтық дәстүрлер, салттар мен әдет-ғұрыптар, әдебиет пен өнер, фольклор мен еліміздің мәдени мұрасына негізделген білім беру мазмұнын жүзеге асыруға;
ерекше қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасауға;
мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған және қамтылмаған балаларды дамыту мәселерінде ата-аналардың біліктіліктерін арттыру, оларға психологиялық-педагогикалық кеңес беріп, қолдаумен қамтамасыз етуге бағытталған.
13. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны әртүрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру арқылы кіріктіру жолдарымен іске асырылатын: «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» бес білім беру саласына негізделген.
14. «Денсаулық» білім беру саласы.
Мақсаты: өз денсаулығына саналы қарауды, денсаулықтың адамға табиғаттың берген басты құндылығы екенін түсінуге тәрбиелеу, қимыл белсенділігін дамыту және физикалық сапаларын қалыптастыру.
«Денсаулық» білім беру саласы дене сапаларын дамыту; негізгі қимыл түрлерін жетілдіру; қимылдық дағдыларды қалыптастыру; қимылды ойындардың түрлерін ұйымдастыру және өткізу; спроттық жаттығуларды орындау (шанамен, шаңғымен сырғанау, велосипед тебу, жүзу) спорттық ойындардың (футбол, баскетбол, бадминтон және басқалар) элементтерімен танысуды қамтиды.
«Денсаулық» білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға; тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және балалардың қимылдық тәжірибесін негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы байытуға; шығармашылық, танымдық және тілдік қабілеттерді қолдана отырып, тәрбиеленушілердің қимыл белсенділігіне сұраныстарын жетілдіруге бағытталған.
«Денсаулық» білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
1) дене шынықтыру;
2) қауіпсіз мінез-құлық негіздері, валеология.
15. «Коммуникация» білім беру саласы.
Мақсаты: балада айналадағы адамдармен тілдесуге қабілетті, көптілді тұлғаны тәрбиелеу үшін қажетті коммуникативтік дағдыларды дамыту.
«Коммуникация» білім беру саласы балалар әрекеті, шығармашылық тілдік әрекеттің әртүрлі формалары мен түрлерінде ауызша және байланыстырып сөйлеуді дамыту; тілдің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеу; белсенді сөздікті байыту, тілдің грамматикалық жағын қалыптастыру, балалар әдебиетімен таныстыруды дамыту, мәнерлеп оқу және мазмұндау; мемлекеттік, орыс, ағылшын және басқа тілдерді дамытуды қамтиды.
«Коммуникация» білім беру саласының мазмұны ересектермен және балалармен еркін қатынасу дағдыларын дамыту; зейінге, сөзге, балалар әдебиетіне қызығуға бағытталған.
«Коммуникация» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
1) сөйлеуді дамыту;
2) көркем әдебиет;
3) сауат ашу негіздері;
4) қазақ (орыс тілінде оқытылатын топтарда), орыс (қазақ тілінде оқытатын топтарда) және шет тілдердің бірі;
5) драма.
16. «Таным» білім беру саласы.
Мақсаты: қоршаған әлеммен өзара әрекет ету үшін қажетті, танымдық әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгерген, мектепке дейінгі тұлғаны қалыптастыру.
«Таным» білім беру саласы қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру: жиынтық туралы түсініктерді, сандық есептеу дағдыларын жетілдіру, геометриялық пішіндер туралы түсініктерді қалыптастыру, кеңістікті және уақытты бағдарлау; құрылыс, табиғи және қалдық материалдар және конструктортың бөліктерінен құрастыру; тірі және өлі табиғат заттары мен құбылыстары туралы білімін кеңейту, өсімдіктер туралы білімін, қазақ және басқа халықтардың әлеуметтік-мәдени құндылықтары, дәстүрлері мен мерекелері туралы, Жер планетасы адамдардың ортақ мекені ретінде, оның табиғатының ерекшеліктері туралы түсініктерін кеңейтуді қамтиды.
«Таным» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
1) қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру, бөбек жасы топтарында (1 жастан 3 жасқа дейін) сенсорика;
2) құрастыру;
3) жаратылыстану.
17. «Шығармашылық» білім беру саласы.
Мақсаты: балада шығармашылық ойлау мәдениетінің негізі ретінде сезімдік-эмоционалдық саласы мен қиялын дамыту.
«Шығармашылық» білім беру саласы сурет салу; мүсіндеу, жапсыру, қабылдауды дамыту және өнер туындыларын түсіну, қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыру; өнер түрлері туралы қарапайым түсініктерді қалыптастыру; музыканы қабылдау, отандық композиторлардың, ұлттық музыкалық аспаптардың, көркем әдебиеттің, фольклордың шығармаларын; көркем шығармалардың кейіпкерлеріне жанашырлықты ынталандыру; балалардың өз бетінше шығармашылық әрекетті іске асыруын қамтиды.
«Шығармашылық» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
1) сурет салу;
2) мүсіндеу;
3) аппликация;
4) музыка.
18. «Әлеуметтік орта» білім беру саласы.
Мақсаты: Отанға деген сүйіспеншілікке, үлкендерді құрметтеуге, айналадағыларға жағымды мінез-құлықты және қайырымды қатынасты тәрбиелеу.
«Әлеуметтік орта» білім беру саласы қоғамда өзін ұстаудың адамгершілік нормаларын меңгеруді, сондай-ақ жалпы адами құндылықтарды баланың ересектермен және құрбыларымен қарым-қатынас жасай білуін; дербес болуын, өзінің қылықтарына жауап беруін, өзінің қимылдарының мақсаттылығы мен реттелуі; адамгершілік сапаларын: елгезектікті, жанашырлықты, өзінің туыстар мен жақындарына құрметпен қарауды, өзінің отбасын жақсы көруін дамыту; дәстүрлер мен салттарды сақтау, тарихты, қазақ халқының тұрмысын білу және құрметтеу; Қазақстан біздің ортақ үйіміз туралы түсініктерін кеңейту, сондай-ақ басқа халықтардың мәдениетін, дәстүрлерін құрметтеу; еңбек пен шығармашылықтың әртүрлі түрлеріне қызығушылықтарын қалыптастыру; тұрмыста, қоғамда және табиғатта қауіпсіз мінез-құлық негіздерін тәрбиелеуді қамтиды.
«Әлеуметтік орта» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
1) өзін-өзі тану;
2) қоршаған ортамен таныстыру;
3) экология негіздері.
19. Балаларды тәрбиелеу мен оқыту деңгейлерін қадағалау баланың жас ерекшелік кезеңдеріне сәйкес жетістікке жету мониторингі негізінде жүзеге асырылады:
1-деңгей – бала сол немесе басқа қимыл мен біліктерді жаңғырта алады;
2-деңгей – бала не істейтінін түсінеді, белгілі білім қорына ие;
3-деңгей – бала білетінін мен жасай алатынын қолданады, білімін өз бетімен және шығармашылықпен қолдана алады.
Индикаторлар көрсеткіш ретінде баланың даму мониторингін қамтамасыз етеді және оның жеке дамуын жоспарлауға негіз болып табылады.
20. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерудің мерзімі - 6 жыл. Жас және топтық кезеңдері келесі:
1) Бөбек жасы – 1 жастан 3 жасқа дейін:
ерте жас тобы – 1 жастан 2 жасқа дейін (ерте жастағы топ);
кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (бірінші кіші топ);
2) Мектепке дейінгі жас – 3 жастан 6 (7) жасқа дейін:
мектепке дейінгі кіші жас – 3 жастан 4 жасқа дейін (екінші кіші топ);
мектепке дейінгі орта жас – 4 жастан 5 жасқа дейін (ортаңғы топ);
мектепке дейінгі ересек жас - 5 жастан 6 (7) жасқа дейін (5 жастан 6 жасқа дейін - мектепке дейінгі ұйымдағы ересектер тобы, 6 жастан 7 жасқа дейін - жалпы білім беретін мектептегі, лицейдегі, гимназиядағы мектепалды даярлық сыныбы).