Пайдаланылған әдебиеттер тізімі. Орытынды бақылау түрінің бірі – эссе
Орытынды бақылау түрінің бірі – эссе
Аңдатпа
Мақалада эссенің тарихы мен оның қолдану аясы қарастырылады. Автордың алдына қойған мақсаты – эссе және оның түрлеріне сипаттама бере отырып, академиялық эссеге түсінік беру және оның нақты түрлерін айқындаудың қажеттілігін көрсету. Эссеге байланысты дереккөздеріне және әлеуметтік желілердегі мәліметтерге талдау жасай отырып, өзіндік пікірлері де ұсынылады. Бұл қазіргі уақытта эссе жазу үшін алдымен «Эссе дегеніміз не? Оның түрлері қандай? Мен қай түрін жазуым керек?» - деген сұрақтардың жауабы бола алады.
Түйін сөздер: эссе, жанр, білім, бақылау, академиялық эссе, эссе түрі.
Білім беру жүйесі қарқынды дамыған сайын жаңа реформалар да көбейе бастады. Бұл реформалардың бірі сәтті болса, бірі сынға ұшырауда. Жаңа толқынмен бірге ілесе келген білімді бағалау, бақылау түрі де өте көп. Соның бір түрі – эссе. Қазіргі таңда білім беру жүйесінде білім алушының білімін тексерудің бірден-бір жолы ретінде эссе жаздырады. Эссені оқушыдан бастап, жоғары оқу орындарына баклавриат пен магистратураға түсу үшін, шетелде білім алу үшін де, мемлекеттік қызметкерлер де, ҚАЗТЕСТ-тің С1 деңгейінде де эссе жазады. Биылғы жылы мектеп бітіруші түлектер де қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша эссе жазатын болды: «Мектептерде қорытынды аттестация 5 пән бойынша өтеді: 1. Ана тілі және әдебиеті (эссе жазу). 2. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде – орыс тілінен, ал орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр мектептерінде – қазақ тілінен (тест түрінде). 3. Қазақстан тарихы (ауызша емтихан). 4. Алгебра және анализ бастамалары (жазбаша) 5. Таңдалған пән бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс) – тест тапсырылады»[1] деп Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде қызу пікірталас жүрді. Сол пікірлерді саралай келе біз эссе жазудың әдістемесі қазіргі таңда өте өзекті екеніне көз жеткіздік, сондықтан алдымызға эссе жазуға байланысты жарияланған отандық және шетелдік ғылыми еңбектерге талдау жасай отырып, алдымен эссенің түрлерін анықтап алуды және эссенің көп қырлылығына байланысты нақты түрін анықтау керектігін ұсынбақпыз.
Жалпы эссе дегеніміз не? деген де біз әртүрлі пікірлерді кездестіреміз. Эссе әдебиет жанрының бір түрі болып келді, ал қазір білімді бағалаудың бір түрі, нақтырақ айтсақ, жазылым әрекетінің бір түрі ретінде қарастырылып келеді. Эссе қазіргі таңда әдебиеттен тілге ауысқанын байқаймыз. Ұлттық энциклопедияда мынандай түсінік беріледі: «Эссе – философияның, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын жанр. Эссе дегеніміз – (француз тіл. essai – тәжірибе, латын тіл. exagium –құрау) философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтанулық, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін»[2]. Демек эссе көп жанрлы туынды. Эссенің тарихына көз жүгіртсек, қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі деректерден жанр ретінде Мишель Монтень 1580ж енгізгенін, ал «эссе» сөзін Френсис Бэкон 1597 жылы бірінші рет қолданып, осы жанрда кітаптарын жазып шығарғанын білеміз. Ал Кеңес үкіметінің тұсында жарық көрген Әдеби энциклопедиялық сөздікте (М., 1987) «Эссе – бұл кішірек көлемдегі прозалық шығарма, оның композициясы индивидуалды әсер мен белгілі бір себеп немесе сұраққа байланысты еркін ой-пікірді білдіреді» делінген[3].
Эссені қазақ тіл білімінде зерттеушілер жоқ деуге де болады, тек 21-ғасырда эссе жазу әдістемесі туралы сөз болады. Эссе алдымен көркем әдебиет стиліне жатқызылады, оны Б.Майтановтың еңбектерінде және К.А.Брандестің Лингвотекстовые особенности речевого жанра "художественное эссе" (на материале эссеистики С.Моэма)тақырыбында жазылған кандидаттық диссертациясынан[4] көруімізге болады. Эссе публицистиканың бір түрі ретінде дамыды. Оған дәлел 20 ғасырда жарық көрген «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» және т.б. мерзімді баспа сөздерде эссе жанрындағы шығармалар мен ресейлік Дмитровский Андрей Леонидовичтің кандидаттық диссертациясынан[5] көруімізге болады.А.Л. Дмитровскидің айтып отырған «авторлық мені» мен Р.Сыздықтың «Сөз құдіреті» [6] еңбегіндегі публицистикалық жанрдағы автор образымен сай келеді. massaget.kz сайтында Дастан Қастай блогында телевизиядағы публицистикалық эссе туралы өз пікірін білдіреді: «Телевизиядағы эссе – көрермендердің өзінше ойлап сезіну қажеттілігін тудырады, өмір құбылыстарын өткір қабылдау мен пікір қалыптастыруға итермелейді. Камал Смайыловтың бұл туындысына да батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір жарыстырулар мен талас тудыратын жорамалдар, ойлар, көкейге қонымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән. Сондықтан жоғарыда келтірілген үзіндіні эфирдегі телеэссенің «мәтіні» ретінде қарастырып, болашақта публицистік туындыға жан бітіруге әбден болады» - деп телеэссенің болашағы зор екенін айтады[7].
Қазір академиялық жазылымға байланысты академиялық эссе түрі кең қолданылып келеді. Академиялық эссе дегеніміз – ғылым мен білімге қатысты эссе. Осы арада эссеге берілген анықтамадағы қайшылықты көреміз. Эссе дегеніміз ғылыми емес жанр деген анықтаманы орыс, қазақ филосифиялық, әдебиет терминдер сөздігінде беріледі. Қоғам да, ғылымда үнемі даму үстінде, сондықтан эссе жанрының қолдану аясы кеңіп, түрлері де көбейе бастады. Эссе қазірде осы функциясын атқарама деген? – орынды сұрақ туындайды. Иә, эссе жоғарыда айтылған аспектілердің барлығында жазылады, тек қазір оның қолдану аясының кеңігенін көреміз.
Эссе (білім) ( collegewriting, collegecomposition, collegeessay) — алғашқы оқу жылдарында студенттердің дағдыларын қалыптастыру үшін АҚШ және басқа елдердің көпшілігінде оқытудың базалық пәні болып есептеледі. Оқыту барысында студенттер эссе құрылымының принциптері мен негізгі түрлерінен мағлұмат алады. Соңғы жылдары осы тектес эссе түрлері Ресейдің филологиялық емес жоғары оқу орындарына да енгізілген. Ресей ғалымы И.В. Короткинаның пікірі бойынша академиялық жазылым Ресейге батыстан келген, «болон процесінің» негізінде пайда болған[8]. Қазақстан білім жүйесінде академиялық жазылым пәнінің пайда болуына байланысты, ол Назарбаев Университеті, КАЗГЮУ Университетінде, бакалавр, магистратура бойынша үш тілде оқытылуы, Л.Гумелев атындағы ЕҰУ-дің филология мамандығының магистратурасында да оқытылады. Осыдан келіп академиялық эссе жазу қолға алынған. Назарбаев Университеті, КАЗГЮУ Университетінде бұл жақсы жолға қойылған, оған дәлел КАЗГЮУ Университетінің ресми сайтында[9] жарияланған мақала дәлел бола алады. Академиялық жазылым туралы жазып жүрген қазақстандық ғалымдар: А.Әлімов, Қ.С. Дүсіпбаева, Ф.Қ. Исенова, С.Симбаева С. М. Сапина, Б.Б. Динаевалардың және т.б. ғалымдардың оқулықтары мен мақалаларынан көруге болады. Назарбаев зияткерлік мектептерінде «Эссе жазу әдістері» курсы бағдарламасының авторы Бишембаева Қалдықыздың NIS педагогикалық шеберлік блогындағы жазбалары [10] мен фейсбук парақшасынан эссеге байланысты жазбаларын айтуға болады, Қ.С. Дүсіпбаеваның фейсбук [11] парақшасындағы академиялық эссенің жазылуына байланысты жазбаларының көп тарап, пікір қалдырушылардың пікірлерінен шығатын қорытынды эссенің методикасы қазақстандық білім жүйесіне өте қажет болып тұрғанына көз жеткіземіз. Тек эссенің қай түрдегі, қандай түрін үйрету керектігі туралы мәселе туындайды. Сол үшін Білім және ғылым министрлігі мектеп бітірушілердің эссенің қай түрін жазатынын нақты көрсетуі керек. Бұл сұрақтың көтерілуі орынды, себебі қазір оқушы да, мұғалім де кез келген ақпаратты алу үшін интернетке жүгінеді. Интернеттегі мәліметтердің көпшілігі шет тілінен аударылған, әркім әртүрлі жазатын болғандықтан жүйе жоқ. Осыдан келіп эссе жазуда адасу басталады. Жоғарыда айтқанымыздай эссенің түрлері өте көп. Бұл мәселенің шешу жолдары ретінде орта және жоғары білім беретін мекемелерде эссенің академиялық түрін оқыту керек деп ойлаймыз. Осы бағытта біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдер мен оқытушыларға эссе туралы толық, жүйелі мағлұмат беру керек. Әлеуметтік желілерден [12] байқағанымыз жер-жерлерде эссе жазуға арналған курстар басталып та кетіпті. Бізді ойландыратыны қаншалықты жүйелі және эссенің қай түрі үйретілуде екен?
Біздің зерттеуіміз бойынша қазір Назарбаев зияткерлік мектебі мен сол мектептің аясында құрылған педагогикалық шеберлік орталығының курсы және Назарбаев университеті, КАЗГЮУ университеті академиялық эссені қолдануда. Бірақ академиялық эссенің түрлері деп нақты айтылмайды. Жоғары оқу орындарында аргументті эссе қолданылады. ҚАЗТЕСТ жүйесінде сипаттамалы эссе жазылады[13]. Австралияның Edith Cowan University университетінде академиялық эссенің үш түрі оқытылады. Олар: сипаттамалы, түсіндірмелі, аргументтік[14]. Ағылшындарда түсіндірме, дәлелді, аналетикалық, аргументтік төрт түрін кездестіреміз[15]. Қазақстанда эссенің академиялық эссенің емес, жалпы эссенің сипаттамалық, анықтамалық, хабарламалық,салыстырмалы, дәлелдеме, аргументтік, әдеби деп жеті түрі айтылып жүр. Сипаттамалық эссе.Сипаттамалық эссенің мақсаты адамның, жердің, заттың немесе дебаттың бейнесін сипаттау болып табылады. Детальдар арқылы оқырманға сипатталған затты елестеткізеді. Анықтамалық эссе. Анықтамалық эссенің мақсаты дәлелдер, терминдер және (анекдоттар қолдану) арқылы берілген терминнің мағынасын ашу. Хабарлама эссе. Субъективтік көзқараспен оқиғаны сипаттау және бірінші жақта, өткен немесе осы шақта жазылатын эссе түрі хабарламалық эссе. Хроникалық реттілікте жазыла бермесе де, адамның тәжірибесі мен ойына сүйенеді. Әңгімешінің ойын және субъективтіліктің жалпы белгілерін бейнелеу - бұл эссенің басты мақсаты. Салыстырмалы немесе кереғар эссе. Салыстырмалы немесе кереғар эссенің мақсаты екі немесе одан да көп мәселелердің қарым-қатынастарын тарқатып жазу. Жалпы, басты мақсат – жеңіл-желпі айырмашылықтар мен ұқсастықтар табу жеткіліксіз екенін көрсету. Бірден көзге түсе бермейтін болса да, олардың арасындағы маңызды айырмашылықтар мен қатынастарын терең зерттеу нәтижесі көрсетеді. Дәлелдеме эссе. Дәлелдемелік эссенің мақсаты - айтылған оймен оқырманды көндіру. Оқырманның зейінін аудартып, қатаң дәлелдер көрсету арқылы жазылады. Аргументтік эссе. Аргументативтік эссе көбінесе қарама-қайшылық тудыратын тақырыптарда жазылады. Аргументтер қолдайтын себептермен бірге берілуі тиіс. Қарсы ойларды көрсету немесе оларды жоққа шығару – бұл эссе типінің жалпы сипаттамасы. Әдеби эссе. Әдеби эссе басқа эссе түрлеріне ұқсамайды. Біріншіден, ол әдеби шығармаларға негізделген. Екіншіден, автордың айтқысы келген идеяларын болжап түсінуге негізделген, яғни түсіндірмені қажет ететін пікірталас немесе жұмбақты табуды қажет етеді. Ол үшін тәжірибе керек. Таңдаған шығармаңызға басқа көзбен қарасаңыз, ерекше қолданылған әдеби жанрлар, күтпеген сюжеттер мен оқиғаларға, тіл ерекшеліктеріне толы болады.
Біз ресей және шетелде жазылатын академиялық эсселерге зерттеу жүргізе отырып, қазақстанда оқытылып жүрген бұл эссенің жеті түрін академиялық эссеге жатқызамыз. Эссенің түрге жіктелуі ненің негізінде топқа бөлінгені туралы ақпарат таба алмадық, сондықтан ғаламтордағы қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі эсселер туралы мәліметтерге сүйене отырып, батыстық эссе түрлеріне байланысты деп жорамал жасаймыз.Өйткені ғаламтор материалдарында ағылшын тіліндегі эсселерді жетіге бөлінуін кездестірдік. Сонымен қатар ресей ғалымы И. Н. Минеева еңбегінде батыстық эссенің мынандай түрлері бар деп көрсетіледі: Opinion Essay (даулы сұраққа байланысты өз пікірін ), Response (Reaction) Essay (әдеби шығармаларға / фильмге пікір білдіру ), Reseach Essay (эссе-зерттеу, мақсаты мен міндеті жағынан курс, диплом жұмыстарына жақын), Persuarsive Essay (эссе-сендіру), Argumentative Essay (эссе-аргументация), Compare and Contrast Essay (эссе- салыстыру немесе салғастыру), Compare and Contrast Essay (эссе- салыстыру немесе салғастыру) [16].
Сонымен қазақстандық ғалымдардың алдында академиялық эссенің не екенінің және оның түрлерін зерттей отырып, білім жүйесінде академиялық эссеге байланысты нақты қадамдар жасау керектігі тұрғанын көреміз. Академиялық эссенің кейбір түрі белгілі бір зерттеулердің негізінде жазылатын болғандықтан оның көлемі мен мазмұны оқушы үшін ауыр болып келеді, сондықтан академиялық эссенің түрін анықтау керек. Жаңа реформа бойынша батыстық үлгідегі білімді қорытынды бағалау түріне эссе енгізілген, ендеше сол қорытынды бақылауға дейін мектеп оқушыларына академиялық эссені үйрету керек деп білеміз. Ол үшін біріншіден, мектеп мұғалімдері мен оқытушылар қауымы біліктілікті арттыру курстарында эссе туралы білімдері мен дағдыларын арттыруы керек, екіншіден эссе және оның түрлері мен жазу әдістемесі, бағалау критерилері бір жүйеге түсуі тиіс, сонда ғана оқушылар мен студенттердің, талапкерлер мен үміткелердің, С1 деңгейін тапсырушылардың бағасын әділ бағалауға болады деп ойлаймыз. Бұл өз кезегінде академиялық адалдыққа алып келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. http://edu.gov.kz/kz
2. Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энцикл опедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, X том
3. Әдеби энциклопедиялық сөздік. -М., 1987
4. Брандес, Кристина Анатольевна. Лингвотекстовые особенности речевого жанра "художественное эссе" (на материале эссеистики С.Моэма) : автореферат дис. ... кандидата филологических наук : 10.02.04.- Киев, 1996.- 21 с.:
5. Дмитровский Андрей Леонидович. Эссе как жанр публицистики : диссертация ... кандидата филологических наук : 10.01.10.- Санкт-Петербург, 2002.- 202 с.:
6. Сыздық Р. Сөз құдіреті. –Алматы: Рауан. 1997 ж.
7. http://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/42556
8. Короткина И. Б. Академическое письмо. Уч.-метод.пос. — Lambert Academic Publ., 2011. — 184 с.
9. http://kazguu.kz/ru/
10. http://gulnarairex124.ucoz.ru/ehsse_beshimbaeva_k.e_astana.docx
11. https://www.facebook.com/profile.php?id=100005454947565
12. https://www.facebook.com/groups/kzustaz/?multi_permalinks=1151481308239603¬if_t=group_highlights¬if_id=1480362011923376
13. Тіл-құрал. Қазақ тілін меңгеру деңгейін тестілеу әдісімен бағалау емтиханына дайындық үшін оқу-әдәстемелік құрал. Астана: Ұлттық тестілеу орталығы,2011. -268 бет.
14. https://intranet.ecu.edu.au/__data/assets/pdf_file/0017/20609/essay.pdf
15. http://access-socialstudies.cappelendamm.no/c319365/artikkel/vis.html?tid=382115
16. Минеева И. Н. Академическое эссе: теория и практика жанра http://cyberleninka.ru/article/n/akademicheskoe-esse-teoriya-i-praktika-zhanra