Инновациялық оқыту – сапалы білім берудің кепілі

Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім беру парагдимасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп аталған халқына Жолдауында «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың кредосына айналуы тиіс. Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз» - деп атап көрсеткені белгілі. ХХІ ғасыр деңгейінде білім беру мен кәсіптік даярлау тақырыбы – Жолдаудың басты бөлімдерінің бірі «Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» деп Елбасымыз айтқандай, дарынды, білімді ұрпақ еліміздің ертеңі екені даусыз. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі.

Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуда. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді.

Әрбір мемлекеттің интелектуалдық, экономикалық, парасаттық және мәдени қарымы білім сапасының күйін, оның прогрессивтік даму тарихын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, егемен қазақ елінің білім мен ғылымының стратегиясы, білім беру жүйесінің ұлттық білім мен тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне кірігуімен анықталады. Қазіргі мектептердегі оқушылардың бойындағы функционалды сауаттылық пен өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамытуға басты назар аударылып отыр. Сондықтан әрбір ұстаз жаңа кезең мұғалімінің қызметіне сай болу үшін педагогикалық үрдістің бірізділігін және оқу мен тәрбиенің бір тұтастығын сақтай отырып, оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға әзір, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын, өзгермелі өмірге оқушыны да, өзін де даярлай білетін шығармашыл тұлға болуы тиіс.

Қазіргі талаптың басты міндеті – педагог мамандардың кәсіби құзырлығын қалыптастыру мен біліктілігін үздіксіз арттыруды, ғылыми-әдістемелік қызметтің жаңашылдығын, түрлері мен әідстерін іздестіруді қамтамасыз ету, оны үйлестіре білу болып отыр. Осы мақсатта республикамызда бұрын-соңды болмаған мектеп мұғалімдері біліктілігін арттырудың 3-ші деңгейі бойынша 3 айлық курс іске асырылды.

Бағдарламаның мақсаты – оқушылар өздерінің қалай оқу керектіліне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Ондай «тұлға» болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс.

Оқытудағы «Кембридж бағдарламасының» теориялық негіздерінде түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, орта білім беру жүйелерінде әлемдік жоғары деңгейде қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқыту тәсілі басымдылық берілген. Бұл оқытудың басты бағыты – ойлауды дамыту болып табылады. Яғни, оқушы өзінде бар білімді түрлі дереккөздері арқылы, мұғалімнен, оқулықтан, достарынан алған білімдермен біріктіре отырып іске асырады. Осыған дейін біз дәстүрлі оқыту үрдісін іске асырып келгенбіз. Өткен ғасырдың басында-ақ американ педагог-психологі Джон Дьюи жоғарыдағы «дәстүрлі» білім беруді енжарлықпен білім алу үдерісі ретінде сипаттады және өзара әрекеттің немесе сыни қатысудың төмен деңгейін ғана қажет ететін жаттап алу әдісі деп сынаған.

Ал осыған дейін біздер қолданып келген «дәстүрлі оқыту» қандай оқыту? Ол – қазіргі мұғалімнің 45 минуттағы іс-әрекеті. Мұғалім кіреді, сабақ сұрайды, сабақ түсіндіреді. 4-5 оқушыны бағалайды, қалғандары сол қалпында қалады. Бұл жердегі мұғалім тарапынан берілген дайын білімге оқушылар өздігінен ары қарай дамыту, іздену, ойласу, атсалысу, салыстыру, пікір алмасу, пікір таластыру т.б. жайлар қолға алынбайды. Мұндай білімнің аясы тар, көбіне жаттанды есте сақтауға алып келеді. Сондықтан көбіне санада механикалық есте сақтау арқылы алынған білім ойлаудың төменгі деңгейінде ғана жүзеге асырылады. Ары қарай терең ойлану үрдісі іске асырылмайды. Ал сындарлы («конструктивті») оқытуда керісінше, мұнда басты басымдылық оқушыға беріледі. Мұғалімнен гөрі оқушы көп ойланып, көп талқылап, достарымен көп сөйлесіп, әрекеттенуі керек. Ал мұғалімнен өз сабақтарын оқушының идеясын, білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай етіп ұйымдастыру талап етіледі. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құралады. Бұл жерде «Маған айт, мен оны ұмытамын, көрсет, мүмкін, есімде сақтармын, мені қызықтыр, мен сонда түсінемін» деген қытай мақаланың түпкі мағынасына терең бойлауға тура келеді. Ғалымдар оқыған, естіген, көрген т.б. әрекеттерден гөрі адамның өзі өзгелерге түсіндірген білім көп есте сақталатынын айтады.

Бағдарламаның басты жаңа бағыты – іс-әрекет арқылы зерттеу болып табылады.

Жаңаша оқытудың «Кембридждік» жүйесі бойынша бұл тәсіл біршама өзгерді. Мұнда балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауға, ойлануға мүмкіндік жасалады. Олар өз беттерімен және өзара әрекеттесе оқып-үйреніп, ортақ бір шешімге келуге бағытталады.

Бүгінгі заман ағымы болашақ ұрпақтың ой-өрісінің шыңдалуын, жеке тұлға ретінде қалыптасуын талап етуде. Осы орайда ұлы педагог Ушинскийдің «Бала – балқытылған алтын» деген қанатты сөзі еске түседі. Балаға қалай бағыт берсең, солай өседі.

Стронг «Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға- мұғалім» деп атап көрсеткендей, егеменді еліміздің алғышарттары өркениетті елдер қатарына көтерілуді міндет етсе, өркениетке жету үшін жан- жақты дамыған, рухани бай тұлғаны өсіруде ұстаздар қауымының алдында жаңа міндеттер қойылып отыр.

Қорыта айтқанда, ұстаздық қызметтің қыры мен сыры мол. Сондықтан да ұстаздар өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерген болса, бүгінгі қоғамымызды байтатын, дамытатын, жаңартатын адам тәрбиелеуде мол мүмкіндік ашылатыны сөзсіз. Мұғалімнің кәсіби білік дағдылары –оның жеке кәсіби педагогикалық мәдениетін көрсететін өлшем. Олай болса жаңаша өмірге бет бұрып жаңаша ой түзеген егемен еліміздің ұрпағын білім нәрімен сусындататын саналы тәрбие, сапалы білім беретін жеке тұлға, мәдениеті мен кәсіби шеберлігі шыңдалған мұғалім-ғасыр көшін бастаушы болып табылады. Тәуелсіздігіміз-халқымыздың ғасырлар бойы армандап қол жеткізген бақытты, оның іргетасы мықты болып, нығаюы жас ұрпақтың терең білім мен тәлімді тәрбиесіне тікелей байланысты. Саналы білім-ел экономикасын, саясатын әлем алдында бәсекеге қабілетті болуға сай мазмұнды білім беру ұйымдастыру- 12 жылдық оқуға тікелей байланысты. 12-жылдық білім берудің негізгі мақсаты –еліміздегі білім беру жүйесінің құрылымы мен мазмұны толықтай өзгерте отырып, жаңа заманға сай мектеп құру. Мектепті бітірген әрбір шәкірттің мақсаты айқын, міндеті нақты, өз қажеттілігін қанағаттандыруды көздейтін білімді іздеуге қабілетті болуы тиіс.

№14 Тақырыбы: Тұтас педагогикалық үдерістің мәні және құрылымы, оның заңдары мен заңдылықтары

Жоспары:

1.Тәрбие - теорияның пәні.

2. Тәрбие процесі, оның мәні мен өзіндік ерекшеліктері.

3. Тәрбие түрлері.

4.Тәрбиенің негізгі заңдылықтарына шолу.

5. Тәрбие принциптеріне сипаттама.

1.Педагогика көп салалы ғылым. Оның тарихы, әдістемесі бар. Соған сай оның теориясы қалыптасқан. «Теория» ұғымы грек тілінде «зерттеймін» деген түсінікті білдіреді. Ол педагогика саласында тәрбие және оқытудың мәні, мақсаты, принциптері, мазмұны жайындағы көзқарастардың жүйесін білдіреді. Бұл жүйе педагогикалық теорияның құрылымын анықтайды.

Теория педагогтарды әртүрлі жастағы адамдарды тәрбиелеу және білім беру процестерінің ерекшеліктері жайында кәсіби білімдермен қаруландырады, әр түрлі жағдайдағы оқу-тәрбие процестерін жобалауға және оны жүзеге асыруға, оның нәтижесін бағалауға көмектеседі. Соған сәйкес оқыту, білім беру және тәрбиелеудің жаңа технологиясы педагогикалық зерттеу жұмыстарында, зертханаларында пайда болады.

2.Тәрбиелеу дегеннің мәнісі не?

«Жас бала- жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді»-дейді халқымыз. Жерге отырғызған жас көшет те қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып үлкейгенше мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді.

Тәрбие кездейсоқ оқиға емес, ол қоғамның пайда болуына тән қасиет.

Тәрбие жеке тұлғаның санасына, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына әсер ететін құрал.

Тәрбие- халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың айналамен қарым-қатынасын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру құралы.

«Тәрбиелеу- халықтар бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту (Әл-Фараби).

«Тәрбие- біз кімдерді тәрбиелейміз, солардың жүрегіне ықпал ету... Тәрбие- бізге мәлім адамгершілік әдет-ғұрыптарын меңгеруді мақсат көздеп, бір адамның екінші адамға ықпал етуі (Л.Н.Толстой).

«Тәрбие-кең мағынасында- бұл рухани жағынан үнемі жетілу және баюда көп салалы процесс (В.А.Сухомлинский).

«Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді, адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі (М.Жұмабаев).

«Тәрбие- бұл адам жанын жетілдіру өнері. Тәрбиеде адам табиғатын жетілдірудің ең күшті сыры бар (Иммануил Кант).

Олай болса, тәрбие процесінде жеке тұлғаның сана-сезімі мен ақыл-ойына жүйелі түрде әсер етіп, оның дүние танымының дамуына, ерік-жігері мен моральдық бейнесінің қалыптасуына оң ықпал етеді.

Сонымен қатар тәрбие- адамдарды қоғамда еңбекке және басқа да пайдалы әрекеттерді орындауға, көптеген әлеуметтік қызметтерді атқаруға дайындаудың табиғи заңдылық процесі.

Н.К.Крупская «Тәрбие» атты мақаласында (1929ж): «Тар мағынада алып қарағанда, «тәрбие» деген сөз арқылы балалар мен жеткіншектердің мінез-құлқына, әдетте, ересек адамдардың алдын ала ойластырылған және жүйелі түрде жасайтын белгілі бір ықпалы, ал кең мағынасында ... «қоғамдық мекемелер, айналаны қоршаған бүкіл жағдай, бүкіл қоғамдық құрылыс тәрбиелейді»-деп түсіндіреді.

Осы жағдайға байланысты К.Д.Ушинский ... «мектеп, тәрбиеші және ұстаздар- адамның тіпті жалғыз ғана тәрбиешілері емес, оның сонша күшті, ал мүмкін және әлдеқайда күшті әдейі тәрбиешілері: табиғат, отбасы, қоғам, халық ... және оның тілі болады», -деген осы мәселеге қатысты тұжырымдамасы тәрбие жайындағы ұғымның мәні зор екенін дәлелдейді.

Олай болса, тәрбие көптің ісі. Тәрбие мәселесімен қоғамдық ұйымдар, мекемелер және жұртшылық болып айналысқан жағдайда ғана ол нәтижелі болмақ. Соған сай тәрбие туралы ұғымға тар мағынада емес, кең мағынасында, бір жақты емес, кең көлемде, яғни табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата-аналардың жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына мақсатты түрде ықпалы, өзара әрекетінің нәтижесі ретінде қараған жөн.

Сондықтан да тәрбиенің мәнісі, біріншіден, қоғам үшін саналы, белсенді, ізгіленген, іскер азаматты қалыптастыру болса, екіншіден, жеке адам үшін-оны өмір сүре білуге, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасай білуге үйрету.

Олай болса, тәрбие процесі деп- қоғамның талып-тілектеріне сай әрбір жеке тұлғаның ақыл-ойын, сана сезімін, ерік-жігерін, мінез-құлық ерекшеліктерін жүйелі түрде қалыптастырып, дамытудағы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара бірлескен әрекетін айтамыз.

Адамды табиғат жаратса да, әрбір жеке адамның қабілетін дамыту үшін, бәріне бірдей жағдай жасап, ортақ тәрбие беруге тиіс. Кезінде б.э.д.IV ғ. Аристотель тәрбиенің қоғамдағы атқаратын қызметінің маңызына айрықша назар аударып, «... заң шығарушының жастар тәрбиесіне айрықша мән беруі тиістігіне ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Себебі мемлекеттің ең негізгі бір мақсаты, барлық адамдарға бір ғана ортақ қамқор болуы тиіс... Тәрбиеге қатысты заң болуы тиіс және ортақ болуы тиіс» деп есептеген. Сондықтан да ол тәрбиені ұлттар мәдениетінің мирасқорлық процесі деп қарастырған.

Платон тәрбиешінің әрекетінде кең түрде және қатаң бақылаудың болуы қажет дей отыра, «Бізде заңды қорғаушы қырағы болуы тиіс; ол балалардың тәрбиесіне өте қамқор болуы тиіс; олардың мінез-құлқын түзетуі және әркезде оларды заңға сәйкес игілікке бағыттап отыруы тиіс» деп есептеген.

Ертедегі Римде ұжымдық оқу б.э.д. ІІІ ғасырда жүргізіле бастаған. Ондағы антикалық педагогиканың теориясы мен практикасының негізін жасаған Квинтилиан Римде бірінші рет мемлекеттік тұрғыдағы мектептің іргесін қалап, жылма-жыл мемлекеттен сыйақы алып тұрған. Соған сәйкес Римдік қауымдастықта оқытудың мазмұны және оны ұйымдастыру мәселелері ғана талқыланып қоймай, сонымен бірге көбінесе тәрбие әдістеріне де үлкен маңыз беріліп, тәрбиені мемлекеттік басқару әрекетінде маңызды сала ретінде қарастырған.

1758 жылы М.В.Ломоносовтың «Академиялық гимназия тәртібінің үлгісі» атты педагогикалық тұрғыдан құнды еңбегі жарық көріп, гимназистер арасында үлкен сұранысқа ие болды.

Қазіргі кезде біздің қоғамда өркениеттілікке бағытталған «Білім беру» заңы бар. Онда азаматтық қоғам орнатуда өскелең ұрпақтың оқу және тәрбие мекемелерінің сұрыпталған қатаң ғылыми негіздегі тың жүйесі қалыптасқан. Бүгінде оны тәрбие процесінде басшылыққа алу барлық әлеуметтік мекемелерінің міндетті ортақ ісіне айналып отыр.

Тәрбиенің қоғамдағы атқаратын қызметіне орай өзіндік ерекшеліктері бар.

Тәрбие қоғамдық құбылыс.Себебі қоғамның материалдық жағдайының өсуі, идеологиясының өзгеруімен байланысты тәрбиенің мақсат-міндеттері, мазмұны мен ұйымдастыру тәсілдері де толығып, жаңа жағдайға сәйкес жақсарып отырады. Әрине адам жеке тұлға болғанымен, қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Ал қоғам дегеніміз- адамдардың тіршілік ету, өмір сүру үшін топтасқан ортасы.

Тәрбие мақсатты процесс.Тәрбие мақсаты айқын әрі нақты өмір жағдайына сай белгіленсе ғана өз нәтижесін дұрыс береді. Оны тәрбиешілердің өз қалауымен анықтауға болмайды. Себебі, тәрбие мақсаты қоғамның, мемлекеттің әл-ауқаты және оның саясатымен әрқашанда тығыз байланысты болады.

Тәрбие- біртұтас процесс. Себебі тұлға жеке адам ретінде тәрбиеленеді. Сондықтан жеке тұлғаның кісілік қасиеттерін қалыптастыру жеке-дара атқарылмайды, керісінше бір мезгілде, бірыңғай жағдайда жүзеге асырылады. Өйткені тұлғаның қалыптасып, дамуы тұтас процесс.

Тәрбие ұзақ әрі күрделі процесс. Жеке адамның қалыптасуы бүтіндей бір ұзақ дәуірді қажет етеді. Адам баласы туғаннан бастап, есейіп ержеткенге дейін тәрбиенің ықпалында болса, кейінгі уақытта ол өзін-өзі тәрбиелеу процесімен жалғасып отырады.

Екіншіден, тәрбиелеу барысында қойылған мақсаттың нәтижесін көбінесе жуық арада байқауға болады. Өйткені әрбір жеке тұлғаның мінез-құлқында дара ерекшеліктері, қабілеттері, дүниетанымы бірыңғай қалыптасып дамымайды. Оған ықпал ететін ішкі және сыртқы факторлардың да әсері мол.

Тәрбие- көпжақты процесс. Жасөспірімдерді азамат етіп тәрбиелеу, қоғамдық пайдалы еңбекке әзірлеу процесі қоғамның барлық азаматтарының міндеті, отбасы, мектеп пен жұртшылықтың бірлесіп атқаратын ортақ мақсаты. Дегенмен де ата-аналар мен жұртшылық әрекетін қадағалап, бағыт-бағдар беріп, олардың бала тәрбиесіндегі жұмыстарын бірыңғай бағытта ұйымдастырып отыратын ол- ұстаздар тобы. Оның орталығы-мектеп.

3.Тәрбиенің түрлерін анықтау оның басым көрінетін негізіне сүйенеді:

1. Мақсатына қарай - адамгершілік, азаматтық, экологиялық, экономикалық, құқықтық, дене, ақыл-ой т.б. тәрбие түрлері анықталады.

2. Тәрбиеленушілер санына қарай – жеке, ұжымдық тәрбие түрлері бөлінеді.

3. Тәрбиеші мен тәрбиеленушінің қарым-қатынас ерекшелігіне орай – авторитарлық, демократиялық, либералды тәрбие түрлерін атауға болады.

І. Авторитарлық (императивтік) стиль мұғалімнің оқушыларға өз еркін зорлап міндеттеп және оған өздерінің инициативаларын көрсетуге мүмкіндік бермеуімен сипатталады. Оқушылар үшін мұғалім беделді адам екенін пайдаланып, ол олармен қарым-қатынасында тәрбие ықпалының тәсілі ретінде бұйрық, сөгіс беру, қорқыту және жазалау, жиі дауыс көтеруді қолданады.

ІІ. Демократиялық стиль мұғалімнің оқушымен өзара қарым-қатынасындағы талап қоюшылық пен тілектестік қатынасын сипаттайды, сонымен қатар оқу және оқудан тыс әртүрлі іс-әрекетке белсенділігін ынталандыру мен ықпал ету әдісі ретінде сендіруді қолданады. Мұндай қарым-қатынас стилі бар сынып мұғалімі төзімділігімен, педагогикалық тактісімен, жоғары эмоционалды тұрақтылығымен, оқушыларды фамилиясымен сирек атауымен және сирек дауыс көтеруімен ерекшеленеді.

ІІІ. Либералды стильдің басқалардан айырмашылығы: мұғалім көбінесе өзінің міндеттерін орындауға формалды түрде қарайды, оқушыларға толық еркіндік береді, олардың тәртіпті бұзушылығына еш мән бермейді және осылайша сынып ұжымында жағымды қарым-қатынас орнатуға тырысады.

4.Құндылық ерекшелігіне сәйкес - прагматикалық, діни, аксиологиялық тәрбие түрлерін бөлуге болады.

4.Тәрбие процесін табысты, нәтижелі ұйымдастыру тәрбиешілерге, алдымен тәрбие заңдылықтарын жете түсінуді қажет етеді.

Философия ғылымында «заңдылық» деген ұғымды құбылыстар мен процестер арасында дамуды сипаттайтын мәнді байланыс деп түсіндіреді. Олай болса, педагогикалық құбылыстар мен процестер арасындағы байланыс мәселесін қарастырайық.

Педагогикалық құбылыстар деп- тұлғаның өмір сүруі, әрекеттері барысында жеке басында, айналасында кездесетін, ықпал ететін табиғи немесе табиғи емес әртүрлі жағдайларды айтуға болады.

Тәрбие процесінің негізіне тұлғаның табиғатын, әлеуметтік мәнін, қоғамдық өмірдің объективтік қажеттілігін білдіретін заңдылықтар жатады.

Тәрбиенің заңдылықтарына:

1. Баланың үнемі жетілуі, даму жағдайында болуы, бұл- табиғи заңдылық;

2. Баланың өзінің түрлі әрекетінсіз және оның сыртқы орта мен табиғи қарым-қатынасынан тыс тәрбиенің болмауы жағдайы;

3. Тәрбие мен дамудың бірлігі және өзара байланыстылығы;

4. Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің бірлігі және өзара байланыстылығы;

5. Тәрбиеде бірыңғай дайын рецептің болмауы және оны қолдану мүмкін еместігі;

6. Қоғамның үнемі өркендеп дамуы, онда өмір сүріп отырған әрбір жеке адамның күш-қуаты мен өмірлік ұстанымына тәуелді екендігінде, сондықтан да тұлға тәрбиесі, бұл заңды құбылыс.

Кезінде К.Д.Ушинский тек педагогикалық ережелерді жаттап алу тәрбие процесінде оң нәтиже бермейтіндігін, керісінше тәрбиенің ғылыми заңдылықтарын жете танып білудің қажеттілігіне баса назар аударуға кеңес берген. Сондықтан да тәрбие заңдылықтарын жетік білмейінше тәрбиені жетілдіру, дамыту мүмкін емес.

Педагогика ғылымында тәрбиенің заңдылықтарын ашып көрсетуді негізгі міндет ретінде қарастырмайды, керісінше оның заңдылықтары негізінде қандай принциптерді қаарстыру қажеттілігіне көптеп көңіл бөледі. Сол себептен де кейбір жағдайларда тәрбие принциптері оның заңдылықтары ретінде қарастырылады.

5. «Принцип» деген ұғым латын тілінде «бастапқы», «негізгі» деген түсінікті білдіріп, белгілі бір әрекет барысында басшылық ету идеясын көздейді.

Олай болса, тәрбие принциптері деп- тәрбие процесінде оның мазмұнын, ұйымдастыру тәсілдері мен формаларын жүзеге асыруда тәрбиешілердің қолданатын басты тәрбие идеяларының жиынтығын айтамыз. Болмаса, бұны кейбір педагогикалық әдебиеттерде «негізгі талаптар» немесе «ережелер жүйесі» деп те түсіндіреді.

Тәрбие принциптері тәрбие міндеттеріне сай анықталады. Педагогика тарихының дамуында тәрбие принциптерінің төмендегідей жүйесіқалыптасқан:

1. Тәрбиенің мақсаттылығы;

Тәрбие принциптері ішіндегі ең негізгісі, оның мақсаттылығы.Өйткені, тәрбие процесіндегі тәрбиелік ықпалдар мен әрекеттер белгілі бір мақсатқа бағытталады. Мақсат- тәрбиелік шаралардың кездейсоқтық сипатқа тап болмауын қамтамасыз етеді. Мақсатқа сай тәрбие міндеттері анықталып, оны атқаруда жұмыстардың түрлері, мазмұны мен ұйымдастыру тәсілдері белгіленеді. Сондықтан да бұл принцип тәрбие жүйесінде жетекші принцип ретінде саналады.

2. Тәрбиенің өмірмен, еңбекпен, қоғамдық құрылыс практикасымен байланыстылығы;

Бұл принциптің мәні жас ұрпаққа тәрбие беруді қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірімен ұштастыра жүргізуді талап етеді. Ол, мектептегі теориялық білімдерді оқушыларға меңгертуде, оларды өмірмен байланыстыру, қоғамдағы болып жатқан өзгерістермен хабардар етіп, оған нақтылы көзқарастарын, сенімін орнықтыру, қоғамдық пайдалы еңбекке қатыстыру т.б. тәрбие мақсатының түпкі мүддесін көздейтін әрекеттерге араластыру.

Жас ұрпақты қоғамдық өмірге ерте кезден араластыру өз еліне, туған өлкесіне деген сүйіспеншілікке баулу, ел азаматтарына, еңбек ардагерлеріне деген құрметтеушілік, ізгілік ниеттерінің орнығуына, қысқасы, «өмір мектебінің» баспалдағынан біртіндеп қуат алып, оның қыр-сырымен танысуға мүмкіндік туғызады.

Еңбек арқылы тәрбиелеу принципініңмақсаты баланы еңбек ете білуге, оны қадірлеп-қастерлеуге, оған деген жағымды көзқараспен қарым-қатынас қасиеттерін орнықтыруды, сонымен қатар қарапайым еңбек құралдарын пайдалана білу қабілеттерін сіңіру қажеттіліктерінен туындайды. Адамды табиғат жаратқанмен, оны нағыз адам етіп қалыптастырған- еңбек процесі. Адам баласының қоғамдағы өмірі тек еңбекпен байланысты, себебі ол оны саналы өмір сүре білуге дағдыландырады. Тек еңбек процесінде адам баласы өз тіршілігін қамтамасыз етіп, қоғамға пайда келтіреді. Сондықтан да бұл принцип тәрбие процесінің өн бойында өзекті мәселе болып қала береді.

3. Жеке тұлғаға талап қоюшылық пен құрметтей білудің бірлігі;

Бұл принциптің көздейтін мақсаты:

- оқушыларға қоғамдық мінез-құлық нормалары мен ережелерін саналы түрде меңгертуді;

- оқушыға қатысты өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындауды;

- мектепте оқушыларға арналған ережені қатаң сақтауды;

- мектеп пен отбасы және мектептен тыс мекемелердің тәрбие жұмысының барлық буындарының талап бірлігін үйлестіруді;

- оқушының мінез-құлқындағы жақсы қасиеттеріне сүйенуді;

- жеке басына сеніммен қарап, белсенділігін арттыруды;

- сүйіспеншілік көрсетуді т.б.

Құрметтеу мен талап қоюшылықты бірыңғай атқару тәрбиенің ізгілікбағыты мен ынтымақтастықпедагогиканың негізін қалайды.

4. Балалардың жас және дара ерекшеліктерін есепке алу;

Тәрбие жұмысының табысты болуы, көбінесе әрбір жеке тұлғаның жас шамасына сәйкес өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып жүргізуге байланысты. Әрбір жеке бала, ол өзінше бір өмір. Оның түсінігі, сенімі, көзқарасы, ақыл-ойының деңгейі бірдей емес, соған орай мінез-құлық ерекшеліктері мен адамгершілік қасиеттерінің сапасы да әртүрлі. Сондықтан да тәрбие процесінде балалардың дара ерекшеліктерін ескерудің маңызы зор. Тәрбиенің мазмұны мен амал тәсілдері де осы принципке тәуелді.

5. Тәрбиенің жүйелілігі, бірізділігі және үздіксіздігін қамтамасыз ету;

Бұл принципті ұстау әрбір бөліктері мен элементтері түгел бір тұтастықты құрайтын педагогикалық жүйенің болуын талап етеді. Тәрбие саласында жүргізілетін түрлі тәрбиелік шаралар бір-бірімен сабақтас болуы тиіс. Жаңадан өткізілетін тәрбие жұмысының мазмұны өткізілген тәрбиелік шаралардың логикалық жалғасы болуы қажет. Демек, өткізілген тәрбие жұмысының мазмұны онан әрі қарай да дамып, тиісті сатыға көтеріледі. Сонда ғана аталған принциптер жүзеге асады. Педагогикалық ықпалдардың жүйесіздігі, кездейсоқтығы, бейтараптығы, келісімсіздігі, ретсіздігі тәрбие мақсатына үзілді-кесілді қарама-қайшы келеді. Тәрбие үшін оқушыға қойылатын талаптардың ала-құлалығынан бетер зиянды нәрсе жоқ. Мәселен, мектеп пен үйелменнің, сынып ұжымы мен жұмыс істейтін мұғалімдердің оқушыларға қоятын талаптарының үйлеспей ала-құла болуы. Тәрбие көп адамдар қатынасатын ұзақ іс-әрекеті. Сондықтан да олардың жұмыстарында тізбектестік пен ұласымдылықтың сақталуы, оқушылардың тәрбиелік дәрежесінің дер кезінде анықталып отыруы аса маңызды мәселе. Тәрбие жұмысының барлығы білім мен сенімнің, сөз бен істің үздіксіздігі негізінде құрылуы қажет.

6. Жеке тұлғаны ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеу;

Жеке тұлғаның ұжымда тек ұжым арқылы тәрбиелеу принципі кеңестік дәуірде коммунистік тәрбие беру жүйесінің негізгі талаптарының бірі болып келеді. Бұл социалистік қоғамның талабына айналды. Осы қоғамда өмір сүріп отырған «барлық адамдар біреуі үшін, біреуі барлығы үшін» деген ұранмен еңбек етуге тиіс болды.

Бүгінгі таңда, қоғамды қайта ұқұру кезеңінде, яғни нарық заманында бұл қағиданың маңызы онша әсерлі болмай тұр. Өйткені, нарық заңы ұжым болып еңбек етіп, өмір сүру қағидасын қуаттамайды. Оның негізгі талабы әртүрлі формадағы еңбек процесі, соған орай еңбек бөлінісі де әртүрлі болып келеді. Сондықтан да ұжым және адам мәселесі қазіргі заманның ең өзекті әлеуметтік мәселелердің біріне айналып отыр.

Кеңес педагогикасы болса оқушылар ұжымын ұйымдастыруды және тәрбиелеуді тұлғаны жан-жақты дамыту теориясы мен практикасының негізі жетекші мәселелері ретінде қарастырады.

Дегенмен де мектептегі оқу-тәрбие жұмыстары ұжымдық әрекетке негізделген. Ол ортақ мақсатқа бағытталған. Сондықтан мектеп жағдайында бала тәрбиесіне қатысты ұйымдастыру жұмыстары әрқашанда ұжымдық әрекетке негізделе бермек.

Сол себептен де оқушының жеке басын ұжымды және ұжым арқылы тәрбиелеудің мәнісі-оқушылардың оқу, тәрбие және пайдалы еңбектегі бірлескен іс-әрекетінде олардың жауапкершілігі, белсенділігі артып, тұлғаның жан-жақты дамуына мүмкіншіліктер пайда болады, достығы жарасып, ізгілік қарым-қатынас орнайды, өзімшілдік жойылып, өз мүддесін ұжым мүддесімен ұштастыру, моральдық нормаға айнала бермек.

7. Тәрбие процесінде мектеп, отбасы, жұртшылық әрекетінің бірлігі болуы. Тәрбие процесінде мектеп пен жұртшылық әрекетінің бірлігін қамтамасыз ету, оардың жасөспірімдерге тәрбиелік ықпалын үйлестіру қажеттігінен туындайды. Балаға дегенде қоғамның талаптарын жүзеге асыруда олардың әрекетінде ауызбіршілік, жүйелілік болмаған жағдайда тәрбиелік шаралардың нәтижесі төмендейді. Баланың дүниетанымы отбасынан бастау алып, мектеп пен ұстаздар тәрбиесімен жалғасып отырады. Сондықтан да балаға талап қойғанда бірліктің болмауы, тәрбиелік ықпалдың тұрақсыздығын туғызып, баланың мінез-құлқы мен адамгершілік бейнесіне жағымсыз көлеңке түсіреді.

Дәріс

Тақырыбы: Тәрбиенің мақсаты, оның әлеуметтік тұрғыдан негізделуі

Адамзат дамуының қай кезеңінде болмасын тәрбиенің тиімділігін жетілдіру ісі жүзеге асырылып келді. Бұл істі жүзеге асыру процесі әр бір қоғамдағы мемлекет қажеттігіне бағындырады. Өйткені мемлекет қажеттігінің орындалуы оның экономикалық күш – қуаты мен саясатына тәуелді екені белгілі. Олай болса тәрбие тиімділігінің ең басты шарты мемлекет мүмкіндігінен туындайтын қажеттікке сай тәрбиенің мақсатын нақты анықтау болып табылады.
Жалпы адамзаттық тұрғыдан қарағанда тәрбие мақсаты - әр бір тұлғаны әр жақты етіп тәрбиелеу. Адам – жер бетіндегі тірі организмнің жоғарғы сатысы, қоғамдық тарихи іс - әркеті мен мәдениет субъектісі, басқаша айтқанда іс - әрекеті мен қарым – қатынас иесі.
Егер тәрбие мақсатының қалай өзгеріп отырғанына көз жіберсек, тәрбие мақсатын белгілеудің қаншалықты маңызды екенін айқын байқауға болады. Тәрбие қоғамдық құбылыс, онсыз ешбір қоғамның өмірі ілгері дамуы мүмкін емес.
Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсатын жеке адамды жан – жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын етіп тәрбиелеу деп қарастырады. Тұлғаны жан – жақты жетілдіріп, дамыту деген ұғымды оқу мен жастардың практикалық еңбегінің тікелей байланысы, дененің және ақыл – ой дамуының бір тұтатығы деп түсіну керек.
Адам баласының жарқын болашағы толығымен жарқын болашағы толығымен жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне тәуелді. Мектепте тәрбиенің басты міндеттері - теориялық білімді еңбекпен, өмірімен басланыстыра жүргізу, оқушыларды еңбек тәрбиесіне баулу, оларды политехникалық, экономикалық, экологиялық білімменқаруландыру, кәсіптік бағдар беруге тәрбиелеу. Олай болса, әрбір азамат тәрбиеге тікелей қатысы бар адамдар, ұйымдар мен мекемелер тәрбиенің мәніне, міндеттері мен мақсатын жете түсінуі қажет. Осыған орай, тәрбиенің негізгі мақсаттары: а) жастардың өмірге ғылыми – материалистік көзқарасын қалыптастыру; ә) тұлғаның рухани және дене қабілеттерін жан – жақты дамытып, эстетикалық талғамдары мен сезімдерін қоғамның талаптырына сай тәрбиелеу.
Дүниетаным дегеніміз адамның табиғат пен әлеуметтік ортаны түсінуін және онымен қарым – қатынасын, оның барлық іс - әрекеттерінің бағытын бейнелейтін көзқарастарының жүйесі. Ал дүниеге көзқарас дегеніміз дүниенің даму заңдылықтарын ғылым негізінде ашатын көзқарас.
Дүниеге ғылыми көзқарастағы адамдардың басты қасиеттері өзінің Отанына берілгендігінде жанқиярлықпен күресуге әзірлігінде. Мұндай көзқарас болмайынша, адам өз өмірінің мақсаттарын, халқымыздың жалпы күресіндегі өз орнын дұрыс түсіне алмайды.
Бастауыш мектепте білім және тәрбие алу барысында жас түлектердің ақыл – ойы дамиды, адамгершілік қасиеттері қалыптасады, ой еңбегіне төселеді, рухани өмір байлығын меңгереді, эстетикалық сезімі, талғамы артады. өмір жастарды осы заманғы ғылым мен халық шаруашылығының кеңінен өркендеу дәрежесіне қарай жан – жақты тәрбие міндеттерін талап етеді. Қоғмдық және мемлекеттік өмірдің түрлі салаларында белсенді етуге қабілетті, сана – сезімді және жоғары білімді адамдарды тәрбиелеп, даярлап шығаруды көздейді.
Мектеп реформасын жүзеге асырудың барысында оқу мен тәрбие жұмысының көптеген мәселелеріне түбегейлі өзгерістер енгізіп, қайта құру қажеттігі туды. Солардың бастыларының бірі, мұғалім мен оқушы, мектепбасшылары мен педагог арасындағы қарым – қатынас сипатының өзін бүтіндей өзгерту қажет.
Тәрбиенің жалпы мақсатын жүзеге асыру ең алдымен тәрбие бөліктерін байланыстырып шешуді талап етеді. Тәрбиенің құрамды бөліктері: ақыл – ой тәрбиесі, құлақ тәрбиесі, еңбек тәрбиесі, экономикалық және экологиялық тәрбие, эстетикалық ьжәне дене тәрбиесі т.б.
Тәрбиенің құрамды бөліктерінің бірлігі мен өзара байланысының нәтижелі болуы ең алдымен мұғалімнің шеберлігіне, жалпы дайындығына байланысты. Сондықтан ол өзін - өзі дамытып, барлық іскерлігі мен білімін баланың бойына қоғамда өмір сүру үшін және оның істерін басқару үшін қажетті адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеуге және қалыптастыруға әр қашанда дайын болу қажет.

Дәріс

Тақырыбы: Ғылыми дүниетаным-оқушының интеллектуалды дамуының негізі

Жоспар:

1. Дүниетаным және оның құрамды бөліктері

2. Жалпы адамзаттық құндылықтар мен құндылықты бағыт-бағдарлар

3. Оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудың құралдары мен жолдары

4. Атеистік тәрбие және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығы.

1. Дүниетаным дегеніміз- объективті дүниеге және ондағы адамның алатын орнына, адамның өзін қоршаған шындыққа және өзіне қатынасы туралы көзқарастар жүйесі, сонымен қатар осы көзқарастарға тәуелді адамдардың өмірлік позициясын, олардың сенімдері, мұраттары, таным және іс-әрекет принциптері, құндылық бағдарлары.

Педагогика ғылымы оқушы тәрбиесінің мазмұнына енетін ғылыми дүниетанымды қалыптастыру мәселесін шешуде оның құрамды бөліктерін ажыратып қарайды. Педагогикалық ғылыми еңбектерде дүниетанымның төрт құрамды бөлігі көрсетіліп жүр. Олар: ғылыми білім жүйесі; дүниетаным; сенім; адам мұраты.

Білім-бүкіл адамзат ақыл-ойының адамды қоршаған табиғатты, айналаны танып-білудегі ғылыми мәлімет қорының жиынтығы; қоғамдық өмірдің даму сатыларына сай теориялық анықтамалар мен адамның өмірлік қарекетінде айқындалып дәлелденген белгілі бір жүйедегі ұғымдар дүниесі. Білім арқылы жеке адам табиғаттың және қоғам құбылыстарының объективтік жақтарын зерттейді, түсінеді, ұғады.

Дүниетаным-жеке адамның табиғи және әлеуметтік құбылыстарын түсіндіру туралы пайымдауы, ой тұжырымы. Адамзаттың пайда болу тарихын түсіндіруде әр түрлі көзқарастардың бар екені мәлім. Мысалы, материалистер мұндай проблеманы ғылыми дүниетаным тұрғысынан дәлелдесе, ал дін ілімінің өкілдері тәңірдің қалауымен деп тұжырымдайды.

Сенім терең, тиянақты ойланып айтылатын идеялардың жиынтығы. Сенім жеке адам өмірлік позициясының беріктігін анықтайды, мінез-құлқын сипаттайды. Әр түрлі идея адам сенімінің негізгі, шындықты терең тану, оның соңынан еріп отыру.

Адам мұратыжете түсінудің жоғары кемелі, адам баласының жоғары мұрат-мақсаттары, өмірге ұмтылушылығы, талап-танушылығы. Мұрат айналадағы өмірді жетілдіруде және қоғамның әлеуметтік-экономикалық үдеуін дамытуда адамның сезімін оятады.

Дүниетанымның қалыптасуы ұзақ және күрделі процесс, оның нәтижесінде жеке көзқарастар және сенім жүйесі дамиды, қалыптасады, олар жеке адамның әрекет жасауына басшылық болады. Дүниетаным процесіне әр түрлі факторлар, мәселен, әлеуметтік және микроорта мен тәрбие, жаппай ақпарт құралдары т.б. әсер етеді. Олардың әрқайсысы іс-әрекеттеріне әр түрлі ықпал жасайды.

Жеке адамның өмірге, табиғатқа көзқарасының қалыптасу процесі дүниетаным идеясы элементтерін игеруден, яғни білімнің, ғылымның негіздерін және мінез-құлықтың белгілі нормаларын білу, оларды сақтай білуден басталады.

2. Оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға сан түрлі факторлар ықпал жасайды. Олардың құрамында адам өмірінің материалдық жағдайлары, өмір сүріп отырған микро және макро ортасы, көпшілік хабарларды тарату құралдары, оқыту мен тәрбиелеу кіреді. Ғылымда бұл факторлардың бірдей күшпен және тиімді әсер етпейтіні белгілі. Сондықтан болашақ мұғалімдер дүниетанымды бағдарлы қалыптастыратын факторларды басқаруды үйренуі керек.

Дүниетанымның психологиялық құрылымы танымдық, эмоционалдық және еріктік сияқты құрамаларды қамтиды. Білім жеке көзқарас сенімге айналу үшін оны тек ойластырып қана қоймай, терең сезіну, қоғамдық өмір және іс-әрекетпен салыстыруы керек.

Дүниетанымды қалыптастыру өткінші процесс емес. Ол адам өмірін түгел қамтиды. Оқушының жалпы дамуында бұл процесс тұрақты және үздіксіз өзгерістерге ұшырайды. Оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру оларды осы заманғы ғылыми біліммен қаруландыруға сүйенеді. Бұған мектепте оқытылатын барлық пәндердің қатынасы бар.

Мектепте оқылатын жаратылыстану, математика ғылымдары табиғаттың құбылыстары мен процестері және заңдылықтары туралы белгілі бір ұғым жүйесін жасайды.

Ботаника, Жалпы биология курстарын оқу, мектептің оқу-тәжірибе учаскелерінде, оқушылардың өндірістік бригадасында шәкірттер жұмыс істеп жүріп, өсімдіктердің даму процесін меңгереді.

Физика, химия заңдарын білу және сол пәндер бойынша тәжірибе жасау оқушылардың дүниенің пайда болуы мен дамуы туралы түсінігін, дүниетанымдық көзқарасын және сенімін нығайтады. Физика, астрономия сабақтарында адам ойының табиғаттың сырын бірте-бірте ашуы, тануы және заңдарын пайдалануы туралы оқушылар түсінік алады.

Гуманитарлық пәндерінің де рөлі ерекше. Тарих, әдебиет сабақтарында қоғамның дамуы туралы шәкірттердің диалектикалық-материалистік көзқаастары қалыптасады, олар адам өмірінің мәніне, мұраттарының, мінез-құлқының бағыттылығына, іс-әрекетінің мақсатын анықтауға түсінеді.

Тарих курсы қоғамның даму заңдарын түсінуге мүмкіндік жасайды. Әдебиет адамдар арасындағы қарым-қатынасқа жаңа өмірге, еңбекке жастардың дұрыс көзқарасын тәрбиелейді. Әдебиет сабақтарында оқушылар өмір шындығымен, Отандық және дүниежүзілік мәдениеттің барлық прогресшіл дәстүрлерімен, идеялық байлығымен танысады.

Сонымен мектепте оқыту оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудың маңызды құралдарының бірі.

Қоғам өмірінде болып жатқан әртүрлі саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелерге дер кезінде жауап беріп отыру, яғни мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын, халықтар арасында жүргізіп отырған экономикалық және әлеуметтік шараларын дұрыс бағдарлап түсінуге, соған орай оқушылардың іс-әрекеттерін дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Осы орайда, оларға қоғамдық- саяси азаматтық тәрбие беру, сабақтан тыс кездерінде саяси тақырыптарға арнап кештер, байқаулар, пікірталас, хабарлама жұмыстарын ұйымдастырудың да маңызы ерекше.

Дүниетанымның қалыптасып дамуына әсер ететін факторлар көп. Оларға:

1. Адамның материалдық жағдайы.

2. Әлеуметтік орта, тәрбие, ақпарат құралдары.

3. Сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары.

4. Қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуы жатады.

Бұлар жасөспірімдердің қоғамдық өмірге ынтасын тәрбиелейді, саяси және мәдени ой-өрісін кеңейтеді, олардың еңбекке, мамандық таңдауға көзқарасын қалыптастырады.

Жалпы адамзаттық құндылықтар мен құндылықты бағыт-бағдарлар

Тұлға мəдениетінің негізі оның жалпы адамзаттық құндылықтарға қатынасынан көрінеді. «Құндылық» термині болмыстың белгілі құбылыстарының адами, əлеуметтік жəне мəдени мəн-мағынасын білдіру үшін қолданылады. Адам қызметіндегі заттар, қоғамдық қатынастар жəне олар қамтыған табиғат құбылыстары құндылықты қатынастар нысандары ретінде танылған бағалы заттар сипатында іс-əрекетке қосылады, яғни бұлардың бəрі де жақсылық пен жамандық , шындық пен жалғандық, əсемдік пен ұсқынсыздық, əділдік пен əділетсіздік жəне т.б. тұрғысынан пайымдалады. Белгілі құбылыстарды бағалауға негіз болған тəсілдер мен өлшем-шектер субъектив баға түрінде қоғамдық сана мен мəдениетте бекиді де адам əрекетін бағыттаушы құралдарға айналады. Қалыпты тəртіптік ұғым формасына енген мұндай құралдар түрі: ұстанымдар жəне бағалар, бұйрықтар мен шектеулер, мақсаттар мен жобалар.

Сонымен, заттай жəне субъективті құндылықтар адамның өзін қоршаған дүниеге болған құндылықты қатынастарының екі қарама-қарсы (полярлы) шегін аңдатады. Адам іс-əрекеті құрылымындағы құндылықты тараптар танымдық жəне еріктік құндылықтармен өзара тығыз байланысқан.

Əрбір тарихи нақты қоғамдық құрылым (формация) өзіне тəн құндылықтар жиынтығымен ажыралады. Ал одан түзілген жүйе əлеуметтік реттеудің аса жоғары деңгейі сипатында көрінеді. Бұл жүйеде қоғам не əлеуметтік топ мойындаған өлшем-шек, талаптар (критерии) белгіленеді. Тұлғалық деңгейде меңгерілген бұл талаптар тұлға қалыптастырудың негізіне алынып, қоғамды қалыпты тəртіпте ұстауға жəрдемдеседі.

Қоғам өмірінің кезеңдерінде құндылықтар жүйесі өзгеріске түсіп, ауысып барады. Құндылықтар өзіне тəн ерекшеліктерге ие. Олардың кейбірі тарихтың қай кезеңінде де өз маңызын жоймайды. Мысалы, ежелгі дүниенің тарих сахнасында өшкенімен, онда мұрат етілген эстетикалық құндылықтар əлі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ортағасырлық ағару (просвещение) дəуіріндегі гуманистік, демократиялық идеялар бүгінгі заман қызметіне жарауда.

Қоғамдағы құндылықты қатынастардың аса маңызды элементтерінің бірі – құндылықты бағыт-бағдар.

Құндылықты бағыт-бағдар – бұл стратегиялық өмір мұраттары жəне жалпы дүниетанымдық алғы шарт ретінде танылған құндылықтардың адам санасында бейнеленуі.

Қалыптасқан, тұрақты құндылықтар бағыттарының жиынтығы тұлға тұрақтылығын, қажеттер мен қызығулар бағдарында көрінген əрекет-қылық жəне іс-əрекет типтерінің өзара байланыса, ұштасуын қамтамасыз етеді. Осыдан, құндылықты бағыт тұлға сеп-түрткілеріне (мотивтеріне) себепші, реттеуші маңызды жағдаят (фактор) ретінде іске қосылады. Құндылықты бағыт-бағдарлардың негізгі мазмұны – адамның саяси, философиялық (дүниетанымдық), адамгершілік наным-сенімдері, терең əрі тұрақты бейімділіктері, қылық-əрекет, мінез принциптері. Осыдан, қай қоғамда да тұлғаның құндылықты бағыт-бағдары тəрбие жəне мақсатты ықпал жасау нысаны ретінде қарастырылады. Олар арқылы еріктік күш салу, зейін, ой-өріс бағдарлары анықталады.

Құндылықты бағдардың дамуы –тұлға кемелінің белгісі, оның əлеуметтенуінің көрсеткіші, құндылықты бағыттардың тұрақты бірлігі тұлғаның келесідей сапаларының дамып, орнығуына себерші болады: тұлғаның тұтастығы мен сенімділігі , белгілі мұраттар мен принциптерге адалдық, осы мұраттар мен принциптерді іске асыру жолында ерік күшін аямауға қабілеттілік, өмірлік ұстанымдарға орай белсенділік, мақсатқа жетуде табандылық пен өжеттік.

Құндылықты бағыттар арасындағы қайшылықтар əрекет-қылық пен мінездегі тұрақсыздықты туындатады. Құндылықты бағыт-бағдардың мешеуленуі адамның селқостығы мен енжарлығына себепші болады.

Бүгінгі күнде əлем елдерінде əрқилы құндылықтар жүйесі қабылданған. Осы заманғы гуманистік педагогика олардың арасында жалпы адамзаттық келесідей құндылықтарды аса маңыздылар қатарында алға тартады: адам құқы, адамды ең жоғары құндылық ретінде тану, бала тұлғасы мен оның қадіріне құрмет; бала еркіндігі мен даму құқын қорғау; білім жəне тəрбиедегі демократиялық принциптерді берік ұстану.

Адам құқы жəне еркі – жалпы адамзаттық құндылық, себебі олар адамзаттың жалпы мүдделерін танытады, əрқилы халықтардың , діндер мен дəуірлердің рухани мұраттарын жақындатады əрі туыстырады. Барша халықтар туындыларын сыйлауға, бағалау мен қорғауға үйрену – бұл ұлттық жəне ұлтаралық ынтымақтың белгісі ретінде қабылданған жалпы адамзаттық құндылықтарды сезіну жəне қабылдау нышаны.

Наши рекомендации