Химиядан білім берудің сапасын талдаудағы кіріктірілген әдістемені сипаттап беріңіз
Кіріктірілген білім беру бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін белсенді оқыту, командалық оқыту, пәндік-тілдік кіріктірілген оқыту (CLIL), т.б. озық педагогикалық әдістерді қолдану талап етіледі. Зияткерлік мектептердің мұғалімдері инновациялық пәндік бағдарламалар және жоспарлармен жұмыс істеуге дайындық үшін ДББҰ Білім беру бағдарламалары орталығы филиалында, Кембридж кеңесшілері әр пән бойынша тәжірибелік сипатта ұйымдастырылған тренингтерден өз білімдерін толықтырып тұрады. Мұғалімдер Кембриджбен бірлесіп дайындалған жаңа оқу жоспарларымен, сондай-ақ оқушылардың ХІХ ғасырда қажетті дағдыларын дамытуға арналған белсенді оқыту әдістерімен таныс. Сол себептен де Зияткерлік мектептерде мұғалімдер жаңа бағдарламаны меңгеріп, сабақтарын талапқа сай өткізуде.
Ал жалпы кіріктірілген оқу дегеніміз не? Кіріктірілген оқу бағдарламасының артықшылығы неде? Осы сұрақтардың жауабын зерделеп көрелік.
Кіріктірілу – бұл бір оқу мазмұнының әр түрлі саладағы жан-жақты білімдермен тоғысуы, бір-бірімен араласып кетуі. Кіріктірілген сабақтар оқушыға әлем туралы, заттар мен құбылыстардың өзара байланыстары туралы біртұтас мағлұмат береді, олар құрылысы бойынша белгілі қалыпқа сыймайды, сондай-ақ, оқу сағаттарын барынша үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Осы тектес сабақтарда оқушылардың бейнелі ой-өрісі дамып, пәннің жалпы мазмұнын өмірмен байланыстыру арқылы шығармашылық мүмкіндіктері ашылады. Кіріктірілген сабақтардың құрылымы нақтылығымен, сыйымдылығымен, орамдылығымен, сабақтың әр сатысындағы оқу материалының логикалық өзара келісімімен, материалдың зор ақпараттық мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Оқу үрдісінде пәндерді кіріктіре оқыту:
-ерекше дарынды оқушыларға мәнді де саналы оқуға;
- сабақ құрылымында проблемалық жағдайлар үлесін ұлғайтуға;
- жеке тұлғаның зерттеушілік типін қалыптастыратын оқушының ойлау әрекетін белсендіруге;
-оқушыға бір мезгілде әрекетті орындауда барлық мақсат қоюдан нәтижеге дейінгі барлық процесіне бақылау жасауға;
-білім берушілік, дамытушылық және танымдық үшбірлікті ұстаздың шексіз шығармашылығы тұрғысынан жүзеге асыруға;
-сабақтың ақпараттық сыйымдылығын арттыруға;
-оқушылардың уәждемесін арттыруға, олардың оқу-танымдық әрекетін белсендіруге, шаршағандары мен қажуларын азайтуға;
-сабақ үрдісінде өтілетін тақырыптың адам және қоғам өмірімен тікелей байланысына мән беруге;
-оқушылардың шығармашылық ойлауын дамытуға;
- олардың алған білімдерін өмірде қолдана білулеріне көмектеседі.
Кіріктірілген білім бағдарламасы негізінде оқушылардың білімі критериалды бағаланады. Критериалды бағалау дегеніміз – оқушының білімі мен білігін алдын ала белгіленген оқу жетістіктерімен салыстыра оқыту, соның негізінде оқушыны бағалау. Критериалды бағалау кезінде алдын-ала бағалау шкаласы белгіленіп, оқушының алдына соған жету жоспары қойылады. Бағалаудың мұндай жүйесі білім алушының кемшіліктерін өзіне түзетуіне мүмкіндік береді, оқушының өзін-өзі және өзгені бақылауына, бағалауына мүмкіндік туғызады, бағаның айқындылығын, адалдығын сақтайды, оқушының сабақ үрдісінде өткен тақырыпты қалай түсінгендігін мұғалімге күнделікті саралап отыруына жағдай жасайды. Осының барлығының негізінде мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс бағалаудың жалпы негізін ашады. Яғни, критериалды бағалау оқыту – тәрбиелеу, дамыту, ынталандыру төрттігін басшылыққа алады.
Критериалды бағалау жұмысы қалыптастырушы және ішкі жиынтық бағалау арқылы жүзеге асады. Оқушы оқыту жоспарындағы барлық мақсаттар түгел қамтылған бірнеше қалыптастырушы бағалаулардан өтіп, тақырыпты түсінбей «талпынған» оқушы түзету жұмыстары арқылы оқу мақсатына «жетіп», ішкі жиынтық бағалауға келеді. Ішкі жиынтық бағалау мазмұны барлық критерий тұтас қамтылады. Дескрипторға сай тапсырманы толық меңгергендігін көрсетуі шарт. Соның нәтижесінде тоқсан соңында жиынтық бағалау оқушы білімін анықтап береді. Оқушы білімі баллдық жүйемен есептеледі.
Әлемде білім беру ісінің нәтижесін бағалай білудің өзіндік тәжірибесі қалыптасқаны белгілі. Бұл ретте біз үшін оқушының қаншалықты білім алғандығы емес, оның алған білімін өмірлік тәжірибеде қаншалықты пайдалана алатындығы маңызды болып отыр. Ал біздің еліміздегі білім жүйесінде басым жағдайда оқушылар өздерінің алған теориялық білім деңгейімен бағаланып, сонымен ғана шектеліп жататыны белгілі. Осы орайда оқушы білімін критериалды бағалау - педагогтарға нақтылық алып келетін бірден-бір жүйе.
Қорыта айтқанда, кіріктірілген білім бағдарламасы, ондағы оқушыларды критериалды бағалау - заман талабына сай шәкірт білімін дәл айқындауға мүмкіндік беретін бақылау жүйесі.