Зыреттілік - заманауи білім беру жүйесіндегі негізгі және базалық акмеологиялық категория

Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңестігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзыреттік қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі.

Құзырет - білім беру жүйесіне берілетін әлеуметтік тапсырыстарды құрайтын жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында нәтижелі іс-әрекеттерге қол жеткізу үшін ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді жаңғыртуға дайындық..

Құзыреттілік - оқу мен өмір жағдаяттарын шешу кезінде білім алушылардың, іскерлікті, дағдыны және қызметтің әмбебап тәсілдерін меңгеруі көрінетін білім берудің нәтижесі.

Соңғы он жылдықта инновациялық білім беруді құптайтын теоретиктер маман бойында тек білім мен біліктерді дамытып қоймай, сонымен қатар, әр түрлі өмірлік жағдаяттарда, жаңа бәсекеге қабілетті өнім өндіруде, нақты істе, тәжірибеде қолдануға қабілетті ерекше «құзыреттіліктерді» қалыптастыру керек дейді. Нәтижесінде өз ішінде іргелі және техникалық білімді, проблемаларды шешу мен талдау жасау, жобалық менеджментті, сондай-ақ қарым-қатынас пен командалық жұмысқа дайын болу және т.б біріктіретін құзыреттілік жиынтығы бар білім берудің жаңа сапасы пайда болады. Құзіреттілік тұрғысынан іске асырудағы негізгі мәселе осы процесске қатысушы субъектілердің қызығушылық салаларының әртүрлілігіне байланысты. Мысалы, жұмыс берушіге базалық коммуникативтік, ақпараттық құзыреттер, сондай-ақ мамандық бойынша іс-тәжірибенің болуы маңызды рөл атқарса, мемлекеттің біліктілік мінездеме құрастыруда нақты білім мен біліктер тізімін қамтыған қорытынды мемлекеттік аттестация шешімімен бекітілген диплом маңызды.

Жаңа Қазақстанның білім беру жүйесінде құзыреттілік бағдар аса күрделі мәселе болып отыр. Мысалға бұл мәселенің тілдік аспектісі қолданысқа «құзырет және құзыреттілік» ұғымын енгізуді талап етеді. «Құзыреттілік білік» түсінігіне кіретін әлдебір жаңа компоненттерді қамтымайды, сондықтан құзырет және құзыреттілік жөніндегі әңгімелер біраз жасанды, яғни бұл ескі мәселелерді жаңа киімнің астына жасыру дегенмен пара-пар» (М.Е. Бершадский).

Құзырет және құзыреттілік ұғымын түсіндіруде Л.Н.Болотов, В.С.Леднев, Н.Д.Никандров, М.В.Рыжаков құзыреттің тәжірибелік бағытын негізге алады – «Құзырет бұл білім мен адами әрекет арасындағы қарым-қатынас сферасы болып табылады», ал «Құзыреттілік білім беруде тәжірибелік бағыттың маңызды түрде күшеюін айтады». Н. Хомский айтқандай «...біз құзырет пен қолданыс арасындағы айырмашылықты қарастырамыз. Тек идеалды жағдайда қолданым құзыреттің бір бейнесі болып табылады. Н.Хомский бойынша қолданым «шындығында» санамен, қолданудағы реакциямен, дағдымен, яғни адамның өз тәжірибесімен байланысты. Осындай тұлғалық құрамдас бөліктерді және мотивацияны қамтитын құзырет категориясы Р.Уайттың «Motivation reconsidered: the concept of competence» еңбегінде көрініс табады. Дж. Равеннің 1984 жылы Лондонда жарық көрген «Жаңа қоғамдағы құзыреттілік» атты еңбегінде құзыреттілікке жан-жақты анықтама берілген. Бұл өзара тәуеліз әр түрлі компоненттерден тұратын құбылыс, ...кейбірі когнитивті ортаға қатысты, ал кейбірі эмоционалдық ортаға, ...бұл компоненттер ұтымды тіртіп қалыптастыруда бір-бірін алмастыра алады. Бұған қоса Дж.Равен «компонент түрлері» «мотивацияланған қабілет» деп көрсетеді. Берілген тізімде құзыреттілік түрлерін анықтау «дайын болу», «қабілет», «қатысым», «өзін-өзі бақылау» категорияларына сүйенеді.

ЮНЕСКО материалдары мен құжаттарында білім берудің күтілетін нәтижесі ретінде құзыреттің барлық ортасы қарастырылуы керек деп көрсетіледі. Жак Делор «Образование: сокрытое сокровище» атты ХХІ ғ. Білім беруге арналған дүниежүзілік комиссияның баяндамасында негізгі жаһандық құзыреттілікті анықтай отырып осы саладағы негізгі төрт бағанды анықтап берді:

- танып білуге;

- іске асыруға, үйрену;

- бірге өмір сүруге үйрену;

- өмір сүруге үйрену.

Еуропа кеңесінің 1996 жылы Бернедегі симпозиумында білім алушылар үшін нәтижелі жұмыс жасау, сонымен қатар ары қарайғы жоғары білім үшін қажетті негізгі құзыреттерді анықтау мәселесі қойылған болатын. В.Хутмахер өз баяндамасында атап айтқандай «құзырет» ұғымы білік, қабілет, шеберлік сияқты түсініктер қатарына енгенімен әлі толық анықталмаған, яғни бұл «білемін, қалай» емес «нені білемін дегеннен көрі, қалай істеуді білемін» ұғымына жақын атаайды. Н.Хомскийдің пікірін жалғастырып В.Хутмахер қолданыстың өзі әрекеттегі құзыреттілік деп көрсетеді. Басқаша айтқанда, құзыреттілік бағыт ең әуелі практикалық, іс жүзіндегі жағын көрсетеді. Бұнымен қоса құзыреттілік пен біліктлікті ажырата білу керек. Білік – бақылауға болатын арнайы жағдайдағы іс-әрекет. Құзыреттілікті дәстүрлі түсініктен ажырататын ұғымдар бұл – білім, білік, дағды және тәжірибе:

- оның интегративті жағы;

- тұлғаның құндылық-саналық ерекшелігімен байланыстылығы;

- тәжірибелік бағыты.

Құзыреттілік, осылайша, адамның біліктерін, әрекетін бақылау арқылы нақты жағдайдағы әрекетке, мүмкіндікке жалпы дайындық ретінде көрініс табады. «Құзыреттілік» түсінігі жеке тұлғалық қасиеттерді қамтиды (мотивация, сапалық, мотивациялық-ерік және т.б.), білім берудің қатысымдық және гумандық құнылықтарына орай кең көлемде анықталады. Құзыреттілік белгілі бір проблеманы шешуге қолайлы, оңтайлы әрекетті анықтау, білім мен жағдай арасындағы байланысты орнатады.

«Құзыреттілік ұғымы» - «Білім берудің жаһандық мазмұнының стратегиясын» құрастырушылардың айтуы бойынша өз ішіне тек когнитивті, операционалды-технологиялық қана емес, сонымен қатар мотивациялық, этикалық, әлеуметтік және тәрбиелік құрамдас бөліктерді қамтиды. Оған білім беру нәтижесі, білім және білік, құндылық бағытталған жүйесі, әдеттер және т.б. кіреді. Құзыреттілік құзыреттің шынайы көрініс табуы.

Құзіреттілік ерекшелігін талдау мамандарға құзыреттілік бағыт келесілерге мүмкіндік береді деп дәлелдейді:

1. Білімді қайталаудан, оны ұйымдастырып қолдануға көшу;

2. Жұмысқа орналасу мен орындалатын тапсырмалардың мүмкіндіктерін кеңейту үшін икемділікті жетілдіру стратегиясын негізге алу;

3. Білім беру нәтижесіне тәрбиеаралық-интегративтік талаптармен үйлесім табуы;

4. Жұмыс әлемінде мақсатты қолданыс жағдайымен тығыз байланыстыру;

5. Адам әрекетін шексіз кәсіби әртүрлілік пен өмірлік жағдаяттарға бағыттау.

Аталған қасиеттер құзыреттілік тұлғалық қасиеттер талпыну, сезіну, жауапкершілік, сенімділік, дайындық арқылы сипатталған «Сәтті шығармашылық жұмыс үшін өз әлеуетін шындыққа айналдыру қабілеті» ретінде анықталатынын көрсетеді. (Н.А.Гришанова).

Біріншіден, құзырет топтамасының пайда болуын анықтап, теориялық түрде негіздеу үшін, екіншіден, кейбір негізгі атауларды анықтау үшін, үшіншіден, оған кіретін құзыреттілік түрлері мен компоненттерін анықтау үшін ең алғаш рет И.А.Зимняя тәжірибе өткізген болатын. Осның барысында И.А.Зимняя үш топқа кіріктірілген құзыреттіліктің негізгі он түрін анықтап берді:

1. Құзыреттіліктің әрекет пен қатысым субъектісі, тұлға ретінде адамға қатысы:

- денсаулық сақтау құзыреті: салауатты өмір салтын білу және сақтау, темекі шегі, маскүнемділік, нашақорлық, ЖҚТБС қаупін білу, жеке бас гигиенасын сақтау, адамның дене шынықтыруы, өмір салтын таңдаудағы еркіндік жіне жауапкершілік.

- әлемде құндылық-мәнділік бағыттағы құзырет: өмір, тіршілік мәні, мәдениет, ғылым маңызы, өндіріс, өз мемлекетінің даму тарихы, діні.

- интеграциялық құзырет: білім құрылымы, білім шынайлығының жағдаяттық сәйкестілігі, қордаланған білім ауқымын кеңейту.

- азаматтық құзыреттілік: азамат құқықтары мен міндеттерін білу және сақтау, еркіндік пен жауапкершілік, өзіне сенімділік, азаматтық борыш, мемлекеттік нышандарды білу және құрметтеу.

- өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі кемелдеендіру, өзін-өзі бақылау, тұлғалық және пәндік рефлексиядағы құзіреттілік: тілдік даму, ана тілінің мәдениетін меңгеру, шетел тілін білу, кәсіби өсу.

2. Адам мен әлеуметтік орта арасындағы өзара байланыс құзыреті:

- әлеуметтік әрекеттестік құзыреті: қоғаммен, қауымдастықпен, ұжыммен, достармен, отбасымен, серіктестермен, дау-дамай және оларды шешу, серіктестік, толеранттылық, сыйлау және басқаны қабылдау, әлеуметтік икемділік.

- қатысым құзыреті: ауызекі, жазба, диалог, монолог, мәтінді қабылдау, дәстүр, ритуал, әдепті білу және сақтау, мәдениетаралық байланыс, іскерлік хат алмасу, іс жүргізу, бизнес тіл, шетел тілінде қатысым, коммуникативтік міндеттер, тыңдаушыға әсер ету деңгейі.

3. Адам әрекетіне қатысты құзыреті:

- танымдық әрекеттегі құзыреті: танымдық тапсырмаларды құру және орындау, стандартты емес шешімдер, проблемалық жағдайлар – оларды құру және шешу, продуктивтік және репродуктивтік таным, зерттеу, интеллектуалдық әрекет.

- әрекет құзыреті: ойын, оқу, еңбек, әрекет құралдары мен әдісі, жспарлау, жобалау, үлгілеу, әртүрлі іс-әрекет түрлерінде әрекет ете білу.

- ақпараттық технологиялардағы құзыреті: ақпарат қабылдау, өңдеу, тарату, БАҚ-тық, мультимедиялық технологиялар, компьютерлік сауаттылық, электронды Интернет – технологияны меңгеру.

Заманауи талаптарға сай білім берудің негізгі мақсаты өзін-өзі ұйымдастыру, өз құқын қорғау, серіктестікке дайын болу, қабілеттерді дамыту, өзгенің ойын сыйлау, диалог жүргізе білу, мәмілеге келе білу деп танып Еуропалық Кеңес негізгі құзіреттің бес тобын атап көрсетті:

1. Саяси және әлеуметтік құзіреттілік, өзіне жауапкершілік алу, бірігіп шешім қабылдауға қатысу, мәжбүрлеусіз дау-дамайды реттеу, демократиялық ұйымдарды құру мен дамытуға қатысу.

2. Мәдениетаралық құзырет, көпмәдениет ортасында өмір сүре білу қабілеті, нәсілшілдіктің пайда болуына, ксенофобияға, төзе алмаушылық климаттың таралуына бөгет болу үшін білім құрамына әр түрлілікті қабылдап түсіну, өзге мәдениет, тіл, дін адамдарымен тіл табыса білу, сыйлауды кірістіретін құзіреттілікті дамытуы керек.

3. Ақпараттық қоғамның пайда болуымен байланысты құзыреті: жаңа технологияларды меңгеру, оларды қолдану мүмкіндіктерін түсіну, БАҚ пен таратылатын ақпаратты қабылдай білу.

4. Ауызекі және жазба тіл қатысымын меңгеруді анықтайтын құзіреттілік, оның ішінде бірнеше тілді меңгеру, шетел тілін білмейтіндерді жұмыстан, қоғамның көп салаларынан шеттейтіндерін анық түсіну.

5. Өмір бойы оқуға қабілеттілік пен қалауды іске асыратын құзыреті: жеке және әлеуметтік өмірде кәсіби тұрғыда үздіксіз даярлық.

Құзырет бағыты заманауи маманның кәсіби дамуын бағалауда ең өнімді категория болып табылады, оның шеберлігін терең бағалауға көмектеседі.

Білім, білік, дағды, әдеттердің профессионалдық тәжірибесінде маманның профессионалдық құзіреттілігі интеграция эффекті болып табылады. Маманның құндылық-мәнділік ориентациясындағы құзіреттілік бағытта жасалатын акцент өз мамандығының әлеуметтік маңызын түсіну барысында оның потенциалын толық жүзеге асыруға көмектседі, ал оқушылар құзіреттілігін методикалық адекваттық бағалауды қолдану білім беруді жекелендіру, сәйкес оқу ортасын құру талаптары барысында өз потенциялын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Білім беруді дамыту бағдарламасында Еуропалық Біліктілік Стандарты (ЕБС) негізгі 8 білікті ұсынады:

- Ана тілін меңгіре білу (оны үйде, бос уақытта қолдана білу);

- Шетел тілін меңгеру (сөз әрекетінің төрт түрін әр тілде әртүрлі деңгейде меңгеру);

- Жаратылыстану және техника саласында базалық дағдыны, математикалық дағдыны қалыптастыру;

- Ақпараттық коммуникация саласындағы біліктер (ақпарат алу, сақтау, құрастыру, көрсету, жүктеу үшін мультимедия технологияларын қолдану, ақпарат алмасу);

- Үздіксіз білім алу (өз бетімен білім алу, уақытты тиімді пайдалану, білімін толықтырып, жаңарту, алған білімді жұмыста, үйде, білім беру мекемелерінде қолдана білу);

- Тұлғаралық қарым-қатынас және құқықтық біліктер(қоғам өміріндегі іс-шарараларға қатысу, әртүрлі деңгейдегі дау-дамайды шеше білу)

- Кәсіпкерлік қабілеттер – инновациялық үрдістерді құптау, оларға бейімделе білу, өз еңбегінің нәтижесіне жауапты болу (оң және теріс нәтижеге), стратегиялық ойлау қабілетін дамыту (мақсат қойып, оған жетуде табаңдылық таңыту);

- Мәдени құзырет – мәдениет үлгілерін әлеуметтік салт-сананы бағалау, әдебиет, өнер, музыка құңдылықтарын бағалай білу;

Құзыреттілік – «кәсіби шеберлік», «кәсіби тәжірибе» ұғымдарымен пара-пар.А.К.Маркова нормативтік және кәсіби шеберлік деп ажыратады. Бірінішісі мамандықтың адам тұлғасына қоятын талаптарын көрсетеді. Екіншісі - тұлғаның ішкі қасиеттері, олар нормативтік талаптарға сай болуы керек.

Кәсіби шеберліктің мотивациялық саласы:

- Кәсіби құңдылықтар, идеалдар ділі;

- Мамандықтың маңыздылығын түсіну;

- Кәсіби дүниетаным;

- Этикалық нормаларды меңгеру;

- Кәсіби мотивтер (өз әлеуетін толық пайдалану);

- Кәсіби мақсат;

- Сәттілік пен сәтсіздіктің себептерін анықтай білу;

- Жаңа мотив, мақсат қою, кәсіби өмірінің сценарийін құрастыру;

- Өзіндік ерекшелік, бағалау жүйесі, қарым-қатынасқа көзқарас;

- Кәсіби ұстаным - кәсіби өсу, біліктілігін көтеруге ниеті болуы;

- Кәсіби салада икемділік таныту;

- Кәсіби қарым-қатынасқа дайын болу;

- Өз еңбегіне көңілі толуы, мамандықтың талабына күш салу;

Кәсіби шеберліктің операционалды-техникалық саласына жатады:

- Кәсіби өзіндік сана;

- Еңбек туралы кәсіби және психологиялық білімнің болуы;

- Кәсіби білік, дағды технологиялары;

- Кәсіби білімді меңгеру, білімін ұштауға талпыныс білдіру;

- Кәсіби қабілеттер (жалпы және арнайы қабілеттер), кәсіби жарамдылық;

- Кәсіби ойлау қабілеті;

- Еңбектің нәтежелілігі және тиімділігі;

- Еңбек нәижесінің психологиялық бағасы;

- Еңбек ету қабілеті;

- Мамандықты белгілі бір санатқа жеткізу;

- Кәсіби өсудің әдіс-тәсілдерін меңгеру, оның нәтижесін көру;

- Кәсіби әрекетте өзіндік стильдің болуы, мамандық аясында қарым-қатынас жасай білу;

- Бірнеше іс-әрекет түрлерін меңгере білу, бірінен екіншісіне еркін ауыса білу;

- Жетіспейтін қабілеттерін, осал тұстарын жетілдіре білу;

- Тосын жағдаяттарда, өзгермелі жағдайдарда әрекет ете білу;

- Кәсіби әрекетің жаңа амалдарын меңгеру, шығармашылық инновациялық қабілеттердің болуы.

Ұсынылатын әдебиеттер:[5],[14],[15],[16],[17]

Наши рекомендации