Арапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың көңілін заттардың саны мен қоршаған орта құбылыстарына аударту негізінде математикалық ойлауын қалыптастыру.

Міндеттері:

- зейін, ес, түйсік, шығармашылық қабілеттерін, қиялын, ойлау вариативтілігі сияқты танымдық үдерістерін дамыту;

- танымдық қызығушылықтарын дамыту барысында белсенді оқу іс-әрекеттерін қалыптастыру;

- ақыл-ой әрекетінің (талдау, жинақтау, салыстыру, қорыту, топтастыру, үлгі жасау, құрастыру, байланыстың себеп-салдарын орнату) тәсілдерін үйрету;

- мектеп жасына дейінгі баланың сөздік қорына математикалық атауларды енгізу, сабақта алған білімдері мен іскерліктерін күнделікті өмірде қолдану;

- заттардың әр түрлі топтарын санау, оның саны мен сапасын анықтау дағдысын үйрету, олардың бір-бірімен арақатынасын анықтау;

- кеңістікті, уақытты қағаз бетінде бағдарлау дағдыларын дамыту;

- геометриялық пішіндер мен денелер, өлшемдер туралы түсініктерін қалыптастыру.

Мазмұны:

Көп. Санның белгілі бір заттың өлшемін көрсететін көрсеткіш екендігі жайлы түсінігін қалыптастыру.

Көп элемент бір заттан, сонымен қатар, тұтас топтан құралатыны туралы түсініктерін дамыту.

«Көп», «аз», «біреу» деген ұғымдармен таныстыру. «Бір» деген ұғымның бір ғана заттың санын ғана емес, сонымен қатар бүтін бір топтың жиынтығын да білдіретіндігін ұғындыру.

Көп заттың ішінен белгілі бір ерекшеліктеріне қарай заттарды іріктеп алып топтастыру қабілетін дамыту.

Көп және оның құрамы арасындағы қатынастарды орнату іскерліктерін жаттықтыру. Бүтін өзінің бөліктерінен үлкен екендігін, бірдей сандардың өзара бірыңғай сәйкес екендігі туралы түсінік беру.

Сан және санау. 10 саны көлеміндегі сан мен цифр туралы ұғымдарын қалыптастыру. Оларды танып және атау іскерліктеріне үйрету.

Көрнекі негізінде 10 санының пайда болуымен таныстыру.

10 көлеміндегі санды тура және кері санауға үйрету.

Сөздік қорына математикалық атауларды енгізіп, «Қанша?», «Қандай?», «Нешінші?» сұрақтарына дұрыс жауап беру іскерліктерін қалыптастыру.

10 көлеміндегі сандарды қасында тұрған сандармен салыстыруға, теңсіздіктен теңдік алуға (теңдіктен теңсіздік алуға), саны азға бір затты қосу, ал көп заттан бір затты шегеру арқылы («6 саны 7-ден кіші, егер 6-ға 1 затты қосса, онда екеуі тең болады», «7 саны 6-дан артық, егер 7-ден – затты шегерсе, онда екеуі тең болады») үйрету.

Қарапайым мысалдар мен тапсырмаларды орындауға жаттықтыру.

Теңдік туралы ұғымдарын қалыптастыру. Топтағы әр түрлі заттардың тең мөлшерін анықтау іскерліктеріне үйрету. Санау мен салыстыру арқылы санның мағынасын дұрыс қорыту («Мұнда барлық ойыншыққа теңдей алты сәбіз, алты қоян, алты тәрелке»).

Сан заттың көлеміне, ара қашықтығына, орналасу кеңістігіне және санау бағытына (оңнан солға, солдан оңға) байланысты емес екендігін түсіндіру.

Заттарды (алма, парақ қағаз, дөңгелек және т.б.) бірнеше бірдей бөлікке бөлуге болатыны туралы түсінік беру, бұл бөліктерді атап, бүтін мен бөліктерді салыстыруға үйрету. Бөліктен бүтін үлкен, ал бөлік бүтіннен кіші.

Қарапайым мысалдар мен тапсырмаларды орындауға жаттықтыру.

Көлем. Заттардың (5 және одан артық) ұзындығын, биіктігін, ені мен жуандығын белгілеу іскерлігіне үйрету. Заттарды көлеміне қарай өсу және кему ретімен орналастыру.

Заттардың көлемдерінің бір-бірінен айырмашылықтарын математикалық терминдерді қолдана отырып анықтап айту шеберлігін қалыптастыру. Мысалы, («Жасыл матрешка – ең биігі, қызыл – аласалау, сары одан аласа, бірақ көктен биігірек, ал қызғылт сары бәрінен де аласа және т.б.).

Шартты өлшемнің көмегімен екі заттың көлемін (ұзындығы, ені, биіктігі) салыстыруға үйрету.

Шартты өлшеммен өлшеуде заттың бөлігін бөліп көрсетуге үйрету, өлшенетін нысанда шартты өлшем қанша рет орналасатынын анықтау.

Шартты өлшеуіштің көмегімен заттың көлемін (ұзындығын, енін, биіктігін) салыстыру дағдыларын бекіту.

Арнайы ұйымдастырылған жағдайда заттардың ұзынырақ (қысқа), жоғары (төмен), кең (тар), қалың (жұқа) үлгісінде және оларға тең екендігін табу іскерлігіне үйрету. Баланың көзбен өлшеуін дамыту.

Геометриялық пішіндер. Геометриялық денелер – куб, шар туралы білімдерін кеңейту. Пирамида мен көпбұрыштарпен таныстыру.

Геометриялық пішіндер (дөңгелек, сопақша, үшбұрыш, шаршы, тіктөртбұрыш, төртбұрыш) мен денелерді (шар, куб, цилиндр, пирамида) дұрыс атап оларды бір-бірінен ажырату іскерліктеріне жаттықтыру.

Шаршы мен тіктөртбұрыш төртбұрыштың түріне жататындығы туралы түсіндіру.

Айналасына қарап геометриялық пішіндерді табу, олардың пішіндеріне талдау жасау іскерліктерін қалыптастыру. Геометриялық пішіндер мен денелерді атап, ажыратуға жаттықтыру.

Кеңістікті бағдарлау. Кеңістікті бағдарлау (оң жақта, сол жақта, жоғарыда, төменде, алдында, артында, алыс, жақын, арасында, қасында) туралы білімдерін бекіту.

Қағаз бетінде (ортасында, оң жақтағы жоғарғы бұрышта, сол жақтағы жоғарғы бұрышта, оң жақтағы төмен бұрыш, сол жақтағы төменгі бұрыш, төменде, жоғарыда, оң жақта, сол жақта) бағдарлай білу дағдыларын қалыптастыру.

Заттың қай жерде, қалай, өзіне немесе қай затқа жақын орналасқандығын ауызша жеткізе білу шеберлігін қалыптастыру.

Белгілі бір бағытта келе жатып, белгі бойынша бағытын өзгерте білуге жаттықтыру.

Уақытты бағдарлау. Уақытты бағдарлау (күн, таңертең, сәске түс, бесін, ақшам, ымырт, бүгін, кеше, ертең, бүрсігүні) туралы білімдерін бекіту.

Таңертең, күн, кеш, түн мезгілдері тәулікті құрайтыны туралы ұғымдарын қалыптастыру.

Кеше қай күн болғаны, бүгін қай күн екенін, ертең қай күн болатынын анықтап, бұрын не болғанын, одан кейін не болатыны, аптаның қай күні екені туралы түрлі жағдайларды ретімен орналастыра білуге үйрету.

Жыл 12 айдан тұратынын, оларды ретімен дұрыс айта білу шеберлігін қалыптастыру.

Заттың салмағын анықтау. Зат өлшемін анықтай білу сезімдерін дамыту («салмақ сезімі»).

Заттардың салмағын өлшеміне қарай тең және тең еместігін алақанына салып өлшеп, анықтауға үйрету.

Заттың салмағы оның көлеміне байланысты емес екендігін түсіндіру.

Заттарды салмағына қарай анықтай білу, оларды өлшемдеріне қарай орналастыру шеберлігін дамыту.

Заттың салмағын таразының көмегімен өлшеу дәлірек болатынын түсіндіру.

Дүкенде қолданылатын таразы туралы ұғымдарын қалыптастыру. Заттың салмағын өлшеуге қызықтыру.

Наши рекомендации