Лекция. Білім берудегі инновацялық үдерістер және мұғалімнің кәсіби іс-әрекетіндегі педагогикалық технологиялар

Жоспар:

1. “Технология” ұғымына түсінік

2. “Педагогикалық технология” ұғымы

3. Жаңа педагогикалық технологиялардың түрлері

4. Жаңа педагогикалық технологиялардың ерекшелігі

5. Дәстүрлі оқыту технологиялары

Негізгі ұғымдар: технология, инновация, педагогикалық технология, модульдік оқыту, дамыта оқыту, бағдарламалап оқыту, деңгейлеп оқыту.

Технология ұғымына түсінік.Бүгінгі педагогика ғылымында “технология” ұғымыкең таралған ұғымдардың бірі. “Технология” сөзі гректің “техне” - өнер, шеберлік және “логос” – ғылым деген сөздерінен құралып, шеберлік туралы ғылым деген мағынаны білдіреді. Шетел сөздерінің қысқаша сөздігінде және түсіндірме сөздікте: “Технология - өндірістік процесті жүргізудің әдістері мен тәсілдері жайлы білім жиынтығы”- немесе “Белгілі бір өндірістік процесті іске асырудың әдістері, материалдар мен бұйымдарды өңдеудің әдіс – тәсілдері туралы білімдер жиынтығы” деген анықтамалар берілген. Бұл жерде технология ұғымы өндіріспен тығыз байланыста қаралған. өндірісте объект пен оны жүзеге асырушы жақтың арасында үздіксіз байланыс бар. Мәселен, өнім сапасына деген алғашқы талаптар; шикізат; шикізат сапасын бақылау; аралық өнім; аралық өнім сапасын бақылау; дайын өнім; дайын өнім сапасына қойылатын талаптар, дайын өнім сапасын бақылау; процеске түзетулер енгізу немесе авариялық тоқтату. Сонымен бірге, бұл процеске материалдық, қаржылық, адам ресурстары, тасымалдау т.б. қосылады. Осылайша өнімді өндіру процесі алдын – ала белгіленген нәтижеге қол жеткізуге ықпал ететін әдіс – тәсілдер, құралдар, ғылыми зерттеулер жүйесімен қамтамасыз етілуі тиіс. өндірістегі сияқты білім беру мекемелері де қоғамдық тапсырысты орындауға атсалысады. Сондықтан бүгінгі таңда білім беру саласында да технология ұғымы қолданыла бастады

“Педагогикалық технология” ұғымы.ХХ ғасырдың екінші жартысында АҚШ

пен Батыс Европа елдерінде білім беру саласын қайта құру реформалары кеңінен жүргізілді. Аталған елдердегі оқыту процесінде техникалық құралдардың қолданыла бастауы “білім беру технологиясы” деп аталатын ұғымның пайда болуына ықпал етті. Бірақ, осы ұғымды түсіну мен қолдануда әртүрлілік басым болды. ХХ ғасырдың 50 – 60 – шы жылдары білім беру саласындағы түрлі зерттеулердің, ғалым – педагогтардың пікірлерінің нәтижесінде жоғарыдағы ұғымның орнына “Педагогикалық технология” термині қолданыла бастады. “Педагогикалық технология” ұғымына әртүрлі түсініктеме берілген. Мәселен: М.В.Кларин: “Педагогикалық технология – педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланылатын барлық инструменталдық және методологиялық құралдардың қолдану реті мен жиынтығының жүйесін білдіреді”- дейді. Ал, белгілі ғалым В.М. Монахов: “технология оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу, бірлескен педагогикалық әрекетті жобалаудың жан – жақты ойластырылған үлгісі”- деген тұжырым айтса, Б.П. Беспалько: “Педагогикалық технология – практикада іске асырылатын педагогикалық жүйенің жобасы” – деген қорытынды жасады. Г.Селевко: “Оқыту технологиясы – оқытудың тиімді жолдарын зерттейді. Оқыту процесінде қолданылатын әдістер, тәсілдер, қағидалар” сынды көзқарасты ұстанды. Қазақстандық ғалым – педагог М. М.Жанпейісова: “Педагогикалық технологиялар – бұл білімнің басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің, оқу – тәрбие процесін ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндеттерінің, мазмұнының, формалары мен әдістерінің күрделі әрі ашық жүйелері. Мұнда әр позиция басқаларына әсер етіп, соңында оқушының дамуына жағымды жағдай жасайды” – деп көрсеткен. Түрлі көзқарастар мен анықтамаларға қарамастан, педагогикалық технологияны сабақ беру және ұстаздың жоспарланған мақсаттары мен оқушылардың іс - әрекеттерінің жетістіктеріне жету процесі деп түсіндіруге болады.

Қандайда болмасын технологияның төмендегідей негізгі анықтаушы өлшемдері болуы тиіс:

· Концептуалдылық - әрбір педагогикалық технология оқу мақсаттарына жетудің

философиялық, психологиялық, дидактикалық және әлеуметтік – педагогикалық негіздері белгіленген нақты ғылыми концепцияға сүйенуі қажет.

· Жүйелілік – педагогикалық технология әрбір бөлігі өзара тығыз байланыста

болатын тұтас құрылымымен қамтамасыз етілуі тиіс.

· Тиімділік – педагогикалық технологиялар нәтижелілігі жағынан да, кететін

шығындар жағынан да тиімді болып, белгілі бір оқу стандартына жетуге кепілдік бере алуы қажет. Сондай – ақ технология басқарылуы және қайта қалпына келтірілуі тиіс, яғни басқа мекемеде жүргізуге мүмкіндік беретін болуы керек.

Жаңа педагогикалық технологиялардың түрлері. Еліміздің білім беру саласында жақсы нәтижелерімен белгілі бола бастаған жаңа педагогикалық технологиялар іші-нде төмендегілерін атап айтуға болады :

· Дамыта оқыту ;

· Деңгейлеп – саралап оқыту;

· Модульдік оқыту ;

· Проблемалық оқыту:

· Оқу мен Жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту ; т.б.

Сонымен бірге, кеңестік кезеңнің көрнекті педагогтарының бірі - Ш.А.Амоношвилидің – бастауыш сынып оқушыларымен жүргізген тәжірибесін айту керек. Ш.А.Амонашвили өзінің эксперименталдық мектебінде ынтымақтастық педагогикасын жеке тұлғаның бабын табу, тіл мен математиканы оқытудың бірретілік әдістемесін жүзеге асырудың жолдарын қарастырды.

Дамыта оқыту – күрделі құрылымды, біртұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушының өзін - өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдайлар жасалады. Әлемдік педагогиканың көбінесе жүгінетіні Л.С.Выготскийдің идеяларына негізделген В.В.Давыдов пен Д.В.Эльконин және Л.В.Занковтың дамыта оқыту жүйелері.

Модульдік оқыту технологиясының мақсаты – оқушының өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігін дамыту, оқу материалын өңдеудің жекелеген тәсілдері арқылы жұмыс істей білуге үйрету. Модульдік оқыту технологиясы – толық меңгеру әдістемесінің негізгі қағидаларын ұстанады. “Толық меңгеру” әдістемесінің негізгі идеяларын 1960 жылдары американ психологтары Д.Кэролл мен Б.Блум ұсынған.Олардың пайымдауынша бала қабілеті қолайлы жағдай жасаған кезде оның оқу темпімен анықталады.

Сондықтан модульдік оқыту технологиясы дегеніміз - әртүрлі мазмұнды, барлық құрылымы бірдей жекелеген блоктардан тұратын оқу процесі. Модульдік оқыту технологиясы 3 бөлімнен тұрады

1. Кіріспе;

2. Диалогиялық сұқбат;

3. Қорытынды.

Оқу мен Жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы өзінің философиясы тұрғысынан гуманистік педагогиканың идеяларын енгізген әдіс – тәсілдер жиынтығы болып табылады. Яғни :

· Балаға ізгілік тұрғысынан қарау;

· Мұғалімнің басымдылық көрсетпеуі;

· Оқыту мен тәрбиенің бірлігі;

· Мұғалім де оқушыда субъект т.б.

“СТОД”- оқу материалын терең білуін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың бойында ізгілік, парасаттылық т.б. сияқты адамгершілік қасиеттердің қалыптасып, дамуына ықпал етеді.

· әрбір оқушының, ең алдымен адам ретінде дамуына ықпал етеді;

· қарым – қатынаста демократиялық стильге үйретеді;

· оқушының күші мен мүмкіндігіне сенуге жағдай туғызады.

· бұл технология оқушыларды өз бетінше ізденуге, білімді тиянақты меңгеруге үйретеді;

· оқушыларды бірлесіп жұмыс жасауға, сол арқылы ұжымдық қарым- қатынасты жақсартуға көмектеседі ;

· ақпараттарды іріктей білуге, оның құндылығын дәлелдей білуге үйретеді;

· мәдени, ізгі қарым – қатынаста болуға баулиды;

Жаңа педагогикалық технологиялардың ерекшелігі.Оқу процесіне енгізілетін

технология белгіленген мақсатқа жетуге кепілдік беруі тиіс, бұл бірінші ерекшелік. Екінші ерекшелік – мұғалім мен оқушының өзара қарым – қатынастары реттелген.Дәстүрлі Оқыту технологиялары.Дәстүрлі оқыту технологияларының концептуалдық негізін көрнекті педагог Я.А.Коменский жасаған, яғни төмендегідей принциптерге сүйенуі тиіс болды: ғылымилық, бірізділік, жүйелілік, беріктілік, белсенділіктегі сапалылық, көрнекілік теорияның практикамен байланыстылығы , жас аралық пен өзіндік ерекшеліктерді ескеру.

Оқыту дегеніміз ересек үлкен ұрпақтардан емес өсіп келе жатқан ұрпақтарға білім, білік және дағдыларды,әлеуметтік тәжірибені алып беруін айтамыз. Бұл тұтас процестің құрамына мақсат, мазмұн, әдістер мен құралдар кіреді.

Оқытудың мақсаттары бірқатар жағдайларға байланысты тиісті бір құрамдас бөліктен кіргізетін ойнақы өзгерткіш категория болады. Мақсаттың ерекшелігіне сай дәстүрлі оқыту дегеніміз тұлғаны белгіленген қасиеттермен , тәрбиелеу болып табылады. Мақсаттың мазмұнына байланысты дәстүрлі оқыту тұлғаны дамытуға емес көбіне білім , білік және дағдыларды меңгеруге бағытталған. Білім берудің дәстүрлі жалпы мектептік мазмұны бұрынғы кеңес үкіметі жылдарында қалыптасқан, ол елді индустриализациялау міндеттерімен дамыған капиталистік елдердің техникалық деңгейіне қиыншылықпен,жалпы ғылыми - техникалық прогрестік ролімен және технократиялылығымен анықталады.

Дәстүрлі технология ең алдымен авторитарлық педагогиканың талаптарына оқушының ішкі өмірімен өте нашар байланысты ілім болып табылады, ол әртүрлі сауалдар мен мұқтаждықтардан тұрады,онда тұлғаның өзіне тән қабілеттерін көрсету үшін жағдайларымен творчестволық көріністері болмайды. Оқыту процесінің авторитарлығы іс - әрекетті регламентациялаудан көрінеді; оқытуды атқару тәртібінің ықтиярсыз істелінетіндігі; бақылауды бір орталықтандыру. Онда оқушы әлі толықанды тұлға емес, рухсыз “винт” ретінде көрінеді. Ал мұғалімнің позициясы – бұйыру, тек қана өзі басқару т.б.

Білімді меңгеру әдістері дайын білімдерді хабарлауға негізделеді, яғни оқыту белгілі бір үлгілермен, индуктивтік логикамен жеке даралықтан жалпылыққа механикалық есте сақтауға, мазмұнын айтып беру, еске түсіру, елестетуге ғана бағытталған.

Наши рекомендации