Тақырып: Қазақ тілін оқытудың формалары мен түрлері
Сабақ – оқу ісін ұйымдастырудың негізгі түрі болып табылады. Мектеп оқушыларына білім мен дағды беруде қазақ тілінен өтілетін сабақтардың мәні орасан. Мұғалімнің жүргізетін жұмыстары сабақ арқылы іске асады. Сабақта оқушыға тілдік білім беріледі. Сабақтағы негізгі тұлғалар – мұғалім мен оқушы. Сабақтың нәтижелі болуы осы екі тұлғаның іс-әрекетіне, ынтасы мен жігеріне, белсенділігіне байланысты. Қазақ тілінен өтілетін сабақтың өзіндік белгілерін білудің мәні зор. Сабақтың негізгі белгілері мыналар:
1) Сыныпта дайындық дәрежесі бірдей тұрақты оқушылар құрамының болуы;
2) Белгілі бір сабақ кестесінің болуы;
3) Сабақтың белгілі бір орында (сынып кабинетте) жүргізілуі;
4) Сабақ жоспары негізінде білім мен дағдының берілуі;
5) Сабақта білім беру әдісінің жан-жақты қолданылуы;
6) Барлық және жеке сынып оқушыларымен жұмыстардың жүргізілуі.
Жалпы сабақты тиімді ұйымдастыру үшін оған қойылатын талаптарды білген жөн. Кез келген сабақты ұйымдастыру үшін, мұғалім оның мақсатын анықтайды. Ал сабақтың мақсаты орындалу үшін, қажетті құралдарды қолдану жүйесі күні бұрын ойластырылады. Сабақты ұйымдастыру үшін, мұғалім дидактикалық материалдарды, құрал-жабдықтарды іріктеп, кабинетті жұмысқа дайындайды. Жалпы сабаққа қойылатын талаптарды құрылысына қарай іріктеп, сұрыптаймыз.
1. Сабақтың құрылысына қойылатын талаптар:
1) Сабақтың тақырыбы бойынша оның білімділік, дидактикалық, тәрбиелік мақсатын анықтау;
2) Сабақтың түрін анықтау;
3) Жаңа материалды өткен материалмен байланыстыру;
4) Оқушының білімін бекіту, қайталау, бақылау жүйелерін ойластыру;
5) Үй тапсырмасының көлемін, түсініктілігін, балалардың мүмкіндіктерін қадағалау.
2. Сабаққа дайындалу және оны ұйымдастыруға қойылатын талаптар:
1) Сабақтың материалы оқушының денсаулығына зиян келтірмейтіндей көлемде белгіленуі қажет;
2) Әр сабаққа дайындықты берілген тақырып бойынша жоспарлаудан бастау қажет;
3) Әр сабаққа демонстрациялыық, дидактикалық материалдарды, техникалық құралдарды дайындау.
3. Сабақ мазмұнына және оқу процесіне қойылатын талаптар:
1) Сабақтың тәрбиелік мәні болу керек;
2) Сабақтың мазмұны оқушы өмірімен байланысты болған жөн;
3) Әр сабақта оқушы шығармашылық ізденісте болу қажет.
4. Сабақты өткізу әдісіне қойылатын талаптар:
1) Сабақ көңілді, тартымды өтуі керек;
2) Сабақтың ырғағы мен қарқыны тиісті дәрежеде болу керек (ол тездік пен сабырлылықты көтермейді).
3) Мұғалім мен оқушының арасындағы өзара түсінушілік педагогикалық такт сақталған жөн.
4) Сабақты әр түрлі оқу әдістерін түрлендіріп өткізу керек.
Қазақ тілі сабағының құрылысы. Қазақ тілінен өтілетін сабақтың негізгі топтары – сабақ құрылымдары элементтерінің жиынтығы. Сабақтың бұл құрылымы әр түрлі методикалық жүйе бойынша іске асырылады. Сабақтың құрылымдық элементтері тәлім-тәрбие беру мақсатына, материалдың өтілу тәртібіне, өзіндік белгілерінің санына, оқушының дайындық дәрежесіне қарай ауысып атырады. Мәселен, жаңа өтілетін материалдың өзіндік белгілері көп болған кезде, мұғалім материалдың өзіндік белгілерін, олардың айырмашылықтарын, анықтамалары мен ережелерін түсіндіруден бастап тәжірибелік дағдыларды өз бетінше іздендіріп, орындауға жұмылдырады. Сондай-ақ өткенді еске түсіру, үй тапсырмасын беру және тексеру, өйткені сұрау және бекіту сияқты сабақ құрылымдары әр сабақта кездесіп отырады. Сонымен бірге мұғалім әр сабақтың құрылымдық элементтерін түрлі бағытта іске асырады.
Қазірде өткізілетін қазақ тілі сабағының құрылысы төмендегідей:
Сабақтың тақырыбы. Сабақтың тақырыбы күнделікті жоспар бойынша анықталады.
Сабақтың мақсаты. Сабақтың мақсаты үш бөліктен тұрады. Ол білімділік, тәрбиелік, дидактикалық.
Білім беру әдісі. Сабақтың тақырыбына сәйкес қолданылатын әдіс-тәсілдер анықталады.
Сабақтың түрі. Сабақтың құрылысына, тақырыбына сәйкес сабақтың түрі анықталады. Ол жаңа сабақ, қайталау не бекіту т.б. болуы мүмкін.
Сабақта қолданылатын принцип. Негізінен сабақтың түріне сәйкес қолданылатын дидактикалық принциптер анықталады.
Сабақ көрнекілігі. Тақырыптың өзіндік ерекшелігіне сәйкес техникалық көрнекіліктер мен схема тірек, кестелер жинақталып, оның түрлері беріледі.
Келесі кезең сабақтың барысы. Ол бірнеше элементтерден құралады.
1. Сабақтың ұйымдастыру кезеңі. Бұл кезеңге сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, айдың нешесі, жұманың қай күні екенін тақтаға жазу, кезекшімен әңгіме, оқушы назарын сабаққа ұйымдастыру жатады. Бұған 2-3 минөт уақыт беріледі.
2. Үй тапсырмасын тексеру. Үй тапсырмасы әр сабаққа қажетті элемент. Бұл берілген сабақтың жалғасы – келесі сабақтың басы. Үй тапсырмасы түсінікті анық болу керек. Бұл кезеңде үй жұмысын, үйге берілген тапсырманы үнемі тексеріп отыру оқушының орындалуына әсер етеді. Оқушы үй тапсырмасының үнемі тексерілетінін, оған баға қойылатынын білу керек. Бұған 5-7 минөт уақыт беріледі.
3. Жаңа сабақты түсіндіру. Бұл кезеңде оқушыларға жаңа теориялық білім беріледі. Мұның өзі үш кезеңнен тұрады: 1) жаңа сабаққа кіріспе 2) жаңа сабақты түсіндіру 3) жаңа сабақты бекіту. Оқушы білімі әр сабақ сайын толығып отыруға тиісті. Бұған берілетін уақыт мөлшері 17-20 минөт.
4. Дағдыландыру жұмысы. Мұны кейде жаттығулармен жұмыс деп те атаймыз. Бұл кезеңде жаңа тақырыпқа байланысты жүргізілетін жұмыстар жатады. Тақырыпқа сәйкес бестен артық жаттығу жұмыстарының түрлері орындалады. Берілетін уақыт мөлшері – 10-13 минөт.
5. Сабақты қорытындылау. Жаңа материалды бекіту жұмысымен бірге оқушының жаңа материалды меңгергені анықталады. Жаңа сабақты қорыту оны бастан аяқ қайталау емес. Қорытындылауда жаңа сабақтың түйіні ғана айтылады. Уақыт мөлшері 3-4 минөт.
6. Үй тапсырмасын беру. Үй тапсырмасын беру қазақ тілін оқыту процесіндегі ең басты, әрі қажетті сабақтың құрылымдық элементтерінің бірі. Қазақ тілі бойынша теориялық білімді жете меңгермеуі, көбінесе, осы үй еңбегін дұрыс ұйымдастырмаудың нәтижесінде пайда болады. Үй тапсырмасы сынып жұмысына байланысты түрде іске асырылады. Үй тапсырмасының көлемі оқушыларға оншалық қиындық тудырмайтындай дәрежеде және өткен тақырыпқа сай болуы қажет. Мұғалім үй тапсырмасын оқушыға түсіндіріп, қалай орындауға бағыт береді, оқушыға қойылатын талапты түсіндіреді. Уақыт мөлшері 2-3 минөт.
7. Оқушылар еңбегін бағалау. Сабақта оқушылардың белсенділігіне байланысты әр оқушы еңбегіне қарай бағаланады. Уақыт мөлшері 1-2 минөт.