Сарапшылардың қолданатын ғылыми-техникалық құралдары
Криминалистикалық техника криминалистиканың бір бөлімі ретінде қылмыстық іздерді табу, бекіту, алу, жинауға қолданылатын және тергеліп отырған оқиға мәліметтерін қалпына келтіріп қайта өңдеуге бейімделген ғылыми-техникалық құралдар мен әдістерді теориялық ережелер және қағидалар тұрғысынан өңдеп жетілдіру, сондай-ақ қылмыстарды алдын алу әдістері мен техникалық құралдардың жүйесі болып табылады.
Криминалистикалық техника – криминалистикадағы алғашқы пайда болған түсінік, оның құрылу кезіндегі негізгі ғылым.
Криминалистикалық техника термині, біріншіден – криминалистика ғылымының бір бөлімін, ал екіншіден – техникалық құралдардың жиынтығын білдіреді, яғни құрылғылар, аппараттар, құралдар, сот өндірісіндегі дәлелдемелерді зерттеу мен жинауға қажетті басқа да құралдар.
Криминалистикалық техниканың негізгі міндетіне – қылмыскерлердің жеке басы туралы, оның қолданған қаруы, оларды қолдану және жасалған қылмыстың өзге де жағдайлары жөнінде мәліметтерді алу мақсатымен қылмыстың материалдық іздерін табу, бекіту, алу және зерттеу жатады.
Криминалистикалық техниканың қарастыратын мәселелерінің көптігіне байланысты оларды бірнеше топтарға жіктеуге болады.
Криминалистикалық техника теориялық жағынан криминалистиканың бір бөлімі ретінде келесі мәселелерді øåøåäi:
- жалпы жасалған қылмыстық іске қатысты қандай нысандар, қандай іздер қалдырылады және олардың қандай қасиеттері, сипаттары бар;
- криминалистикалық техниканы дамыту.
Сонымен қатар, тәжірибелік маңызына қарай арнайы мәселелері қарастырылады:
- қылмыстың ізін қалай және қандай техникалық құралдардың көмегімен табуға болатындығы;
- олар дәлел болуы үшін, оларды қалай және қандай техникалық құралдармен тауып, бекітуге болатындығы;
- бұл дәлелдерді, қалай және қандай техникалық құралдардың көмегімен алуға болатындығы. Мысалы, қылмыс ісіндегі саусақтың қалдырған ізін криминалистер XX-ғасырда ұнтақтың көмегімен табуға болатынын, оны дактопленкаға бекітіп, бирка жасап, сол пленканы алуға болатынын анықтаған;
- бұл дәлелдемелер қалай және қандай тәсілмен зерттелетіндігін қарастырады, бірақ көбінесе бұл мәселені экспертология шешеді;
- қылмыс ісі жайлы, қолданылған қару жайлы, қылмыскерлер жайлы, қалдырылған іздері жайлы және т.б. мәселелер жайлы мәліметтерді қалай және қандай тәсілдер арқылы жинауға болатындығы;
- қандай техникалық құралдар қылмыс жасауға кедергі жасай алатындығы.
Аталған мәселелер арнайы болып табылады, ал осылардың әрқайсысында нақты мәселелер бар және әлі де бола береді.
Яғни бұл нақты мәселелер нысанның түрлеріне, қылмыс іздеріне байланысты болады – атылатын немесе суық қару, қолдың немесе автокөліктің іздері және т.с.с.
Табылған іздер бойынша объектілердің ішінен қажетті жекеленген іздерді немесе оларға қатысты объектілердің түрін, тегін анықтау мәселелері туындайды. Іздерді қалдырған деп табылған объектілерді анықтау мәселелері идентификацияның көмегімен шешіледі.
Криминалистикалық техника идентификациямен тығыз байланысатын басқа да идентификациялық емес (диагностикалық, классификациялық, ситуациялық) мәселелерді шешеді. Олардың қатарына іздердің пайда болу механизмін анықтау жатады. Бұзу іздері арқылы іздердің пайда болу механизмі, құралдардың қозғалыс бағыты, бөгет пен қарым-қатынасқа түсу бұрышы, басу күші және т.б. анықталады.
Кей жағдайларда іздің пайда болу механизмі туралы мәселе тергеу барысында өзіндік мағынаға ие болады. Әсіресе, іздің пайда болу жағдайлары: із қалдырушы объектінің әсер ету бағыты, күші, ара-қашықтығы, жылдамдығы, іздердің пайда болу уақыты мен кезектілігі (мысалы: ату ара қашықтығы мен бағыты, жәбірленушіге жарақат салудың кезектілігі, көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығы мен бағыты). Сонымен қатар, із қалдырушыларды зерттеу механизмі кейде іздің қалыптасуына әсер ететін тікелей себепті әрекетті анықтау мәселелерін де қарастырады, мысалы: әйнектегі ойық тас лақтырудан ба, әлде оқтан пайда болды ма; киімдегі зақым жыртылудан, әлде кесуден пайда болды ма; аңшы қару оқпанының жарылуы себебі неде және т.б.
Жоғарыда көрсетілген криминалистикалық техниканың қарастыратын негізгі мәселелерін келесідей бөліп көрсетуге болады:
1. Идентификациялық:
а) жеке тепе-теңдігін анықтау (идентификация);
ә) объектілердің қай топқа жататындығын анықтау.
2. Идентификациялық емес:
а) қылмыстың материалдық іздерін анықтау, бекіту және алу;
ә) іздердің пайда болуына әкеп соққан әрекеттердің жағдайын, механизмін, себептерін анықтау және т.б.
Криминалистикалық техниканың ерекшелік сипаты – оның заңға сәйкес қолдануы болып табылады.
Криминалистикалық техника заңда көрсетілген тергеу әрекеттерінде қолданылады. Олар Қылмыстық іс жүргізу кодексінде қарастырылған – қарау, тінту және басқа да тергеу әрекеттерін жүргізу (фотосуретке түсіру, өлшеу, үлгі алу, қалып жасау және т.б.) кезінде қолданылады.
Тергеу әрекеті барысында қолданылған криминалистикалық техника ол міндетті түрде хаттамаларында бекітілуі қажет. Қарау хаттамасында қандай объект фотосуретке түсірілгендігі, ол қандай нүктеден және қандай әдіспен түсірілгендігі нақты көрсетілуі тиіс.
Егер криминалистикалық техниканы тергеу әрекеттерін жүргізу барысында заңмен белгіленген тәртіп ережелерін сақтамай қолданылған жағдайларда, оның нәтижелері дәлелдемелік күшін жоғалтады.
Криминалистикалық техниканың әдістері қылмыстық процесс шегінен тыс, басқа да, атап айтқанда – анықтама органының жедел-іздестіру қызметі кезінде, сондай-ақ, қылмысты алдын алу шараларын жүргізуде де қолданылады.
Криминалистикада ғылым мен техниканың жетістіктері кеңінен қолданылуы криминалистикалық техниканың дамуына әкеліп, қазіргі кезде келесідей негізгі салалары қалыптасқан:
· криминалистикалық техниканың жалпы ережелері;
· криминалистикалық фотография, дыбыс және бейнежазба;
· трасология (іздер жөніндегі ілім);
· криминалистикалық баллистика;
· криминалистикалық қолжазбатану және автортану;
· құжаттарды техника-криминалистикалық зерттеу;
· суық қаруды криминалистикалық зерттеу;
· криминалистикалық жарылыстану;
· заттар мен материалдарды криминалистикалық зерттеу;
· одорология;
· фоноскопия;
· адамдарды сыртқы бейне белгілері бойынша теңдестіру;
· криминалистикалық тіркеу және есепке алу.
Криминалистикалық техника әдістерімен зерттелетін: іздер, атыс қарулары, құжаттар және басқа да заттай дәлелдемелер – жоғарыда аталған сала тізімдері криминалистикалық техниканың жүйесі негізінде қағидалардан тұрады.
Криминалистикалық техниканы әдіс бойынша жүйелендіру мен мамандандыру, оны кеңінен өңдеп жетілдіруді қажет етеді.
Криминалистикалық техниканы тағайындау әдістерін келесідей топтарға бөліп көрсетуге болады:
1. Заттай дәлелдемелерді табу, бекіту және алудың әдістері мен тәсілдері. Бұл әдістемелердің тобы дәлелдемелерді жинауға бағытталған тергеу әрекеттерін жүргізуде үлкен мағынаға ие болады, мысалы: қылмыс болған жерден қолдың, аяқтың, көлік құралының, атыс құралының іздерін, өзге де объектілер мен жерлерден микроіздер және бөлшектерді табу мен алу тәсілдері.
2. Заттай дәлелдемелерді зерттеу әдістері мен тәсілдері. Бұл әдістер тобын тергеуші мен маман тергеу әрекетін жүргізу барысында қолданулары мүмкін, бірақ негізінен криминалистикклық сараптама жүргізу кезінде заттай дәлелдемелерді лабораториялық зерттеу үшін арналған. Олардың қатарына адамдарды, жануарларды, бұзу құралдарын, ату қаруын, заттардың шығу тегін және т.б. идентификациялау әдісі жатады.
Криминалистикалық техниканың әдістері, олардың табиғи негізінде жатқан құбылыстар мен қай ғылыми топқа жататындығы бойынша жүйеленеді. Атап айтқанда: а) физикалық; ә) химиялық; б) физика-химиялық; в) ботаникалық; г) физиологиялық; д) математикалық; е) логикалық; ж) биологиялық.
3.2. Тергеуші мен криминалист-маманның қолданатын ғылыми-техникалық құралдары
Қылмысты ашу мен қылмыскерді әшкерелеуде тергеушінің криминалистикалық техника құралдарын шебер қолдануы үлкен рөл атқарады.
Оқиға болған жерді қарау және өзге де тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде әртүрлі құрал-саймандарды, жабдықтарды, құрылғыларды, материалдарды жинақы түрде қолдану олардың тиімділігін көрсетеді. Сондықтан да осы құралдардың жиынтығы тергеу және жедел чемодандары, сөмке және портфельдер түрінде қалыптасып пайда болды. Оларға қойылған ең алғаш талаптың біріне – салмағы жағынан жеңіл және көлемі жағынан шағын болуы еді. Ішіне тек қана тергеу әрекетін жүргізуге қажетті құрал-саймандар кірді: іздермен жұмыс жасауда қолданылатын құралдар, фотосуретке түсіру жабдықтары, жоспар мен схемаларды сызуда қолданылатын құрал-саймандар және т.б.
Дәлелдемелерді жинау процесіне оларды бекіту, алу және анықтау кіреді. Іздер мен басқа да объектілерді анықтау үшін қолданылатын криминалистикалық техниканың әдістері мен тәсілдері әртүрлі болады.
Тергеуші мен маман-криминалистің қолданатын техникалық құралдарын келесідей топтарға бөлуге болады: 1.жарықтанғыш; 2.өлшегіш; 3.іздейтін; 4.бекіту және алу; 5.буып-түю құралдары.
Жарық түсіру тәсілдері бұл моно және полихроматикалық жарықты түсіруге бағытталған жалпы жағдай туғызатын әртүрлі құралдар. Жарықтың қайнар көзі ретінде қосымша сурет жарықтары, тұрмыстық фонарлар, фотовспышкалар және басқа да жарық түсіретін аппараттар қолданылады. Арнайы қайнар көздеріне нашар немесе мүлдем көрінбейтін адам денесінен бөлінетін қан, сперма, сілекей немесе кейбір химиялық заттарды (мұнай, кілей және т.б.) анықтайтын ультракүлгін жарықтар кіреді. Ультракүлгін сәулесі әсерінен кейбір объектілер анық көрінеді. Инфрақызыл сәуленің қайнар көзі болып электронды-оптикалық анықтағыш табылады (ЭОП). Бұл арқылы сырдың бояуларын, металдың, атылған оқтың үгінділері анықталады.
Өлшеу құралдарына: масштабты өлшегіштер, рулеткалар, транспортир, өлшегіш-циркуль, штангенциркуль, компасты планшет және зерттелетін объектінің ерекшелігіне байланысты өзге де өлшеу құралдары қолданылуы мүмкін, мысалы: Гейгер-есептегіші, вольтметр.
Іздейтін құралдарға: қуыс бұрғылардың түрлері (щуп) және қондырғылары, әртүрлі үлкейткіш шынылар, дактилоскопиялық ұнтақтардың жиынтығы, дактилоскопиялық және магнитті кистілер. Металдық объектілерді іздеген кезде әскери бейнедегі индукциондық металл іздегіштер және криминалистикалық мақсатқа арнайы дайындалған магниттік металл көтергіштер қолданылады. Олардың кемшілігі қара және түрлі-түсті металдарды ажырата алмауында.
Биологиялық табиғи объектілерді анықтау үшін (қан, сперма, сілекей және т.б.) жарық түсіргіш құралдар, ультракүлгін сәулелі қосымша көздер және химиялық реактивтер қолданылады.
Криминалистикалық бекітудің мақсаты – мүмкіндігінше нақты объектіні бекіту, фактіні, оқиғаны, қылмыстың материалдық ізін және басқа да қылмыстық іс бойынша қажетті ақиқатты анықтау үшін бекіту.
Бекітудің әртүрлі тәсілдері қолданылады:
· вербальдық – хаттамаланған, дыбыс жазбалары;
· графикалық – графикалық бейне (схемалық және масштабтық жоспар, схемалар, соның ішінде суретті салу);
· пәндік – сол пәннен алынған, материалдық модельден жасалған (қайта құрастырылғандар, соның ішінде макеттелген, көшірілген қалыптар);
· қаралатын-бейнелік – суреттер; фототүсірулер, бейнежазбалары.
Бекіту объектіні, сондай-ақ оның белгілі бір қасиеттерін, белгілерін, құрамын сақтау үшін бағытталуы мүмкін. Арнайы ортада құрылған заттай объектіні сақтау – бекіту арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, құжат екі шынының арасына қойып сақталады, ал аяқ киімнің ізі – арнайы ұнтақпен өңделіп, арнайы ортаға мұздатқыш камераны жатқызамыз. Саусақтың іздері ұнтақтың көмегі арқылы алынып, арнайы дактилоскопиялық пленкаға түсіріледі.
Алу мен бекітудің уақыттары бірдей келуі мүмкін. Ұнтақтың көмегімен дактилоскопиялық пленкаға алынған саусақтың ізі, бір уақытта пленкаға бекітіледі.
3.3. Сарапшылардың қолданатын ғылыми-техникалық құралдары
Сараптамалық тәжірибеде әртүрлі әдістер қолданылады. Әдістердің қандай қасиеттерді зерттеуіне байланысты оларды бірнеше топқа бөлеміз: 1.объектінің морфологиясын зерттейтін әдістер мен ғылыми-техникалық құралдар; 2.объектінің физика-химиялық қасиетін зерттейтін әдістер мен ғылыми-техникалық құралдар; 3.объектінің жекелеген қасиеттерін зерттейтін әдістер мен ғылыми-техникалық құралдар; 4.ақпаратты өңдейтін әдістер мен ғылыми-техникалық құралдар.
Бірінші топтағы әдістерге, негізінен, жарықтық және электронды микроскопия, сонымен қатар, интроскопия және профилография әдістері кіреді.
Сараптамалық тәжірибеде кең түрде тараған әдістерге жарықтық микроскопия әдісі жатады. Барлық сараптамалық мекемелерде бинокулярлы стереоскопиялық микроскоп МБС-2, әртүрлі модификациялы биологиялық микроскоптар, салыстырмалы микроскоптар және металографиялық микроскоптар бар. Заттай дәлелдемелердің көптеген түрлерінің морфологиясын зерттеуде стереоскопиялық микроскоп универсалды құралға жатады. Ал, биологиялық микроскоптың көмегімен, негізінен, талшықтардың, топырақ жердің, өсімдік объектілерінің, есірткі және психотропты заттардың бөлшектері зерттелінді. Салыстырмалы микроскопта көбінесе сот баллистикасының (оқтар, гильзалар), кейде трасологияның объектілері зерттеледі. Металдар мен қорытпалардың (сплав) беткі қабатының құрылымын зерттеуде металлографиялық микроскоптар қолданылады. XX-ғасырдың аяғында сараптамалық мекемелерде электронды микроскопияның әдістері қолданыла бастады. Электронды микроскопияның көмегімен көзге көрінбейтін объектілердің – талшықтар, қан, шаш, металл, қорытпалар және басқа да заттардың морфологиясын зерттеу мүмкін болды.
Интроскопияның әдістері, негізінен, кедендік бақылауда қолданылады, оны сараптамалық тәжірибеде де пайдалануға болады.
Профилография әдістері арқылы – щуптық және оптикалық профилографтың көмегімен объектінің беткі қабат бедерінің сандық сипаттамасын алуға болады.
Сараптамалық тәжірибеде қолданылатын екінші топтағы әдістер көп және әртүрлі болып келеді. Бұл әдістер арқылы заттардың элементтік құрамын, оларда химиялық қосындылардың бар-жоғын, объектінің фракциондық құрамын және физика-химиялық қасиеттерін анықтай аламыз. Бұл эмиссионды спектралдық, микроспектралдық рентгеноспектрлік, нейтронды-активациялық талдаудың, ядерлі-магниттік (ЯМР) және парамагниттік резонанстың (ПМР), инфрақызыл спектрометрияның, абсорбциялы спектроскопияның, жұқа қабатты хроматографияның, газды пиролитикалық хроматографияның, газдысұйық хроматографияның және т.б. әдістері.
Үшінші топтағы әдістер де алуан түрлі болып келеді, олар объектінің қандай қасиеттерінің зерттелетіне байланысты болады. Сараптамалық тәжірибеде олардың көмегімен құжаттардың шынайы немесе жалғандығы анықталады. Көрінбейтін сәуле (инфракызыл, ультракүлгін, рентген сәулелерінде) спектірінде бояу және инфра люминесценция зерттелінеді. Зерттеу барысында фотоқұрылғылар, оптикалық квантты генераторлар (лазерлер), қаттылықты өлшегіш (твердомеры), диффузиялық-көшірме әдістері (диффузно-копировальный), түсажыратқыш (цветоделение) әдістері қолданылады.
Төртінші топтағы әдістер, негізінен, алынған нәтижелерді түсіндіру үшін күрделі құралдар мен жабдықтарға қосымша тіркеледі.
Дәлелдеу құралы болып табылатын сараптаманың қолданылу тиімділігі, шешілетін мәселелердің деңгейі сараптамалық мекеменің техникалық жағынан жабдықталу дәрежесімен тікелей байланысты.