Бап. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары
1. Мемлекеттiк қызметшiлер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледi.
2. Тұрғынжай жағдайларын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғынжай құрылысы үшiн жер учаскелерi берiледi. Жер учаскелерiн берудің шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi медициналық қызмет көрсетуді тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде белгiленген тәртiппен пайдаланады.
4. Мемлекеттік орган таратылған (жойылған) жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде функцияларын, өкілеттіктерін және (немесе) штат бірліктерін беретін мемлекеттік органның қаражаты есебінен төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді не осы тармақта көрсетілген жағдайларда мемлекеттік лауазым ұсынылады.
5. Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған кезде жаңадан құрылған мемлекеттік органның басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне олардың біліктілігіне сәйкес мемлекеттік лауазым ұсынады.
6. Басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган осы берілген функцияларды, өкілеттіктерді атқарған және (немесе) осы штат бірліктерінде тұрған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктілігіне сәйкес мемлекеттік лауазым ұсынады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарылуға тиіс. Кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
7. Мемлекеттік органның штат саны қысқартылған кезде қысқартылатын мемлекеттік лауазымды атқарып отырған мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
8. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленеді, бұл ретте жәрдемақының мөлшері «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленгеннен төмен болмауы керек.
Бап. Мемлекеттік қызметшілердің іссапарлар кезіндегі кепілдіктері мен өтемақылары
1. Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi.
Мемлекеттiк қызметшілерге iссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге жету және кері қайту үшін жүріп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепiлдiктер мен құқық беріледі.
2. Іссапардың барлық уақыты бойында іссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшілердiң жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.
Бап. Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен өтемақылары
Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен өтемақылары Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ оны ұйымдастыру тәртібiн айқындайтын заңда белгіленеді.
Тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУЫ