Лекция. ҚР-да 12 жылдық орта білім беру моделіне көу жағдайындағы білім беруді басқарудың жаңа тәсілдері
Қазіргі педагогикалық қоғамдастықтың алдында білім берудің жаңа үлгісін құрудың, сынақтан өткізу мен енгізудің ауқымды міндеттері тұр. Бұл жүйенің негізгі ұстанымдары Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында көрсетілген [1].
12 жылдық білім беру жүйесіне көшу- әлемдік білім кеңістігіне еркін енуді көздейтін заман талабынан туындап отырған мәселе. Мектеп бітірушінің әлеуметтік және қоғамдық өмірдегі өзгерістерге икемделе отырып, еркін енуіне дайындығын тың мазмұнды жаңа мектеп қана қамтамасыз ететінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр [2]. Мәселен, алдыңғы қатарлы дамыған елдердің Финляндия, Қытай, АҚШ 12 жылдық білім беруге көшуіндегі нақты қадамдары еліміздің білім беру жүйесіне едәуір өзгеріс енгізу қажеттілігін дәйектейді. «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту стратегиясына» сәйкес 12 жылдық білім беруге көшудің басым бағыттарының бірі–тиімді қызмет ететін білім беру үлгісін қалыптастыру, Қазақстанның дамыған елдер арасында лайықты орын алуына мүмкіндік беретін оқыту мен кадрларды даярлаудың жоғары сапалы деңгейіне қол жеткізу.
Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық жалпы және орта білім беру тұжырымдамасына сәйкес 12 жылдық білім берудің басты мақсаты–өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзыретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру болып табылады [3]. Сондықтан, жастарды білікті маман, озық ойлы азамат етіп қалыптастыру 12 жылдық білім беру негізінде жүзеге асыруға болады.
12 жылдық білім берудің көздейтін мақсаты: еліміздегі білім беруді халықаралық білім кеңістігіне енгізу, халықаралық білім беру талабына сәйкестікте болу, соның нәтижесінде еуропа елдері қабылдаған орта білім берудің халықаралық стандартына сәйкестендіру, білім сапасын көтеру және жоғары динамикалы, жаһандану дәуірінде өмір сүру үрдісін, ойлау мен қарым-қатынасты түбегейлі өзгертетін байланыс құралының қарқынды дамуы, сондай-ақ адамның интеллектісіне, әл-ауқаттылығына, соның икемділігіне қол жеткізетін тәсілдерді қолдану арқылы қоғамның негізгі капиталын құру.
Қазақстан Республикасының 12 жылдық оқу мерзіміне ауысуына байланысты қажеттіліктерін айқындайтын келесідей факторларды атап өтуге болады:
1-фактор. Білім беру парадигмасының өзгеруі. Қазіргі мектеп білім берудің тұлғалық-бағдарланған стратегиясын іске асыруға бағытталған. Оның негізгі идеясы-оқушыларға механикалық түрде білім беру емес, олардың табиғи қабілеттері мен әлеуметтік мүдделеріне баса назар аудара отырып, өмірлік жоспарларын жүзеге асыруына кең мүмкіндіктер жасайтын білім кеңістігін құру. Оқушыларды жоғары мектеп жүйесінде білім алуға даярлау, не белгілі бір кәсіптік анықтау арқылы, жалпы орта білім алу формаларын таңдау мақсатында жоғары буынды оқытуды бағдарландыру мен бүкіләлемдік беталыстарды ескере отырып, арнайы ұйымдастырушылық, әдістемелік жағынан жағдай туғызылуы қажет.
2-фактор. Оқушылардың денсаулығын сақтау. Бірінші сыныпта оқушылар аптасына белгіленген 20 сағаттың орнына 22 сағат, жоғарғы сынып оқушылары 38 сағаттың орнына 40–42 сағат оқу жүктемесін орындайды. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау агенттігінің деректері бойынша, республикада 2 милионнан астам бала (66%) әр түрлі аурулармен диспансерлік есепте тұрады. Мектепте оқыту кезеңінде балалар арасында тыныс алу мүшелерінің, көз (алыстан жақсы көрмеу), ас қорыту, жүйке-психикалық, тірек-қозғалыс аппараттарының зақымдануы сияқты тағы басқа аурулары ондаған есеге дейін артып отыр. 12 жылдық оқу мерзіміне көшу жағдайында белгіленген күнделікті оқу жүктемесінің нормаларын қатаң сақтау және оқу жоспары жүктемесін азайту, оқушылардың әр түрлі үйірмелерге қатысуларына, бос уақыттарын өз мүдделеріне сай өткізулеріне мүмкіндік жасайды.
3-фактор. Оқушыларды әлеуметтендіру, әлеуметтік шиеленісті төмендету. Дәстүрлі 11 жылдық жалпы орта білім беру еңбек нарығының қажеттіліктеріне, оқытудың практикалық бағытына, еңбек етуге дағдыландыруына сәйкес кәсіптік бағдарды қамтамасыз ете алмайды. Тек 2000-2001 оқу жылының басына дейін ғана жалпы білім беретін мектептердің 58182 (барлық санының 28%-ы) түлектері еңбекпен қамтамасыз етілмей қалды. 12 жылдық мектептің негізгі буынында оқушылар арасында кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізіледі. Негізгі мектептен кейін көпшілік оқушылар кәсіптік мектептерде (лицейлерде) оқитын болады. Кәсіптік мектеп (11-12 сыныптар) оқушылардың еңбек нарығына, кәсіптеріне бейімделулеріне жағдай туғызады. Жоғары сынып оқушыларын пәндерді кәсіби тұрғыда тереңдете оқыту олардың жоғары оқу орындарына түсіп, оқуларына сапалы даярлау жұмыстарын жүргізуге мүмікіндік жасайды. Сонымен, 12 жылдық мектеп оқушыларының әлеуметтік дамуына, болашақ мамандықтары бойынша қажетті дағдыларды жинақтауына, еңбек нарығына бейімделулеріне, өз бетінше өмір сүруге дайындықтарының артуына септеседі.
4-фактор. Оқу сапасын арттыру.12 жылдық білім беруге көшу ең алдымен оқушылардың күнделікті оқу жүктемесін төмендету есебінен жалпы орта білім берудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Білім сапасын арттыру оқу материалдарын мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының талаптары деңгейіне сай меңгеруге, сырттай және іштей саралаудың тиімді тепе-теңдігін құруға кепілдік беретін педагогикалық жаңашыл оқыту технологияларын жетілдіру нәтижесінде жүзеге асады. Деңгейлеп, саралап оқытуды жүзеге асыру арқылы оқушылардың қызығушылықтарын, қажеттіліктерін, жеке ерекшеліктерін ескеру негізінде қалыптасатын дәлелді оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады.
5-фактор. Отандық аттестаттардың шетелдерде танылуы жөніндегі әлемдік іс-тәжірибелер.12 жылдық білім жүйесіне Қазақстан Республикасының өтуі бәсекелесе алатындай түлектерді дайындауды, шетелдерде біздің аттестаттарымыздың танылуын қамтамасыз етеді. Отандық аттестаттардың шетелдерде танылуы халықаралық ынтымақтас-тықтың кеңеюіне, қазақстандық мектеп түлектерінің мемлекетаралық білім жобаларына белсенді қатысуларына мүмкіндік туғызады.
12 жылдық мектепте оқытуға көшу Қазақстандық білім беру реформасының стратегиялық міндеттерін ойдағыдай шешуге мүмкіндік береді, шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа үлгіні жасауды, «Жалпыға арналған білімнен», «Білім әркімге өмір бойы» үлгісіне сапалы түрде көшуді және әлімдік білім беру кеңістігіне жедел енуді қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасында 12 жылдық мектепке өту келесідей міндеттерді жүзеге асырғанда орындалады: Жаңа құрылымның стандартын, тұжырымдамасын, бағдарламасын, оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын даярлап алу; мектепке дейінгі мекемелерді, мектептік және мектептік емес мекемелерді іске қосу арқылы материалдық базаны жақсартып 1-сыныпқа дейінгі балаларды балабақшада тәрбиелеу арқылы ақыл-ойы дамыған, жан-жақты жетілген сәбилерді тәрбиелеу; бастауыш мектептен бастап олардың жеке қабілеттерін зерделей отырып, белгілі бір кәсіпке икемділігіне алдын-ала зерттеу жүргізу, олардың жан-жақты ойлау қабілеті мен дене тәрбиесін жақсарту, өз бетінше ойлауын жетілдіру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру; мектепте олардың ынтасы, әлеуметтік қабілеттері өседі, адамгершілік қабілеті қалыптасып, өз алдына мақсат қоя біледі, өзінің жеке тұлғалық пікірі қалыптасады, қоғам, адам жөніндегі ой-танымы кеңейеді.
Қорыта келе, Қазақстандық 12 жылдық орта мектептің мақсаты оқу мерзімін ұзарта отырып, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар аясында, оқушылардың білімділігін, біліктілігін, өзгермелі, бәсекелік ортада табысты қызмет жасау қабілеттілігін, өзін- өзі дамытуға және жүзеге асыруға бейімділігін қалыптастыру, білім мазмұнын ізгілендіру, білім беру мен басқару тәсілдерін жетілдіру, білім сапасын бағалаудың халықаралық стандарттары мен нормаларына көшу, әлемдік білім кеңістігіне біртіндеп ықпалдастыру көзделуде.