Мезафактор және олардың адамға ықпалы
Адамға әсер ететін факторлардың үшінші тобына мезафакторлар(мезо - орташа) жатады. Мезафакторларға тұрғылықты жерде халықтың болмыс түрі, әртүрлі субмәдениетке қатысы бойынша сараланатын адамдардың үлкен тобын әлеуметтендіру жағдайы. Сондай-ақ халық өмір сүретін аймақ, ауыл, қала, шағын қала, аудан және бұхаралық ақпарат құралдары - радио, теледидар т.б. және соған байланысты субмәдениет немесе мәдениетке жақын жерде орналасқан даму тендециялары бар елді мекен кіреді. Аймақ - өлкенің құрамдас бөлігі. Онда жергілікті халық өмір сүріп, еңбектенеді, өсіп-өнеді. Әрбір аймақтың өзіне ғана тән, сонда өмір сүрген адамдарға ықпал ететін ерекшеліктері бар: табиғи – географиялық шарттары, мысалы, климаты жер жағдайы, көгал жазирасы, жер асты байлықтары және де басқа да ерекшеліктері; ірі қалалардан алыс не жақын орналасуы, басқа аймақтарға алыс – жақындығы, бұқаралық ақпарат құралдарымен қамсыздандыру т.б. әлеуметтік – экономикалық ерекшелігі - өнеркәсіп орталығы, халықтың тұрмыс деңгейі, мәдениеті, экономикалық байланыстар т.б. әлеуметтік-демографиялық ерекшелігі – халықтың ұлттық құрамы, отбасы ерекшеліктері, өсіп-өну сипаты болып табылады. Бұл келтірілген ерекшеліктер халықтың тұрмыс – тіршілігіне, денсаулығына, өмір сүру жағдайларына, өмірінің ұзақтығына, салт-санасына ықпал етеді. Сонымен қатар, адамдардың психикалық қалыптасуына да ықпалы мол. Мысалы, ақпаратты дер кезінде алмайды, радио, теледидар жұмыс істемейді, газет – журналдар ол жақтарға жетпейді, кинотеатр жоқ, мәдениет үйлері жоқ, немесе жабылған, кітапхана жұмыс істемейді. Сондықтан алыс жерлерді мекендеген ауылдар, таулы ауданда орналасқан шағын мекендер, кен орындарындағы халықтың әлеуметтік мәселелері баршылық. Кейбір елді мекендерден адамдар басқа жаққа қоныс аударады, кейбірулері отырықтанып қалады.
Бұл айтылған ерекшеліктер жастар мен балалар арасында кездесетін келіспеушілікке, қылмысты істерге баруына, ересектермен тіл табыса алмауы секілді қарама-қайшылық алып келетіні де белгілі. Әр түрлі әлеуметтік, идеологиялық мәдени артта қалушылық секілді кемшіліктерді бақылауға алу, әлеуметтік тәрбиелеу жұмыстары да жергілікті басқару жүйесінің негізгі міндеттерінің қатарына кіреді. Қазіргі кезде «тастанды бала» деген ұғым пайда болды. Оның көптеген себептерінің бірі психологиялық, әлеуметтік, экономикалық көмекке зәру жас
аналар - жас қыздар екені белгілі.
Әлеуметтендіруге бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) тигізетін әсерін бірнеше мағыналы қырынан көруге болады. Біріншіден, рекреативті жағы – халықтың бос уақытын өткізу құралы ретінде, кино көріп, газет оқып, театрға барып күнделікті тұрмыс – түйткілдерден, ауыр шаршаудан, қайғы қасіретінен айырылып, адамның нерв жүйесінің демалуына ықпал жасайды. Екіншіден релаксациялық қызметі – жастар мен жеткіншектер жолдастарымен жолығуға зауқы соқпаса, үйде жалғыз қалса, ата – анасымен сөйлескісі келмесе магнитафон қосып, музыка тыңдап, компьютермен жұмыс істеп уақытын өткізеді. Үшіншіден, БАҚ – тың баланың өзіне қажетті мәліметтер алуына ересек адамдардың дамуына тигізетін септігі зор. Осы құралдар арқылы көптеген мәліметтерді естіп, көріп, түсініп, ауқымы кеңейіп, әр түрлі мәліметтер жинауға үйренеді. Бірақ электрондық құралдардың кең таралуынан балалар мен студенттер кітап оқу арқылы білім жинақтаудан тысқары қалуда, сөйтіп олар өздігімен білім жинақтау жолын меңгере алмауда. Бұның салдары олардың кәсібін меңгеруіне теріс әсерін тигізуде. Алайда, көпшілік қауымға арналған мәліметтерді естіп, төрткүл дүниенің әр тарабынан мәлімет алып отырады. Сондықтан, БАҚ қызметкерлері танымдық сипаттағы мәлімет беретін, білім жинауға, тәрбиелік ықпал ететін бағдарламалар жасап, талқылап теледидардан беріп отыру керек. Ақпарат құралдарын дұрыс пайдалану мақсатында кейінгі кезде медиа білім беру (латын сөзі «құрал» деген мағынаны береді) деген ұғым пайда болды. Оны сипаттай келе зерттеуші, ғалым В.А.Шариков «медиа білім беру» мағлұмат құралдарының заңдылық өлшемдерін зерттеуде деп есептеген. Оның негізгі мақсаты - қазіргі кездегі шарттарға бейімделуге жастарды даярлау, қажетті білім алу бағдарламаларын таңдай білу, ауызекі сөйлесу арқылы жеткізу мүмкіндігі болмаған мәліметтерді түсіндіруге, қимылдамай өте көп отырудың денсаулыққа зиян екендігін ұғындыру болып табылады. Медиа білім алу мектепте, орта және жоғары оқу орындары мен тағы басқа да білім ордаларында жүзеге асырылады. Субмәдениет – (латын сөзі - мәдениеттің ерекше құрамды бөлігі ) арнайы әлеуметтік – психологиялық белгілерді қамтитын ерекшелік. Ол автономды болып, белгілі бір территорияны мекендеген халықтың өмір – салтын, жүріс – тұрыс нормаларын, ақыл – ой ерекшеліктерін, көркем табиғатын тіл ерешеліктерін, сөйлеу мәнерін, диалект, жаргон т.б. қамтиды.
Сонымен қатар қылмысты ұйымдар мен топтар мысалы, жастар тобы діни секталар, әйелдер, қарттар, кәсібіне қарай ұйымдасып, топтасқан – мұғалімдер, мергендер, балықшы, құмар ойындар, әлеуметтік кедейшілікке ұшырағандар, мысалы баспанасы жоқ қашқындар, қуғандар т.б жатады. Кейбір топтың әлеуметтік талаптары, ойлары мен көзқарастары, пікірлері
қоғам пікіріне қайшы теріс сипатта болады. Әлеуметке қайшы оқшауланған, әрі жасырын топтардағы орнатылған тәртіп бойынша оның мүшелеріне, соның ішінде балаларға да ойланбастан, толық, өз тұрғысынан пікір айтпастан бағыну талабы қойылады және ол топтан өз
еркімен шығып кете алмайды. Мұндай субмәдениеттің болуы және сақталуы топтың құрылымының тұрақтылығына, көсемнің мәртебесіне байланысты болады. Атап айтсақ, топ мүшелерінің бір-бірімен болған қарым – қатынасы, «біз» және «басқалар» деген ұғымның ортақтығы мен орнықтылығы, тәртіпті бұзғандардың қатаң жазалануы секілді тағы басқаларымен ерекшеленеді. Жастар арасындағы субмәдениет көбінесе модаға еліктеуден, мысалы, киім – кешек, сыртқы сипатымен көрінісі, тыңдайтын музыкасы, билеу мәнерімен сөйлеу мәнері тағы да басқа да көркемдік талғамынан, эстетикалық қызығушылығынан басталады. Ал ересек адамдардың мұндай жаңа модаға көшуі көпке дейін байқалмай, тек көпшілік сипат алғанда, не болмаса істеген іс-әрекеті қоғамға бір зиян келтіре бастағанда көріне бастайды. Жастардың қызығуы, қажеттіліктері, ұмтылысы мұраты сан түрлі. Оларды қанағаттандыру үшін субмәдениеттің жақсы және жаман жақтарын зерттеп, біліп, түсініп, көмектесу үшін әлеуметтік педагогтар мен қызметкерлер, педагогтар мен тәлімгерлер, әлеуметтік психологтар бірлесе отырып жан жақты, ұтымды жолдарын қарастыруы тиіс. Осындай топтар мен ұйымдардың мүшелерімен не ұжыммен сөйлесу, әңгімелесу, оң жолға салу, тіл табысып жұмыс жүргізу аса маңызды.
Ауылдық жердің алыс аудандарында орналасқан елді мекендердің әлеуметтік маңызы оның ерекшеліктерімен сипатталады. Жастардың басқа ұлт өкілдерінің қалаға не болмаса басқа жерлерге көшіп кеткеніне қарамастан, алыстағы аудандарда осы уақытқа дейін жергілікті халық өмір сүріп келеді. Ауыл шарушылығы, оның ішінде малшылар мен егіншілердің отбасына қажетті жағдайлармен, азық – түлік, үй тіршілігінің керек- жарағымен қамтамасыз ету көп уақыт алады және тынбай еңбектенуді керек етеді. Қалада адамдардың көп орналасқанынан және әлеуметтік ахуалы, тұрмыс жағдайы қолайлы болғандықтан әлеуметтендіруге мүмкіндік мол. Қалалар адам саны орналасқан жердің көлемі жағынан шағын қаланың 50 мың тұрғыны болса, орташа көлемдегі қала – 350-400 мың тұрғыны бар, ірі қала – 1 млн, өте үлкен қала немесе гигант миллионнан артық тұрғаны бар қалалар болып бөлінеді. Бұлар атқарылатын міндеттері бойынша: өнеркәсіп қалалары (мысалы, Қарағанды, Екібастұз Атырау, Ақтау секілді басқару - әкімшілік қала – Астана, білім мен мәдениет орталығы – Алматы, Шымкент пен Түркістан, Шығыста Семей мен Өскемен, орталықта – Астана, Батыста Ақтөбе мен Петропавл т.б.) Қалалардағы қолайлы ахуал, мәдени орталықтар оқу – орындарының болуы, кітапханалар мен клубтар, театрлар мен концерт залдары, радио және телеорталықтар т.б. тұрғындардың, соның ішінде жастар мен балалардың жылдам әлеуметтенуіне ықпал етеді. Осылайша жақсы сипаттармен қатар, қала қаншалықты ірі болса, соншалықты қылмысты істерге де қолайлы жағдайлар бар, мысалы ұрлық, маскүнемдік, жезөкшелік, салдарынан болатын әр түрлі қылмыстар осы қалаларда көрініс береді. Әлеуметтену мәселесіне байланысты ірі қалалардың мынадай негізгі көрсеткіштерін атап көрсетуге болады:
- адамдар арасындағы байланыстардың әр түрлі болуы, мысалы, жұмыстағы әріптестермен байланыс, таныстар арасындағы қысқа укақыттық қарым –қатынас, терең сезімдерге негізделген қарым – қатынас, анонимді қарым –қатынастар;
- отбасындағы субъективті – эмоционалды сезімдер сипатындағы қарым-қатынас;
- күн көріс тәсіліне байланысты – бала бағу, машинамен адам тасу, үй қызметін өтеу т.б.
Қала тұрғындарының өмір салтының, мәдени стереотиптің, құндылық мәселелерінің әр түрлілігі ретінде мыналарды атауға болады.
- қаланың әлеуметтік мәртебесінің тұрақсыздығы, әлеуметтік мотивациялардың мүмкіндігінің кеңдігі;
- адамдардың жүріс – тұрысын бақылаудың күрделілігі.
Міне, осы ерекшеліктердің негізінде жастар мен балалардың жаңа жағдайларға бейімделуі және таңдау мүмкіндігінің молдығы да олардың әлеуметтенуіне ықпал етеді. Оны жігерлілік, жинақылық, «мобилдік» деп атап оның өзін мынадай екі түрде сипаттауға болады:
Біріншісі, территориялық мобильдік – жинақылық. Территория ұлғайған сайын ондағы адамдардың оны танып – білу ауқымы кеңейеді, мысалы, үйден аулаға, одан көшеге, басқа қалаға, ауылға т.б. шығып, елмен араласу ауқымын кеңейтеді. Жас өткен сайын мұндай мәселелер адамды қызықтырмайды. Қалалықтардың өмір сүру мекенін алмастырып тұруға, баспанасын кеңейтуге, басқа жерге көшуге мүмкіндігі мол. Екіншісі, әлеуметтік жігерлілік – мобильділік. Оның тік және көлбеу сипаттары болады. Көлбеу сипатындағысы, адамдардың жұмыстан екінші бір жұмысқа, кәсіптің бір түрінен екінші біріне өтуі; тік сипатына қызмет дәрежесінің көтерілуі, не төмендеуі жатады. Мұндай жағдайларда, мысалы қызметі төмендеген, не басқа кәсіпке ауысқан жағдайда, қарама – қайшылықтар болғанымен, кейбір жастар іштей күйзелгенімен, жаңа шарттарға жылдам бейімделе алады. Мұндайда жастардың кейбіреулері басылып, намыстанып, не болмаса өздерін басқалардан кем сезініп қалатын ахуалдар да болады. Бірақ көпшілік жағдайда жас болғандықтан оларды ондай жағдайда көтере алады. Ересек адамдарға керісінше, бұл ауыр тиеді. Сондықтан психологтар жас ұлғайған сайын кәсіптің тұрақты болуы керектігін ескертеді. Қазіргі кезде осындай жағдайларға ұшыраған жастарға арнайы оқу орталықтары, жаңа кәсіпті меңгерту кешендері, әлеуметтік көмек беру мекемелері мен ұйымдары бар. Олар жастарға орнын табу мүмкіндігін дұрыс пайдалануға ақыл –кеңестер беріп, көмектеседі. Шағын қалаларда халық саны аз болғандықтан бірін-бірі танып, біліп араласып, өмір сүруінің өзі әлеуметтендіру мәселесіне көп ықпал ету жағынан көп мүмкіндіктерді:
- білім орнын және кәсіп таңдау;
- бос уақытты өткізу
- ішкі рухани байлығын көрсету мен қабілеттерін жүзеге асыру;
- шығармашылық және ісмерлік, шеберлік т.б.
Бірақ, ірі және өте үлкен қалаларға қарағанда, шағын қалаларда жастардың бойындағы мүмкіндіктерді дамыту және жүзеге асыру біршама кешеуілдеп шешіледі. Мансапқа ұмтылу, байлыққа ие болу, айлықты молынан алуға ұмтылу, үй салу, машина алу шағын қалаларда да ірі қалалардағыдай шешіледі.
Шағын қалаларда өмір сүретін тұрғындар ірі қалалармен қарым – қатынас орнатып, кейде тіпті өздері де баспана сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізе алады. Ауыл – халықтың ерекше орналасқан мекені. Олардың түрлері әр алуан, мысалы мыналарды айтуға болады:
- жұмысшылар ауылы- өнеркәсіп дамыған, қазба байлықтарын өндіретін жерлерде орналасқан, әр түрлі жұмыс орны бар ауылдар;
- курортты жерлерде орналасқан ауылдар;
- қала ішіндегі ауылдар, мысалы зауыт – фабрикада акционерлік ұйымдарда жұмыс істейтіндерге арнап салынған ауылдар.
Елді мекеннің ауылдан айырмашылығы, онда ауылға қарағанда тұрақты орнықпаған, белгілі бір мезгілге жұмыс істеу үшін келгендер, жалдамалы жұмысшылар бостандыққа шыққандар, басқа елдерден келгендер өмір сүріп, жұмыс істейді. Мұндай жерлерде халықтың тұрмысы бір жағынан ауылдағы секілді мал шаруашылығымен айналысу және егін егумен ұқсаса, екінші жағынан қала тұрғындарына да ұқсайтын тұстары бар. Олардың арасындағы қарым-қатынас көп жағдайда жұмысына, кәсібіне байланысты болса, мәдени саяси деңгейлері прагматикалық көзқарас негізінде қалыптасып, саяси - әлеуметтік жағдайда өтеді. Ересектер арсында маскүнемдік, нашақорлық шылым шегу кең таралып, жастарға да теріс ықпалын тигізіп отыр.
Қазіргі кездегі мемлекеттік құрылымдағы саяси - әлеуметтік өзгерістер муниципалдық тәрбие мекемелерінің пайда болуына алып келді. Муниципиалды тәрбиелеу жүйесі дегеніміз – жоспарлы түрде Республиканың барлық жерлерінде: қала, ауыл, аудандарда халықтың рухани дамуына бағытталған, заман талабына сай құралдарды тиімді пайдалануға жағдай жасау болып табылады. Ресейлік ғалым – А.Ю.Тупицина өз зерттеуі нәтижесінде муниципиалдық тәрбиелеу жүйесінің төмендегідей cипаттамасын келтірген:
- тәрбиелеу жүйесінің ашықтығы – тәрбиеленушілердің өзін емін – еркін
сезінуі;
- тәрбиелеу жүйесінің қолайлылығы және барлығы үшін бірдейлігі;
- тәрбие жұмыстары формалардың әр түрлі болуы мен тәрбиеленушілердің өз қалауымен барлық шараларға араласу мүмкіндігінің болуы.
Муниципиалды әлеуметтік тәрбиенің негізгі мақсаты:
- балалардың денсаулығын сақтау қызметінің сапасын жақсарту;
- балаларды салауатты өмір салтын ұстауға, тәрбиелеу үшін медициналық-педагогикалық түсіндіру, үгіт – насихат жұмыстарын ұйымдастыру;
- оқу – тәрбие – мекемелеріндегідей баларды азық – түлікпен қамтамасыз ету, тамақтың сапасын жақсарту жұмыстарын қадағалау;
- балалардың оқып, білім алуына кеңінен жағдай жасау;
- мектептен тыс мекемелердің жұмысын жандандыру, мәдениет үйінде үйірмелер ашу, клубтар мен орталықтар ұйымдастыру, балалардың бос уақытын мәдениетті өткізуге ықпал жасау;
- балалар арасындағы заң бұзуға, маскүнемдікке, нашақорлыққа қарсы және алдын алу іс – шараларын жүзеге асыру.
Бұл мақсаттарды практикада орындау үшін мемлекетті басқару мекемелерінің, қоғамдық және діни ұйымдарда білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының жүйесінің мүмкіндіктерін муниципалдық - әлеуметтік тәрбиелеу жүйесінің жұмыстарын ұйымдастыру, кадрлар мәселесін шешу мен әлеуметтік зерттеу, әдістемелік жұмыстарын жүргізу керек.