Педагогика тарихының зерттеу мәселесі, мақсаты мен міндеті
Қазақстан Үкіметі қабылдаған «Білім туралы» заңның «білім жүйесі» деп аталатын екінші бөлімінде «Білім беру жүйесінің басты міндеттері: Қазақстан Республикасына шын берілген, адал патриот азамат даярлау... олар мемлекеттік белгілердің мәні мен мазмұнын терең түсінген, халықтық дәстүрлерді қастерлейтін... халықтар досығының негізінде тәрбиеленген, халық, отан, отбасы алдындағы жеке бастың міндеттері мен құқықтарын сезінген... Қазақстанда тіршілік етуші қазақ халқы мен басқа да халықтардың тілін, тарихын, салт – дәстүрі мен әдет ғұрыптарын қадір тұтып игеруге пейілді азамат болуы керек» делінген.
Осы міндеттерді ойдағыдай орындап шыға алатын азаматтарды тәрбиелеуші келешек ұстаздар қауымы – оқып, білім алып жатқан жастар.
Жастарға педагогика тарихының пәнінің қыры мен сырын, ғылыми – педагогикалық тұрғыдан игерудің теориясы мен әдіс – тәсілдерін меңгерту мәселесімен педагика тарихы пәні айналысады.
Зерттеу объектісі педагогика тарихы. Педагогика тарихы ғаасырлар бойы ұрпақ тәрбиелеу тәсілдерңне негізделген тағылымдарының бай тәжірибесінің эмприкалық жиынтығы.
Педагогика тарихы ұрпақ тәрбиелеудегі тағылымдарын ғылыми жүйеге келтіріп зерттейтін, оны тәжірибеде қолданудың әдіс - тәсілдерін теориялық тұрғыда сөз ететін ғылыми педагогиканың бір саласы.
Педагогика тарихының мақсаты – отанын, елін, жерін сүйетін, жан –жақты жетілген, саналы намысқор, патриот азамат тәрбиелеу.
Педагогика пәнінің міндеті тәрбие түрлерін жастарымыздың бойына сіңіріп, білім, білік, дағдылырын дамыту, сөйтіп ден еңбегіне де, ой еңбегіне де қабілетті, нарық жағдайыда өмір сүруге икемді, жан – жақты жетілген азамат етіп шығару. Ол жан тәрбиесі мен тән тәрбиесін қатар жүргізе отырып, жастардың қайрат жігерін, ақыл – ойын, педагогика тарихын оқытып тәрбиелеу арқылы әске асырылады.
Педагогика тарихы пәнін оқытып, меңгерту үшін, ең алдымен педагогика тарихының негіздерін үйретуден бастауға тура келеді. Ал ол тарихи ұғымдардың қалыптасуын, тарихи ерекшеліктері мен оның әлемдік өркениетке ұштасуын, кірігу жолдарын теориялық тұрғыда қарастырудан басталды.
Сондықтан педагогка тарихы пәнін зерттеудің ғылыми методологиялық, теориялық негіздерін оқытудан бастаған жөн.
Педагогика тарихы пәні - ғылымдар саласындағы зертеудің негізгі бағыттарын анықтай отыра, қоғам құбылысының тәжірибесін зерттеп және теориялық жағынан жинақтауды, қоғамның экономикалық саяси және мәдени дамуының негізгі заңдылықтарын анықтауды, тәрбие проблемаларын зерттеуді талап етеді.
Педагогика тарихы тәрбиенің, тәрбие мәселелерімен айналысатын мекемелердің және педагогикалық теориялардың дамуын зерттейді.
Осыған байланысты қазіргі кездегі педагогика тарихы ғылымының басты міндетінің бірі – дүние жүзіндегі ең бірінші мектептің құрылу тәжірибесін шын ғылыми түрде жинақтап зерттеу болып саналады.
Педагогика пәнінің міндеті -мұғалімнің педагогикалық білімі мен шеберлігінің қалыптасуына әсер етеді, олардың тәрбие мәселелерін дұрыс шешуіне көмектеседі.
Педагогика тарихының пәнін, міндетін, дамуы мен пайда болуын білу арқылы мұғалім жан –жақты және алған білімдерін тереңдетіп, ұштастыра отыруды көздейді.
Нәтижесінде педагогика тарихының жалпы негіздерін, педагогикалық теориялардың даму эволюциясын игеріп, іскерліктері мен дағдыларын меңгеру қажет.
Өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар:
1. Педагогика тарихының мақсаты мен міндетіне сипаттама беріңіз.
2. Педагогика тарихының басқа ғылымдармен байланысын сызба түрінде көрсетіңіз.
3. Педагогика тарихы пәнінің пайда болуы мен дамуына үлес қосқан ғалымдарды атаңыз.
4. Педагогика тарихы пәнінің зерттеу обьектісіне сипаттама беріңіз.
2-лекция.Адамзат дамуының ерте кезеңінде тәрбиені ұйымдастыру формаларының туындауы
Жоспар:
1. Алғашқы қоғамдағы тәрбие
2. Құлдық қоғамдағы тәрбие және мектеп
3. Феодалдық қоғамдағы тәрбие мен мектеп
Лекция мақсаты:Студенттерге алғашқы қоғамдағы тәрбие, құлдық қоғамдағы тәрбие және мектеп, феодалдық қоғамдағы тәрбие мен мектеп туралы түсінік беру
1. Алғашқы қоғамдағы тәрбие.Тәрбие — адам қоғамында ғана болатын қоғамдық құбылыс, адамдардың саналы әрекеті. Ол алғашқы қоғамдағы еңбек пен материалдық өмір процесінде пайда болды. Қоғам дамуының алғашқы басқышы — рулық қоғамға дейін адамдар табиғаттың дайын заттарымен қанағаттанды, аң аулаумен шұғылданды. Адам қоғамының, адамның өзінің дамуында еңбектің әсері өте зор болды. Ф.Энгельс «Мемлекеттің, жеке меншіктің және семьяның шығуы» және «Маймылдың адамға айналуында еңбектің рөлі» атты еңбектерінде адамның өзін жасаған еңбек екенін дәлелдеді. Ол еңбек процесі еңбек құралып жасаудан басталады деп түсіндірді. Ал қарапайым еңбек құралдарын жасау, оны пайдалануды меңгеру ересек адамдар тарапынан жастарды үйретуді, яғни тәрбиелеуді қажет етеді.
Ф. Энгельс алғашқы дәуірде балалар ортақ, қоғамдық болды, өйткені жеке семья болған жоқ деп көрсетті. Сондықтаи балаларды тәрбиелеу де алғашқы қоғам мүшелерінің коллективтік жұмысы болды. Еңбек процесінде, ересектермен күнделікті қарым-қатынас жасауда балалар өмірге қажетті дағдылар мен еңбек әрекеттерін меңгерді, халықтың әдет-ғұрыпымен танысты, алғашқы қоғамдағы адамдардың өміріндегі салт-сананы сақтауға үйренді.
Алғашңқ қоғам тапсыз болды, соған сәйкес қыз балалар әйелдермен бірге тамақ әзірлеуге, киім тігуге араласты.
Алғашқы қоғам дамуының белгілі сатысында мал бағу, егін егу, қолөнер кәсібі пайда болды. Өндіріс күштерінің дамуымен және адамдардың еңбек ету тәжірибесінің кеңеюімен қатар, тәрбие де күрделене түсті, ол жан-жақты жәке жоспарлы іске айналды.
Рулық қоғамда балалар мал бағуға, егін егуге, қолөнеріне үйретілді. Осыған сәйкес тәрбиені ұйымдастыру қажет болды. Балаларды тәрбиелеу ең тәжірибелі адамдарға жүктелді. Ертегі, ойын және өлең ол дәуірдегі мінез-құлық тәрбиесіні құралына айналды. Әскери тәрбиенің алғашқы элементтері садақ ату, найзаласу, салт атқа міну т. б. шыға бастады.
Тэрбиені ең тәжірибелі адамдарға жүктеу, оның мазмұнының кеңеюі — рулық қоғамда тәрбиенің қоғамдық еңбектін бір саласына айнала басталғандығын көрсетеді.
Жеке меншіктің, құлдықтың және жеке семьяның шығуына байланысты алғашқы қоғам ыдырай бастады. Енді қоғамдық тәрбиемен қатар, жеке семья тәрбиесі шықты. Қоғамды билеуші топтар: дін басшылары, көсемдер, ақсақалдар пайда болып, олар еңбекке баулу тәрбиесінен білімге үйрету тәрбиесіне көңіл бөле бастады. Жер өлшеу, өзендердің тасуын алдын ала болжау, адамдарды емдеу т. б. сол сияқты білімдерді олар өздері меңгеріп, өздерін ерекше адамдар етіп көрсетті. Бұл білімдерді үйрететін арнаулы мекемелер (мектептер) ашылды. Ол мекемелерде үстем таптың балалары тәрбиеленді. Ал еңбекшілердің балалары ата-аналарынан еңбекке баулу тәрбиесін алумен қанағаттанатын болды.
2. Құлдық қоғамдағы тәрбие және мектеп.Адам қоғамы дамуының белгілі сатысында алғашқы қоғам орнына құлдың қоғам пайда болды. Солтүстік Африкада Египеттен бастап Оңтүстік Азияда Қытайға дейінгі ертедегі Шығыс жерінде бірнеше құл иеленуші мемлекеттер пайда болып, ертедегі мәдениет дамыды. Қытай, Индия, Египет, Кіші Азия жерінде алғашқы мектептер құрылып, онда үстем таптың балалары тәрбиеленді.
Қолдан суарып егін егумен шұғылданған жергілікті халық өзендердің суы таситын мезгілдерін дұрыс пайдалануға тырысты. Жыл мезгілдерді санау арқылы алдын ала болжау, су бөгеттерін салу әр түрлі ғылымдардың (астрономия, геометрия, арифметика, медицина) дамуына себеп болды. Діни мектептермен қатар кітап көшірушілер даярлайтын мектептер де пайда бола бастады. Сол дәуірден сақталған кейбір қолжазбаларда тәрбиенің мақсаты, оған қойылатын талап туралы, балалардың мінез-құлқы жөнінде құнды пікірлер айтылған. Осы Ежелгі Шығыс мәдениеті Ежелгі Греция және Рим мәдениетіне тікелей әсерін тигізді. Ежелгі Греция бірнеше құл иленуші ұсақ мемлекеттен құралды. Ішіндегі ірілері Аттика (орталығы Афины) және Лакония (орталығы Спарта) болды.
Спартада құлдарды қатал қарауға негізделген егін шаруашылығымен кәсіп етті. Сондықтан бұл елде құлдардың көтерілісін қатал күшпен басатын әскери шыңдалған құл иеленушілер даярлауға көп көңіл бөлінді. Спартада үстем тап балаларына әскери тэрбие берілді. Құл иеленушілердің балалары 7-ден 18 жасқа дейін мемлекеттік тәрбие мекемелерінде тәрбиеленді. Бұл мекемелерде дене тәрбиесіне ерекше мән берілді. Балалардың денесін шынықтыру, аштыққа, суыққа, шөлге, қиындыққа шыдамды етіп жаттықтыру, әскери жаттығуларға уйрету (жүгіру, секіру, күрес, жекпе-жек, әскери әндер айту, найзаласу) ойыны жүргізілді. Әскери ойындар ұйымдастырылды, музыка, ән айту және діни билер үйретілді. Мұнда оқу және жазуға үйретуге өте аз көңіл бөлінді. Спарта тәрбиесінің мақсаты қатаң тәртіпке және құлдарға деген қайырымсыздыққа тәрбиелеу болып табылды.
Моральдық және саяси тәрбие беру мақсатымен ерлік және қажырлылық жөнінде арнаулы әңгімелер жүргізілді. Балалар анық және қысқа сөйлеуге үйретілді. 18—20 жастағы жігіттер әскери қызметке алынды. Қыз балаларға да әскери және дене тәрбиесін беруге көп көңіл бөлінді.
Афиныда біздің жыл санауымызға дейінгі V—IV ғасырларда ғылым және мәдениет едәуір дамыды. Әсіресе, жаратылыстану, математика, тарих, скульптура, құрылыс өнері өркендеді. Бұл Афинының ертедегі Шығыс елдерімен тығыз сауда жасауына байланысты болды. Афиныда дене тәрбиесімен қатар басқа тәрбие түрлеріне де көп көңіл бөлінді. Құл иеленушілердің балаларына жан-жақты тәрбие (ақыл-ой, моральдық, эстетикалық және дене тәрбиесі) берілу керек деп есептелінді:
Құл иеленушілердің жеті жасқа толған ер балалары мектепке оқуға алынды. Қыз балалар семьяда ғана тәрбиеленіп, үй жұмыстарына үйретілді. Ер балалар 7-ден 13—14-жасқа дейін грамматист және кифарист мектептерінде оқыды. Бұл мектептерде ер балалар екеуін қатарынан немесе әуелі грамматист, кейін кифарист мектебінде оқыды.
Афиныда мектептерді жеке адамдар ашып, балаларды оқытқаны үшін ақы алатын болды. Грамматист мектебінде оқуға, жазуға және санауға үйретті. Кифарист мектебінде музыкаға, ән, тақпақ айтуға жаттықтырды. 13—14 жасында ер балалар палестра (күрес) мектебіне көшіріліп, онда 2—3 жыл дене шынықтыру жаттығуларының жүйесімен (жүгіру, секіру. күрес және найзаласу) таныстырылды, жүзуге үйретілді, Мектепте саяси және моральдық тақырыптарға әңгімелер өткізілді.
Ерекше бай семьялардың балалары әрі қарай гимназияда философия, саясат және әдебиетпен танысып, мемлекеттік басқару ісіне араласу үшін белгілі дайындық алды. 18 және 20 жастағы жастар әскери дайындық алумен қатар саяси білімдерін дамытты. Олар бекіністер салу, қала гарнизонында әскери қызмет атқару, теңізде жүзу ісімен шұғылданды.
Құл иеленушілерден басқа жай халықтың (демостың) өз балаларын мектепке оқытуға көбінесе мүмкіндігі болмады. Олар балаларын қолөнерге үйретті, кейбіреулері сауатын ашумен ғана қанағаттанды. Ал құлдар тек «сөйлейтін құрал» ретінде бағаланды.
Ертедегі грек ғалымдары мен философтары Платон және Аристотель өздерінің еңбектерінде тәрбие мен оқыту туралы өте құнды пікірлер қалдырды. Олардың бұл пікірлері педагогика ғылымының дамуына себеп болды.
Көрнекті грек философы Платон (біздің заманымызға дейінгі 427—347 жылдары өмір сүрген) тәрбиені мемлекет тарапынан ұйымдастыру керек деп есептеді. Өзінің педагогикалық пікірінде ол Спарта және Афины тәрбиесін ұштастыруға тырысты. Платон мектепке дейінгі тәрбиенің қоғамдық болуын жақтады. 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар тәрбиешілердің басқаруымеи уақытын ойын алаңдарында өткізуі тиіс деп санады. Мектепке дейінгі тәрбиеде Платон ойынның рөлін өте жоғары бағалады. Сонымен бірге балаларға айтылатын әңгімені мазмұн жағынан іріктеп алуды талап етті. Платон қыз балалардың дене тәрбиесіне ерекше мән берді, жақсы үлгі арқылы тәрбиелеуді жақтады. Мемлекет тарапынан тәрбие берудің белгілі жүйесін ұсынды.
Афины аристократиясының өкілі Платон құлдардың балаларына білім беруге қарсы болды, жалпы дене еңбегі құлдардың тел ісі, сондықтан болашақ философтар мен әскерлер дене еңбегі туралы мүлде ойламауы керек деп есептеді.
Атақты грек философы және ғалымы Аристотель (біздің заманымызға дейінгі дәуірдің 384—322 жылдары өмір сүрген) мемлекеттің түпкі мақсаты барлық адамдарға тәрбие беру деп білді және тәрбие беруді мемлекеттік іс деп санады. Ол коғамдық тәрбие мен семьядағы тәрбиенің өзара байланысты болуын жақтады. Адамның туғаннан даму мүмкіндігі болады. Ал ол даму тәрбиенің нәтижесінде жүзеге асырылады. Аристотель барлық адамдарға тәрбие беру мемлекеттің мақсаты дегенде құлдарды ескермеді, оларды «сөйлейтін құралдар» деп санады.
Аристотель ең алғаш рет баланың дамуын белгілі кезеңдерге бөлді (жеті жасқа дейін, жетіден 14 жасқа дейін, 14-тен 21 жасқа дейін). Жеті жасқа дейінгі дәуірде бала үйде тәрбие алады. Мектепке дейінгі тәрбиені ұйымдастыру жөнінде Аристотель кейбір құнды пікірлер ұсынды. Жас ерекшеліктеріне сай тамақтандыру, дене қозғалысының қажеттілігі, денені шынықтыру, баланың тәрбие алатын ортасын ескере көрсетілді.
Жеті жастан бастап ер балалардың мемлекеттік мектепке баруы, онда алдымен дене тәрбиесіне көңіл бөлінуі талап етіл ді. Дене тәрбиесінде жаттығулардың жеңіл, балалардың күшіне тимейтіндей болғаны дұрыс деп санады.
Аристотель тәрбиенің әр түрлі салаларының (дене, ақыл-ой және моральдың тәрбиенің) байланысты болуын жақтады. Дене тәрбиесімен қатар оқуға, жазуға, сурет салуға, музыкаға үйреткен дұрыс. Мектепте бала елеулі білім алуы керек: әдебиетті, грамматиканы, тарихты, философияны, математиканы, астрономияны, музыканы оқуы керек деп есептеді. Мұндай дәрежеде әйелдерге де білім беру қажет деп санамады. Моральдық тәрбие беруде Аристотель моральдық дағдылар мен мінез-қүлыққа жаттықтыруға үлкен мән берді. Моральдық тәрбиенің үш көзі — табиғи нышандар, моральдық дағдыларды және сананы дамыту керектігін айтты. Моральдық тәрбие беруде семьяның ролін ол өте жоғары бағалады. Тәрбие жөніндегі Аристотельдің пікірлері кейінгі дәуірлерде педагогикалық ой-пікірлердің дамуына үлкен әсер етті.
Ежелгі Рим мемлекетінде құл иеленудің дамуы халықтың үстем тапқа және қаналушы тапқа бөлінуіне әкеп соқты. Осыған сәйкес мектептер, элементарлық және одан жоғарырақ грамматикалық болып екіге бөлінді. Элементарлық мектептерде құлдардан басқа еркін халықтың (плебейлердің) балалары да оқитын болды. Бұл мектептерде оқуға, жазуға және санауға үйретті. Үстем таптың өкілдері балаларына алғашқы білім беруді үйде үйымдастырып, бірден грамматикалық мектептерге берді. Бұл мектептер жеке адамдар үйымдастырған, оқу ақысын төлеуді керек ететін мектептер болды.
Грамматикалық мектептерде латын тілінің грамматикасы, грек тілі, риторика (әдебиет және тарих мәліметтерін бере отырып, шешендікке баулу) оқытылды. Кейінірек риторика мектептері пайда болды. Бұл мектептерде өте жоғары оқу ақысына риторика, философия, заң, грек тілі, математика және музыка сабақтары оқытылатын болды. Осы мектепті бітірушілер жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға қажетті дайындық алды. Ежелгі Рим педагогтарының ең көрнектісі Марк Фабий Квинтилиан болды (біздің заманымыздың 42—118 жылдары өмір сүрген.) Ол— «Шешендікке тәрбиелеу туралы» деген еңбектің авторы. Квинтилиан өз дәуіріндегі грек, рим философиясы және педагогикасымен жақсы таныс болды. Өз еңбегінде ол риторика мектебінде мұғалім болып істеген бай тәжірибесін қорытты.
Квинтилиан балалардың табиғи нышандарын жоғары бағалады. Балалар мектепте тәрбиеленуі керек, мұғалім әр балаға ерекше көңіл бөлуі қажет деп есептеді. Мұғалімнің білімді, ұстамды, балаларға үлгі болуы және оларды жете білуі қажет деп санады.
Квинтилиан балалардың тілін дамытуға ерекше мән берді. Ол үшін ерте бастан олардың сөйлеуіне көңіл бөлуді талап етті, тілді және музыканы оқыту баланың дұрыс сөйлеуін дамытады деп санады. Баланың логикалық жүйелі түрде ойлауын дамыту үшін математиканы оқытуды қажет деп есептеді. Балаларға берілетін білімнің негізі берік болуын талап етті. Квинтилианның педагогикалық еңбектері өте жоғары бағаланды.
3. Феодалдық қоғамдағы тәрбие мен мектеп.Феодалдық қоғамда үстемдік етуші сословиелер феодалдар мен дін иелері болды. Олар бүкіл жердің және өздеріне бағынышты шаруалардың қожасы саналды. Феодалдық қоғамның негізгі тірегі — дін мекемелері (шіркеу). Орта ғасырда Қытай мен Индияда, Таяу Шығыс пен Европада ересектер мен жастарды оқыту мәселесі діни ұйымдардың (шіркеудің) қолында болды, білім діни мазмұнда берілді. Барлық халықтарда дін қарапайым адамдарды үстем тапқа бағынуға үгіттеді. Иранды, Сирияны, Палестинаны, Египетті, Африканың солтүстік жағалауын VII—VIII ғасырларда арабтар жаулап алып, ірі мемлекет құрды. Бұл мемлекет Қытаймен, Индиямен, Европамен экономикалық байланыс жасады. Арабтар жаулаған жердің халықтарының мәдениеті ертеден дамыган болатын, ол мәдениетке енді жаулаушылар ие болды.
VIII ғасырда арабтар Пиреней түбегін жаулады, соның нәтижесінде Батыс Европа жерінде мұсылман мектептері ашылды. Пиреней жеріндегі Кордова халифаты арқылы Батыс Европада Ежелгі Шығыс мәдениеті тарады. Соның ішінде Аверроес деген атпен әйгілі болған араб философы Ибн-Рошданың түсіндірмесі арқылы Аристотельдің еңбектері тарай бастады.
IV ғасырда Рим империясы Батыс және Шығыс империя болып екіге бөлінді. Батыс империя бірнеше ұсақ мемлекеттерге бөлінді. Шығыс империя Византия деген атпен мың жылдай сақталды. Бүкіл Византия мәдениетінің діни сипатта болуына қарамастан, онда Ежелгі Шығыс мәдениетінің кейбір элементтері сақталды. Шіркеу жанындағы мектептермен қатар, кейбір қалаларда жоғары мектептер болды, ол мектептерде діни кітаптар, Ежелгі Шығыс философтарының, ақын-жазушыларының еңбектері оқытылды.
Византия мәдениетін Шығыс Европа жеріне таратуда славяндар үлкен роль атқарды. Ол мәдениет Ежелгі Русь жеріне де тарады. Бірнеше ғасырлар бойы Батыс Европа елдеріне католик шіркеуі күшті әсер етті. Олар бүкіл оқыту мәселесін өз қолында ұстады. Орта ғасырлық монастырьларда дінді тарату мақсатымен діни кітаптар қолдан көшіріліп, көбейтілді. Кітап көшіретін адамдар даярланды, кітапхана және мектептер құрылды. Алдымен монастырь мектептері, кейін собор мектептері ашылды. Кейбір шіркеулердің жанында да мектептер ашылды. Бұл мектептерде ер балалар ғана оқыды. Шіркеу мектептерінде латын тілінде дұға оқуға, діни әндер айтуға, кейде жазуға үйретті. Оқу тек қана латын тілінде болғандықтан, балалар оқығандарының мазмұнын түсінбеді.
Монастырь және собор мектептерінде мұғалімдік қызметті діни қызметкерлер атқарды. Мектептерде оқудың белгіленген мерзімі болмады. Шіркеу мектептерінде оқу мерзімі бес және одан да көп жылга созылды. Онда балалармен бірге жастар да оқыды. Оқуға пайдаланатын діни кітаптардың мазмұны балаларға өте ауыр тиді жэне олар қолдан көшірілгендіктен, біреудің жазуын айырып оқу ете қиындық келтірді. Құстың қауырсынынан жасалған қаламмен жазу да ауыр еді. Мектептерде ұрып жазалау кеп қолданылды. Төменгі мектептерге алғашқыда дін иелерінің балалары ғана оқуға алынса, XI ғасырдан бастап басқа сословиенің балалары да алынатын болды. Бірақ халықтың негізгі көпшілігінің балалары мектепте оқуға қамтылмады, олардың балалары ата-аналарының еңбегіне араласу арқылы ғана тәрбиеленді.
Монастырь және собор мектептерінде білім берудің көлемі бірте-бірте кеңейтілді. Грамматика, риторика, діни философияның негіздері (диалектика) енгізілді. Арифметика, геометрия, астрономия және музыканы оқытатын мектептер де болды. Бұлардан басқа дін ілімі окытылды, дін «ғылымның негізі» деп саналды.
Әсіресе, грамматиканы оқуға көп көңіл бөлінді (латын тіліндегі грамматикалық формаларды жаттау, діни кітаптарды талдау). Риториканың міндеті дінді уағыздауға даярлау болды. Диалектика оқушыларды діни тақырыпта таласуға, діни қағидаларды қорғауға даярлады. Барлық оқытылатын пәндердің мазмұны діни сипатта берілді.
Феодалдардың балаларына берілетін тәрбие басқаша болды, феодал тәжірибелі әскер болуы, шаруалар көтерілісін қатаң түрде басуы керек болды. Сондықтан олардың балаларын тәрбиелеуде әскери әрі дене тәрбиесіне көп көңіл бөлінді: оның программасы «жеті серілік өнерді» қамтыды (атқа салт міну, жүгіру, қылыштасу, найзаласу, аң аулау, шахмат ойнау, өлең шығару). Оқуға және жазуға үйрету міндетті деп есептелмеді.
XII—XIII ғарырларда Батыс Европадағы мемлекеттер арасында экономикалық байланыс кеңіді, қалалар пайда болды, қолөнер мен сауда дамыды. Экономикалың даму терең білімнің болуын кажет етті, осыған байланысты университеттер ашылды. XII ғасырда университеттер Италияда, Францияда, Англияда тағы басқа елдерде, XIV ғасырда Чехияда (Прагада), кейінірек Польшада (Краковта) ашылды.
Орта ғасырда ғалымдардың инициативасымен университеттер ашылды. Ішкі жұмыстарын олар өздері басқарып, басшы қызметкерлерді де өздері сайлайтын болды. Материалдық көмек көрсету жолымен университеттерге шіркеу өз билігін жүргізуге тырысты. Кейінірек университеттерге шіркеудің әсері күшейе түсті. Негізгі факультет дін факультеті болды. Орта ғасырдағы университеттерде 4 факультет болды. Дайындық факультетінде грамматика, риторика, философия, арифметика, геометрия, астрономия және музыка оқытылды. Бұл факультет орта мектептің қызметін атқарды, оқу мерзімі 6— 7 жылға созылды. Әрі қарай үш негізгі факультеттің біреуінде (дін, медицина және заң факультеттері) 5—6 жыл оқитын болды. Университетте оқудың негізгі түрі лекция болды және циспуттар үйымдастырылды.
Қалада қолөнердің және сауданың дамуына байланысты колөнершілер цех мектептерін, сауда қызметкерлері гильдия мектептерін ашты. Бұл мектептерде ана тілінде оқу және жазу үйретілді, есеп және дін сабақтары оқытылды. Кейін бұл мектептер бастауыш қала мектептеріне айналды.
Арабтар жаулап алуының нәтижесінде ислам дініне бағынған халықтарда мектеп және медреселер ашылды. Мектеп мешіттің жанынан ашылып, ер балаларға бастауыш діни білім берді, ал медресе діни қызметкерлермен бірге үкімет қызметіне де әзірлейтін болды. Мектептегі негізгі міндет балаларды құранның тексін оқуға үйрету еді. Оқу балаларға түсініксіз араб тілінде жүргізілді. Құранды басқа тілге аударуға тыйым салынды. Мұсылман мектептері балаларды құдайға, құдай қалаған үкіметке бағынуды талап етті.
Балалар алдымен араб тіліндегі барлық әріптің атын білуге тиісті болды. Әріптерді қосып оқымастан бұрын, әріптердің атын қосуға жаттықтырылды. Оқудың негізгі әдісі жаттау болды. Жазуды тек қана кітап көшіретіндер ғана меңгере алды. Жазу құралдары өте нашар болды. Кейбір медреселерде орта біліммен қатар, жоғары білім де берілді. Алдымен медреседе арабтың әдеби тілін меңгеру міндеттелді. Әр халықтың ана тілі оқытылмады. Логика оқытылды, мұсылман діні жөнінде кең білім берілді. Медреседе екі бағытта білім берілді (дін және заң). Медресеге мұғалім болғысы келгендер араб философиясымен шұғылданды. Дін және заң қызметімен шұғылданатындардың негізгі сүйенетіндері құран болды. Сондықтан медреседегі оқудың негізгі мазмұны қүранды үйрету еді.
Құранның араб текстін түсінуді оңайлату мақсатымен Иранда және Орта Азияда оны парсы, тәжік тілінде түсіндіру жүзеге асырылды.
Құранға діни түсінік берушілер оны құдай жасағанын, жерді және адамды құдай жаратқанын түсіндірді, ал құранға заң ретінде түсінік берушілер сауда, неке және мұрагерлік туралы заңдылықтарды уағыздады.
Медреседе лекцияға аз көңіл бөлінді, шәкірттер т.б өздері оқу үшін тапсырма өте көп берілді. Оқығанын әңгімелеп шығу және жаттау әдістеріне баса назар аударды. Медресе жаратылыс сабағынан ешбір білім бермеді, математика аз оқытылды. Медреседе көбінесе үстем таптың балалары ғана оқыды.
Қолөнерді, табиғат жөніндегі ғылымды, медицинаны, математиканы игеру мектептен тыс жүргізілді. Әскер және дене тәрбиесі, құс салып, ит қосып аң аулау т. б. спорт ойындары арқылы жүргізілді. Мейрамдарда спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Соғыс, жорық туралы, батырлардың ерлігі туралы әңгімелер арқылы балаларға моральдық тәрбие берілді.
Мұсылман мектептерінде балаларды қорқытып ұстау, ұрып жазалау үлкен орын алды.
Орта ғасырлық шығармалардың ішінде педагогикалық мазмұнда жазылғандары да кездеседі. Соның бірі — ескі тәжік тілінің диалектісінде жазылған XI ғасырдағы «Кабус-на-мэ». Бұл шығарма әкенің баласына өсиеті ретінде болғандықтан, бірнеше шығыс халықтарының тіліне аударылды.
Кейінгі дәуірлерде ана тілінде оқыту мәселесі қолға алына бастады. Бұдан мың жыл бұрын ислам дінінің негізін парсы-тәжік тілінде түсіндірген оқулық «Чор-китаб» дүниеге келді. Кейінірек діни өлеңдердің жинағы түркмен, ескі өзбек тілінде басылып, оқулық ретінде пайдаланылды.
Халық педагогикасы ауыз әдебиеті арқылы үрпақтан ұрпаққа беріліп, жастарды тәрбиелеуде үлкен қызмет атқарды. Шығыстағы мұсылман халықтарында мынадай мақалдар кездеседі: «Білмеген айып емес, оқымаған айып», «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Атаның ұлы ғана болма, халықтың ұлы бол» т. б.
Қазақ жеріндегі мұсылман мектептері оқушылар құрамы жағынан кішігірім мектептер болды. Көбінесе олар киіз үйге орналасты, мектеп жабдықтары мен оқу құралдары болмады. Байлардың қаражатына қалаларда салынған медреселер ғана арнаулы үйлерге орналасты. Бұл мектептерде оқу жоспары, оқу программалары және түрақты сабақ кестелері болмады. Мектептерде діни кітаптардың мағынасына түсінбей, тек қарасын оқып білу үйретіліп, балаларға ешқандай ғылыми білімдер берілмеді. Өйткені оқу ана тілінде жүргізілмей, балаларға түсініксіз араб тілінде жүргізілді. Оқушылар араб әріптерін оқып үйрену үшін айлап, жылдап уақыт кетірді. Көптеген мектептерде оқуды хат танитын сауаты ғана бар молдалар оқытты. Олардың ұстаздың қызметке ешбір даярлығы болмайтын. Оқудың басталатын белгілі уақыты болмағандықтан, әр бала қалаған уақытта мектепке алынып, молда олардың әрқайсысын жеке оқытты. Балалардың бәрі бір киіз үйде отырғаны болмаса, олардың әрқайсысы жеке тапсырма алды. Мектеп пен медреселерде оқығаны үшін балалар ақы төледі. Шәкірттер аптасына бір рет бейсенбі сайын молдаға ақшалай және заттай ақы төлеп тұрды. Ал оқу аяқталғанда бағалы сыйлықтар беруге тиісті еді.
Бірте-бірте мектептерде ана тілінде ғылыми білім беретін пәндөрді оқытуда жаңа әдістерді қолдану орын ала бастады. Жаңа әдіспен оқытқанмен оларда ескі мектеп, медреселер сияқты діни догмаларды тарататын және ислам дінін нығайту үшін мұсылман миссионерлерін даярлау жолында қызмет ететін мектептер болды.
Лекция. Ежелгі әлем. Ежелгі Шығыс және Көшпенді өркениет мемлекеттеріндегі тәрбие мен оқыту. Антикалық дәуірдегі білім берудің ерекшеліктері.
1. Ежелгі Египет мектебі
2. Антикалық әлем тәрбиесі мен мектеп (Греция, Рим)
3. Ежелгі Египет мектебі
3. Лекция мәтіні: Ежелгі Египет мектебі.Б.з.б. ІІІ мың жылдықта ежелгі Египетте мектептік оқыту пайда болды деген деректер бар. Египетте діни тәрбие негізінде адамдарды тәрбиеледі, олар о дүниеге сеніеп, онда “Маат кодексімен” адамның бұл дүниелік өмірін сараптайды деген пікір болды
Ежелгі Египетте мектеп пен тәрбие баланы ересектік әлемге дайындады. Тәрбие мен оқыту отбасында жүзеге асты, онда қыздар мен ұлдар бірге тәрбиеленді. Ұлдарға арналған жеке арнайы мектептер тек ауқатты отбасылар үшін ғана мүмкін болды. Отбасы тәрбиесінде әке беделі жоғары болды. Ежелгі Египетте адамгершілік тәрбиесі моральдық өсеттерді жаттау арқылы іске асырылды. Оқыту отбасының іс- әрекет түріне байланысты мамандыққа дайындау мақсатын жүзеге асырды. Ежелгі Египетте мектеп отбасылық институт ретінде пайда болды. Сондықтан әке өзінің мамандығына баласын үйретті, баласы кейін оның орнын басты.
Білім алу көп еңбекті талап етті. Мектептегі сабақтар таңертеңнен кешке дейін жүргізілді. Тыңдамағандарды қатаң жазалады.
Ежелгі Египетте төмендегідей мектеп түрлері болды:
1. Отбасылық мектептер
2. Храм жанындағы мектептер
3. Патша сарайы жанындағы мектептер
4. Жазғыштар, қолөнершілер мектептері
Мектептер патшалар менақсүйектер сарайлары мен храмдарда пайда болып, онда 5 жастан бастап оқытылды. Оқушы алдымен әдемі жазуды, оқуды, кейін іскелік қағаздарын толтыруды үйренуі қажет еді. Жазуды үйрену үшін оқушы 700 иероглифті меңгеруі тиіс.
Ежелгі патшалық кезеңінде (б.з.б. ІІІ мың жылдықта)жазу материал ретінде қыш тақтайшалар, жануар терісі мен сүйектері пайдаланылды. Сонымен қатар бұл кезеңде қағаз (папирустар) пайда болды.
Оқушылар жазуды орамадағы иероглифтерді қайта көшіру арқылы жаттады. Кебір мектептерде математика, география, астрономия, медицина, шет тілдер оқытылды.
Жаңа патшалық дәуірінде (б.з.б. V ғ.) дәрігерлік ме0ктептер пайда болды. Перғауындар мен жоғары шенеуліктердің балалары патшалық мектептерде білім алды. Бұл мектептерде ежелгі жазуларды, түсініктерді сол кезеңнің тіліне аударуға ерекше көңіл бөлді.