Казахский язык» для школ с русским, узбекским, уйгурским, таджикским языками обучения
«Тілдер туралы», «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының, «Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» негізінде қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесінде меңгерту міндеттерінен туындайтын, сондай-ақ әрбір оқушы қазақ халқының тілі, әдебиеті, мәдениеті бойынша мол сусындап, оны тану және құрметтеу деңгейіне жетуіне оңтайлы жағдай тудырудан өріс алатын қағидаттар өзге тілді мектептерге арналған қазақ тілі пәні оқу бағдарламасының негіздерін құрайды.
Қазақстан Президентінің дәстүрлі Жолдауында «2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайыз құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады»,- деп нақтылап өткен болатын.
Сонымен қатар Елбасының «Мәңгілік Ел – Мәңгілік Тіл» идеясын көтеруі – қазақ тілінің маңыздылығын, басымдығын көрсетеді. Бұл қазақстандықтарды біріктіруші ұлттық идея ретінде оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
«Қазақ тілі» пәнін өзге тілді мектептерде оқытудың мақсаты – қазақ тілін деңгейлік меңгертуге негізделген, бір-бірімен сабақтас, жүйелі, коммуникацияға құрылған білім мазмұны арқылы мемлекеттік тілде өз ойын ауызша және жазбаша түрде еркін, түсінікті, дұрыс жеткізе алатын, түрлі өмірлік жағдаяттарда тілдік қатынасқа түсе алатын дара тұлғаны даярлауға мүмкіндік туғызу.
Осы мақсатты жүзеге асырудағы оқу пәнінің міндеттері:
- оқушыларды тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім әрекеттерін кешенді түрде өз мақсатына сай әлеуметтік ортада қолдана білуге үйрету;
- тілдік дағдысы мен ойлау қабілетін дамыту;
- қарым-қатынас әдебі нормаларын меңгерту;
- күнделікті өмір жағдаяттарында қазақ тілін орынды қолдана білуге дағдыландыру;
- грамматика мен лексикалық тақырыптар арқылы функционалдық сауаттылығын қалыптастыру;
- қазақ халқының мәдениетімен, әдебиетімен, ұлттық салт-дәстүрімен таныстырып, мәдени ортада пайдалануға баулу;
- логикалық ойлауын, өзіндік ізденіс пен шығармашылық қабілетін дамытып, іскерлік дағдыларын жетілдіру;
- сын тұрғысынан ойлауды дамыту арқылы қазақ тіліне қызығушылығын арттыру, қазақ еліне, мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін тәрбиелеу.
Әлемдік білім кеңістігінде орныққан “Шетел тілдерін деңгейлеп меңгертудің еуропалық жүйесінде” белгіленген тілді игерудің деңгейлері мен олардың сипаттарының негізінде негізгі орта мектеп сыныптарында қазақ тілін үйретудің деңгейлері айқындалды және оқушының білім, білік, дағдылары орта мектеп жүйесінде тілді деңгейлік меңгерту ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп, жіктелді. Атап айтқанда:
5-7- сыныптардағы Негізгі деңгей – А2.1.2 үш игерімді қамтиды:
- қалыптасу қарсаңындағы орташа игерім А 2.1 – 5-сынып;
- қалыптасу қарсаңындағы толық игерім А2.1.1 – 6-сынып;
- қалыптасқан бастапқы игерім А2.1.2 – 7-сынып.
8-9-сыныптардағы Орта деңгей-А 2.+ екі игерімді қамтиды:
- қалыптасқан орташа игерім А 2.2 – 8-сынып;
- қалыптасқан толық игерім А 2.+ – 9-сынып.
А2 негізгі деңгейінің сөйлесім әрекетінің бес түрі бойынша қол жеткізілетін нәтижелер:
Тыңдалым.Өзіне қатысы бар (мысалы, өзі туралы, отбасы, сатып алынған заттар, тұратын жері, жұмысы туралы) жеке тіркестер мен шағын сөйлемдерді түсінеді. Көлемі жағынан шағын, анық айтылған жарнамалар хабарландыруларда не туралы баяндалғанын түсінеді.
Оқылым.Көлемі жағынан шағын, қарапайым мәтіндерді оқып, негізгі мәліметтерді іріктей алады, түсінеді, оқыған ақпаратты жеткізе алады; өз ойын қысқаша айтады. Жарнама, мәзір, кесте сияқты күнделікті кездесетін сөз және сөйлемдерден қажетті ақпараттарды таба алады. Жеке тұлғаға қатысты қарапайым хаттардың мағынасын түсінеді.
Айтылым.Өзіне таныс (отбасы, өмірі, оқуы туралы) тақырыптар бойынша өз ойын түсінікті етіп жеткізе алады, қарапайым тіркестер мен сөйлемдер арқылы диалогте сөйлесе алады. Күнделікті өмірдің негізгі аспектілерін сипаттай алады.
Жазылым.Өзіне қатысы бар немесе ұнайтын мәселелер туралы шағын хаттар мен хабарландыру, шағын шығарма, эссе жазуға, сурет, кесте, карта бойынша шағын мәтін құрастыруға мүмкіндігі бар. Жеке басы, отбасы туралы мәліметті қажет ететін сауалнамаларды толтыра алады.
Тілдесім.Өмірдің негізгі салаларына байланысты (өзі немесе отбасының мүшелері, сатып алулар және тағы басқа негізгі мәліметтер) жекелеген сөйлемдер мен жиі кездесетін ұғымдар арқылы сұрақ қойып, жауап бере алады. Өзіне таныс тақырыптар бойынша 8-10 репликадан тұратын диалогке түсе алады, күнделікті тұрмыста қолданылатын тілдесімді қысқаша сөйлемдер арқылы қолдап, ары қарай жалғастыруға мүмкіндігі бар, таныс жағдаяттарда келісім білдіреді, алғыс айтады, кешірім сұрайды және өтініш жасай алады.
Білім берудің барлық деңгейлерінде «Қазақ тілі» пәнінің мазмұндық желісінің әлеуметтік-тұрмыстық; әлеуметтік-мәдени; оқу-еңбек аяларына бөлінуі – тәжірибеде өз білімін қолдана білуді қалыптастырады.
«Қазақ тілі» пәнінің білімдік, тәрбиелік мақсаттары «Қазақ әдебиеті», «Орыс тілі», «Қазақстан тарихы», «Информатика», жаратылыстану циклі пәндерімен тығыз байланыста іске асырылады. Мұндай пәнаралық байланыс оқушының қазақ тіліндегі сөздік қорын молайтуға, көркем сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға, тілдік байланысты сөз әдебіне қатысты ерекшеліктерді ұғындыруға, басқа тілден енген сөздерді дұрыс меңгертуге, сөздердің этимологиясын түсіндіруде тарихи фактілерге сүйену арқылы оқушылардың оқу мотивтерін қалыптастыруға, дүниетанымын кеңейтуге, өздік және шығармашылық тапсырмаларды сапалы орындауда ақпараттық технологияларды қолдануға, Интернет көздерінен материалдар тауып, оларға талдау жасау, ой қорыту, алынған материалдарды өз жұмыстарында орынды қолдануға, қазақ тілін қолдану мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады. Жалпы, функционалдық сауаттылығын қалыптастырады.
Оқушының мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын ояту, мемлекеттік тілді меңгеруге деген қажеттілікті сезіндіру мұғалімнің оқу үдерісін тиімді де қызықты ұйымдастыруына байланысты. Тілді үйретуде баланың тұлғалық ерекшелігін ескерген жөн. Шығармашылық қабілеті жоғары оқушыларға әртүрлі тақырыптарда шығарма, эссе, әңгіме жазғызып, ізденімпаз, қызығушылығы жоғары оқушыға ақпарат құралдарынан материал жинап, баспасөз-конференция сабағын өткізуді тапсыру оң нәтижесін береді. Сонымен қатар оңтайлы пайдаланылған дидактикалық, сюжеттік, рөлдік ойындар да оқушының өзін таныта алуына, сыныптастар пікірімен санасуына, шешен сөйлеу қабілетін үйренуіне және білімін жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік береді. Оқушылардың ой-өрiсiн өсiрiп, оларға тiлдiң ұлттық мәдени мұра, тiршiлiктiң өзегi, танымның көзi екендiгiн сезiндiру үшін ақпараттық технология ресурстарын, мультимедиалық құралдарды, ғаламтор материалдарын, бейнероликтерді, электронды оқулықтарды кеңінен қолдану тиімді.
«Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы №500 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 27 қарашадағы № 471 бұйрығын орындау мақсатында, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ұсынылған үлгілік оқу жоспарына сәйкес, орыс тілді мектептерде оқытылатын «Қазақ тілі» пәнінің оқу жүктемесінің көлемі:
5-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат;
6-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат;
7-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136сағат;
8-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 136 сағат;
9-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында –136 сағат.
Оқыту ұйғыр, өзбек, тәжік тілді мектептерде:
5-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат;
6-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат;
7-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат;
8-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат;
9-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат.
«Казахская литература» для школ с русским, узбекским, уйгурским, таджикским языками обучения
Бағдарлама «Қазақ әдебиеті» пәнінің мақсаты мен міндеттерін айқындай отырып, оқушыларды қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуірінен бүгінгі күніне дейінгі кезеңдерін жүйелі оқытуды көздей отырып әзірленген.
Білім мазмұнын іріктеуде көркем шығармалардың жүйелі, ықшамдалып берілуі және әдебиеттiң теориялық мәселелерi, көркем шығармаларды талдау жүйесi, көркем туындының стильдiк ерекшелiктерi тұтастай емес, әр тақырыптың өзіндік ерекшелігіне қарай талдануы қарастырылды. Бағдарламаны құрастыру барысында шәкірттерге білім мазмұнын игертумен қатар, оларға ұлттық мәдени құндылықтарды таныту, оқушылардың тілдік қорын байыту, әдеби білімнің жүйелілігі, білім мазмұнының сабақтастығы мен пәнаралық байланыс ұстанымдары басшылыққа алынды. Бағдарламаның білім мазмұнына қазақ әдебиетінің үздік шығармалары ұсынылып, олардың ой қазығы, сюжеті, композициясы, жанрлық сипаты мен кейіпкерлерін, ондағы халықтық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер көрінісін, табиғат суреті мен қаламгерлердің сөз қолданыстарын зерделеуге баса мән беріледі.
Оқу бағдарламасында пәнді оқытудың мақсаты қазақ әдебиетінің озық классикалық үлгілері арқылы оның басты идеялық бағытын, тақырыптық, мазмұндық мақсатын саралай білетін және қазақ халқының рухани әлемін, дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін бағалай алатын, танымы жоғары, өркениеттi қоғамға сай тұлға қалыптастыру деп айқындалып, пәнді оқыту міндеттері:
- әдеби көркем туынды арқылы оқушының мемлекеттік тілді меңгеру мүмкіндігін арттыру;
- қазақ халқының әдебиеті, тарихы, тілі, мәдениеті, өнері туралы біртұтас түсініктерін қалыптастыру;
- көркем әдебиетті оқытуда шығарманың тақырыптық-идеялық мәнін меңгерту және рухани-мәдени құндылықтар жөнінде пікір алмасуға үйрету;
- оқушылардың әдеби-теориялық бiлiмдерiн тереңдетiп, шығарманың мазмұндық, жанрлық-стильдiк ерекшелiктерiн таныту;
- әдебиет тарихы бойынша тиісті мәліметтер мен әдебиеттану ұғымдарын пайдалана отырып, көркем шығармаларды оқу мен талдау дағдыларын меңгерту;
- қазақ тілінде сөйлеу әрекеттерін еркін орындау, әдеби тіл үлгісін пайдалана отырып, пән бойынша өз ойларын қазақ тілінде өзгеге және топта қорғай білу деп көрсетілген.
Қазақ әдебиеті танымдық, тәрбиелiк қызмет атқаратындықтан, әдеби бiлiм мазмұны осыған дейінгі сыныптарда берiлген базалық бiлiмнiң табиғи жалғасы, бiртұтас құрамдас бөлiгі болып табылады. Қазақ әдебиетiн бiртұтас, жүйелi сипатта оқыту оқушылардың үйлесiмдi дамуына қызмет етеді.
Пәнді оқыту барысында жүзеге асырылатын пәнаралық байланыс оқушының дүниетанымдық деңгейін арттырып, туған әдебиетінен өзге ғылым салаларын игеру мақсатында пайдалануына мүмкіндік береді:
«Қазақ тілімен»: көркем әдебиет мәтіндерінен стильдің түрлерін, кірме сөздерді, архаизм, жаңа сөздерді (неологизм) табуға бағыт беріледі. Сөйлемдердің грамматикалық нормаларға сәйкестігін, құрылымын қарастырады;
«Қазақстан тарихымен»: әдеби оқиғалардың тарихи факторлармен тығыз байланыста болатындығын түсінуіне, тарихи деректерді орынды пайдаланып, өзіндік ой-тұжырымдар жасай білуіне жол ашады;
Жаратылыстану циклі пәндерімен: танымдық бағытта берілетін материалдар жаратылыстану пәндерінің мазмұнымен тікелей байланыста болғандықтан, оқушылардың дүниетанымын қалыптастырады;
«Музыка» пәнімен: әннің идеялық-көркемдік және эстетикалық маңызын, ұлттық әуеннің қазіргі әндермен ұқсастықтары мен айырмашылық-тарын, көркемдік ерекшеліктерін түсінуге жағдай жасайды.
Бағдарламаға сәйкес оқу жүктемесінің көлемі төмендегідей белгіленген:
оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектептерде:
5-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
6-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
7-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
8-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
9-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
оқыту орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде жүргізілетін мектептерде:
5-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
6-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
7-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
8-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
9-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат.
Мемлекеттік тілді, қазақ әдебиетін оқытудың түпкі нәтижесі оқушылардың алған білімдерін өмірде қолдана алуына бағытталуы білімнің білікке ұласуының бірден-бір кепілі болып табылады. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру қазіргі таңда оқыту жүйесіне қойылып отырған әлеуметтік сұраныс талаптарымен сай келу үшін оқушының қатысымдық, ақпараттық құзыреттіліктеріне бағытталып жүргізілгенде ғана оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Сол себепті жетекші әрекеті қарым-қатынас болып саналатын 5-9-сынып оқушысына функционалдық-сауаттылықтықты меңгертудің мүмкіндіктері мол. Бұл өз кезегінде оқытудың тұлғалық-әрекеттік бағдарын күшейтуді тілді меңгертудің басым бағыты ретінде белгілеудің қажеттігін көрсетеді. Оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда рөлдік ойын, дара тұлғаға бағдарланған оқыту және сұрақ-жауап әдістері арқылы жүзеге асатын жағдаяттық, сұхбаттық және құзыреттіліктерді қалыптастыратын тапсырмалар арқылы кешенді жүргізудің тиімділігі жоғары.