Дәріс. Әлеуметтендіруге ықпал ететін негізгі факторлар
Жоспар:
1.Мемлекет, этнос және ұлт, менталитет
2.Қоғамның әлеуметтік құрылымы; экономика, идеология т.б. әлеуметтік мәні; макрофактор, мезофактор, микрофакторлар
3.Ұлт, халық және олардың менталитеті бала тәрбиесінде
4.Әлеуметтік – педагогикалық іс – әрекет ұстанымдары.
1.Мемлекет – заңнамалық саяси ұғым.ол саяси жүйенің тізбегі ретінде билік жүргізу қызметін атқарады.Бұл жүйедебасқару аппараты-әкімшілік және қаржы органы,сот органы бір бірімен тығыз байланыста қызмет етеді.
Мемлекет өз халқының, азаматтарының құқығын және бостандығын қамтамасыз етеді,міндетті білім беру,еңбектену,кемелдену,отбасын құру,әскери қызметін өтеу,зейнетке шығу уақытын белгілейді және қаржымен қамтамасыз етеді.Демек адамды әлеуметтендіру мемлекет тарапынан қуатталады және басқарылады.
Азаматтарды тәрбиелеу жұмыстары да мемлекет тарапынан іске асырылады,өйткені мемлекет өзіне қажетті әлеуметтік тапсырыс бойынша адамдардың дамуына ,қалыптасуына жағдай жасап,мүмкіндік туғызады.Мемлекет тарапынан белгілі себептермен комекке мұқтаж адамдарға арналған мекемелер құрылып олармен жұмыс бақылауға алынады.
Этнос және ұлт-тарихи қалыптасқан, жалпы ұлттық менталитеті, мінезі, мәдениеті мен басқа ұлттардан айырмашылығы көрініп тұратын, белгілі бір жер аумағын мекендеген орнықты адамдар тобы немесе жиынтығы.
Әрбір этносқа тән психикалық және жүріс - тұрыс ерекшеліктерінің мынадай 2 көрсеткіштері бар: биологиялық және әлеуметтік - мәдени көрсеткіштер. Бүкіл халықтың, соның ішінде әрбір адамның психологиясы әртүрлі жағдайлардың әсерімен қалыптасады. Олар ғасырлар бойы тұрақты бір өлкеде, не аймақта, белгілі бір климаттық шарттарды табиғат ерекшелігіне байланысты шаруашылық және өндіріспен шұғылданып келеді. Бірақ әлеуметтік –мәдени корсеткіштің психика мен тұрмыс-тіршілікке тигізетін ықпалы зор. Әсіресе қазіргі өркениет жағдайында ұлттық ең маңызды көрсеткіші-халықтың өмір сүрген жерімен тұрғындар сөйлейтін тілі және сол тілде пайда болған мәдени байлықтар болып саналады.бұлардың әлеуметтендіруге тигізетін әсерін екі түрлі сипатта қарастыруға болады: біріншісі-тұрмыстық, биологиялық немесе витальдық. Екіншісі-ментальдық немесе рухани әлемі болып табылады.
Витальды ерекшеліктер – баланың дүниеге келуі, күтімі, дамуы, тамақтануы, киімі, тілі т.б. әр ұлттың тұрмыс – шарттарына байланысты мысалы, Уган елінде балаларды анасы үнемі көкірегіне не арқасына байлап көтеріп жүреді, сондықтан ол аяғына жылдам тұрып, тез арада дамиды, бірақ зерттеушілер ол анасынан ажыраған соң көпке дейін өзіне келе алмай, өз алдына жүре алмай көп уақытын қайта қалыптасуына өткізіп алатынын байқаған. Ал еуропалық балалардың дамуының біршама артта қалғанын тамақтануына байланысты екенін де анықтаған.
Ал Жапония мәдениеті мен экономикасы тез дамыған ел болғандықтан қазіргі кезде балалардың бойы,дене бітімі мен өсуі, ұзақ өмір сүруі теңіз азықтарын пайдалануына байланысты баланың дене бітімінің жылдам өсіп жетілуі спорт ойындарына, азық-түлікке және медициналық қамсыздануына да байланысты екені белгілі.
Ұлттық мәдениеттің әлеуметтендіруге тигізетін әсерін «Менталдық » деп атайды. Бұл ұғым ХХ ғасырдың бас кезінде әлеуметтану кезінде әлеуметтану ғылымына француз ғалымы Л.Леви-Брюэль енгізген. Менталитет-халықтың терең, іргелі рухани санасы, тарихи-мәдени және климаттық табиғат жағдайларының әсерімен қалыптасқан көпшіліктің ақыл-ойы мен түсініктері.
Әр ұлттың менталитеті тіршілік әдеттерінің екершеліктерінен, үй жиhаздары мен жасауларынан, декоративті-қолданбалы қолөнерінен, көркем өнер мен киім-кешектері, жүріс-тұрысы мен қарым –қатынасындағы сый-құрметінен, көркемдік туралы түсінігі мен еңбекке деген көзқарасынан, отбасы салт-дәстүрінен, мейірім-қайырым сипатынан байқалады, талай ғасырлардан бері атадан балаға келе жатқан салт-сана, мәдени байлық, халықтық әдет-ғұрып, әйел мен еркек арсындағы қарым-қатынас т.б менталитеттің көріністері мен сипаты болып табылады.
2. Қоғамның әлеуметтік құрылымы дегеніміз-қоғамдық еңбек бөлінісіне, өндіріс күштерінің және өндірістік қатынастардың деңгейіне байланысты қалыптасқан қауымдардың тұтастығы және олардың өзара тұрақты қатынастары. Әлеуметтік құрылым қатарына халықтың жас шамасына, жынысына, ұлтына, кәсібіне, жеріне т. б. ерекшеліктеріне байланысты шоғырланған топтары жатады.
Экономикалық жағдайәлеуметтендіру процесінің бір көзі блып табылады. Өмір деңгейі адамдардың (халықтын) мәдени материялдық сұраныстарын қамтамасыз ету дәрежесімен сипатталады. Оған тамақтанудан бастап.киім, құрал жабдықтар,қозғалыс құралдары машина жатады.
Идеология – ілім, қоғамдық сана (гр. идса – ой, пікір, идея + логос – сөз). Идеолог – таптың немесе қоғамдық топтастықтың ойын білдіруші, идеялық мүддесін қорғаушы деген түсінік. Алғаш рет «идеология» деген терминді француз философы және экономисі Де Гресси (1754-1836) қолданды. Ол «Идеологияның элементтері» деген төрт томдық еңбек жазған. Оның пікірінше, идеология идеялар туралы ғылым, ол барлық табиғат және қоғам туралы ғылымдардың, саясат, этика және тағы басқа әлеуметтік құбылыстардың негізіне жатуға тиіс. Бірақ «идеология» деген сөздің кең тарауына себепкер болған адам – Наполеон Бонапарт. Ол либерал журналистерді, саясатшыларды «идеологтар» деп атап, оларды жаратылыстанумен айналысатын ғалымдарға және шынайы әрекет иесі белсенді адамдарға қарсы қойды. Француз императоры саяси сайқалдыққа тұрақсыз және алдамшы қоғамдық пікірге көп көңіл аударатын мемлекеттік қайраткерлерге жиіркенішпен келемеждеп қарайтын.Осы кезде қоғамның күнделікті өмірінен, алдында тұрған көкейтесті мәселелерден және мемлекеттің шынайы саясатына алшақ идеяларды қоштап таратушы адамдарды «идеологтар» деп атады.
Әлеуметтену процесіне бірнеше негізгі факторлар әсер етеді. Олар: мегофакторлар, макрофакторлар, мезофакторлар және микрофакторлар.
- Мегофакторларға (мего-өте үлкен, жалпы деген мағынаны білдіреді) космос, планета, әлем және т.б жатқызуға болады.
- Макрофактор (макро – үлкен деген мағынаны білдіреді) оған ел, қоғамдық этнос, мемлекеттің әлеуметтенуін түсінеміз.
- Мезофактор (мезо-орта, аралық деген мағынаны білдіреді)- бұлар үлкен адамдар тобының әлеуметтенуге тигізетін әсері.Әлеуметтендірудің мезофакторларына этнос, аймақ, халық жатады.
- Микрофактор (микро-кіші деген мағынаны білдіреді. Микрофакторларға отбасы,тәрбие институттары,құрдастар тобы,микроорта,ұйымдар жатады.
3. Ұлт дегеніміз - тұрғындарының басым көпшілігі өзінің ана тілінде жетік немесе қанағаттандырарлық деңгейде сөйлей білетін біртұтас халықты айтамыз.
Адамның әлеуметтенуіне сол халықтың ғасырлар бойғы тарихы мен байланысты қалыптасқан ұлттық рухани болмысы мен менталитетінің үлкен маңызы бар. Біздің қоғамда әрбір ұлттың, халықтың әлеуметтік ортасының спецификалық даму ерекшелігіне орай қалыптасқан өзіндік менталитеті бар. XVIII ғасырда өмір сүрген француз философы К.А.Гельвеций өзінің « Адам, оның ақыл – қабілеті және тәрбиесі жайлы» деген еңбегінде; «Тәжірибе де дәлелдегендей, халықтардың мінез – құлқы мен ақылы, олардың өкімет түрлері бір ұлттың мінезін кезекпен бірде көтеріңкі, бірде пәс, бірде тұрақты, бірде тұрақсыз, бірде батыр, бірде осал етеді. Олай болса адамдар не ешқандай мінезге бейімделіп тумайды, немесе тіпті қарама – қарсы бұрыс та мінезбен туады. Сондықтан олар тек тәрбиенің жемісі», - деп жазды. Әрине К.А.Гельвецийдің айтқандарын сол күйінде қабылдау қиын. Бірақ негізге алуға болады, - деп ой түйіндейді ғалым Б.Кішібеков өзінің зерттеуінде. Сондықтан К.А.Гельвецийдің айтқандарының кейбір жақтарын қазақ халқына да қолдануға болатындығын айта отырып, қазақ халқының мінез- құлқының өзіндік сипаттарын оның ғасырлар бойы көшпенді өмір сүру мәдениетінің нәтижесінде қалыптасқандығын баяндайды
Ғалым Б.Кішібеков қазақ халқының мінез – құлқы оны қоршаған ортаға – кең далалық кеңістікке, географиялық жағдайда, баққан малға, оның шаруашылығына байланысты қалыптасты, - деп тұжырым жасайды. Ғасырлап кең далада мал бағып, қысы – жазы тек мал соңында асықпай көшіп – қону арқылы қалыптасқан қазақтың мінез – құлқын ғалым төмендегідей сипаттап көрсетеді.
Біріншіден, ол ерекше болмаса етек – жеңін жимай, кеңге салып, асықпай, байсалды өмір сүрген. «Асыққан шайтанның ісі» деп қараған.
Екіншіден, қазақ әңгімелескенде асықпай, әр нәрсенің мәнжайына жетіп, түсінісуді қажет еткен. Сөйлескенде қашан да, әңгіменің түйінін іздеген. Мәселе көп немесе аз сөйлесуде емес. Сол көп сөздің тобықтай түйінінде деп ұққан.
Үшіншіден, қазақ көп жағдайда қойылған сұраққа тез жауап тайтармаған.Түсінбеген, естімеген адамдай үнсіз қала берген. Сырын білмейтін адам оның бұл мінезін естімеді, тыңдамады деп те ойлаған. Шынында олай емес. Әрбір айтылған сөзді талдап, пайымдап барып жауап қайтаратын болған.
Төртіншіден, қазақ жерін жиһангез, жолаушылар жас кезіңде аралап, қазақтарды ойын – сауықшыл, жұмыс істеуді ұнатпайтын, жалқау халық деп ойлап, солай жазып кеткен. Бұл пікір, әрине, негізсіз де емес. Қазақ халқының сауықшыл болғаны да, жұмыс істемей, қыдырымпаз болғаны да рас. Көшпелі тұрмыста мұның бәрі орынды құбылыс. Елде мал бағудан басқа еңбек жоқ, ол үшін 4-5 адамның жетілікті екені рас. Қалғандары теңселіп, ауылдан - ауылға қыдырып, әңгіме, сөз іздеуден басқа амалы болмаған. «Қолы бостық, уайым жоқтық аздырар адам баласын!» деп Абай тегін айтпаған, Абай халқын кәсіп ет, білім іздеқ, шаруашылықпен айналыс деп шақырды. Бірақ ол сөз қалың бұқараға жетпеді. Ол да шындық. Ал, енді әлгі жиһанкездерге қайта келетін болсақ, олар қазақ халқының қыстағы азабын, ақтүбек боран тозағында киіз үйде тұрып.
Қыстан аман шығу – қазақтың аса басты мұраты еді. Сондықтан қазақ «Наурызды» ағынан жарылып қуана қарсы алып, бірімен-бірі көрісіп амандасқан.
Бесіншіден, қазақ жаяу жүргенді кемістік деп санаған. Сондықтан барар жері ауыл арасы бір сағаттық жол болса да, өріске кеткен атын кісі жіберіп алдырып, түске дейін сайлап, ерттеп мініп, баратын болған. Ал егер барар жеріне ертемен кетпек болса, атын жайылысқа жібермей, тұсап, не арқандап, үй маңында ұстаған. Қазақ жылқы малын аса жоғары бағалап, қадірлеген. Мінсең көлік, ішсең ашытқан сүті қымыз, мейірім қанады, жесең тамақ, кисең киім. Қазақ қашаннан жылқы малының тұқымын жақсартып отырған. Жүйрік ат, жақсы қатын, құмай тазы, қыран бүркіт қашанда ер жігіттің арманы болған.
Алтыншыдан, қазақ халқының әйелдері басқа отырықшы Орта Азия халықтарына қарағанда қоғамдық жиындарға, ойын-сауық айтыстарға қатысқан. Қазақ әйелдеріне шектен тыс қызғаншақтық, тықырандық көрсетпеген. Олар еркіндік жағдайда өскен.
Жетіншіден, қазақ кешірімді, кең пейілді болған. Ешқашан тарығып, таусылып сөйлемеген. Әр нәрсенің ақырын күткен.
Сегізінші, қазақ халқының мінезіндегі тағы бір ерекшелік – ол ешбір халықты жатырқамайды. Мәселен, кім болмасын, үйіне келіп түссе, ол бай ма, әлде кедей ме, тани ма, танымай ма, оны жоғарыда айтқандай «қонақ» деп қарап қабыл алған. Қазақ ешбір халықты алаламаған бауырмал халық.
Тоғызыншы, қазақ арасында да жетім-жесірлер болған. Бірақ олар жаппай бір қатер болмаса, ешқашан тентіреп, ел аралап, қайыр сұрамаған. Өйткені, қазақтар өз жетім-жесірлерін өздері қамқорлығына алған, қаңғыртпаған. Қазақтағы қайырымдылық оның менталитетінің бір қырына жатады. Жасы үлкен кісіні кім болмасын сыйлаған, сөзін бөлмеген, жолын кеспеген. Келіндер қашан да иіліп сәлем берген. Қазақ арасында жетімдер, асырайтын, қарайтын адамдары жоқ кемпір-шалдар үйі деген атымен болмаған. Сірә, бұл басқа халықтарда да бұрын болмаған тәртіп болса керек.
Оныншы, көшпелі тұрмыс құрған қазақ отырықшы елдер сияқты қала, село, қыстақ болып, бір жерде тұрақталып тұрмағандықтан, кең сахараны жайлаған ел бірін-бірі ажыратып, білу үшін үш (Ұлы, Орта, Кіші) жүзге бөлінген. Ол жүздердің жалпы тұрған аумағы, оған кіретін рулар білетін кісілерге айқын. Сондықтан кездескен кісімен танысуда қазақ «қай рудан туған боласың?» деп сұраған. Сол арқылы келген адамды мекені арқылы қай жерден келгенін білетін сияқты, руын білу арқылы оның алыс-жақындығын аңғарған.
Жоғарыдағы аталған ойды қорыта келгенде, қазақ халқының көшпенді өмірі олардың мінез-құлқының қалыптасуы мен болмысының өз қоғамында әлеуметтенуінің мынадай бес қырын айқындап көрсетуге болады:
1. Қазақ халқы табиғатынан қарапайым. Киген киімі қашан да мол, етек-жеңі кең болып келеді. Бұл оның көшпелі тұрмысына, атқа мініп,түсуіне, жерге малдас құрып отыруына ыңғайлы. Мінезі де ен даласындай кең, жазық, ашық, жайдары. Қазақ ешқашан қысылып, қымтырылмаған. «Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, қазақ не айтса да қисынын тауып айтуға тырысқан. Сөзге мән берген. Сөзіне қарай кісіге құрмет көрсеткен. Уәжге тұрған. Бұл – қазақтың ерекше қасиеті.
2. Қазақ кекшіл емес. Іштарлық та басқа халықтарға қарағанда, қазақта бәсеңдеу. Көп ішінде біреу мінеп, мінезінің кемістіктерін, шыққан тегін кемсітіп, бетіне басып, өлеңге қосса, шамасы келсе ол табанда жауап қайтарған. Уәжі күшті болса – жеңген болып есептелген. Жеңіліп қалса кек сақтамаған.
3. Қазақ кімнің кім екенін бір ауыз айтқан сөзінен, былайша айтқанда «сөз саптауынан» байқаған. Кісінің ақылын бірден байқау қиын. Ол тереңде жатады. Бірақ оны байқау үшін көп сөйлеудің керегі жоқ. Оны қазақ бір ауыз сөзден байқаған.
4. Қазақтың түсі суық емес, жайдары, беті ашық, бас киімін көзіне түсіріп кимеген. Қазақтың ішкі кең табиғи ақылдылығы, жайдарылығы оның бетінен байқалған. Қазақта бас кесу, дарға асу, зынданға салу деген жаза болмаған. Қазақтағы барлық жаза – айып төлеу. Әрине, өлім жазасы да болған, бірақ ол сирек және кесектепөлтірілетін болған.
5. Қазақ пейілі кең халық. «Өле жегенше, бөле же», - деген сияқты ол барын басқалармен бөлісіп отырған. Ерулік, сарқыт, сыбаға деген кәделер соның көрінісі. Өзі сондай болған соң, өзгелерден де соны күткен, қазақ сараңдықты ұнатпаған. Қазақтың барлық байлығы, оның алдындағы айдаған малы, оны ешкімнен де жасыра алмаған.
Мінеки, бұл сипаттамалар қазақ халқының тарихи қалыптасуындағы әлеуметтену процесі нәтижесінің көрінісі.Тұлғаның даму процесі барысында балалық шақта бейсаналы адамзаттық деңгейдегі ұлттық өзіндік сана қалыптасады. Дәл осы тұста, яғни балалық пен жастық шақта адамның өзінің ұлттық байланыстары мен оған деген қатынасының жиынтығын қабылдау басталады. Бұл, біріншіден, ұлттық ұқсастықта, яғни өзін нақтылы бір этникалық топқа тән екендігін сезінуін, екіншіден, өзінің этникалық қоғамы, оның болмыс бітімі туралы көзқарасының болуын, үшіншіден өз ұлтының өткен тарихын мойындауын, төртіншіден, өз ата жұрты мен туған мекені туралы көзқарасын айқындайды. Әрбір елдегі табиғи-географиялық жағдайлар мен сол елдегі халықтың сана сезімі тұтас алғанда жер көлемінің орналасуына орай аймақты құрайды. Олар тек климаттық жағдайымен ғана емес, сонымен бірге бір-бірінен экономикалық жағдайымен, мәдени ерекшелігімен де өзгешеленеді. Тіпті, олар сөйлеу қорында пайдаланылатын кейбір ерекше сөздерімен, сөйлеу мәнерімен, сөйлеу диалектісіндегі ерекшеліктермен айқындалады. Олар тіпті салт-дәстүрлері, тұрмыстық жағдайлары, тұрмыстық жағдайлары, тұрмыстық үй жиһаздарды таңдау талғамы, сәулет өнерінің элементтерінде де өзгешелікті сақтайды. Аймақтық жағдайлардың әлеуметтендіруге ықпалы әр түрлі сипатта болады. Аймақтың табиғаттық-климаттық жағдайлары адамның денсаулығына да өзіндік ықпал етеді. Ерте жастан суық аймақта өмір сүретін баланың денесінің суыққа шыныққан болуын қамтамасыз етсе, бұл аймаққа ересек шағында келген адамға ол біршама қолайсыздықтар мен денсаулығына бірқатар сырқаттар алып келуі мүмкін. Ыстық аймақтағы адамдардың дене қимылында біршама ширақтық пен шапшаңдық болуы мүмкін. Мінез-құлқына да ақжарқындық пен ашықтық тән болады.
Әлеуметтендірудің тағы да бір ерекшелігі – ауыл қоғамының әлеуметтік-психологиялық процестеріне байланысты болатындығы. Ауыл халқына қарым-қатынастағы ашық мінезділік, құпияның болмауы, салыстырмалы түрде алғанда қырым-қатынастың жақындығы, ауыл халқының өміріндегі барлық құбылыстардың белгілі болуы тән.
Қазақ ауылында бала тәрбиесіне бүкіл ауылдың үлкендері, әсіресе, қарттары араласқандығы белгілі. Үлкендер ауылдастарының балаларының өрескел мінез-құлқын көрсе, ұрсып, тыйым салуға, ақыл айтуға құқылы болған. Ақсақалдар мен кіші ұрпақ міндеттерін қазақ халқында бала туған-туыстарымен қарым-қатынасы барысында үйреніп, мәнін түсінеді. Мұндай қарым-қатынастың мәні «сыйласу» түсінігімен байланысты анықталады.
Халқымыз: «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без, апа тұрып сіңлі сөйлегеннен без», «Ағаға қарап іні өсер, апаға қарап сіңлі өсер» деп тегін айтпаған. Туысқандар арасындағы өнегелі қарым-қатынас үлкенді-кішілі адамдардың өзара сыйласуынан, қайырымдылығынан, кішіпейілділігінен, адалдығынан туындайды. Жас ұрпақтың ақыл-есінің, мінез-құлқының қалыптасуы өскен ортасының өнегесі мен алған тәрбиесіне байланысты. Сондықтан да қазақ ежелден ағалы-інілі, апалы-сіңлілі адамдар арсындағы татулықты, бауырмалдықты насихаттап отырған. Дастархан басында отырғанда дәмнен ауыз тиюді бастау ең алдымен үлкен ер адамдарға тиесілі деп түсінген, егер ер азаматтар арасында ересектер болмаса, онда үлкен әйел азамат бастайды. Тек содан кейін ғана жастар табаққа қол салады.
Қазақ қоғамында үлкен кісілер отырмайынша жастарға отыруға болмайды. Бұл жастардың әдептілігі мен тәрбиесін көрсеткен. Сонымен қатар үлкендерді сыйлай білетін әрбір жас үлкен кісілерден жоғары отырмауы тиіс. Бұл, әсіресе, дастархан басында отырғанда ерекше назарда болатын жағдай. Жастардың ересектердің көзінше жантайып жатуы да қазақтың әдебінің ережелері бойынша ерсі болып саналады. Ал қыз балалары үшін үлкен кісілер ғана емес, өз ағалары мен ер балалар алдында шалқасынан түсіп жатуына болмайды. Сол секілді үлкен кісі түрегеп тұрғанда, жастардың отыруы да әдептілікке жат.
Халық (тұрғындар) - қандай да бір аумақта тұрақты дамыған немесе бүкіл жер шарын жайлаған адамдар жиынтығы. Қазақ ұлтында ертеден бала тәрбиесіне бүкіл ауылдың үлкендері, әсіресе қарттары, араласқандығы белгілі. Үлкендер мен бала міндеттерін бала туған туыстарымен қарым-қатынасы барысында үйреніп, мәнін түсінеді. Мұндай қарым-қатынастың мәні «сыйласу»түсінігімен байланысты анықталады. Халқымыз: «Үлкен тұрып, кіші сөйлегенннен без, анасы тұрып қызы сөйлегеннен без» деп бекер айтпаған. Жас ұрпақтың ақыл - есінің, мінез-құлқының қалыптасуы өскен ортасының өнегесі мен алған тәрбиесіне байланысты.
Қазақ қоғамында үлкен кісілер отырмайынша жастарға отыруға болмайды. Бұл жастардың әдептілігі мен тәрбиесін көрсеткен. Жастардың ересектердің көзінше жантайып жатуы да қазақтың әдебінің ережелері бойынша ерсі болып саналады.Ал қыз балалары үшін үлкен кісілер ғана емес,өз ағалары мен ер балалар алдында шалқасына түсіп жатуына болмайды.
Бақылау сұрақтары:
1.Мемлекет дегеніміз не?
2.Менталитет ұғымын әлеуметтану ғылымына енгізген ғалымды атаңыз?
3. Әлеуметтендіру процесіне әсер етуші факторларды атаңыз?
4.Ұл дегеніміз не?
5.Идеология терминін алғаш қолданған француз философын атаңыз?
6.Тұлғаның әлеуметтену процесіндегі ұлттық менталитетінің алатын орны қандай? Көзқарасыңызды дәлелдеңіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.І.Халитова Әлеуметтік педагогика.Алматы “Білім ” 2007
2. Қ.Т.Әтемова.Әлеуметтік педагогика.Алматы 2012
3. Социальная педагогика :Учебное пособие / ред. В. А. Никитина. - [б. м.] : ВЛАДОС, 2002. - 272 с.