СӨйлеу тілі бҰзылҒан балаларды оҚыту мен тӘрбиелеудіҢ педагогикалыҚ жҮйесі

1. Сөйлеу тілі бұзылған балалардың клиникалық-психологиялық мінездемесі

2. Мектеп жасына дейінгі балаларға логопедиялық көмек көрсету жұмыстары

3. V түрдегі (түзету) мектепте педагогикалық жұмыстарды ұйымдастыру

4. Жалпы білім беретін мекемелердегі логопедиялық көмек көрсету жұмыстарының ұйымдастырылуы

5. Денсаулық сақтау жүйесіндегі логопедиялық көмек көрсету жұмыстарының ұйымдастырылуы

Сөйлеу тілі бұзылған балалардың категориясы әр түрлі. Сөйлеу тілінің кемшіліктері пайда болу уақытына қарай бірінші және екінші кемшіліктер түрінде сипатталуы мүмкін.

Сөйлеу тілі бұзылған балалардың қатарына коммуникативтік және танымдық функциялардың бұзылуымен анықталатын психофизикалық кемшіліктер жатады. Г.В.Чиркина балалар мен жас өспірімдер арасындағы тіл кемшіліктерін түрлі аспектіде былайша қарастырады:

- сөйлеу әрекетінің психофизикалық жағының бұзылуы (сенсомоторлы деңгейі, сөздің мағынасын түсіну деңгейі);

- этиопатогенездік тұрғыда сөйлеу тіліндегі кемшіліктердің органикалық және функционалдық себептері;

Қазіргі уақыттағы сөйлеу тіліндегі кемшіліктердің клиникалық-педагогикалық классификациясына сүйенсек, былайша тізбектеледі:

1. Ауызша сөйлеудің бұзылуы:

Сөйлеудің фонациялық бейнесінің бұзылуы;

- афония, дисфония — дауыстың болмауы немесе бұзылуы;

- брадилалия — сөйлеудің патологиялық баяулауы;

- тахилалия — сөйлеудің жылдамдығы;

- тұтығу - сөйлеу аппараттарындағы бұлшық еттердің құрысуынан сөйлеудің бұзылуы;

- дислалия - дыбыстарды айтудың бұзылуы;

-ринолалия – сөйлеу аппаратының анатомо-физиологиялық құрылысының бұзылуы;

- дизартрия - сөйлеу аппаратындағы органикалық кемшіліктердің әсерінен дыбыстарды айтудың бұзылуы.

Сөйлеудің құрылымдық-семантикалық жағының бұзылуы:

- алалия — бас миының сөйлеу зоналарындағы қабықтық бөлімдердің органикалық зақымдануынан сөйлеудің болмауы немесе дамымауы;

- афазия —бас миының белгілі бір аумақтарының зақымдануынан сөйлеу тілінің жартылай немесе толықтай жойылып кетуі;

2. Жазбаша сөйлеудің бұзылуына мынадай кемшіліктер жатады:

- дислексия (алексия) — оқудың жекелей немесе толықтай бұзылуы;

- дисграфия (аграфия) — жазудың жекелей немесе толықтай бұзылуы. Психологиялық-педагогикалық классификация лингвистикалық және психологиялық критерийлерге байланысты анықталады.

Қарым-қатынас құралдарының бұзылуы:

- сөйлеу кезіндегі фонемаларды қабылдаудағы жетіспеушілік, ана тілін меңгерудің мағыналық жағының бұзылуы, фонемаларды қабылдау барысында байқалатын кемшілік;

- жалпы сөйлеудің бұзылуы (ЖСБ 1-4 деңгейде анықталады), оларды сөйлеу тіліндегі күрделі кемшіліктер біріктіреді.

Сөйлеу әрекеті кезіндегі қарым-қатынас құралдарын қолданудың бұзылуынан қарым-қатынасқа түсудің кемшілігі байқалады.

- тұтығу.

Аталған тіл кемшіліктері бар балалар категориясымен жұмыс жасайтын мамандар баланың орталық нерв жүйесінің дамуы мен психологиялық ерекшеліктерін жақсы білуі тиіс. Мұндай ерекшеліктерді бала эмоциясында байқалатын түрлі жағдайлармен, қимылдық қозғалыстағы бала әрекетінің белгілерімен, орталық нерв жүйесіндегі анықталған ауытқулармен, ұсақ қол қимыл моторикасының жағдайымен түсіндіруімізге болады. Аталған ерекше жағдайларды есепке алуда жүргізілген логопедиялық жұмыстардың қорытындысы баланың жалпы білім беру мекемелерінде білім алуына жағдай жасайды.

Мектеп жасына дейінгі балаларға логопедиялық көмек көрсету мекемелерінің тізбегі:

- сөйлеу тілі бұзылған балаларға арналған ясли-балабақша, сөйлеу тілі бұзылған балаларға арналған балабақша; ;

- жалпы типтегі сөйлеу тілі бұзылған балаларға арналған топтар;

- мемлекеттік білім беру мекемелері;

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тіл кемшіліктерін түзету жұмыстары аралас түрдегі оқыту негізінде жүргізіледі де, есту мен интеллектінің ерекшеліктеріне қарай сараланады.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында логопедиялық жұмыстарды ұйымдастырудың негізгі міндеттері:

- сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді түзету;

- баланы жалпы мектепте білім алуға дайындау;

- күрделі тіл кемшіліктері бар балаларды арнайы мектептерге оқуға дайындау.

Типтік жағдайларға байланысты анықталған логопедиялық топтардағы арнайы кәсіби жұмыстардың мазмұны Т.Б.Филичева, Г.В.Чиркина бағдарламасы бойынша жалпы сөйлеу тілі бұзылған балалар логопедиялық топтарға екі жылға 5 жастан бастап қабылданады. Топтағы бала саны 10-15 баланы құрайды. Жалпы сөйлеу тілінің 1-2 деңгейі бұзылған балалар 3 жылға шақталып 4 жастан бастап қабылданады.

Фонемаларды қабылдаудағы жетіспеушілік кезінде балаларды бір жыл уақытқа ересектер тобына немесе дайындық топтарына қабылдайды. Қажет болған жағдайда (дизартрия) кезінде ПМПК мамандарының көмегі қажет болады. Мұндай кезде балаға коррекциялық-педагогикалық көмек түрі екінші рет көрсетіледі. Бұл кездегі топтағы бала саны 12-14 баланы құрайды.

Тұтығу кезінде арнаулы топтарға бала 2-3 жастан бастап 8-10 баладан тұратын топтарға қабылданады. Жұмыс бағдарламасы С.А.Миронованың бағдарламасымен құрылады. Жалпы типтегі оқу бағдарламасы Н.А.Чевелеваның бағдарламасымен жүргізіледі. Аталған әдістеменің мақсаты заттық-практикалық әрекеттерге баулудағы логопедиялық жұмыстардың көмегімен мүсіндеу, жапсыру, сурет салу, конструкциялауға баулумен жүргізіледі.

Мектепке дейінгі сөйлеу тілі бұзылған балаларға логопедиялық көмек көрсету жұмыстары дәстүрлі түрде ойын, еңбекке баулу, дене тәрбиесі мен музыка, қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру, қоршаған ортамен таныстыру, бейнелеу өнері, конструкциялау бөлімдеріне бөлінеді.

Негізгі бөлімдер туралы айтсақ, тіл дамыту бөлімі сөйлеудің құрылымдық компоненттерінің барлығын қамтып, танымдық қабілеттерді дамыту жұмыстарын, коррекциялық-педагогикалық жұмыстарды ұйымдастырады.

Логопедиялық жұмыстарды ұйымдастыруда басшылыққа алынатын негізгі бағдарламалар (Т.Б.Филичева, Г.В.Чиркина, Г.А.Каше, Н.А.Чевелева, С.А.Миронова және т.б.)тіл дамыту жұмыстарының мынадай міндеттерін ұсынады:

- құрылымдық - тілдің барлық құрылымдық компоненттерін фонетика, лексика, грамматиканы қалыптастыру;

- функционалдық - қарым-қатынасқа түсу формаларын игерту;

- когнитивтік - тіл мен сөйлеудің бірлігін түсіндіру, сөйлеудегі себеп-салдарды анықтау.

Жалпы сөйлеу тілінің бұзылуы, фонемаларды қабылдаудың жетіспеушілігі кезіндегі логопедиялық жұмыстардың әдістемесі былайша құрылады:

- оқытудың сөйлеу әрекетінің барлық түрлерімен байланысы;

- тілдік материалдарды ситуациялы-тақырыптық деңгейде қабылдау;

- сөйлеуге үйретудегі қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру.

V түрдегі мектептерде сөйлеу тілі бұзылған балалармен жүргізілетін жұмыстарды ұйымдастыруда педагогикалық жұмыстар жалпы сөйлеу тілінің 2-3 деңгейдегі бұзылуы анықталған (дизартрия, ринолалия, алалия, афазия, дислексия, дисграфия, тұтығу) балалармен жүргізіледі.Сыныптардың толымы 12 бала. V түрдегі сөйлеу тілі бұзылған балаларға арналған түзету мекемесі екі бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімге жалпы сөйлеудің күрделі кемшілігі (дизартрия, ринолалия, алалия, афазия, тұтығу) бар балалар қабылданады. Оқушылар арнаулы бағдарлама бойынша білім алады. 10 жыл ішінде жалпы білім беретін мектептің 9 жылдық білімін игереді.

Екінші бөлімге күрделі түрдегі тұтығу белгіленген балалар қабылданады. Мұнда оқушылар жалпы білім беретін мектептің бағдарламасын нормативтік уақытқа сай (жалпы білім беретін мектептің уақытына) игереді.

Сөйлеу тіліндегі кемшіліктері түзелген балалар ПМПК мамандарының қорытындысымен кез-келген уақытта жалпы білім беру мекемелеріне ауыстырылады.

Бастауыш білім беру кезінде мұғалім-логопедтердің қызметі ұйымдастырылады. Арнайы мектепте жұмыс жасайтын, яғни жалпы білім беру пәндерін игертудегі мұғалімдер арнайы курстардан өтуі керек. Коррекциялық логопедиялық жұмыстарды тіл мамандығын игерген «мұғалім-логопед» біліктілігі бар мамандар жүзеге асырады. Сонымен қатар емдік-сауықтыру жұмыстары, психологтың қызметі, басқа арнаулы мамандардың қызмет түрлері көрсетіледі.

Жалпы білім беру мекемесіндегі логопедиялық пункт жұмысының ұйымдастырылуы арқылы 1 қыркүйектен 15 қыркүйек аралығында, 15мамыр мен 30мамыр аралығында жалпы сөйлеу тілі бұзылғнадар, фонемаларды қабылдаудың жетіспеушілігі анықталған балалар қабылданады. Логопедиялық пункттердегі баланың саны қалалық жерлерде 25 адамнан, ауылдық жерлерде 20 адамнан тұрады. Әр топтағы сабақтар жеке түрде 4-5 адамнан жүргізіледі. Топтық сабақтардың ұзақтығы - 40 минут, жеке сабақтардың ұзақтығы - 20 минутты құрайды. Логопедиялық пункттегі логопедтің дайындайтын құжаттары: ПМПК мамандарының қорытындысы бойынша толтырылған хаттама, сөйлеу картасы мен жеке жұмыс жоспары, тіркеу журналы, перспективті және күнтізбелік жоспар, ата-аналармен, мұғалімдермен жүргізілетін жұмыс жоспары. Сөйлеу тілі бұзылған балалар логопедиялық қызмет түрлерін денсаулық сақтау жүйесіндегі кабинеттерде, емханаларда, стационарларда, балалар ауруханаларында қабылдай алады.

    •
 

Денсаулық сақтау жүйесіндегі ұйымдастырылатын логпедиялық жұмыстардың мазмұнын жүзеге асыруда ғы логопедтердің кәсіби әрекеті:

-жүйелі түрдегі кеңес беру бағытында ұйымдастырылатын логопедиялық сабақтар арқылы сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді түзету, жоюға бағытталған педагогикалық (логопедиялық) жұмыстарды жүргізу;

-сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді анықтау, балалардың ПМПК мамандарының тексеруіне жіберілуін қамтамасыз ету;

-мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетін балалардың профилактикалық тексеруден өтуін бақылауға алу;

-ата-аналармен, педиатр дәрігерлермен, балабақша тәрбиешілерімен санитарлық-кеңес беру жұмыстарын жүргізу;

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары

1.Танымдық қабілеттердің дамуына сөйлеу тіліндегі кемшіліктердің тигізетін әсері қандай?

2. V түрдегі мектепке қабылдау жұмыстарында сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді классификациялаудың қай түрі қолданылады?

3. Сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді түзетудегі коррекциялық-педагогикалық жұмыстардың міндеттерін ата.

4. V түрдегі мекемелерде бірінші және екінші деңгейдегі оқыту бағдарламаларын саралау жұмыстары қалайша жүргізіледі?

Наши рекомендации