Тақырып: Синтаксисті оқыту әдістемесі
Мектепте синтаксисті оқытуда мынадай міндеттер қойылады:
- синтаксистік ережелер мен заңдылықтардың негізінде оқушыға тілдің синтаксистік құрылысы туралы жүйелі білім қалыптастыру;
- тілдің синтаксистік нормасы тұрғысынан оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіру;
- оқушы тілінің синтаксистік құрылысын мақсатты түрде байыту;
-пунктуация ережелерін оқушылардың ойдағыдай игеруіне негіз жасау;
- оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, ана тіліне деген қызығушылығын арттыру.
1. Сөз тіркесі синтаксисін оқыту әдістемесі.Сөз тіркесі синтаксисін жақсы меңгерту баланың логикалық ойлау қабілетін, тілін дамытады.
Ф.Оразбаева: «Сөз тіркесін оқыту әдістемесі дегеніміз – оқушылардың жас ерекшеліктері негізінде сөз тіркестерінің ішкі байланыстары мен мәнін оқушыларға ұғындыру заңдылықтары (сөз тіркесінің тіркесу заңдылықтары, мағыналық заңдылықтары, бір-біріне бағына байланысу заңдылығы т.б.) арқылы олардың сабаққа, пәнге деген қызығушылығы мен танымын арттыратын тиімді амал-тәсілдердің жиынтығы» - деп көрсетеді.
Мектеп бағдарламасында қазақ тілінің синтаксис саласын өткенде алдымен, сөз тіркесін, оның зерттеу нысанасын, ішкі құрылысын, ерекшеліктерін талдап, онан соң байланысу тәсілдері мен формаларын қарастыру керек. Сөз тіркесі саласында қарастырылатын әрбір тақырып бірінен-бірі туындап, бірінен-бірі өрбіп жатуы қажет. Әр тақырып өзара тығыз байланыста түсіндірілсе, оқушыларға синтаксис саласын толық меңгеру, дұрыс түсіну, ұғыну оңайға соғады. Сөз тіркесін оқытуда мынадай бағытта жүргізілу керек: 1. Сөз тіркесі туралы түсінік 2. Сөз тіркесінің құрылысы. 3. Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері. 4. Сөз тіркесінің байланысу формалары. 5. Сөз тіркесін топтастыру туралы. 6. Сөз тіркесінің лексика-грамматикалық мағынасы. 7. Сөз тіркесі және оған ұқсас тұлғалар.
2. Жай сөйлемді оқыту әдістемесі.Жай сөйлемді оқыту барысында мұғалім ең алдымен сөйлемнің басты қасиеттеріне ерекше тоқталғаны жөн. Хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерді оқытқанда, оқушыларға бұл сөйлемдердің әрқайсысының қандай жағдайда, қандай мақсатпен қолданылатынын және олар ауызекі сөйлеу тілінде немесе жазбаша мәтіндерде қандай мән беретінін, мағынасын жеткізе түсіндіру керек. Осыған орай, сол сөйлемдердің айтылуындағы тиісті дауыс ырғағын сақтап, мәнерлеп, нақысына келтіріп, ашық, айқын, дұрыс оқуға, оларды оқудың интонациясы сөйлемнің бүкіл мазмұны мен мағынасына сай келуі жағына айрықша көңіл бөлінуге тиіс.
Сөйлемнің қалай түрленетінін мұғалімнің өзі жақсы білуі шарт. Сөйлемнің түрленуін түсіндірген кезде оқушылардың сөйлемді дұрыс оқуына мән беруіміз қажет. Себебі, сөйлемнің тыныс белгісі әр түрлі болып келуі мүмкін. Сөйлемді интонациясына қарай түсіндіргенде бір сөйлем алып, сол сөйлемді әртүрлі интонациямен айтып, сөйлемнің түрін байқатып, интонацияның мәнін, ерекшелігін байқатып түсіндірген тиімді. Сөйлем мүшелерінің талдану тәртібін әр уақытта ескертіп отыру керек. Синтаксисті өту арқылы оқушы жазу тілі мен ауызекі сөйлеу тілінің маңызын игере түседі. Синтаксистік талдау кезінде оқушылардың тез, дұрыс талдау дағдысын қалыптастыру керек. Шартты белгілерді саналарында берік қалыптастыруға күш салу қажет.
3. Құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі. Құрмалас сөйлемді оқыту барысында оқушыға салалас пен сабақтас құрмаластың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыра отырып түсіндірген тиімді. Салалас пен сабақтас сөйлемнің бір-бірінен айырмашылығы оның баяндауыш формасы екендігі мысалдар арқылы түсіндіріледі. Алынған сөйлемді бір-біріне айналдыру арқылы тереңірек түсіндірген жөн. Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен айырмашылығы оның күрделі ойды білдіретіндігінде екендігі жай сөйлемді мысал ретінде алып, салыстырғаны дұрыс. Кейбір құрмалас сөйлемдердің жай сөйлемнен де қысқа болып келетінін, ал керісінше кейбір жай сөйлемдердің ұзақ болып кездесетінін де айтып өту қажет. Құрмалас сөйлемді оқытқанда оның тыныс белгісіне де назар аудартылады.
Тақырып: Қазақ тілінен жүргізілетін жазбаша
Жұмыстар
Жалпы мектепте жүргізілетін жазбаша жұмыстарды тілдік бақылау сабақтарына жатқызамыз. Тілдік бақылау сабақтарын мынадай түрлерге жіктейміз.
1. Білім мен дағдыны бақылау сабақтары. Бұл сабақтың мақсаты оқушының пән бойынша білім сапасын, дағды мен іскерлік дәрежесін анықтау болып табылады. Бұған негізінен өздік жұмысы жатады. Өздік бақылау жұмыстары өзара ұқсас тақырыптарды өткеннен кейін жүргізу тиімді. Бақылау сұрақтарын тапсырарда мұғалім өзі іріктеп сыныптың жас ерекшелігі мен жалпы ерекшеліктерді ескере отырып, сабақтың мазмұның жасайды, өткізудің ауызша, жазбаша формаларын анықтайды.
Бұл сабаққа тағы да тест жұмыстарын жатқызуға болады. Тест дегеніміз – тәжірибе, тексеру деген сөз. Тестілеудің мақсаты: а) оқушылардың білім дағдыларын қалыптастырып, іскерлігін, шығармашылық қабілетін арттырып, ой-өрісін өсіруге, өзіндік дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етеді; б) оқу процесінде алған білімін қорытады, әрі қарай дамытады; ә) сабақ беру әдісін, бағдарламаның сапасын және оқыту мақсатын зерттейді; в) оқытудағы кемшіліктерді анықтап, оларды жоюға жол ашады. Соның нәтижесінде сабақ жоспары талданып, түзетулер енгізіліп отырады; г) тақырып арасындағы байланыстарды қамту және оқушылардың өткен тақырыптарды еске сақтау қабілетін арттырады; ғ) оқушылардың базалық деңгейін анықтайды; д) оқытудың міндетті нәтижесінің меңгеру деңгейін анықтап, оларға сұрақтар мен өлшеуіш тапсырмалар жинақталады.
Тест жұмысының өзіндік талаптарын ескерген жөн. Сонымен тест деп стандартты үлгіде құрылған, пәндік және сенімділік қасиеттерін қанағандыратын, білім, іскерлік дағдыларын, дидактикалық және психологиялық зерттеулерде дағдыларын, ақыл-ой дамуын, қабілеттіліктің салыстырмалы бағасын беретін тапсырмалар жинағын айтамыз. Ол орындалу формуласына қарай ашық, жабық, сәйкестендіру тестісі т.б. болып аталса, мазмұны мен тексеру мақсатына байланысты қарым-қатынастық тест, грамматикалық тест, лексикалық тест, аралас тест болып бөлінеді.
2. Орфографиялық және пунктуациялық сауаттылығын бақылау сабақтары.Бұған диктант жатады. Диктант естігенді ойша түсініп іштей отырып, жазу дегенді білдіреді. Мұғалім бақылау сабағын өткізу, даярлану кезеңдерінде бірнеше талапты орындауы қажет. 1) Диктанттың мәтініне қойылатын талаптар. 2) Диктантты жазғызуға қойылатын талаптар. 3) Оқушыларға қойылатын талаптар.
Көздеген мақсаты, орындалу тәсілі және көлеміне қарай диктант көру диктанты, шығармашылық диктант, ерікті диктант, өздік диктант, ескерту диктанты, бақылау диктанты т.б болып бөлінеді. Тәжірибеде қолданылып жүрген диктанттың кейбір түрлеріне тоқталайық.
1) Әріп диктанты 2-6 сыныптарда өткізіледі. Мақсаты – қазақ тілі дыбыстарымен әріптерін дұрыс меңгертіп олардың бір-бірімен айырым ерекшелерін білдіру мақсатында жүргізіледі.
2) Буын диктанты барлық сыныптарда өткізіледі. Бұл оқушыларға буынды, оның жасалу жолын меңгеруге көмегін тигізеді.
3) Сөз диктанты барлық сыныптарда өткізіледі. Мақсаты – оқушыға сөздің белгілі ұғымын білдіретінін, мағынасы болуын түсіндіру.
4) Сөйлем диктантының мақсаты – оқушыларға сөйлем түрін танытып, оны өз беттерінше құра білуге дағдыландыру.
5) Көру диктанты барлық сыныптарда жүргізіледі. Мақсаты – оқушының көру, есте сақтау қабілетін дамыту арқасында қазақ сөздерін сауатты жазуға үйрету.
6) Өздік диктанты барлық сыныптарда өткізіледі. Оқушылар өтілген мәтіннің немесе суреттің мазмұнын, оқыған кітап, көрген уақиғалары жайында жазады, сондай-ақ кейбір сөз бен сөз тіркестерін, сөйлемді жаттап алған өлеңді, мақал, қанатты сөздерді, фразеологиялық тіркестерді естеріне түсіріп жазады.
7) Сөздік диктант. Әр сабақта жазуға болады. Оқушылардың сөздік қорын, сауаттылығын тексеру мақсатымен жүргізілетін тексеру жұмысының бұл түрі 2-11 сыныптар арасында жүйелі түрде өткізіліп тұрса, пайдасы зор.
8) Терме диктант. Оқушылар мәтінді тұтас жазбай мұғалім оқып тұрған мәтіннен әркім өздеріне берілген тапсырмаға лайықты ережелері бар сөздер мен сөз тіркестерін немесе сөйлемді теріп жазады.
9) Ескерту диктанты барлық сыныптарда өткізіледі. Оқушылар түсініксіз сөз, сөз тіркестерін бір-біріне сұрақ қою арқылы қайталап, естеріне түсіреді. Қиын сөздің қалай жазылатынын барлық оқушының қатысуымен анықтап алып соңынан жазады. Бұл оқушылардың өтілген материалдан алған білімін жетілдіре түсуге себін тигізеді. Диктанттың бұл түрі кейде түсіндірмелі деп те аталады.
10) Еркін диктант. Бұл диктант оқушыларға сөздің жасалуы мен грамматикалық ерекшеліктерін үйрету мақсатында жүргізіледі. Оқушылар сөйлемді өз еркінше құрайтындықтан да бұл ерікті диктант болып аталады.
11) Шығармашылық диктант. Барлық сыныптарда өткізіледі. Диктанттың бұл түріне сөйлем мүшелерінің орын тәртібі бұзылып, шашыранды сөз түрінде берілген мәтіндер алынады. Бұл сөздердің әр тобынан оқушылар өздігінен сөйлем құрастырады.
12) Бақылау диктант. Барлық сыныптарда оқушылардың білімі мен сауаттылығын тексеру мақсатында өткізіледі. Диктанттың бұл түрі белгілі тақырыпты өткеннен кейін әр тоқсан соңында жүргізіледі.
3. Байланыстырып сөйлеу дағдыларын бақылау және үйрету сабақтары.Тәжірибеде оны біз мамзұнадама, шығарма сабақтары деп те жүрміз. Мазмұндама мен шығарма жүргізілу мақсатына қарай үйрету және бақылау бағытында, орындалу орынына қарай үй немесе сынып мазмұндамасы, шығармасы, өткізілу формасына қарай ауызша не жазбаша болып бөлінеді.
Мазмұндамамынадай түрлерге бөлінеді: толық баяндау, таңдаулы баяндау, қысқаша баяндау, ауыстыра баяндау.
1) Қысқаша баяндау – мәтінді барынша қысқарта баяндау, ең керектілерін ғана жүйелі жинақы жазуға баулиды.
2) Таңдаулы баяндау – тыңдалған мәтінінен бәрін жазбай тек табиғат суретін не кейіпкер портретін ғана таңдап жазу.
3) Ауыстыра баяндау – ең негізгі дегенін бірінші қоя баяндау, ретімен емес.
4) Толық баяндау – бұл тіл сабағынан алған білімін іс жүзінде көрсете алу іскерлігі байқалады.
Мазмұндама жазудың өзіндік талаптары бар. Мазмұндаудың екі түрі бар: мазмұнын сақтап мазмұндау, еркін мазмұндау.
Шығарма- оқушылардың өзіндік шығармашылық еңбегі. Шығарма жазылу тіліне қарай баяндау, суреттеу, сипаттау, талдау түрінде жүргізіледі. Шығарма арқауына байланысты, оны көргені мен бастан кешкендері, көріп отырғанына байланысты /сурет, мұражай, көрме/ шығарма деп бөлеміз. Жазба жұмысының бұл түрі арқылы оқушылардың өз ойын, пікірін қазақ тілінде жеткізе білу дәрежесі, лексикалық, гармматикалық білімдерін қолдана алу деңгейі анықталады.
Тіл сабақтарынан жүргізілетін шығарма мазмұны жағынан 2 топқа бөлінеді: тілдік тақырыпты, еркін тақырыпты.
Оқушыны шығарма жазуға дағдыландыру, машықтандыру үшін оған қойылатын талаптарды ескерген жөн. Оқушыларды шығарма жазуға үйретудің негізгі сатылары:
1. Шығарма тақырыбын таңдап алу және оны талдау.
2. Шығарманың идеясын анықтау.
3. Шығарманың жоспарын жасай білуге үйрену.
4. Жазылған шығармаға талдау жасау.
«Талант – іске деген сүйіспеншілік сезімімен дамиды, талант – тек қана іске және жұмыс процесіне деген шынайы сүйіспеншілік» - деп жазады М. Горький, шығармамен жұмысты жоспарлай отырып, оны тексеруге де уақыт қалдыру керек.
5. Шығарманы аяқтау және қорытындылау.
Шығарма жазудағы басты мәселелер.
1) Сөз сұрыптау (Бұл үшін оқушының сөздік қорын байыту жұмысы мұқиятталуы ескертіледі).
2) Сөйлем құрау (Сөйлемдегі сөздер бір-бірімен дұрыс байланысуы, орнын таба қолдану).
3) Сөйлем мен сөйлем, абзац пен абзац арасындағы байланыс (ой байланысы), келесі сөйлем алдынғы сөйлемдегі ойдын жалғасы екендігін немесе абзац пен абзацтағы ойлар да бір-бірімен тұтаса байланысатынын ерекше үйретіп алу қажет.
4) Стиль тазалығы (бір сөзді немесе бір ойды орынсыз қайталамау, қыстырма сөздерді орынсыз кіргізе бермеу).
5) Ой бағдарлылығы /өзіне-өзі есеп беру, өзін-өзі сынау, байқау/.
6) Тақырыпты жете меңгеру (оқушының білім алуға құштарлығы, тиісті әдебиеттерді түсіне оқуы, оны ақыл елегінен өткізу, өмір құбылыстарын зерделей білуі).
7) Өзі жазатын тақырыпта айтпақ ойын, баяндалу жүйесін, көлем-мөлшерін алдын ала топшылай білу.
8) Шығарма /оның мазмұнын меңзетерліктей эпигроф сөздер қолдана білу/.
9) Шығарма тақырыбын ашуға қажетті оның жоспарын жасай білу.
10) Шығарманың кіріспе бөлімі мен негізгі бөлімінің арасындағы байланысты қиюластыра білу.
11) Қорытынды пікірін, өзінің шығармаға көзқарасын, алған әсерін пайымды түрде сипаттай білу.
12) Тақырыптың тәрбиелік мәнін аша білу.