Мақал мәтелдер- лингвомәдени бiрлiктер
Анропология термині.Қазіргі таңда қазақ тіл білімінде дүниенің тілдік бейнесі жайлы зерттеулер көп айтылып, зерттеліп жүргені белгілі. Дүниенің тілдік бейнесін жасаудағы басты ұстанымдардың бірі – антропоөзектік ұстаным. Қайсыбір заманда болмасын ғылым, білім, өнер, мәдениет – барлығының алдына қойған мақсаты адамды тәжірибесі мен құндылықтары тұрғысынан тану болды. Бұл дүниедегі сан түрлі әрекеттердің бәрі де адаммен және оның болмыстық қасиеттерімен тығыз байланысты. Адамның бүкіл әлем туралы білімдер жиынтығын санамалап саралауда антропоөзекті зерттеудің маңызы орасан зор. «Антропология» терминін алғаш рет адамның дене мүшесі мен ішкі жан дүниесін сипаттауда ежелгі грек философы Аристотель қолданған. Содан бұл термин бірнеше ғасырдың жүзі өткен соң ғана ғылыми айналымға енеді. Бұл терминнің түбірі грек сөзінен шыққан, anthrôpos «адам» дегенді білдіреді. Яғни, антропология – адамтану, адамды формасы жағынан жануар ретінде, ал мазмұны жағынан ақыл иесі ретінде қарастыратын ілім. Қазіргі таңда адамтану ғылымына көптеген салалық ғылымдар жатады. Атап айтқанда, антропологияның құрамына археология, этнография, фольклор, лингвистика, физиология-биологиялық және әлеуметтік антропология т.б. пәндер жатқызылады. Тіл біліміндегі антропоөзектілік қазіргі ғылыми ортада көптен бері аян болып, оның қыры мен сыры жан-жақты талданып келеді. Соңғы жарты ғасырда қарқынды дамып келе жатқан бұл ғылыми бағыттың негізгі ұстанымы – тілді адам болмысымен бірлікте қарастыру. Бүгінгі таңда антропологиялық тіл білімінің негізіндежүзеге асатын, бір-бірімен өзара шарттас, әрі іштей тығыз байланысқан бірқатар ғылыми бағыттар қалыптасты. Атап айтсақ, олар: социолингвистика, этнолингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттаным, когнитивті лингвистика және палеолингвистика. Бұл пәндер басқа ғылым салаларымен қоғамдасып, интеграциялануы нәтижесінде өмірге келіп, экстралингвистиканың (яғни сыртқы лингвистика) аясында қарастырылады.Ғылым дамып, таным тереңдеген сайын қазақ тіл білімі қол жеткен табыстармен шектеліп қалмай, жаңа ғылыми зерттеулерді біртіндеп меңгеруде. Қазақ тіл білімінде соңғы жылдары тілді жеке адам болмысымен немесе жеке этноспен олардың ойлау өрісімен және ақиқат туралы білімдер жүйесімен сабақтастықта қарауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақ тіл білімінің жүйесін қалыптастырудағы когнитивтік модельдердің рөлін көрсету арқылы тіл білімінің ғылыми бейнесі жасалуда.
Тіл біліміндегі антропоөзектік бағыт.Бүгінгі таңда лингвистика ғылымының даму тенденциясын айқындайтын бірден-бір принциптердің бірі – тілді антропоөзектік бағытта таныту. Ендеше тілді этноспен, оның ой-санасымен, дүниетанымымен, парасатылығымен, ұлттық мәдениетімен байланыстыра зерттеу арқылы дүниенің тілдік бейнесін жасайды. Антропоөзектік бағыттағы дүниенің тілдік бейнесі жөніндегі мәселе орыс тіл білімінде Б.А.Серебренников, Е.С.Кубрякова, В.И.Постовалова, В.Н.Телия, А.А.Уфимцева, А.Вежбицкая, В.Г.Колшанский, Ю.Д.Караулов, В.Масловалардың және қазақ тіл білімінде Ә.Қайдар, М.Копыленко, Е.Жанпейісов, К.Хұсайын, Н.Уәли, Б.Қалиұлы, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Ғ.Сағидолда, А.Ислам, Б.Тілеубердиев, Э.Оразалиева, Б.Ақбердиева, Г.Снасапова, Қ.Жаманбаева, Ә.Алмауытова, К.Күркебаев, А.Әмірбекова т.б. ғалымдардың зерттеу нысанына айналған. Тіл арқылы этностың ұлттық рухани құндылықтары, дүниетанымы, ой жиегі анықталады. Ендеше этнос арқылы тіл құдіреттілігін, ал тілдің байлығын тек этнос арқылы ғана тани аламыз. «Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсайды», – деп әсерлі ой айтқан А.Байтұрсынұлы былай дейді: «Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде, сөзі толық түсінікті болу үшін, дерексіз заттарды деректі затша, пернесіз заттарды пернелі затша қалыптайды. Жансыз затты жанды заттай ғаламдайды» [1, 353 б.]. Ғалым А.Исламның пайымдауынша, «Дүниенің тілдік суреті адамның танымдық іс-әрекеті, ұлттық мәдениеті негізінде түзіледі және белгілі бір ұлт қауымдастығының өкілдеріне ортақ. Демек, дүние суреті дегеніміз – концептуалды (логикалық) және тілдік үлгілер формасымен берілетін санамен тікелей байланысты дүние туралы білімдер жиынтығы... Адам қоршаған ортаны ойлау арқылы танып-біледі және ол адам санасында көрініс табады. Адамның шындықты танып-білуі, ой арқылы жүзеге асса, тіл – ойдың бейнелеу қызметінің нәтижесін бекітудің құралы ретінде қызмет етеді» [2, 13 б.]. Қазiргi таңда лингвистикалық зерттеулер тiл қызметiнiң когнитивтiк аспектiлерiне қарай бағыт алуымен сипатталатыны белгiлi. Бұл бағыттың мақсаты - адамдардың қоршаған ортадан ақпараттар мен мағлұматтар алу, оны бойына сiңiру, жүйелеу және қолдану процестерiне талдау жасау. Қоршаған ортаны тани отырып, адам ол жайлы өзiнiң көзқарасын бақылау, әсер алу, сезiну, есте сақтау, қиялдау, түрлi ассоциациялар жасау және т.б. психикалық iс-әрекеттердiң нәтижелерi негiзiнде қалыптастырады.
Мақал мәтелдер-лингвомәдени бiрлiктер.Дүниенің тілдік бейнесін жасайтын адам дейтін болсақ, адамның танымы, қарым-қатынасы арқылы тілді танимыз. Ендеше, тіл мен ойлаудың, ұлттық дүниетанымның тоғысуынан туындайтын күрделі құбылыстың бірі – мақал-мәтелдер. Мақал-мәтелдер қазақ халқының өмiр тәжiрибесiнен, тiршiлiк танымынан түйiп түзiлген ерекше лингвомәдени бiрлiктер. Этносының таным үрдісі мен рухани құндылықтарды қабылдау, зерделеу, пайымдау, тұжырымдау өрісі мақал-мәтелдерде кең көрініс тапқан.Академик Ә.Қайдар «кез келген этностың (бүгінгі ұлыстың, халықтың не ұлттың) тілінде оның басынан өткен бүкіл өмірінің өрнегі жатыр. Халықтың, яғни этностың шын мәніндегі болмысы мен дүниетанымы оның тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірде қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни тілдегі сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, аңыз-ертегілер арқылы ғана бізге жетуі мүмкін» деп пайымдаған [3, 35 б.]. Демек, мақал-мәтелдер – қазақ тілі сөз қорының ғасырлар бойы қалыптасқан тұрақты да құрамды бөлігі ғана емес, сонымен қатар ұлттық дүниетанымымыз бен менталитетіміздің тілдегі ең бір жарқын көрінісі.Мақал-мәтелдердің тілімізде, өмір-тіршілігімізде, рухани-материалдық мәдениетімізде қолданылмайтын саласы жоқ. Сондықтан да олар этностану, қоғамтану, табиғаттану, т.б. танымдық құбылыстардың тілдік негіздері деп қарауға болады. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Олардың ең бастысы тілдің танымдық қызметіне байланысты. Ал, бұл тәсілдің түп-тамыры, сайып келгенде, тым әріден, көшпелі қауымның өмір-тіршілігіне сәйкес қалыптасқан тілдік дәстүрден бастау алғандығы сөзсіз. Екі мыңнан астам қазақ мақал-мәтелдерінің табиғатын зерттеп және олардың түсіндірме сөздігін жасаған академик Ә.Қайдар «Тілімізде қордаланған мыңдаған мақал-мәтелдердің мән-мағынасына зерделі көзбен қараған адам ең алдымен өз халқының басынан кешірген барша өмірін, салт-сана, қалыптасқан дәстүр, дүниетанымын елестете алады» – дейді. Қазақ тіл біліміндегі мақал-мәтелдер түрлі тақырыптарға топтастырылып‚ олардың қоғамдық өмiрдегi түрлi оқиғалар мен құбылыстарды‚ адамның тұрмыс жайын‚ шаруашылық кәсiбiн‚ басқа да түрлi iс-әрекетiн түгел қамтып‚ адамгершiлiк‚ тәлiм-тәрбие‚ мiнез-құлық жайлы даналық ой қорыту арқылы ұлттық дүниенiң тiлдiк бейнесiн жасаушы негiзгi индикаторлардың бiрi екенi сөзсіз. Тіл және ойлаудың өзара қатынасы қарастырылған кезде сөздер, олардың мағыналары адам тілінде бөлек түсінік, өзіндік танымдық әлем құрайды. Антропоөзектік бағытта адам кез-келген заттарды ойлау тұрғысынан қабылдауында объективті әлемді танитын оны өзінше өзгерте алатын белсенді субъектіге тән қасиеттері мен заттардың дерексізденіп, абстракциялануын сипаттай алатын мүмкіндіктер білдіреді. Антропоөзектік ұстаным негізінде мақал-мәтелдер ауыспалы мағынада қалыптасып, тілдік қолданыста қарым-қатынас құралы ретінде жұмсалады.Этностың этникалық сипатының, мәдениетінің тілдегі көрінісі адамның сыртқы келбетін, мінез-құлқын, іс-әрекетін образды түрде танытатын және сипаттайтын мақал-мәтелдер құрамында көбірек байқалады. Мақал-мәтелдер халықтың ғасырлар бойы көңілге түйіп, сұрыптап жеткізген образдар дүниесінің тілдік бірліктері деп қарайтын болсақ, әсіресе адамды сипаттауда, оның ішкі жан дүниесін танытатын, яғни мінез-құлқын бейнелейтін, іс-әрекет, қимылын суреттейтін мақал-мәтелдерді жиі ұшыратамыз. Қазіргі лингвистикада адамның сана болмысын, оның айналасын, рухани қарым-қатынасын антропоөзектік және тілдегі адамдық фактор ретінде зерттеу ең басты бағыттардың бірі болып отыр. Тіл иесі халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірінің, оның рухани дүниесі мен материалдық мәдениетінің әдет-ғұрып, салт-дәстүр т.б. түсініктерінің қозғаушы күші, тірегі, діңгегі адам болып табылады. Сондықтан да болар кез келген халықтың фразеологизмдері, оның ішінде мақал-мәтелдер адам ұғымымен байланысып жатады. Мұның бәрі ғаламның тілдік бейнесін жасаудағы ой иесінің үлес салмағын танытады.Бүгінгі таңда тіл білімінде антропоөзектік бағыт үстемдік алып, адам факторына ерекше мән беріліп отыр. Зерттеу парадигмасының антропоөзектік ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметін, атап айтқанда, танымдық (когнитивтік) және коммуникативтік қызметін терең ашуға бағытталады. Антропоөзекті зерттеулерде ұлттық сананың тілдегі көрінісі бейнеленеді.
Тілден тыс болмыс сөйлеушілердің тілінде бейнеленумен қатар, бір тілде сөйлесушілердің ойлау жүйесі де ортақ болады. Ғаламның тілдік бейнесін түзуде грамматикалық категориялардың өзіндік орны бар. Қоғам дамуына байланысты грамматикада да өзгерістер болып тұрады. Алайда ол лексикамен салыстырғанда, өте баяу жүреді.
Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі тіл біліміндегі антропоөзектік бағытқа сәйкес тілдің адамның ойлау жүйесі мен іс-әрекетіне ықпалы, сонымен қатар адамның тілге әсері, тілдегі адам факторына ерекше мән берілуде. Осы тұрғыдан қарағанда, грамматикалық категориялардың қалыптасуында адам болмысы, мінезі, көзқарасы, коммуникативті актіге қатысушылардың т.б. антропоөзекті сипатының объективті жағдаятқа қатысы байқалады. Соның нәтижесі ретінде грамматикалық категориялар түрлі формада тілдік бірліктер арқылы тұрпатталады. Оған негіз болатын грамматикалық қатынастар санада мазмұнданып, осымен байланысты морфологиялық категорияларды таным әрекетімен, концептуалдау және категориялау үдерістерімен тығыз байланыста қарастыру қажеттігі туындайды. Соған сәйкес жүргізілетін талдау тілдік құбылыстарды антропоөзектік тұрғыдан айқындайды. Мұнда адам екі түрлі бағытта сипатталады: 1) адамның тілдегі көрінісі; 2) адамның тілді тұтынуы. Бірінші бағытқа сәйкес адамның дүниетанымы байқалады. Мысалы, адамның соматикалық бейнесінің концептуализациясы нәтижесінде адамның физикалық қабілеті, зияткерлік (интеллектуалдық) қабілеті, эмоциясы, әлеуметтік «мен»-і көрінеді, адам сөйлеу-ойлау әрекетіне қатысушы тұлға ретінде көрінеді. Адамның тілдегі көрінісі негізінен лексика мен фразеологияда айқын көрініс тапқан, сондай-ақ грамматикалық категориялардан да оның өзіндік ерекшеліктерін байқауға болады. Ол үшін грамматикалық категорияларды жеке-дара, оқшау қарастырмай, коммуникация мен когниция талаптарын ескере отырып, тілді когнитивті жүйе ретінде тұтас қарастыру қажеттігі байқалады. Зерттеу жұмысының өзектілігін осы тұрғыдан негіздеуге болады.
Екіншіден, зерттеу жұмысында тіл мен адам өзара байланыста қарастырылып, адамның грамматикалық категорияларды танушы және атаушы субъект ретіндегі және концептуалдаушы, коммуникативті діттеміне (интенция сөзінің баламасы, Н.Уәли термині) байланысты коммуникация әрекетіне енгізуші, тілді тұтынушы тұлға ретіндегі қызметіне ерекше назар аударылады.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1.«Антропология» терминін алғаш рет кім қолданған?
2.«Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсайды», – деп әсерлі ой айтқан кім?
3.Зерттеу парадигмасының антропоөзектік ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды қандай екі қызметін ашуға бағыттаалады?
4.«Тілімізде қордаланған мыңдаған мақал-мәтелдердің мән-мағынасына зерделі көзбен қараған адам ең алдымен өз халқының басынан кешірген барша өмірін, салт-сана, қалыптасқан дәстүр, дүниетанымын елестете алады» деген кім?
5.Дүние суреті дегеніміз не?
Әдебиеттер тізімі:
1. Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.
2. Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті (салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдени сараптама): филол. ғыл. док. ... дис.: 10.02.02. – Алматы, 2004. – 340 б.
3. Қайдаров Ә. Тарихи лексикология және этнолингвистика// Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері. –Алматы, 1988, -33-38.
4. Қайдар Ә.Халық даналығы. Алматы: Толғанай Т, 2004. -560 б.