Халық педагогикасындағы ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесі
Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болуы, қазақ тілінің мемлекеттік дәреже алуы, тұңғыш Конституция, «Білім беру» заңының қабылдануы, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша қарауды, оны жақсарту жолдарын нақты айқындауды талап етеді.
Қоғамымыздың іргесін нығайту мақсатында ең алдымен адамгершілік, ізгілік, имандылық тәрбиесін көркейту қажет. Оның негізгі мұраты-баланы жастайынан әлеуметтік ортада мәдениетті қарым-қатынас жасай білуге үйрету, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсетуге, ел-жандылыққа баулу.
Қазақ халқының өзіне тән ерте заманнан қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиесінің асыл қазынасы, мол тәжірибесі бар. Оның бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесінің негізіне алынуы егеменді еліміздің мүддесі, халқымыздың талабы.
Халқымыз тәрбиелеу және оқыту ісін баланың неғұрлым жас кезінен бастау керек деген қағиданы жоғары қойған.
Рухани-адамгершiлiк тәрбиесiндегi басты мәселе баланы құрметтеу. Әрбiр жасөспiрiм өзiн-өзi рухани жетiлдiру үшiн өзiн-өзi тәрбиелеуге, өздегiнен бiлiм алуға ұмытылуы қажет екендiгiне түсiнуi тиiс .
Адамгершiлiк тәрбиесiнiң мазмұны жалпы адам құндылығын жоғарлату қажеттiлiгiнен көптеген өзгерiстерге бет бұрды. Егемендi ел болғаннан берi жас ұрпақты адамгершiлiкке, парасаттылыққа, саналықпен, жауапкершiлiк тәрбиесi арқылы жеке тұлғаны қалыптастырудың сипаттарына: жауапкершiлiк, көздеген мақсатқа жету, кiсiлiгiн қадiр-қасиетiн сақтау, сенiмдiлiк жатады. Адамның жеке тұлғалық қасиеттерiн жетiлдiруi оның өзiн-өзi құрметтеуiне, өмiрде табысқа жетуiне үлкен ықпалын тигiзедi.
Рухани-адамгершiлiкке тәрбиелеу iсi бiлiм берумен ғана шектелмейтiндiгi айқын. Бұл балаланың сана-сезiмiне әсер ету арқылы, iшкi жан-дүниесiн оятудың нәтижесiнде оның дүниетанымын қалыптастырады.
Баланың сана-сезiмiн, адамгершiлiк мұраттарын қалыптастыру –тәрбиенiң ең бiрiншi мiндетi. Тәрбие барысында әрдайым осы мұраттарды басты нысана етiп ұстау қажет. Себебi баланың көзқарасы оның күнделiктi iсмен сәйкес келмесе олар ойлауға шебер, бiрақ iске жоқ адамдар болып қана шығады. Баланы имандыққа баулып, мейрiмдiлiк, қайырымдылық, кiшiпейiлдiлiк, қамқорлық, iзгiлiк сияқты қасиеттердi бойларына сiңiру – әрбiр отбасы мен тәрбие беретін ұйымдардың басты парызы.
Дана ақын, халықтың ырысы «Құтты бiлiктiң» негiзiн қалаушы Жүсiп Баласағұн – адамның мiнез құлқы мен оның қоғамдағы орнына ерекше тоқталады. Адам – бұл дүниеге қонақ, сондықтан ол артына ылғи да жақсы сөз бен жақсы iсiн қалдырып отыруы қажет. Ол үшiн әр кез жаман қылықтан сақтанып, адалдықпен жүрiп-тұруы тиiс деген ойлары бiзге жақсы мәлiм.
Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы, адам бойындағы түрлі жақсы-жаман қасиеттер туралы Жүсіп Баласағұнның атақты «Құтты білік» поэмасында кеңінен баяндалған. Ұлы ойшыл осы шығармасында жоғары мұратты қоғамға лайықты қағидаларды сипаттай келе, адамның мінез-құлық нормалары мен ережелерін, әр түрлі қоғамдық дәрежедегі жіктердің басқарудағы міндеттері мен қызметтерін белгілеп берді.
Жүсіп Баласағұн өз еңбегінде бала тәрбиесіне де баса назар аударып, бұл орайда бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігін атап көрсетеді («Егер бала тәртіпсіз болса, оған әкесі де кінәлі»). Ғұлама ғалым өз өсиеттері арқылы адамдарды өтірік айтудан сақтандырып, өмірде жақсылық жасауға шақырады («Қастық қылма, арамдықты сайлама, Тый құлқынды, жақсылық ет қайда да»).
Ендеше балаларды рухани-адамгершiлiк тәрбиесi арқылы толыққанды жетiлген азамат етiп тәрбиелеу – қоғамыздың басты мақсаты. Рухани тәрбие, бiлiм беру адам дамуының рухани үйлесiмдiлiгiн түсiнудi қамтамасыз етедi. Рухани тәрбиенiң адамның iзгiлiк, имандылық ұстанымдарын тәрбиелеп, ақыл-ой мен iс-әрекеттерiн iзгiлiк мұраттарға бағыттап, рухани көз қарастарын қалыптастырады.
Балаларлардың бойында тәртiпке бойсыну сезiмдерi мен дағдыларын қалыптастыруда Абай шығармаларынан көптеген материалдар тауып пайдалануға болады. Абай шығармаларын еңбек тәрбиесiне қатысты тәрбиелiк iс-шараларды жүзеге асыруда пайдалану мүмкiндiгi көптен берi айтылып келе жатқандықтан, ол ұстаздарға таныс. Мәселен, ең алдымен тәрбиеленушілерге еңбектiң қай түрi болмасын бiр нәрсенi игеруге бағытталады:
Түбiнде баянды еңбек егiн салған,
Жасынан оқу оқып, бiлiм алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектiң бұдан өзге бәрi жалған.- деген өлең жолдарын қазiргi заман тұрғысынан түсiндiру, мәселен, оқудағы мақсат «бастық болу» /қазақ арасында кең тараған сөз «менiң балам бастық болады»/ деп емес, ең алдымен бiлу үшiн, оқимын /оқисың/ деген пiкiрдi баланың санасына ендiру. Бұл басты мақсат. Одан соң не нәрсенi болмасын игеру үшiн еңбектену керек.
Тәрбиелiк тұрғыда аса мазмұнды мәтіндермен байытылған оқу кiтаптарына зор маңыз берген жөн. Оқуға арналған кiтаптарды талдау бұл жайлы растай түседi. Тәрбиешінің қолында тәрбие мақсатында шебер пайдалана бiлген жағдайда балалардың негiзгi адамгершiлiк түсiнiктерiн қалыптастыру жолында тұрақты жұмыс iстеуге мүмкiндiк беретiн бай материалдар бар. Оқулықтағы мәтіндерді авторлар осы жастағы балаларға сай iрiктеген. Мәтіндермен жұмыс iстегенде тәрбиеші мейлiнше айқын бейнеленген көркем образдарға баса көңiл аударады, әр бала оны қабылдай бiлуi, түсiне және сезiне бiлуi керек. Балалардың бейнеленген кейiпкерлерге деген сезiм күй әсерлерi олардың адамгершiлiк түсiнiктерiн қалыптастырудың негiзi болып табылады. Балалар көп ретте бiр кейiпкердiң жақсы, ал екiншi бiреуiнiң жаман екенiн дәлелдеп, негiздей алмайды, бiрақ мұны жақсы сезiне алады.
Сондықтан да тәрбиеші шығармадағы кейiпкерлер қылықтарының адамгершiлiк жақтарын талқыламас бұрын балалардың әдеби бейнелердi дұрыс та терең түсiнгендiгiне, оларға және шығармада суреттелген оқиғаларға қарым-қатынастарын толық бастан кешiргендiктерiне көз жеткiзiп алу керек. Жекелеген тәрбиешілер балалардың алған әсерлерiн күшейте түсу үшiн оқыған жайларға өздерiнiң қатысын терең сезiндiру үшiн балаларлардың көңiл-күйiне суреттелiп отырған оқиғаның мәнiне сай келетiн музыкалық шығармаларды, олардан алынған жақсы үзiндiлердi пайдаланып отырады.
Тәрбиеші балалардың бойында оқу материалының мазмұнына деген ынта-ықыласты оята алса, сабақ үстiнде тәртiп сақтаудың қосымша шараларын қолданудың қажетi болмай қалады.
Ұлы данышпан әл-Фарабидың «Тәрбиесiз берген бiлiмнiң күнi қараң» – деген.
Сондықтан бүгiнгi ұрпақтарға бiлiм-ғылым нәрiн берумен қатар, өз халқымыздың тағылым қағидаларын жеке тұрғыда үйретiп, игертудiң мәнi зор.
Адамгершілікке тән рухани тазалыққа тәрбиелеу, баланың нәрестелік шағынан отбасы, балабақша тәрбиесі, үлкендердің олармен қарым-қатынасы, өнегелі еңбек әрекеттері, байыпты, жүйелі жүргізілген тәрбие тәсілдері арқылы біртіндеп, сәби бойына дарып, орнығатын ұзақ процесс. Демек, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қатысты ең күрделі мәселе бұл ұлттық және жалпы адамзаттық мәдени мұралар негізінде жас өспірімнің бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, ұлттық сана-сезімін қалыптастыру.
Республикамыздағы көптеген ұлттық мектептер мен балабақшаларда оқу тәрбие ісі ана тілінде жүргізіліп келгенмен қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыпын үйрету бүгінгі күнге дейін толық жолға қойылмай, зерттелмей келеді.
Халық педагогикасындағы ақыл-ой, идея қай халықтың болсын тыныс тіршілгімен шаруашылық кәсібімен, отбасылық, қоғамдық ұлттық тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста болып, өсіп өркендеуімен дамуы арқылы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған.
Сондықтан да әр халық келер ұрпағын өзіне дейінгі қоғамда қолы жеткен тәрбиедегі жақсы дәстүр атаулыны жинақтап және пайдалана білумен жас ұрпақты адамгершілік қасиетке баулуды мақсат еткен. Ата–баба қалыптастырып, халқымыздың бұлжымас тіршілік заңына айналған сол ғажап салт-дәстүрлеріміз ерте заманда-ақ өзінің мәнділігімен, озық үлгісімен талай жат жұрттық оқымыстылар мен ойшылдардың назарын аударған.
Бұл туралы ұлы ақын Абай атамыз былай депті: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» –деген қағидамен халық бойында қалыптасқан барлық адамгершілік асыл қасиеттерінің бейнелеушісі болды. Сонымен, іс-әрекетінен, мінез-құлқынан да әдемілік, сұлулық көрініс таппайынша адамгершілікке баулу мүмкін емес.
Біздің пікірімізше, ол адамдардың үлкен бе, кіші ме, әрбір істеген ісін, сөйлеген сөзін, өзгелермен қарым-қатынасын ар-ұят таразысынан өткізіп, біліммен ұштастырып, ең әділ, ең дұрыс жолын таңдап ала білу. Сондықтан адамдыққа баулу жұмысының ережесі балабақшадан бастап, нақтылы мақсатты көзделуі шарт. Әр бала өз ісімен қылығына жауапкершілікпен қарап ұялу, кешірім сұрау сияқты әдептерді үйренуі керек. Балалардың қандай да болсын қызметі айналадағылардың қоғам өмірі мен мүдделерімен белгілі бір дәрежеде байланысты болса, ол анық адамгершілік қызметі болып келеді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бірқатар адамгершілік нормалар заң жүзінде баянды етілді. Жаңа қоғамды орнатуға қызу араласу, осы қоғамның құрылысын, қуатын нығайтуға дайын болу, бұлар келешек ұрпақтың адамгершілік бейнесін сипаттайтын басты белгілері. Адамгершілік адамзат қоғамның даму тарихы арқылы қалыптасқан әрбір дәуірдің өзіндік қиыншылықтарымен біте қайнасып жетілген. Осыдан келіп, адамгершілікке тәрбиелеуді тәрбие жұмысының айырықша бір тарауы деп те, тәрбие жұмысының кез-келген басқа тарауының бір жағы деп те, қарау керек деген тұжырым туады.
Адамгершілік ұғымына көптеген анықтамалар берілген және оны сипаттайтын қасиеттер жиынтығы ретінде де қарастырылып мазмұндалған. Адамгершілік қоғамдық сананың белгілері адамның мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасы арқылы сипатталады, яғни, әдептілік, мейірімділік, қайырымдылық, инабаттылық, қарапайымдылық, т.б.
Адамгершілік – әлеуметтіліктің биік шыңы, адам ұрпағының негізін қалаушы. Әлеуметтік ортаға әсер ететін белгілердің бірі – адамдардың бір-біріне, қоршаған табиғатқа қарым-қатынасы.
Қазіргі таңда әрбір жеке тұлғаның құндылық қасиеттерін дамытып қалыптастыруға аса мән беріліп отырғаны белгілі. Әсіресе, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғүрыптар, тарихи-әдеби мұралар арқылы балалардың жеке басының қасиетін дамыту мүмкіндігіне барынша көңіл бөлінгенін ғылыми зерттеу еңбектерден аңғарамыз. Балаларда адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру жағдайында белгілі бір жүйе немесе нақты белгілер болуы қажет. Бұл жағдайда оқу-тәрбие үрдісіндегі педагогикалық шарттардың мәнін ашып көрсету өте салмақты орын алады. Құндылықтарды игеру механизмі адамгершілік құндылықтардың қалыптасуындағы адамның өзін-өзі тану барысында жүзеге асады. Оның алғашқы деңгейі – игеретін құндылықтардың мәнін ашу нәтижесінде адамның адамгершілік құндылық бағыттарына ие болуы.
Соңғы жылдары білім беру жүйесінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалық процестерде құндылықтарды қалыптастырудың психологиялық механизмі тәрбие үрдісіне жеткілікті түрде бағытталмаған. Тәрбиешінің білімі мен білігі тәрбие прцесінде балалардың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруды дұрыс ұйымдастыруы керек. Адам бойында жеке тұлғалық қасиеттердің пайда болуы ізгілік мәдениетінің негізін құрайтын гуманистік құндылықтар жүйесін меңгерумен байланысты.
Адамгершілік құндылықтардың қалыптасуындағы балалардың өзін-өзі тануы жүзеге асатын тәрбиенің басты түрі: құндылық жағы басым тәрбие процесі болып есептеледі. Тәрбиенің бұл түрі іс-әрекеттік жағынан жүзеге асады.
Қоғам дамуының жаңа кезеңінде балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің ғылыми педагогикалық тұрғыда жүйесін жасаған Р.Төлеубекова «адамгершілік тәрбиесі адамзат қоғамын үнемі толғандырып келе жатқан күрделі мәселенің бірі» дейді. Жаңа әлеуметтік мәдени жағдайда жеке тұлғаның адамгершілік тұрғыдан қалыптасуына байланысты, біріншіден, бүкіл адамзат қоғамының даму тарихында адамгершілік тәрбиесінің өзекті болғанын, екіншіден, философиялық, тарихи, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық әдебиеттер мен зерттеулерге талдау жасасақ, адамгершілік - адамның, тұлғалық құрылымында ең алдымен өзін танып білуі және адамгершілік тәрбиенің бір қыры, үшіншіден, қазіргі жаңа әлеуметтік орта жағдайында адамның адамгершілік тұрғыдан қалыптасуы өзі өмір сүріп отырған қоғамның және әлеуметтік ортаның алатын орнына байланысты.
Мектепке дейінгі жаста қалыптасқан моралдік сана-сезім мен мінез-құлық барлық балалар іс-әрекеттерімен балалар арасындағы, балалар мен үлкендер арасындағы өзара қарым-қатынастары кешеніне шешуші ықпал жасайды. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде ойын үстінде жүзеге асады.
Адамгершілікке тәрбиелеу баланың жеке басын қалыптастыру мен дамытудың аса маңызды бір саласы болып табылады, ол оның ата-анаға, айналадағыларға, ұжымға, қоғамға, отанға, еңбекке өз міндеттерін және өз басына қатынасын қалыптастыруды көздейді. Ұжымдық қызметтің қоғамдық бағыттылығы тәрбиеленушілерге өмір жақсара түсу үшін не істеуге болатынын байқау тілегін оятады. Адамгершілікке тәрбиелеу процесінде балалардың бойында патриотизм – азаматтық, жолдастық, ұжымдық сезімдерін, өмір шындығына белсенді көзқарасын, еңбек адамдарына терең құрмет сезімін қалыптастырады. Адамгершілік тәрбиенің негізгі міндеті-қоғамның әлеуметтік қажетті талаптарын әрбір баланың борыш, намыс, ождан, қадір-қасиеті сияқты биік адамшылық ішкі стимулдарына айналдыру болып табылады. Адамның адамгершілік жағынан қалыптасуы оның туған кезінен-ақ басталады.
Мектепке дейінгі жаста балаларда бастапқы адамгершілік сезімдер мен ұғымдар, адамшылық мінез-құлықтың ең қарапайым дағдылары қалыптасады. Ал мектепте бұл жұмыс он бір жыл бойына ұстаздардың, ата-ана комитеті ұйымдарының басшылығымен жүйелі түрде, көзделген мақсатқа сай жүргізіледі. Баланың мектеп жасына дейінгі кезде қалыптасқан мінез-құлықтарының және ересек адамдармен, құрбы-құрдастарымен қатынастарының формалары, адамгершілік білімдері мен сезімдері негізінде адамгершілік көзқарастардың, мінез - құлықтың, сезім мен сананың жаңа формалары одан әрі дамытылады. Бұдан бұрынғы тәрбие мен алдағы тәрбие арасында диалектикалық өзара байланыс бар.
Тәрбие ісі жалпы әрбір нақты кезеңнің және өзіне тән ерекшеліктерін сақтай отырып, болашақтың ерекшеліктеріне бағдар ұстайды, соған әзірлейді, ал одан әрі баланың бұдан бұрынғы кезеңдерде жинақтаған өмірлік тәжірибесін белсенді түрде пайдаланады. Белгілі кезеңде баланың психикасында пайда болған жаңа жақсы қасиеттері әлі де әлсіз және шектеулі болса да, тәрбиеші соған сүйенуге тиіс. Осыған байланысты психологтар мынаны анықтайды: мектеп жасына дейінгі балалар сыртқы ықпалды өте қабылдағыш, үйреткеннің, айтқанның бәрінің шындығына, адамгершілік нормалардың сөзсіздігі мен қажеттігіне сенгіш келеді, бұл жастағылар өзгелерге қойылатын адамгершілік талаптар жөнінде ымырасыздығымен, мінез-құлықтарымен, еркіндігімен ерекшеленеді.
Бұл ерекшеліктер мектеп жасына дейінгі балалардың оқып, тәрбиеленетіндігінің кепілі болып табылады. Балаларларды жүйелі және дәйекті түрде адамгершілікке тәрбиелеу үшін нақ осы жастарда зор мүмкіндіктер туады. Балалардың оңды адамгершілік тәжірибесі, адамгершілікке тәрбиелеуде шешуші маңызға ие. Тәрбиелеу ісі ең алдымен баланың күнделікті өмірінде өтіп жатады, мұнда ол адамгершілік ережелеріне, нормаларына, принциптеріне дағдыланады және олардың қажеттілігіне көзі жетеді.
Балаларлардың қандай да болсын қызметі айналадағылардың қоғамдық мүдделерімен, қоғам өмірімен белгілі бір дәрежеде байланысты болса, ол оның адамгершілік қызметі болып табылады. Сөйтіп, адамгершілік бастама баланың бүкіл сан қырлы практикалық қызметіне, оның сезімдік және интеллектуалдық сфераларына өзек болады. Балалар балабақша, мектеп ауласында ойнап жүрсін, солардың бәрінде де олардың қызметінен адамгершілікке тән немесе оған қайшы қасиеттері көрінеді. Осыдан келіп, адамгершілікке тәрбиелеуді тәрбие жұмысының айрықша бір маңызды бөлшегі деп те, тәрбие жұмысының кез келген басқа салаларының бір жағы деп те қарау керек деген қорытынды туады.
Адамгершілік тұрғыдан жетілуді айқындап беретін тәрбиенің өзегі балалардың адамгершілік көзқарастары мен өзара қатынастарын қалыптастыру болып табылады. Тәрбие жұмысының мазмұнының, әдістерінің формаларының және оның тиісті нақты мақсаттарының қандай екендігіне қарамастан, тәрбиешінің алдында әрқашанда балалардың адамшылық көзқарастарын ұйымдастыру міндеті тұруға тиіс. Адамгершілік қасиеті қалыптасуы үшін тәрбиеленушінің дербес қимыл әрекеттерінің ерекше маңызы зор. Балалар тек тәрбиеші мен ересектердің нұсқауымен және олардың қадағалауымен ғана қимыл-әрекет істесе, ол ең алдымен тіл алғыштыққа үйренеді.
Сондықтан, тәрбие процесі бала өз еркінше қимыл істей алатын жағдай болуы көзделетіндей етіп құрылуға тиіс. Мұндай жағдайлар өмір барысында өзінен- өзі қалыптасып жатады, оларды ойын үстінде, оқуда, еңбекте және шығармашылық сабақтарда арнайы жасауға да болады. Өзінің адамгершілік тәжірибесін молайту үстінде бала кейде қателеседі, дұрыс жасамайды. Тәрбиеші, оның өз қателігінің адамгершілікке жатпайтынын түсіндіріп, оған төзе білуіне көмектесуі тиіс, оның теріс қылығын түзетіп қана қоймай, сонымен қатар қате жіберуіне себеп болған жәйттің бағытын ойластырып, анықтауға да көмектесуі керек. Балалардың өз құрбы-құрдастарының шағын топтарындағы қарым-қатынастары мен бірлескен іс-әрекеттерінің адамгершілік тәжірибені молайтудағы маңызы айрықша зор.
Мұндай топтарды тәрбиешінің өзі арнайы құруы немесе олардың өзінен-өзі топтасуы мүмкін. Шағын топ балалары бәріне ортақ жайттарды жиі кездестіріп, тереңірек қабылдайды. Мұнда ол тәрбиешінің көмектесуімен ғана емес, сонымен қатар өз бетінше де басқа балалармен қарым-қатынас жасап, ұжымдық іс-қимыл ұйымдастыра алады, мұнда оның өзінің қоғамдық мінез-құлқын түсінуі жеңілірек болады. Барлық балаларды жетілдіруге бағытталған тәрбие процесі әр баланың жеке басының қасиеттерін негізге ала отырып, оның жетілуі үшін ең қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететіндей етіп құрылуы керек.
Тәрбие жұмысы жүйесінің тиімділігінің аса маңызды көрсеткіші баланың адамгершілік жағынан жетілуі, оның рухани адамгершілік қажеттерінің елеулі өзгеруі болып табылады. Адамгершіліктің дамуы – тәрбие жүйесінің жемісі. Бұл жүйенің өлшемі – тәрбие жұмысының пәрменділігі. Тәрбиеленушінің жеке қасиеттерінің осындай күшті жақтары ең алдымен әр бала белгілі бір салада едәуір білімге үйреніп, мағлұмат алатын оқу процесінде көрінеді.
Қазiргi уақытта Республикамызда балаларды тәрбиелеу iсiнде адамның iшкi жан дүниесi мен рухани әлемiн тану, дамыту жетiлдiруге байланысты iстер жүзеге асуда. Халықтық дәстүр, рухани-мәдениет негiзiнде жас ұрпақтың рухани-адамгершiлiк тәрбиесiн дұрыс жолға қою мiндеттерiн iске асыру басты нысына болып тұр.
Тәрбие iсiндегi негiзгi мәселе-балалардың тұлғааралық қатынасын дамыту, әр адамның құндылығын, даралық ерекшелiгiн, сезiмiн, өзiндiк баға беруiн қалыптастыру. Адамгершiлiк тәрбиесiнде баланың назарын өз өмiрiндегi елеулi өзгерiстерге бұрып, оны саналы түсiнуiне баулу көзделедi.
Белгілі педагогтардың, психологтардың дәлелдеген адамгершіліктің компонттерін; адамгершілік сана, сезім, іс-әрекет, дағдының, іскерліктің балалар бойында қалыптасуына сабақта, сабақтан тыс уақытта болатын жолдарды айқындадық.
Екіншіден осындай тұжырымға келуге себеп болған, соңғы оқу жылдарында педагогикалық еңбегімнің барысында жүргізілген жұмыстардың қорытындалары да қолдау тауып отыр.
Халықтық педагогика арқылы балаларларды адамгершілікке тәрбиелеуге байланысты біршама теориялық-практикалық тәжірибе жинақтау қажет. Ол үшін тәрбиешілер тәрбиенің басты ұстанымдарын жалпы адамзаттық құндылықтарды және тұлғаны қалыптастыру, өз халқының мәдениетін, әдебиетін, тілін, салт-дәстүрін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті адам қалыптастыруы тиіс. Адамгершілік – қоғамдық сананың ең басты белгілерінің бірі. Ол қоғамдағы адамдардың әрекетін нормативті реттеу қызметін атқарады.
Халқымыздың кемеңгер ойшылдары Қорқыт ата, Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Махмұд Қашғари, Ахмет Йүгенеки, Сайф Сараи т.б. шығармаларынан адамгершілік тәрбие, адамның адамгершілік бейнесі кең орын алған. Солардың біразына тоқталсақ, педагогикалық ой-пікірдің бастауларын Қорқыт атадан таратқан орынды. Тарихқа «алғашқы бақсы» ретінде танылған ғұлама Қорқыттың өмір мен өлім жөніндегі толғаныстарына адам ғұмырының философиясы мен мән-маңызы, адамның адамгершілік қасиеттері арқау болған. Оның «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман», «Мен-мен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді», «Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ», «Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық» деген нақыл сөздері үлкеннен ғибрат алуды меңзейді, жастарды тәкаппарлықтан сақтандырып, ақылды көпшіл, қонақжай болуға шақырады.
Қорқыт ата өз жырларында нақты тарихи деректерді негізге ала отырып, адамгершілік асыл қасиеттерді, батырлардың ерлік істерін, ақындық және қобызда ойнау өнерін, әдемілікке деген көзқарастарын, адамдар арасындағы кіршіксіз таза достық сезім мен қарым-қатынастарды (мысалы, Домрул, Йүгенек батырдың және т.б.) балалар мен жастарға үлгі-өнеге болсын деген мақсатпен жырлайды.
Қысқасы, Қорқыт атаның қай жырының болсын тәрбиелік мәні жоғары. Олардың мазмұны қазақ эпостарына сай баяндалады. Жырлардағы батырлардың ерлік істері, халыққа, туған елге, дәстүрге деген сүйіспеншілігі, өмірге құштарлығы, ақылдылығы, ғашықтық сезімдері жеткіншектерге үлгі болумен бірге, адамгершілік қасиеттерінің негізін қалыптастыруға көмектеседі.
Қазақтың тұңғыш философы, Шығыстың ұлы ойшылы, әмбебап-ғалым Әл-Фарабидің ғылыми ой-толғаныстарына толы трактаттарында («Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолында», «Қайырлы қала түрғындарының көзқарастары туралы трактат» т.б.) оның тәлім-тәрбиелік көзқарастары баяндалған. Ол адамгершілік тәрбие мәселесін тілге тиек ете отырып, шәкірттерді тәрбиелеуде ұстаздың ролі зор екендігіне ерекше мән береді, шәкірттерден шыншылдықты, сыпайылықты, әділдікті талап ету үшін, мұндай қасиеттер ұстаздың өз бойынан табылуы тиіс екенін атап көрсетеді. Үлгілі адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына өзін-өзі тәрбиелеу, күшті ерік-жігер арқылы жетуге болатындығын айтады.
«Бақыт жолын сілтеу» трактатында жақсы мінез-құлық пен ақыл күші адамгершілік асыл қасиеттер болып табылатындығын меңзейді. Ғалым адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына себепші нәрсе әдептілік деп біледі.
Адам бойында адамгершілік қасиеттердің белгілі бір шамадан ауытқу сипатына тоқталады. «Біз ер жүректілік жақсы адамшылық қасиет дейміз және бұған қатерлі істердің тұсында көрінетін біршама батылдық жасау арқылы немесе ұстамдылық көрсету арқылы жетуге болады дейміз. Бұл істерде болатын шектен тыс батылдық көзсіз батырлыққа соқтырады, ал батылдықтың жетіспеуі қорқақтыққа соқтырады, ал бұл – жаман адамгершілік сапа. Міне, осы адамгершілік сапалар қалыптасқан кезде, олардан осыларға сәйкес әрекеттер туады».
Жақсы адамгершілік қасиет ретінде сөзге тапқырлық, адал, шыншыл болу, досгерлікті атай отырып, бұл ретте шектен тыс кетушілік, керісінше, жаман адамгершілік сапаларға апарып соқтыратындығын ескертеді.
«Бақытқа жету жайында» трактатында тәрбие мәселесіне «тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз» – деген анықтама береді.
Ұлы ойшылдың пікірінше, бала бойына жағымды адамгершілік қасиеттерді адамгершілігі жоғары, жаңа заманның талабын педагогикалық талаптармен ұштастыра білген адам ғана ұялата алады.
Адамгершілік тәрбиесі – тәлім-тәрбиенің ықпалды әсерімен моралдық сананы қалыптастырудың, этикалық білімділікті, адамгершілік сезімді дамытудың сара жолы
Қай халықтың болмасын заттық, рухани мәдениетінің жиналу, жариялану, зерттелу тарихының басталған уақыттан дөп басып айту қиын. Халықтық мәдениет қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы соншалықты тереңге бой тартады. Сол сияқты қазақ халқы рухани мұраларының бірі қазақ халық ауызекі шығармашылығының, жариялану, саралану жолының түп негізі де тым тереңде жатыр. Оның тасқа қашалған көне іздерін V-VІІІ ғасыр ескерткіштері мен Орхон-Енисей жазбаларынан тапсақ, одан бергі орта ғасырлық жазба деректердің барлығында да халық мұрасы өз желісін үзбей, әр түрлі деңгейде бой көрсетіп отырады.
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін ел арасынан жинау жөне баспа жүзіне шығару ісі алғаш рет XIX ғасырда қолға алынды, одан әріде ауыз әдебиеті үлгілері жиналмай, хатқа түспей, ауызша сақталып келді.
Қорыта келгенде осы педагогикалық мәселе бойынша тәрбиешілерге, ата-аналарға мынадай ұсыныстар жолдауға болады. Балалардың адамгершілік жағынан жетілуін, оның оқудағы, жазудағы, математикадағы және басқа пәндерінің табыстары сияқты мұқият қадағалап отыру қажет. Тәрбиешілер өз балаларының, өз халқының, өз ұлтының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-баба мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен әдебиетін, өнерін, адамгершілік пен имандылықты дәріптейтін қарым-қатынас, мінез-құлық қасиеттерді бойында қалыптастыру керек. Қазақ халқының мінез-құлқына тән негізгі қасиеттерді: мейірім, сөзге беріктігі, кеңпейілділік туралы әңгімелеу арқылы балалардың бойына сіңіру қажет.
Балалардың адамгершілік тәрбиесін жетілдіруге педагогикалық тұтас процесте мүмкіндіктерді барынша тиімді қолдаған жөн.
Әр пәннің мазмұны әр уақытта, сабақтардың типіне, формаларына байланысты, тәрбие жұмыстарында да күрделендірілген тапсырмалар қосу арқылы өңделіп, жетілдіріліп отырғаны ұтымды болады.
Қазақ халқының адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда педагогикалық ғылыми теорияны дамыта отырып, практикадағы іс-әрекетті жетілдіру.
Халықтық педагогиканың саласы мол, мазмұны мол, оны халқымыз үзбей тәлім тәрбие ісіне пайдаланып келеді. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін келешекте де кеңінен пайдалану біздің борышымыз.