Тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторлар
Тәрбие, орта, тұқымқуалаушылық жеке тұлға дамуына әсер ететін әлеуметтік, биологиялық, психологиялық ықпалдар болып табылады.Тәрбие – жеке тұлға дамуындағы басты факторлардың бірі. Тәрбие балалардың жеке және дербес ерекшеліктеріне, дайындығы мен дәрежесіне лайық іске асырылып, тәрбие адамдардың іс-әрекеттерін ұйымдастырады. Ол үшін тәрбиеші алдын- ала жасалған арнаулы жоспар бойынша тәрбие жұмысын мақсатқа бағыттап ұйымдастырып, тәрбиенің құралдары мен әдістерін және формаларын іздестіреді, оларды тиімді етіп пайдаланады. Тәрбиенің рөлін педагогика тарихында, аса артық бағалаушылар да болды.
Тәрбиенің негізгі мақсаты – қалыптасып келе жатқан жеке тұлғаның әлеуметтік тәжірибені меңгеруі, оның жан-жақты үйлесімді дамуы. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасу мәселесінің көп ғасырлық тарихы бар. Ол көп аспектілі және әртүрлі ғылымдардың тоғысында қарастырылады.
Ертедегі грек ғалымдары жеке тұлғаның дамуына биологиялық факторлармен қоса әлеуметтік факторлар да әсер етеді деп есептеген. Жеке тұлғаның қалыптасу факторлары туралы идеялар келесі дәуірлердің прогрессивті философиялық және психологиялық-педагогикалық пікірлерінде өз жалғасын тапқан (Э.Роттердамский, Я.А.Коменский, К.А.Гельвеций, Д.Дидро, А.Дистерверг, К.Д.Ушинский, Д.Дьюи, Э.Торндайк, П.П.Блонский, А.С.Макаренко, Л.С.Выготский, Э.И.Моносзон, Л.И.Божович, С.Л.Рубинштейн, В.В.Давыдов т.б.).
Жеке адамдық дамудың ықпалды көзі – тәрбие, қоршаған орта, табиғи нышандармен қатар тұрса, ол - адам қалыптасуында жетекші фактор. И.П.Подласый: «Тәрбие – қоғамға жеткілікті қалыптасып дамыған жеке адамды бере алатын негізгі күш» – деп баса айтады. Баланың жеке басының дамуы мен қалыптасуына ықпал ететін үш фактордың ішінен тәрбие адамның дамуына орасан күшті ықпал етіп, тұқым қуалаушылық пен ортаның ықпалына белсенді әсер етіп, баланың дамуын қоғам талаптарына сәйкес бағыттап, белгілі бағытта баланың өмірі мен іс-әрекеттерін ұйымдастырады, ортадағы жағдайлардан тұлға дамуына қажетті материалдарды іріктейді, жеке бастың дамуына теріс, зиянды әсер қалдыратын жағымсыз ықпалдардан аластайды.
Осы тұрғыдан келгенде тәрбие – аға ұрпақтың жаңа ұрпаққа қоғамдық тарихи тәжірибені беру процесі, жаңа ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы қоғамның алға қарай дамуын қамтамасыз ететін процесс. Сонымен, тәрбие бала дамуын бағыттайды, басқарады, сондықтан да ол–баланы қалыптастырудағы негізгі күш. Тәрбие негізгі күш болғандықтан, оның жетімсіздігі, әлсіздігі баланың қалыптасуына кері әсер етеді.
Тұқым қуалаушылық– ұрпақтың ата-ананың биологиялық ұқсастығын елестетуі. Кейбіреулері баланың сыртқы пішініне қарап, бірден қалай әкесіне не шешесіне ұқсап қалған деп таңданады. Әрине, бұл кездейсоқ нәрсе емес. Өйткені, баланың шашы мен көзінің бояуы, терісінің пигменті, бет келбеті мен басының формасы, жүрісі мен өзін ұстау қалпы тұқым қуалаушылық арқылы берілетін биологиялық ұқсастықты еске түсіреді. Бала қозғалыс мүшелерін, нерв жүйесінің функциялық қасиеттерін, ал кейде дауыс тембрі, музыкаға, биге, математикаға қабілеттілігі сияқты өте нәзік ерекшеліктерді тұқым қуалау арқылы алады.
Орта–адам дамуына табиғи және әлеуметтік орта ықпал жасайды. Жеке тұлғаның дамуы әсер ететін факторлар және олардың ішкі, сыртқы деп бөлінуі төмендегі 19- суретте толық ашылды.
Табиғи орта - бұл түрлі табиғат жағдайының адам тұрмысына, қызметіне ықпал жасауы. Жылы және суық климат жағдайы халықтардың тұрмысына, әрекетіне елеулі ықпал етеді. Климаты ыстық жерлерде егін шаруашылығымен, ал солтүстікте балық, бұғы шаруашылығымен айналысады. Табиғат жағдайына байланысты олардың мінез-құлықтарында ерекшеліктер байқалады.
Әлеуметтік орта - жеке адамның мінез-құлқының дамуына ықпал жасайтын әлеуметтік қатынас, олардың көп қырлы іс-әрекеттері.
Адамға әсер ететін түрлі жағдайларды қозғаушы күш деп атайды. Біршама зерттелген ғылыми еңбектерде әлеуметтендірудің жағдайлары мен қозғаушы күштерін төрт топқа біріктіреді:
Бірінші – мегафакторлар (мега-өте үлкен): космос, неосфера, планета, әлем. Бұлар басқа қозғаушы күштер арқылы барлық жер бетінің тұрғындарын әлеуметтендіруге әсер етеді.
Екінші – макрофакторлар (макро-үлкен): ел, мемлекет, этнос, қоғам. Бұлар белгілі бір елді мекенде өмір сүретін тұрғындардың әлеуметтендіру жағдайына әсер етеді.
Үшінші – мезофакторлар (мезо-орташа): тұрғылықты жерде халықтың болмыс-түрі, әртүрлі субьмәдениетке қатысы бойынша сараланатын адамдардың үлкен тобының әлеуметтеңдіру жағдайы.
Төртінші – микрофакторлар: белгілі бір нақты адамдарға әсер ететін қозғаушы күштер жатады – ұстаз бен отбасы, көрші, құрдастар тобы, тәрбие орындары, әртүрлі қоғамдық, діни, мемлекеттік, жеке ұйымдар, микросоциум.
Қоғамдық тұлғаларға ортақ этикалық бірыңғай талаптардың болуына қарамастан, қоршаған орта жөнінде әр адамның қалыптасқан өзіндік ой-пікірінің, көзқарасының болуы, олардың құбылысқа деген көзқарасын, ой-пікірін білдіруі заңды құбылыс. Адамдардың қоршаған ортадағы құбылыстарды түсініп қабылдауы да әр түрлі. Ол әр адамның жеке басына тән физиологиялық, психологиялық, биологиялық ерекшеліктеріне байланысты.