Негізгі және көмекші етістіктер.

Негізгі етістік деп лексикалық мағынасы бар, сөйлемнің мүшесі бола алатын, белгілі бір сұраққа жауап беретін етістік аталады. Мысалы : екі қыз аң-таң қағазға төнеді (не істейді?) Жолаушы әнді әлденеше қайталатқызады (не істеткізеді?). Бұл сөйлемдердегі төнеді, қайталатқызады деген лексикалық мағыналы етістіктер сөйлемде баяндауыш қызметін атқарады.

Көмекші етістіктер деп лексикалық мағынасынан айырылған, негізгі етістікке, дербес сөзге, тіркесіп қана оған түрлі грамматикалық мағына қосып, онымен бірге сөйлем мүшесі қызметіне қатысатын етістік аталады.Мысалы, Наз әуенді нәзік ән құлаққа шалынады. Жолаушылар құлақ түрген сайын ән жақындай береді, әуелей түседі. Бұл сөйлемдердегі негізгі етістіктер: шалынады, жақындай, әуелей, көмекші етістіктер: 1) шалынады; 2) жақындай береді; 3) әуелей түседі.

Салт және сабақты етістіктер.Салт етістік деп. субъектінің өзіне ғана қатысты, басқа затқа жасалмайтын қимылды білдіретін етістіктер аталады: кел, кет, отыр, жат, қайт, қаш, жөнел, ұйықта,шарша, тұр, асық, т.б. Мысалы, Ол кісі ауылға кетті. Ол құнан жарыстарда озып жүрді. Мұндағы кету қимылын жасайтын субъект –кісі, озып келу қимылын жасайтын –ол.

Сабақты етістік деп объектіге жасалатын қимылды білдіретін етістік аталады: ал, бер, көр, оқы, тыңда,қара, сұра, таны, біл, айт, сал, жар, тап, т.б.

Қимылға түсетін объекті табыс септікте тұратын болғандықтан, сабақты етістік үнемі табыс септікте тұрған сөзбен тіркеседі:
Мысалы: -Ал енді, жер дегдісімен Мәлике екеуің тез жетіңдер, балаларды (кімдерді?) қызықтап, тойын (несін?) тойлайық. Салт, сабақты етістіктерді табыс септіктің сұрағымен тіркесу, тіркеспеуіне қарап ажыратуға болады. Сабақты етістіктер табыс септіктің сұрағымен тіркеседі: нені әкелу? Кімді сыйлау? Нені алу? Кімді шақыру? Салт етістіктер табыс септіктің сұрағымен тіркеспейді : кімді бар, нені келу емес.

Болымды, болымсыз етістіктер.Етістік сөйлемде не болымды, не болымсыз түрде қолданылады. Түбір етістіктер болымды етістік болып саналады: кел, ал, кет, сөйле, тыңда, сына, апар, әкет т.б. Мысалы, Қара бұлттай қаптап, шыр айналып жүр.

Түбір етістіктер тілде болымды түрде болғандықтан,олардан болымсыз етістіктер екі түрлі тәсілмен жасалады:

1) –ма/-ме, ба/-бе, па/-пе,жұрнақтарының етістікке жалғануы арқылы болымсыз етістіктер жасалады: ал+ма-алмай, көр +ме-көрмеген, қайт+па-қайтпас, кет+пе—кетпеймін, қаз+ба—қазбас (еді), кез+бе-кезбе т.б. Мысалы,Бірақ бұл қуаныш та ұзаққа бармады. Ешқайда кетпеймін.

2) Етістіктің болымсыз түрі емес, жоқ көмекшілерінің етістікке тіркесуі арқылы жасалады : а) есімшеге емес көмекші етістігі тіркелу арқылы болымсыз етістік жасалады: көрген емес, келетін емес, келер емес, келмек емес,б) –ған/-ген, -қан/-кен формалы есімшеге жоқ көмекшісі тіркелу арқылы болымсыз етістік жасалады: келген жоқ, айтқан жоқ т.б. Мысалы, Колхоздан шықтым-ау деген Қарабеттің қаперіне де кірер емес. Оспандар трактор айдап, бір күн де тоқтатқан жоқ.

Етіс категориясы.Етіс деп қимылдың объекті субъекті қатысын білдіретін етістіктің категориясы аталады. Етіс 5 түрге бөлінеді: 1) негізгі етіс, 2) ортақ етіс 3) өзгелік етіс 4) ырықсыз етіс 5) өздік етіс.

Негізгі етіс. Етістің түрлеріне құбылмай тұрғандағы оларды салыстырып тұлғасы мен мағынасындағы айырмашылықты айқындайтын етістіктің түбір қалпы негізгі етіс деп аталады: жат, оқы, ойла, әзірле, келіп кет, кіріп шық т.б.

Ортақ етіс. Негізгі етістен –ыс, -іс, -сжұрнағы арқылы жасалып, қимылдың бірнеше субъектіге ортақ екенін білдіретін етістің түрі ортақ, етіс деп аталады: айт + ыс, - айтыс, кел + іс – келіс, жақ + тас –жақтас т.б. Мысалы, Қазір олармен сөйлеспек (сөйлесу – оларға ортақ қимыл). Ол адамдармен танысып жүр (танысу - бірнеше адамға ортақ қимыл).

Өзгелік етіс.Негізгі етістен –тыр, / -тір, -дыр, / -дір, -ыр, / -ір, -т, -қыз, / кіз, -ғыз, гізжұрнақтары арқылы жасалып, қимылдың бөгде адам арқылы жасалуын білдіреді: айт + тыр – айттыр, сөйле + т – сөйлет, жаз +ғыз – жазғыз т.б.

Ырықсыз етіс.Негізгі етістен –ыл, )-іл, -л), -ын (-ін, -н)жұрнақтары арқылы жасалып, қимылдың жасаушысы белгісіз болып, қимыл өзінен өзі жасалғандай болып көрінуін білдіретін етістің түрі ырықсыз етіс деп аталады: (орындық) қой+ыл – қойыл(ды), (су) құй + ыл(ды) – құйыл(ды), (киім) іл + ін(ді) – ілін(ді) т.б. Мұнда орындықты кім қойған, суды кім құйған, киімді кім ілгені белгісіз.

Өздік етіс. Негізгі етістен –ын, -ін, -нжұрнағы арқылы жасалып, қимылдың субъектінің өзіне жасалатынын білдіретін етістің түрі өздік етіс деп аталады: жу + ын – жуын, ки + ін – киін, тара + н – таран, сыла + н – сылан т.б. Мұнда жуыну, киіну ,тарану, сылану қимылын жасайтын да, сол қимылға түсетін де –субъекті.

Есімше - әрі етістік, әрі сын есім тәрізді түрленетін етістіктің ерекше түрі. Есімше сын есім сияқты көптеліп, септеліп, тәуелделіп қолданылады: оқыған көп біледі. Айтарыңды айтып қал. Есімшелер мағынасы мен тұлғасына қарай өткен шақ есімше, дағдылы өткен шақ есімше, болжалды есімше, ниет есімше болып төрт түрге бөлінеді.

1. Өткен шақ есімшеге етістік негізіне –ған, -ген,-қан,-кен жұрнақтары жалғанып жасалған формалар жатады.

Өткен шақ есімше есімдерше түрленіп, сөйлемнің бастауыш, толықтауыш мүшелері болады. Бұл форманың есімағынасына өте тосын, зат есімге, сын есімге жалғанатын жұрнақтар жалғанып жаңа сөз жасалады.

1) дық,-дік,-тық,-тік: оқығандық, көргендік, сезгендік (салыстыр: жақсылық, жамандық, тереңдік); 2) –дай,-дей: жүргендей, көргендей, білгендей (таудай, баудай); 3) –сы,-сі: айтқансы, көргенсі, білгенсі (сол адамсы); 4) –ша,-ше: барғанша, келгенше, жүргенше. Бұл форма түркологияда көсемше формалы сөз ретінде аталып жүр.

2. Дағдылы есімше. Есімшенің бұл түрі -атын,-етін, -йтын,-йтін. және –ушы,-уші жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы, жаз-атын, көр-етін, қар-айтын, сү-йетін, бар-ушы, кел-уші.

Дағдылы есімшелер үш жақта жіктеліп, баяндауыш қызметін атқарғанда дағдылы өткен шақ мағынасында жұсалады. Мыс: Мен баратынмын, сен баратынсың, сіз баратынсыз, ол баратын.

Болжалды есімше -(а)-р,-(е)-р жұрнағы арқылы жасалады. Мыс: айт-ар, кел-ер, қара-р, сана-р т.б. Болжалды есімше – істің орындалу, орындалмауын болжай айтатын етстіктің формасы. Есімшенің бұл түрі болжалды мағынаны жіктеліп барып, баяндауыш қызметін атқарғанда ғана аңғартады. Мысалы:

Мен келермін

Сен келерсің

Сізкелерсіз

Ол келер

Ал зат есімнің алдында келіп атрибуттық қызмет атқарғанда болжалдық мағына аңғарылмайды. Мысалы: айтар сөз, келер қонақ, барар жер. Бұларды: айтатын сөз, келетін қонақ, баратын жер деп айтсада мағынасы өзгермейді.Ал осы синонимдес екі форма жіктелгенде мағыналары басқа- басқа болып шығады. Мысалы, мен айтатынмын дегенде дағдылы өткен шақ ағынасын берсе, мен айтармын дегенде басталды келер шақты білдіріп тұр.

Есімшелер де септеліп, көптеліп, тәуелдеген қолданылады. Бірақ бір формаларда тұрып, олар баяандауыштан басқа сөйлем мүшелері қызметін атқарады. Мысалы: Берместің асы піспес. Барса келмеске кетті. Қайтарда соға кетті.

Есімшелерге – тық, - тік, лық, -лік, -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары жалғанып, туынды сөз жасайды: білместік, жылардай, өлердей, көрместей.

4. Ниет есімшелерге – бақ, -бек, -пақ, -пек немесе осы жұрнақ үстіне –шы, -ші, қосымшасы үстеліп күрделенген (-мақшы, -мекші т.б.) жұрнақ арқылы жасалған есімшелер жатады. Мысалы: көрмек-көрмекші, бармақ-барақшы, айтпақ-айтпақшы.

Ниет есімшенің қимыл әрекеті орындау не орындамау мақсат ниетін білдіреді. Ниет есімшелер басқа есімшелер сияқты жіктеліп, баяндауыш қызметін атқарады және келер шақ ұғымын білдіреді. Мысалы: Мен бармаспын, сен бармассың, ол бармас.

Ниет есімше басқа есімшелердей септеліп, көптеліп, тәуелденіп қолданыла бермейді. Бірақ кейбір фразаларда кездеседі: алмақтың да салмағы бар.

Етістіктің түбір және негізіне - ы (п),-і (п),-а, е, й, -ғалы, -гелі, -қалы, -келі, -ғаша, -геше, -қашқа, -кешке, жұрнақтары жалғану арқылы жасалатын әрбір жолы көсемше деп аталады.

Көсемшелер қимыл қозғалыстың білдіреді де, үстеуге жақын мағынада қолданылады.

Сондықтан көсемше екінші белгілері етістікпен тіркесіп барып қана қолданылады. Көсемшелер жеке дара сөз есебінде қолданылмайды, морфологиялық жағынан түрленбейді, демек, көптік, тәуелдік, септік қосымшалары қосылмайды, тек әредік қана жіктеледі, пысықтауыш және баяндауыш қана болады. Көсемшелер тек етістік негіздерімен, олардан өрбіген етістік формаларымен ғана тіркесетіндіктен, субстантивтік, адьективтік қызмет атқармайды, тек пысықтауыш, баяндауыш болады және күрделі етістік компоненттерінің құрамында негізгі я жетекші сыңар есебінде қызмет етеді.

Сонымен, көсемшенің жалпы грамматикалық қызметі етістік айналасына байлаулы болса, мағынасы етістікке қатысты белгімен байланысты болады. осы себептен де көсемшелер етістіктің негізгі бір категориясы саналады.

Бұл категориялардың арнаулы формалары бар. Олар мыналар: 1) –ып, іп; 2) –а, , -е, -й (бұл екуі жіктеледі); 3) –ғалы, -гелі, -қалы, -келі; 4) –ғанша; -генше, -қанша, -кенше (бұлар жіктелмейді).

Жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне қарай, шаққа қатысына қарай, көсемшелрге төмендегідей қысқаша сипаттама беруге болады.

1. өткен шақ есімше етістік негізіне –ып, -ғалы, -ғанша жұрнақтары жалғану арқылы жасалады.

2. осы шақ көсемше. Бұл форма –а, -е,-й арқылы жасалады.

3. келер шақ көсемше. Бұл форма –а, -ғалы, -ғанша жұрнақтары арқылы жасалады. Бірақ осы үш қосымша да көсемшенің өткен шақ (-ғалы, -генше) және осы шақ (-а) түрлерін жасауға қатысқандықтан, оларды ауыспалы келер шақ деп атауға болады. Ал бұл жұрнақтардың ауыспалы келер шақ мәнін жасаудағы қызметі тек баяндауышпен байланысты қаралады.

Сөйлеуші лебізінің я сөйлеуші пікірінің ақиқат шындыққа қатысын білдіретін тілдегі тиісті фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тәсілдер және олар арқылы берілу жүйесі модальдік категория деп аталады.

Модальдік категорияның етістік формалары арқылы берілетін амал – тәсілдерінің жүйесі етістіктің райы деп аталады.

Етістіктің райы – мазмұн жағынан да, форма жағынан да аса бай категория. Мысалы: мен барайын, мен барайыншы, мен барарма екенмін, менің барғым келеді... тәрізді жай сөйлемдердегі етістік формаларын алсақ, олардың әрқайсысында өзіне ғана тән, өзгелерінде жоқ модальдік мән бар. Ал сол модальдік мәндердің қай – қайсысы болысып етістіктің тиісті формалары арқылы беріліп, сол формалар арқылы, қашан да болсын сараланып отырады. Рай категориясы етістіктің грамматикаланған синтетикалық және аналитикалық формаларымен байланысты.

Етістіктің бұйрық райының модальді мағыналары – семантика жағынан да, грамматика жағынан да қарымы кең формалар. Бұл рай іске қосу, амалды істеуге қорғау салу, түрлі болу, ұсыныс жасау, кеңес беру, өтініш ету, жалыну, бұйыру, әмір ету тәрізді өте көп модальдік мағыналарды білдіреді, демек, бұл рай сөйлеу сөйлеушінің белгілі бір істі жасау, жүргізу туралы көңіл қолынан туған талабын, тілегін білдіреді.

Қорғау салу, іске қосу мағынасы бір тыңдаушыға да, көп тыңдаушыға да 1,2,3 жақтардың бәріне де арналады және етістіктің жалаң немесе күрделі түрлері арқылы да айтыла береді. Бұйрық райдың жетілуі мынадай.

І. Жақ
Көпшіл Жазайық Қарайық   Жазыңдар Қараңдар   Жазсын Қарасын
Жекеше Жазайын Қарайын   Жаз Қара   Жазсын Қарасын

ІІ.Жақ
ІІІ. Жақ

І. жақта –а (йын), -(е)йін, -(а)йық, -(е)йік қосымшалары арқылы жасалған форалар таза бұйрық мағынасында емес өтініш, кеңес түрінде айтылады.

Мысалы: көрейін, берейін, қарайық, көрсетейік.

Дегенімен І жақ формасында тұрып, таза бұйрық мағынасында да қолданылатын кезі де болады. Мысалы: Сені енді қайтып бұл жерде көрмейін!

Нағыз бұйрық мағынасы ІІ жақ формасында қолданылады. Бірақ ІІ жақ форманың өзінде де өтініш мағынасы кездеседі. Әсіресе ІІ жақтағы формаға –ші, -ші, жұрнағы жалғанғанда, бұйрықтан гөрі өтініш, жолының мағынасы басым болып келеді. Мысалы: баршы, барыңызшы, барыңдаршы т.б.

ІІІ жақта да бұйрық рай мағынасы жиі аңғарылғаны өтініш, тілекті білдіру сәті де кездесіп тұрады. Мысалы: Ол үйден шықпасын деген де бұйрық мағынасы аңғарылса, көсегесі көгерсін, басынан жақсылық кетпесін дегенде тілек айтылып тұр.

Қорыта айтқанда, бұйрық рай формалы етістіктер бұйрықпен бірге өтініш, тілек мағынасын да білдіреді.

Алау рай.

Сөйлеушінің ықлас тілегін білдіретін рай түрін әрекетті жүзеге асыруға бағытталатын ниетін, ынталығын, үміт – арманын қалау рай деп атайды.

1. ғы, -и,-қы,-кі тұрақтары жане тәуелдік жалғауы жалғалып, барып кел көмекші етістігімен тіркеледі. Мысалы: барғым келеді, барғымыз келеді, барғың келеді, барғысы келеді.

2. Етістікке ғай,-гей,-қай,-кей жұрнақтарымен жіктік жалғауы жасалады. Мысалы: жазғайсың, жазғайсыз, -ғай(-гей,-қай,-кей) жұрнағы енді көмекші етістігімен тіркесіп те қолданылады. Мысалы: көргей едім, көргей едің, көргей еді.

3. Етістік шарттары рай формасына игі еді немесе екен сөздері тіркесті қалау рай жасалады. Мысалы: келсе игі еді, келсе екен, келсе еді.

4. –ар,-ер,-р тұрақты есімшелерге –ма,-ме сұраулық шылауымен еді сөзі тіркесіпте қалау мағынасын береді. Мысалы: Осының бәрі жағар ма еді.

Шартты рай

Қимыл әрекеттің орындалу орындалмау шартын білдіретін етістіктің түрін шартты рай деп атайды.

Шартты рай формасы –са,-се жұрнақтары арқылы жасалады. Шартты рай негізінен, сабақтас, құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының байандауышы ретінде жұмсалып, екінші бір әрекеттің орындалу не орындалмау оның шартын білдіреді. Мысалы (ол жақсы оқыса, біздің де жүзіміз жарқын болар еді) Жұрт түсінсе, іс оңалды дей бер.

Шартты рай формасы үш жіктеліп қолданылады. Оқысам, оқысаң, оқысаңыз, оқыса, оқысаңдар, оқыса. –са,-се, жұрнақтары барлық уақытта шартты рай мағынасын бере бермейді. Ол үшін келсе той болып жатыр екен деген сөйлемдегі келсе етістігін келгенде деген форманың орнына жұмсалып, шарт емес, мезгілді аңғарып тұр.

Сондай – ақ са+екен, са+еді формалары қалау, тілек мағынасын аңғартады.

Ашық рай

Ашық рай – қимыл әрекетінің орындалу не орындалмауы туралы обьектіні шындықты ашық аңғартатын етістіктің формалары.

Ашық рай формаларының шындыққа қатысының анықтығы шақты білдіруге тікелей байланысты. Мысалы: келдім, келе жатыр, келмекші деген “кел” етістігінің үш формасы өткен шақ, осы шақ , келер шақты аңғартатын формаларда тұрып, қимыл - әрекеттің орындалу мүмкіндігін анық білдіріп тұр.

Ашық рай форалары болымды және болымсыз етістіктен жасалып, қимыл - әрекеттің болу не болмауында анық көрсете алады. Мысалы: кетті, кетеді, кетеді-кетпейді.

Дәріс

Тақырыбы: Термин сөздер. Термин сөздердің жасалу жолдары.

Жоспары:

1. Термин сөздер қызметі

2.Термин сөздердің жасалу жолдары

3. А.Байтұрсынов және терминология мәселесі

Тірек сөздер: термин сөздер, экспрессивті қызмет, терминдік мағына, интернационалдық сөздер.

Тіл-тілдің лексикасында ғылым мен техниканың алуан түрлі салаларында қолданылатын арнаулы сөздер болады. Термин (лат. terminus – шек, шама) – арнайы ұғымдарды, түсініктер жиынтығын дәл беру, нақты белгілеу үшін жасалған арнайы сөздер немесе сөз тіркестері.

Басқа сөздерге қарағанда терминдерге тән қандай қасиет бар? Терминге тән басты белгілер:

● Күнделікті өмірде барлық салада жалпылама қолданыла беретін сөздер ыңғайына қарай түрлі мағынада жұмсалып, көп мағыналы болып келсе, терминдердің басым көпшілігі дара мағынасында жұмсалады. Демек, дара мағыналы болу – терминге тән басты қасиет. Мысалы: аффрикат, аффрит, агглютинация т.б. терминдер қандай контекісте қолданылса да, әрқайсысы әрдайым өзіне тән негізгі бір мағнада қолданылады және ұғынылады.

● терминдер ғылымның бір саласына түпкілікті қызмет етеді.

● терминдер өзгеріске сирек ұшырайды.

● терминдерде көпмағыналылық пен синонимдік қатарлар және жай сөздің табиғатына тән кейбір грамматикалық ауыстырулар болмауы тиіс.

● терминдерде экспрессивті-эмоционалды реңк болмайды.

Терминдер мен термин емес сөздердің арасында өзара алмасу, бірінен-біріне алмасу процесі болып отырады. Өндіріс пен технологияның ғылым мен өнердің, саясат пен дипломатияның және т.б. салаларға тән терминдердің жиынтығы терминология деп аталады. Ғылым мен техникада терминдердің мәні күшті. Ғылым мен техника тілін білу үшін терминдердің мән-мағынасын түсіну қажет. Белгілі бір ғылым саласына тән терминологияны меңгермей тұрып, ол ғылымда игеру мүмкін емес.

Қазақ тіліндегі терминдер тізбегі құрылымдық жағынан әртүрлі. Ғалым Ш.Құрманбайұлы «Жалпы кез келген тілдің терминологиялық лексикасының түзілуіне негіз болатын екі көз бар. Оның бірі – ұлттық тіл де, екіншісі - өзге халықтардың тілдері. Алғашқысы – терминжасамның ішкі көзі, ал кейінгісі – сыртқы көзі деп аталады» деген тұжырым айтады.

Ішкі терминжасам көздері – қазақ тілінің байырғы тілдік материалдары. Ішкі терминжасам көздері арқылы термин жасалуы үшін міндетті түрде қазақ тілінің сөздері мен тілдік бірліктері қатысуы қажет.

Сыртқы терминжасам көздері – сырттан дайын термин алу, оны өз тілі заңдылықтарына икемдеу.

Термин қажетті жаңа ұғымға байланысты жасалады, екіншіден, айналымға түседі, жасалған терминдердің бір нұсқасы ғана сұрыпталып, ғылым саласына қызмет етеді.

Терминдер тіліміздегі сөзжасам тәсілдері арқылы жасалады:

1. Морфологиялық тәсіл (синтетикалық).

2. Синтаксистік тәсіл (аналитикалық).

3. Лексика-семантикалық тәсіл. Сонымен қатар, калька жолымен аудару тәсілі арқылы да терминдер жасалады.

Терминдерді заттық мәнді, етістік мәнді деп жіктеуге болады. Заттық мәнді терминдерді жасауға қатысатын жұрнақтар:

-ыш, -іш, -ш; -кіш, -гіш, -қыш: ажыратқыш, реттегіш, бастауыш.

-шы, -ші: сарапшы, үйлестіруші, тіркеуші, демеуші, шолушы.

-ыс, -іс, -с: тербеліс, ұсыныс, тапсырыс, сұраныс.

-ман, -мен: оралман, тыңдарман, көрермен, оқырман.

-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: тұнба, көрме, сызба, қондырма.

Етістік мәнді термин жасайтын жұрнақтар.

-у: ыдырау, сеік тудыру, реакияға түсу, тотығу, эксплуатациялау.

-лану, -лену, -дану, -дену, -тану, -тену: заттану, терминдену, лексикалану.

-ым, -ім, -ыс, -іс, -с: қойылым, көрініс, тербеліс.

Аталған заттық мәндегі, етістік мәндегі терминдер морфологиялық тәсіл арқылы жасалған.

Синтаксистік (аналитикалық) тәсіл арқылы жасалған терминдер: айналымға енгізу, оқу құралы, несиеге сату; көші-қон, әкімшілік-аумақтық; мейірбике, дүниетаным, тілтаным, баспасөз.

Лексика-семантикалық тәсіл арқылы терминдер жалпыхалықтық тіл элементтерінің ғылыми атау ретінде қолданылуы негізінде жасалады: үстеу, жұрнақ, үнем, шығын, салық, үн, әуен.

Аударма – терминжасам тәсілдерінің бірі: ұялы телефон, айыптаушы, заңгер, мағыналас сөздер, қор, сазгер, т.б. сөздер осы тілдің жемісі.

Қазақ тілін талдап-тануда Байтұрсыновтың еңбегін және бір тұрғыдан

ерекше атау керек: ол – термин жасаудағы іс-әрекеті. Ғалым қазақ тілі фонетикасы мен грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша термин ұсынды. Осы күнгі қолданып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, сөйлем, қаратпа сөз, қыстырма сөз, леп белгісі, сұрау белгісі деген т.т. сан алуан лингвистикалық ғылыми терминдердің баршасы Ахмет Байтұрсыновтікі. Бұлардың барлығы дерлік қазақ сөзінің не байырғы мағынасын жаңғырту (өзгерту), не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген атаулар, көбі жасанды сөздер. Сонылығына, жасандылығына қарамастан, әрқайсысы сол өзі атап тұрған тілдік категорияны дәл білдіретін термин («пән сөзі») болып шыққан. Бұлардың өте сәтті жасалғандығын күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан өміршеңдігі дәлелдейді.

Байтұрсынов терминология мәселесіне қатты назар аударған. Ол тек білім саласы емес, әдебиеттанудың да көптеген терминдерін жасағаны мәлім. Бұлар да өте сәтті шыққан қонымды атаулар болды. Сондықтан олар да күні бүгінге дейін қолданыс тауып келеді. Ғылымның тек осы екі саласы емес, жалпы мәдениетке, тарихқа қатысты әлеуметтік терминдердің де көпшілігі Байтұрсынов қаламынан туып, қазір авторы ұмытылып, жалпы халықтық кәнігі сөздер болып кеткенін де айту керек. Бұл салаларда оның термин жасаудағы ұстаған негізгі принципі – ең алдымен қазақ тілінің өз мүмкіншіліктерін пайдалану болды. Кезінде А.Байтұрсыновты жау етіп танытуға күш салғандардың оған тағатын айыптарының бірі – «Байтұрсынов термин жасауда пуристік бағыт ұстады, яғни қазақ тіліне орыс сөздері мен интернационалдық терминдерді жолатпауға тырысты» деген пікір болатын. Бұл да әрбіп іс-әрекеттің байыбына бармай, себебін іздемей берілген солақай баға. Егер әрбір құбылысты, әрбір іс-әрекетті өз кезеңіне қарап, сол кезеңдегі жағдайға қарай тану керектігін мойындасақ, А.Батұрсыновтың термин жасаудағы «қазақшылығының» негізі бар екендігін көреміз, ұстаған принципі дұрыс екендігін танимыз. Ол принцип жас ғылым салаларының терминдерін жасауда қазақ тілінің өз мүмкіндігіне иек артуға негізделді. Сол кезең үшін бұл принциптің ұтымдылығы сауатын жаппай енді ашып, бұрын естіп-білмеген ғылым салаларының ұғымдарын енді-енді игеруге кіріскен қазақ оқушысы мен оқырманына сол ұғымдарды мейлінше түсінікті етіп жеткізу мақсатының көзделгендігінде. Жасанды болса да оқушының тез жаттығып, есінде жақсы сақтауына, әрі сол сөздің мағынасына қарап, терминдік мәнін өзі аңғарып, игеріп кетуіне мүмкіндік береді. Ғалым осыны білген. Термин жасауда ана тіліміздің сөздік қазынасын мейлінше пайдалану 10, 20-ншы жылдар түгіл, бүгінгі күнде де, яғни дүние жүзі ғылым-біліміне жанасып, орыс тілін жақсы меңгеріп, сол арқылы интернационалдық лексика қорына барып отырған қазіргі кезде де өнімді, басты амалдардың бірі екендігі белгілі.

Сонымен қатар, А.Байтұрсынов интернационалдық терминдерден де мүлде бас тартпағандығын да айту керек. Мысалы, 1912 жылдың өзінде «Айқаптың» беттеріндегі мақалаларында грамматика, фонетика, морфология деген халықаралық сөздерді қолданған. Әрі қарайғы жазғандарында көптеген интернационалдық терминдерді орыс тіліндегі қабылданған түрінде пайдаланғаны көрінеді. Мысалы оның қаламынан шыққан мақалаларда проект, дума, депутат, фракция, доктор, фельдшер, микрб, флот, корпус, батарея, шрапнель, солдат, пулемет, завод, телефон, телеграм деген сөздерді кездестіреміз. Тіпті орайы келгенде өлең шумағында да европалық термин сөзді қолданудан қашпайды.

Дәріс

Тақырыбы: Синтаксис. Сөз тіркесі. Сөздердің байланысу формалары мен байланысу тәсілдері.

Жоспары: 1. Сөз тіркесіне тән белгілер

2. Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері

3. Сөз тіркесінің байланысу формалары

Тірек сөздер: тіркесу тәсілдері, синтетикалық байланыс, аналитикалық байланыс, байланысу формалары, басыңқы сыңар, бағыныңқы сыңар, синтаксистік қызмет, қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу.

Сөздер грамматиканың қарамағына түсіп, синтаксистiк қызмет атқарулары үшiн өзара байланысулары керек. Мысалы: Мен, жазба, өлең, ермек, - дегендер бытыраңқы сөздер. Бұл сөздер бiршама аяқталған ойды бiлдiретiндей сөйлем құрамына енгенде, Мен жазбаймын өлеңдi ермек үшiн ... (Абай) дегендей синтаксистiк өзара тіркесін тұруғa тиiс.

Сөздер, осылай, өзара тiркесiп барып бiр тұтас сөйлем болғанда, олар әp алуан синтаксистiк тәсiлдер арқылы байланысады. Сөз бен сөздi байланыстыруға дәнекер болатын синтаксистiк тәсiлдер, негiзiнде, мыналар:

1. Жалғаулар (септiк, тәуелдiк, жiктiк, көптiк). Жiгiттердiң мақсаты.

2. Шылаулар. Отан үшiн, көрген сайын

3. Интонация. Бұл - кiтап. Жомарт - бригадир.

4. Орын тәртібі. Жібек орамал.

Сөздердiң қосымшалар арқылы байланысуы синтетикалық байланыс, қосымшаларсыз, орын тәртiбi, интонация, шылаулар арқылы байланысуы аналитикалық байланыс болады.

Сөздердiң өзара байланысу тәсiлдерi негізіде қалыптасқан синтаксистiк байланыс жүйесiн сөздердiң байланысу формалары деймiз.

Қазақ тiлiндегi сөздердiң синтаксистiк байланысу формалары мыналар:

1.қиысу 2. матасу 3. қабысу 4. жанасу 5. меңгеру

Қиысу- синтаксистiк байланыстың көп қолданылатын бiр түpi. Қиысуда сөйлемдегi бағыныңқы мүше (баяндауыш) басыңқы мүшенiң (бастауыштық) грамматикалық тұлғасынан не грамматикалық мағынасына қарай тұлғаланады.

Мен көрдiм ұзын қайың құлағанын. Мен көрдiм - қиыса байланысқан сөздер.

Матасу– сөз тіркесінің құрамындағы бағынышты сөздiң басыңқыға және басыңқының бағыныңқыға қарай тұлғаланып байланысуы. Осылай бiрiмен-бiрi қарама-қарсы матаса байланысатын сөздердiң бiрi iлiк жалғауда, екiншiсi тәуелдiк жалғауда айталады. Мысалы: ағаштың бұтағы. Колхозшылардың табысы.

Меңгеру– сөз тiркесiндегi бағыныңқы сөздiң басыңқымен мағыналық үйлесiмi негiзiнде септiк жалғауының бiрiнде тұрып байланысуы. Меңгерiлетiн сөз табыс, барыс, шығыс, жатыс, көмектес жалғауларының бiрiнде тұрaды да, меңгеретiн сөз eтістік, eciм не сол eкеуінің ортасқан тобы болады. Осыған қарап меңгерудi үшке бөлемiз: eтістікті меңгеру (терезенi ашты, жайлауға шықты) есiмдi меңгеру (қойдан жуас, қалада көп), ортақ меңгеру (Maған күлкi емес, жұртқa күлкi болғанмен) .

Қабысу– сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарының басыңқымен жалғаусыз қатар тұрy арқылы байланысы. Қабыса байланысқан сөздердiң көпшiлiгi тұрған орындарын өзгертпейдi, жұбын жазбайды. Ал бiрқатар қабыса байланысатын сөздер сөйлемдегi орнын өзгертiп, өздерi бағындыратын сөздерiнен қашықтап та тұpaды. Ондай алшақ: байланыс жанасуға жатады.

Сөз тiркестерiн топтастыру туралы.Тiл ғылымында сөз тipкeciн бiрқатар авторлар сөйлем мүшелерінің ыңғайында топтастырады. Олар тіркескен сөздердiң өзара мүшелiк қарым­қатынасына қарай, сөз тіркесін «предикативтi», «предикативтi емес» деп екiге бөлiнедi де, соңғыдан толықтауыштың, аньщтауыштың және пысықтауыштың сөз тіркестерін шығарады. Сөз тіркесінің топтастыру принциптерiн дұpыc белгiлеу үшiн сөз тіркесінің зерттеу объектiлерi нелер eкенін, оның басты -басты ерекшелiктерiнiң нелер eкенін ашу керек.

Сөз тіркесі синтаксисiнiң негiзгi объектiсi – сөйлем мүшесi емес, сөз. Сөздердiң өзара тіркесуі - олардың грамматикалық қасиеттерiнiң бiрi. Сөз тіркесінің синтаксисiнде жеке сөз топтарының, олардың бөлшектерiнiң басқа сөздермен өзара тipкecy қабiлетi, байланысу тәсiлдерi, сөздердiң сөз тіркесін құраудағы қызметi айтылады. Оларды негiзге ала отырып, сөз тіркесінің құрамын, олардың мағынасын синтаксистік қызметін сөз етеміз. Қазақ тiлiнiң сөз тіркестері сөздердiң өзара тіркесу қабiлетiне қарай есiмдi және eтістікті болып үлкен eкi салаға бөлiнедi.

Сөз тiркестердегi сөздердiң басын құрайтын және сөз тipкестерінен жiктеуге критерий синтаксистiк тiрек-сөздерiнiң байланысу формалары. Есiмдi сөз тipкестері қабыса, матаса, меңгерiле байланыстырылады; eтicтiкті сөз тipкестері қабыса және меңгерiле байланысады.

Дәріс

Тақырыбы: Сөйлем мүшелері. Сөйлемнің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелері.

Жоспары: 1. Сөйлем мүшелері

2. Сөйлем мүшелеріне қарай жіктеу

3. Сөйлемнің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелері

Тірек сөздер: сөйлем мүшелері, синтаксистік қызмет, синтаксистік мағына, сөйлемнің бірыңғай мүшелері, бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыш

Сөйлемдер синтаксистік мағынаны бiлдiредi. Cинтaкcистік мағына сөйлемнiң құpaмына енген сөздердiң функцuялық қатынасынан туады. Мысалы, субъекm nен iс-әрекеmmiң қатынасын, басmауыш-баяндауыш мүшелер қатынасын сөйлем бiлдiредi. Ал егер «субъекm -iс-әрекеm, ic құралы» болыn құралған niкiрдi бiлдiру үшiн сөйлем «басmауыш-­mолықmауыш -баяндауыш» болыn құралар едi. Сонымен пiкiрдiң құpaмынa сай сөйлемнiң құрылысында да тиісті синтаксистік единицалар болады. Ол – сөйлем мүшелерi. Сөйлем мүшелерi – сөйлем құpaмындa қалыптасқан функциялық қатынастың компонентi. Сөйлем мүшелерi ретiнде толық мағыналы сөздер жұмсалады.

1953 жылы шыққан «Қазiргi қазақ тiлi» бастауыш мүшенi былай анықтаған: «Сөйлемде айтылатын ойға негiз болатын баяндауыш арқылы айтылған қимылдың не басқа сапаның иесі мүшенi бастауыш деймiз». Мектеп оқулығы берiп жүрген анықтама мынандай: «Сөйлемде атау септiгiнде тұрып, ic-оқиғаның иeciн бiлдiретiн тұрлаулы мүшенi бастауыш деймiз» Осы анықтамалар бастауыштың негiзгi белгiлерiн дұрыс атайды. Ол белгiлер мынандай:

1) Бастауыш сөйлем арқылы айтылған ойдың кім, не туралы eкeнiн бiлдiредi, ол-субъектiнi бiлдiретiн мүше. Субъектiнi атау, соны бiлдiру бастауыш мүшенiң eң бастапқы, әрi қазiргi қызметi.

2) Бастауыш баяндауышпен cинтaкcucтiк байланысқа түciп, предика­тивтiк қaтынacқa негiз болатын мүшенiң бiрi.

3 ) Бастауыш-грамматикалық бiтiмi жағынан басқа сөйлем мүше­лерiнен тәуелсiз мүше.

4) Бастауыш мүше негiзiнен атау септiктегi зат eciмнен жасалады. Бұлай болуы бастауыштың басты қызметi-субъектiнiң атауы болуына байланысты.

Бастауыш мүшелер құpaмы жағынан дара, күрделi, үйiрлi болып бөлiнедi. Қара кер озып келдi. Үйдiң iшi қapaңғы. Күрделi бастауыштар мына түрде құралады: l) Күрделi сын eciм, сан eciм, есiмшелер; 2) Заm eciм мен көмекшi есiмдер (алды, жаны, кiшi, маңы) матаса бiрiгiп; 3) Заm eciм мен жiктеу есiмдiктерi мен өз есiмдiгi матаса 6iрiгiп; 4) Зат eciм және жuнақтау сан есiмдер; 5) Күрделi мекеме атаулары күрделi бастауыш ретiнде жұмсалады.

Предикативтiк ic- әрекеттi, сапаны бiлдiретiн сөйлем мүшесiн баяндауыш дейміз. Баяндауыш - грамматикалық формасы жағынан бастауышқа бағынышты мүше. Сөйлемдi қалыптастыратын предикативтiк форма осы баяндауыш бойынан табылады.

Баяндауыштар құpaмы жағынан дара, күрделi болып келедi. Баяндауыш мүшелердiң формасы мен осы қызметке тартылатын сөздердiң морфологuялық формасының apaқaтынacы өте күрделi, олар тeң түсе 6ермейдi. Оған мынандай се6ептер 6ар.

1. Баяндауыш мүше предикативтiкi 6iлдipетiн мүше 6олғандықтан, ол қай сөз та6ына жататын сөзден жасалса да, шақтық мағынаны 6iлдiруге тиiс.

2. Сөйлемнің стuлдiк түрленуi, эмоциялық мағына үcтeyi кө6iнe 6аяндауыштық форма арқылы жүзеге асылырылады. Осыған орай 6аяндауыш мүше формаға 6ай келедi.

Баяндауыштардың жасалуын негiзiнен мынадай үш түрге бөлin қapayғa болады.

1. Дара және күрделi сөздердiң баяндауыш ретiнде жұмсалуы:

Шөn көгердi (көгере бастады, көгерin жатыр). Дала aқ сор (сор)т.т.

2. Тиянақты баяндауыш қызметiндегi сөздiң үcтiнe көмекшi сөздер үстелiп синтаксис аясында жасалатын күрделi баяндауыштық формалар: capқыpaды дейсiң, жауды кеп т.т.

3. Толық мағыналы сөздердiң қайталанып тipкecyi немесе дара сөздердiң меңгерiле тipкecyi арқылы жасалуы: айтуы айтты, келгендi шығарды т. т.

Дәріс

Тақырыбы: Жай сөйлем және оның түрлері.

Жоспары: 1. Жай сөйлемді топтастыруға қатысты пікілер

2. Айтылу мақсатына қарай жай сөйлемнің түрлері

3. Сөйлем мүшелерінің қатысына қарай жай сөйлем түрлері

Тірек сөздер: сөйлем, хабарлы сөйлем, сұраулы сөйлем, бұйрықты сөйлем, интонация, сөйлем мүшелері, грамматикалық негіз.

Сөйлем болмыстағы қатынастарды бiлдiру үшiн ғана жұмсалмайды. Kiciнің тiл арқылы қатынас жасауы пiкiр, ой айтумен қатар екiншi кiсiден пiкiр бiлу, информация алу үшiн сөйлеуiне немесе басқа бiреудi iскe қосу, жұмсау мақсатына да байланысты болады. Сөйлеудiң осы мақсаттары тiлде сөйлемнiң тиянақты формалары арқылы көрiнедi. Сөйлемдер сөйлеу мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лептi, сөйлемдер деп топталады.

ХАБАРЛЫ СӨЙЛЕМДЕР.Хабарды, информацияны баяндау үшiн жұмсалатын конструкциялар хабарлы сөйлем деп аталады. Бұл сөйлемдердiң негiзгi грамматикалық белгiлерi мыналар:

1. Баяндауыштары, негiзiнен, ашық рай формалы eтістіктен (немесе осы формаға сипаттас жұмсалатын есiмдерден) жасалады.

2. Өзiне тән интонациясы болады. Хабарлы сөйлемнiң интонациясының физикалық көріністері эксперименталдық жолмен зерттелiп, методикасы график түрiнде бейнеленген. Бұны тiл бiлiмi сөйлемге тән баяндау сарынды интонация деп атайды. Хабарлы сөйлем eкi негiздi, бiр негiздi құpaмдa көрiнедi: Тау iшi, Иен жайлау.

СҰРАУЛЫ СӨЙЛЕМДЕР.Бiр нәрсе туралы хабар алу үшiн қойылған cұpaқты бiлдiретiн сөйлемдердi сұраулы сөйлем деймiз. Сұраулы сөйлемдер оларға ерекше форма беретiн мына амалдар арқылы жасалады: сұраулық есiмдiктер, сұраулық шылаулар (ма, ме, ше), интонация. Бұлардың бiрi лексикалық амал болса, екiншiлерi (шылау, интонация) ­синтаксис саласына жататын амалдар. Сұраулы сөйлемдер лексикалық амалдарды, синтаксистiк амалдарды қатыстырумен қатар, әp уақытта ерекше сұраулық интонациямен айтылады. Сұраулы сөйлемдердiң өзiне тән грамматикалық амалдарды талғауы мағынасына, диалогтық ситуация үстінде жұмсалу ерекшеліктеріне, қызмет ерекшелiгiне байланысты.

БҰЙРЫҚТЫ СӨЙЛЕМДЕР.Бұйрықты сөйлемдер сөйлеушiнiң бiреудi iскe қосу, жұмсау үшiн айтқан пiкiрiн бiлдiру үшiн жұмсалады. Бұйрық мағына сөйлеу үстiнде түрлiше реңде бiлдiрiледi. Осынысына орай бұл сөйлем тек бұйрық рай eтістік формасын ғана емес, басқа формаларды да қатыстырып жасалады.

1. Бұйрық мағыналы баяндауыштардың iшiндегi негiзгi тipeк форма ­eтістіктің жалаң II жақ бұйрық рай тұлғасы арқылы жасалады. Бұл баяндауышты тipeк форма деуiмiз - ол бұйрық мағынаны ешбiр қоспасыз жалаң түрде бiлдiредi. Көп сөздi қайтесiң? Одан да тауығыңа uе бол,- деп күзеттi Құрманға тапсырды да, Мақпал үйiне қайтты (I.Ж.).

2. I жаққа қатысты бұйрықты, ic-әрекетке жұмcayды -айын, -ейiн, -айық, -ейiк формалы етiстiктерден жасалған баяндауыштар бiлдiрiледi. Eтістік тудыратын бұл жұрнақтардың тарихи жолын қуғанда былай саралауға болады: -айын, -ай, -ын, -ейiн, -ей, -iн; -ай, -ей бұйрық мағына беретiн жұрнақ -ын, -iн, -ық, iк,- жақтық көрсеткiштер. -ын, -н жақтық көрсеткiш ретiнде бұрын жиi жұмсалған. «Шайбанинамада» алғаның тәрiздi 1 жақтық форма жиi ұшырайды. III жаққа қатысты бұйрықты бiлдiру үшiн келсiн, айтсын тұлғалы бұйрық рай eтістіктер баяндауыш ретiнде жұмсалады.

3. Ауызекi тiлде бұйрық мағыналы сөйлем алғын, келгiн формалы баяндауыштардың қатысуымен де құралады: Сен epmeң келгiн. Бұл баяндауыш тек анайы тұлғада келедi, сыпайы тұлғасы жоқ. Сөйлеуде де сирек жұмсалатын бұл форма өте кенеден келедi, әpi ол осы күнгi бiрқатар өзге формаларға негiз болған.

ЛЕПТI СӨЙЛЕМДЕР.Сөйлемдер дүниедегi болмыс туралы пiкiрдi хабарлап қaнa қоймайды, ол сөйлеушiнiң болмысқа қатысты туған эмоциясын да бiлдiредi. Сөйлеушiнiң эмоциясын қoca бiлдiретiн сөйлемдердi лептi сөйлем деймiз. Ауызекi сөйлеу тiлiнде сөйлемге эмоциялық түр беретiн баяндауыштың формадан бөлек амалдар бар. Олардың бiрi - одағай сөздерi сөйлемге енгiзу. Ей, шеmmерiнен күйiп nicmi-ay (С.Мұрат.). Баяндауыштар қайталанып айтылып та эмоциялық бiлдiрiледi. Мұндайда алдыңғысына демеулiк қосылады. Күлiмсipеген сәmi Халuмадан еш аумайды-­ау, аумай-ды (С. Мұрат.).

РЕПЛИКА РЕТIНДЕГI ЛЕПТI СӨЙЛЕМДЕР.Тiлiмiзде құрылысы жағынан оқшау келетiн, құрамындағы сөздердi мүшелiк қатынасқа анық даралауға келмейтiн сөйлемдер бар. Мысалы: Келгенде қандай, Ол ол ма! Бұл сөйлемдер лексикалық құрaмы жағынан мүлде epкін бола алмайды, олардың бiр тобы ылғи тұрақты бiр сөздердi ғана қатыстырып құралады: Ол ол ма! О нeci екен! Ендi бiр тобы бiр сөздiң тұрақты компонент болып қатысуы негiзiнде құралады: Алғанда қандай! Айmқанда қандай! Осы ретпен құралуы бұл сөйлемдердiң құрылысына фразеологизмдерге тән сипат бередi. Өйткенi сөйлемнiң құрамындағы сөздер epкін тiркеспейдi, орнықты болған үлгi бойынша бiрiктiрiледi. Осы құрылымдық ерекшелiгiн ескерiп бiз бұл типтi сөйлемдердi реплика ретiндегi лептi сөйлемдер деп атаймыз. Осылай аталуына тағы бiр себеп - бұл тәрiздi сөйлемдер көбiне диалогта жауап реплика ретiнде жұмсалады. Реплика ретiндегi сөйлемдер мазмұны жағынан да басқа сөйлемдерден ерекшеленедi. Бұларда эмоциялықты бiлдiру қызметi басым, логикалық мағынa күңгірттеніп осы эмоцияның көлеңкесінен көрінеді.

Грамматикалық бастауышы бар не бастауышы ерекше айтылмай, оның қай сөз eкенін баяндауышпен ұластыра, aтay apқылы білуге болатын сөйлем жақты болады. Олардың баяндауштары бастауышпен қиысу үшiн белгiлi жақ жалғауларында не жалғаусыз жақтық мағынада айтылады. Соңғылардың жақтық тұлғаларына, мағыналарына дәлме-дәл үйлесiмдi болып айтылған (не айтылатын) бастауышы бар сөйлем жақты болады.

Бастауышы ерекше айтылмаған сөйлемдердiң eндi бiрқатарын, толымсыз сөйлемдерден айыру үшiн, мектеп грамматикаларында «жақсыз» сөйлем деп атап жүрмiз. Олардың үш жақтың бiрiне тән белгiлi грамматикалық бастауышы болмайды. Мысалы: "Баланы жаман үйретпеу керек" деген сөйлемдерде кім ? не? сұрақтарына жауап болатындай бастауыштар ерекше айтылмаған. Мұндайда сөйлеушi мен тыңдаушыға iстi iстеушiнiң кім eкендігін дәлдеп көрсетудің қажетi болмайды да, тек ic-әрекетiн хабарлау, iстeyгe я iстeмeyгe тиiстi жайды бiлдiру қажет болды.

Егер жақсыз сөйлемдердiң түрлерi әдеби тiлiмiз қалыптаспай тұрған кезде елеусiз болып, аз жұмсалатын болса, осы күнгі әдебиеттерде оның түр-түpi сараланып, жиi жұмсалатын болады. Сонда да «жақсыз сөйлем» деген термин-шартты атау.

Жақсыз сөйлемнiң түрлерi. Жақсыз сөйлемдердiң түр-түpi олардың баяндауыштарына қарай айырылады. Олардың баяндауыштары көбiнесе күрделi болады да, мынадай құpaмдa жұмсалады:

1. -у , -мақ жұрнақты тұйық рай тұлғалы қимыл eciмi мен керек сөздерiнен құралған баяндауышы бар сөйлемдер көбiнесе жақсыз сөйлем болады.

2.Барыс септiктi тұйык, рай тұлғалы eтістікке: есiмше көсемше тұлғалы eтістікке бол eтістігі көмекшi болу арқылы жақсыз сөйлем жасалады:

3.Күрделi баяндауыш құрамында барыс септiктi тұйык, рай тұлғалы eтістіктен кейiн тура келу көмекшiсi айтылу арқылы да жақсыз сөйлем жасалады:

4.Барыс септiктегi тұйык, рай тұлғалы eтістіктен болған күрделi баяндауыштың құрамында мүмкін (мүмкін емес) сөзi айтылу арқылы да сөйлем жақсыз болады:

5. Бiрдеңенi арман ете айтылатын күрделi баяндауышты сөйлемнiң сөзi келер шақтық есiмше (-р,­ар\ \-ер) болып, одан кейiн сұраулы -ма\ \-ме шылау мен көмекшi - е, \ -дi\ \ -дің\ eтістігі айтылып та жақсыз сейлем жасалады.

Белгiсiз жақты және жалпылама жақты сөйлемдер.

Бiрқатар сөйлемнiң грамматикалық бастауышы ерекше айтылмайды да, iстелген ic-әрекет, әйтеуiр, белгiсiз субьектiлерге тән болып ұғынылады. Мысалы, Қалпақты қыста кимейді, жазда киеді деген сөйлем-жақты баяндауышы III жақта, бiрақ бастауышы белгiсiз. Осындай бастауышы белгiсiз - жақты сөйлемдер былай жасалады.

1. III жақ, ауыспалы шақ тұлғалы eтістіктерден болған баяндауыштар осы шақтық мағынада айтылуы арқылы кейде бастауышы белгiсiз сөйлем жасалады. Ол жақта жылқының eтін жемейдi. Нарларды көбiнесе жүкке пайдаланады. (Ә.Сәрсенбаев).

2. Өткен, келер шақтық, З-жақтық тұлғадағы етістіктер не есiмшелер баяндауыш болғанда, сөйлемнiң бастауышы белгiсiз болуы мүмкін.

Оның ұлдарын, сүйiктi ұлдарын, ертең әкеткелi отыр,әкеткелі дe бiржола көз көрмеске әкетпекшi ... (Н.В. Гоголь). Од кезде көмipдi қауғамен тартатын (F. Мұстафин).

Атаулы сөйлем.

Eндi бiр қатар сөйлемдер сараланған бастауыш пен баяндауыштан құралмай, тек бастауыш ыңғайындағы сөзден, сөз тіркестерінен құралады: Түн. Клуб толы адам. (С.Ерубаев). Атаулы сөйлемдер, осындай, жеке сөздi не сөз тіркесін айырықша сөйлемдiк интонациямен айту арқылы жасалады.

Атаулы сөйлемдердiң мазмұны осы шақтағы болмысты, құбылысты бiлдiрумен байланысты болады. Сондықтан олар өткен шақтағы оқиға, ic жайындағы ой болмайды, көбiнесе мезгiлдi, айналамыздағы табиғат құбылыстарын, заттардың сол заттық бейнелi қалпын айтуға арналған болады.

Дәріс

Тақырыбы: Құрмалас сөйлем және оның түрлері.

Жоспары: 1. Қазақ тілінің құрмалас сөйлем жүйесі

2. Құрмалас сөйлемнің түрлері

3. Салалас және сабақтас құрмалас сөйлемдердің мағыналық топтары

Тірек сөздер: құрмалас сөйлем, сөйлем мүшелері, басыңқы және бағыныңқы сыңар, салалас құрмалас, сабақтас құрмалас, аралас құрмалас.

Кемінде екі жай сөйлемнен құралған күрделі сөйлемді құрмалас сөйлем дейміз. Мысалы: Аспанда бұлт болмасын, жерде гүл солмасын. Құрамындағы жай сөйлемдердің өзара байланысу жолдарына қарай құрмалас сөйлем 3 бөлінеді: салалас құрмалас сөйлем, сабақтас құрмалас сөйлем, аралас құрмалас сөйлем.

Құрамындағы жай сөйлемдері өзара тәуелсіз, тең дәрежеде байланысқан құрмалас сөйлемді салалас құрмалас сөйлем дейміз. Мыс: Табыс өзінен - өзі келмейді, оны қажырлы еңбекпен жеңіп алу керек.(1. Табыс өзінен-өзі келмейді. 2. Оны қажырлы еңбекпен жеңіп алу керек. )

Салалас құрмалас сөйлемнің түрлері:

Ыңғайлас салалас. Құрамындағы жай сөйлемдері көбінесе өзара тұлғалас, бір сарынды мағыналық қатынаста айтылған салалас құрмалас сөйлем ыңғайлас салалас болады. Ыңғайлас салалас ішіндегі жай сөйлемдер да, де, та, те, және, әрі, мен, бен, пен деген жалғаулықтар арқылы немесе ешбір жалғаулықсыз-ақ байланыса береді. Мыс: Мұндай жолдарды салу аса қымбатқа түседі және кез- келген жерге сала беру мүмкін емес. Мыңдаған гектар шөп шабылмақ, ондаған қора жайлар салынбақ.

Түсіндірмелі салалас. Құрамындағы жай сөйлемнің бірі басқасымен талданып түсіндірілетін салалас іліктес салалас болады. Мысалы: майдың құрамына да үш элемент кіреді: олар – көмір, оттегі және сутегі. Түсіндірмелі салалас сөйлемнің арнайы жалғаулықтары жоқ. Сол, сонша, соншалық, соншама деген сөздердің қатысымен жасалған кейбір құрмалас сөйлемдер де іліктес салалас ретінде қарастырылады. Мыс: Сабырлы Олжабектің сасқаны сонша – орнынан атып тұрды. Мал етінің асылдануы сондай – майы аузыңа салдырмайды.

Қарсылықты салалас. Құрамындағы жай сөйлемдері өзара қарсы мағыналық қатынаста жұмсалатын салалас құрмалас сөйлем қарсылықты салалас болады. Қарсылықты салалас сөйлемдер жалғаулықты және жалғаулықсыз болып бөлінеді. Ондағы жай сөйлемдерді байланыстыратын жалғаулықтар: бірақ, ал, алайда, дегенмен, сонда да, сөйтсе де ,әйтсе де т.б. Мысалы: Елім орасан мол ағаш байлығына ие болып отыр, бірақ бұл байлықтың өзін де ұқыптылықпен тиімділікпен пайдалану керек. Баймахан қосымша уақыт сұрап еді, - төраға үндемеді.

Себеп- салдар салалас. Құрамындағы жай сөйлемдері өзара себеп- нәтижелі қарым – қатынаста жұмсалатын салалас құрмалас сөйлем себеп- салдар салалас болады.Себеп жалғаулықтары: Себебі, өйткені, неге десең. Олар тек қана себепті білдіретін сөйлем құрамында айтылады. Салдар жалғаулықтары: сондықтан, сол себепті. Бұлар тек қана нәтижені білдіретін сөйлем құрамында жұмсалады. Мысалы: Көпшілік тікұшақтар 250 км /сағаттан аспайтын жылдамдықпен ұшады, сондықтан оны аса аққыш формалы түрге келтірудің онша қажеті жоқ.

Талғаулы салалас. Құрамындағы жай сөйлемдері не , немесе, я, яки, әлде, болмаса деген жалғаулықтар арқылы байланысып, іс-әрекеттің талғануын білдіретін салалас құрмалас сөйлес талғаулы салалас болады. Мыс: Малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек. Сол белгі менде жоқ па, әлде көрмейсіңдер ме?

Кезектес салалас. Құрамындағы жай сөйлемдері бірде, біресе, кейде деген жалғаулықтар арқылы байланысса, іс әрекеттің алмасып келуін білдіретін салалас құрмалас сөйлем кезектес салалас болады. Кезектес салалас сөйлемдегі баяндауыштармен жалғаулықтар қайталанып айтылады. Мысалы: Тыныс керек кейде жанға, кейде жанға ән керек.

Шартты салалас. Алғашқы предикатив сыңарында екіншісіндегі іс-оқиғаның шартты берілетін салаластың түрін шартты салалас дейміз. Предикатив сыңарларының арасына үтір, кейде сызықша қойылады. Енді жіберіп көрші, құдай біледі әкеңді танытамыз. Жұрт айтты- көне берді.

Сабақтас құрмалас сөйлем. Құрамындағы жай сөйлемдері бір-бііріне тәуелденіп, бағына байланысқан сөйлемді сабақтас құрмалас сөйлем дейміз. Мысалы: Егер де моторлы қайық болса, ауды 6-7 рет салар едік.

Сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлері.

Шартты бағыныңқылы сабақтас. Бағы

Наши рекомендации