Кері байланысты қолдану тұрғысынан тәжірибені түзету
Ширли Валентайн жұртшылықты өз оқушыларының білім алуына тартқысы келді. Ол оқушылар егде адамдармен мүмкіндігінше көбірекараласса, өте жақсы азамат болып өсіп шығады деп ойлады. Ол бұл туралы мектеп директорымен сөйлесіп, директор оны қолдады.
Бірінші кезеңде жергілікті қоғам өкілін сабаққа қатысуға шақыру міндеті тұрді. Өкіл 1928 жылы туған әже болып шықты. Оқушыларға оның жасы туралы алдын ала айтылып, «уақыт кесіндісі» жасалды. Балалар осы қарт әйелдің туған жылынан бастап тарихта болған шешуші оқиғаларды жазу арқылы «уақыт кесіндісін» толтыру үшін негізгі мектеп көздері мен интернетті пайдаланып, шағын топтарда бірлесіп жұмыс істеді. Әрбір топ уақыттың белгілі бір үзігіне көңіл аудара отырып, келген қонаққа сұрақтарын дайындады. Балалар айтылғандарды жазып алып отырды да, қонақ кеткеннен кейін карточкаларға қысқаша хабарламалар жазды. Оқушылар фотолармен және басқа да табылған суреттермен қосып, оларды «уақыт кесіндісіне» жапсырып қойды. Олар, мысалы, қонақ әже антибиотик ойлап табылғанға дейін медбике болғанын және карбол қышқылын гигиеналық мақсатта пайдаланғанын білді.
Ширли оқушылардың ата-аналарынан сауалнама толтыруды сұрады, ол сауалнамада мынадай сұрақтар болды: Балаңыз қонақ әже қатысқан сабақ туралы сізге айтты ма? Сіздің балаңыз осы кездесуден не білді деп ойлайсыз? Мұғалім оқушылардан түсініктемелерін параққа жазып, тақтаға ілулерін сұрады. Осыдан кейін Ширли сынып алдында түсініктемелерді оқып, балалардан белгілі бір түсініктемелермен келіспеген жағдайда қол көтерулерін сұрады. Ширли айтылған пікірлер туралы ойланды. Пікірлердің барлығы жағымды болды, бірақ оқушылардың көбі «уақыт кесіндісіне» жабыстырылған карточкаларда не жазылғанын түсіне алмағандарын айтты. Карточкаларды толтырған оқушылар көп нәрсені біле алды, бірақ ұжым ретінде білуге болатын нәрсенің бәрін меңгере алмады.
Ширли сабаққа қонақты екінші рет шақырғанда, оның оқушылары жұп-жұппен жұмыс істеді және ол тапсырмаға жаңа кезең енгізді. Қонақ кеткеннен кейін сынып қонақ туралы не білгендерін талқылауға кірісті, содан соң тарихтың белгілі бір кезеңдері туралы мәліметті көбірек білетінін танытқан оқушылар берген ақпаратты жаза бастады. Бүкіл ақпарат карточкаларға жазылып, тақтаға ілінді. Сосын жұптарға карточкаларға жазылған ақпарат таратылып, сондай-ақ сол ақпаратты тарқатуларына мүмкіндік беру үшін компьютерді қолдануға рұқсат етілді. Оқушылар жұп болып, интернет материалдарын басшылыққа ала отырып, тарихқа қатысты өз бөлігін кеңейте алды, мысалы, қонақ ауруханаларда «карболканы» пайдаланғандары туралы айтқан кезде, оқушылар осындай ақпаратты іздеп, «карбол сабыны таскөмір шайырынан жасалады және екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін техникалық дүкендерде сатылған. Ол әлі де сол кездегіні еске түсіретін, ескі үлгідегі заттарды тұтынғысы келетін адамдар үшін интернет арқылы қолжетімді» деген мәліметті тапты.
Бұл жиналған ақпараттың сапасын арттырып, ол туралы таныстырылымды жақсартуға мүмкіндік берді. Басқа оқушыларға соңғы материалды оқып шығу ұсынылды.
Сонымен қатар сіз ненің өзгергенін және қалай өзгергенін көрсету үшін де деректер жинай аласыз. Содан кейін басқаларға өз жұмысыңыздың әсерін көрсету үшін осы деректерді пайдалануға болады. Сіз жинаған деректер, сондай-ақ оларды жинақтау тәсілі сіздің бастапқы мақсатыңызбен үйлесуі өте маңызды. 11-тапсырмада дамыту жөніндегі жұмысыңызда өзіңізге қолдау көрсететін деректер жинау тәсілін қалай таңдау керектігі туралы кейбір ұсыныстар берілген.
11-тапсырма: Дерек жинауды жоспарлау
Сауалнама сізге өзіңіздің оқытуыңызды бағалауға және өзіңіздің жеке түсінігіңізді дамытуға көмектеседі, бірақ егер де сіз шынымен де мектебіңізде оқыту мен оқуды жақсартқыңыз келсе, өзіңіз пайдаланатын деректердің маңызды мәні бар екеніне көз жеткізуіңіз қажет. Өз жұмысыңыздың ықпалын барынша арттыру мақсатында сіз кәсібилікке қатысты пікір білдіру мен талқылауды ынталандыру үшін айғақты пайдалана аласыз, сондай-ақ әріптестеріңіз жағдайды қалай қабылдайтынына әсер ете аласыз.