Тақырып. Соттың үкімдері мен қаулыларын орындау.
Дәріс мақсаты:Соттың үкімдері мен қаулыларын орындауды сипаттау.
Қысқаша мазмұны:
1. Үкімді және қаулыны орындау сатысының мәні мен маңызы. Үкімді орындау сатысында қылмыстық іс жүргізу принциптерін жүзеге асыру. Сот үкімдері мен қаулыларын орындауга кірісу тәртібі. Үкім мен қаулыны орындаудағы ішкі істер органдарының рөлі. Кәмелетке жасқа толғандарды бас бостандығынан айыру үкімін орындау. Үкімді орындауды жүзеге асыратын органдар мен тұлғалар.
2.Үкімнің орындалуын кейінге қалдыру. Үкімді орындау кезінде соттың қарайтын мәселелері. Кәмелетке толмағандарға катысты бас бостандығынан айыру үкімдерін орындау. Үкімді және қаулыны орындау кезінде туындалатын іс жүргізушілік мәселелер. Соттылықты алу туралы өтініштерді соттың қарауы. Судьяның қаулысына шағымдану және наразылық келтіру.
3.Жазаны ауыстыру, өзгерту, жою және жазадан босату. Соттың үкімі мен қаулысының орындалуы заңдылығына прокурордың қадағалауы.
1.Сот шешімдерін орындау — сот үкімі (айыптау немесе ақтау) мен сот қаулысында болатын, сонымен қатар жазалау сипаты мен түріне қатысты болатын ережелер жүзеге асырылатын қылмыстық процестің қорытыңда кезеңі. Сотталушының жазасын өтеу жағдайларының дербес қылмыстық-атқару құқығымен жүзеге асырылатынын білген жөн. Үкімді орындау бұл тек қана жаза белгілеу шешімін орындау ғана емес, сонымен қатар онда сотталушыны қамаудан босату туралы шешім, шартты мерзімінен бұрын босату туралы шешім және ҚР ҚІЖК-нің 453-бабында көрсетілген өзге де шешімдер көзделуі мүмкін. Жазаны орындау негізі болып заңды күшіне енген соттың үкімі немесе қаулысы, сондай-ақ көшірім беру немесе рақымшылық жасау актісі табылатынын естен шығармау қажет.
Үкім мен қаулының занды күшіне енуі.Бірінші сатыдағы сот үкімдері, егер оған шағымданбаса немесе наразылық келтірілмесе, аппеляциялық шағымдану немесе наразылық келтіру мерзімі өткен соң занды күшіне енеді және орындалуға тиіс.
Аппеляциялық шағым жасалған немесе наразылық келтірілген жағдайда, бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылмаса, аппеляциялық қаулы шығарылған күні күшіне енеді. Егер аппеляциялық шағым, наразылық аппеляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін қайтарып алынса үкім шағымды, наразылықты қайтарып алуға байланысты аппеляциялық іс жүргізудің тоқтатылғаны туралы аппеляциялық сатының қаулысы шығарылған күні заңды күшіне енеді.
Үкім заңды күшіне енген немесе іс аппеляциялық сатыдағы соттан қайтарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей бірінші сатыдағы сот үкімді орындауға кіріседі.
Қылмыс жасағаны үшін сотталған адам, егер айыптау үкімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 75-бабымен белгіленген мерзімде орындалмаса, жазаны өтеуден босатылады.
Егер сот ақтау үкімін қабылдаса не сотталушы жаза тағайындалмай сотталса немесе жазадан босатылса не бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесілсе, ал үкім қабылданғанға дейін ол қамауда ұсталса, мұндай шешім шығарған сот оны дереу қамаудан босатады (ҚР ҚІЖК 447-бап 5-бөлігі.)
Бірінші сатыдағы сот қаулысы шағымдану немесе наразылық білдіру мерзімі өткен соң не жеке шағым жасалған немесе наразылық білдірілген жағдайда, істі жоғары тұрған сот қарағаннан кейін занды күшіне енеді және орындалады.
Соттың шағымдануға немесе наразылық білдіруге жатпайтын қаулысы ол шыққаннан кейін дереу күшіне енеді және орындалуға жатады.
Істі қысқарту туралы сот қаулысы сот отырысын тағайындау туралы мәселені шешу кезінде немесе сот отырысында оның айыпталушыны немесе сотталушыны қамаудан босатуға қатысты бөлігінде дереу орындалуға жатады.
Аппеляциялық сатыдағы соттың қаулысы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 423—1-бабында көзделген тәртіпте орындалады.
Аппеляциялық сатының қаулысы ол жарияланған кезден бастап занды күшіне енеді және тек прокурордың наразылығы бойынша қадағалау сатысында қарастырылады (ҚР ҚІЖК 448-бап).
Сонымен қатар, үкімнің айналысқа (қолданысқа) түсу процесінде үкімге оның маңызына тиетін өзгертулер мен толықтыруларды енгізуге болмайтынын естен шығармау керек, бұнда тек сот қадағалауы тәртібімен ғана жүзеге асырылады.