Шерметова Г.Б. €

БАСТАУЫШ СЫНЫПТА АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІ ҚОЛДАНУДЫҢ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Шерметова Г.Б. – 102-13 тобының студенті

Ғылыми жетекші: -

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент

Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).

Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).

Бастауыш сыныптарда қазақ тілі, ана тілі сабақтарында мақал-мәтелдерді оқытып, оқушылардың шығармашыл ойлауын қалыптастыру – бүгінгі өмір талабына сай азаматты тәрбиелеудің негізгі жолдарының бірі. Себебі оқыту үрдісінде тиімді қолданылған мақал-мәтелдер оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады, сол арқылы шәкірттердің ана тілінің терең қатпарларын игеруіне, асыл маржандарын түсінуіне жағдай жасайды. Сондықтан қазақ тілі, ана тілі пәндерінде мақал-мәтелдерді оқыту мемлекет тарапынан білім беру. Мақал-мәтел – ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі жағынан шағын болғанымен, мазмұны терең, уақыт өткен сайын мағынасы терең, құны артып, қымбат қазынаға айналып келеді. Мақал-мәтелдердің ұрпақ тәрбиесіндегі орны айрықша, тәрбиелік мәні зор рухани байлық.

Бастауыш сыныпоқулықтарында берілген мақал-мәтелдерді қамтитын тақырыптар төрт түлік туралы, кішіпейілділік пен адамгершілік, еңбек пен кәсіп, өнер мен білім, батырлық пен ерлік, туған жер, ел табиғатына байланысты. Осыған шолу жасасақ:

І сыныпта: төрт түлік, кішіпейілділік, еңбек, батырлық, өнер жайындағы мақал-мәтелдер берілген;

ІІ сыныпта: төрт түлік, өнер-білім туралы, отан, туған жер, бірлік, еңбек жайында;

ІІІ сыныпта: адамгершілік, туған ел, еңбек, бірлік, табиғат жайында;

IV сыныпта: өнер-білім, ерлік пен батырлық, бірлік, достық, адамгершілік қасиеттері, т.б. туралы. Соның ішіндегі:

Төрт түлік жайында:

Түйе атасы – нар Мал баққанға бітеді.

Ағаш атасы – шынар. Түлік төлден өседі.

Ат – адамның қанаты. Мал өсірсең, қой өсір

Сиырдың сүті – тілінде. Өнімі оның көл-көсір.

Мақалдардың түпкі мазмұнында қазақ халқының кәсібі мал шаруашылығы болғандығын баяндай отырып, оның өнімді, тиімді жақтары жан-жақты айтылған.

Өнер-білім жайында:

Өнер – білім бұлағы, Қына тасқа бітеді,

Білім – өмір шырағы. Білім басқа бітеді.

Білім таппай мақтанба Білекті бірді жығар,

Өнер таппай баптанба. Білімді мыңды жығар.

Акыл – тозбайтын тон, Білім жолы қиын жол.

Білім таусылмайтын кен.

Халқымыз білім, ғылым жолының қиындығын «Оқу – инемен құдық қазғандай»деп бағалаған. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» деп білімді күннің нұрына балаған. «Өнер – бұлақ, білім – шырақ» дей отырып, өнер мен білімді қатар қойған.

Ерлік, бірлік жайында:

Шешен сөз бастар, Батыр туса – ел ырысы,

Батыр қол бастар. Жаңбыр жауса – жер ырысы.

Ер жігіт елі үшін туады, Досы көпті жау алмайды,

Елі үшін өледі. Ақылы көпті дау алмайды.

Бірлік – бұзылмас қамал. Ерлік пен бірлік жеңіске жеткізеді.

Негізгі мазмұны оқушыларды бірлікке, татулыққа шақыра білсе, ал ерлік жайында халқымыз азаттығы, елдігі үшін, қандай да болса күресте біріге білген. Жауды ерлік жеңбейді, елдік-бірлік жеңеді.

«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» біріккенде ғана жеңіске жететіндігін мәлімдейді.

Еңбек жайында:

Ердің атын – еңбек шығарады.

Еңбек – адамның екінші анасы.

Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.

He ексең, соны орасың.

Бұл мақалдың мазмұны оқушыларды тәрбиелеуде еңбек деген не екенін түсіндіріп, оны сүйе білуге, өзге еңбегін қастерлей білуге үйрету. Адамзат тіршілігінде қандай да нәрсе болса, еңбексіз қолға түспейпейтіндігіне көз жеткізуді көздейді.

Адамгершілік, кішіпейілділік жайында:

Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені.

Ағаны көріп іні өсер,

Апаны көріп сіңлі өсер.

«Сіз» деген – әдеп

«Біз» деген - көмек.

Әдепті бала, ата-анасын мақтатар,

Әдепсіз бала, ата-анасын қақсатар.

Жақсыдан үйрен,

Жаманнан жирен.

Ұлтымызда тәлім-тәрбиеге, әдептілікке, адамгершілікке шакыратын айшықты сөздер аз емес. Тәрбиеге қатысты нақыл сөздердің мәнін ашу арқылы оқушыларды осы қасиеттерге үндейді.

Мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени, ұлттық-дүниетанымдық мақсатта қолданылған сөздердің халық тарихын, салт-санасын танып-білудегі рөлі ерекше.

Қазақ мақал-мәтелдері – ертек, аңыз-әңгіме, батырлық-ғашықтық жырлар, қара өлеңдер секілді халық шығармаларымен қатар жасап келе жатқан көне жанр. Олай дейтініміз ХІІ-ХІІІ ғасырлардан сақталған сирек жазба деректерде мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Мәселен, Орхон жазуларында: «Жырақ болса жаман сыйлық берер, жақын болса жақсы сыйлық берер», «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» («Күлтегіннен»), «Жұқаны топтау оңай, жіңішкені үзу оңай», «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөктен») деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат – ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң кішік бол, халық үшін бәлік бол», «Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында», «Тай ат болса – ат тынар, ұл ер болса – ата тынар» дейтін мақалдарды [5], ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білікке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр», «Ауыздан бірде от, бірде су шығар, бірі жанса, бірі сөндірер» дейтін мақал-мәтелдерді оқимыз.

Қорыта келгенде, тіліміздегі мыңдаған мақал-мәтелдер тіл байлығымыздың сүбелі саласы, көркем сөз шеберлігін шыңдай түсуге, тілдік мүмкіншіліктердің өрісін кеңейте түсуге қажетті, әсерлі де әсем, бейнелі де айшықты сөз өрнегі болып саналатынына көзімізді жеткіздік.

Наши рекомендации