Сабақты инновациялық деңгейде оқыту – өмір талабы
Педагогикалық эссе
ХХІ ғасыр - жеке адамның білімі мен біліктілігіүстемдік құратын дүниежүзілік ақпараттандыру құралы болып, төрткүл дүниеге тегіміз танылар тұста ұрпағымыз білімін қалай ұштаса болады, ғылымға деген самарқау саналар, марғау көңілдер қайтсе сергиді? Танымның кемірін кеңейту үшін, түпсіз білімнің тұңғиығына бойлау үшін не істеу қажет, неден бастаған жөн? Осы орайда жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеудегі басты бағдар, «Қазақстан -2030» бағдарламасы мен ҚР «Білім туралы» Заңы болып отыр. Ал қоғамымыздағы мұғалім алдында тұрған міндет- сапалы білімді, саналы тәрбиелі, экономикалық ойлауы дамыған, жалпы адамзаттық құндылықты меңгерудегі шығармашылық, іскерлік пен дағдысы қалыптасқан, жан – жақты мәдениетті жеке тұлғаны қалыптастыру екені біздерге белгілі.
«Бала балқытылған алтын, оны қандай қалыпқа құйып, қандай мүсін жасаймын десе де мұғалімнің қолында»- деген ұлы педагог К.Д.Ушинский. Олай болса білім мен тәжірибе ұштасқанда ғана жеке тұлғаны қалыптастыра аламыз. Сондықтан әр мұғалім «мен бүгінгі сабақта шәкіртіме не бере аламын, білім байлығын қалай кеңейтемін» деп толғау керек.
Қазіргі заманғы инновациялық тәжірибе – бұл жаңалықты ендіру емес, бұл бұрынғы педагогикалық , шығармашылық, жаңашылдық және зерттеушілік қызмет нәтижелерін қайтадан өңдеп қазіргі заманға лайық толықтыру деп түсіндіріледі.
Соңғы жылдары жеке адамды қалыптастыруды дамыту мен оған жан – жақты терең білім беру мақсатында көптеген технология түрлерін өз сабағымда қолданамын, баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыра отырып, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыруға жаңа технология түрлері арқылы жұмыс жүргізіп келемін. Қазіргі таңда қазақ тілі пәні бойынша алдыма қойған міндетім - оқушыларды әдеби сөйлеу мен сауатты жазу дәрежесіне жеткізу. Қазіргі таңдағы қазақ тілі маманына қойылатын талаптарға сәйкес білім берудің мақсаты да айқындалады:
- Жеке тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамыту;
- Білім беруді ізгілендіру.
“Қазақ тілі” пәнінен күтілетін құзіреттілік нәтижелер:
1.Проблемаларды шешу құзіреттілігі.
2.Ақпараттық құзіреттілік.
3.Коммуникативтік құзіреттілік.
Осы орайда жүргізілетін жұмыстардың түрлері әр алуан. Әрбір технология өзіндік жолда әдіс – тәсілдермен ерекшеленеді. Педагогикалық технология турасында Н.В. Клариннің сөзімен айтсақ, «Педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланылатын барлық методологиялық құралдардың қолданылу реті мен жиынтығының жүйесін саралап» қолдану әдісі болып табылады.
1998-2000 оқу жылдары Ә.Жүнісбековтың технологиясы бойынша жұмыс жасадым. Қазіргі таңда Қараевтың «Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі» технологиясы бойынша жұмыс жүргізудемін. Ең бірінші айтарымыз, бұл технология оқыту үрдісінде қиыншылық тудырып жүрген көптеген мәселелерді (тіпті «барлық» – деуге де болады) тиімді шешуге көмектеседі. Себебі, бұл технологияның төмендегідей ерекшеліктері бар:
- технология оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына қолайлы жағдай туғызады;
- оқушы өз бетімен білім алып, өзін-өзі басқару арқылы өз бетімен дами алатын тұлғаға айналды;
- үлгермеушіліктен құтылып, мемлекеттік стандарттың ең аз қажетті мазмұнын меңгеруге кепілдік береді;
- оқушының жеке қабілетіне сәйкес бағытта шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай туады;
- оқыту үрдісінің барысында әр оқушының белгілі бір мерзім аралығындағы дамуын үздіксіз қадағалайтын мониторинг жүргізуге мүмкіндік туады;
- оқушы білімін әділетті түрде нақты және әділ бағалауға болады;
-оқушы жеке қабілетіне сәйкес бағытта «өмір бойы білім ала алатын тұлғаға» айналады.
Қазіргі кезде мектептерде барлық оқушыларға бір өлшеммен қарау әлі де басым орын алып отыр. Ал аталған технология оқушылардың өз бетінше білім алу барысында олардың жеке қабілеті мен мүмкіндіктеріне, қызығушылығына, психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім деңгейіне жетуіне жетелейді.
Сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиет пәндерінде кеңінен қолданылып жүрген технологиялардың тағы бірі – сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану. Сын тұрғысынан ойлау – барлық балаларға кез –келген әрекетке, мазмұнға сын тұрғысынан қарау, нақты дұрыс шешім қабылдау, өзі қабылдаған ұйғарымға деген сенімділіктің болуы болып табылады.
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарлама бойынша ол:
-Шындалған ойлау, кез –келген даму деңгейіне байланысты мәселелерді сыни көзбен қарау;
-Күрделі мәселелерді шешуге, аса маңызды, жауапты шешімдер қабылдауға құштарлық;
-Үйрету мен үйрену бірлігінен, үйренудің қызығушылығынан тұратын, үйренушінің сеніміне негізделген құрылым.
«Сын тұрғыдан ойлауды дамыту» технологиясы үш кезең бойынша қолданылады:
1.Қызығушылықты ояту
2.Мағынаны тану
3.Ой толғаныс
Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде осы үш кезеңді бағытқа алып, сүйене отырып жұмыс жүргіземін. Оқушылардың қызығушылығын ояту сабақ үрдісінің толықтай дұрыс жүргізілуіне негіз болады. Әсіресе, 5-6 кластар үшін «Әлемді шарлау», «Жұпта талқылау», «Болжау әдістері» тиімді. Оқушы белсенділігі артып, әр оқушы өз пікірін қорғауға, дәлелдеуге тырысады. Түрткі салу, ортаға тарту әдістері, егер оқушы сөйлесе, ойын ортаға салса, көппен бірге бөліссе ойы шыңдалады. «Білім көпірі», «Түртіп алу» стратегиялары өткен тақырыппен жаңа ақпаратты оқушының ізденуі арқылы байланыстыруға дағдыландырады. Фонетика тарауын 5- класта өткен кезде мынадай кесте толтырады:
Өткен тақырып | Дауысты дыбыс | Дауыссыз дыбыс | Буын, түрлері, тасымал | Үндестік заңы | Орфография, орфоэпия | Жаңа ақпарат |
Оқушыларға үлкен қызмет ететін, әрі қызықтыратын «Ой толғаныс кезеңі». Мұнда әр оқушы өз білімін көрсетуде қаншалықты игергенін дәлелдеуге тырысады. Өзіңді тыңдату және өзгенің пікірін мұқият тыңдау, бағалау, сыни тұрғыдан талқылау, ой бөлісу сияқты тиімді әрі пайдалы қажеттіліктерді үйренеді.
Сабақ барысында «Топтастыру», «Кубизм», «Бес жолды өлең», «Ой шақыру», «Венн диаграммасы», «Интервью» т.б. стратегияларын енгізу, мәтіндермен жұмыс істеу, әңгімелесу, сөздік қорларын байытуға жол ашады.
Осы кезеңдердің ұтымды өткізілуі мынадай нәтиже береді:
- Оқушылар басқалармен қарым – қатынас жасай біледі;
- Басқаларды тыңдауды, кез келген жауапқа сыйластық, түсіністікпен қарауға;
- Өз ойын топ алдында ашық айта алу, қорғай білуге;
- Ең бастысы сабаққа қызғушылығы артып балалардың белсенділігі өте жоғары болады.
Қазіргі таңда жоғары білімді мұғалім оқушымен жұмыс жасауда білімнің артықшылығы туралы ҮІІ ғасырда өмір сүрген Әбу Әли ибн Әбу Талиб сөзімен қорытындыламақпыз:
1.Білім артық, өйткені ол пайғамбарлардан қалған мирас, байлық бақылдардан қалған мұра.
2. Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық.
3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпанынды көбейтеді.
4. Білім іздей берсең көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды, байлық жұмсасаң азаяды, білім артық болатыны осыдан.
5. Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниенді ұрылардан күнде қорғау керек.
6. Білімің көп болса сені құрметтейді, байлығың көп болса қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
7.Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
8. Білім қанша көп болса да, іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-мал бүлінеді, сондықтан да білім артық.
9. Білім артық, ол жанында байытады, байлық жан дүниенді шектейді,өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін.
10. Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол бірақ білімсіз адам байлығына мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық.