Имыл іс-әрекеттің орталық реттелуі
Тірек-қимыл жүйесі
Адамның қимыл-қозғалысын қамтамасыз ететін тірек-қимыл жүйесі болып табылады. Тірек-қимыл жүйесі жердің тартылу күшіне қарсы (гравитацияға қарсы) қызмет атқарады, сондықтан оны антигравитация аппараты дейді. Тірек-қимыл аппараты екі бөлімнен тұрады:
1) пассивті (қаңқа және оның байланымдары);
2) белсенді (бұлшық еттер)
Бұлшық еттер тұлғаның кеңістіктегі қалпын сақтауын және тепе-теңдігін реттейді. Бұлшық еттер қаңқамен бірге организмнің пішінін (формасын) және дененің кеңістіктегі тік орналасуын қамтамасыз етеді.
ОЖЖ – жұлыннан бастап жарты шардың қыртысына дейін қимыл іс-әрекетті қамтамасыз етеді.
Жұлын тек қарапайым қимылдарды қамтамасыз етеді.
Ми бағанасы дененің кеңістікте дұрыс тұруын мойын мен лабиринттік рефлекстер арқылы (Р. Магнус) және бұлшық еттердің тонусының қалыпты реттелуін қамтамасыз етеді.
Мишық қимылдың дәлме-дәл орындалуын, керекті күшін қамтамасыз етеді. Ми қыртысы, базалды түйіндері еріксіз қозғалыстардың координациясының орындалуын қамтамасыз етеді.
Қаңқа еттері қозғалтқыш жүйкелерімен нервтелінеді. Әрбір моторлық жүйке мотонейронның өсіндісі болып саналады. Ол жүйкелер ет талшықтарының тобын нервтейді. Мотонейрон және оны нервтейтін ет талшықтар тобын қозғалу немесе моторлық бірлік дейді. Көз алмасының еттерінде, моторлық бірлікте 10 аз ет талшықтары болады, ал балтыр бұлшық етінде – 2000 (жылдам және баяу моторлық бірліктер).
Бұлшық еттерде үш арнайы рецепторлар бар:
1. ет ұршығының бірінішілей рецепторлары
2. ет ұршығының екіншілей рецепторлары
3. сіңірлердегі Гольджи рецепторлары
Бұл рецепторлар механикалық тітіркендіргішке жауап беріп, қимылдың координациясына қатысады. Бұлшық еттің ішінде орналасқан сопақша құрылымды еттің ұршығы дейді. Ұршықтың қабығының ішінде орналасқан ет талшықтарын интрафузальдық ет талшықтары дейді. Бұл ұршық ішіндегі ет талшықтарында біріншілей І α және екіншілей ІІ сезімтал жүйке ұштары орналасқан. Ет ұршығынан шығатын серпіністер сезгіштік І α талшықтары арқылы еттің өз мотонейронын қоздырады, ал антагонист еттердің мотонейрондарын тежейді. ІІ афференттік серпіністер бүгілу мотонейрондарды қоздырады, және жазылу мотонейрондарын тежейді. Жұлын мотонейрондары α және γ деп екіге бөлінеді (алдыңғы мүйізде орналасады). α мотонейрондар қаңқа бұлшық еттерін (экстрафузальдық), ал γ мотонейрондар интрафузальдық талшықтарын нервтейді. Ұршықтардың эфференттік иннервациясы да бар, олар γ мотонейрондардың аксондары.
Сіңірлер етпен жабысқан жерлерінде Гольджи рецепторлары орналасқан. Буын рецепторлары буынның қалпын және буын бұрышының өзгеруіне тітіркенеді.
Теріжәне оның қосалқылары организмнің мүшелерімен, жүйкелерімен тығыз байланысты. Тері көп түрлі қызмет атқарады: қорғаныс, тыныс алу, абсорбциялық, сыртқа шығару, терінің пигментін түзуші. Тері организмнің жүйкелік-рефлекстік, зат алмасу, жылуды реттеу, тамырлар реакциясына қатысады.
Терінің сезімталдығы және қимыл әрекеттері импульстердің 2 жолмен өтуіне байланысты:
1) Лемникс жолы – импульстерді жанасу, қысым және буын қозғауынан өткізеді. І нейрондары жұлын ганглийнде орналасқан, олардың аксондары артқы бағана арқылы сопақша мидағы ядроларға жеткізіледі, мұнда ІІ нейрон орналасқан. Осы нейронның аксондары таламустың арнайы ядроларына барады. Осының аксондары қыртыстың сомато-сенсорлық аймағына жеткізілінеді.
2) Жұлын-таламус жолы – І нейрон жұлын түйіндерінде, ал ІІ нейрон жұлынның сұр затында орналасқан, аксондары бұрылыстан кейін таламусқа, медиальды бүгілмелі денеге, ми бағанасына және гипоталамусқа барады. Таламуста ІІІ нейрон орналасқан, олардың аксондары қыртыстың сомато-сенсорлық аймағына барады.
Тері, ет рецепторларынан Флексиг пен Говерс жолдары арқылы мишыққа импульстер жеткізілінеді.
имыл іс-әрекеттің орталық реттелуі
Қимыл жүйесі қимылдың төрт түрін қамтамасыз етеді:
1. Дене қалпын ұстау
2. Белгілі бағытпен қозғалу
3. Дененің бір орыннан басқа орынға ауысуы (локомоция)
4. Манипуляторлық қозғалыс.
Дене қалпы қозғалыс пен тыныштық жағдайда бұлшық ет топтарының ұзақ изометриялық жиырылуынан пайда болатын дене мен аяқ-қолдың кеңістіктегі белгілі орналасуы.
Дене қалпын ұстауын ОЖЖ әр түрлі бөлімдері қатысады. Бұларға біріншіден ми бағаны, мишық және базальды ядролар жатады. Дене қалпы ұстауының механизмдеріне мойын, кіреберіс, лабиринт рефлекстері – тонустық рефлекстер жатады. Тонустық рефлекстер статикалық және статокинетикалық болып бөлінеді ( Қараныз – PDF. Жалпы физиология. Студенттерге арналған әдістемелік оқу құралы / Кураст.: Т.А.Жумакова, М.Б.Махамбетова, Байжанова Н.С.- Алматы, 2013.- 39-42 беттер.).