Салдарлық гипералгезияның даму тетіктері

Салдарлық гипералгезия механикалық ықпалдарға жауап ретінде ауыру сезімталдығының бүлінген аумақтан тыс, кейде одан алыста, тіпті дененің қарама-қарсы жағында орналасуымен сипатталады. Бұл кезде бүлінген аумаққа жергілікті анестетиктерді енгізуден ауыру сезімталдығы басылмайды. Ал, жұлынның артқы мүйіздері нейрондарының белсенділігін бөгеу арқылы ауыру сезімін басуға болады. Осыдан салдарлық гипер-алгезияның дамуын, ноцицепциялық жүйенің қозымдылығын тұрақты түрде қатты көтеретін, орталық жүйке жүйесінің тетіктерімен ғана түсіндіруге болады. Электрофизиологиялық зерттеулер бойынша салдарлық гипералгезия аумағында орналасқан сезімтал бөліктерді механикалық қоздырғыштармен тітіркендіргенде жұлын-таламус жолы нейрондарының қозымдылығы көтерілетіні байқалған. Механикалық тітіркендіргішке жауап ретінде сезімталдығы көтерілген нейрондар жиі жиіліктегі артық көп серпіндер туындатып қана қоймай, көтеріңкі белсенділігін ұзақ мерзімге сақтап қалады.

ОЖЖ-де ноцицепциялық құрылымдар нейрондарының сезімталдығы көтерілуін орталық сенситизация дейді. Бүгінгі күні жұлынның артқы мүйіздері нейрондарының сезімталдығы көтерілу тетіктерінде қоздырғыш аминқышқылдары (глутамат, аспартат) мен нейропептидтерге маңызды орын беріледі. Иммундық гистохимиялық әдістермен көптеген нейрондардың синапс алды құрылымдарында жүйкелік медиаторлар ретінде аспартат, глутамат және Р(пи)-заты, нейрокинин А, кальцитонин текті пептид т.с.с. нейропептидтер болатыны дәлелденген. Бұл медиаторлар ауыру туындататын серпіндердің әсерлерінен пресинапстық құрылымдардан босап шығып, постсинапстық мембранадағы рецепторларға әсер етеді. Бұл кезде глутаматтың босап шығуы кезкелген ауыру туындататын ықпалдың әсер етуінен болады. Жорамал бойынша: ауыру серпілісіне физиологиялық қысқа мерзімді жауап қайтару (мәселен, аяқ-қолды тартып алу қорғаныстық рефлексі) пресинапстық құрылымдардан босап шыққан қоздырғыш аминқышқылы глутамат AMPA-рецепторларына (alpha-amino-3-hydroxy-5-methyl-4-isoxazole-propionic acid), ал ұзаққа созылатын және ауыру туындататын нейрондардың дерттік жоғары белсенділігі қоздырғыш аминқышқылдары аспартат және глутаматтың NMDA-рецепторларына (N-methyl-D-aspartate) әсерлерімен қамтамасыз етіледі. Осыдан жұлынның артқы мүйіздеріндегі сезімтал нейрондардың постсинапстық мембранасында деполяризация дамып, нейрон денесіне натрий мен кальций иондарының енуі артады, әрекет ету потенциалы қалыптасады, нейронның қозуы болады.

NMDA-рецепторларының белсенділігі артуынан:

● глутаматтың тіпті шамалы мөлшерінен, ауыру сезімі пайда болуына әкелетін, қозу үрдісінің өршіп кетуі (wind-up phenomen);

● эндогендік және экзогендік апиындық заттарға жауап қайтармаушылық;

● афференттік жүйке аяқшалары мен нейрон денесіне натрий мен кальций иондарының көптеп енуі - байқалады.

Кальций иондарының әсерінен NO-синтаза ферментінің белсенділігі артады, нитроксид (NO) түзілуі күшейеді. NO синапс аралық кеңістікке тарап, ноцицептордың пресинапстық мембранасына кері өтуден:

√ онда калий каналдарын бөгеп эндорфиндер мен энкефалиндердің ауыруды басатын әсерін әлсіретеді;

√ Р(пи)-заты бөлініп шығуын сергітеді.

Глутаматтың ноцицепциялық нейрондарды әсерлендіретін ықпалы Р(пи)-затының қатысуымен күшейеді. Бұл зат, басқа нейрокининдер сияқты, NK-1 (neurokinin-1) рецепторымен әрекеттесу арқылы жасушалардың ішінде Са2+ иондарының мөлшерін көбейтіп, постсинапстық мембрананың тұрақты деполяризациясын туындатады, оның қозымдылығын көтереді және NMDA-рецепторларының белсенділігін арттырады. NK-1 рецепторының белсенділігі артуы жүйкенің регенерациясын, c-fos онкопротеині өндірілуін сергітеді. С-fos нәруызы бүгінгі күні сүлде ауырудың айғақты белгісі болып есептеледі. Бұл нәруыз ауырулық серпіндердің ОЖЖ-нің жоғарғы бөліктеріне (таламусқа) өткізілуін жеңілдетеді және ауыру сезімінің бастапқы шеткері бүліністерден тыс жерлерге кеңінен тарауын қамтамасыз етеді.

Сонымен сайып келгенде, ауыру туындататын ықпалдардан С-сезімтал талшықтардың пресинапстық құрылымдарынан глутамат пен нейрокининдердің босап шығуы:

√ ноцицепциялық нейрондардың қозымдылығын тұрақты түрде көтереді, олардың өзіндік белсенділігін күшейтеді;

√ ОЖЖ-нің әртүрлі бөліктерінде бүліністерге ұшыраған және миелин қабығын жоғалтқан нейрондар белсенділігі көтерілген дерттік ошақтар қалыптасуына әкеледі;

√ гипералгезиялық алаңдардың аумағын кеңейтеді.

Тін бүліністерінен пайда болған ноцицепциялық нейрондардың сезімталдығы көтерілуі, бүлінген аумақтан ауыру туындататын серпіндердің түсуі тоқталғаннан кейін де, бірнеше сағат немесе күндер сақталуы мүмкін. Ноцицепциялық нейрондардың белсенділігі көтерілгеннен кейін, шеткері бүлінген ошақтан ауыру туындататын серпіндердің түсуін қажет етпей-ақ, ауыру сезімі жалғаса береді. Ноцицепциялық нейрондардың қозымдылығы ұзақ мерзім көтерілуін олардың гендік құралдарының әсерленіп кетуімен байланыстырады. Бұл кезде ерте және шұғыл жауап қайтаратын c-fos, c-jun, junB т.б. гендердің өршіп кетуімен түсіндіреді.

Протоонкогендердің әсерлену тетіктерінде Са2+ иондарының маңызы өте зор. Бұл кезде NMDA-рецепторларымен реттелінетін Са2+ иондарының жасуша ішіне көптеп енуінен, жасуша мембранасының қозымдылығын ұзақ сергітетін, c-fos, c-jun гендерінің белсенділігі артады.

Тіндердің бүліністері жұлынның артқы мүйіздері нейрондарының сезімталдығын ғана көтеріп қоймай, мыйдың жоғарғы бөліктері (таламус ядролары, мый қыртысы) ноцицепциялық нейрондарының қозымдылығын да күшейтеді.

Сайып келгенде, шеткері тіндердің бүлінуі тіндік ноцицепторлардан бастап мый қыртысы нейрондарына дейін қамтитын біртұтас ноцицепциялық жүйені әсерлендіреді.

Соматогендік ауыру синдромдарының патогенезінде:

● тіндердің бүліністерінен ноцицепторлар қоздырылуы;

● ауыру туындататын медиаторлардың бөлініп шығуы және бүліну аумақтарында ноцицепторлардың сезімталдығы көтерілуі (шеткері сенситизация);

● шеткері тіндерден ноцицепциялық жүйеге афференттік серпіндердің тарауы күшеюі;

● ОЖЖ-нің әр деңгейлерінде ноцицепциялық нейрондардың сезімталдығы көтерілуі (орталық сенситизация) - маңызы орын алады.

Наши рекомендации