Имыл-қозғалыс бұзылыстарының түрлері
Қимыл-қозғалыстың жүйкелік бұзылыстарының жиі кездесетін түрлеріне:
● гипокинезия;
● гиперкинезия;
● атаксия – жатады.
Гипокинезия– деп қимыл-қозғалыстың жалпы саны, жылдамдығы мен көлемінің азаюын айтады. Ол әдетте гиподинамиямен қабаттасады. Гиподинамия - қимылдық әрекеттердің және бұлшықеттердің жиырылу күшінің азаюы.
Көріну айқындығына байланысты гипокинезияны шаласалдану (парез) және салдану (паралич) - деп екіге ажыратады. Шаласалдану кезінде науқастың өз еркімен атқарылатын қозғалыстарының ауытқу аумағы, күші және саны азаяды.
Салдану кезінде науқас өз еркімен ешқандай қозғалыс жасай алмайды.
Қимыл-қозғалыс бұзылыстарының жайылып тарау аумағына қарай:
√ моноплегияны (бір қол немесе аяқтың толық немесе шала салдануын);
√ параплегияны (екі қолдың немесе екі аяқтың толық немесе шала салдануын);
√ гемиплегияны (дененің солжақ немесе оңжақ жартысының толық немесе шала салдануын);
√ триплегияны (екі аяқ, бір қолдың немесе екі қол, бір аяқтың толық немесе шала салдануын);
√ тетраплегияны (екі аяқ, екі қолдың толық немесе шала салдануын) – ажыратады.
Бұлшықеттердің межеқуаты өзгерістеріне байланысты гипокинезияны спазмдық, сіреспелік, солғын – деп үш түрге бөледі.
Спазмдық гипокинезия кезінде әдетте бір топ бұлшықеттердің (мәселен, қолдарды бүгетін немесе аяқтарды жазатын) межеқуаты артып кетеді. Бұндай жағдай мый қыртысы-жұлын аралық пирамидалық жолдың кезкелген бөлігінде орталық мотонейрондардың бүліністерінде байқалады.
Сіреспелік (ригидтік) гипокинезия бір немесе бірнеше антагонистік (мәселен, денеден алшақтатын және оған жақындататын, бүгетін және жазатын) бұлшықеттер топтарының межеқуаты ұзақ артуымен сипатталады. Аяқ-қолдарды немесе денені бүгетін және жазатын бұлшықеттердің межеқуаты бір мезгілде көтерілуінен дене кейпі бір жағдайда ұзақ ұсталынады. Бұндай жағдай пирамида сыртылық жолдың бүліністерінде байқалады.
Солғын гипокинезия бүлінген жүйкенің немесе орталықтың (мәселен, жұлынның мотонейрондары немесе алдыңғы түбіршегі бүлінгенде) жүйкелейтін аумағында бұлшықеттердің межеқуаты төмендеп кетуімен көрінеді.
Жүйкелік құрылымдардың басым бүліністеріне байланысты гипокинезияның орталықтық, шеткерілік, экстрапирамидалық және миастениялық (жүйкелік-бұлшықеттік) түрлерін ажыратады.
Орталықтық толық және шала салдану қимылдық талдағыштың орталық пирамидалық нейрондары, пирамидалық жүйенің кортико-спиналдық өткізгіш жолдарының бүліністерінен пайда болады.
Бұл кезде:
√ сіңірлік және сүйек сыртылық рефлекстер күшейеді (гиперрефлексия), рефлекс туындататын аумақ кеңиді және ықпалға жауап қайтару ұлғаяды;
√ спазмдық түрде бұлшықеттердің межеқуаты артады. Әдетте ол біркелкі болмайды. Мәселен, иықты денеге жақындататын, білекті бүгетін, сан мен сирақты жазатын, аяқ басын бүгетін, сандарды біріне-бірін жақындататын бұлшықеттердің межеқуаты көтеріледі. Уақыт өте келе буындардың қозғалысы тұрақты шектеледі және аяқ-қолдың кейпі әдеттен тыс жағдайда сақталып, сіресіп қалу қауіпі төнеді;
√ дерттік рефлекстер пайда болады. Бұл рефлекстер жазатын және бүгетін болып ажыратылады. Жазатын дерттік рефлекстің болуы пирамидалық жол бүлінуінің ең ерте және тұрақты белгісі болып есептеледі.
Бұл келтірілген әйгіленімдер мыйдың тежеуші әсерлерінен жұлынның шығып кетуінен дамиды.
Клонус – сіңір-бұлшықеттік рефлекстердің белсенділігі қатты артып кетуінен байқалады. Ол бұлшықеттің немес сіңірдің тітіркенуіне жауап ретінде немесе өзбеттерінше жекелеген бұлшықеттердің мезгіл-мезгіл тез арада жиырылу топтамаларымен көрінетін сіңір тартылулары. Оған мысал ретінде аяқ басының, қол ұштарының, тізенің, иектің тартылуларын келтіруге болады.
Синкинезиялар – сау аяқ–қолды немесе басқа дене мүшесін қозғалтқанда салданған аяқ–қолда пайда болатын бұлшықеттердің біріккен түрде еріксіз жиырылулары мен қозғалыстары. Олар пирамидалық жүйенің, мыйшықтың, жұлынның қатысуымен жүзеге асады.
Шеткері толық және шала(солғын, атрофиялық) салдануларшеткері мотонейрондардың (жұлынның алдыңғы мүйіздері, бассүйек жүйкелері ядролары жасушаларының) туа біткен және жүре пайда болған бүліністерінен дамиды.
Олардың жүре пайда болған бүліністері:
√ қабыну (мәселен, полиомиелит, энцефалит) кезінде;
√ жүйкеге әсер ететін улармен (мәселен, ботулин, күл ауруының уыттарымен) уыттанудан;
√ механикалық жарақаттан;
√ жүйкелік-бұлшықеттік түйіспелер арқылы серпіндердің тарауы бұзылыстарынан (мәселен, ботулизм, миастения, улар мен уыттардың, аминогликозидтік антбиотиктердің т.б. әсерлерінен) – байқалады.
Шеткері толық және шала салданулардың клиникалық көріністеріне:
√ бұлшықеттердің межеқуаты төмендеуі (гипотония), бұлшықеттер қолмен ұстағанда болбыр, солғын болады;
√ салданған аяқ–қолдың енжар артық қозғалыстары болуы;
√ сегменттік (сіңірлік, сүйек қабылық, терілік т.б.) рефлекстердің азаюы немесе жоғалуы (гипо- немесе арефлексия);
√ бұлшықеттердің ұзақ қызмет атқармауынан және жүйкелік трофикалық ықпалдардың болмауынан олардың гипо- немесе атрофиясы дамуы;
√ бұлшықет талшықтары май және дәнекер тіндерге ауысуынан бүліністері;
√ бұлшықеттердің қозымдылығы төмендеуі – жатады.
Экстрапирамидалық толық және шала салданулар экстрапира-мидалық жүйенің бүліністерінен дамиды. Олар:
√ бүгетін және жазатын, ішке және сыртқа бұратын бұлшықеттердің межеқуаты бірмезгілде сіреспелік түрде көтерілуімен;
√ бұлшықеттердің сіресіп қалуымен;
√ денені бұрғанда көздердің немесе бастың еріксіз қозғалыстары (нистагм) т.с.с түрлерінде дене кейпі өзгерістеріне жауап ретінде постуралдық, позотониялық рефлекстердің пайда болуымен;
√ дененің немесе аяқ-қолдардың белгілі берілген жағдайда ұзақ сіресіп қалуымен (каталепсиямен), қимылдың үйлесімділігі мен жылдамдығының азаюымен;
√ дерттік рефлекстердің және рефлекстердің айқын болмауымен – көрінеді.
Миастениялық (жүйкелік-бұлшықеттік) гипокинезия миастения дерті кезінде байқалады. Оның пайда болу себебі болып бұлшықет талшықтарына қимылдық жүйке аяқшаларынан холинергиялық түйіспелер арқылы серпіндер тарауының бұзылыстары есептеледі.
Бұл постсинапстық холинорецепторлар антиденелермен бөгеліп қалуынан немесе олардың ацетилхолинге сезімталдығы төмендеп кетуінен болуы мүмкін.
Бұл гипокинезия бұлшықеттердің әртүрлі дәрежедегі әлсіздігімен және физикалық жүктемелерден олардың тез шаршап қалуымен көрінеді.
Гиперкинезиялар
Гиперкинезия – мыйдың әртүрлі құрылымдары (экстрапирамидалық жүйе, таламус, таламус асты ядролары, мыйшық ядролары, қызыл ядро, мый қыртысы және олардың байланысу жүйелері) нейрондарының бүліністерінен дамитын еріксіз қимыл-қозғалыстардың тым артып кетуі.
Бүлінген мый құрылымдарының орналасқан жеріне қарай:
√ қыртыстық;
√ қыртыс астылық;
√ бағаналық гиперкинезияларды ажыратады.
Бүліністің мый құрылымдарына тарауына қарай:
√ жалпы гиперкинезия;
√ жергілікті немесе орныққан гиперкинезия – деп бөледі.
Жалпы гиперкинезия кезінде бұлшықеттердің көпшілігі немесе бірнешеуі еріксіз қимыл-қозғалыстарға ұшырайды. Орныққан гиперкинезия бір бұлшықеттің немесе оның жекелеген талшықтарының жиырылуларымен сипатталады.
Бұлшықеттердің жиырылу кезеңдері (тез ауысатын немесе шабан ауысатын, сіреспелі) бөліктерінің басымдылығына қарай:
√ шапшаң;
√ шабан - гиперкинезияларды ажыратады.
Шапшаң гиперкинезияларға тырыспа-селкілдек, хорея, діріл (тремор) және әртүрлі жүйке тартулары жатады.
Тырыспа-селкілдек аяқ астынан ұстамалы немесе тұрақты түрде пайда болатын бұлшықеттердің еріксіз жиырылулары. Олардың қарқыны, ұзақтығы мен бұлшықеттерге тарауы әртүрлі болады. Клоникалық (селкілдек), тоникалық (тырыспа) және араласқан тырыспа-селкілдектің түрлерін ажыратады.
Қысқа мерзім аралығында жекелеген бұлшықет топтарының бірінің артынан бірі бейберекет жиырылуларынан клоникалық селкілдек дамиды. Ол мый қыртысы тым қатты қозуынан немесе пирамидалық жүйе құрылымдары бүліністерінен пайда болады. Бүкіл денеге жайылған айқын клоникалық селкілдекті конвульсия деп атайды.
Дененің немесе аяқ-қолдардың лажсыз жағдайда ұсталынып тұруына әкелетін бұлшықеттердің ұзақ (бірнеше ондаған секундқа дейін) жирылып қалуын тоникалық селкілдек немесе тырыспа дейді. Ол қыртыс асты құрылымдардың қатты қозуынан және кейбір уыттанулар (мәселен, ішімдіктен, сіреспе уытынан, көміртегі тотығымен улану) кездерінде байқалады.
Араласқан (клонико-тоникалық, тонико-клоникалық) селкілдек кома, сілейме жағдайларындағы (диабеттік, бауырлық немесе уремиялық комалар, күйіктік немесе анафилаксиялық сілейме) науқастарда байқалады.
Хорея– бұлшықеттердің әртүрлі топтарының бейберекет, ырғақсыз тез арада зорлықпен жиырылулары. Ол мыйдың ұзақ ишемиясы, атеросклероздық бүліністер, құздамалық энцефалит, мый жарақаты кездерінде кездеседі. Оның тұқым қуатын түрі де (мәселен, Хантингтон хореясы) белгілі.
Тремор – діріл түріндегі гиперкинез. Ол бұлшықеттердің қайталанатын жиырылулары мен босаңсулары нәтижесінде дене мен оның жекелеген бөліктерінің ырғақты тербелмелі еріксіз қозғалыстарымен көрінеді. Негізінен мый бағанасы бүліністерінде пайда болады. Тремор мыйдың құрылымдық бүліністерінде (жайылмалы склероз, энцефалит, қанайналым бұзылыстары кездерінде), организмнің экзогедік (ішімдікпен, сынап қосындыларымен, морфинмен) улануларында байқалады.
Жүйке тартулары – лажсыз қозғалыстарға әкелетін бұлшықеттің немесе бұлшықет топтарының тез және дағдылы еріксіз жиырылулары. Мәселен, көздің жыпылықтауы, көзді сығырайту, ымдық қимылдар. Ол энцефалиттің нәтижесінде экстрапирамидалық жүйе бүліністерінен, психотроптық дәрі-дәрмектермен уланулардан және кейбір психикалық ауытқулар кездерінде байқалады.
Шабан гиперкинезиялар
Шабан гиперкинездерге атетоздар мен спазмдық немесе нейрогендік қисық мойындық жатады.
Агонистік және антагонистік бұлшықеттердің бір мезгілде ұзақ мерзім жиырылуы нәтижесінде еріксіз дағдылы, әдеттен тыс шабан қозғалыстарымен көрінетін жағдайды атетоз дейді. Ол саусақтар мен башпайларда жиі байқалады. Энцефалит кезінде, мый қанайналымы бұзылыстарында, мый жарақатында, қыртысасты құрылымдарда өспе өскенде дамиды.
Мойын бұлшықеттерінің ұзақ қатты жүйкелік жиырылуынан мойын бір жағына қисайып, бас әдеттен тыс жағдай қабылдайды. Осындай жағдайды нейрогендік қисық мойындық дейді. Ол ісінуден, қан құйылудан, өспе өсуінен мыйдың tentorium cerebelli, артқы мый аумақтары бүлінгенінде байқалады. Кейде ол бала туылу кезінде болған жарақаттың (ауызомыртқаның шала шығуы) нәтижесінде балаларда болуы мүмкін.
Атаксиялар
Ерікті қимыл-қозғалыстың кеңістіктік және мерзімдік үйлесімділіктерінің бұзылыстарымен сипатталатын қимылдың бүлінулерін атаксия дейді. Бұл кезде бұлшықеттердің күші мардымды өзгермейді. Қимыл-қозғалыстың үйлесімділігі әртүрлі құрылымдардың (мыйшықтың, жұлынның, мый қыртысының маңдай бөлігінің, аралық мыйдың, таламустың, құлақ қошқарының) өзара әрекеттесулері арқылы жүзеге асады.
Пайда болу себептері: проприоцепциялық сезімталдық жолдарының, мыйшықтың, мый қыртысының маңдай және самай бөліктерінің, құлақ қошқарының бүліністері әртүрлі атаксиялар дамуына әкеледі.
Түрлері. Бүлінген ошақтың орналасқан жеріне қарай:
√ сенситивтік (проприоцепциялық сезімталдық бүлінуінен);
√ мыйшықтық;
√ қыртыстық;
√ вестибулалық атаксияларды ажыратады.
Сенситивтік атаксия бұлшықеттер мен сіңірлерден дененің кейбір бөліктерінің орналасу жағдайы, бұлшықеттердің жиырылу дәрежесі, қозғалыстың жылдамдығы, бұл қозғалысты тежеу туралы афференттік дабылдың жеткіліксіздігінен немесе болмауынан дамиды. Бұндай жағдай жұлынның артқы бағаналары, түбіршектері, таламус, шеткері жүйкелер бүліністерінде дамиды. Атаксияның бұл түрі жұлын семуінде, полиневриттер, сирингомиелия, фуникулалық миелоз кездерінде байқалады.
Сенситивтік атаксияның айқын түрінде қимылдың тіпті қарапайым түрлері ауырлайды, жүріп-тұру қиындайды. Жүріп-тұру ретсіз болып, көзді жұмғанда қатты нашарлайды.
Мыйшықтық атаксия мыйшықтың немесе оның өткізгіш жолдары бүлінгенде байқалады.
Қыртыстық атаксия мый қыртысының маңдай немесе самай аумағы бүлінуінен дамиды.
Вестибулалық атаксия энцефалиттер кезінде, мый бағанасы немесе IV-қарынша аумағында өспе өсуі нәтижесінде пайда болады.
Көріністері. Түрегеп тұрғанда және отырғанда дене мүшелері қозғалыстарының үйлесімділігі мен тепе-теңдігі бұзылуы (статикалық түрі) байқалады. Әсіресе қолдың ерікті қозғалыстары бұзылады (динамикалық түрі).
Тұрғанда және жүргенде қозғалыстың үйлесімділігі басым бұзылуы (статикалық-локомоторлық түрі).